banner-top12

Ислам тағылымы 513619_1330580380

Қосқан уақыты Маусым 21, 2017 | 383 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Рамазан айындағы қасиетті жарыс жеңімпазы Нобель сыйлығының лауреаты Есинори Осули ме?

ҚАДІР ТҮНІ

Бисмилләһи-р-рахмани-р-рахим!

  Аз күнде жыл сайын күллі мұсылмандар сағына күтетін Рамазан айы аяқталады. Басқа кездері де қолынан келгенше өзгелерге жақсылық жасауға құштар мұсылмандар бұл айда тіпті ұлы бәйгеге қосылғандай құлшылық пен ізгі тіршілікті араластыра жүріп әр минуты алтынан қымбат уақыттың қалай зымырап өте шыққанын білмей де қалады.

    Аллаһ Тағаланың Киелі Құрандағы «жақсылық жолында, жәннатқа қарай жарысыңдар» деген әміріне сай мұсылмандар шамалары келгенше ізгі амалдар жасап-ақ бағады,  нұрға толы Рамазан айының, Қадір түнінің орны тіпті бөлек. Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің, салләллаһу аләйһи уә сәлләм, сақабалары күн сайын жақсылық жолында жарысқан, сонда бәрінен хазыреті Әбу Бәкір, радый Аллаһу анһу, озып кетеді екен. Ал, біздерден ең алда кімдер жүрмек? Осындай ұлы жарысқа аз да болса үлес қосу ниетімен Рамазан айы, Қадір түні жайында газет оқырмандарына тағы да бір жақсы мәліметтер беру үшін «Байсат» намазханасының имамы Жүзей Мырзахмет Аманқұлұлымен әңгімелескен едік.

– Сіз бұған дейін Алматы қаласындағы «Орбита», «Таулы қырат», «Мекке» мешіттерінде діни қызмет атқарып, енді «Байсат» намазханасына ауыстыңыз. Құлшылық орнының үлкен-кішісі жоқ, сондықтан өзіңіз, діни қызметтеріңіз жайлы, осы жолда жүргенде көңілге түйген ойларыңызды ортаға салсаңыз.

– Күллі әлемдердің Жаратушысы, Тәңірі Аллаһ Тағалаға мадақ, Пайғамбарымыз Мұхаммедке Аллаһтың сәлемі, игіліктері болсын. Шымкенттегі халықаралық қазақ-араб университетін 2002 жылы бітірген соң әл-Фараби атындағы Қаз.МУ-де философия және саясаттану факультетінде дін тану мамандығы бойынша 2 жыл магистратурада, 2 жыл аспирантурада оқып, әрі дін жолындағы қызметімді атқарып, магистратураны да, аспирантураны да ойдағыдай тәмәмдадым. Бір қуанатыным – соңғы жылдары ораза ұстаушылр саны көбеюде, Құранды арабша бар заңдылықтарымен (тәжуидпен) оқуға ынтызарлар саны артуда. Бас муфтиіміз Ержанқажы Малғажыұлының «Шәкіртсіз ұстаз тұл. Әр имамның кем дегенде бес шәкірті болуы керек» деген қағидасына орай әсіресе жастарды ата-бабамыздың дәстүрлі діни жолы Әбу Ханифа мәзһабына сай баулуға баса көңіл бөлемін. ҚМДБ-да «жалпы және жастармен жұмыс» бөлімі бар, «Таулы қыратта» қызмет атқарғанымда Медеу ауданына жауапты болып, « Медеу ауданы  жалпы және жастар» бөлімі ашылып, қаламыздағы «Таң  Шолпан» қонақ үйінің конференц залында жұмысымызды 3 шәкірт оқытудан  бастаған едік, кейін 200-ден асып кетті. Қыздар тобы бұдан да көп болды. Оған «Сәлем еріктілер тобы» деп ат қойғанбыз, тым көбейіп кеткендіктен бұл топ қазір Орталық мешіт қарамағында.

Мен имамдық қызметіме үлкен аманат ретінде қараймын. Жастар ісіне байланысты қызметімді бастағанда екі рәкат намаз оқып, «Жастар жат ағымдарға кетпесе, халқымыздың дәстүрлі діни жолын ұстанса екен» деп Аллаһ Тағалаға жалбарынғам ем, жоғарыдағыдай жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Дін қағидаттарын кеңінен түсініп, ұстанулары үшін ізгі іс-шараларды, қоғамдық, қайырымдылық жұмыстарды ұйымдастырдық. Өзімнің басты ұстанымым – жастардың тек құлшылықтармен шектелмей, ғылыми жұмыстармен айналысып,қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысып, дара тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету. Тарихтан тағлым алу мақсатында әр саладағы ғалымдармен кездесуді жиі ұйымдастырдық.

 

-«Байсатқа» келген соң да осы бағыттағы жұмыстарыңызды жалғастырдыңыз ба?

 

-«Байсаттың» аудиториясы мүлдем бөлек. Бұл мешіт емес, жай намазхана. Намазға келушілердің деңгейі алуан түрлі. Өте білімділер де, намазға жаңа келгендері де бар. Бірақ, дінге деген ықыластары өте жоғары. Пайғамбарымыздың,  салләллаһу аләйһи уә сәлләм, адал саудагерлер жәннатта өзіне жақын болатыны, ал, арамдық танытқан саудагерлердің Қияметте қабірлерінен күнәһар болып көтерілетіні туралы хадистеріне сай олар саудадағы адалдыққа ерекше мән береді, мұндай жан сүйсінерлік қасиеттерін көргенде қатты қуандым. Оларға негізінен діни сауат ашу бағытында жұмыстар жүргіземін. Бес парызды түсіндірумен қатар Құран сабағы, діни ілімді арттыру, ислами ұстанымдар, қоғамдағы мұсылмандық ұстамдылық, Елбасымыздың мемлекетімізді дамыту, өркендету жолындағы еңбектері, мұсылмандарға қоятын талап-тілектері, өзге дін, конфессия өкілдерімен шынайы сыйластыққа құрылған қарым-қатынас, т.б.еліміз үшін өзекті мәселелер төңірегінде әңгімелесеміз. Өзім шіркеуге барып тұрамын. Оларды түсіну әрі мешіт пен шіркеу қызметі қандай деңгейде екенін білу үшін. Олар келген қонақты ізеттілікпен, ілтипатпен қарсы алады. Арнайы тақияммен кіріп, имам екенімді айтам. Көкіректен итеру жоқ. Барлық сұрақтарыма қанағаттанарлықтай жауап береді. Өкінішке орай, кей мешіттер осындай мәдениет биігіне көтеріле алмай жатыр.

 

-Киелі Құранда дін жағынан бізге ең жақыны христиандар, иудаизм дінін ұстанушылар екені айтылады. Өйткені, олар Көктен Інжіл, Тәурат түскендіктен «Кітап иелері аталады. Кезінде кәпірлерден көп қорлық көрген мұсылмандар христиан еліне барып, солардың қолдауына ие болды емес пе?

 

– Иә, бұл діни ерекшеліктердің бір-бірімізге қамқорлық жасауға, ынтымақ-бірлікпен саламатты өмір салтын қалыптастыруға қатарласа ат салысуымызға кедергі келтірмейтінін көрсетеді. Христиандар исламды дін ретінде қабыл алған алғашқы өзге дін өкілдері. Пайғамбарымызды, с.а.с., мұсылмандарды қатты құрметтегендіктен олар Аллаһ Тағаланың, с.а.с., соңғы Елшісіне бір жақсы дәрігерді сыйға тартады. Алайда, оған емделуге ешкім келмейді. Сосын ол мені христиан деп жатырқаған шығар деген оймен кеткісі келетінін Пайғамбарымызға, с.а.с., білдіреді. Сонда Мұхаммед, с.а.с., оны ертіп алып барлық мұсылмандардың үйін аралатады. Төсек тартып жатқан ешкім жоқ. Ал, бұл кезде христиан елдерінде эпидемиялар өршіп тұрған кез екен. Таң қалған дәрігерге Пайғамбарымыз, с.а.с., бес уақыт намазын оқып, ораза ұстаған, тамақтың алды-артында қол жуған, асқазанды тамақпен толтырмай, бір бөлігін суға, бір бөлігін ауаға қалдырған, үнемі дәрет, ғұсылмен жүретін жандардың ауырмайтынын айтып, емделуге ешкім келмегені үшін өкпелемеуін өтінген екен.

 

–  Құдайға шүкір, мұның бәрі әрі құлшылық, әрі денсаулық үшін өте пайдалы амалдар. Енді оразаның пайдасына кеңірек тоқталыңызшы.

 

-Жапон ғылымы Есинори Осулидің оразаның адам ағзасына өте пайдалы екенін дәлелдеп Нобель сыйлығын алғаны белгілі. Әттең, ата-бабасынан мұсылман біздің ғалымдарымыз дәл осы бағытта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жасағанда әлгіндей үлкен абыройға бөленер ме еді… Өкінішке орай, кей мұсылмандар ораза ережелерін толық сақтамайды. Сәресіде аз, ауыз ашқан соң мөлшерден тыс көп тамақ жеп, асқазанға ауыртпалық түсіреді. «Намаз оқымай-ақ ораза ораза тұтсам бола ма?» дейтіндер, 20 рәкаттың маңызын түсінбей, 8, 12 рәкаттан соң қоя салатындар бар. Бәрінің де оразасы, құлшылықтары қабыл болсын. Бірақ, Тарауық намазы асты бойға сіңіруге, дұрыс қорытуға өте қажет амал. Пайғамбарымыз, с.с.с., оны бекер ойлап тапқан жоқ қой. Мүлдем намаз оқымайтындар осындай әрі Тарауық намазы құрметіне берілетін басқадай да игіліктерден айрылып қалады. Өйткені, намазбен ұштасқан ораза денсаулыққа толық пайдалы ораза.

Осында медицина саласындағы ғылыми ізденуші, студенттерді жинап дөңгелек үстел өткіздік. Сонда олар оразадан кейін ішек анадан жаңа туған баланың ішегіндей әппақ болып тазаратынын айтты. Бірақ, ол ораза ұстаушы сақтауға тиіс барлық шарттарды толық орындағанда, соның ішінде ашуланбау, кек сақтамау, ғайбат айтпау, кешірімді болу тәрізді мінез-құлық этикасы, әдеп жағынан – бөтен адамдар алдында шариғатқа сай киіну, сәресі, ауыз ашар уақыттарын қатаң сақтау. Кейде ер адамдар да әдепті ұмытып, тізеден жоғары шортик киетіндері бар, ал, ер адамдар үшін әурет – кіндік пен тізеден төменгі жер екенін білмейтіндер де кездеседі. Сондай-ақ тамақ ішер алдында және соңынан қол жуу, оң қолмен ішіп-жеу, харамға жоламау, асты асықпай, шайнап жеу, дәрет, ғұсыл талаптарын сақтау, мүмкін болса, биік үстелде емес, жерге дастархан жаю, ондай жағдайда тамақ жегенде оң тізені көтеріп отыру. Қазіргі ғылым айтатындай, биік үстелге отырса, асқазан созылып, көп тамақ талап етеді екен, жерге отырғанда асқазанға көп тамақ сыймайды.

 

-Халқымыз шариғатты қатты сақтаған ғой. Тамақ ішер алдында, ас ішіліп біткен соң құманмен үлкендердің, қонақтардың қолына жылы су құйып, қызмет ету шариғат талабына сай қалыптасқан дәстүріміз емес пе? Ал, сәресі ішпей-ақ ораза ұстай берем дегендерге не айтасыз?

 

– Олар үлкен нығметтен құр қалады.  Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Сәресі деген толығымен береке. Оны тастамаңдар. Тым болмаса қайсыбірің бір жұтым су жұтса да. Өйткені, шын мәнінде, Аллаһ Тағала да, періштелер де сәресі ішушілерге салауат жолдайды» деген.

Сәресі ішкен адамға береке дарығанымен қатар, Аллаһтың салауаты – яғни, Жаратушы Иеміздің (Оған мадақ), рақым-мейірімі болады, ал періштелердің салауаты – олардың Алладан кешірім тілеуі дейді мұсылман ғалымдары.
Оразаның денсаулыққа пайдалы болуының бір шартына сәресі ішу де жатады. Кей адамдар құр су іше салады немесе құнары жоқ тағам жейді. Ал, бабаларымыз талқан сияқты нәрлі де дәмді, аз жесе де күш-қуаты бар, басқа да құнарлы тамақтарды оразаға арнайы сақтаған. Құнарсыз тамақ жесе екі сағаттан кейін қарны ашып, біраз уақыт өткен соң басы айналып, әлсіреп, оразасын бұзатындар да бар. Ал, оразаны бұзғаны үшін оның кәффаратын өтеу керек, яғни, шыдамай, басқадай маңызды себепсіз бір күндік оразасын бұзған адам үзбей 61 күн ораза ұстауы керек. 60 күн – кәффәрат, бір күн – парыз оразасын өтеуі. Бұлай әлекке түспес үшін сәресіге қүш-қуаты бар тағамдар дайындаған жөн.  Балық, құрт жесең – шөлдейтініңді, өзге де нәзік мәселелерді ескерген дұрыс.

 

-Құранда рұқсат етілген ауру не кәрі, сапарда болу, т.б.маңызды себептерге байланысты ораза ұстаудан босатылса да оны кейін өтеуге шамасы келмейтін жандар оның орнына күніне екі кедей ораза ұстаушыға тамақ  не оның ақшасын беруді «ұмытады». Бұл дұрыс па?

 

– Үлкен қателік. Себебі, о дүниеге барғанда сол жауапсыздығының жазасын тартады. Кейде білместікпен түкірігін жұтпай қиналатындар бар. Оразаның шекарасы – қызыл ерін, оған дейінгі ауыз қуысындағы сілекей, түкірікті жұтса, айып емес. Жұтпай, жинала берсе – денсаулыққа зиянды. Кейбір адамдар осы жайлы ойлай бергендіктен аузына сілекей, түкірік жинала береді. Мүлдем мән бермесе, жиналмайды. Ораза жайлы жалған мәліметтерге ермеу үшін мешіт қызметкерлерінен ақыл-кеңес алған жөн.

Ауыз ашар беру мәдениеті де сақталмайды. Келген жұртты күттіріп, дастарханды кеш жаятындар  бар. Ораза ұстаушының обалына қалуға болмайды. Пайғамбарымыз, с.а,с., оразаны кешіктірмеу абзалдығын айтқан. Кейде имамдарды ауыз ашуға шақырғанда ауыз ашарды кеш ішкен имамдар, мұсылмандар Тарауық намазына кешігіп қалады.

 

-Тарауық – Рамазан айының хош иісті көркем гүлі, ғажайып сұлу әшекейі емес пе?. Басқа айларда жоқ нығмет. Оған кешігуге болмайды ғой. Міне, соңғы күндерде ғалымдар ораза айында жіберген қателіктерінің өтемақысындай санайтын пітір садақасын беру жарысы басталады. Оны дін басқармасы белгілеген мөлшерден артық берсе  бола ма?

 

-Әрине, Рамазан – көптеген жақсылықтар жасауға ынтығатын, әр ізгі амалдың сауабы басқа айлардағыдан әлдеқайда, жетпістен жеті жүз есеге дейін артатын, кейде тіпті одан да көп болатын тамаша ай. Ал, пітір жан садақасы іспетті, тіпті, ана құрсағындағы бала да тірі жан санатына жатады, аман-есен дүниеге келсін деген ниетпен іштегі шарана үшін де пітір беріледі. Пітір мейіз, құрма, бидай есебімен белгіленеді. Біздің елде өзіміздің жергілікті өнім болғандықтан бидай есебінен белгіленсе, бұл кедей-кепшіктер үшін де беру мүмкіндігі бар ең төменгі мөлшер. Араб елдерінде ортадан жоғары ауқаты бар жандар осының қайсы қымбат болса соның есебімен пітір береді.

МашааАллаһ, байсаттықтар да пітірден тысқары, Аллаһ ризалығы үшін  мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балалар үйіне, студенттерге, тағы да басқа жандарға кезегімен ауыз ашар беріп, кедей-кепшіктерге азық-түлік тараттық. Менде бір топ бар, бір жарым жыл болды олар мұқтаж адамдарға, аптасына жеті үйге деп азық-түлік таратады, сонда жылына 365, күніне бір үйге көмектеседі. Бірақ, аты-жөндерін айтпайды. Өз басым мұны ата-бабамыздың шариғатқа сай әдемі дәстүрінің жалғасы деп білем.

Оразаларыңыз қабыл болсын. Жәннатта тек ораза ұстаушылар кіретін Раян қақпасынан кіру бақытын Аллаһ Тағала баршамызға нәсіп етсін. Қадір түні өзімізге ғана емес,  күллі отандастарымызға екі дүниенің де бақытын тілейік. Сүннетке сай соңғы түндерді құлшылықпен, ұйықтамай, көп дұға жасап өткізсек, тілегіміз қабыл болар. «Қадір» сүресін оқып, арабша оқи алмайтындар қазақша, орысша мағынасын, тәпсірін оқып, көп жалбарынса Мейірімді де Рақымды Жаратушы Иеміз тілектерін қабыл қылар. Бұл түндегі құлшылықтың сауабы 83 жыл құлшылық жасағандай, садақа, басқа да жақсылықтардың сауабы шексіз болмақ. Адамның келесі жылға дейінгі тағдырындағы жақсылық-жамандықтар, ризық-несібесі, сый-сияпаты, т.б.ірілі-ұсақты мәселер жазылатын түнде ұйықтап қалмайық. Ең бастысы – бәрін еститін, көретін Тәңірімізден біліп, білмей істеген күнәларымызды кешіруін сұрауымыз керек. Аллаһ Тағала осы сұхбатты оқыған барша жанға Қадір түнін Өзі риза болатындай дәрежеде өткізуді нәсіп етсін.

 

Әңгімелескен Гүлбаһрам Жебесін,

Алматы қаласы.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑