banner-top12

Оқырман хаты Lupines in the Santa Lucia Range, California

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2014 | 868 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Рахымжан жәйінда

 

Авторы: Атшыбай Құрманқажыұлы

Рахымжан Шүңгілұлы 1888- жылы 7- наурыз шығыс қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, Қалжыр ауылының Шығанши деген жерінде туылған. 1930- жылы қытайға өтіп, Шинжаңның Алтай аймағының Сарсүмбе (Алтай) қаласына қоныстанған.

1933- жылдың бас шеніндегі Алтайда көп адамның қанына ортақ болған Уй Жиңго армияасы мен банды Ма Хиң (дүңген төңкерісі) қуыршағының бұлап-талауы, ортеуі алақандай Сарсүмбе қалашығының шырқын бұзып, берекесін кетіріп, ашаршылық жайлаған жергілікті халық қатты күйзелді.

1933- жылы қазанда Шәріпхан Алтай аймағының дутұңы(бас уәлиі) болғаннан кейін, халықты ауыр халден құтқарудың жолдарын қарастыра бастады. Ол сол жылы қарашада Рачымжан Шүңгілұлын өз кеңсесіне шақырады. Ертеңінде тәңертең ерте Рахымжан дутұңның кеңсесіне келді.

–  Ассалаумағалайкум, Рахымжан аға!

–  Уағалайкумассалам! Қандай тапсырығыңыз бар, мәртебелі дутұң мырза?

Рахымжан үстелдің қарсы жағындағы арқалы орындыққа келіп отырды  да, бар ықыласы мен оның сөзіне құлақ салды.

–  Байқасам, сіз халыққа жағымды, беделіңіз бар, білімді, тәжірибелі, көпті көрген адам көрінесіз,- деп сөз бастаған Шәріпхан:- сондықтан, мен сізге «Шаңие» (төбе бй) деген мәнсап беріп, міндет жүктегелі отырмын. Десе де, есіңізде болсын, арқаңыздағы жүгіңіз тым ауыр. Біз Алтай сахарасындағы әр ұлт халқын езгіден, жоқшылықтан, ашаршылықтан құтқармақшы болып отырмыз, бәрінде шыт-жаңа бастан бастау керек. Бұл жағын тағы кеңесе жатармыз, менің сізге айтайін дегенім, мына жұмыстар еді,- деп бір тоқталып алып, сөзін қайта сабақтады,- өзіңіз де білесіз, биылғы жаз құрғақшылық болды, оның үстіне соғыспен өтті, күз жауын-шашынды, қыста қалың қар басып қалды. Осының салдарынан, тұтас ауыл-аймақ ашаршылыққа ұшырады. Соғыстан кейін сырттай қарағанда бәрі де тынышталып қалған сыяқты көрінгенімен, қаладағы кері кұштер ашаршылықтан пайдаланып, халықты желіктіруде. Тіпті, орай келсе қайтадан лап қоюға сақадай сайланып тұр. Ішкі тәртіпке әлі үйрене қоймаған надан халық олардың айтақтауы мен былжырақтарына сеніп, кейде дүрлігіп те кетеді. Сондықтан, үкімет бұл кері күштерді кірпік қақпай бақылауда.сақшылар тексеруді күшейткендіктен, кейбір жұмыс орындары қолында таныстыруы жоқ адамдарды батылы барып жұмысқа алмай отыр. Ал, қала сыртындағы, жол үстіндегі ішнара қолайлы жерлерге тосқауылдар қойылып, Сарсүмбеден кіріп шыққандар қатаң тексерілуде. Жоғарыдағы ақуалдарға қарата мен сізге мынадай әдіс- шараларды қолдануды ұсыныс етемін:

Бірінші, Қазақыстаннан әкелінген астықтың бір бөлімін ажыратып, ашаршылыққа ұшыраған қала халқын күніне екі уақ «Тай қазаннан» тегін тамақтандыру;

Екінші, мұғалім тәрбиелеу курсын ашып, мұғалім жетістіру. Көптеп мектеп ашып, балалар оқытып, халықты надандықтан айықтыру;

Үшінші, Сарсүмбеден панасыз жетім балларға арнап «Жетімхана» ашып, әр ұлыттың панасыз жетім балларын жинап оқыту. Олардың азық-түлік, киім-кешек, жатын-орын, оқу қаражаттарын түгел үкімет көтеру;

Төртінші, жұмыс істейтіндерге таныстыру беру, қаладан кіріп-шыққандарға жолхат кесу сияқты түзімдерді жолға қойю;

Бесінші, нақақ ұсталғандардың ақ-қарасын анықтап, түрмеден босату;

Алтыншы, жер дауы, жесір дауы, қыз дауы, тағы басқа дау-шаралар көбейіп кетті, бұл дау-шараларды лайықты шешім ету.

Міне, өзіңіз осы жұмыстардың тиянақтануына ертеңнен бастап жауапты боласыз. Шамаңыз келмегендерін әкімшілік мекемесінің бас хатшысы Мәнкей Мәмиұлына мәлімет етіп, сол кісіден ақыл-кеңес алыңыз, бұған қалай қарайсыз?- дейді.

-Дутұң мырза, мынадай келелі жұмысты сеніп тапсырғаныңызға рахмет, күткен үмітіңізді жерде қалдырмауға тырысамын,- деді Рахымжан орнынан тұрып.

-Ісіңізге сәт тілеймін, жолыңыз болсын!- деді Шәріпхан.

Келесі күннен бастап Рахымжан осы жұмыстармен тынбай өрлі-қырлы шапқылады. Сөйтіп Шәріпханның қолдап-қуаттауында, Мәнкейдің көптеп көмек көрсетуінде, өзінің құлшына қызымет істеуінің арқасында, бұл жұмыстар негізінен орындалды. Рахымжан қатпары қалың, қыры мен шиыры мол, шешуі қиын дау-шараларды ішкерлей анықтап, би таразысына салып, әділ шешімдер жасады. Сонымен оның бет-беделі күн санап артып, атақ-даңқы алыс-жақынға танылды.

Оның үйінен озбырдан жәбір көргендердің, өзгеге есесі кеткен кедей-кембағалдардың, таныстыру, жолхат алғалы келген жұмыскерлер мен жолаушылардың аяғы үзілмеді. Ол сол кездегі жауапкерсіздікпен жұмыс істейтін сақшы төрелердің құрбаны болған, қандай қылмыс өткізгңндерін өздері де анық білмейтін қазақ азаматтарын кепіл болып, түрмеден шығарып алды.

Қадірменді қарт үстаз, құрметті зейнеткер Қажақымет Мұханұлы Рахымжан шаңие туралы былай дейді: “1939-жылы Рахымжан шаңие ағам Ілиясты ұйіне 3 жыл ақысыз жатқызып, «Мұғалімдер курсынан» тегін оқытты. Ол кісімен бұрын таныстығымыз да, ешқандай туыстық қатынасымызда жоқ еді. Ол шынында халықтың жанашыры, қормалы еді”.

Тегінде Рахымжанның жанында болып, елге істеген жақсылығына куә болған Қорманай көзіне жас алып былай дейді: “Несін айтасың, ол бір жаралмаған адам. Оның халыққа істеген жақсылығын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес, егер кітап жазса, бірнеше том болар еді. 1948- жылы әкем Қайсаны гоминдаң әскерлері ұстап алып, өлімші етіп сабап, қамап тастайды. Сонда Рахымжан шаңие ебін тауып, әкемді түрмеден шығарып алады да, іздеп жүрген сақшыларға көрсетпей, өз үйіне жасырып, әр күні жарақатына дәрі жағып, уағында тамағын беріп, төсек-орнын жаңалап, киім-кешегін тазалап бағып күтеді. Әкем оның үйінде тұп-тура 45 күн жатып, жарақатынан айығып, үйге қайтып келді. Сондағы қуанышымызда шек жоқ”.

Рахымжан шаңие Шәріпхан, Дәлелхан тұсында да ел билеп, халқына ие болады. Оны халқы, елі қадірлейді, сағынады. Атын ұмытпай аруағын ардақтайды.

Рахымжан 1964- жылы Алтай қаласының Әбитан ауылында 76 жасында қайтыс болды.

1969-жылы «Мәдениет зор төңкерісінде» Құрманқажы Рахымжанұлына біреулер “Оның әкесі кезінде шаңие болып ел билеген, Әбитанның жері түгелдей соған қарайды, мыңғырған малы болған, қолына малай ұстаған, кейбір жылдары өзінің мөрін басып, алтын қазуға бізді тауға айдайтын” деген жала жауып, қалпақ кигізіп, көше аралатып масқаралайды. Онымен қоймай, түнде күреске алып, ианаттайды, ұрады, күндіз жан төзгісіз ауыр еңбекке салады.

1979- жылы партианың 11-кезекті 3- жалпы мәжілісінен кейін саясат оңалып, “Рахымжан Шүңгілұлының Шәріпхан, Дәлелхан тұсында шаңие болып, ел билегені шындық. Бірақ, жері, малы болмаған, қолына малай ұстамаған, өзіндегінің барлығын халқына, еліне арнаған адам” деген қортынды шығарылады. Осыдан кейін Құрманқажы жалған жаладан арылып, қызыметі қалпына келтіріледі.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑