banner-top12

Руханият 22

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2014 | 16  952 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

1

Рухани мәдениет

                          

Ермек Мұқанғалиев

     

        §4. Рухани мәдениетке үйрету

 

Әрбір адам өмір бойы даму үстінде болады және оның денесімен бірге ішкі жан дүниесі де дамуға тиіс. Сонда ғана ол адам деген ардақты атқа лайықты, жан-жақты жетілген, жеке тұлға болып қалыптасады. Адамзат қоғамының өзі жеке адамдардан тұрады, олай болса қоғамның дамуы, оның әрбір мүшесінің дамып жетілу сапасына байланысты екен. Ендеше біз жеке адамдардың өмір салтының рухани жан-жақты дамуына жете көңіл бөлуіміз керек.

Адамдар қоғамда материалдық және рухани құндылықтарды жасаумен айналысады және олардың жануарлардан бір айырмашылығы сол, ол адамдарға рухани жан азығы керек, онсыз адам адамгершілік қасиеттерден айрылып, жабайы аңдарға ұқсап кетеді.

Егер де табиғатта адам ақылы жетіп болмайтын бес құпия сыр болса (сана, жан, материя, кеңістік, уақыт) соның үшеуі адам бойына шоғырланған. Сондықтан да адамның ішкі жан дүниесін түгел біліп болу мүмкін емес. Оны тек адам бойындағы рухани болмысынан көріп, тануға болады. Олай болса, күнделікті өмірде көп қолданылатын рухани мәдениет, рухани байлық, рухани құндылық, т.б. сөз тіркестерінің мәнін анықтап алуымыз керек. Біз рухани мәдениет дегенде ең алдымен тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді айтамыз. Тіл қазақ болуымыз үшін, дін адам болуымыз үшін, салт-дәстүр ұлт болуымыз үшін қажет.

Рух деген сөз, діни түсінік бойынша адамның «жаны» деген ұғымды білдірсе, ғылымда оны адамның ішкі жан дүниесінің шабыт-сезімінің көрінісі деуге болады. Ал мәдениет дегеніміз – адамның іс-әрекеті, оның даму формасы. Өйткені адам табиғи заттар мен құбылыстарды өзінің мүддесіне, талап, тілегіне сай өзгертіп отырады. Мәдениет адам мен табиғаттың өзара тұтастығы, өзара қарым-қатынасының тарихи дамып өзгеруінің өлшемі.

Адамдар толыққанды өмір сүріп, тіршілік жасау үшін оларға материалдық және рухани байлық керек. Байлық еңбек етіп, тер төгу арқылы пайда болады. Сондықтан да әркім өзінің қабілетіне, біліміне, талғамына қарай әртүрлі салада еңбек етіп, біреулер материалдық байлықты жасаса, екіншілері рухани байлықты жасайды. Бұл байлықтар адамның жан құмарлығы мен тән құмарлығы қажетін қанағаттандыру үшін жасалынады. Тән құмарлығы дегеніміз – адамның ішіп-жесем, дүние жисам, рахат-шаттықта өмір сүрсем деген мақсатта пайда болған оның құлқыны. Көбіне адамдарды қылмыс жасауға апаратын да оның осы тойымсыз нәпсісі. Ал, жан құмарлығы дегеніміз – білімге, ғылымға, өнерге деген адамның махаббат сезімі. Бұл адамдарды болсам екен, көрсем екен, білсем екен деген жақсы арман-қиялға жетелейді.

Әрине, мұның екеуі де қажет қасиеттер, егер де адам бай болса -оған өзінің қажеттілігін қанағаттандыру жеңіл болады, ал жарлы болса- ондай мүмкіншілігі болмайды. Сондықтан да адал еңбек етіп, тер төгіп, өзінің қабілетімен байыған адамды ешкім де жазғырмайды. Бірақ та адал еңбегімен байығанның өзінде, оның рахаты өз басынан ауыспаса, мүгедек, кедей-кепшіктерге қамқорлығы болмаса, ондай адамдар дүниеге бай болғанмен, рухани кедей адамдар, ондайлардан халыққа еш қайырым болмайды.

Сондықтан да әрбір ата-ананың, қоғамымыздың басты міндеті әрбір жеке адамды – рухани мәдениеті бай, жан-жақты дамыған, имандылық қасиеті жетілген азамат етіп тәрбиелеу.

Әрине, бұл әрбір адамның дүниетанымына, өмірге көзқарасына, мүддесіне байланысты. Кейбір адамдар жанын қинап, еңбек еткісі келмейді, олар ауырдың үстімен, жеңілдің астымен, біреуді қанап немесе тонап, болмаса ұрлық жасап басқалардың есесінен уайым-қайғысыз рахатта өмір сүргісі келеді. Ондай адамдарды қоғам әшкерелеп, жазасын беріп, жөнге салып отырады.

Біз бодандықтың кесірінен ата-бабамыздың ғасырлар бойы жиып-терген рухани байлығын, яғни, тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің соңғы жылдары қадірін кетіріп, күнделікті өмір тіршілігімізде қолданып, дамытудың орнына оны ұмыт қалдырып, діні басқа, тілі басқа, ділі басқа ұлттардың мәдениетіне еліктеп, адасып келдік. Енді тәуелсіздігіміздің арқасында, өз билігіміз өзіміздің қолымызға тигеннен кейін, есімізді жиып, алды-артымызды бағдарлап, жаңа өмір салтын орнататын уақыт жетті. Бұдан әрі бұл мәселені кешіктірсек, жаңа өсіп келе жатқан жас ұрпақ бізді түсінбей, сырт айналуы мүмкін. Сондықтан да қазірден ұлттық рухани мәдениетіміздің бүгінгі заман талабына сай жаңа бағдарламасын жасап, соны күнделікті өмір салтымызға батыл ендіруіміз керек. Сонда ғана біз өзінің дербес ұлттық рухы, мәдениеті, санасы дамып жетілген өркениетті ел болып, адамзаттың ұлы көшіне ілесіп, басқа халықтармен терезесі тең халық ретінде өмір сүре аламыз.

 

4.1 Әдебиетсіз – рухани мәдениет жоқ

 

Қоғамда рухани мәдениет деген ұғым бар, мұның материалдық құндылықтан бір айырмашылығы сол, оны көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес, оны текқана санамен ойлап, көңілмен сезу арқылы ғана ұғуға болады. Ол – біздің рухани құндылығымыз. Ал, рухани құндылыққа біз әдебиетті, өнерді, ән-күйді, ұлттық ойындар мен ұлттық мейрамдарды жатқызамыз. Соның ішінде біздің әңгіме еткелі отырған тақырыбымыз – әдебиет.

Әдебиет, бұл жер бетінде саналы адамдар пайда болып, олар бір-бірімен сөйлесу арқылы қатынас жасап, өздерінің өмірдегі қуанышы мен ренішін, рахаты мен азабын ой елегінен өткізіп, оны сөз арқылы бейнелеу қабілетіне ие болғаннан бері, халықпен бірге жасасып келеді. Сол себепті әдебиет мазмұнынан халықтың талай ғасырлардан бері бастан кешкен өмір жолын, тарихи тағдырын, арман-мұратын көреміз.

Жер бетіндегі барлық халықтың өзіне тән күнделікті өмір салты арқылы қалыптасқан әдебиеті бар. Біз оны ұлттық әдебиет дейміз. Себебі ол әдебиетте сол ұлттың ерте заманнан бүгінгі күнге дейінгі тарихи санасы, ұлттық болмысы, салт-дәстүрі түгел қамтылған.

Әрбір ұлт өзінің рухани мәдениетін ұлттық әдебиеті арқылы сақтап, оны әрі қарай дамытып отырады. Әдебиет өзінің түрлі жанрлары арқылы қоғам өмірінің барлық саласын көркем сөз арқылы суреттеп, ондағы жағымды немесе жағымсыз кейіпкерлер арқылы оның жетістігі мен кемшілігін дер кезінде анықтай алады. Сол себепті бізге көркем әдебиетті қоғамның рухани айнасы деуге толық негіз бар.

Ал енді рухани құндылық мәселесіне келетін болсақ, өмірдің даму заңы бойынша әрбір адам қоғамда өсіп-жетіліп, тәлім-тәрбие алып, өзінің ақыл-парасаты, рухани-жігері, талап-қабілеті жеткенінше қоғамға қызмет етіп, кейінгілерге азды-көпті рухани мұрасын қалдырады.

Кейбір талантты ақын-жазушыларды, өнер адамдарын, үлкен ғалымдарды халқына көп қызмет етті, артына мол рухани мұра қалдырды деп дәріптеп, әркез еске алып, марапаттап отырамыз. Олай болса, рух дегеніміз не және оны қалай түсінуге болады деген сұрақ туындайды. Көбіне біз рух пен жанды бір ұғымда түсініп, екеуін жиі шатастырамыз. Егер де бұған терең ой жүгіртіп көрсек, жанның жер бетіндегі әрбір тіршілік иесінде бар екенін білеміз, бірақ оларда рух бар деп айта алмаймыз, себебі онда адамдарға тән сана жоқ. Олай болса, рух пен сананың арасында байланыс болғаны, бірақ та барлық адамдардың рухы бірдей деп айтуға тағы болмайды.

Қазақта біреулерге мінездеме бергенде, оның істеген іс-әрекетіне қарап біреулерді, ол батыл, жігерлі, рухы күшті екен деп, болмаса басқа біреулерді қорқақ, жігерсіз, рухы нашар екен деген баға береді. Соған қарағанда рух дегеніміз адамның мінез-құлқы, көңіл-күйі, айтқан сөзі, бір сөзбен айтқанда, оның адамгершілік болмысы, іс-әрекеті деп түсінуге болады. Әрине, бұдан талантты, рухы күшті адамдардың бәрі жақсы, қайырымды, иманжүзді адамдар екен деген түсінік болмауы керек. Неге десеңіз, рухы күшті, талантты, батыл адамдардың да ішінен жауыз, қанішер, опасыз адамдар шығып жатады, ондайларды тарихтан көптеп келтіруге болады.

Рух тек жеке адамдарға қатысты емес, ол ұлтқа да қатысты. Себебі жеке адамдар сияқты ұлттың да алдына қойған мақсат-мүддесі болады. Сол мақсатына жету үшін ұлттың тіршілік әрекетіне, қажыр-қайратына қарап оның ұлттық рухының қай дәрежеде өсіп-өркендегенін көреміз. Кейбір ұлт өзінің санының көптігіне, жерінің кеңдігіне, табиғи байлығының молдығына қарамай, рухани-мәдениеті төмен, әлеуметтік-экономикасы нашар, қоғамдық-саяси жүйесі жетілмеген, былайша айтқанда, тұрмыстың барлық жағынан артта қалған ел болып саналады. Ал, кейбір елдердің сандық көрсеткіші мұнан әлдеқайда төмен болса да, олардың сапалық көрсеткіші әлдеқайда жоғары болып келеді. Мұнан біз әр халықтың даму деңгейінің әртүрлі екенін және оның көбі сол халықтың ұлттық рухының сапасына, білім деңгейіне, еңбек ету қабілетіне байланысты екенін көреміз. Егер де қоғам ішінде өмір сүретін адамдардың рухы күшті, ақыл-ойы жетілген, еңбекке қабілеті жоғары болып, ол ұлтын сүйіп, сол үшін аянбай еңбек етсе ғана, ол ұлттың алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарына қосылып, өзінің ұлттық мүддесін қорғап, толыққанды мемлекет болып дамитыны сөзсіз.

Қазақ ауыз әдебиетінің жанрларының бірі – салт жырлары. Қазақ халқы көшпенді өмір салтымен өмір сүргендіктен және негізгі күнкөріс көзі мал шаруашылығы болғандықтан, олардың тұрмыс-тіршілігі де соған бейімделген болатын. Көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын халықтың басқалардан бір ерекшелігі сол, олар қысы-жазы, күні-түні табиғатпен тығыз байланысты болады. Сол себепті олар табиғаттың сұлулығын бойына сіңіріп, оның құпия сырларын көңіліне тоқып өскендіктен, олардың жан сезімі де өте нәзік болып келеді. Бұл қасиетті олардың сөйлеген сөзінен, мінез-құлқынан, іс-әрекеттерінен анық көруге болады. Мысалы, қазақтың мінезінің жайдары, пейілінің кең, жүрегінің ақ болуы, адамдарға сондай бауырмал, қонақжай болуы – соның дәлелі.

Қазақ халқы өзінің тұрмыс-салт жырларында күнделікті тіршілігінің тірегі болып саналатын төрт түлік малды өлең-жырларына қосып дәріптеген. Оның ең таңдаулы үлгілеріне: “Жылқышы атаға“, “Шопан атаға“, “Зеңгі бабаға“, “Ойсыл қараға“ сияқты жыр үлгілері жатады. Өлең-жырлардың тақырыптары алуан түрлі болып келеді, соның ішінде Ұлыстың ұлы күні Жаңа жыл “Наурыз“ мейрамына арналған жырлар, бақсы-балгерлердің қобыз тартып, сарнап айтатын өлеңдері, дүниеге сәби келгеннен кейінгі бесік жыры, жастардың отау құрып, үйленуіне байланысты жасалынатын әдет-ғұрыптарда айтылатын – тойбастар, жар-жар, беташар, т.б.с.с.

Қазақ ауыз әдебиетінде тұрмыс-салт жырларынан басқа ертегілер, батырлар жыры, ғашықтық жырлары, айтыстар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар сияқты басқа да жанрлардың түрлері көп. Мұның бәрінің мазмұнында негізінен қазақтың ертедегі өмір салтында кездесетін түрлі уақиғалар суреттеледі.

Қазақ халқының ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан тұрмыс-салт, қиял-ғажайып, жануарлар туралы ертегілері өте көп.

Тұрмыс-салт ертегілерінде сол кездегі қазақтардың көшпенді мал шаруашылығына байланысты олардың тұрмыс-тіршілігі айқын суреттелген.

Жануарлар жайындағы ертегілерде қазақ ауыз әдебиетінде аңызға айналған арғымақ аттар, желмая түйелер, бозінген сияқты төрт түлік мал тақырыбына арналған аңыз-әңгімелер бар.

Қиял-ғажайып ертегілері – қазақ ауыз әдебиетіндегі ең көне жанрлардың бірі болғандықтан, онан алғашқы қауымдық қоғам кезіндегі адамдардың өмірінен көп мәлімет алуға болады.

Ауыз әдебиетіндегі халық арасында кеңінен тараған жанрлардың бірі – ол батырлар жыры. Батырлар жырын жыршы-жыраулар қобызға, домбыраға қосып, белгілі бір әуенмен айтып, ауыздан-ауызға тарату арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырған. Қазақтың батырлар жырындағы басты кейіпкерлер – халқын, отанын басқыншы жаудан қорғаған өзінің елін, жерін жанындай сүйген ұлтының қаһарман ұлдары болып келеді.

Халық ауыз әдебиетіндегі өзінің ерекшелігімен көзге түсетін жанрлардың қатарына айтыс өнерін жатқызуға болады. Айтыста екі айтыскер ақын өлеңмен қолма-қол суырып салу арқылы сөз жарыстырып, пікір таластырып, өзінің шешендігі мен алғырлығын көрсетуге тиіс. Айтыс мереке-мейрамдарда, үлкен тойларда, басқа да елеулі уақиғаларға байланысты халықтың мол жиналған жерлерінде өтеді.

Қазақтың ауыз әдебиетіндегі – ғашықтар жыры, мақал-мәтелдер, жұмбақтар сияқты жанрлар туралы да осына айтуға болады, себебі олардың бәрінің айтатыны халықтың тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайы, адамдардың рухани имандылығы туралы.

Осы айтылған халық ауыз әдебиетінің түрлі жанрлары қазақтың тұрмыстық өмір салтында оның ұлт болып қалыптасып, өзінің рухани мәдениетін жасап, дүниетанымын жетілдіруде өте үлкен рөл атқарады. Бірақ та қазақ халқы Ресейдің отарына айналғаннан кейін, әсіресе Кеңес үкіметі орнап жаппай отырықшылдыққа көшуіне байланысты және қалалар, өндіріс орындары салынып, халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі тарихи өзгеріске ұшырауы себепті қазақтың өмір салтына үлкен өзгерістер ене бастады. Әсіресе Кеңестік дәуірде коммунистік идеологияның саяси тотолитарлық жүйенің салдарынан қазақ халқының бұрынғы салт-дәстүрін феодалдық-патрихалдық артта қалған қоғамның мәдениеті деп оны жамандап, жаңа советтік өмір салтымен өмір сүруге үгіттеп, қазақ халқын өзінің ұлттық төл мәдениетін ұмыттыруға тырысты. Осындай солақай саясаттың салдарынан қазақ халқының бір бөлігі шын мәнісінде өзінің ұлттық тілінен, дінінен, салт-дәстүрінен қол үзіп, мәңгүрттенуге мәжбүр болды.

Енді еліміз тәуелсіздігін алып, өз алдына дербес ел болғаннан кейін, бұрынғы жоғалтқан рухани байлығымызды қалпына келтіріп, әрі қарай дамытуға талпынып жатырмыз. Бірақ та бірнеше ұрпақтың санасына сіңіп қалған интернационалдық идеология және құлдық психология бұл салада еркін және батыл әрекетке баруымызға мүмкіндік бермей отыр.

Дегенмен жетістігіміз де жоқ емес, тілімізді мемлекеттік тіл деп жариялап, дінімізді жаңғыртып, көптеп мешіттер сала бастадық, кейбір жер, су, қала аттарын қазақшаландырып, бұрынғы айтыс өнерімізді қалпына келтіріп, ұлттық ойынымыздың кейбір түрлерін күнделікті тұрмысымызға ендіріп келеміз.

Алдағы міндет – тәуелсіздігіміздің арқасында ұлттық рухымызды дамыту үшін мәдениеттің басты саласы әдебиетті одан әрі өркендетіп, халқымыздың рухани-имандылық қасиетін жетілдіріп, елімізде шын мәніндегі ұлттық мемлекет орнатып, халқымызды салауатты өмір салтымен өмір сүруге тәрбиелеу.

 

 

4.2 Ұлттық өнер – ұлылығымыздың белгісі

 

Адамның өмірін – материалдық, биологиялық, рухани деп үш салаға бөлуге болады. Егер де материалдыққа адамның әлеуметтік қажеттілігін қанағаттандыру үшін үй салып, киім киіп, тамақ ішетінін жатқызсақ, биологиялық деп денесінің тынығуы үшін ұйықтайтынын айтамыз. Ал руханилыққа адамның еңбек етіп, ұйықтауынан басқа бос уақытта істейтін іс-әрекетін жатқызуға болады.

Әрине, әр адам бос уақытын өзінің қалауы бойынша әртүрлі өткізуі мүмкін, бірақ та көп адамның мақсаты бос уақытын өзінің рухани қажеттілігін қанағаттандыруға жұмсайтыны анық. Рухани қажеттілік адамның санасына, мәдениетіне, біліміне байланысты. Егер де адамның санасы төмен, мәдениеті дамымаған, білімі аз болса, ол адамның рухани қажеттілігі де мардымсыз болады. Олай болса, біз әуелі рухани қажеттілік деген не және оны қалай дамытуға болады деген сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Алла Тағала жер бетіне биологиялық тіршілік иесі етіп адамды жаратқанда, оған өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз ету үшін дене құрылымына – жүрсін деп екі аяқты, істесін деп екі қолды, көрсін деп екі көзді, естісін деп екі құлақты және осының бәрін басқару үшін ақыл берген.

Бірақ та адам жәй тіршілік иесі емес, онда сонымен қатар – сана, иман, рух, көңіл, нәпсі сияқты тек адамға ғана тән қасиеттер бар. Адамның бұл дүниедегі басты парызы осы қасиеттерді жетілдіріп, әрі қарай дамыту болса, оны дамытудың басты құралы деп өнерді айтуға болады. Олай болса, өнер адам өмірінің мәні, сәні, мақсаты болуға тиіс.

Рухани құндылықтың түпкі мәні ұлттық өнер, ол адамдардың рухани қажеттілігін қанағаттандырады, сол себепті адамдар өнердің түрлі туындыларын өмірге әкеліп, өздері содан ләззат алып отырады. Өнер арқылы адамдардың дүниетанымы кеңейіп, эстетикалық талғамы өсіп, мінез-құлқы қалыптасады.

Өнер тек жеке адамдар үшін емес, қоғамның дамуында да өте маңызды рөл атқарады. Егер де қоғамның рухани мәдениеті жоғары дамыған болса, онда өмір сүретін адамдардың да мәдениетінің жоғары болары сөзсіз, себебі адамдар қоғамда тәрбиеленеді.

Өнердің түрлері көп және олар бір-бірімен тығыз байланысты. Өнер негізінен өмірді бейнелейді, бірақ та әрбір өнердің түрі өмір шындығын толықтай бейнелей алмайды. Мысалы, музыка адамның ішкі жандүниесінің құпия сырларын әуен, ырғақ арқылы бейнелей алады, бірақ та адам болмысын толық суреттеуге оның шамасы келмейді. Әдебиет сөз арқылы адамның өмір тіршілігін суреттесе, сәулет өнері адамдардың сол өзі өмір сүрген заманындағы тұрмыс-тіршілігінен хабар береді. Сол сияқты өнердің басқа да түрлері өздерінің образдарын жасап, сол арқылы өмірдің шынайы көрінісін беруге тырысады.

Адам баласы жер бетінде пайда болғаннан бері даму үстінде және олардың санасымен қатар рухы да дамып келеді.

Адамдар материалдық байлықты жасау мақсатында еңбек құралдарын жетілдіру үшін техника мен технологияны меңгеруге тиіс болса, рухани байлықты жасау үшін олар философияны, дінді, өнерді дамытулары керек. Егер де техниканы дамыту арқылы адам өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз етсе, өнерді дамыту арқылы рухани қажеттілігін өтейді. Адамның рухы бай болған сайын оның адамгершілік қасиеті де жетіліп, инабатты адам болатыны белгілі. Олай болса, адамның санасы мен рухы қатар дамып жетілуі тиіс екен.

Адам білім-ғылымның арқасында ауыр өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығын жетілдіріп, өздерінің күнделікті тұрмысын қажетті заттармен қамтамасыз етеді және бұған тек ақыл-парасат арқылы қол жеткізуге болады. Егер де біз мұны сананың дамуы деп түсінсек, адамға сонымен қатар рухани даму да қажет. Себебі рухани мәдениетсіз адам толыққанды адам болып өмір сүре алмайды. Олай болса біз рухымызды дамытып, жетілдіру үшін оның жолдары мен әдіс-тәсілдерін толық зерттеп, жақсы білуіміз керек. Адамның адамгершілік қасиеті оның рухының сапасына байланысты болса, адамның рухын өсіріп-жетілдіретін, ол – өнер. Адам өз халқының ұлттық өнерін жасынан бойына сіңіріп, соны жан-тәнімен сүйіп өссе, ол өз отанының патриоты болып оның тілін, дінін, салт-дәстүрін жақсы меңгеріп, әрқашан да соған қызмет етуге дайын тұрады. Өз кезегінде ұлттық өнердің дамуы сол қоғамның өмір салтына байланысты. Егер де ол қоғамның экономикасы күшті дамыған, тұрғындардың әлеуметтік тұрмысы жоғары болып, адамдары салт-дәстүрін берік ұстайтын болса, ондай ортада ұлттық өнердің де берік сақталатыны анық. Адамның ұлттық санасы, дүниетанымы, өмірге көзқарасы күнделікті өмір салты арқылы қалыптасады. Оның өмір сүретін ортасында имандылық сақталып, заң орындалып, адамдар өздерінің ақыл-парасатымен бостандықта өмір сүретін болса, ондағы адамдар да қайырымды, ізетті болмақ. Ал өмір салты болса, ол қоғамдағы өмірге байланысты. Егер де адамдар өмірдің мәні мен мағынасын дұрыс түсініп, өздерінің өмір сүретін қоғамында салауатты өмір салтын қалыптастыра білсе, онда өмір сүретін адамдар қызықты да мағыналы өмір сүру үшін ұлттық өнерді дамытып, оны әрі қарай жетілдіруге ұмтылады. Осындай әділ қоғам орнатып, онда өмір сүру үшін біз әуелі өмірдің не екенін біліп, оның даму заңын зерттеп, оқу орындарында “Өміртану“ немесе “Салауатты өмір салты“ пәнін оқытсақ, жастардың дүниетанымы дұрыс қалыптасып, олардың өмірдің мәні мен маңызын ерте түсінуіне көмектескен болар едік. Егер де адамдардың өмірге көзқарасы жас кезінен дұрыс қалыптасқан болса және онда өмір сүретін адамдарды құрметтеп, бәрін де өз бауырындай сүйе білсе, ондай адамдар еш уақытта басқаларға жамандық ойламайды. Ал өмірді сүю – өнерді сүю деген сөз, себебі адамның ішкі жандүниесінің нәзік сезімдерін оятып, оның жүрегіне нұр сәулесін түсіруге тек өнердің шамасы келеді.

Өнерді жасап, оны әрі қарай дамытатын халық арасынан шыққан талантты жеке тұлғалар. Халық осы жеке тұлғалардың туындыларын күнделікті өмір салтында пайдаланып, есінде сақтап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Өнердің түрлері өте көп және олар адам өмірінің барлық саласын қамтып, оның мағыналы өмір сүруінде үлкен рөл атқарады. Егер де өнердің туындыларын жеке адамдар жасайды десек те, оның бәрі ұлттық сипатта және ұлттық шеңберде жасалынады. Сол себепті бір ұлт пен екінші ұлттың мәдениетінің айырмашылығын тек өнер арқылы танып білуге болады. Ұлттық өнердің түрлері тарихи даму барысында сол ұлттың өмір сүретін табиғи ортасына, оның өмір салтына және әдет-ғұрпына тығыз байланысты. Олай болса, өнерді ұлттың жаны деуге болады, егер де ұлт қазіргі жаһандану заманында мәңгі жасағысы келсе, бірінші кезекте өзінің тілі, діні, салт-дәстүрімен қатар ұлттық өнерін де сақтап, оны күнделікті өмір салтында толықтай пайдаланып, әрі қарай дамытуға міндетті.

Қазіргі қазақ қоғамының тәуелсіздік алғаннан бергі баса көңіл бөліп, іске асыра алмай келе жатқан проблемасының бірі осы өнер мәселесі болып тұр. Ұлттың рухын шыңдап, оның мәдениетін байытатын осы өнер, сондықтан да ұлттық өнерімізді сақтап, онан әрі дамыту ұлт үшін стратегиялық маңызы бар мәселе.

Өнерге біз сәулет өнерін, бейнелеу өнерін, сән өнерін, ән-күй өнерін, қол өнерін, т.б.с.с. жатқызамыз. Осы айтылған өнерлердің кейбірі бұрын қазақ халқының күнделікті өмір салтында кеңінен қолданыста болып, олардың ұлттық рухының қалыптасып дамуына үлкен әсер еткен. Әсіресе көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын қазақ халқында өзінің тұрмыс-тіршілігіне лайықты ауыз әдебиеті, ән-күй және қол өнері өте жоғары дәрежеде дамыған болатын. Соның ішінде ауыз әдебиетін алатын болсақ – батырлар жыры, толғау, айтыс сияқты өнерлердің түрлері халық арасында кең тараған. Мұндай жыр-толғауларды халық ішінен шыққан ақын, жыраулар ауызша жаттап алып, халыққа таратып отырған. Сол сияқты ән-күй өнері де қазақ халқының күнделікті тұрмысында өте кең тараған. Ауыл адамдары шаруадан қолы босаған уақытында әртүрлі ойын-тойларда ән шырқап, күй тартып, би билеп, көңіл көтерген. Болмаса халық ішінен шыққан суырыпсалма талантты ақындарын айтыстырып тамашалайтын болған.

Қазақ халқының қол өнері деп күнделікті тұрмыста жиі қолданатын -өру, тігу, тоқу, мүсіндеу, бейнелеу сияқты творчестволық өнер жиынтығын айтамыз. Қазақ халқы өзінің күнделікті өмір салтында тіршілікке қажетті үй мүліктерін, киім-кешектерін, азық-түлігін өндіруді тұрмыстық кәсіп ретінде дамытса, сән-салатанат үшін әсем бұйымдар жасап, қол өнерін өте жоғары сатыға көтере білді. Бұдан біз халық өнерінің сол халықтың өмірімен, тарихымен, кәсібімен тығыз байланысты болғанын көреміз.

Егер де қазіргі қазақ халқының күнделікті өмір салтында ұлттық өнердің атқаратын рөліне социологиялық зерттеу жүргізіп көрсек, оның тым мардымсыз екеніне көзіміз жетеді. Бүгінгі заманда көбіне өнерді халық арасына таратып қоғамдық сананы қалыптастыратын ақпарат құралдары, соның ішінде теледидар екенін айрықша атап өтуге болады. Олай болса, біз осы ақпарат құралдарынан күнде нені көріп, естіп, оқып жүрміз. Егер де Қазақстандағы қоғамдық ақпарат құралдарының сексен пайызы орыс тілінде берілетін болса және оның негізгі насихаттайтыны батыс пен орыстың өмір салты, мәдениеті, идеологиясы болса, біздің қазақтың қалайша ұлттық өнері дамып, ұлттық санасы қалыптасып, ұлттық рухы өспек?

Қазіргі кезде қазақ халқының алдында қайткенде тарихта ұлт болып сақталып қалуға болады деген сауал тұр. Меніңше, оның бірден-бір дұрұс жолы ұлттық өнерді күнделікті тұрмыста қолданысқа кіргізіп, іске асырып, әрі қарай дамыту.

Ұлттық өнердің дамып әрі қарай жетілуі, ол тікелей күнделікті өмір салтының сапасына байланысты. Біз негізінен Шығыс әлеміне жататын мұсылман елі бола тұра, көбіне Еуразия құрлығының ортасында орналасқанбыз, сондықтан да Шығыс пен Батыс өркениетін тең ұстап, екі жақтың да мәдениетінен сусындауымыз керек деген қағиданы көп айтамыз. Бірақ та шын мәнісінде біз күннен-күнге батыс мәдениетіне, өнеріне, идеологиясына бет бұрып барамыз. Бұл қазақ халқының болашақта өзінің рухани мәдениетін, тілін, дінін әрі қарай дамытуға кеселін тигізетін үлкен қауіп. Сондықтан да біз өз өркениетіміздің тамыры болып саналатын мұсылман өркениетіне бет бұруымыз керек.

 

4.3 Музыка – адам жанының үні

 

Адамдардың міндеті күнделікті өмір салтындағы басты саланың бірі рухани мәдениетті жетілдіру болса, соның бірі әрі бірегейі музыка деп атауға болады. Себебі өнердің қай саласында болмасын музыканың қолданылмауы кемде-кем. Адамдар мейрам-мерекелерде, той-думандарда, ойын-сауықтарда би билеп, ән шырқап, көңіл көтереді. Осы іс-шаралардың бірде-бірі музыкасыз өтпейтіні белгілі. Олай болса, музыка өнерінің адамның күнделікті тұрмыс-тіршілігінде алатын орны өте зор екенін білеміз.

Музыка өнерінің бір ерекшелігі сол, онымен дыбыс ырғағы арқылы адам өзінің ішкі жандүниесін, көңіл-күйін, сана-сезімін білдіре алады. Әуен арқылы адамдар аңсаған арманын, қуанышы мен қайғысын, өмір сүрген қоғамын әнге қосып, толғаған. Олар өздерін қоршаған табиғатты, оның өзен-көлдерін, орман-тоғайларын, асқар таулары мен байтақ даласын жырға қосып, оның әсем көркінен рухани ләззат алып отырған. Бұрынғы қазақтардың домбырасының қоңыр үні мен олардың қара өлеңі осыған дәлел.

Қай халықтың болмасын оның тарихи жағдайына, күнделікті өмір салтына, әдет-ғұрпына байланысты дамып жетілген музыка өнері болады. Сол сияқты қазақ халқының да өзіне тән ұлттық дәстүрлі музыка өнері бар. Музыка өнерінің негізін қалаушылар халық арасынан шыққан дарынды өнер иелері – композиторлар.

Әр күйді шығарушы әуен иелері болады, бірақ та біз қазір күйлерді халық күйі және халық композиторларының күйі деп екі топқа бөліп жүрміз. Оның себебі кейбір күйлер ғасырлар өтіп, оның авторларының аты ұмыт болып, дарынды күйшілердің орындауы арқылы халық арасында күйдің әуені сақталғандықтан ол бара-бара халық күйі болып аталып кеткен.

Ел ішінде кең тараған халық күйлері мен әуендерін дыбыс арқылы жеткізу тәсілі саз аспаптардың арқасында мүмкін болды. Халық тұрмысында музыкалық аспаптардың түрі өте көп болған. Бірақ та оның көбі күнделікті өмірде пайдалануға сай келмегендіктен өте сирек қолданылады. Ал кейбірінің дыбыс шығару мүмкіндігі жоғары және пайдалануға ыңғайлы болғандықтан күнделікті тұрмыста кеңінен тарап, халықтың мәдени мұрасына өте үлкен үлес қосты. Музыкалық аспаптардың халық арасында кең тараған түрлері домбыра, қобыз, сыбызғы. Осы аспаптар арқылы халық күйлері мен саз, әуендерін орындап, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде бұл құралдардың рөлі өте зор болды.

Ел өмірінің тарихи кезеңдері оның музыка өнерінде жан-жақты бейнеленді. Халық өзінің әндері мен күйлерінің әуен сазы арқылы күнделікті өмір тіршілігінің көрінісін суреттеп, оны бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп отырады. Қазақ халқының көшпенді өмір салты өзінің ұлттық сипаттағы музыка өнерінің дамуына қолайлы жағдай туғызды. Мысалы, дүниеге жас нәресте келсе, қырқынан шығару, ат қою, бесікке салу сияқты бірнеше сауық кеші өткізіліп, онда ән айтылып, күй тартылған. Болмаса жастар үйленсе, той-думанда айтылатын жар-жар, беташар, сыңсу сияқты әдет-ғұрыптар да әнмен басталған. Немесе қайтыс болған адамды естірту, көңіл айту, жоқтау сияқты салт-дәстүрдің бәрі ән арқылы орындалған.

Қазақ халқы бұрын қалаларда тұрмағандықтан олардың қазіргідей опера, драма, кино театрлары болған жоқ, сол себепті олардың көңіл көтеріп, өнерді тамашалау жағдайы басқаша болды. Олар жаз жайлауға көшіп, мал төлдеп, ақ молайғанда, Қымызмұрындық мерекесін өткізіп, сонда жастар алтыбақан теуіп, ән шырқап, күй тартқан. Үлкендер болса, бір жерге алқа-қотан жиналып, ақындарды айтыстырып, күйші-жыршыларға ән айтқызып, күй тарттырған.

Қазақтың ырымы бойынша ел ішінде беделді, халыққа қадірлі, атақты адам қайтыс болса оған ас беру салты болған. Осындай ас беру кезінде Қазақстанның әр түкпірінен ақын-жыраулар, әнші-серілер, балуандар шақырылып, ойын-сауық өткізілген. Сол жиын-тойларда ақындарды айтыстырып, әнші-күйшілерге ән шырқатып, балуандарды күрестіріп, ат бәйгесі, көкпар тарту сияқты неше түрлі өнерлер көрсетіліп, үлкен мерекеге айналдырылған.

Қазақ халқы музыка өнерін күнделікті тұрмыс-тіршілігінде де өте кең қолданған. Ол кезде әрбір қазақтың үйінде домбыра аспабы көрнекті жерде ілулі тұрған және ауыл ішіндегі ойын-сауық кештерде ән айтылып, күй тартылып, қазақтың түрлі ұлттық ойындары орындалған. Ертеректе қазақта ауылдың алты ауызы деген болған. Оның мәні, үйге келген жолаушы қонаққа сый-құрмет көрсетілгеннен кейін көрші-көлемдер жиылып, онан өзінің өнерін көрсетуін өтінген және өздерінің де өнерлерін көрсеткен. Осындай тұрмыстағы өнерге жақын өмір салтының арқасында халық ішінен ақын, жырау, әнші, күйші, жыршы шығуына қолайлы жағдай жасалған.

Бұрын халық арасынан шыққан өнер адамдарын композитор, әнші, күйші деп бөлмеген. Себебі олардың көбі сол өздері шығарған әндердің сөзін өзі жазып, бірінші орындаушы да өзі болған. Немесе күй шығарған композитор сол күйді домбырамен алғашқы орындаушы болды. Егер де орындалған ән немесе күй көпшілікке ұнап, ел оны жылы қабылдаса, басқа орындаушылар оны халық арасына кеңінен таратып отырған. Осындай әншілік, күйшілік, орындаушылық өнердің жолына түскен өнерпаздарға көрермендер өздерінің лайықты бағасын беріп, оларға халық үлкен сый-құрмет көрсетіп, кейбір асқан таланттыларды “сал“, “сері“ деп атаған.

Халық ішінен шыққан үлкен ақын-жыршылар, әнші-композиторлар халық өміріндегі ерекше маңызды уақиғаларға өздерінің үнін қосып, егер де кемшіліктерді көрсе, оны батыл сынға алып, көпшіліктің ой-пікірін билеуші топқа жеткізіп отырған.

Ұлттың рухын қалыптастырып, әрі қарай дамуына ықпал ететін – тарих, әдебиет, философия сияқты гуманитарлық ғылымдар болса, ол адамға сана арқылы әсер етеді. Яғни адам оқып білім алып, логикалық ойлау қабілеті арқылы өзінің рухани көзқарасын қалыптастырады. Ал, музыка болса, ол адамға сезім арқылы оның өте нәзік ішкі жандүниесіне әсер етіп, махаббат сезімі сияқты оның жүрегіне тура жол табады. Сол себепті әр халықтың рухына, психологиясына, менталитетіне тән өзінің ұлттық музыка әлемі болады. Осы музыканы сол ұлттың өкілі жастайынан бойына сіңіріп өскен болса, ол музыка оның рухани құндылығына айналады.

Бұрынғы елін-жерін қорғаған қазақ батырлары, әділеттілік үшін күрескен билері, халқының рухын көтерген әнші-күйшілері өздерінің ұлттық қоғамында өмір сүріп дәстүрлі мәдениетімен тәрбиеленгендіктен олардың патриоттық сезімі жоғары, рухы күшті болды.

Қазақ халқы соңғы ғасырларда бодандықтың кесірінен өзінің ұлттық рухани құндылықтарын әлсіретіп алғаны белгілі, соның ішінде музыка өнері де бар. Жиырмасыншы ғасырдың басында қазақ көшпенді өмір салтынан отырықшылдыққа ауысуының да ұлттық өнерге әсер еткені анық. Оның үстіне Кеңес үкіметі социалистік өмір салтын орнатамыз деп, қазақтарды тарихи ұлттық санасынан ажыратуға тырысты. Осындай объективті себептерге байланысты ұлттық рухымыз әлсіреп, өзіміздің төл мәдениетімізді еліміздің болашақ иесі жастарымыздың санасына сіңіре алмай, ұлттық менталитетімізге айтарлықтай зиян келтірдік.

Қазіргі жастарымыздың көбі ұлттық өнерден гөрі орыстың немесе батыстың өнеріне өте құмар. Себебі көзін ашқаннан көретіні батыстың киносы, тыңдайтыны батыстың музыкасы, киетіні батыстық модадағы киімдер. Былайша айтқанда олар батыстың мәдениетімен тәрбиеленіп, батыстың өмір салтымен өмір сүріп жатыр. Бұл жөнінде уақытында К. Маркс “сананы тұрмыс билейді“ деген болатын. Бұл қағида адамның санасы, өмірге көзқарасы, дүниетанымы жаңа қалыптасу сатысында тұрғанда шындыққа жақын болуы мүмкін. Сол себепті де жастарымыздың санасы қазіргі өмір салтымызға байланысты батыстың мәдениетіне еліктеп, сол бағытта қалыптасуда. Бірақ та бұл біздің ұлттық рухани мәдениетіміздің дамуына өте қауіпті тенденция. Біз мұндай ұлттық мүддемізге жат әрекеттен құтылу үшін өзіміздің ұлттық рухани мәдениетімізге негізделінген қазақтың “Тұрмыс түзер ойыңды, ойың түзер бойыңды“ деген қағидасын басшылыққа алып өзіміздің өмір салтымызды қалыптастырып, соның принциптерімен өмір сүруіміз керек. Сонда ғана біз өзіміздің тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді сақтап, оны әрі қарай дамыта аламыз.

Адамның ақыл-парасаты толысып, өзінің оң-солын танып, тұлға болып қалыптасқаннан кейін мұндай батыстың теріс идеясымен әрі қарай өмір сүре беруге болмайды. Себебі әрбір адам белгілі бір ұлттың өкілі болып өмірге келеді. Және ол ұлттың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі бар. Егер де ол адам сол ұлттың өкілі болғысы келсе, ұлтының қасиеттерін әрі қарай дамытып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін өз ұлтының патриоты болуға тиіс. Сол себепті әрбір адам өзінің қабілетіне қарай ұлтына қызмет етіп, “сана адамды түзейді“ деген жаңа принциппен сапалы өмір сүрулері керек.

Біз бүгін бір нәрсенің басын анық ашып алуға тиіспіз, кейбіреулер ұлттың рухани мәдениеті туралы сөз қозғалса болды, мұны ұлтшылдық деп түсінеді. Бұл өте қате ұғым, себебі қазақ халқы бірнеше ғасырлар бойы отаршылдықта болып, өзінің ұлттық рухани мәдениетін дамыта алмай қалды. Енді тәуелсіз ел болғаннан кейін, біріншіден, сол кенже қалған мәдениетін орнына келтіріп, әрі қарай дамытамын деуі сол ұлттың заңды құқығынан туындаған әділ талап. Екіншіден, қазақ халқы басқа ұлттарға мәдени экспансия жасай алатындай өте көп санды халық емес. Олардың алға қойған бар мақсаты, өзінің тарихи отанында тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап, әрі қарай дамыту. Үшіншіден, қазіргі техника мен технологияның арқасында ақпарат құралдарының мүмкіншілігі артып, түрлі мәдени экспансия белең алды. Сол себепті жаһандану дәуірінде қазақ халқы сияқты тәуелсіздігін жаңадан алған, рухани мәдениеті бекімеген ұлттар, басқа мәдениетке жұтылып кетпеуі үшін, өзінің төл мәдениетін, соның ішінде ұлттық музыкасын дамыту ауадай қажет. Ұлттың рухы – өнерінде, мәдениетінде, салтында, сондықтан да қоғамымызда “Салауатты өмір салтын“ орнату біздің стратегиялық мақсатымыз.

 

4.4 Ұлттық мейрамдар – елдігіміздің нышаны

 

Адам баласының тіршіліктегі негізгі мақсаты тек еңбек етіп, өмірге қажетті материалдық байлықты жасап, отбасын құрып, ұрпақ өсірумен шектелмейді. Олар қоғам құрып, өзінің мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін дамытып, ұлт болып қалыптасады.Егер де жеке адамның өмірі табиғаттың заңы бойынша шектеулі болса, ұлттың өмірі қаншалықты ұзақ болуы, сол ұлтты құрайтын адамдардың өмір сүре білу қабілетіне байланысты. Ал, ұлт болу үшін оның – тілі, діні, салт-дәстүрі, мәдениеті, өнері болуға тиіс. Сол ұлттың осындай басты белгілері сақталып, әрі қарай дамитын болса, оның ұлттық санасы қалыптасып, ол өзінің ұлттық мемлекетін құруға негіз болады. Осындай ұзақ мерзімді даму процесінде әрбір ұлттың басынан өткерген елеулі тарихи уақиғалар, оның өмір салтына байланысты қалыптасқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ол сол ұлттың әр кез есіне алып, атап өтіп отыратын ұлттық мейрамына айналады.

Қазақ халқының да тарихи даму барысында қалыптасқан өзіне тән ұлттық мейрамдары болды. Ол мейрамдар қазақ халқының көшпенді өмір салтына байланысты табиғаттың маусымдық төрт мезгіліне тура келеді. Себебі қазақтар негізінен көшпенді мал шаруашылығымен айналысқандықтан, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігі табиғатқа өте жақын болды. Сол себепті қазақтар ауа-райының қолайлығына байланысты өздерінің ұлттық мейрамдарын атап өтіп, онда түрлі ұлттық өнерлерін көрсетіп, ұлттық ойындарын өткізіп отырды. Атап айтқанда ол мейрамдар – Наурыз, Қымызмұрындық, Мизам, Соғымбасы деп аталды.

Әрине бұл мейрамдарды барлық жерде өз дәрежесінде, кеңінен өткізіп отырды деуге болмайды. Жиырмасыншы ғасырдың басында Кеңес үкіметі аз халықтардың ұлттық санасын жойып, оларды орыс мәдениетіне өткізу үшін әртүрлі сылтаулармен олардың ұлттық мейрамдарын атап өтуге, ұлттық ойындарын ойнауға тыйым салды. Соның салдарынан Кеңес заманында қазақтар өздерінің ұлттық мейрамдарын ұмытқан болатын.

Оның орнына коммунистік идеологияны халықтың санасына сіңіру үшін Ұлы Окябрь, Бірінші май, Жеңіс күні, Конституция күні, Халықаралық әйелдер күні сияқты мейрамдарды кеңінен тойлап отырды. Оған қоса түрлі мамандыққа байланысты еңбек мейрамдарын атап өтуі дәстүрге айналды. Мысалы, шахтерлер күні, металлургтар күні, шабандар күні, диханшылар күні, медицина күні т.б.с.с.

Адам баласы қауымдасып өмір сүруі үшін қоғам құрғаннан бергі уақыт ішінде өзінің тәжрибесімен жиған білімі, еңбек ету дағдысы, мінез-құлық ережесі, рухани және материалдық құндылықтары бір ұрпақтан екінші ұрпаққа, ұжымнан жеке адамға жүйелі түрде беріліп отырды. Тарихи даму барысында осы әлеуметтік тәжрибені қалай қалыптастырып, сақтау жөніндегі әдіс – тәсілдер өмірге келді. Оны қазақтар салт-дәстүр деп атаған. Салт-дәстүрдің негізгі мақсаты, сол өткен ұрпақтардан қалған өмір сүру тәсілін, олардың ой – арманы мен іс-әрекеттерін жаңа ұрпақ жетілдіріп өзінің күнделікті өмір салтында іске асырып отырулары керек. Біз дәстүр деп өткеннен қалған рухани және материалдық мұраларды айтамыз. Оны күнделікті өмір салтымызда кеңінен пайдаланып отырсақ, бізге өмір сүру жеңілірек болар еді.

Біз көбіне салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралар туралы сөз қозғағанда бұл терминдердің әрқайсысының қандай мағына беретініне онша көңіл бөлмей, көбіне олардың орнын ауыстырып қолдана береміз. Бұл дұрыс емес, шын мәнісінде бұлардың әр қайсысының өз қолданыс орны болуға тиіс.

Мысалы, дәстүрдің мақсаты жаңа ұрпақ өзінің күнделікті өмір салтында бұрынғы ұрпақтың өмір сүру тәсілін әр кез кеңінен пайдаланып және уақыт талабына сай оған жаңалықтар енгізіп отырулары керек. Сонымен, салт-дәстүр деп уақыт сынынан өткен және сол қоғамда өмір сүретін адамдардың тұрмыс тіршілігінде берік орнаған рухани және материалдық құндылықтарды айтамыз. Дәстүрді өмірде іске асырудың жолдары көп, бірақ та олардың мазмұны көбіне бүкіл ұлттық көлемдегі мереке-мейрамдарда, ойын-сауықтарда, той-думандарда анық көрініс табады.

Әрбір ұлттың тарихи қалыптасқан салт-дәстүрі, оның-тілі, діні сияқты ерекше қасиеттерінің бірі. Сондықтан да әрбір ұлт өзінің салт-дәстүрін қадірлеп, оны әрі қарай дамытып отыру әр ұлттың моралдық парызы. Бұрын қазақ халқы өзінің хандық мемлекетін құрғанда олардың қазіргідей заң шығаратын парламенті немесе жазылған заң ережелері болған жоқ, бірақ та сол кездегі адамдардың діни нанымына, ар-ұятына бағытталынған салт-дәстүрдің арқасында қоғамда тәртіп орнап, адамдар өзара түсінушілікте өмір сүрді. Сол себепті қазірде де ата-бабамыздан қалған ұлттық салт-дәстүрімізді күнделікті өмір салтымызда кеңінен қолданып отырсақ, ол біздің рухани мәдениетіміздің сарқылмас көзі болары хақ.

Адам өмірінде салт-дәстүрмен қатар әдет-ғұрып деген де ұғым бар. Егер де салт-дәстүр бүкіл ұлттық деңгейде қалыптасып, аталып өтіп отырса, әдет-ғұрып әлеуметтік топтың арасында, күнделікті тұрмыста, қоғамдық қатынаста, еңбекте үйреншікті әдетке айналып, қолданыста іске асатын ғұрыптар. Әдет-ғұрыптың қоғамда атқаратын міндеті салт-дәстүр сияқты алдыңғы ұрпақтың өмір тәжірибесін пайдалану, өмір сүрудің тәсілін меңгеру, жеке адамдардың мінез-құлқын тәртіпке келтіру сияқты қоғамдық рөл атқарады.

Салт-дәстүр, әдет-ғұрып сияқты күнделікті өмірде жиі кездесетін тағы бір ұғым, ол ырым-жоралар. Мұның да адам өмірінде алатын орны өте зор, себебі ол кейбір жеке адамдардың наным-сеніміне айналған. Ырым-жоралардың көбі ерте заманда, адамдар табиғаттың құпия құбылыстарын әлі жете меңгермей тұрған кезде пайда болғаны белгілі. Сондықтан да олар өмірде кездесетін кейбір жағдайларға байланысты уақиғаларды жақсы ырымға, болмаса кейбірін жаман ырымға жорып, оны қолайсыз жағдайдың нышаны деп, онан үрейленетін болған. Халқымыздың күнделікті тұрмысындағы кейбір елеулі жағдайларда өмірде қолданыста аталып өтіп отыратын рәсім (ритуал) және салтанат (церемония) деген ұғымдар да бар. Бұл айтылғандардың бәріне ұлтымыздың өмір тарихынан да көптеген мысалдар келтіруге болады.

Біз халқымыздың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жораларын сараптап, ой елегінен өткізу арқылы, ата-бабаларымыздың өмірге көзқарасын, дүниетанымын, наным-сенімін, тыныс-тіршілігін көреміз және келер ұрпағына қандай үлгі-өнеге, ақыл-өсиет, асыл мұралар қалдырғанын білеміз. Келер ұрпақтың міндеті, сол ата-бабасынан қалған алтын қазынаны жетілдіріп, дамытып, күнделікті өмір салтында қолданысқа енгізу. Тек сондай жағдайда ғана ұлтымыздың рухани мәдениетін сақтап, оны әрі қрай жетілдіре аламыз. Егер де біз ұлт ретінде тарихи қалыптасқан төл мәдениетімізді күнделікті тұрмыста кеңінен пайдалансақ, бұл біздің ұлттық санамыздың қалыптасуына оң әсер етіп, жас ұрпақтың дүниетанымының, өмірге көзқарасының, мінез-құлқының дұрыс дамуына себебін тигізеді.

Қазақстан тәуелсіздік алып, өз алдына мемлекет болғаннан кейін өзінің мемлекеттік және ұлттық мейрамдарын белгілеп, оны атап өте бастады. Соның ішінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні, 25 қазан  -Республика күні, 30 тамыз Конституция күні, 1 мамыр Ұлтаралық достастық күні, 9 мамыр – Жеңіс күні, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 21 наурыз қазақша жыл басы, 1 қаңтар християндық жаңа жыл. Осы айтылғандардан көріп отырғанымыздай Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де, мейрам-мерекелерге кенде емес екен. Бірақ осы мейрамдар қазақтардың ұлттық санасын қалыптастырудағы рөлі қандай деген ой келеді. Бұл мейрамдардың ішінде 16 желтоқсан, 25 қазан, 30 тамыз мемлекеттік ресми мейрамдар ретінде өтілсе, ал 1, 9 мамыр, 8 наурыз, 1 қаңтар бұл Кеңес дәуірінен мұраға қалған мейрамдар, сонда ұлттық мейрам ретінде тек 21 наурыз қалады екен.

Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Наурыз мейрамын Кеңес үкіметі орнағаннан кейін діни мейрам деп, оны атап өтуге тыйым салған болатын. Бұл мейрам Қазақстанда сексенінші жылдардың соңында Кеңес үкіметі әлсіреп құлауға таяған кезде, оны атап өтуге рұқсат етілді. Бірақ та ондаған жылдар бойы тойланбағандықтан ол халықтың жадынан шығып, кейбір нышандары ұмыт болған еді. Қазіргі кезде Наурыз мейрамы ресми түрде жыл сайын атап өтілгенмен, бұрынғыдай шын мәнісіндегі халықтың ұлттық мейрамы болмай тұр. Көбіне 21 наурыз қаланың орталық алаңында концерт қоюмен шектеледі және әр ұжым бір ай бойы қай күні өткізгісі келсе, сол күні өткізіп, ол мейрамның маңызын төмендетіп жіберді. Мысалы, Наурыз мейрамында атап өткерілетін іс-шаралар мен 1-ші қаңтарда жаңа жылды қарсы алудағы іс-шараларды салыстырып көрсек, екеуінің арасы жер мен көктей. Жаңа жылға бір ай бұрын қамданып, онда түрлі ойын-сауықтар, християндық әдет-ғұрып, ырым-жоралар кеңінен атап өтіледі.

Бізде қазір батыстың мәдениетіне еліктеудің шектен шыққаны соншалықты, өзіміздің ұлттық дәстүрімізге еш қатысы жоқ “Қасиетті Валентина“ күні деген батыстың діни мерекесін мектеп оқушыларынан бастап, бүкіл жастар жылма-жыл кеңінен атап өтетін болып алды. Егер де жастарымыздың санасы осылай батыстың мәдениетіне ауа беретін болса, өзіміздің ұлттық мәдениетіміз ұмыт болып, қазақ халқы өзінің ұлттық рухынан айырылып қалу қаупі бар. Сол себепті біз қазірден бұрынғы ұлттық дәстүрлі мәдениетімізді қайта жаңғыртып, оған уақыт талабына сай жаңалықтар енгізіп, күнделікті өмір салтымызда кеңінен қолдана білуіміз керек.

Ұлттық мейрамдардың ішінде мұсылманша жылдың басы болып саналатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы. Наурыз мейрамы 21-ші Наурыз күні, яғни жазғытұрғы күн мен түннің теңелген уақытына тұспа-тұс келеді. Наурыз айы көктем айы болып есептелгенімен, ол кезде Қазақстанның әр аймағында ауа-райы әр түрлі болады. Егер де оңтүстік аймақтарда қар кетіп, жер көктеп, күн жылынып, жазғытұрғы мезгіл толық күшіне енсе, солтүстік аймақтарда қар жатады және қыстың ызғары әлі кетпеген уақыт. Сондықтан да Наурыз мейрамында Қазақстанның барлық жерінде бір уақытта түгелдей ұлттық ойындарды атап өту мүмкін емес. Мысалы, Оңтүстік аймақта Наурыз мейрамында ұлттық ойындардың барлық түрін өткізуге толық мүмкіншілік бар болса, ал солтүстік өңірлерде ол кезде ат ойындарын, Алты бақан, Ақ сүйек, Соқыр теке сияқты ойындарды өткізуге мүмкіндіктері болмайды. Сонымен қатар, әр мейрамның өз ерекшеліктері де бар, сол себепті мейрамдарда өзінің өткізілетін мерзіміне қарай әр түрлі ойындар көрсетілуі керек.

Қазақтың ұлттық мейрамдарының ішінде көктемгі Наурыз мейрамынан кейін келетін “Қымыз мұрындық“. Бұл мейрам жаздың ортасында, күннің әбден ұзарып, түннің қысқарған мезгілі – Маусым айының 21-ші күні болады. Осы кезде малшылардың қысқы қыстауынан жазғы жайлауына көшіп, қой қырқылып, түйе жүнделіп, жылқы күзеліп болатын кезі. Төлдің бәрі аяқтанып, бағлан пісіп, бие байлап қымыз ашытып, ала қыстай бытырап шаруа соңында жүрген жұрт жайлауда киіз үй тігіп, ойын-сауық өткізіп көңіл көтеріп бір жасап қалды. Қан жайлауда бас қосқан халық қыз айттырып, құда түсіп, сүндет той, бесік той жасап, қазақтың әдет-ғұрпын, ырым-жораларын осы тойда кеңінен атап өтеді.

Қымыз мұрындықтың қысқа түнінде боз балалар мен бойжеткендер таңға дейін алтыбақан теуіп, ақсүйек ойнап, қызойнаққа барып, жұмбақ жасырып, жасырынбақ ойнап, өлең айтып, ән шырқап көңіл көтереді.

Қазақтың өмір салтында бар, бірақ та онша еленіп тойлана бермейтін мейрам, ол “Мизам“ мерекесі. Бұл мейрам күзде күн мен түннің теңелген кезінде, яғни қыркүйек айының 21-ші күніне тура келеді. Бұл уақытта күннің жазғы қапырық ыстығы басылып, ауа-райы салқындай бастайды. Бұл  мал семіріп, егін орылып, шөп шабылып, шаруаның бір ыңғайға келетін кез.

Ертеде қазақтың халықты көп жинап ойын-той өкізетін уақыты осы мейзам мейрамына тұспа-тұс келетін. Ол кезде қазақта халқына еңбегі сіңген тарихи тұлғаларға арнап ас беретін дәстүрі болған. Оған алыс-жақын жерлерден алты алаштың азаматтарын шақырып, онда –  Ақындар айтысын, Аламан бәйге, Көкпар тарту, Қыз қуу, Балуандар күресі сияқты түрлі ойындар өткізген.

Мизам мейрамынан кейінгі, желтоқсан айының соңына таман келетін мейрам “Соғымбасы” деп аталады. Бұл 21-ші желтоқсан күні түн ұзарып, күн қысқарып, малшылардың қысқы қыстауына жайғасқан мезгілі. Қазақтар осы кезде күз бойы арнайы семірткен малын суық түсе соғымға сойған. Ауыл адамдары “соғым – ел асы” деген салтпен бірін-бірі қонаққа шақырып, ұзақ түнді қысқарту мақсатында ақындарды айтыстырып, күйшілерге домбыра тартқызып, жыршыларға жыр, термешілерге терме, әншілерге ән айттырып думан құрған.

Бұрынғы қазақтардың көңіл көтеріп, сауық-сайран салатын уақыты алғашқы қар жауғаннан кейінгі бүркітпен, тазымен, жүйрік атпен аңға шығатын кезі. Бұл мезгілді қазақтар “Қансонар” деп атаған және жаңа жауған қардың үстіндегі аңның ізімен соңына түскен аңын тауып, оған бүркіт салып немесе тазы жүгіртіп аң аулаған.

Егер де біз бұрынғы қазақтың ұлттық мейрамдары болып саналатын “Наурыз“, “Қымызмұрындық“, “Мизам“, “Соғымбасы“ сыяқты мейрамдарын жылдың әр маусымында уақытында ұйымдастырып, кеңінен атап өтіп отырсақ, ұлттық рухани мәдениетіміздің қалыптасып, оның әрі қарай дамитынына сенім мол.

Қазақ халқының басым көпшілігі бұрын ауылдық жерде тұрып келсе, енді тәуелсіздігімізді алып, өз алдымызға егіменді ел болғаннан кейін, қалаға көптеп келе бастады. Сондықтан да қазақтар қала өмір салтына бейімделінген өздерінің ұлттық мәдениетін жасаулары керек. Сонда ғана біз ұлттық санамызды қалыптастырып, өзіміздің төл мәдениетімізді дамыта аламыз. Ұлттық сананы қалыптастыруда, ұлттық мейрамдар мен ұлттық ойындардың алатын орны ерекше. Сол себепті жоғарыда аталған ұлттық мейрамдарымызды дамытып, онда—ұлттық өнерімізді, ұлттық ойындарымызды, ұлттық фольклорымызды кеңінен насихаттау уақыт талабы. Мұны іске асырудың бірден-бір дұрыс жолы, қазақтың ұлттық мейрамдарын қайта жандандырып, оны өмір салтымызға батыл ендіру. Егер де біз осы шараларды қолға алып, оны өмірде іске асыруға ұмтылыс жасасақ, болашақта ұлтымыздың рухани мәдениеті сақталып, оның әрі қарай дамитынына ешқандай күмән жоқ.

4.5 Ұлттық ойындар – мәдениетіміздің байлығы

 

Егер де байыппен ойлап қарасақ,  адамның өмірі үш саладан тұрады: олар материалдық байлықты жасау үшін – еңбек етеді, денесі дем алу үшін –  ұйықтайды және көңіл көтеру үшін – ойын-сауық өткізеді. Ұлттық ойындар көбіне осы ойын-сауық кезінде орындалып, іске асып отырады. Олай болса, адам өмірінде ұлттық ойындардың алатын орны өте зор екен. Ал оның ұлттық деп аталатын себебі, ол ойындар қандай да болмасын бір этникалық топтың аумағында, сол ұлттың тілі, діні, салт-дәстүрі сияқты пайда болып, қалыптасып, дамып отырады.

Ұлттық ойындардың ерте заманда пайда болғаны даусыз және ол қоғамда адамдардың бір-біріне жақындасып, олардың оңай тіл табысуына көмектеседі. Ұлттық ойындардың түрі мен мазмұны өз заманындағы қоғамдық қатынас пен өмір салтының түріне қарай әркез өзгеріп отырады. Оның пайда болуының басты себебі, ол еңбек ету процесіндегі адамдардың тәжірибесінен туындайды және онда еңбек ету процесіндегі көріністермен қатар дене шынықтыру, соғыс өнері, діни нанымдар және сыйқырлық әрекеттер де орын алады.

Әр халықтың ұлттық ойындарының түрі мен мазмұны сол халықтың тұрған жерінің бедеріне, ауа-райына, шаруашылық ерекшеліктеріне тығыз байланысты. Мысалы, таулы жерде өмір сүретін халықтар мен жазық далада өмір сүретін халықтардың не орманда өмір сүретін халықтар мен шөлейт жерлерде өмір сүретін халықтардың, көшпенді мал шаруашылығымен айналысатын халықтар мен отырықшы егін егетін халықтардың ұлттық ойындарының бір-бірінен айырмашылығы өте көп. Сонымен қатар, әр діндегі халықтардың ұлттық ойындарының да бір-біріне ұқсамайтыны анық. Яғни ұлттық ойындар әр халықтың тұрмыс-тіршілігіне, діни нанымына, өмірге көзқарасымен тығыз байланысты екен.

Егер де қазақ халқының ұлттық ойындарына назар аударып көрсек, ол оның көшпенді мал шаруашылығымен айналысатынына және жазық, кең далада өмір сүретініне байланысты, соған лайықталынған ұлттық ойындар.

Ұлттық ойындардың өзін оның мазмұнына қарап бірнеше топқа бөлуге болады:

1. Дене шынықтыруға және жауынгершілікке бейімделген спорттық ойындар:  Аламан бәйге, Тай жарыс, Жорға жарыс, Көкпар, Қыз қуу, Қазақша күрес, Арқан тартыс т.б.с.с.

2. Халықтың әр саладағы өнерін көрсететін ойындар: Айтыс, Жыр, Терме, Күй, Ән-би т.б.с.с.

3. Жастарға лайықты ойындар: Алтыбақан, Ақсүйек, Айгөйлек, Соқыр теке, Көрші-көрші, Жасырынбақ, Жұмбақ, Асық ойындары т.б.с.с.

4. Фольклорлық жанрларға құрылған ойындар: Қыдыр ата, Алдар көсе, Жиренше шешен, Асан қайғы, Қожанасыр, Тазша бала, Шық бермес Шығайбай, Қалтырауық Қамыр кемпір, Қарашаш т.б.с.с.

5. Күнделікті тұрмыс-тіршілікте атқарылатын ойын-сауықтар: Қансонар, Тоғыз құмалақ, Бастаңғы, Шілдехана, Бесік тойы, Қырқынан шығару, Сүндет той, Қыз ұзату, Келін түсіру т.б.с.с.

Біз қазақтың ұлттық мейрамдары олардың өмір сүру тәсіліне байланысты жылдың төрт маусымына тура келетінін және онда ауа-райының қолайлығына байланысты қазақтың ұлттық ойындарының кеңінен атап өтілетінін айтқан болатынбыз. Қазақтар мейрамдарда ұлттық ойындарын ашық жерде, көбіне ауылдың шетінде, биік төбенің басында ұйымдастыратын болған. Себебі биік төбенің басында тұрып оның баурайында өтіп жатқан ат ойындарын және басқа да ұлттық ойындардың түрлерін көріп тамашалауға болады.Бүкіл Шығыстағы мұсылман әлемінің кеңінең атап өтетін мейрам Наурыз болып есептеледі.

Наурыз мейрамының ерекшелігі сол, ол жылдың басы болып саналғандықтан және көктемгі кез болғандықтан, оған адамдар ерте дайындалады. Наурыз тойы күні “Бұлақ көрсең көзін аш“ деген қағидаға сүйеніп ауыл тұрғындары кетпендерін алып бұлақтін көзін ашса, қариялар “Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын“ деп айналаға тал отырғызады. Жұрт қора-қопсыларын тазартып, үйлерін ақтап жаңа, болмаса таза киімдерін киіп, Наурыз мейрамын көңілді қарсы алуға ерекше әзірленеді.

Наурыз мейрамы кезінде ауа-райы қолайлы болса, қазақтың ұлттық ойындарының бәрін өткізуге болады. Бұл мейрам қазақша жылдың басы болып есептелінгендіктен және жазғытұры күн жылынып, жер көктеп, мал төлдеп, егіс егуге әзірліктің басталар кезі болғандықтан, адамдардың көңіл-күйі аса бір шаттыққа бөленіп, қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ырым-жоралары толықтай көрініс табатын мейрам.

Осы айтылғандардың бәрі қазақ халқы бостандықта болып, өзінің ұлттық өмір салтымен өмір сүрген кездегі салт-дәстүрінің көрінісі. XVIII ғасырдың орта шенінде Орыс патшалығына бодан болып, онан кейін Кеңестік қызыл империяның бұғауында өмір сүрген кезде коммунистік идеологияның қазақ халқы бұрын надандықтың салдарынан қараңғы қапаста өмір сүрген, олардың рухани мәдениеті нашар дамыған, ұлттық ойындары болмаған деген үгіт-насихатына иланып, өзіміздің төл ұлттық салт-дәстүрімізден қол үзіп қалдық.

Қазіргі кезде тәуелсіздік алып, өз алдымызға егеменді ел болғанымызға 19 жылдан асса да, әлі күнге сол бұрынғы метрополияның ықпалынан шыға алмай жүрміз. Оның басты себебі, біз рухани мәдениетімізді соның ішінде тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді өте әлсіретіп алдық. Оның үстіне халқымыздың тең жартысына жуығы, соның ішінде рухани, саяси элитамыздың көбі ассимилияцияға ұшырап, ұлттық құндылықтарымыздың дамуына кедергі келтіріп отыр.

Бүгінгі күні қазақ халқының алдында тұрған басты міндет – жаңа заманға сай ұлттық өмір салтын орнатып, өзінің – тілін, дінін, салт-дәстүрін қалпына келтіру

Себебі тіл – қазақ болуымыз үшін, дін – адам болуымыз үшін, ал  салт-дәстүр – ұлт болуымыз үшін қажет. Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлт өзінің, рухани құндылықтарын сақтап, оны әрі қарай дамытуға ұмтылмаса, ол ұлттық қасиетінен айырылып, басқа мәдениеттің жемтігіне айналады. Сондықтан да тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді ұлттық ар-намыс ретінде қорғауға тиіспіз. Ол үшін біз ұлттық мейрамдарымызды жаңғыртып, ұлттық ойындарымызды жандандырып, ұлттық өнерімізді әрі қарай дамытуымыз қажет. Қазіргі заманда дүние жүзі бойынша ғылымның, техниканың, байланыстың, қатынастың, ақпараттың ғарыштап жетілуіне байланысты, халықтар арасында интеграция процессі жедел даму үстінде. Мұндай жағдайда барлық елдерде адамдардың тіршілік ету тәсілі бір-біріне өте ұқсас болып, олардың тұратын үйі, киетін киімі, ішетін тағамы, жұмыс істеу, демалу жағдайлары бәрінде бірдей болып келді. Яғни олардың өмір салты да өзара ұқсас болуы табиғи заңдылық. Олай болса, болашақта ұлттарды бір-бірінен тек рухани мәдениетінің айырмашылықтары арқылы ғана ажыратуға болады және қай ұлттың рухани мәдениеті күшті болса, сол ұлттың ұзақ өмір сүруге мүмкіншілігі бар. Ал рухани мәдениет дегеніміз ол сол ұлттың — тілі, діні, салт-дәстүрі, өнері, әдебиеті және бұларды ұлттық мейрамдарда, ұлттық ойындарды көбірек көрсету арқылы дамытып, әрі қарай сақтауға болады. Олай болса, елімізде жыл сайын – ресми, ұлттық, діни мейрамдарда ұлтымыздың ұлттық ойындарын, ұлттық өнерін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ырым-жырларын толық мәнінде кең атап өтіп отырсақ,  қазақ халқының рухани мәдениеті қазіргіден әлдеқайда жоғары дамыған болар еді. Ол үшін біз ұлттық мейрамдардың ерекшелігіне қарай онда ұлттық өнерімізді, ұлттық ойынымызды, ұлттық мәдениетімізді жоғары дәрежеде ұйымдастыруға тиіспіз. Мысалы, Наурыз мейрамында қазақ халқының әдет-ғұрпына, ырым-жорамалына көбірек көңіл бөліп, оның аңыз-әңгімелеріндегі, ертегілеріндегі, фольклорындағы басты кейіпкерлер – Қыдыр ата, Қожанасыр, Асан қайғы, Алдар Көсе, Жиренше шешен, Тазша бала сияқты кейіпкерлерді сахнаға көбірек шығарсақ, қазақтың бұрынғы салт-дәстүрінен көбірек мағлұмат беруге болады. Сонымен қатар, осы мейрамда қазақтың өнерінен, ұлттық тағамдарынан, ұлттық киімдерінен көрме ұйымдастыруға да толық мүмкіншілік бар.

Жаздың орта шенінде күн жылынып, түннің әбден қысқарған кезінде өтетін “Қымызмұрындық“ мейрамында жастардың сүйікті ойындары: Алтыбақан, Ақ сүйек, Айгөлек, Жаяу жарыс, Қазақша күрес; Ат ойындарынан: Қыз қуу, Аударыспақ сияқты ойындарды көбірек ұйымдастырған дұрыс.

Ал күзде күн салқындағанда өткізілетін Мизам мейрамында бірінші кезекте ат ойындарын, соның ішінде Аламан бәйгеге, Көкпар өткізуге өте қолайлы уақыт. Сондықтан да жылда осы уақытта Қазақстанның барлық жерінде ат ойындары өткізілуге тиіс және үш жылда бір рет Астанада немесе Алматыда бүкіл Қазақстан бойынша Аламан бәйгеден чемпионат ұйымдастырып, оған көрші елдерден шабандоздарды шақыруға болады.

Мизам мейрамы күзде болатындықтан еңбек адамдарының жыл бойына істеген еңбектерінің жетістігін осы мерекенің қарсаңында қорытындылап, еңбек азаматтарына құрмет көрсетіліп, үлкен қалаларда халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесін ұйымдастыруға толық мүмкіншілік бар.

Қысқы “Соғым басы” деп аталатын мейрамда негізінен қазақ халқының салты бойынша соғым сойылып, ауылдастар бірін-бірі қонаққа шақыра бастайды. Осы мейрам кезінде күйшілер домбыра тартып, әншілер ән айтып, жастар би билеп, басқа да қазақтың Орамал тастау, Көрші-көрші сияқты ойындарын өткізуге болады.

Бұл мейрамда ең қызығы алғашқы жауған қарда аңшылар Қансонарда аң аулауға шығып бүркіт салып, тазы жүгіртіп қоян, түлкі, қасқыр сияқты құздың аңын аулайды.

Біз қазақтың ұлттық мейрамдары кезінде көрсетуге болатын кейбір ойындары туралы сөз еттік. Ал, шын мәнісінде күнделікті өмір салтында қолдануға болатын қазақтың салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ырым-жоралары өте көп, әңгіме тек соларды орнымен күнделікті өмірде іске асыра білуде. Егер де біз қазақтың ұлттық ойындарын, өнерін, мәдениетін өмірде көп қолдансақ, ол біздің рухани құндылықтарымыздың сақталып, әрі қарай дамуына оң әсер етеді.

 

                              

                                       §5. Адамгершілік әдетке баулу

 

Адам өмірге бәрі бірдей болып келеді, бірақ та өсе келе олардың тағдыры әртүрлі болып қалыптасады. Мұның себебі, біріншіден, әрбір адамның туа біткен жеке ерекше қасиетіне – ақылына, жігеріне, қабілетіне байланысты болса, екіншіден, сыртқы ортаның әсеріне – тәрбиеге, біліміне, қажеттілікке байланысты. Былайша айтқанда, әр уақыт, әр заман, әр қоғам өзіне қажетті адамдарды тәрбиелеп, өсіріп отырады.

Табиғат жаратылыста адам баласына күшті қару сыйлаған, ол адамның санасы, сол себепті олар, табиғатқа жануарлар сияқты басыбайлы тәуелді емес.

Адамның құдіреті санасында, сондықтан да әрбір адам саналы өмір сүрсе және бәрін ақылға салып, ойлап істесе, оның алдына қойған мақсатына да, байлыққа да, бақытқа да қол жеткізуіне болады. Әрине, біздің бұл айтып отырғанымызды коммунистер субъективті бос қиял деген болар еді. Бірақ та адамзаттың жүріп өткен тарихына көз жүгіртсек, мұның ақиқаттылығында еш күман жоқ. Оны ұлы Абайдың мына сөздерімен де дәлелдеуге болады: «Ақыл, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» немесе «Ақыл сенбей, сенбеңіз, бір іске кез келсеңіз».

Адамзат баласының осы кезге дейін құрған қоғамы, жасаған рухани және материалдық байлығы, осының бәрі сананың жемісі. Ендеше біз адамды адамгершілік әдетке баулығанда оның санасына салмақ салуымыз керек. Сана арқылы адамның дүниетанымы, өмірге көзқарасы, рухани мәдениеті қалыптасады. Бірақ та қазіргі кезде ғылым мен техниканың дамуына байланысты ақпарат құралының ықпалы адам айтқысыз күшейіп, сананың қорыту мүмкіншілігінен әлдеқайда көп хабарлар тасқынын жеткізуде. Оның көбі біздің ұлттық мүддемізге қарсы, адамдарды рухани-имандылық құндылықтардан қашықтататын, зиянды хабарлар. Соның салдарынан, адамдар шындықты өтіріктен ажырата алмай, олардың санасы ластанып, эрозияға ұшырауда. Сол себепті, осы кезден ұлттық мүддемізді қорғау үшін өзіміздің төл идеологиямызды қалыптастырып, оны әрбір өзін туған халқының патриотымын деп санайтын азаматтарымыздың санасына жеткізе білуіміз керек.

Біздегі кейбір саясаткерлердің ұстанған әдісі «демократия», «адам құқығы», «сөз бостандығы» деген ұрандарды желеу етіп, республикамыздағы басқа ұлт өкілдерінің мүддесін қорғаған болып, біздің тарихымызды, мәдениетімізді, тілімізді, дінімізді, салт-дәстүрімізді кемсітіп, әдейі байбалам салып жатады.

Қазіргі Қазақстан жас мемлекет ретінде, өтпелі кезеңді басынан өткізуде. Сол себепті, болашағымыздың тағдыры бүгінгі іс-әрекетімізге байланысты. Егер де біз қазірден ұлттық санасы жетілген, саяси сауатты, ар-намысы таза азамат тәрбиелеп шығарсақ, олар отанына адал еңбек етіп, табиғатын қорғап, әлеуметтік белсенділік көрсетсе, еліміздің тәуелсіздігі де солғұрлым мықты болмақ.

Нарықтың заңдылықтары мен құндылықтарына сәйкес адамдар бұрынғыдай үкімет аштан өлтірмейді деп уақытын босқа өткізбей, ақша, пайда тауып, жеке меншігін байыту үшін іскерлік, белсенділік, жауапкершілк танытып, еңбек ете бастады. Бұл, әрине, құптарлық жайт. Сонымен қатар оның рухани құндылықтарға қайшы келетін жақтары да бар. Олар атап айтқанда – қатыгездік, дәйексіздік, принципсіздік, т.б. Сондықтан да адамдарды имандылық қасиетке үйретіп, рухани мәдениетке баулу, сол арқылы адамгершілікке, қайырымдылыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу баршамыздың міндетіміз.

Адамдардың өмір тіршілігі, ақыл-ойы, іс-әрекеті үш шеңбердің ішінде өтеді, олар – рухани-имандылық, ол адам мен адамның арасында танылады, әлеуметтік–экономикалық, ол адам мен ұжымның арасында көрініс береді және қоғамдық-саяси, ол адам мен қоғамның арасындағы қатынас.

Егер де әрбір адам өмірінде бақытқа жеткісі келсе, ол бірнеше асулардан өтуі керек, олар – қажеттілік, мүдде, мақсат, мұрат, арман. Сол адам, осы жолда кездесетін қиындықтардың бәрін жеңіп, өзінің дегеніне жетсе, ол өзін бақыттымын деп санауына толық құқығы бар. Ол үшін адамға керегі – ақыл, жігер, білім, ниет, және қабілеттілік. Осы бес қасиет адамның бойынан түгел табылатын болса, ол оның  алдына қойған мақсатына жетуіне кепілдік болмақ.

Уақытында Әл-Фараби: «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күшті болып, екеуі біріккенде – бұлар адамшылдық қасиеттер болып табылады, қасиеттер дегенде біз әрбір нәрсенің игілікті жағы, соның өзінің және оның әрекеттерінің абзалдығын да және жетілгендігінде деген мағынада айтамыз. Егер осы екеуі (жақсы мінез-құлық пен ақыл күші) бірдей болып келсе, біз өз бойымыздан және өз әрекеттерімізден абзалдық пен жетілгендікті табамыз және осы екеуінің арқасында біз ізгі, игілікті және қайырымды адам боламыз; біздің өмір бейнеміз қайырымды, ал мінез-құлқымыз мақтаулы болады» деген болатын.

Адамның тағы бір жақсы қасиеті – ол қызығу. Қызығу – адамды білімге құмарттыратын, психикалық тіршіліктің мазмұнын байытатын қозғаушы күш. Қызығу болмаса немесе мардымсыз болса, адамның өмірі де ажарсыз болады. Ондай енжар адамның көңіл-күйі барлық уақытта жабырқау жүреді.

Әрине, әр адам алдына әртүрлі мақсат қояды, сондықтан да ол өзін бақыттымын деп санауы үшін қандай мақсат қойып, не істеуі керек деген сұрақ туады. Бұл әрине өте маңызды сұрақ және оған бірден былай деп жауап беру өте қиын. Әркімнің тағдыры әрқилы қалыптасады және олардың қабілеті де әр деңгейде болып келеді. Сонымен қатар бұл заман талабына да байланысты болмақ. Дегенмен бір нәрсені батыл сеніммен айтуға болады, ол – әрбір адам өзінің мүмкіншілігінше адамдарға, халқына, отанына жақсылық жасау үшін қызмет етсе, сол адам әлбетте бақытты болмақ.

 

 

5.1 Адал еңбек етсең, мақсатыңа жетесің

 

Адамзат  баласы  жер  бетінде пайда  болғаннан  бері  өзінің  материалдық  және  рухани  қажеттілігін  қанағаттандыру  үшін  еңбек  етіп  келеді.  Алғашқы  адамдар  жартылай  жабайы  болған  кезінде,  олар  тек  жануарлар  сияқты  тамақ  тауып  жеудің  қамында  болды.  Бірақ  адам  саналы  тіршілік  иесі  болғандықтан,  олар  өмірден  тәжірибе  жинап,  аң  аулап,  жер  өңдеу  үшін  құрал-сайманды  жасауды  үйренді.  Әрине  оның  бәрін  жасау  үшін  адамға  еңбек  етуге  тура  келді  және  еңбекті  топтасып,  қауымдасып  істесе,  оның  тиімді  болатынын  түсінді. Сондықтан да  адамдар  қоғам  құрып,  оны  басқару  үшін  мемлекеттік  жүйе  ұйымдастырып,  оның  жұмысын  заң  арқылы  іске  асырып  отырды.

Еңбек  негізінен  ой  еңбегі  және  дене  еңбегі  болып  екі  салаға  бөлінеді. Бұрын  қол  еңбегі  үстемдік  еткен  кезеңде  өндіріс  процесінде  табиғи  шикізат  және  оны  өндіруші  адам  болатын,  яғни  алғашқы  кезде  дене  еңбегі  басым  болды.  Соңынан  ғылым  мен  техниканың  дамып,  өндіріс  құралының  жетілдірілуіне  байланысты  дене  еңбегін  машина  атқара  бастады. Бұрын  өндірісте  мамандығы  жоқ  жұмысшылардың  саны  басым  болса,  енді  олардың  орнына  саны  аса  көп  емес  инженер-техник  мамандар  жұмыс  істейтін  болды. Қазіргі  завод-фабрикаларда шығарылатын өндіріс  тауарларының сандық  және сапалық түрі де бұрынғыға  қарағанда  айтарлықтай  өзгеріске  ұшырады.

Егер де  бір  тәуліктің  ішінде  24  сағат  болса,  оның  8  сағатын  адам  өндірісте  еңбек  етуге  жұмсайды  екен.  Осының  өзінен-ақ  еңбектің  адам  үшін  қаншалықты  маңызды  екенін  көруге  болады.  Еңбек  етудің  бір  ерекшелігі  сол,  ол  бірнеше  процестен  тұрады.  Мысалы,  тауар  шығару  үшін  еңбек  бұйымдары,  еңбек  құралдары  және  жұмысшы  күші  болуы  керек,  яғни  өндірістік  процесс  жұмысшылардың  шикізатты  өңдеу  үшін  завод  жабдықтарын  пайдалануы  арқылы жүзеге асырылады.  Тұтынуға  арналған  өнім – шикізат,  кәсіпорын,  жұмысшылар,  арқылы  бірнеше  операциялардан  өтеді.  Егер де  осы  айтылған  процеске  қатысатын  үш  элементтің  бірі  болмаса  өндірістің  жұмыс  істеуі  мүмкін  емес.

Әрине,  біздің  айтып  отырғанымыз материалдық қажеттілікті  қанағаттандыру  үшін  жасалынатын  еңбек  процесі,  бұл  негізінен  дене  еңбегі  арқылы  атқарылады.  Адам  материалдық  қажеттілікпен  қатар  рухани  қажеттілікті  де  керек  етеді,  ол  болса  ой  еңбегі  арқылы  атқарылады. Ал,  ой  еңбегі  қызметкерлерінің  атқаратын  жұмысы – ұйымдастыру, басқару және шығармашылық жұмыстар. Ой  еңбегі мен  дене  еңбегі  арасындағы  мәдени-техникалық  деңгейдегі  айырмашылық  белгілі дәрежеде  орын  алып  отырады.  Себебі  ой  еңбегіндегілер  оқып,  алдын-ала белгілі  бір  дайындықтан  өтеді.  Сол  себепті  олардың  еңбегі  дене  еңбегіне  қарағанда  жоғары  бағаланады,  яғни  олардың  әлеуметтік  тұрмысы  да  жоғары  деген  сөз.  Сонымен  бірге  ой  еңбегі  мен  дене  еңбегінің  бөлінуіндегі  тағы  бір  маңызды  себеп,  ол – басқару  мен  ойлау  қызметі  үстемтаптың  монополиясына  айналып,  ауыр  дене  еңбегінің  ауыртпалығы еңбекші  бұқара  халықтың  иығына  түсуі.  Осындай  қарама-қайшылықтың  салдарынан  қоғам  ішінде  таптық  жүйе  орнап,  адамды  адам  қанау  пайда  болды.  Ой  еңбегінің  арқасында  жасалынған  ғылыми  жетістіктер  мен  рухани  игіліктерді  үстемтап  еңбекшілерді  өздеріне  бұрынғыдан  бетер  кіріптар етіп,  оларды  қанауды  барынша  күшейту  үшін  пайдаланады.  Олай  болса,  адамды  бақытқа  жеткізетін  де,  құлға  айналдыратын  да  еңбек  екен.  Бұл  адамзат  тарихында  осы  кезге  дейін  шешімін  таппай  келе  жатқан  проблема.  Біреулер  таңертеңнен  кешке  дейін   еңбек  етсе  де  күнделікті  тапқан  табысы  отбасын  асырауға  бірде  жетсе  бірде  жетпейді.  Ал,  екінші  біреулер  онша  тер  төгіп  жұмыс  істемесе  де  тауып жатқан табысы  миллиондап,  миллиардтап  саналады.  Мұны  ғылым  тілінде  әлеуметтік  теңсіздік  деп  атайды.  Адамзат  тарихында  оқымыстылар  бұл  жөнінде  талай  теориялар  жазып,  қарапайым  халық  осы  әділетсіздікке  қарсы  наразылық  білдіріп,  көтеріліс те  ұйымдастырып  көрді,  бірақ та  оның  құпиясын ашып, оған толық  жауапты  әлі  ешкім  бере  алған  жоқ.

К.  Маркс  осы  әлеуметтік  теңсіздіктің  себебін  анықтап,  оны  іс  жүзінде  қалай  әділ  шешуге  болатыны  жөнінде  бірнеше  томдық  “Капитал”  кітабын  жазды.  В.  И.  Ленин  1917 жылы  Ресейде  әлеуметтік  революция жасап,  осы  теорияны  іске  асыруға  талпынды.  Бірақ та  ол  теорияның айтарлықтай   өміршең  еместігін  уақыт  көрсетіп  берді.

К.  Маркстің  теориясы  бойынша  әлеуметтік  теңсіздіктің  басты  себебі,  еңбек  құралында  жекеменшіктің  болуы екен.  Сол  себепті  Ресейде  революциядан  кейін  жерге,  еңбек  құралына  жекеменшікті  жойып,  оны  барлық  халыққа  ортақ,  қоғамдық  меншікке  айналдырды.  Бірақ та,  қоғамдық  меншікте  адамдардың  еңбек  етуге  деген  ықыласы  азайып,  ең  соңында  социалистік  жоспарлы  шаруашылық  капиталистік  нарықтық  шаруашылықпен бәсекелестікте сәтсіздікке  ұшырап, ақыр аяғында коммунистік идеология буржуазиялық идеологиядан жеңіліс тапты.

Біз  адал  еңбек  етсең  мақсатыңа  жетесің  дейміз,  ал  іс  жүзінде  Адам баласының  қанша  тер  төгіп  еңбек  етсе  де  барлық  уақытта  әлеуметтік  теңдікке  қол  жеткізуі  оңай  емес  екен.  Олай  болса,  әлеуметтік  теңдікке  қол  жеткізу  үшін  не  істеу  керек,  мұнда  қандай  құпия бар  және  оны  қалай  білуге  болады?

Өмірде  бәрі  адамға  байланысты,  сондықтан да  біз ең әуелі  жеке  адамдардың  басты  қасиеттерінен  бастап,  бүкіл  қоғамның  даму  заңын  зерттеп,  жете  білуіміз  керек.  Жеке  адамдардың  өмірге  келіп,  өсіп  ер  жеткеннен  кейінгі  алдына  қоятын  басты  мақсаты,  бақытты  өмір  сүріп, ойлаған  арманына жету.

Адамға  тіршілік  ету  үшін ішіп-жеуі,  киінуі  және  басында  баспанасы  болуы  керек.  Мұның  бәрі  адам  үшін  табиғи  қажеттілік  және  олар  өздігінен  пайда  болмайды,  ол  үшін  еңбек  ету  қажет.  Қоғам  дамыған  сайын  адамның  қажеттілігі  де  сан  және  сапа  жағынан  өсіп,  күрделене  береді.  Соған  байланысты  еңбек  құралдарын жетілдіріп  табиғи  шикізатты  көптеп  өңдеуге  тура  келеді.  Осының  бәрі  уақыт  өткен  сайын  қоғамдық  және  өндірістік қатынастың  күрделенуіне  әкеліп  соғады.  Олай  болса,  бұл  сол  қоғамда  өмір  сүретін  адамдардың  да   өмірі  күннен-күнге  күрделене  береді  деген  сөз.  Яғни  сол  қоғамда  өмір  сүретін  адамдар  заман  ағымынан  кенже  қалмас  үшін оған  өзінің  білімін  көтеріп,  рухын  күшейтіп,  денесін  шынықтыруға  тура  келеді.

Адам  әлеуметтік  тіршілік  иесі  болғандықтан ол  қоғамдағы  әлеуметтік сатылар  арқылы  жоғарылап,  оның  ең  биік  шыңына  шығуға  ұмтылады.  Оған  қол  жеткізу,  сол  қоғамда  өмір  сүретін  адамдардың  еңбек  ету  қабілетіне, біліміне  байланысты.  Бірақ та  қоғамдағы  әлеуметтік  саты  Мысырдағы  пирамида  сияқты  жоғары  өрлеген сайын  ол  тарылып,  ең  биігінде  бір  адамдық  орын  қалады.  Осыдан  келіп  қоғамда  әлеуметтік  биікке  көтерілу  үшін  өмірде,  адамдардың  арасында  өзара  бәсекелестік  пайда  болады. Онсыз  адам  да,  қоғам  да  дамымайды,  яғни  ол  адамдарды  дамып,  жетілуге  мәжбүр  етеді.

Қоғам да  жеке  адамдардан  тұрады,  сондықтан  қоғамның  дамуында  жеке  адамдардың  тағдырына  ұқсастық  өте  көп,  бірақ та  ол  көп  адамдардан  құрылғандықтан  оның  өзіне  тән  ерекшелігі де  бар.  Материалдық  байлықты  адамдар  бірігіп  өндіреді,  сондықтан  оларға  өзара  қатынас  жасауға  тура  келеді.  Табиғи  тіршілік  пен  қоғамдық  болмыс  адамдардың  дүниеге  көзқарастары  мен  түсініктеріне  қарамастан,  яғни   оларға  тәуелсіз,  дамудың  объективті  заңдылықтарына  сәйкес  дами  береді.

Қоғамдық  болмыстың  басты  міндеті – адамдардың  материалдық  қажеттілігін  қанағаттандыру,  сондықтан  да  оның  ішінде,  осы  бағытта,  тұрақты  еңбек  процессі  жүріп  жатады.  Бұл  өндірістік  қатынастар  қоғамда  адамдардың  санасы  мен  еркінен  тыс,  материалдық  алғышарт,  субстанция  ретінде  әрекет  етеді.

Қоғамдық  өндіріс – өндіргіш  күштер  және  өндірістік  қатынастар  болып  екі  салаға  бөлінеді.  Өндіргіш  күштер  қоғам мен  табиғат  арасындағы  материалдық  қатынастар сипатын  көрсетсе,  өндірістік қатынастар  қоғамдағы  адамдардың  өзара  қарым-қатынасы   болып  табылады.

Жеке-дара  адамдарға  материалдық  игілікті  жасау  мүмкін  емес  болғандықтан,  оларға  бірігіп  әрекет  етуге  тура  келеді.  Яғни  олардың  қазіргі  иеленіп  отырған  материалдық  және  рухани  байлығы адамзат баласының ғасырлар  бойы  бірлесіп  істеген  қызметінің  жемісі.

Біз  бұдан  қоғамның  қалай  дамитынын  көреміз,  бірақ та  қоғамда  барлық  уақытта  әлеуметтік  және  материалдық  теңдік  болды  деп  айта  алмаймыз.  Себебі  онда  өмір  сүретін  адамдардың  тұрмысының  материалдық  деңгейі  және  әлеуметтік  жағдайы  әртүрлі  болып  келеді.  Меніңше  мұның  басты  себебі,  адамдардың  білімінің,  санасының,  қабілетінің  әртүрлі  болуынан.  Біреулер  жігерлі,  алдына  мақсат  қойып,  соған  қол  жеткізу  үшін  қандай да  болмасын  қиындыққа  төзе  білетін,  табанды  болып  келеді.  Олар  білім  алу  үшін  оқып, адамдармен дұрыс қатынас жасау үшін имандылық сақтап, ден саулығы мықты болу үшін спортпен шұғылданып, мақсатына жету үшін өмірде кездесетін қиындықтардың бәрін жеңуге ұмтылады.

Егер де адам осындай адал еңбегімен материалдық және  әлеуметтік тендікке қол жеткізсе ондай адамдарды халық қадір тұтып, оларға қошемет көрсетеді. Енді біреулер қоғамда материалдық және әлеуметтік табысқа қол жеткізу үшін адамгершілік қасиеттердің бәрін жиып қойып, қулық-сұмдыққа, жағымпаздыққа, сатқындыққа  жол беріп, өзінің айналасындағы адамдарға, туысқандарына, дос-жарандарына қиянат жасайды. Әрине біздің айтып  отырғанымыз жеке адамдардың басында болатың субьективті қасиеттер.

Сонымен қатар қоғамда материалдық және әлеуметтік әділеттілік деген де ұғым бар. Бұл ұғым негізінен бұқара халық пен биліктің арақатынасында болатын жағдайлар. Ол көбіне қоғамдағы саяси жүйе мен құқықтық заңдылықтың әділеттілігіне байланысты. Егер де қоғам демократиялық жолды таңдап, құқықтық мемлекет құруға ұмтылса, ондай қоғамда әлеуметтік әділеттілік орнатуға болады. Ал егер де мемлекет тоталитарлық немесе авторитарлық жүйе орнатып, бұқара халықтың заңды құқығымен санаспаса, ондай қоғамда антогинистік қайшылық пайда болып, оның аяғы саяси күреске жалғасуы мүмкін. Сондықтан да қоғамның алдындағы басты мақсат, адамдардың арасында материалдық және әлеуметтік әділеттілік орнату.

 

 

5.2 Патриот болу– ұлы сезім

 

Әр адамның туған жері, өмір сүретін қоғамы, еңбек ететін ортасы болады, біз оны  – Отан дейміз. Отан деген сөз грек тілінде – patrus, бізше патриот деген мағына береді екен. Яғни патриот сөзі мен Отан сөзінің түп тамыры бір. Отан – адам үшін ең қадірлі ұғым, оны тек туған ата-анамен қатар қоюға болады.

 

Отан ұғымына туған жердің орманы мен тоғайын, өзені мен көлін, тауы мен даласын, аңы мен құсын, жазы мен қысын, былайша айтқанда оны қоршаған табиғи ортаны жатқызамыз. Сонымен қатар адамдардың туған-туысқаны, дос-жараны, құрбы-құрдасы, ол тұратын ауыл немесе қала, ол оқитын мектеп немесе жұмыс істейтін ұжым, осының бәрі адамның санасын қалыптастырып оның туған жеріне деген махаббатын оятатын болмыс.

Әрине адам өз елінің патриоты болу үшін ата-баба тарихын, халқының рухани мәдениетін және салт-дәстүрін жақсы көріп, оны сүйе білуі керек. Отан адамның өсіп ер жетуіне, оқып білім алуына, жұмыс істеп тіршілік етуіне мүмкіншілік жасайды. Яғни Отансыз адамның өмір сүруі мүмкін емес. Олай болса әр адамның өз Отанын қорғап, оның әрі қарай дамып, гүлдене беруіне өз үлесін қосуы әркімнің перзенттік парызы.

Алғашқы қауымдық құрылыс кезінде адамдар руға, тайпаға бөлінді, бертін келе рулар тайпаға, тайпалар ұлтқа бірігіп, іріленіп, әртүрлі тілде сөйлейтін халықтар пайда болды.

Адамдардың сыртқы пішіні бір-біріне ұқсас болғанмен олар тұрған жерінің табиғатына, ауа-райына, айналысатын кәсібіне байланысты әртүрлі өмір салтымен өмір сүреді. Сонымен қатар олар ұлтқа, нәсілге бөлініп, өздерінің қоғамын, мемлекетін құрып, өркениеттің әр түрлі сатысында дамып отырады.

Адам баласының даму тарихындағы бір ерекшелік сол, олар әр кез бір тайпа екінші тайпамен, бір ұлт екінші ұлтпен бір мемлекет екінші мемлекетпен бәсекелестікте болып, олар жер-су үшін немесе мәнсап, байлық үшін бір-бірімен соғысып отырған. Осы соғыста жеңген мемлекет немесе ұлт өзінің үстемдігін екінші елге жүргізіп,  халқының мәдениеті, тілі, салт-дәстүрінің дамуына кедергі келтіріп, олардын ұлттық санасын жойып, ассимиляциялауға ұмтылған. Қазақ халқы да мұндай өктемдікті талай рет басынан өткерген болатын. Орыс патшалығының екі жүз жылдық бодандығы, әсіресе тотаритарлық Қызыл империяның жетпіс жыл бойы жүргізген интернационалдық идеологиясының зардабы қазақ халқының ұлттық санасының дамуына айтарлықтай кедергі келтірді. Осы идеология біздің тәуелсіздік алғанымызға 19 жылдан асса да, әлі көп адамдардың санасын улап, ұлттық рухани мәдениетіміздің дамуына өз залалын тигізіп келеді.

Егер адамзат қоғамының даму тарихына ой жүгіртсек, ол бір сатыдан екінші сатыға прогрессивтік жолмен көтеріліп отырады екен. Алғашқы рулық қауымдастықтан тайпаға, одан ұлтқа бірігуі осының дәлелі. Яғни қазіргі жағдайда адамдардың ұлттық салт-дәстүрі қалыптасып, соның негізінде ұлттық мемлекет құрып, қоғамдасудың ең жоғарғы биігіне көтеріледі. Қазір дүние жүзіңде екі жүзге жуық мемлекет бар, бірақ та өзін ұлт деп санайтын халықтың саны әлдеқайда көп және қанша ұлт болса, сонша тіл бар деп саналады.

Уақыт өткен сайын өзінің ұлттық мемлекеті жоқ ұсақ ұлттар ассимиляцияға ұшырап, олардың тілі жойылып, ұлттық қасиетінен айырылуда. Ал жеке өз алдына тәуелсіз мемлекеті бар ұлттардың өзінің тілін, дінін, салт-дәстүрін дамытып, ұлттық санасын қалыптастырып, ұлттық қасиетін сақтауға толық мүмкіншілігі бар. Ол үшін халықаралық құқықтық декларациялар, заңдар қабылданған.

Бірақ та қазақ халқы қазіргі жағдайда өзінің тәуелсіз мемлекетінде өмір сүре отырып, ұлттық қасиетінің негізі: тілін, дінін, салт-дәстүрін дамыта алмай отыр. Енді осы қайшылықтың себеп-салдарына талдау жасап көрелік.

Мемлекетті құрайтын ұлт, ал ұлтты құрайтын жеке адамдар, олай болса мемлекеттің де ұлттың да берік болып, өздерінің құқықтары мен мүддесін қорғауы үшін, онда өмір сүретін жеке адамдардың рухы мен ұлттық санасы жоғары болуы керек. Егер де қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, олар бірнеше ғасырлар бойы Ресейдің отары болды, сонымен қатар қазақ халқы көшпенді мал шаруашылығымен айналысқандықтан қалалар салмады, өндіріс орнын дамытпады, соның салдарынан бір орталыққа бағындырылған күшті мемлекеті болған жоқ. Оның үстіне қазақ халқы әлеуметтік тапқа, топқа жіктелмей бәрі бір қауымдастықта өмір сүрді, сол себепті қазақ қоғамында рулық, тайпалық, жүздік сана үстемдік етіп, ұлттық сананың қалыптасып, дамуына кедергі келтірді. Бүгінгі күні қазақ халқы XXI ғасырда, тәуелсіз мемлекетінде өмір сүрсе де, ұлттық мүддені қорғап, дамытуға келгенде санамыздағы салғырттық пен рухсыздық тіліміздің, дініміздің, салт-дәстүріміздің дамуына ырық бермей, оны үлкен проблемаға айналдырып отыр.

Біз жоғарыда айтып кеттік, ұлт жеке адамдардан тұрады , сондықтан да ұлт мықты болуы үшін жеке адамдардың рухы күшті болуы керек деп. Бірақ та біз бүгінгі күні қазақ азаматтарының ұлттық санасы жоғары, адамгершілік рухы күшті деп айта алмаймыз. Оған дәлел, қазіргі кезде қоғамымыздағы жемқорлық пен парақорлықтың көбеюі. Егер де адамның Отанына деген патриоттық сезімі болмаса, ол жеке басының қамын ойлап, қайткенде де қоғамның есесінен өзіне көбірек пайда табуды мақсат етеді. Мұның бірнеше себептері бар:

Бірінші, қазақ халқы қоғамымыздағы әлеуметтік даму деңгейінің ең төменгі сатысында тұр. Адамдардың ұлттық санасының қалыптасуында ұлтаралық “кәсіби еңбек бөлінісінің” атқаратын рөлі өте зор. Кеңес дәуірінде жекелеген ұлттар арасында дағдылы кәсіппен айналысу принципі саяси сипат алып, республикамызда қазақтар көбіне мал шаруашылығымен, білім берумен, мәдени қызметпен шұғылданса, орыстар өнеркәсіпте, ғылыми-техникалық салада басым болды. Осындай коммунистік партияның дискреминациялық саясатының салдарынан қазақ ұлты экономиканың шешуші салаларынан ығыстырылып, олардың әлеуметтік психологиясы, тілі, өмір салты баяу дамып, қоғамдық санасы уақыт талабынан артта қалды..

Екінші, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін де билік басындағы саяси элитаның ұлттық мүддені қорғап, отарсыздандыру саясатын жүргізбеуінің салдарынан, бұрынғы Кеңес дәуіріндегі қоғамдық даму процесі сол қалпында қалып, қазақтардың ассимиляциялануы жалғасын тауып, адамдардың менталитеті, өмірге көзқарасы сол баяғы “советтік өмір салты” принципімен қалыптасуда.

Үшінші, осы кезге дейін ұлттық идеологияның жоқтығының салдарынан адамдар күнделікті өмірде алдарына қандай мақсат қойып, қандай идеологияны басшылыққа алу керектігін білмей, ешқандай бағыт-бағдарсыз өмір сүруде. Біреулер ұлтшылдықты патриоттық сезім деп түсінсе, екінші біреулер оны қоғамға жат, ұлтаралық араздықты тудыратын, “құбыжық идея” деп қабылдайды. Ал, енді біреулер итернационалдық идеяны халықтарды бір-біріне жақындастыратын прогрессивтік идея деп түсінсе, тағы  біреулері оны коммунистердің басқа ұсақ ұлттарды ассимилияциялау үшін ойлап тапқан жымысқы саясаты деп бағалайды. Осындай өмірге деген әрқилы көзқарастың салдарынан барлық Қазақстандықтардың мүддесін қанағаттандыратын ортақ идея табу үлкен мәселе болып тұр.

Олай болса осы тығырықтан шығудың жолы қайсы және ол үшін не істеу керек?

Қазір XXI ғасыр, осы уақыт ішінде қалыптасатын ұлт қалыптасып, меншіктенетін территория меншіктеліп, құрылатын мемлекет құрылып, адамзат қоғамы бір саябырға келген шақ. Соңғы дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына да жарты ғасырдан асты. Енді дүниежүзілік соғыс бола қалса, ол адамзат тарихындағы соңғы соғыс болмақ және жер бетінде тіршілік жойылып, ақыр заман орнамақ. Сондықтан да саналы адам мұндай қадамға баруға тиіс емес. Бірақ та адамдар мен ұлттар, мемлекеттер арасындағы бәсекелестік бір минутқа да тоқтамайды. Бұл адам бойындағы табиғи қасиет. Тек ол бұрынғыдай қарудың күшімен, соғыс арқылы емес, рух, ақыл, білім арқылы жүрмек. Адамдар осы қасиеттерімен елінің экономикасын дамытып, рухани мәдениетін көтеріп, саяси беделін арттыру арқылы басқа елдерге өз ықпалын жүргізуге тырысады. Әрине дүние жүзіне өз үстемдігін орнатқысы келетін империалистік елдер тұрғанда барлық жерде мамыражай бейбітшілік орнай қалады деу аңғалдық болар еді. Империалистік елдер әлсіз елдерге қарсы аймақтық соғысын жалғастыра беруі мүмкін. Ол үшін олар түрлі сылтаулар тауып, өзінің әділ соғыс жүргізіп отырғанына халықты сендірмек болады. Бірақ та, сол соғыстың басты себебі дүниежүзі бойынша күшті елдердің әлсіз елдерге әділетсіз саясат жүргізіп отыруы. Сол себепті әлсіз елдер өздерінің тәуелсіздігін нығайтып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуі үшін мемлекетінде әділетті қоғам құрып, халқының патриоттық сезімін күшейтіп, олардың әр кез өз Отанын қорғауға дайын болуын қамтамасыз етулері керек.

Олай болса, көп ұлттың өкілдері тұратын, көп дінді Қазақстан секілді мемлекеттің халқын Қазақстанды өз Отаным деп танып, оны қорғауға қанын да, жанында аямайтын патриот етіп қалай тәрбиелеп шығаруға болады? Ол үшін осында тұратын халықтардың бәрінің мүддесін қанағаттандыратын ортақ идеология керек. Ондай идеология, біріншіден, Қазақстанның байырғы халқы болып табылатын қазақтардың рухани мәдениетінің негізі – тілі, діні, салт-дәстүрінің өз Отанында дамуына толық мүмкіншілік жасалуы тиіс. Екіншіден, осы мемлекетте тұратын басқа ұлт өкілдерінің әлеуметтік, саяси құқығы толық қорғалып, ешқандай дискриминациясыз, әділетті қоғамда өмір сүрулері керек. Осы принциптер толық орындалғанда ғана Қазақстан халқы ұлтына, дініне, тіліне қарамастан толыққанды демократиялық мемлекетте өмір сүріп, Қазақстанның шын мәніндегі патриоты болып шығады.

Осы мақсатқа жету үшін барлық халықтардың мүддесіне сай келетін идеология, ол – “Салауатты өмір салты” болуға тиіс. Себебі адамдардың бәрі салауатты өмір сүруге құштар, бірақ та соған қалай қол жеткізудің жолын білмейді. Олай болса біз Салуатты өмір салтын – ұлттық идеология ретінде қабылдап, адамдарға салауатты өмір сүрудің принциптерін үйретуіміз керек. Салауатты өмір салтының негізгі принципі «имандылықты сақтап, заңды орындап, парасатты өмір сүруге» құштарлық таныту. Осы принципті басшылыққа алып өмір сүрген әрбір адам, әрбір ұлт, әрбір мемлекет барлық уақытта да әділетті болуға ұмтылып, қоғам ішінде түсінушілік пен бейбітшілік орнамақ.

Имандылық деп біз адамның адамгершілік қасиетін айтамыз. Ал адамгершілік қасиет бұл адамның ары мен ұятына байланысты. Егер де әрбір адам өзінің ары мен ұятын бәрінен жоғары қоймаса ол адамның адамгершілік қасиеті де жоғары деп айта алмаймыз. Сондықтан да әрбір адамның ары мен ұятын таза ұстап, имандылықты сақтауы оның адамгершілік парызы болып саналады.

Ал заңға келетін болсақ, қазіргі кезде әрбір мемлекетте заң шығаратын орган бар және сол мемлекеттегі қоғамдық жүйе парламент шығарған заңның шеңберінде жұмыс істейді. Қазіргі біз айтып жүрген өркениетті елдердің бәрі саясатта, экономикада, мәдениетте жоғарғы көрсеткішке осы заңды мойындау мен оны орындаудың арқасында қол жеткізді. Ол мемлекеттерде өмір сүретін адамдар өздерінің қоғамдағы әлеуметтік, материалдық жағдайына қарамай бәрі заң алдында тең құқылы болып саналады. Сондықтан біз де әділетті қоғамда өмір сүргіміз келсе, парламент шығарған заңдарға мойынсұнып, оны орындау азаматтық борышымыз деп білуіміз керек.

Біздің өмірдегі ойлаған ойымыздың, алға қойған мақсатымыздың, іс-әрекетіміздің кей уақытта іске аспай, қиыншылықтарға тап болып жататынымыздың себебі – парасатты өмір сүре білмеуіміздің салдарынан. Адам ақыл иесі болғандықтан ол барлық уақытта не істесе де саналы түрде, ақыл-парасатты басшылыққа алып әрекет етуі тиіс. Бірақ та біз кей уақытта өмірге атүсті, жеңіл қарап, терең ойланбастан қателікке жол беріп, соңынан оның азабын тартып отырамыз. Сол себепті әрбір адам әркез не істесе де ақылға салып, парасаттылықпен өмір сүруге ұмтылуы керек.

 

5.3 Табиғатты қорғау – болашақты ойлау

 

Діншілердің  айтуынша адамды Құдай жаратқан және аспан әлемін жер мен табиғатты, жануарлар мен  өсімдіктер  дүниесін  адамдар  қоректеніп,  өмір  сүруге  әдейі  жасаған  дейді.  Ал дінсіздердің  дүниетанымы бойынша мұның  бәрі  табиғаттың  эволюциялық  даму  заңымен  өз-өзінен  пайда  болған. Әрине бұл сұрақтың ақиқатын біз ғалымдардың еншісіне қалдырамыз.  Қалай дегенде де адамдардың, жануарлардың табиғатсыз өмір сүре алмайтыны даусыз. Мысалы, адам ауасыз бірнеше минутта, сусыз бірнеше  күнде, қорексіз бірнеше аптада өліп кетеді екен. Олай болса бүгінгі күні дем алатын ауамыздың, ішетін суымыздың, қорек алатын жеріміздің жағдайы қалай?

Егер де  жер  мәселесіне  келетін  болсақ,  қазіргі  біз  өмір  сүріп  отырған планетамыздың үштен екісін су алып жатыр, ал үштен бірі құрлық боп саналады. Соның 20 пайызы өмір сүруге қолайсыз өте суық, 20 пайызы шөл, 20 пайызы  таулы, ал 10 пайызы егін егуге келмейтін, топырағы өте құнарсыз жерлер. Сонда қалған 30 пайыз жер ауылшаруашылық өнімдерін алуға қолайлы болып саналады. Бірақ та бұл жерлерге қалалар, өндіріс орындарын, жолдар салуға тұра келеді. Оның үстіне жерді дұрыс пайдаланбаудың салдарынан дүниежүзі бойынша жылма-жыл миллиондаған гектар жер жел, су эрозиясына ұшырап батпақты, тұзды, шөлейт жерлерге айналып,  шаруашылыққа жарамсыз болып қалады. Соның салдарынан ауылшаруашылық дақылдарын егетін жерлер жылдан жылға тарылуда.

Осыған керісінше жер бетіндегі халықтың саны жылма-жыл көбейіп, олардың материалдық сұранысы артып келеді. Егер де халықтың саны үш миллиардқа жетуі үшін ондаған мың жыл қажет болса, қазіргі кезде, халықтың тұрмысының жақсаруына, азық-түлік өнімінің көбеюіне және денсаулық сақтаудың дамуына байланысты адам өлімі күрт азайып, халықтың саны шапшаң көбейе бастады. Бұл процесс осылай жалғаса берсе, енді бірнеше ондаған жылдардан кейін, жердің адамзат қоғамының материалдық қажеттілігін қанағаттандыруға мүмкіншілігі болмай, халықтың аштан қырылу қаупі бар. Осы жағдайды қазірден ойлап, табиғатты тиімді пайдаланудың жолын қарастыруымыз керек.

Бірақ та біздің қазіргі табиғатты пайдаланудағы іс-әрекетімізді ақылға қонымды деп айта алмаймыз. Себебі адамзаттың бүгінгі күнге дейінгі көксеген мақсаты, қайткен күнде де табиғаттың дүлей күшін жеңіп, оны өзіне бағындыру болатын. Сол үшін ғылымды ойлап тауып, оны осы мақсатқа қару ретінде пайдаланды. Ғылым-білімнің арқасында өндірісті, техниканы дамытып, өндіріс құралдарын жетілдіріп, кен орындарын меңгеріп, табиғаттан алынатын шикізатты молынан өндіре бастады. Адамдардың өндірісті дамытып, қазба байлықты пайдаланғанына бірер ғасыр өтсе де, қазірдің өзінде отын қорының және кен байлықтың енді бірнеше ондаған жылдардан кейін сарқыла бастайтыны жөнінде сөз болуда.

Қазіргі өркениеттің күннен-күнге дамып, ғылым мен техниканың жетілуі  арқасында, адамдар мол игілікке кенелуде. Әрине бұл байлық дүниежүзі халықтарының бәріне бірдей әділ және тең бөлініп отырған жоқ. Жер шарының солтүстік бөлігіндегі елдердің байып, оңтүстіктегі  елдердің  кедейлену процесі әлі күнге жалғасуда.

Жер астынан өндірілетін және қайта қалпына келмейтін кен  байлық пен отын көзін  жылда миллион, миллиард тонналап жер бетіне шығарып жатырмыз.  Осы  байлықты тиімсіз пайдаланудың салдарынан онан шыққан қалдық жерді, суды, ауаны ластап табиғатқа айтарлықтай зиян келтіруде.

Жер жүзінде екі жүздей мемлекет бар, бірақ та олардың бәрін де өндіріс бірдей дамымаған. Өндірісі аса жоғары дамыған елдерге Еуропа мен Солтүстік Америка елдері жатады. Негізінен жер асты байлығын өздерінің өндірісінде көптеп пайдаланып, табиғатқа көп зиян келтіретін де осы елдер. Бірақ та табиғат ешқандай мемлекеттік шекараны мойындамайды. Сондықтан да дүниежүзі бойынша жерді, суды, ауаны ластайтындар өркениеттің игілігін көріп отырған өндірісі дамыған батыс елдері болса, оның экологиялық зардабын экономикасы нашар дамыған шығыс елдері көріп отыр. Оның үстіне экономикасы жоғары дамыған батыс елдері өздерінің өндірісін дамыту үшін шикізатты арзан бағаға шығыс елдерінен сатып  алып,  оны  тауарға  айналдырып,  оларға қымбат  бағаға  қайта  сатады. Осындай  әділетсіз  жолмен  өндірісі  дамыған  елдер шығыс елдерін шикізат өндіретін аймаққа және өзінің өндіріс тауарларын өткізетін рынокқа айналдыруда.

Біз жерді пайдаланғанда оның жер астындағы қазба байлығын пайдаланып қоймай, жер үсті табиғи байлығын да пайдаланамыз. Жер үсті табиғи байлығына жер бетіндегі орман-тоғайлар, ондағы аң мен құстар және жерде өсетін түрлі өсімдіктер жатады.

Осының ішінен орман-тоғайды алсақ, оның адам өміріне келтіретін пайдасы ұшан-теңіз, орман ауадағы ылғалды сақтайды, үлкенді-кішілі өзендердің суының мол болуына, ауа-райының жұмсақ болуына көмектеседі және аңызақ ыстық жел мен құм көшкініне тасқауыл болады. Орман біздің дем алатын ауамызды тазартып, өзінің бойына көмір қышқылын сіңіріп оттегін шығарады.

Адам баласы өзіне керекті заттардың бәрін жерден алатыны белгілі. Жер бетіне егін егіп, астық өндіреді, бау-бақша отырғызып, жеміс-жидек жинайды, мал өсіріп ет, сүт тағамдарын алады. Осының бәрі жер қыртысының құнарлылығына байланысты. Бірақ та жылма-жыл жер бетінде адам саны өсіп, оларды азық-түлікпен қамтамасыз етуі қиындап барады. Себебі адам саны мен оның материалдық қажет-тілігі өскенмен жер беті  кеңеймейді. Қайта ол жерлерге қалалар, өндіріс орындарын, жолдар салудың салдарынан ауылшаруашылығына пайдаланылатын жердің көлемі азайып барады. Оның үстіне адамдардың жерді тиімсіз пайдалануының салдарынан дүниежүзі бойынша жылда бірнеше миллиондаған гектар жер шаруашылыққа пайдасыз болып қалуда. Бұған мысал Қазақстанда 60-шы жылдары тың көтереміз деген желеумен мыңдаған жылдар бойы қазақтың малға жайылым ретінде пайдаланған ондаған миллион гектар жері жыртылып, ол соңынан эрозияға ұшырап, жердің бетіндегі құнарлы қыртысы желге ұшып, миллиондаған гектар жер ауыл шаруашылығына пайдасыз болып қалды. Мұндай фактіні дүниежүзі бойынша ондап, жүздеп келтіруге болады. Бір жерлер жел эрозиясына ұшырап, шөлге айналса, кейбір жерлер шамадан тыс суарудың салдарынан батпаққа немесе тұзды сортаңға айналуда. Сол себепті жер адамдардың қорек алатын бірден-бір табыс көзі болғандықтан, оны сақтап, тиімді пайдалану адамзат баласының қасиетті борышы.

Жерден кейінгі адамның өмір сүруіне өте қажет зат, ол – су. Су планетамыздың үштен екі бөлігін алып жатыр, бірақ та адамдарға, жануарларға, өсімдіктерге керегі тұщы су. Жер бетіндегі өзен-көлдерді, жер асты суын немесе аспаннан қар болмаса жаңбыр болып жауатын  жауын-шашынды көргенде адамдар су тапшылығы болуға тиіс емес деп ойлаулары мүмкін.

Ал шындығында жағдай мүлден басқаша. Егер де жер шарындағы барлық судық көлемі 1,5 млр. текше шақырым болса, оның 98%-ы тұзды, мұхит суы да, тек 28 млн. текше шақырымы тұщы су. Осы көрсеткіштің өзінен болашақта тұщы судың “судай тегін” болмайтынын көруге болады. Оның үстіне тұщы су барлық жерде тең, біркелкі орналаспаған. Мысалы Қазақстан территориясының көп бөлігі дүниежүзі бойынша суы тапшы, шөлді аймаққа жатады. Мұнда жауын-шашынның мөлшері онтүстік батыс аймақтарда жылына 100-150 мм жауын жауса, еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында 300-500 мм, ал, республиканың шығыс бөлігіндегі тау бөктерлерінде 500-900 мм дейін жауын

жауады. Қазақстанның табиғат жағдайының тағы бір ерекшелігі сол, мұнда республика территориясы арқылы ағып өтетін 100 текше шақырым өзен суларының жартысына жуығы Республикадан тыс жерлерде қалыптасады немесе транзиттік жолмен ағып өтеді. Оның үстіне өзен сулары түрлі себептермен жылма-жыл өндірістік және тұрмыстық қоқыс-қалдықтармен  ластануда.

Кеңес Одағы кезінде Арал теңізіне құятын Амудария мен Сырдария өзендерінің суын мақта мен күріш өсіруге қисапсыз пайдаланудың салдарынан теңізге су жетпей, ақыр соңында ол құрғап тынды. Кезінде Арал теңізіне Сібір өзендерінің суын бұрып әкеліп теңізді сақтап қаламыз деген болатын. Жоба бойынша Ертіс өзенінің Обьқа құятын сағасынан бөгет салынып, одан пайда болған су қоймасынан канал арқылы насоспен су айдалып, ол су Қазақстан территориясындағы Торғай ойпаты арқылы Орталық Азия жеріне жеткізілуі керек еді. Бұл каналдың ұзындығы 2550 шақырым, ені 150-200 метр, тереңдігі 10-15 метр болмақ-ты. Сол каналмен ағатын суды алғашында 27 текше шақырым, соңынан оны 60 текше шақырымға жеткізу көзделінген болатын. Осы каналдан су ағызу үшін оның бойында бірнеше су қоймасы салынып, оның суы 110 метр биіктікке көтерілуге тиіс болды. Ақыр соныңда бұл жоба Ресей шовенистерінің қарсылығына тап болып, ол жүзеге аспай қалды. Сондағы олардың дәлелі Сібір өзенінен су алынса Солтүстік мұзды мұхиттың экологиясына зиян келуі мүмкін деген жорамал еді.  Ал  шын  мәнісінде  Сібір  өзендерінің  мұхитқа  құятын  суының  көлемі  жауын-шашынның мол немесе тапшы болуына байланысты жылда 50 текше шақырымға ауытқып тұрады екен. Осы фактінің өзінен жоба іске асса Сібірдін экологиясына зиян келеді деу құр байбалам екенін көреміз. Онын есесіне Арал теңізінің суы құрғап, жылда оның табанынан миллиондаған тонна тұз бен тозаң ауаға тарап, бүкіл Орталық Азия халқының денсаулығына, ауа-райына, экологиясына зиянын тигізуде. Арал теңізінің тартылып қалуы Қызыл империяның шовенистік, ұлы державалық саясатының салдары деуге толық негіз бар, себебі оларға мақта мен күріш қажет болды. Сондықтан да Кеңес Одағының мұрагері болып саналатын Ресейдің Арал теңізін экологиялық апатқа ұшыратқаны үшін Орталық Азия халықтарының алдында моралдық жағынан қарыздар.

Ендігі проблема Арал теңізіне Сібір өзендерін бұрып әкеліп оны толтыру немесе оның суымен мақта, күріш суару емес, керісінше, қайткенде Қазақстан халқын ауыз сумен қамтамасыз етуі туралы болмақ. Болашақта осы проблеманы шешудің бірден-бір дұрыс жолы меніңше Обь өзені мен Ертістің бір-біріне жақын келетін жері Барнауылдың төменгі жағынан 80 шақырымдай канал қазып суды насос арқылы Құлынды өзеніне айдаса, ол өз ағысымен Құлынды көліне келіп құяды. Осы көлден Ертіс өзеніне дейін шамамен 200 шақырымдай канал қазып Обьтің суын Ертіс-Қарағанды каналы арқылы орталық Қазақстанға жеткізуге мүмкіншілік бар. Егер де келетін су мол болса оны Есіл, Тобыл, Торғай, Сарысу өзендеріне қосып, бүкіл Қазақстанның тең жартысын және Ресейдің Омбы, Қорған, Түмен облыстарын сумен қамтамасыз етуге болады.          Адамдар да, жануарлар да ауасыз бір минут та өмір сүре алмайды, олай болса өзіміздің секунд сайын дем алып жүрген ауамыздың сапасы қандай?

Әрине бесінші мұхит болып саналатын әлем кеңістігіне қарасаң, ол ұшы-құйыры жоқ шексіз болып көрінеді. Бірақ та аспан әлемін біз дем алатын ауамен толтырылған екен деп түсінбеу керек. Шын мәнісінде жер бетіндегі ауа қабатының қалыңдығы бірнеше шақырым ғана, онан  әрі бос ауасыз кеңістік. Ауамен тек адам ғана демалып қоймайды, оны жер бетіндегі бүкіл тіршілік иесі пайдаланады және жанар маймен жүретін машиналардың бәрі оттегісіз жүре алмайды. Мысалы қазіргі жолаушылар таситын бір ұшақ Атлант мұхитын ұшып өтуі үшін 30 тонна оттегін жағады екен. Дүниежүзі бойынша күнде қанша ұшақ ұшады, қанша машина жүреді, қанша зауыт-фабрикалар, қанша жылу электір станциялары жұмыс істейді, ормандар өртенеді, осылардың бәрі оттегін жағып, көміртегін шығарады. Ал көміртегін бойына сіңіріп, оттегін шығаратын тек өсімдіктер ғана. Олай болса қазіргі біздің дем алып  жүрген ауамыз, жер бетіндегі өсімдіктердің миллиондаған жылдар бойы жасап шығарған ауасы екен. Біз болсақ қазір жер бетінде қалалар, жолдар, өндіріс орындарын, кен шығаратын кариерлер жасап, ормандарды отап, жер бетінде өсетін өсімдіктердің аумағын жылдан-жылға азайтып келеміз. Бұған қоса зауыт-фабрикалардың тұрбасынан, көшеде жүрген машиналардан, үй жылытатын қазандықтардан шыққан түтін ауаны ластап, қала тұрғындарының денсаулығына зиян келтіруде. Оның үстіне ауаға көтерілген түтін күн сәулесінің жерге түсуіне кедергі келтіріп, жер шары бойынша ауа-райының  өзгеруіне себебін тигізуде.

Көбіне біз табиғатты қорғап, оны тиімді пайдалану мемлекеттің, ұйымдардың, шенеуніктердің ғана міндеті,  жеке  адамдарға  оның  қатысы  жоқ  секілді  көреміз. Егер де қоғамның өзі жеке адамдардан тұратынын және табиғаттың байлығын әрбір  жеке адамдардың пайдаланатынын ескерсек, табиғат пен адамдардын тағдыры өзара тікелей байланыста екенін түсіну қиын емес. Оның үстіне жер шары адамзаттың ортақ мекені болғандықтан оны таза ұстап, оған қамқор болу жеке адамдарға да байланысты. Неге десеңіз тұрған үйінің айналасын қоқсытатын, браконерлікпен айналысатын, машинаның түтінімен ауаны ластайтын кімдер? Жеке адамдар емес пе? Сондықтан да табиғатты сақтап, оны қорғау әрбір адамның санасына, патриоттық сезіміне, адамгершілік қасиетіне байланысты. Бұрынғы заманда қазақ жастарын ауыл ақсақалдары, ата-анасы обал, сауап деген ұғымдармен тәрбиелеген болатын. Көк шөпті жұлма обал болады, тірі жәндіктерді өлтірме обал болады, біреуге жақсылық  істесең сауабы тиеді деп, мұсылман дінінің имандылық қағидаларымен тәрбиелеген.

Адам баласы өзінің теріс әрекетімен жерге, суға, ауаға кері әсер етіп қоймай, жер бетінде тіршілік ететін аңдар мен онда өсетін өсімдіктерге де үлкен зиян келтіріп отыр. Адамдардың соңғы ғасырларда өндірісті дамытып, отпен атылатын қаруды ойлап  тапқаннан бергі уақыт ішінде табиғатқа келтірген зияны бүкіл өткен адамзат тарихындағы табиғатқа келтірілген зияннан әлдеқайда көп. Сондықтан да адамдар жер бетінде тіршілік еткісі келсе, өздерінің  мүддесі үшін табиғатты қорғап, салауатты өмір сүруге талпынулары керек.

 

5.4 Әлеуметтік белсенділік – өмірге құштарлық

 

Адамзат қоғамы уақыт өткен сайын күрделеніп, рухани және материалдық байлықты жасауда, қоғамдық қатынаста, әлеуметтік тұрмыста, ғылым мен техниканың және технологияның рөлінің артып, адамдар түрлі әлеуметтік салада еңбек етулері үшін, оларға оқып білім алып, қандай да бір мамандықты меңгеру уақыт талабы болып тұр. Бұл әр адамның өзі өмір сүретін қоғамдағы әлеуметтік жағдайының дұрыс қалыптасуына әсер етеді.

Егер де қазіргі қоғамның даму барысына зер салып көрсек, ондағы басты заңдылық, жеке адамдардан бастап мемлекеттер арасындағы өзара бәсекелестік екенін көреміз. Бұл құбылысты өмірдің әр саласынан байқауға болады. Адамдардың өміріне қажетті материалдық және рухани құндылықтарды жасаудағы сандық және сапалық көрсеткіш, өзара бәсекелестіктегі процесстің негізгі көрінісі болып табылады.

Қазіргі қоғам бірнеше әлеуметтік субьектілерден тұрады. Атап айтқанда әлеуметтік-демографиялық (ерлер, әйелдер, зейнеткерлер), әлеуметтік-территориялық (ауыл, село, қала), әлеуметтік-кәсіптік (еңбек ұжымдары, кәсіптік бірлестіктер т.б.с.с.).

Біз осы әлеуметтік топтарды зерттейтін ғылымды социология деп атаймыз. Оның зерттейтін негізгі объектісі – қоғамның құрылымы мен ондағы әлеуметтік топтардың атқаратын рөлі және жеке адамдардың іс-әрекеттерімен, оның өзара байланыстарының заңы болып табылады.

Әлеуметтану ғылымы қоғамдағы құбылыстар мен процесстерді әртүрлі дәрежеде, бүкіл қоғам көлемінде, болмаса әлеуметтік топтардың деңгейінде немесе жеке адамдар тұрғысынан зерттеуі мүмкін.

Мұның біріншісі: бүкіл қоғамның даму заңдылықтарын анықтайтын макросоциологиялық зерттеу болса; екіншісі: әлеуметтік жүйенің жекелеген құрамдас бөлігін зерттейді. Мысалы, ауылдың, қаланың, өндіріс орындарының әлеуметтік жағдайын зерттейтін социология. Үшіншісі, микросоциология деп аталады. Оның зерттейтін объектісі жеке адамдардың өмірі мен мінез-құлқы, іс-әрекеті сияқты болмыстар мен құбылыстар.

Адам біліммен, ғылыммен, өнермен айналысуы үшін ол әуелі ішіп-жеуі, киінуі, басында баспанасы болуы керек деп уақытында К.Маркс айтқан болатын. Адамдар өздерінің материалдық қажеттілігін өтеу үшін өндірісте еңбек етіп, өмірінің үштен бірін соған жұмсайды. Оның үстіне адам саналы тіршілік иесі болғандықтан, олар бір-бірімен қоғамдық қатынасқа түсіп, өздерінің рухани мәдениетін дамытып өнермен, ғылыммен айналысады.

Ертеректе ғылым мен техника дамымай, еңбек құралдарының да қарапайым кезінде адамдар жұмысты өздерінің дене күшімен атқарғанда, олардың басты мақсаты – тіршілік етіп күн көру үшін тамақ тауып, киім киіп баспана жасау еді. Қазіргі кезде жағдай түбірімен өзгерді, білім мен ғылымның, техника мен технологияның дамуының арқасында, бір адам машинамен мың адамның жұмысын атқара алады. Мысалы, алып экскаватормен жер қазады, мыңдаған тонна жүкті пойызбен алыс жерлерге апара алады, мұнаралы кранмен ондаған қабат үйлер салады. Мұндай мысалдарды қазіргі кезде қоғамымызда жүздеп, мыңдап келтіруге болады. Бұрын адамдар өздерінің материалдық қажеттілігі үшін кез-келген жұмысты атқаруға мәжбүр болса, енді қалауы бойынша көңілдеріне ұнаған мамандықты меңгеріп, жақсы көретін жұмысын жасауға мүмкіншілігі бар. Сонымен қатар, қоғамдағы адамдардың арасында өзара бәсекелестік те пайда болды. Бұл адамдарды жақсы білім алып, сапалы еңбек етуге мәжбүрлейді. Сондықтан әрбір адам өздерінің білімін көтеріп, денсаулығын нығайтып, рухани мәдениетін жетілдіріп, салауатты өмір сүруге талпынуы қажет.

Ол үшін адам жетіліп, тұлғаға айналуы тиіс. Тұлға деп кімді айту керек екенін анықтап алмастан бұрын, біз әуелі “адам”, “ндивид”, “индивидуалдық” деген сөздердің ұғымын түсініп алуымыз керек. Бұл сөздер күнделікті өмірде балама ретінде айтыла береді. Бірақ та бұған терең зер салып, байыппен ойлап қарасақ, олардың мағынасының бір-бірінен үлкен айырмашылығының бар екенін аңғаруға болады.

“Адам” әлеуметтік қатынастардың объектісі және субъектісі болып табылады. Ол белгілі бір қоғамдық қатынастарда өмір сүрумен қатар, онда қимыл-әрекет жасап, әлеуметтік қоғамның қалыптасуына өз үлесін қосады.

“Индивид” дегеніміз әлеуметтік қоғамдастықтардың жалпы адамзат қоғамының жеке өкілі, яғни нақты адам ретінде түсіндіріледі. Индивидтердің  өзара бірігуінің нәтижесінде әлеуметтік қатынастардың жүйесі қалыптасады және “индивид” ұғымы “нақты адам” мағынасында қолданылады.

“Индивидуалдық” деген сөздің мағынасына келетін болсақ, ол басқаларда қайталанбайтын жеке адамның бойындағы өзіндік ерекше қасиетін сипаттайтын ұғым. Бұл ерекшеліктер – биохимиялық, психологиялық, әлеуметтік т.б.с.с. деңгейлерде байқалады.

Тұлға дегеніміз – индивидтің қоғамдағы әлеуметтік дамуының қорытындысы және оның бойынан барлық адамгершілік қасиеттің жоғары сапалары анық көрініс табады. Яғни әлеуметтік өмірде әртүрлі салада бір-бірімен белсенді қатынас жасау арқылы жеке индивидтер жетіліп, әлеуметтендіріліп, олар бірте-бірте тұлғаға айналады. Тұлғаның бойындағы ең басты қасиет, оның әлеуметтік сапасы мен имандылығы болу керек. Әрбір индивид өмірде өзінің ішкі, субъективті ерекшелігімен және сыртқы объективті жағдайлардың әсерімен әлеуметтік даму жолына түсіп, әртүрлі мамандық алып, қоғамда белгілі бір орынды иемденеді. Ол сонымен қатар нақтылы бір міндеттерді атқарып, өзінің беделіне сәйкес құқықтары мен мәртебесін де қалыптастырады.

Тұлғаның қоғамдағы мәртебесі, оның әлеуметтік ортада атқарған міндеттері мен қоғамға сіңірген еңбегі арқылы бағаланады. Индивидтің әлеуметтік мәртебесін сипаттайтын негізгі белгілер: кәсібі, мамандығы, лауазымы, материалдық жағдайы, саяси ықпалы т.б.с.с. жағдайлар болып табылады.

Кейбір адамдардың әлеуметтік мәртебесі ресми түрде заңдастырылмаса да оның жеке басының адамгершілік болмысына, рухани мәдениетіне, имандылық қасиетіне байланысты қоғамдағы қалыптасқан пікірдің әсерінен оның халық арасында беделінің жоғары, мәртебесінің биік болуы мүмкін. Әлеуметтік топтың арасында мұндай иерархиялық мәртебені ранг деп атайды.

Адамның әлеуметтенуі дегеніміз негізінен адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын нығайтып, өмірде өздерінің іс-әрекеті арқылы белгілі бір деңгейге жетуін айтамыз. Қазіргі қоғамымызда адамдардың әлеуметтік даму жолында жан-жақты жетілуіне өмірде барлық жағдай бар. Ол үшін әркім өздерінің күнделікті өмір салтында оның деңгейіне, сапасына, стиліне көбірек көңіл бөліп, салауатты өмір сүруге ұмтылуы керек.

Жер бетінде қоғам құрып, оның рухани-материалдық байлығын жасап, өркениет орнататын адам және оның бәрін олар өздерінің игілігі үшін жасайды. Олай болса әлемдегі басты құндылық адам және оның өмірі екен. Сондықтан біз бірінші кезекте адамдардың адамгершілік қасиеттерін зерттеп, олардың ақыл-ойын, мінез-құлқын, рухани имандылығын жетілдіріп, салауатты өмір сүрулеріне жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана әлемде бейбітшілік орнап, адамдар арасында түсінушілік пайда болып, адамзат қоғамында барлық адамдарға бақытты өмір сүруге мүмкіншілік туады. Қоғам ішінде бірнеше антагонистік қайшылықтар бар, оған мәдениетте рухани құндылық пен материалдық құндылықтың арасындағы, экономикада – байлар мен кедейлер арасындағы, саясатта билік пен бұқара халық арасындағы қайшылықтарды жатқызуға болады. Егер де қоғам ішінде түсінушілік пен тыныштық болсын десек, осы қайшылықтарды уақытында шешіп отыруымыз керек.

Біз алдымызға Қазақстанда демократиялық, құқықтық, әлеуметтік қоғам құруды мақсат етіп қойдық. Енді осы алға қойған мақсатымыз өмірде қалай іске асып жатыр, соған назар аударалық.

Егер де Қазақстан бойынша бүкіл қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму барысына шолу жасасақ, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақсарып келе жатқанға ұқсайды. Бірақ та оған тереңірек зерттеу жүргізіп көрсек, шын мәнінде өмірдегі шындықтың басқаша екеніне көзіміз жетеді.

Адамдардың әлеуметтік тұрмысының жақсаруы экономикамыздың дамуына байланысты екені белгілі. Бүгінгі күні біздің экономикамыз даму үстінде десек, ол табиғаттың байлығын, яғни шикізатты (отын көзін, кен байлықты, астықты) экспортқа шығару арқылы онан түскен қаржыға шет елдерден тұрмыстық тұтыну тауарларын, азық-түлікті, техниканы импорттау жолымен халықтың күнделікті қажеттілігін қанағаттандырып отырмыз. Егер де алдағы уақытта да осы бағытта жүре берсек, біз мұндай жолмен алысқа бара алмаймыз.

Егер де экономикамызды дұрыс дамытқымыз келсе, біз өркениетті, дамыған шетелдерден дайын өндіріс тауарларын емес, олардың технологиясын пайдаланып, өндіріс орындарын салып, шикізатымызды өзімізде өңдеп, оны халық тұтынатын тауарға айналдырып, өзіміздегі тұтынушылардың сұранысын қанағаттандырып, артығын шетелдерге экспортқа шығарсақ, онан әлдеқайда көп пайда табуға болады. Әрі өзімізге жұмыс орнын көбейтіп, адамдарға мамандығы бойынша жұмыс істеуге жағдай жасап, олардың әлеуметтік сұранысын қанағаттандырып, салауатты өмір сүрулеріне мүмкіндік тудырар едік.

Адамның табиғи физиологиялық қажеттілігінің белгілі бір мөлшері бар екеніне қарамастан, жалпы материалдық қажеттіліктер ғылыми-техникалық прогресстің дамуына байланысты үнемі өсіп отырады. Осы қажеттілікті өтеу үшін адам өзінің еңбегі арқылы рухани-материалдық игіліктерді жасайды. Жылма жыл адам санының көбеюіне және тұтыну талабының өсуіне байланысты қоғамда экономикалық игіліктер мол болуы керек және оны табиғаттан өндіру үшін көп еңбек пен мол қаржы жұмсалуға тура келеді. Сонымен қатар материалдық игілікті жасауға табиғи ресурстар (металл, отын, су) еңбек ресурстары (адамның білімі, тәжірибесі, қабілеті) керек.

Нарық жағдайында тауар ақшаға, ақша тауарға айналу процессі тоқтамай қайталанып отырады. Мұндағы басты принцип тауар сатушылар мен оны сатып алушылардың арасындағы тығыз қарым-қатынастың болуы.

Нарықтық экономикада тауар нарығы, капитал нарығы, валюта нарығы сияқты ұғымдар бар. Мұндағы негізгі мақсат адамдардың сұранысы мен ұсыныс қажеттілігін қанағаттандыру.

Әрине нарықтық экономикада меншіктің барлық түрлері әрекет етеді. Бірақ та оларды бақылап, оны бір жүйеге келтіріп отыратын мемлекеттің экономикалық саясаты болуға тиіс. Оның басты мақсаты – нарықтық экономиканың құқықтық негізін қалыптастырып, мемлекеттік бақылау орнату және әлеуметтік қамсыздандыру шараларын жүргізу. Мемлекет осы міндеттерін атқару үшін ол әкімшілдік амал, қаржылық амал, институттық амал сияқты саясат жүргізеді.

Егер де қоғамда бір адам қаншалықты бай болса, жүздеген, мыңдаған адам соншалықты кедей болады. Негізінен табиғаттан алынатын материалдық байлықтың саны да, сапасы да бірдей, тек оны адамдар арасында бөліске салу кезінде әділеттілік болмай, ол біреулерге көп, екіншілеріне аз тиіп жатады. Аз алатындар сол байлықты жасайтын жалдамалы жұмысшылар болса, онан түскен табыстың көбін өзіне меншіктенетін сол өндірістің  қожалары. Былайша айтқанда, азабын еңбекшілер, ал игілігін қожайындар көреді. Осыдан келіп еңбек пен капиталдың арасында антоганестік қайшылық пайда болады.

Бұрын социалистік қоғам кезінде жекеменшікке шектеу қойылып, адамдардың бәрінің материалдық жағдайы бірдей болды деуге болады. Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, қоғамдық байлықты жекешелендіру кезінде әділдіктің болмауы салдарынан, аздаған уақыттың ішінде кейбір адамдар шіріген бай болып, көпшілік қауым сіңірі шыққан кедей болып шыға келді. Сонда бір күннің ішінде бай болған адамдар миллиондаған қаржыны қай еңбегімен тапты деуге болады? Әрине адамдардың көбі қоғамдық мүлікті заңсыз жекешелендіру, болмаса пара алу немесе басқаны алдап-арбау арқылы байыған адамдар. Осыдан келіп, қоғам ішінде әлеуметтік теңсіздік туып, оның соңы бай мен кедейдің немесе билік пен бұқара халықтың арасында қақтығыстарға әкелуі мүмкін.

Қазіргі жағдайда қоғамымызда бұл проблеманы шешудің бірден-бір дұрыс жолы, ол өте бай мен тым кедейдің санын азайтып, орта топтың санын көбейту. Әрине билік басындағы үкімет елде әлеуметтік толқулар болмай, қоғамның бір қалыпты тыныштықта өмір сүргенін қалайды. Қазіргі экономикалық дамыған елдерде орта топтың санының көбеюіне байланысты әлеуметтік қақтығыстар саны азайып, қоғам бейбіт жолмен дамуда. Көбіне бұқара халық шерулер мен көтеріліске күнкөріс деңгейі төмендеп, жұмыссыздық көбейіп, жұмыс істейтіндердің жалақысы аз болып, қайыршылану бұқаралық сипат алған жағдайда шығады.

Әрине Қазақстан сияқты тәуелсіздігін жаңадан алған және көп ұлттың өкілдері тұратын, әрі мемлекет құрушы ұлт қазақтардың ұлттық санасының, рухани мәдениетінің, тілінің бекіп бір арнаға түсе алмай жатқан кезінде қоғам ішінде, әлеуметтік топтардың арасында наразылық туып, ол толқуларға апарса, біздің мемлекеттік тәуелсіздігімізге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да адамдар шыдамдылық танытып, барлық қиыншылықтарға төзімділік көрсетіп, сабырлылық сақтап, барлық даулы мәселелерді бейбіт жолмен, ақыл-парасатқа салып шешкен жөн.

Егер де осында тұратын барлық халық Қазақстанды Отаным деп санап, оның әлеуметтік, рухани, саяси дамуына өздерінің азаматтық үлесін қосып, мемлекетіміздің заңдарын орындауға ұмтылса және қазақ халқының тілін, дінін, салт-дәстүрін сыйлап, оның дамуына түсінушілікпен қараса, қазақ халқы басқа ұлт өкілдерін диаспора деп шеттетпей, оларды өздерінің бауыры ретінде көретіні шүбәсіз.

Біз күнделікті тұрмысымызда әлеуметтік белсенділік көрсетіп, қоғамымызда салауатты өмір салтын орнатуға ұмтылсақ, әділетті қоғамда өмір сүруге құштарлығымыз артып, бақытты болатынымызға күмән жоқ.

 

5.5 Бостандықта өмір сүру – әр адамның арманы

 

Адам баласы өмір сүруге қандай құштар болса, бостандықта болуға да сондай құштар. Себебі бостандықсыз өмірдің мәні жоқ. Мысалы, қылмыс жасаған адамды бостандығынан айырып, түрмеге отырғызып қояды, олай болса бостандықтың маңызын осы фактінің өзінен де көруге болады.

Бостандық дегеніміз – адамдардың басқалардан қысым көрмей, еркін ойлап, еркін сөйлеп, еркін іс-әрекет етуге мүмкіншілігінің болуы. Былайша айтқанда адамдар өздерінің түсінігімен, сенім-нанымымен заңның шеңберінде, қоғамдық тәртіпті бұзбай, өмір сүруі және олардың санасында қауіп, үрей, қорқыныш сияқты жағымсыз сезімдердің болмауы. Әркім күнделікті өмірде үйлесімді өмір сүріп, ұнамды іспен айналысып, еркін жүріп-тұрса, олар өздерін бостандықта сезінеді.

Бостандықты саяси, құқықтық, психологиялық, экономикалық, моральдық сияқты бірнеше мағынада түсінуге болады және ол жеке адамның, әлеуметтік топтың немесе тұтас бір ұлттың бостандығы туралы да болуы мүмкін. Бұған дәлел, біз тарихтан құл иеленушілік қоғам, ұлт-азаттық қозғалыс, таптық күрес туралы жақсы білеміз және мұның бәрі бостандық үшін күрес болатын. Бірақ та бостандық дегеніміз, әркімнің ойына не келсе соны істеуге ерікті деген сөз емес. Адам өзіне қанша бостандықты қажет етсе, оның соншалықты міндеті де болуға тиіс. Себебі адамның бостандықпен бірге жауапкершілігі де бар. Былайша айтқанда, бір адам екінші адамның бостандығына кесел келтірмеуі керек. Жеке адамдар қоғамда бір-біріне тәуелді және олардың арасында тығыз диалектикалық байланыс бар.

Жеке адам сол қоғамның азаматы болғандықтан, ол сол мемлекеттің заңдарына бағынуға тиіс және ол заңды бұзғаны үшін тиісті жазасын алып отырады. Әрбір мемлекет өзінің ата заңында азаматтарының құқығы мен міндеттерін анық көрсеткен және ол заңдар халықаралық қауымдастықтың адам құқығы мен бостандығын қорғау жөніндегі декларацияларға қайшы келмеуі керек.

Адамзат қоғамы дамыған сайын мемлекетаралық саяси, экономикалық, рухани байланыс нығайып, олардың бір-біріне ықпалы да артып келеді. Қазіргі мемлекеттердің саяси құрылымы демократиялық, авторитарлық, тоторитарлық режим болып бірнеше түрге бөлінеді. Бүгінгі ақпарат құралдарының жетістігі арқасында, бір елде болып жатқан уақиға тез арада бүкіл дүниежүзіне тарайды. Сондықтан да әрбір ел халықаралық қауымдастықтың алдында өзінің беделін сақтау үшін, азаматтарының құқығы мен бостандығының бұзылмауына мүдделі. Бірақ та барлық жерде бұл қағида толығымен орындалады деп айта алмаймыз. Мысалы, Кеңес Одағы кезінде халықты демократиялық жүйеде өмір сүресіңдер деп сендіріп келген болатын. Бірақ та Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін, біз тоторитарлық қоғамда өмір сүргенімізді түсіндік. Себебі ол кезде әртүрлі хабар алудың еркіндігі болмағандықтан, адамдардың ненің шын, ненің өтірік екенін салыстыру арқылы таңдауға мүмкіншіліктері болмады. Ресми идеология болса, көп жылдар бойы адамдардың санасын түрлі айла-тәсіл қолдану арқылы оны өзінің бақылауында ұстады.

Біз бостандықты бірнеше мағынада түсінуге болатынын айттық. Соның ішінде саяси бостандыққа келетін болсақ, ол көбінесе бұқара халық пен саяси биліктің арасындағы қатынасқа байланысты. Егер ол демократиялық қоғам болса, онда билік пен халықтың арасындағы қатынас сайлау арқылы демократиялық институттардың бірқалыпты жұмыс істеуіне жағдай жасаумен реттелініп отырады. Демократиялық жүйенің қағидасы бойынша адам құқығы, сөз бостандығы заң бойынша бекітіліп, адамдардың шеруге шығуға, жиналыс өткізуге, ақпарат таратуға құқықтары болуы керек.

Егер де ол авторитарлық немесе тоторитарлық жүйе болса, ел басқаруда бюрократтық әкімшілдік-әміршілдік тәсіл күш алып, әр кез адамдардың құқығы мен бостандығы бұзылып отыруы мүмкін.

Экономикалық бостандық дегеніміз – адамдардың еңбек етіп, өзінің материалдық қажеттілігін қамтамасыз етуге құқығының болуы. Мұны біз әлеуметтік бостандық дейміз. Адамзат тарихында ғасырлар бойы талқыланып, бірақ та осы кезге дейін толық шешімін таппай келе жатқан мәселе – осы қоғам ішіндегі әлеуметтік теңдіктің жоқтығы. Мұндағы басты қайшылық көпшіліктің кедейлік жағдайда қалуы. Осыған байланысты қоғам таптарға бөлініп, олар бір-бірімен тартысқа түсіп (еңбек пен капитал) келеді. Оның басты себебі, адам өзіне қажетті материалдық байлықты табиғаттан алады. Бірақ та табиғаттан алынған байлық адамдардың арасында тең бөлінбеуінің салдарынан, біреулер қанша байыса, екіншілер сонша кедейленеді, осыдан келіп қоғам ішінде әлеуметтік теңсіздік пайда болады. Бұл құбылыстың бірнеше объективті және субъективті себептері бар:

Көп адамдардың табиғи жаратылысында олардың қабілеті әртүрлі болып келеді. Мәселен, біреулер өмірде ақылды, белсенді, еңбекқор болса, екіншілері, жігерсіз, еріншек, енжар. Осыдан келіп олардың арасында материалдық теңсіздік пайда болады.

Қоғамда капитал иелерінің қолында өндіріс құралы мен қаржы болса, еңбекшілердің қолында тек еңбекке деген қабілеті-ғана бар.  Соның салдарынан жұмыс берушілер мен жалданушылардың арасында әлеуметтік-құқықтық теңсіздік орнайды.

Әр кез қолында капиталы бар адам билікке жақын болады, яғни оларда өз мүддесін қорғауға мүмкіншіліктері көп. Оның үстіне оларға өзінің білімін көтеруге, денсаулығын нығайтуға, мәдениетпен айналысуға жағдайлары мол, сол себепті олар өмірде бәсекелестікке қабілетті болып келеді.

Адамға тіршіліктегі ең қымбат нәрсе ол оның ары мен намысының таза болуы. Адам өмірде ізгілікті іс істесе де, зұлымдық іс істесе де бірінші кезекте жеке арының алдында жауап береді. Сондықтан да әрбір адамның рухани бостандықта болулары шарт.

Рухани бостандық дегеніміз – адамның ішкі жан-дүниесінің “мені”. Сол арқылы ол өзінің мінез-құлқын, адамгершілік қасиетін білдіруге ерікті. Егер де адам рухани бостандықта болса, ол еркін адам ретінде өзінің бостандығын пайдаланып, ізгілікті іс істеу арқылы бойындағы адамгершілік қасиетінің мәнін білдіруіне мүмкіншілігі болады. Рухани бостандықтағы адам қоғамдағы заңдардың шеңберінде қамалып қалмай, онан әлдеқайда кең, бүкіл адамзат құндылықтарын басшылыққа алады. Адамзат құндылықтарының негізі адамға және табиғатқа деген адамдардың құрметі мен махаббаты.

Жеке адамның өмірінде кездесетін қандай да бір жағдай болмасын, оның басты себепшісі сол адамның өзі болып табылады. Сондықтан әрбір адам әуелі сол проблеманы шешуден бұрын оның пайда болу себептерін анықтап алуы керек.

Адамның сыртқы болмысты қалай түсініп, қабылдауы оның ойына, яғни ішкі жандүниесіне байланысты. Егер де ол өзінің ішкі сана-сезімінде сыртқы болмыстың жақсы жағын қабылдаса, оның ойы да жақсы болады, егер жаман жағын қабылдаса керісінше болуы мүмкін. Сондықтан да адам барлық уақытта да жақсы ойда болып, өзінің көңіл-күйін таза ұстауға тырысуы керек. Сонда ғана адамның өмірде кездесетін кедергілерден туындаған проблемаларды оңай жеңіп, өзінің ойлаған мақсатына жетуі жеңілірек болады.

Адамның бұл өмірде бақытты немесе бақытсыз, бай немесе кедей, жақсы не жаман адам болуы бірінші кезекте адамның санасына және оның рухани имандылығына, былайша айтқанда адамгершілік қасиетіне тікелей байланысты. Олай болса адам бақытты болып, әділетті қоғамда өмір сүруі үшін әуелі ол өзін-өзі тәрбиелеуден бастауы керек.

Қазіргі Қазақстанда тұратын адамдардың бостандықта, яғни, әділетті қоғамда өмір сүрулеріне толық жағдай бар. Конституциямыздың бірінші бабында “Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп анық жазылған. Біздің міндетіміз – осы құқықтарымызды дұрыс пайдаланып, өзіміздің азаматтық парызымызды адал орындап, қоғамымызда салауатты өмір салтын орнатуымызға толық мүмкіншілігіміз бар. Жеріміз кең, табиғи байлығымыз мол, елімізде әр ұлттың өкілдері өзара түсінушілік пен татулықта өмір сүріп жатыр.

Әрине кемшіліктер де жоқ емес, атап айтсақ, қоғамымызды жайлаған жемқорлық пен парақорлық, адамдардың имандылық қасиетінің жұтаңдығы, қазақ халқының бір бөлігінің ассимиляцияға ұшырап өзінің ана тілін білмеуі.

Біз осы кемшіліктеріміздің салдарын жою үшін әуелі оның пайда болу себептерін зерделеп, талдап, анықтап алуымыз керек.

Қоғамымыздағы  парақорлық пен жемқорлықтың өршіп, нашақорлық пен маскүнемдіктің   көбею себептері:

Мемлекетімізде демократиялық институттардың әлсіздігінен бюрократия күш алып, халық пен биліктің арасындағы байланыстың берік болмауы.

Елімізде осы кезге дейін адамдардың басын біріктіріп, бәрін бір мақсатқа жұмылдыратын ұлттық идеологияның жоқтығы.

Адамдарды адамгершілікке, имандылыққа, ізгілікке тәрбиелейтін ресми, не қоғамдық ұйымдардың болмауы салдарынан адамдардың Отанына деген патриоттық сезімінің жетіспей және күнделікті өмір салтында моральдық нормаларды ұстанбай, берекесіз өмір сүруі.

Біз күнделікті ақпарат құралдарынан қоғамымызда рухани мәдениетіміз құнсызданып, адамдардың  имандылық қасиеті азайып кетті деген пікірді көп естиміз. Оның себебі:

Кеңес дәуірінде партия идеологиясының күштілігінен адамдар сол кездегі насихатталған моральдық кодекске сеніп, болашақта коммунистік қоғамда бостандықта өмір сүреміз деп ойлады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары адамдардың бұл үміті ақталмай, коммунистік идеологияның шындықтан алыс екені белгілі болғаннан кейін, адамдар ештеңеге сенбей тек күнкөріс қамын ойлайтын болды.

Кеңес Одағы кезінде коммунистік партия атеизм идеясын жүргізіп, адамдарды діни моральдан қашықтатып жіберді. Сол себепті адамдар Құдайға сенбей, дінді сыйламай, моральдық құндылықты бағаламай адамгершілік қасиетін азайтып алды.

Егер де республикамызда осы кезге дейін толық шешімін таппай келе жатқан тіл мәселесіне келсек, бұл Ресей отаршылдарының бірнеше ғасырлар бойы қазақ халқын бодандықта ұстап, оны рухани мәдениетінен айыру мақсатында жүргізген ұлы державалық шовинистік саясатының салдары. Қазақстан саяси тәуелсіздігін алғаннан кейін де мұның қоғамдық проблема болып қалуында да бірнеше себептер бар.

Республикамыздағы саяси элитаның ассимиляцияға ұшырап, ұлттық рухани мәдениеттен қол үзіп қалуы салдарынан осы кезге дейін отарсыздандыру саясатын жүргізбей, бұрынғы интернационалдық идеологияның ықпалында қалуы.

Қазақ халқының бірнеше ғасырлар бойғы бодандықтың кесірінен қоғамдағы әлеуметтік дамудың ең төменгі сатысында болып, ұлт санасының әлсіздігінен өзінің мүддесін қорғауға келгенде саяси жігерінің жетіспеуі.

Қазақ халқының саяси тәуелсіздігін алуына байланысты Қазақстанда тұратын орыс диаспораларының кейбір өкілдері Одақ кезінде өзін мемлекет құрушы немесе титулды ұлт дәрежесінен айырылып қалғанына көнгісі келмей, кейбір жағдайда арандату әрекетіне баруы. Мұның бәрі уақытша психологиялық келеңсіздік, бұл проблеманы халықаралық қағидаларға сүйене отырып бейбіт жолмен шешуге болады. Былайша айтқанда бәріне уақыт төреші және мезгілі келгенде бәрін де өз орнына қояры анық.

ХХ ғасырдың аяғында қазақ халқы өзінің ұлттық тәуелсіздігіне қол жеткізді. Енді бізге Еуразия құрлығының қақ ортасында өзіміздің ұлттық өркениетімізді құрып, оны дамытуға толық мүмкіндік туды. Оған Қазақстанның тарихи, мәдени, экономикалық  жағдайы толықтай жетеді.

Тарихи жағдайға келетін болсақ, қазақтар адамзат тарихындағы көшпенділер өркениетінің орталығында орналасқан ел және ол көшпенділер мәдениетін өзінің бойына толық сіңірген халық, сондықтан да олар көшпенділер өркениетінің заңды мұрагері болып саналады.

Мәдениет жағынан Қазақстан Еуразия құрлығының түйіскен жерінде орналасқандықтан Ислам, Христиан, Буддизм діндерінің әсерімен Шығыс пен Батыстың мәдениетін тең меңгеріп, отырықшылар мен көшпенділердің тұрмыс-салтын қатар ұстанған халық. Сондықтан болашақта қазақтар Батыстың технология жетістігінің негізінде пайда болған материалдық байлығы мен Шығыстың дәстүрлі мәдениет негізінде пайда болған рухани байлығын ұштастырып, өзіміздің салауатты өмір салты қоғамын құруға тиіс.

Экономикаға келсек, жеріміздің кеңдігі (әлем бойынша 9-шы орында) және табиғи байлығымыздың молдығын пайдаланып, қазіргі  ғылым мен техниканың дамыған заманында экономикамызды өркендету онша қиын проблема болуға тиіс емес. Тек ол үшін адамдардың осы салада саналы еңбек етіп, нарықтық экономиканы меңгеріп, халқымыздың материалдық сұранысын қанағаттандыруға деген талпынысы болса жетіп жатыр.  Олай болса ХХІ ғасырда қазақ халқы өзінің төл өркениетін жасап, салауатты өмір салтымен өмір сүруіне толық жағдайы бар.

 

 

 

 

 




One Response to Рухани мәдениет

  1. Бейбіт says:

    калай скачать етіп аламыз

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑