banner-top12

Әдебиет 074fc766-201f-4eff-bbec-2bf42d48fd45 (1)

Қосқан уақыты Наурыз 31, 2019 | 430 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

1

Сағыныш жүрегімнің төл меншігі

Әділет АХМЕТҰЛЫ 1986 жылы 25 қыркүйекте Қытай Халық Республикасы, Алтай аймағы, Бурылтоғай ауданы, Қармағай ауылы, Таңбалы қыстағында дүниеге келген.

2012 жылы Пекиндегі орталық ұлттар университетін Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тамамдап, Шинжяңдағы «Мұра» журналында тілші және редактор болып қызмет атқарған. 2014 жылы атажұртқа оралған.

Бала кезінен әдебиетке аса бір әуеспен келген Әділеттің «Қарғалдақ махаббат» атты өлеңі 2008 жылы Шинжяңдағы «Құмыл алқабы» журналынан жарық көргеннен бері, «Шинжяң газеті», «Алтай газеті», «Іле жастары», «Шұғыла», «Мұра» сынды ел іші-сыртындағы түрлі басылымдарда 80-ге жуық өлеңі, мақалалары және аудармалары жарияланған. Арғы бетте жүрген студент кезінде еліміздегі «Сыр дидәрі», «Қала мен дала» газеттерінде жас ақынның өлеңдеріне орын берлілген. «Сан ғасырлық сағыныш», «Күрең бел» қатарлы жинақтарға өлеңдері енген. «Таңшолпан», «жалын», «үркер» журналдарында шығармалары жарық көрген. «Ақ ала ордам қонған жұрт» атты поэмасы Астананың 15 жылдығына орай «Қазконтент» акционерлiк қоғамы ұйымдастырған жыр мүшәйрасының 2 дәрежелі жүлдесін, “Қаз-айтыс” сайты ұйымдастырған “Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы” жобасының ай жеңімпазы жүлдесін, 2016 жылы қазанда «Алматы — тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық жыр мүшәйрасының бас жүлдесін еншілеген.

Әділет АХМЕТҰЛЫ қазір А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтында қызметкер.

 

Қомға барған

Қомға  бардым дейсің бе,
Қомның елі есен бе?!
Жонға шықтым дейсің бе,
Бөрі жортқан мекенде.

Көлін көріп Қанастың,
Таңдандың ба суына.
Туырдығын қазақтың
Ту қып ілген нуына.

Терлігі еріп атыңның
Нарөркешке шықтың ба?
Нар тұлғалы ақынның
Назын сонда ұқтың ба?

Қарағайлы кәрі аңғар,
Қабақ шытпай тұр ма екен ?
Тау көрмеген адамдар,
Таңырқасып жүр ме екен ?

“Қой көрмеген қуалап
өлтіреді ” деуші еді.
Тау көрмеген туа жат,
Тауды басты-ау еңселі.

Алтай аман тұр ма екен,
Етегі – гүл, басы – қар.
Менің жырым жыр ма екен,
Аяғы – өлең, басы – зар?!

Ұлы шыңға көп қара,
Ұлылыққа ғашық боп.
Туған жер деп отқа да
түсуден зор бақыт жоқ.

Сол бір ғажап әлемге,
Қоныс теуіп қонды Алаш.
Құтты жұртқа сәлем де,
Күтсін мені Қом, Қанас.

Еркек тау

Алтайдың суы еркек-ті,
Тасы да еркек, ер мінез.
Бабалар айтқан ертекті,
Өнеге қылар келді кез.

Ертекшіл көңіл нағылсын,

Аты шықпаса жерді өртеп.
Қарағай менен самырсын,
Сенсеңіз маған, ол да еркек.

Айтқаным менің өр Алтай,
Шығыстап жатқан жүлгесі.
Айбатты шыңдар, ерен сай,
Алтын қалаған іргесі.

Терең тарих толғаған,
тербелген мынау ғаламға.
Өзге тауларда болмаған
Тым асқақ мінез бар онда.

Ізгілік жұтып, іштім де,
Еркек суынан бір үрттам.
Ер мінез тастың үстінде,
Ежелгіге көз қыдыртқам.

Аспанды сұрға бойап ап,
Шудалы бура бұлт аунар.
Еркек орманға саялап,
Ержігіт мінген тұлпарлар.

Ежелгі баба, ұлысың,
Таныған бәрін түйсікпен.
Топырақтың да жынысын
Ажыратқан соң үй тіккен.

Кімдерді Алтай таң қылмас,
Ғасырдан қалған ізді көр.
Құлдыққа құрық салдырмас,
Шүу асау болды біздің ел.

Терең тарих толғаған,
Тербелген мынау ғаламға.
Өзге тауларда болмаған
Тым асқақ мінез бар онда.

Жермен серттесу

Қара Ертіс мен өзіңді қатты аңсадым,
Мақтанып көп жыр жазды мақтаншағың.
Мүмкін мен ең соңғы рет көрдім сонда,
Боз жусанның омырау қаққан шағын.

Сол жылы тауға тарттым әкеме еріп,
Іздедім ізгілікпен етенелік.
Көктеулік, Көкебұлақ, Қайрақтының
Суына жығылдым мен жете беріп.

Тас тарих күй шертсе қатпарынан,
Мен оған мұңымды айтып ақтарылам.
Балтырымды ала алмай көп бұлқындым,
Балалықты ап қалған батпағынан.

Қара жер қарсы алдымда қақ бөлінді,
Құла тау, құба жондар қатты егілді.
Көне жұрттың орынын көргенімде,
Көзімнен қышқыл- қышқыл жас төгілді.

Көпқұдық, Бөлекадыр, Жылыбастау,
Сылдыр-сылдыр қамыстар сырын ашты-ау.
Жапанда жалғыз жиде қол бұлғайды,
Тамыры егде тартқан, бүрі жастау.

Асқанда кезеңінен Жыландының,
Іішімнен қайталадым бір әнді мың.
Арда Алтай бір танытты асқақтығын,
Қырандар бір танытты қырандығын.

Өтті жылдар, сол сапар кетпей естен,
Көкейге елес болды көктей өскен.
Аңсары оянғанда алып ұрар,
Сағынштан ешнарсе жоқ қой өктем.

Ақжусан, бозжусан мен қаражусан,
Беу менің ана Ертісім, баба қырқам.
Ант ішіп бар әлемнің басын ием,
Селт етпей саусағымнан қан ағызсам.

Көк жалбыз, қоңыр изен, ермен, көде,
Ежелден егіз болған жер мен дене.
Мен ешқайда кетпеймін, о, туған жер,
Мен сенімен біргемін өлгенде де.

Түтін иісі

Қылқобыздың зарындай шерге ілінген,
Жүрегім егіз болды сол бір үнмен.
Торғайға тобылғыдай пана болмас,
Айналайын дүние “кеңдігіңнен”.

Топырағына тұз сіңген жерден бе еді,
Жағасынан ел көшкен көлден бе еді ?
Каусар жұттым, бал татып, зәмзәм іштім,
Басылатын түрі жоқ шөл мендегі.

Айтыңызшы, бұл шөлдің дауасы не,
Өзегімді тер басты қара сүмек.
Бір жазылсам жазылып кетермін мен,
Туған жердің бір жұтым ауасымен.

Сағыныш жанды жаулап, жетсе өзекке,
Сарсаң  оймен түсесің жекпе -жекке.
Жан ұшыра жететін күн туар ма,
Көз көрім жерде тұрған көк белеске!

Көзіме көп жас қонды у қосылған,
Жалықтым, шын жалықтым бұл жосыннан.
Айдын-көлге қу мен қаз қайта қонар,
Кез болса, ел есейіп, шу басылған.

Тауға шықсам жанымды тау жұбатпас,
Салдыр – күлдір құлайды саудырап тас.
Жылқы иірген ақ жартас еске келді,
Барыс төс, алып тұлға, арғымақ бас.

Ел кездім, қала көрдім, ауыл көрдім,
Алашқа жақын, жекжат, бауыр болдым.
Баяны бұл дүниенің жоғын біліп,
Баяғы ауыр ойдан жауыр болдым.

Қарлы қырқа аумайтын ақ парақтан,
Ақ адырды кезетін ақ тамақ таң.
Түтіннің де иісі өзгеше еді,
Отыны ақсөңке еді отқа жаққан.

Түтіні жан жұбатпай басқа ауылдың,
Жабығамын ішінде жас қауымның.
Табанымнан таусылдым таудан асып,
Тас-кереңдей қарайсың тас бауыр күн.

Айтыңызшы, бұл шөлдің дауасы не,
Өзегімді тер басты қара сүмек.
Бір жазылсам жазылып кетермін мен,
Туған жердің бір жұтым ауасымен.

Жаңбыр

Сағыныш – жүрегімнің  төл меншігі,
Жалбыз аңқып тұратын, ермен сіңіп.
Алматыға толассыз жауын жауад,
Түсімде мен Алтайды көрген түні.

Алтайды мен түсімде тағы көрдім,
Алқабында жүріппін сары белдің.
Айдынына үңілем аққу ұшқан,
Үліңгір деп аталған кәрі көлдің.

Ал, бірде мал қайырып Көктепсеңге,
Оянам қойды ауылға беттеткенде.
Көктепсең қос көзімнің қарашығы,
Құлазып қалып еді көш кеткенде.

Шабырты, Аршаты мен Қаршығалы,
Сағынсам өлең емес зар шығады.
Көзіме оттай ыстық басылып тұр,
Самырсын, қайың, ұшқат, тал, шынары.

Өсіріп ең туған тау бал таттырып,
Жаңғырады иен сай жаңсақ күліп.
Қара Ертіс қатты ашумен ағып жатыр,
Жалы биік ақ көбік жартасты ұрып.

Соғылып қырға бір ой, тауға бір ой,
Алдамшы өмір бізді алдады ғой.
Жиі кірді түсіме жер жарықтық,
Мүмкін  мені есіне алғаны ғой.

Тәтті түсте атсайшы таң кешіге,
Орандым ақ сағыныш сәулесіне.
Оянсам уайымсыз жауып жатыр,
Сытырлап сірке жаңбыр қар бетіне.

Аңсау

Ауылда бір әуен бар майда қоңыр,
Сағындың ғой, сағындың сайра коңіл.
Тотықұстың жүніндей мың құбылып,
Ажарымен арбаған қайран өмір.

Ауылда бір әуен бар майда мақпал,
Ақ терек айбатты еді ай қонақтар.
Арналы өзен бетіне мұз қататын,
Менің ғұмыр жолымдай тайғанақ сәл.

Ауылдағы сол әуен қоңыр әуен,
Тұратын таң нұрынан тамып өлең.
Ол жерде ағаш біткен домбыра еді,
Күй шерткем бұтақты алып қолыма мен.

Ауылдан тым жырақтап кеттім әттең,
Алысып бұл өмірде жоқ сынақпен.
Шіркін шырын секілді сол әуенді,
Еститін күн де туар ет құлақпен.




One Response to Сағыныш жүрегімнің төл меншігі

  1. Разия says:

    Қаламыңыз ұштала берсін!! Биіктерден көріне беріңіз!!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑