banner-top12

Өнеге no image

Қосқан уақыты Шілде 5, 2013 | 967 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Саз әлемінің серкесіне сексен жыл

Аңыздарда айтылуынша, ән бұлбұлы әуеде шарлап жүреді екен де, ерлігі мен бірлігі қабысқан, жасы-қартын сыйлап, қарты жасына үлгі болған ауылды көрсе қатты шаттанып, сол бір берекесі сүттей ұйып отырған отбасылардың шаңырағына келіп, қанатын қағады екен. Қанатының астынан төгілген әсем әуен жарқырап келіп сол отбасыға құт болып қонып, бақ болып дариды екен-міс.
Я, сол ән бұлбұлы қай өңірде шарықтап, қай отбасының шаңырағында ән әуенін төгіп тұр екен деші. Бұл аңызға сенер болсақ, сол бақыт құсы берекені бес уақыт намазында тілеп, елінің тұтастығын аңсаған, жарты сүйем жерді жау баспасын, жаттың қолы жағама жармаспасын деп бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған, ер мінез қанына сіңіп, ертеңін бүгін ойлаған, қазақ даласында жүрсе керек. Кешелі-бүгін қазақ даласының әсем әнімен тербеліп, күмбірлі күймен көмкеріліп тұруы сол себепті шығар.
Қазақ даласында қарт тарихтың қойнауынан сыр шертіп, бүгінге ұластырған әнші, күйші, сазгерлер қаншама? Солардың бірі, әрі бірегейі белгілі сазгер – Мүбәрәк Салықов.
Мүбәрәк Салықов, 1932 жылғы 24 желтоқсанда Көкшетау облысының, Еңбекші ауданы, Мәдениет колхозында дүниеге келген. Еңбекшілер ауданының «Қазгородок» ауылындағы мектеп-интернатын бітірген соң әскери борышын өтеп қайтты. 1956 жылдан бастап «автомобиль жөндеу зауытында» слесарь-моторист болып жұмыс істеді. 1965 жылы темір жол басқармасында экспедитор қызметін атқарған. 1978 жылы «Қазмедснаб» республикалық базасына қызметке ауысты. 1989 жылы №1 жасөспірімдердің спорт мектебіне басқарушы болып келеді.
1968 жылдан бастап өзінің бойындағы, екінің біріне бұйыра бермейтін сазгерлік өнерін дамыта түсті. Бұл өнерді жас кезінде жастық албырттық, әлде өткінші бір бұрқыраған сезім деп сезінді ме, көңіл астарында көмулі жатты. Тек ауылдағы болатын отырыстарда, құрдастарына арнап әзіл-қалжың әндер шығарып жүрді. Сол әзіл өлеңдер сол кездің өзінде-ақ ауыздан-ауызға таралып, халық арасына сіңіп кетіп жатты. Топ ортада қалжыңдап жүретін қалжыңбас, думаншыл Мүбәрәктің мұндай тұстарына ел күле қарайтын. Отырған орны қашанда рулы елдей болып, қаумалаған көп, осындай әндеріне қолқа салатын еді.
1968-1978 жылдар арасы Мүбәрәк Салықов таза өнерге беріліп, өзінің бойындағы талантын саралап, санаса бастағанына, өзін шығармаға арнағанына 10 жыл болды. Бірақ «әлі де қандай болады?» деген бір түйткіл, осы табаны күректей 10 жыл ішінде шығарған әндерін, сазгердің көңіл түкпіріне жасырып келді. Ақыры , «алтын кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, сартап болып сақталып қалған осы әндер, әншілердің құлағына бір ілінгеннен кейін, тез-ақ ауыздан-ауызға, халық арасына тарап кетті.
Мүбәрәк Салықовты белгілі сазгер ретінде көгілдір экранның «Кеш жарық» бағдарламасынан көрсетті. 1984-1989 жылдары Қайрат Байбосыновтың, Ескендір Хананғалиевтің, Зейнеп Қойшыбаеваның, Венера Қармысованың, Рашид Мұсабаевтың, Кеңес Бақтаевтың, Ермек Әбілдаевтың орындауында айтылса, кейінгі кезде Жоламан Құжымановтың және т.б. әншілердің орындауында тыңдаушылардың жүрегінен орын алды. «Композитор Мүбәрәк Салықовтың әндері» деген атпен шығармашылық кеші өтті. М.Салықовтың «Ән салмай ашылар ма көңіл шіркін» деген әндер жинағы жарыққа шықты. Қазақ радиосында әнім менің – жаным менің» айдарымен тыңдармандарға әндері ұсынылды. «Азаттық» радиосында «Ой отауы», т.б. М.Салықовтың шығармашылығына арналған бағдарламалар да тілге тиек етілді.
Сазгердің шығармашылығы туралы талдау жасалып, зерттеп-зерделенген талай мақалалар «Көкшетавская правда», «Қазақстан мұғалімі», «Шалқар», «Заман Қазақстан», «Егемен Қазақстан»т.б.газеттерде жарық көрді.
Сазгердің тағы бір ерекшелігі, оның күміс көмей әншілігі. Боямасыз сырға толы дауыс иірімі, тыңдаған жанның жүрегін дір еткізеді. Қазақ радиосында автордың өзінің және әншілердің орындауында сазгердің әндеріне арналған екі лазерлік дискі жазылды. Сонымен қатар «Сенің үнің», «Мөлдір», «Шіркін-ай», «Келер ме едің», «Махаббаттың қаласы» деген бес әні «Қазақша караокенің» тұңғыш шыққан дискісіне жазылды.
Қазақстан егемендік алып, жұмыр жер бетіндегі күллі қазақ баласы бөркін аспанға атып қуанып, мәре-сәре болып, қазақтың бірінші құрылтайы өтті. Сол қуанышта арқалы әнші Қайрат Байбосыновтың орындауында сазгердің «Сарыарқа» әні шырқалды. Сонда, ақын Тұманбай Молдағалиев әнді тыңдап болған соң аса бір тебіреніп, бұл әнді жоғары бағалаған еді. Сол ән, сол келген қонақтармен бірге алты құрлықтың түкпір-түкпіріне тарап кетті.
2012 жылдың 24 желтоқсанында Көкшетауда сазгердің 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Жер-жерден Мүбәрәк Салықовтың саз әлеміне толы сексен жылын құттықтаған марапаттар қарша борады. Халқына көптеген рухани қазына сыйлаған сазгерге, біз де Алладан рахым, Пайғамбардан шапағат тілейміз!
Жасыңыз ұзақ, халқыңызға берер ән-жырыңыз сарқылмасын!-деген тілекпен аяқтайын.
Мырзабек Нәсіпқанұлы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑