banner-top12

Әдебиет no image

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2013 | 849 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Сәлем хат.   Екі өлең – екі өмір

 

 

Адам баласының өмірі бейне көк күмбез аспандағы ай тәрізді. Бірде солады, бірде толады, бірде қас сұлудың қарақат қасындай керіліп қырланады, бірде аспандай мұнартып сұрланады, бірде дақылы толған дәндей толықсып сабағында ырғалады, бірде дақылынан айырылған қауыздай қуырылады, бірде айдай батып қап-қара түндей қараяды, бірде таңдай атып аппақ болып ағарады, бірде шіліңгір шілдедей ысып атады, бірде қаңтардай суып қатады…

Я, солай да солай, бұл өмір…

Он бесі жарық, он бесі қараңғы ай тәрізді адам өмірінің де қыры мен сыры көп, шыны мен шыңы мол-ақ. Өмір мен өнер тіршілік соқпағында тоқпақталып. шыңдалып шың басына шығып жатады.

Аз өмір, қысқа ғұмыр санаулы уақыт, күйкі тірлік, күйбің жұмыс, жүк ауыр, жол бұраң, өмір күрделі, сан -сапа ой, сапырылған қиял, сала-сала сезім, түйіншекті түйсік, бәрі-бәрі де шақшадай басыңды шарадай етеді…

Көптен бері қолыма қалам алмай жүр едім. Асан Әбеуұлы арқылы қолыма бір хат тиді. Ол хат танымал ақын ағамыз Сіламқат Сейітхамзаұлының 1992 жылы 12 айдың 13-күні «Шинжиаң» газетінде басылған «Тарғыл таумен тағдырым бір соғады» деген өлеңі мен 1993 жылы 10 айдың 1-күні «Іле газетінде» басылған «Шашыда туған толғау» деген өлеңі бар екен. Ол ағамыз осы екі өлеңді оқы деп арнайы Құлжа қаласынан почта арқылы маған жолдапты.

Иә, ақын ағамыз өлеңін былай бастайды:

Келеді ғұмырымды тауда кешкім,

Басса дағы төбемнен таудай көшкін.

Тарғыл таумен тағдырым бір соғады,

Үйткені, мен ұлы  алып тауда өстім.

Тау мамасын ембеген жоқ-ау ешкім

Тау ажары мәңгілік болмайды өшкін.

Тауға тартқам,

Пейлім таудай дарқан.

Тар пиғыл тағылық пен қандай өшпін!

Ақ көңіл адалдықпен балдай доспын.

Келеді зұлымдықты талдай кескім.

Қаныма сіңіп кеткен тау рухы

Жатсам-тұрсам әніме талмай қостым.

Жә, қызық…

Қызық емес. Хикмет өлең, керемет дүние. Тауда туған, таудай арман қуған, тау бұлағындай таза сезімді, мөлдір жүректі, даладай дарқан асау қиялды, арда ақынның ақ –жарқын аңқылдаған мінезі аңғарылып-ақ  тұр.

Тұрған жоқ.

Әуелі пәктікке, тазалыққа, мөлдірлікке, шындыққа, ақиқатқа болған ақ жарма сезімі өлең өрнектерінен ақ маржандай төгіледі, күн сәулесіндей көзге ұрып қараңғы кеуделерге сәуле түсіреді. Биіктікті, өрлікті, өнерді, кемелдікті, кереметті, кемеліне келтіре айтады. Алып таудай асқақ жырмен жырлайды. Тар пиғыл мен тағылықты, оспадарлық пен опасыздықты талдай кеседі, түйреп түйіншегін шешеді, оқ сөзді өңменінен өткізеді, жамандықты жанынан кеткізеді, айыптап айтады, айғақтап жазады.

Ақ көңіл адалдықпен балдай достасады. Жақсылықпен, тау тұлғамен жанасып жарасады.

Я, ақын солай болуы керек-ақ!

Арда ақын осындай ағыл-тегіл, ұлан-ғайыр ойын, ұлан- асыр сезімін, түйедей емес, түймедей сөзге сыйғызады. Тарғыл тау мен тағдырын бірге соққызады. Сөйтіп, даладай дарқан даңсалы ойын оқырманға оп-оңай жеткізеді. Өлең әрі қарапайым, әрі ұғынықты. Бұл өлеңді хан оқыса да, қара  оқыса да бірден түсінеді. Әр кеудеге, ар кеудеге өлең шамы жап-жарық болып жана қалады. Сезімге де жып-жылы боп қона қалады.

Өлеңде ұғылмайтын сөз, бұлдыр ой, алыпқашпа қыдырма қиял жоқ. Бәрі ақ кіреуке көйлектің ақ маржан түймесіндей орын –орнында қадалып тұр. Қарапайымдылықтан жарасым тауып жарқырап тұр. Мазмұн да, пішін де бар. Бейне топыраққа көмілген алтындай өлең астарында арқырап ағып ой өзені жатыр. Бізге соны түсіну ғана керек…

Жә, арда хан ағамыз екінші өлеңінде бір ғажайып сезімге сырлы қиялға  көшеді. Аса көркем де келбетті Шашы жайлауында таңғажайып табиғатпен сырласады. Шашының көз тойғысыз сымбатына жыр арнап жазады:

Жайлау мынау, дала мынау, тау мынау,

Жасаңыға аунап бір жадырып қалдым-ау.

Шашы деген шалқып жатқан жер екен

Жасыл манат, күміс өзен, сал жырау

Балқарағай, балауса гүл, ну орман,

Ақын жігіт шабыт шақыр, жар ойлан.

Тауда есіме келді, тау тағысы

Тағы болған жақсы екен-ау бір ойдан.

Сұлу мүсін суретің тым хикымет

Қатпарында жатыр қандай сыр түнеп

Қарағайлы қалың қолға ұқсатам

Жауын қуып бара жатқан дүркіреп.

Иә, иә, ақын ағамыз Шашы тауларына аса ғашық көзбен қыдырады. Көк кілемдей көсіліп жатқан көк балауса, көк төскейге келіп, торы айғырдай арқырап аунап-аунап түседі. Тау қатпарларында ғасырлар түнеп жатқан құпия сырлармен сырласады. Күміс өзен, сал жыраумен тіл алысады. Қайсар қарағайларды жауын қуған қалың қолға ұқсатады. Жасыл манат жазиралы тауда таң қалып, тағыға ұқсап, дара түнеп, ой орманында жалғыз жатқан сұлу ойлы, тәтті қиялды ақынды ойлашы?..

Қандай керемет, керімсал ой, сырлы сезім, жұмбақ қиял, ұжымақ көңіл деші!

Өнер қуған, алып ой туған ақын үшін өмірінің осындай бір тәтті сәті, мағыналы кезі, шалқар шабытты шағы, қандай рахат тірлік деші, мұндай рахатты сезбей кеткендер де бар ма деші?!

Мөм- мөлдір аспан астында, көк майса кілем үстінде, сырнайлы өзен жағасында, жасыл орман арасында, балауса гүл сағасында, бұлбұл әнін тыңдап, жүзік көзіндей мөлдіреп, ақ маңдайын күн сүйіп, ақ жарма сезіммен жатқан ақын – анадан қайта түлеп туғандай күнәсіз күй кешіп жатпай ма!? Ақ маржан сезім ондайда ақ жауындай нөсер боп төгілмей ме!? Жүрек пен ми мөлдіреп әпден тазармай ма!?

Міне, ақын дәл осындай тұста сұлу табиғатқа еркелеп, еркін тіл қатады. Өлең жазып, өнерден ескерткіш қояды. Иә, туған жер тұнығын тұншықпай жазған деген осы. Өлең-өнер деген осы. Арда-арнау деген де осы..

Жә, Слай аға, өлеңіңізді мейірлене оқыдым. Сізге баға бергелі отырғам жоқ. Бағаңыз үлкен, тау секілді адамсыз, заңғар ақынсыз, алып азаматсыз, өлең өнер жолыңыз да үлкен. Сіз одан да, таудан да үлкеймесеңіз әсте кішіреймейсіз. Алдыда жарқын болашақ бар. Егеменді ел еркін қазақ мемлекеті бар.  Өнер өлкеміз сол жер, сол ел. Әлі-ақ қанатты қиялдар, шалқар шабыттар, мөлдір сезімдер, өрелі өлеңдер көк ту астында, гербі қасында марқаланып туады. Сізге сәт сапар!

Ұлғая беріңіз, ұлылана беріңіз, қартайған қарт шағыңызды көруге Алла нәсіп қылғай!

Сіздің қадірлі қаламдас ініңіз сізден соны күтеді, күзетеді. Құрметпен Болат Бопайұлы Жота қажы, 2002 жылғы қазанның 25- жұлдызы.

Үрімжі қаласы. Түн. Далада жібек қанат жел еседі…

                                                                                         

Болат Бопайұлы Жота қажы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑