banner-top12

Поэзия 6010516_xlarge

Қосқан уақыты Ақпан 25, 2019 | 145 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

САРҚЫЛМАҒАН САБЫРЫМ

ҚЫЗЫР ЕГІЗБАЙ 

photo_2019-02-25_16-37-43

1975 жылы 26 ақпанда ҚХР Күнестің Түрген ауылында дүниеге келген.

Қытайдағы қазақ тілінде шығатын мерізімді газет-журналдарында жүзге тарта өлеңдері жарық көрді. “Теңізге ғашық бұлақтар”, “Жүзден жүйрік”, “Іле айдыны” қатарлы алманақтарға шығармалары енген.

Таңжарық зерттеу қоғамының мүшесі.  2015 жылы Атажұртқа көшіп келді.

 

 

 ТАҢЖАРЫҚ

Еркіндік деп аласұрған сорлы ұлын,

Ту ғып биік көтеріп жүр ел бүгін.

Бақытты екен алты қанат ақ үйден,

Тәкең туған қара қосы Жолдының.

 

Қас батырдай дулыға ғып ғарышты,

Дауыл толы өткізіп сан ағысты.

Әлдилеген Таңжарықтай арысты,

Жұмақ екен Бестөбе мен Қамысты.

 

Сарқылсын деп таңдайына тамған бақ,

Бостандығын тастады  жат арқандап.

Қайманадан қаймықпаған қыран ұл,

Самғап ұшты тас түрмені талқандап.

 

Жаужүрек жан суарылған созы отқа,

Төзді қанша азап пенен мазаққа.

Ұлы ақынды жеңе алмаған Шың Дубан,

Ақырында өзі күйді тозақта.

 

Кіл мықтының мұқалмаған мұраты,

Сарқылмаған сабыры мен қуаты.

Қу тірліктен ерте кетті демесең,

Тарихта қалды өшпейтін ұлы аты …

 

 ТУҒАН ЖЕРГЕ САҒЫНЫШ 

 

Алыста қалған құшағы құтты бесігім,

Алтыннан қымбат туған жер ұлы есімің.

Жаныңа сенің тисе егер титтей кесірім,

Жер-анам менің, ұлыңа жаса кешірім.

 

Бал бұлақтарың бастаудың аққан көзінен,

Қан тамырымда тулап жатқандай сезінем.

Гүлдерге бөлеп өсірген мені өзің ең,

Түндерде сені сағынып жатып көз ілем.

 

Туған жер жұмақ тірілер үшін тірлікте,

Бақытын тіле, жүзінен оның мұң күтпе.

Таусылып демің, қойғанша тағдыр бір нүкте,

Мақтаныш мәңгі туған жеріңе гүл бітсе.

Қызыр Егізбай 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑