banner-top12

сапарнама no image

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2012 | 947 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Қытай қорғанының бергі жағында

 

«Біз Қытайға барып келдік, Қытай қорғанын шалғанда, керемет екен» деген сөздерді құлағым шалғанда япыр-ай мені солай қарай уақыт қашан жетелеп ала жөнеледі дейтінмін. Биыл соның сәті тамыз айында түсті. Бұрын мен үшін бір жұмбақ ел көрінуші еді. Мың рет естігеннен бір рет көзбен көргенге не жетсін. Әу баста құжат тапсырған он сегіз адамның жетеуі ғана белгілі болып қалды. Олар мыналар еді. Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетті Шығыстану факультетінің кафедра меңгерушілері арабтанушы Г.Е.Надирова, қытай кафедрасының меңгерушісі З.С.Батпенова, ирантану және үндітану кафедрасының меңгерушісі Ғайни Жұмаділова, жапон бөлімінің оқытушысы Жанар Ашинова парсы тілінің маманы Айман Боранбаева және осы жолдардың авторы.

Алдын ала кітап дүкендерін кезіп, қытай сөздіктерін іздедім. Маған керегі қолға ұстап жүретін қытай-қазақша сөздігі еді, бірақ ол таптырмады. Қолыма түскені алақандай ғана қытай-орысша сөздігі еді. Кейде жаныңда аудармашы болмай қалады. Сондайда жаттап алған бір-екі ауыз сөзің іске асып кетеді. Мысалы жол сұрау, алғыс айту, танысу, өтініш, қонақүй, су, нан, тұз сұрау жайларына байланысты сөздер қашанда қажет-ақ. Ежелгі өркениет еліне барғанда әлбетте бұдан да молырақ білгенің абзал. Амал қанша мен полигот емеспін. Десе де қайсыбір тіл болмасын шалқып жатқан мұхит сияқты. Шет жағасына қайғыңды салсаң, әрі қарай айдынына тарта береді.

Қытай тілінде диалектілер көп, әрі әрбір сөздің айтылуында музикалық саз бар. Сол сазды жеткізе алмай қалсаң, қытайың басын шайқайды. Қытай тілінде екпін көбіне бірінші буынға түседі. Біссімілләні сәлемдесуден бастады. Мәселен, саламатсыз ба дегенім Ни хао! боп шығады. Қайырлы таң дегім келсе, цао шан хао! деймін. Жақсы, рахметіні, – сесе, хэн хао дейді. сау бол – цзай цзянь! Қайырлы түнді – вань ань! дейсің. Рахметті – Сесе дейді, Кешіріңіз – дуй бу ци болады. Жақсы – хао дэ, мақұл – ши болады. Мен келісемін дегіңіз келсе – во тун и – деп қарап тұрасыз. Тамаша сөзін айтқыңыз келсе – фэйчанхао! дейсіз. Сонымен тамыздың тамылжып бесі күні Ораз Жандосов ескерткішінің жанына жиналатын боп келістік. Топ басшысы Зәуре Сейдолла қызы ұялы телефонмен бәрімізге солай хабарлады. Бірінші болып мен барыппын, екінші боп Жанар Ашинова жетті, содан көбейе бердік. Топтың бас-аяғы жиналған соң, бөлініп екі таксиге отырдық та Қорғас қайдасың деп тартып бердік. Төрт сағат жолда болады екенбіз. Бір таксиге Зәуре, Гүлнәр және мен отырдым да, екіншісіне Ғайни, Айман, Жанар мінді.

Қалғып кетіппін, ерте тұрдым ғой. Кең даланың төсімен зымырап келеміз. Қорғас әлі жеткізетін емес. Көкпекті деп аталатын жерге аялдап, ат шалдық. Одан әрі Қорғастағы шекара шеңберіне жеттік. Алдымыздан Нұрман атты таныс жігіт шықты. Сөйтсек, бұл жігіт бір жылдары біздің Шығыстану факультетін бітіріпті. Осында қазақ-қытай компаниясы директорының орынбасары екен. Әсіресе шекарадан өтерде жылыжүзді шәкіртіңе кездессең жүрегің жылып сала береді. Арғы бетке бізді шаршатпай жеңіл өткізіп жіберді. Үш баласы бар, осында тұрады. Уақыт-ай десеңші, кеше ғана ұяң бала студент еді, бүгін шекарада дырдай қызметкер, аға деп алдыңнан шығып тұр. Алғысымызды айтып енді қытай шекарасына тарттық. Екі шекараның арасы бес-алты шақырым жол, бір газель әрбірімізден бес жүз теңгеден алды да, апарып төгіп тастады. Барлық рәсімдерін жасап, тексеру, тосқауылдардан өтіп, Қытай жеріне қадам бастық. Біздің жерімізден айырмашылығы аз секілді. Ендігі бағытымыз – Үрімші қаласы, сондағы Синузянь университеті немесе Синцянь дашу дейді.

Әрі шыға берісте қалың нөпір қаптап қоршап алды. «Доллар», «такси», «теңге», «юань» деген сөздерді жиі айтады. Тіпті жүгіңе жармасып сүйрей жөнеледі. Бұл кездесу кезінде бәріміз де абдырап, шашылып қалдық, қайсысына еруіңді беілмеймін. Таксилер моншақтай тізіліп тұр, бағалары да әртүрлі. Арзандауын, сенімдірегін іздейміз. Содан бәріміз бір кеңдеу таксиге жайғастық. Күн ыстық екен, шаршап та қалған сыңайымыз бар. Әлгі таксиіміз әрбір адамға екі жүз юанға келісіп еді, бері шыққасын және елу юань қосамын деп тұр. Ұйғыр жігіт екен, о бастағы келісімді бұзып, беті бүлк етпейді. Амалсыз көнуге тура келді. Әйтеуір аман-есен жетсек дейміз. Айтпақшы, Гүлжан деген біздің қытай кафедрасының мұғалімі осы жақтан Шыңжанда еді, әке-шешесі осында, ал қалған туысқандары осында тұрады. Үш жасар Ертай деген ерке тентегі бар. Сол Гүлжанмен Зәуре Сейдолла қызы Алматыдан бастап үнемі байланыста еді.

Біздің топ Синцзянь университетінің шақыруымен келе жатыр. Он күндей тілдік тәжірибеге орайлас алыс-беріс семинары өткізіледі. Сол айналайын Гүлжан біз келместен бұрын университеттің басшыларымен жолығып, жолымызды ашып берді. Жақсы істің басына, жақсы келер қасына дегендей Гүлнәр екіараға дәнекер боп, табаны жерге тимепті. Кейде ауру әкесіне, жас баласына да қарамай жүгірген. Өзі алғашқы жылдары қытай кафедрасын басқарды, кейін қатардағы ұстаз боп қалды. Қытайша сайрап, төгіліп тұр. Тоқтайтын тұсымыз, жатын орнымызға дейін айтып отырды. Өзге бір жат өлкеде өз адамыңның болғаны қандай ғанибет! Жүгің жеңілдеп сала береді! Ақкөңіл, аңқылдаған ақсарықыз Гүлжанның бізге жасаған қызметі адамнан қайтпаса Алладан қайтсын дестік.

Барған күні Үрімшінің атақты моншасына лап бердік. Қыздар бірыңғай, мен өз жағыма кеттім. Мұндай моншаны өмірімде бірінші рет көруім. Мың бір түн ертегілерінің арасына еніп кеткендей әсердемін. Қай жағына қарарымды білмедім. Бәрі бар: алдымен монша формасын киесің, сүлгіні иыққа салып аяқ киімді ілесің, айна, тарақ, түрлі крем, иіссулардың сабындардың сан түрі, қытай музикасы, теледидары құлақтың құршын қандырады. Ыстық буға бөккен ванналардың неше түрі, ыстық, орташа суық бассеиндер, қазқатар тізілген душтар, білектерін сыбанған жас массажистер, жатып демалатын жұмсақ төсектер, бір-бір компьютерлер… қойшы әйтеуір, іздегеніңнің бәрі табылады. Екінші қабатқа көтеріліп, таңертең, түсте, кешкісін үш мәрте тамақтануыңа болады. Тіпті сол моншада күні-түні тұратындар бар деседі, бір күнгі ақысы сексен бес юань тұрады. Таңертең келсең ертеңіне бір-ақ шығасың. Дене ысқылаудың неше көкесі бар, делсал денең демалып, балбырап, жаңа туған сәбидей боп қаласың. Үрімшінің атышулы моншасы жайлы бұрын да естуші ем, көзбен көргенім естігенімнен асып түсті. Қытайың да, ұйғырың, дұнғаның да, қазағың да, сары орысың да осында өріп жүр. Жоғары көтерілсем швед столы әзір екен. Тамағының демі әрі ащы, әрі тұзы жоқ, тұщысын таңдап аласың, тамақты қырып барады, ыстық сумен басасың шайы жоқ. Қайтадан төменге түсіп, салқын қауызға төменге күмп бердім, құдайдың рахаты бәрін ұмытасың, балалар бір жағында улап-шулап суға түсіп жатады.

Үрімшінің бірінші мақтанышы моншасы десе де болады. Мұнда төрт миллион екі жүз доллар тиесілі, өте кедей тұрады. Шынжан автономиялы ұйғыр аймағы дейді. Өткендегі қытайлар мен ұйғырлардың текетіресінен соң сегіз миллион қытайды осында тығып жіберіпті дейді, содан кейін тыныштық орнаған секілді. Яғни, тамыздың 10-күні таңертең сағат онда семинардың ашылуы деп, хабар берілген болатын, байланысымыз Гүлжан ғой баяғы. Жол соғып тастаған ба, әрі монша тұлабойды босатып елжіреткен бе мызғып кетіппін. Ертеңгісін барып, таңғы тағамды алдын ала бергенімде: «Ағай, қайда жүрсіз. Сізді іздемеген жерім жоқ, тез киініңіз, қыздар сыртта күтіп, тұр?! деп Ғайни айқайға басты. Ауыз тидім бе, тимедім бе білмеймін мен де тұра жүгірдім. Кездесу семинардың ашылуына жарты-ақ сағат қалыпты. Аялдамаға барсам Зәуре Сейдолла қызы терісіне сыймай тұр екен. Үндегенім жоқ, кешіккеніме кешірім сұрадым. Жалпы менен осы кешігіп жүру деген әдет қалмай келеді. Қытай, қазақ тобы үлкен дәрісханада бетбе-бет кездестік.

Синцзянь университетінде халықаралық мәдени қатынастар колледжі бар екен. Бізден бұрын мұнда Ресей тобы келіп қайтыпты. Колледж директоры Цзай Цзянь сөйлеп, семинарды ашты. Ол бірден бізге қазақ тілінде сөйледі, қазақ екен деп қалдым, сосын орыс тіліне айналып келіп қытай тіліне көшті. Негізі қытай боп шықты. Жас шағында қырғыз, қазағы көп ауылмен көрші болған, тілдерді сонда үйренген. Ол Шыңжан университеті туралы мәлімет берді. 1924 жылы құрылыпты, ең алғашында орыс заң мектебі болса керек. Сексен алты жылдан бері осы аймақтың ірі университеті қатарында жүз университеттің ішінен екінші орын алған. Бір универсиеттің ішінде жиырма үш университет бар, 1700 оқытушысы, 73 бакалавр мамандығы, 105 магистратура мамандығы, 12 докторантура мамандығы докторантурадан жоғары 18 мамандық, гуманитарлық, тарих, заң, экономикалық 8 үлкен мамандық бар. 26 мемлекетпен, 48 университетпен халықаралық байланыс бар, соның ішінде ҚАҰУ-де. Евразия, Шығыс Қазақстан университетермен байланыста екен. Біз Орта Азияға жақынбыз, қазақ, тәжік, өзбек, қырғыз университеттерімен жақынбыз дейді Цзай Цзянь мырза.

1985 жылдан бастап шет елдік студенттер келіп оқи бастаған, олардың саны бүгінде 3000 мыңнан асқан. 2008 жылы тамыз айында Халықаралық мәдениет қатынастары институті боп құрылған. Шет елден бакалаврға, магистратураға оқуға келеді. Шыңжан оқу-ағарту мекемесі көмектеседі. Бішкекте қытай тілін тереңдетіп оқытатан институт бар. Бішкек Новосибирск университеттерінде 2008 жылы қытай бөлімі ашылды.

Оқу-ағарту ісінің бастығы бір әдемі әйел адам сөз сөйлеп, Үрімшідегі қадамдарымызға сәттілік тіледі. Каникул кезінде ұйымдастырылған семинар үшін институт басшыларына разылық білдірді. Бұл кісі халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы мәдени шаралармен таныстырып өтті. Орта Азиядағы көршілес мемлекеттермен қоянқолтық араласып, Қытайды одан әрі тереңдетіп таныстыру міндетіне тоқталды. Біз қандай бір көмек болмасын әзірміз. Екі елдің қарым-қатынасы жақсы, Н. Назарбаев пен Хузунтайдың кездесулері соны дәлелдейді. Іледе жұмыс істедім, қазақтар жайында жақсы білемін. Қытай тілін үйрену үшін Қазақстанда Кампос институтін құрсақ дейміз. Қазақ жастары Қытайға келсін оқысын. Сіздерге жақсы көңіл күй, денсаулық тілеймін. Шынжан табиғаты көрікті, аралаңдар, көріңдер. Кісінің көңілі көтеріңкі болса жемісті жұмыс істейді.

Жауап сөзге З.С.Батпенова шығып, әл-Фараби атындағы қазақтың ұлттық университеті, Шығыс факультеті, қытай кафедрасының міндет-мұраттары жөнінде айтты. 2009 жылы осында Үрімшіге Шығыстану факультетінің деканы тарих ғылымының докторы, профессор Нұржамал Алдабек қызы келіп, университет атынан Синцзян университетімен шартқа отырып, жол ашып кетіпті. Содан бері студенттер алмасып тұрамыз. Екі университет арасында магистратура ашуға әзірміз. Тіл оқыту әдісі – бәрімізге ортақ, сіздерден үйрену үшін келдік. Қытай тілін, тарихын, мәдениетін оқытуға, үйренуге сіздерге келдік. Біздің Шығыстану факультетіне Ираннан, Аравиядан, Кореядан, Түркиядан оқытушылар келіп, тіл оқытып жатады. Синцзянь университетінен бізге бір профессор келсе құба құп. Біздің қытай кафедрасының ұстаздары Қытайда тәжірибеден өткен.

Оқу басталсын сосын көреміз деді қытай жағы. Биылғы қазан айында біздің ректор Алматыға сіздерге барады. Оқу, ғылым хақында келісімдер болатын шығар. Ғылым бойынша бірігіп жұмыс істеуге әзірміз. Арамызда жол қысқа, аймақтану бойынша бірлесіп іс атқарайық. Москва, Таулы Алтай, Барнаул, Новосибирскімен барыс-келісіміз тәуір. МГУ, ЛГУ-мен байланысымыз бар. ҚАЗҰУ-ті туралы нақты, толық информация керек. Орта Азиядағы ең мықты университеттермен қарым-қатынас орнату жоспарымызда жүр. Евразия университеті бізге шақыру жіберген жоқ, ҚАЗҰУ-ті шақыру жіберіңіздер.

Менің ұққаным бұларға әл-Фараби атындағы ұлттық университеті жайлы толық мағлұмат керек екен. Орта Азиядағы ең мықты университет ҚАЗҰУ- деді олар. ЛГУ- мен байланыстары тәуір болып шықты.

 

Түскі тағам мәзіреті

Синцзянь университетінің ғимаратында түскі ас берілді. Дөңгелек жылжымалы столды қоршалай отырыстық. Қытайдың бидайдан жасаған ақ арағының иісі аңқып тұр. Қытай тағамдарының дені ащы келеді, қайсысын аузыңа алсаң да ерініңді күйдіріп жібереді, тұщысын іздеп әуре боласың. Алдыңа жылжып келіп отыратын тамақ түрлерінен тұщысын, тұзы барын іздейсің. Оның үстіне екі таяқшамен жеуің керек, шанышқы деген болмайды. Аузым күйіп барады, алақаныңа салып асап жейтін бешбармағың жоқ, жәутеңдеп жан-жағыңа қарайсың, бәрі де сен сияқты, еріндерін бір-бір күйдіріп алып, дөңгелек столды баяу жылжытады.

Шай орнына ыстық су береді, сүт құйған қою, күрең шайың көзден бұлбұл ұшады, оны-мұны сұрап, қыңқылдай беруге ұяласың. Күріштен жасаған нанды молырақ алдым, тұзы жоқ. Не керек аузым ашып кетті, ыстық сумен басқан боламын. Қайта-қайта ыстық суды да сіміре алмайсың. Қайран қазағымның дастарқаны-ай десеңші. Әр елдің салты басқа иттері қара қасқа дейтіні сол-ау. Бір-екі салатын байқап едім, онысы да ушығып, маңайына жолатар емес. Қытайша азғантай жаттаған сөздерім бар еді, оларым сәлем-сауқаттан аспай қалды. Ендігі жерде Қытай тағамдары туралы сөздерді сөз тіркестерін жаттауға тиіспін.

Бері шығарда Москвадан шыққан «Современный русско-китайский разговорник»ті ала кетіп едім. Дереу сол сөздіктің ресторан, кафе, тамғам дайындауға байланысты беттерін ашып қалдым. «Во эхуайдэ» деген сөзі көзіме түсе кетті. «Тәбетім қасқырдікіндей» депті. Әрине, аузыңа ешнәрсе ала алмай отырсаң қасқыр болмағанда нең бар. «Во бу сян чи» деп те айта аласың ба «Тамақ ішкім келмейді» дегені екен. «Ку дэ» дей бергің келеді. Ол «ащы» мағынасын береді. «Маған көкеністер ұнайды» деген тіркесті таптым және қытай сөздерін айтқанда әуезін сақтап, сағын сындырмай әуенімен, өзіндік мақамымен келтірмесе, мүлдем басқаша мәнге айналып, қытайыңды күлкіңе батыруың ғажап емес. Дәл сол сөзді, сол тіркесті айтқаныңмен мәнері, нақышы жетпей жатса үлгірем деп, бүлдіріп алуың мүмкін екен.

Сонымен дөңгелек жылжымалы столды еппен жылжытып, қолыңды соза берсең ішіңе бірдеңе барғандай тоғайып қаласың. Қонақ қойдан жуас демекші, қалағанымды сұрап, қытайдың қабағына кірбің салмайық дестік.

Дастарқан үстінде де әңгімеміз жалғасын таба берді. Бұлар шет ел тілдерін жатсынбайды, орыс, ағылшын, француз тілдерін оқытады. 2001-2002 жылдан бастап жапон тілінен магистратура кіргізген. Қытайда 100 балдық бұрыннан бар. Аралық бақылау жұмысы жиналып жүзді құрайды. Бакалаврге 170 балл қажет, жүз балдың алпысын алсаң 2 балл жинайсың. Бізде бакалавр 128 балл алуы тиіс. Бір пән – 3 кредит, сонда 128:3-ке бөлінеді, 43 шығады, бізде 3 кредит, бір аптада 3 пәннен сабақ өтеді.

Бір семестр Қытайда 18 апта екен. Ресейден айырмашылығы бар, бізде бір семестр 15 аптадан, 1 жыл оқу – 30 аптадан тұрады, 3 аптадан сессия бар. Бұлар қазақ, қырғыз тілдеріне программа жасап жатыр екен.

 

Күтпеген кездесу

Біздің қыздарымыз – Жанар, Гүлнар, Зейнет, Ғайни Үрімшінің және бір моншасына кетті де жатақханада Айман екеуміз қалып қойдық, кешкі асқа бардық. Шыққан соң сол өзіміз тұрған көшенің маңайын аралап, дүкендеріне бас сұқтық. Шынымды айтсам келгелі қытай тағамын сүйсініп, тоя жеген емеспін. «Арман» деп аталатын азық-түлік магазинін көзім шалып қалды. Әрі Арман деген сөз көзіме оттай басылды, өйткені, үлкен баламның аты – Арман, қалай қуанбаймын, қазағымның сүйікті сөзі, әрі баламның есімі болса. Кәдімгі айран, таба нан, жүзім алдым.

Ендігі төмен түсіп, үйлердің арасымен жүріп келе жатқанда бала ойнатып жүрген өзіміздің Гүжанды көріп қалдық. Гүлжан біздің шығыстану факультетінің қытай тілі кафедрасында қытай тілінен сабақ береді, тарих ғылымының кандидаты, білімді қарындас, осы өлкенің түлегі, әке-шешесі Үрімшіде тұрады, ал туыстарының көпшілігі Қазақстанға Алматыға көшіп келген. Есік алдында кешкісін үш жастағы ұлы Ертаймен қыдырыстап жүр екен. Анадай жерде ұзын орындықта қазақтың үш ақсақалы сұхбат құрысып отырды. Жат жерде жүргенде өзінің ана тіліңнің қаңыраулы күмбірін естігенде жерден жеті қоян тапқандай шаттанасың. Барып иіліп сәлем бердім, мәз-мейрам боп қалыпты. Ішіндегі үлкен қария Ахметбек аға Гүлжанның әкесі болып шықты, одан жастауы біз келген Шынжан университетінің бұрыңғы проректоры есімі Талғат екен, ал үшінші кісі Үрімшінің атақты математигі ұстаз Әмір Жалбағаев екен. Орынбек Жәутіковті, Өмірзақ Сұлтанғазинды жақсы біледі. Гүлжанның папасы Ахметбек аға – профессор, қытайдың ежелгі әдебиетінің маманы, Шынжан университетінде бірнеше жылдар дәріс оқыған, бүгінде құрметті демалыста.

Әңгімеміз жарасты, Аханның үйінде бір жылдары академиктер Зейнолла Қабдолов, Көпжасар Нәрібаев мейман болыпты. Жыл аралатып Алматыдағы балаларының үйіне барып тұрады екен. Ақжарқын, ақпейіл адам. Ал, қызы Гүлжанда біз Шынжанға келгелі бір тыным болған жоқ, жолбасшы, аудармашы қызметін атқарды. Қанша жүгірсек те қабағын бір шытқан жоқ сабазың. Біздің топтың арасында қытай тілін білетін адам болмады. Менің үйреніп, жаттып келген сөздерім өзіме ғана жарады. Қытай қазақтарымен әмпей-жәмпей сөйлесіп, бір рахаттанып қалдық. Ахаң үйіне шақырды, оған рахметімізді айттық, кейін кездесеміз деп, келістік.

 

Гүлдер патшалығы

Синцзянь университетінің ұстаздары біздерді қаланың орталығына орналасқан гүлдер қауызына апарды. Көлемді келген жабық алаңда екен. Бүткіл жер жаһанда өсетін гүлдердің атасы осында ма деп қалдым. Мүлдем атын естімеген, бұрын көрмеген гүлдердің сан түрлі қозылардай жамырап алдымыздан шыға келді. Қайсысын сыйпарыңды білмейсің. Қызыл, сары, көк, күрең, қоңыр, қарасы, ағы, бозғылы тікендісі, тікенсізі түгел топталып, тізіліп тұр. Әр қатарда бір-бірден күтушілері отыр. Әрбір гүлдің сабағы жайында хикая айтуға әзір. Бір гүлді сыйпай беріп едім, саусағыма бірдеңе кірш ете түспесі бар ма. Дереу баж етіп, қолымды тартып алдым. Бейне бір қолыма ине сұққандай әсер етті. Жолбасшы күліп, суретке басып алды. Қысқасы біздің мұндағы әрбір қадамымыз фотоаппаратқа басылып жатты. Суретке түсуге біз де ерінбейміз. Кейін суреттер дискісін береміз дегесін жүдә құлшынып, қызыға түстік. Гүлдер патшалығы көрмесін тамашалап болған соң біздерді Хушан тауына апарды. Халықтың көп жиналатын жері екен, бір жағында ойын-сауық жүріп жатты. Қызылды-жасылды киінген қытай жастары ән айтып, би билеп, түрлі акробатикалық өнер көрсетіп, халықтың көңілін мерекеге айналдырып жіберді. Қаланың ортан белінде орналасқан Хушан тауы қаламен жымдасып, жарасып, бір бөлігі болып тұтасып кеткен көрінеді: «Гүлдер патшалығы» атты өлең жазу дәптеріме түсті:

 

Гүлдер патшалығы

Ішінде жоқ қисық өскен қатасы

О мінеки, гүл біткеннің атасы.

Жердің жүзін алып кеткен иісі

Табиғаттың қабыл болған батасы.

 

Адам қолы әдеміғып баптаған,

Таңғажайып көрініске шаттанам.

Қарай берсең көздің жауын алады,

Сыйқыры бар сұлулықтан бақ табам.

 

Тіл жетпейді айта берем несін мен,

Мың жылғы бір мұңымдай-ақ шешілген.

Сыйпай бердім шыға алмадым айналып,

Үрімші гүл адастырдың есімнен.

Ұйғыр ресторанынан барып, түістік ас ішеміз дегенде қуанып қалдық. Өйткені, қанша дегенмен ұйғыр ағайындардың кухниясы бізге ежелден белгілі ғой. Ұйғырлардың осы Шынжандағы атақты ресторандарының бірі. Дөңгелек столды қоршалап алдық. Ауқаттың неше атасына тапсырыс беріліпті. Үсті-үстіне әкеліп жатыр. Білекті түріп жіберіп біз де кірісіп кеттік, бас алар емеспіз, лағман, лапша, мәнтісін сағынып қалыппыз. Бір-бірімізге қарайтын шамамыз жоқ, ұрып жатырмыз. Дөңгелек стол тағамға толы, қалағаныңды ала бер. Ресторан келушілерге толы, ұйғыр музыкасы сызылтады.

Содан соң жоспар бойынша Шынжан университетінің мұражайын аралап шықтық. Бірнеше жылғы тарихы бар. Ешкімді де ұмытпаған, ешкімді де ескерусіз қалдырмаған. Суреттер шежіре тізеді. Музейден шыға бергенімізде қытай кафедрасының меңгерушісі Зәуре Батпеновна: – Тоқтаңдаршы мен жаңа бір таныс суретті көрдім – деді. Кімдікі ол? – дедік. – Гүлжанның папасы – деді. Бәріміз жабылып іздеп кеттік. Ақыры Зәуренің өзі тапты. Ахметбек профессордың суретін көріп, бәріміз де жадырап қалдық. Бұл кісі университетте қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын топ ашыпты, оқытыпты. Қазірде жабылып қалған дейді. Қытайлар осылай ақырын қазақ, ұйғыр, дұнған тілдерінде жүретін топты жауып, жаппай қытай тіліне көшіруде, мұнда да бір сакат сыры бар шығар.

Қытайдың территориясы 9.600.000 км2, Қазақстандікі – 2800,000 км2. 2008 жылдан бастап, дүниені экономикалық дағдарыс қаптады. Қытай да зардабын шекті, 30 миллион адам жұмыссыз қалды. Технология, ауыр өндіріс ауыл шаруашылығы төмендеп кетті, жеңілөнеркәсіп құралдары, пенсия азайды. Бүгінде Қытай туризм саласын дамытты, сапасы артты. Қытай төрт нәрсені алға оздырған еді. 1. Қағаз. 2. Оқ-дәрі. 3. Компас. 4. Баспа. Білім беру жүйесі Конфуци заманынан бері қарай өріс жайған: «Мен сендерді оқытсам, өзім де сендермен бірге оқимын» – депті. Конфуци. Қытайда 126 ұлт бар.

 

Қытай тілі және Шынжан қызы

Қытай тілінің грамматикасы жеңіл, фонетикасы иеорглифтері күрделі. Сөздік құрамында қысқа, үнді 22 әріп бар. Қытай тілінде 400 буын бар. Мәселен ма-ма-ның 4 түрлі тоны бар. Әрбір қытай 80 мың сөзді қолданады. 5 мың сөз шетелдікке жетеді. Бір сабақта 10 иероглиф үйретеді, аптасына 13-14дәріс болады, тілді күніне 4 не 6 сағат оқиды. Қытай әдебиеті 3 курстан жүреді, 4 курсте практика басталады. Осы жолдардың авторы арасында өлең де жазды. Солардың бірі Шынжан қызына арналды.

Шынжан қызы, қадалып бір қарадың,

Қарағаның қандай жақсы қарағым,

Оралмайтын жастық шақты еске алып,

Суға салған мұздай еріп барамын!

Жүзіміңдей еріндерің тәтті екен,

Шынжан деген шаттығы мол шат мекен.

Көл ішінде дірілдеген сүйріктей,

Ақша қардай ақ көңілің пәк те екен

 

Қарақат көз, пісте ерін, ай қабақ,

Тіл қатып ем кеттің сондай жайнап-ақ,

Құшағыма сыйғыза алмай бейнеңді

Кетіп барам көздеріммен аймалап.

 

Санжы шаһарында

Таңғы тамақты университет ресторанынан ішкеннен кейін сегізіміз автобусқа жайғастық. Біздің қатарымызға сегізінші болып, Алматыдағы Абылай хан атындағы әлем тілдері университетінің неміс тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор Рысалды Хұсайын келіп қосылды. Ол кісі ед осы Шынжан университетінің шақыруы бойынша семинарға келіпті. Таңғы аста табысып шұрқырасып қалдық.

Күннің ыстығы отыз үш градустан асып тұр. Алақандай көлеңке көрсек, саялап тығыла қаламыз. Бүгін бізге Москва мемлекеттік университетін бітірген Тоня есімді қытай қызы жетекші. Қасында екі жас қытай жігіті жүр. Тоня орыс тілін біледі, Мәскеуде магистратураны бітірген, әлі тұрмыс құрмаған бойдақ, сүйкімді қарындас. Біздің қыздар о жағын да сұрап біліп алыпты.

Ендігі бағытымыз – Үрімшіден қырық шақырымдай келетін Санжы қаласы. Қытай жолдарында біздікіндей тығын, сығылыс байқалмайды. Бір үлкен тобан жолдың өзі үшке бөлінеді, аралары ақ сызықпен бөлінген. Бірінші жолмен жеңіл-желпі машиналар, екіншісімен жүк тиеген машиналар, ал үшінші қатармен ауыр составтар сырғиды. Мұнда ГАИ деген атымен жоқ. Бірақ, тәртіп бұзғандарын бейнекамераға түсіріп алады екен де артынан айыппұл салған қағаздарын жібере салады. Ешкімнің дау-дамайы естілмейді. Біз мінген автобус та жылдамдығын үдемелете түсті.

Қай жағыңа қарасаң да жиырма бес қабатты үйлері аспанмен тілдеседі, көзің түскен жердің бәрінде қаптаған иеорглифтер, ұйғыр тіліндегі жазу оқта-текте ұшырасады. Қанша дегенмен Шынжан-ұйғыр автономиялы аймағы ғой, десе де ұйғыршасы жиі емес, үлгергенімізше оларды да оқимыз. Ұйғыр сөзі де оқта-текте бір естіліп қалады, қытай сөзі басым. Көшеде қазақта сайрап бара жатқан қазақтарды бірден танимыз.

Санжыға жетер-жетпес жерде орналасқан дұнған фермасына ат басын тіредік. Сценари бойынша осы тұсқа тізе бүгіп өтуіміз қажет. Қытайлықтар бұл араны баяғыдай колхоз дейді екен. Адамы, ағашы, өсімдігі, суы жемісі көз тартатындай көрікті, ал жастары көңілді ойын-сауықтарын бастай берді. Жастар бірін-бірі көтеріп алып, суға лақтырады, киіммен малмандай су болған жастарды көріп, жұрт рахаттанып күлкіге батады. Биі, музикасы қосылып тербетіледі. Бізді дұнғанның кафе, ресторан, асханалары ұйысқан жеріне жеткізді. Ұлттық тағамдарының иісі бұрқ ете қалды. Үрімшіден өңкей ащы дәмдермен өңешті күйдіріп келген біздер, мұсылмандардың ас жайына келгесін бір жазылып қалғанымыз бар. Алдымызға лапшасын, палауын, қолдан пісірген бәлішін әкелгенде кәдімгідей тәбетіміз тасып, бір жасап қалдық. Дүнгендер тағамдарын түрлентіп, үсті-үстіне төгіп тастады, арасында қою айраны бар. Қойдың басын жеп, сорпасын ішкендей қауқылдасып қалдық.

Дұнғаның да қытайша судай ағады, мүлдем мүдірмейді. Империя кезінде біз қалай орысша сөйлесек, (қазірде де жаман емес-ау) дұнғандар да солай сайрап тұр. Мұндағы қазақ, ұйғыр, дұнғаның қытайша сөйлеп бергенде қытайыңның өзін столдың астына тығып жібереді. Ілуде бір орыс сөзінің кіріп кететіні бар. Байқауымша Үрімшіге Ресей әсері ықпалы жоқ емес секілді. Атам заманнан келе жатқан байланыс, алыс-беріс сан-салалы қарым-қатынастар өз іздерін қалдырғанға ұқсайды.

Әшекейі қырлы-сырлы дұнған ғимараттары әсем-ақ, сырттай қызықтадық, ішкі жағына кіре алмадық, өйткені уақыт санаулы. Бері шыға бере бір топ қазақтарды кездестірдім, жылы амандасты. Сауда-саттықпен айналысып күінімізді көріп жүрміз десті. Қайран қазақтарым-ай, осылай тарыдай шашырап жүре бересіңдер ме елге, Қазақстанға қайтыңдар деймін. Есің барда еліңді тап демей ме, аталарың… «Шетелдік қазақтарға» деген өлең жаздым:

 

Қазағым-ай, жүрсін әлі жиналмай,

Ойланбайсың жан езіліп қиналмай.

Қайда барсам шығып жүрсін алдымнан

Қалай кетем сәлеміңді құп алмай.

 

Түрік бардым түрлеріңді көрдім мен,

Иран бардым құшағыңа кірдім кең,

Батыс, Шығыс елдерінің кезбесі

Жақсы емес пе туған елде бір жүрген.

 

Менің далам саған тарлық ете ме,

Жат елдердің атағы саған жете ме.

Егі қазақтар, басымызды қосайық,

Керуеніңді кең далама жетеле!

 

Қазағым-ай, шыдамдысын қайыстай,

Тірлігіңді жасап жүрсің майыспай.

Туған жердің топырағына не жетсін,

Ақсаңдаған беу мына бір байғұстай.

 

Келші бері ей аяулы қария,

Ұрпағыңа айтып келем жария.

Жастарыңды жібер Қазақстанға

Саған дайын отын жағар әр ұя.

 

Дұнғанның әні, сазы, биі құлақты тұндырады. Ат төбеліндей жұрттың тілі таза, тұтас, тиянақты, шұбарланбаған. Біреуі бәрі үшін, бәрі біреуі үшін жұмыла іс жасайды.

Қайтарда автобус бізді Үрімшінің Хоулинь деп аталатын жабық базарына әкеп төгіп тастады. Базар бірнеше қабаттан тұрады. Қыздардың есі шығып кетті. Жиһаздар көздің жауын алады. Бәрі бірдеңке іздеп безе жөнелді. Хоулиннен алған сөмкелеріміздің аузы соңында байлауға келмей толып қалды. Бала-шағаңа, немерелеріңе бірдеңе алған сайын көңілің көтеріле береді.

Турфанға барғанда

Турфан жайлы бұрын естігенім бар еді. Қытай кинофилмінен көрдім бе есімде қалмапты. Күннің ыстығы қырық градустен жоғарылады. Аудармашы Тоня мен Юхуа атты жігіт бізді автобусқа жайғасытырып, салқын су таратты. Жол жағдайы Қытайда шешілген бе деймін. Көліктерде іркіліс жоқ, бір-бірінен оқ бойы озып, қарасын көрсетпей зымырай жөнеледі. Автобуста қытай, ағылшын, қазақ тілдері араласа бастады. Артқы жақта отырған бес жас қытай жігіттерінің ауыздары жабылмады, сөйлей береді.

Екі сағаттан соң автобус кілт тоқтап бізді түсірді. Арнайы билетпен кіретін, қақпаға тіреліппіз. Әлгі Юхуанның қолында бір уыс билет, санап кіргізіп жатыр. Үйлері ағаштан салынған, ал ауладағы жүзім сабақтарын ағаш сатыларға әуелетіп асып тастапты. Созсаң қолың жетпейді, маржандай тізілген мөлдір жүзімдерге қарап тамсанып қоясың. Жақын жерде тұрса үзіп алсам дейсің. Мынадай күннің шыжыған кезінде бір шумағын жұтсаң құрғап қалған тамағың рахаттанып қалар еді-ау. Қаптаған туристер, микрофонда тыным болсайшы, тәржімашы да тоқтамай төгеді. Тоняда үн жоқ, шаршап қалды ма білмеймін, анда-санда бір үн қатады. Жайма дүкені магниттей тартып, жұртты жіберетін емес. Әйелдер жағы экскурсовод сөзін тыңдауыдан қалып, магазиндерге сүңгиді. Юхуаның фотоаппаратында тыным жоқ. Біз де суретке түсірудеміз. Жапон кафедрасының мұғалімі Жанар Ашинова кеше ғана фотоаппарат сатып алған. Жанарда жаңа жұмыс тауып алды, көрікті, қызықты тұстарды түсірумен жүр. ХІІІ ғасырда ғұмыр кешкен Қытайдың бір патшалығының қорғанын араладық. Құм төбелер, құм кірпіштен соққан сарайлар, қабырлар, жұмбақ дәліздер, алаңшықтар бұдан сегіз ғасыр болған уақиғалардың, қақтығыстардың куәсіндей үнсіз сөйлейді. Құм қабырғалардың астында қандай сырлардың, жырлардың жатқанын кім білсін. Көгілдір аспанның астында кезінде күмбір қағып, бір патшалықтың тағдыры өте шыққан.

 

Кездесу

Шынжан университетінде халықаралық Цзяо Цзянь дейтін жігіт, сол басқаратын ұжыммен біздің топ кездесті. Директордың мазмұнды әңгімесіне құлақ қойдық. Қытай экономикасының өскендігін өркен жайғандығын, қытай тілінің рөлін, халықаралық қатынастардағы қадамын, бүгіндері бүкіл дүниеде жүз миллионнан астам адам қытай тілін оқитындығын айтты. Жүз елде үш мыңдай қытай тілінің мамандары жұмыс істейді. Оңтүстік Корея, Малазия, Англия қытай тіліне терең мән бере бастаған. Оңтүстік Кореяда екі жүз университетте қытай тілі жүреді екен, екі миллиондай студент қытай тілін үйренулі. Ертеректе Қытайда бірінші орында ағылшын тілі екінші орында қытай тілі тұрыпты. 1987 жылдан бастап Қытай мемлекеті қытай тілін дамытатын он екі бөлімнен құралған топ құрған. Бұл топта мәдениет, экономика, даму реформасы бөлімдері болған. Сөйтіп, мемлекет қытай тіліне ерекше мән беріп, күрделі шараларды жүзеге асырған. Шет елдерге мамандар жіберген.

2004 жылға дейін Конфуци институті болмапты, сол уақытқа дейін қытай тілін үйренуге шет елдіктерді шақырып отырған. Қытай тілі кең өріс алғаннан кейін жоспар өзгерген. 1980 жылы қытай жоғары оқу орындарында шет елдіктер оқитын арнайы факультет негізделген. Енді шет елдіктер өз елдерінде қытай тілін оқиды. Көптеген елдерде Конфуци институті бар. Қазірде мемлекеттік емес оқу орындары қытай тілін оқытады. Рынок талабы өсті, ертеректе біз кітаптарды, оқу құралдарын пайдалансақ, енді интернет арқылы жұмыс істейміз.

Ендігі жерде бізге Конфуци инститтарын көбірек ашумыз керек. Қытай тілшілері енді шет тілдерін меңгеруде шет елдерге оқу құралдарын, кітаптар әзірлейміз, қытай тестіге көшіреміз. Қытай тілі үшін интернетті меңгеруге тиіспіз. Үш проблемамыз бар: оқытушы, оқулықтар, оқыту әдістемесі. Бұл мәселелер басқа тілдер үшін де қардар. Қытайдың Хампан фонды барлық жерде Конфуци институттерін ашуда. Қазақстанда да ашылды. Әр елдердегі тәжірибелерді жинақтап, Конфуци институттерін көбейтеміз. Қытай тілін оқығандар сертификат алады, қытай тілін, мәдениетін насихаттайды. Соның бәрін достық қарым-қатынастар шешеді. Қытай тілі мен мәдениетін әлемге кең таратуда Конфуци институтеріне үлкен үміт артулымыз.

Хампан фондының міндеті – мұғалімдер әзірлеу, мектеп оқытушысы, студент, пенсионер қытай тілін үйренуі ләзім. Конфуци институті қытай тілінің мамандарын дайындайды, ұстаздар үшін тест әзірлейді. Қытай тілін, мәдениетін, білім жүйесін зерттеу мақстаында біз шет елден топтар шақырамыз. Бізде юристер, экономистер, философтар үшін арнаулы курстар бар. Конфуци институтінің мамандары шет елдер үшін оқулықтар жазады, шығарады. Бізде кескіндеме, шай, каллиграфия өнерін үйрететін курстар бар, бұлар Қытайды жан-жақты тануға жол ашады, әрі достықтың арнасын ұлғайтады. 2004 жылы бірінші Конфуци институті Оңтүстік Кореяда ашылды. Қазірде дүние бойынша 140 Конфуци институті бар, сонымен 90 елде 311 Конфуци институті құрылған. Қытайдың 150 жоғары оқу орны қытай тілін таратады, әлемде 250 мекеме Конфуциге қызмет етеді. 2009 жылы 70 жоғары оқу орындарында 28 база құрылды, бұл 70 елге таралды. Дүние жүзінде 656 Конфуци институті жұмыс істейді. Радио, интернет арқылы қытай тілі дәрісі жүргізіледі. 2004 жылдан бастап 18 мың маманды аттандырдық. Қытай экономикасы өрлеу үстінде, қытай тілін насихаттау жолында қаражатын аямайды.

2007 жылы апрель айында Конфуци институтінің бөлімі құрылды, негізгі мақсаты Конфуци институттеріне бағыт-бағдар беріп отыру, оқытушыларды, директорларды дайындау, шет елдік бөлімдердің мұрат-міндеттерін анықтау, оқу құралдарын, дискілер шығару. Бөлім Пекинде бас қосып, шараларды, міндеттерді бекітеді. Осы жолда қол жеткізген жетістіктеріміз де, алда орындалуға тиісті жұмыстарымыз да жетерлік. Тілге байланысты бірқатар теориялық мәселелер де шешуін күтіп тұр. Бұдан бұрын қытай тілін үйренеміз деушілер бізге келсе, енді өз елдерінде оқып үйренеді. Қазақ, қырғыз, түркмен, тәжіктер үшін де қытай тілінің мамандарын әзірлейміз. Бізге ісімізді өндіріп, өрнектеп алға апаратын практиктер қажет. Қытай тілін оқытудың жаңа әдістемелерін қарастыру үстіндеміз. Әрбір шет ел үшін әдістемелер де сол елге лайықты болуы тиіс. Сол үшін Конфуци институттерын ұйыстыруды, ұйымдастыруды күшейтеміз. Қытай тілінің таралу базасын ашып, оқу методикалық құралдарды қытай тілінің оқытушыларын әзірлейміз.

Осы мерзімге дейін Хампан 18 базаны құрды. Қытай халық университетінде қытай тілін тарату теориясын зерттейтін мамандар бас қосты. Пекин университетінде арнайы база бар қытайтанушылар үшін, ал Пекин педагогикалық институтінда қытайтанушылар үшін база ашылған. Пекиннің тілдер университетінде қытай тілінің оқулығы әзірленуде. Пекиннің шет тілдері университетінде бөтен тілдердің базасы ашылған. Шаньдун университетінде Қытай мәдениетін зерттейтін база бар. Суар провинциясында Орта Азия үшін қытай тілінің базасы жұмыс істейді. Нанхай университетіндегі база қытай тілінің ресурстарын, мәдениетін зерттейді. Хунан провинциясында қытай тілінің көпірі бар. Жыл сайын Конфуци институті Еуропа, Азия, Африка үшін конференция жүргізеді. Конференция мақсаты – мәдени алмасулар, қарым-қатынастар қырын тексереді, тәжірибе алысады, қытай тілін оқытатын жоғары оқу орындарының талап-тілектері тыңдалады.

Синцзянде қытай тілін насихаттау және зерттеу тобы бар. Білім және халықаралық бөлімдер жұмыс атқарады. Бұндай топтар басқа институтарда да бар. Халықаралық мәдениет институті, Синцзян медициналық институті шетелдік оқушыларды қабылдауды жиілетеді. Бізде З айға, 1 жылға, 5 жылға арналған Конфуци стипендиялары бар. Жыл сайын стипендия 3000 орынға беріледі. Синцзянде қытай тілінің базасы 3 миллион стипендия бөледі, жатақхана, тамақ, оқу құралдары беріледі. Ауылшаруашылығы институтінде қытай тілін тарату мақсатында магистратураға стипендия бөлінген. 2007 жылы біз магистратура үшін дәрістер аштық. Үйренушілер Қытайда 1 жыл, 2 жыл оқып, өз елдерінде оқуын екі жылға жалғастырады. 2007 жылы 24 университет стипендия бөлді. 2008 жылы көптеген университеттер магистратура дайындауға өтініш түсірді, сонымен 39 магистр дайындайтын болдық. Жыл сайын әрбір университет 30 магистрлікке қабылдайды, бұл және шет елдік оқушылар тарапынан келеді. Жыл сайын көктемде және күзде шетелдіктер үшін екі группа ашылады, егер тыңдаушы алтыншы деңгейге көтерілсе жоғары оқу орнына түседі. ҚХР-ның магистратура мен докторантура үшін арнайы стипендиясы бар. Қытайда РhD-ні әзірлейтін 160 университет бар, педагогикалық медициналық университтер РhD-ға магистрлер қабылдайды.

2008 жылы 15 июнде Бішкекте бірінші Конфуци институтінің негізі қаланды, екіншісі Новосибирск университетінде ашылды. Бұл қалада ғалымдар көп, орыс ғалымдарымен байланыс жасаймыз. Келесі жылы Таулы Алтайда мектеп ашамыз. Тәжікстанда Конфуци институті жұмыс істей бастайды, сондай институттер Қарағанды, Ақтөбеде ашылады. Қытай сегіз елмен шекаралас болғасын олармен достық қарым-қатынас мәселесін бірінші қатарға қоямыз. Қазақтар, өзбектер, тәжіктер, біздер ШОССтың мүшесізміз. Талқылайтын ортақ мәселелер баршылық. Орталық Азияда, Россияда 25 Конфуци институті бар, олардың 12-сі Ресейде. Конфуци институті Санкт-Петербургте бар, Қазақстанда Конфуци институті екеу. Бұлар европалық институттермен қоян-қолтық араласады. Қырғызстанда 2 Конфуци институті бар, Өзбекстанда біреу, оны Лангжоу университеті ұйымдастырған. Алты жыл ішінде 600 Конфуци институті ашылуға тиісті.

Әрбір Конфуци институтінің өз ерекшеліктері, жоспары бар, рыноктің талап етуіне орайлас келеді, әр өлкенің, әр елдердің талаптары өзіндік ізденістерден шығады. Біз сапаны бірінші қатарға көтереміз, өзін-өзі қаржылау, өзін өзі өтеу жайлары да жоқ емес, институт сертификат береді. Конфуци институтінің үш типі бар Қытай Халық Республикасының білім министрлігі Хампанға өтініш береді, сонда ғана Конфуци институтін ашуға болады, Хампан шартты дайындайды, Хампан 100 мың доллар, үш мың кітап босатады, директорды,  мұғалімдерді белгілейді. Конфуци институтінің сапасы өзара келіскен екі университетке де байланысты боп келеді. Мұғалімдер үшін курстар ұйымдастырылады және мазмұны бай болуы қажеті Пекин университеті 14 Конфуци институтімен бірге қызмет атқарады.

Бұдан кейін лектор араб кафедрасының меңгерушісі г.Е.Надированың қытай кафедрасының меңгерушісі З.С.Батпенованың және менің сауалдарыма жауап берді. Содан соң Синизянь университеті жайында толық мәліметтер берілді.

Түс кезінде бізді Үрімшінің оқыған интеллигент қазақтары қонаққа шақырды. Бізді қарсы алғандардың ішінде Үрімшінің атақты математигі Әмір Жалғасбаев, Синцзянь университетінің бұрынғы проректоры Талға Алмас ұлы, Шынжан университеті журналының редакторы Бақыт Тайыр бар еді. Бір жайлы, жақсы отырыс өтті. Шыңжан университетінің банкет залында Қазақстандық ұстаздар құрметіне Талғат тост көтерді. Біздің тараптан профессор Рысалды Хұсайын және мен сөз алып, жаңа жырларымды оқыдым. Менен кейін талғат пен бақыт шабыттарын шырқатты. Шынжан университетінде он қазақ докторы бар дегенге төбеміз көкке тигендей әсер етті.

Жасы келіп демалысқа кеткен Талғаттың орнына қазақ жігіті отырады десті. Қытайлар бұл дәстүрді берік сақтайды екен. 1758 жылы Абылайхан Қытайға сый-сияпатымен өз нөкерлерін жіберіпті. Cодан бері қазақ-қытай қарым-қатынастары тоқтамапты. Халықаралық мәдениет колледжінің директорын қазақтар әзілдеп Жаужан дейді екен. Ол қазақшаны жақсы біледі. Жапон, орыс, қазақ, қырғыз тілдерінде еркін сөйлейді. Бір ақжарқын, тамаша жігіт өзі, жымияды да жүреді. Аурасы жақсы, ісіңе сәттілік тілеп тұрады. Бүгінгі дәрісін биік дәрежелеп мазмұнды өткізді.

 

Семинардың жабылуы

Колледж профессоры, ұйғыр келіншегі Хайыргүл Синцзян университеті жайлы жағымды әңгіме жүргізді. Бұл университеттің негізі 1924 жылы қаланыпты. ХХІ ғасырдағы Қытайдың ең озық университеттері санатына кіреді. Университеттің орналасқан аудан көлемі 3 миллион кв.метр екен, Орталық, Солтүстік, Оңтүстік жақ боп бөлінеді. «Пензянь» дейтін қонақүйі бар, госпиталы бар, университет 23 институттен құралған, 74 мамандықты қамтиды 12 докторантурасы бар, аспиранттарға арналған ғылымның 10 бағыты бар. 2 педагогикалық группасы бар, 1 педагогикалық мектебі бар. Тяншань программасы бар университет шет елдің ең үздік оқытушыларын шақырып тұрады. 1647 мұғалім бар, 188 профессоры, 590 доценті бар, 30 мың студенті бар, кітапханасында 2 миллион кітап қоры бар. 2008 жылы шет елдік оқушылар саны 4 мың болды. 2008 жылы Қытай тілін оқытуды зерттейтін институттің негізі қаланды. Қазақстаннан келіп оқып жатқандар көп, олар 1-2 жыл қытай тілін оқып, 4 жыл өзінің мамандығы бойынша оқиды. Конфуци, Жібек Жолы, ҚХР-ның стипендиялары бар. Қытай тңлң үздіктері ғана таңдап алады. Ағылшын, орыс тілдері жүреді. 1924 жылы орыс тілінің училищесі ашылған еді. Біздің профессорлар Москвада, Ташкентте оқыды. Орыс тілінің орталығы ашылды. Аға ұрпақ орыс тілін тәуір біледі, орысшадан қытайшаға аударады қазақшадан қытайшаға тәржімалайды. Аудармашылар тобын әзірлемекпіз. 1986-87 жылдары бакалавр, магистратураны, доктарантураны (PhD) енгіздік.

Бакалавриатта 169 кредит бар, магистратураны 2 жыл оқиды. Бітіргендер жұмысты өздері іздеп табады. Шет елдік мұғалімдерге 200 мың юань төленеді. Институтте қытай тілін дамытып оқыту курсі бар.

Бүгін бітіру рәсімі өтті. Бәрімізге сертификат берілді. Мен, Рысалды екеуміз топ атынан рахметімізді білдіріп, сыйлықтар тапсырдық. Жаужан құттықтады. Сөйтіп, Қытайдағы күндеріміз аяқталды, елге жинала бастадық. Менің байқағаным – қытай тілі дүние жүзін жаулап келеді. Түбінде жасымыз бар, кәріміз бар бұл тілді үйренбей болмайды. Әзірше сау бол Синцзянь!

Өтеген Күмісбаев

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑