banner-top12

Әдебиет 6669

Қосқан уақыты Сәуір 19, 2016 | 1  131 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шариғаттағы қылмыстық-құқықтық нормалардың ерекшеліктері

Ата заңымыз өз қуатына еніп, одан бөлініп шыққан Қылмыстық заң белгілі бір құрастырылған ережелерге негізделген, заң атқарушының еркін білдіретін өзіндік нысаны бар құрылымға ие. Ал, шариғаттың қылмыстық құқықтық нормалары бастау ретінде қалыптаса отырып, төрт қайнар көзге негізделген.
Шариғаттың қылмыстық-құқықтық нормалары құран, сүннет, иджма және қияс сияқты негізгі төрт қайнар көздерге ие. Қылмыс пен жазаның қылмыстық-құқықтық түсінігі дінді ұғыну немесе сезінуден туындаған ұғым болып танылады. Олай болса, шариғатта тыйым салынған әрекеттің барлығы да қылмыстың қатарына жатқызылған. Жасалған қылмыстың қауіптілігі “Аллаһ” алдында күнә деп танылып, келтірілген зиянның мөлшерімен байланысты болды.
Құран Кәрім 114 сүреден тұратындығы белгілі. Олардың бір бөлігі Меккеде, бір бөлігі Мадинада түскендігі мәлім. Құранда діни-әдептік жол-жорықтармен бірге, құқықтық тізім де көрсетілген. Бірақ оны кодекс заң жинағы деп айта алмаймыз, сол үшін ол – діни және құқықтық мәселелерді қамтитын, бір-бірімен байланысты түрде жазылған кітап. Мұсылман құқығының пайда болуын білдіретін жаратушы жаратқан құқықтың түрі. Ислам құқықтанушы ғалымдары Құранның мұсылман құқығының қайнар көзі ретінде өзіне тиісті абыройлы, оның құқықтық қайнар көзі Алланың қалауы және оны ешкім шектей алмайды, тек өзіне ғана тәуелді деп есептеледі.
Шын мәнінде, Құран сүрелерінің аятында құқықтың барлық салалары, оның ішінде қылмыстық құқыққа қатысты бірқатар заң ережелері де бар, олар діни түсініктермен берілген. Құран пайда болған тарихи жағдайды есепке алсақ, ол белгілі бір аумақта мемлекет және құқықтың пайда болуымен байланысты болғандығы себепті, сол кездегі әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелердің шешімін ашуға да арналған сияқты. Бірақ арада бірнеше ғасырлардың, қоғамның өзінің бірнеше ғасырлық тарихи даму жолын басып өтуіне байланысты бүгінгі күндердегідей дамыған қоғам жағдайында, әлбетте қазіргі өмірдегі әрбір мәселенің шешімін бұл кітаптан табуымыз мүмкін емес. Мұны тек қана дерек ретінде пайдалануға және ондағы құқықтық нормаларды, әсіресе қылмыс пен жаза мәселелерінің шешіміне байланысты ұғымдар мен ережелерді үйреніп, талдауымызға болады. Құран Кәрімде тек бірнеше ауыр қылмыс түрлері туралы сөз айтылған. Мысалы, ұрлық, басқыншылық, қастасып адам өлтіру, біреуді ұрып жаралау, парақорлық, зинақорлық, жала жабу, спиртті ішімдіктерді ішу, ата-ана жағынан қастандық орын алып, өз перзентін өлтіру, сотқарлық және басқа әрекеттер.
Бұл кітаптардағы көп сүрелердің аятында адам қолымен істелген қылмыстар, Аллаһ алдында да қылмыс саналатындығы туралы жазылған. Мұнымен қатар, жоғарыда көрсетілген қылмыстардың кейбіреулері үшін қолданылатын жаза – өш алу бағытында да қолданылатындығы айтылған. Шариғаттың негізгі қайнар көзі Құран Кәрімнің ережелері исламға дейінгі дәуірде кейбір қылмыстар әділетсіздікпен бағаланған немесе көрсетілген дегенге саяды, сондықтан шариғатта мұндай кемшіліктердің алдын алу, қылмыс түрлерінің айырмашылығын, олардың ауырлық дәрежелерін ескере отырып, жасалған қылмыстың ауырлығына қарай жаза қолдану тәртібі көзделген, қылмысқа қарсы қатаң күрес жариялаған. Мысалы, исламға дейінгі дәуірде қастасып адам өлтіру үшін тек қана айыпталушы адамды жазалап қоймай, оның бүкіл отбасын, кейбір жағдайда қылмыскерді бүкіл тайпасымен қырып тастауға дейін барған. Шариғат бұған басқаша көзқараспен қарап, әрбір қылмыскер өзінің қылмысына қарай жазалануы керектігін айтқан.
Құрандағы қылмыс түрлерін екі топқа бөліп қарастырған жөн деп есептейміз:
1) жаза шаралары анық белгіленген қылмыстар;
2) жаза белгіленбеген қылмыстар.
“Маида” сүресінің 33-аятында: “Алламен және оның елшісімен жағаласқандардың және жер бетінде бұзақылық жасап жүргендердің жазасы: өлтіру, не асу, яки; қол-аяқтарының қиғашталып кесілуі немесе ол жерден қуылуы. Бұл олардың жазасы және олар үшін ахиретте ірі азап бар”,- делінген. Тағы бұл сүреде діннен безу қылмыс болатындығы және осыған белгіленген жаза туралы айтылған. Осы сүренің 38-аятында: “Ер және әйел ұрының қылмыстарына жаза ретінде және Алладан бір өнеге түрінде қолдарын кесіңдер. Алла (Т.) – аса үстем, хикмет иесі”, 45-аятында “Оларға Тәуратта: жанға-жан, көзге-көз, мұрынға-мұрын, құлаққа-құлақ, тіске-тіс және жарақат салуға да, қарама-қарсы төлеу (қысас) жаздық. Дегенмен біреу оны кешірім етсе, сонда ол оған кәфарат болады. (Күнәсы кешіледі.) Және кім Алла түсірген заң бойынша билік етпесе, міне, солар залымдар” деп айтылған. Ұрлық және қасақана денеге зиян келтіру және т.б. қылмыстар үшін Алла жаза белгілегендігі мәлім болды.
Бақара сүресінің 178-аятында: “Әй, мүміндер! Сендерге қысас (есе қайтару) парыз етілді: Азатқа-азат, құлға-құл, әйелге-әйел (өлтіріледі.) Дегенмен оған туыс жағынан кешірім берілсе, оның ережеге үйлесуі екінші жақтың да оған дұрыс төлеуі қажет. (Егер қысас кешіріліп, құнға тоқтаса, алушының орынсыз егеске қысас істемеуі, берушінің де дұрыс орындауы керек.) Міне, осы, Раббылары жағынан жеңілдік және мәрхамет. Ал кім де кім бұдан кейін шектен шықса (кек сақтаса), ол үшін ахиретте азап бар” делінген. Нұр сүресінің 2-аятында “Зинақор әйел мен ердің әрбіріне жүз дүреден соғыңдар. Егер Аллаға, ахирет күніне сенсеңдер; оларға жұмсақтықтарың ұстамасын. Әрі екеуінің жазасын мүміндердің бір топ адамы көріп тұрсын”- делінген. Осы аяттың талдауында бұл үкім бойдақ және тұл немесе жесір (яғни отбасысыз) зинашылардың жазасы. Егер отбасылы еркек және әйел зинақорлық жасаса, олардың жазасы – тас атқылап өлтіру деп айтылған және Нұр сүресінің 4-аятында “Абыройлы әйелдерге зина жаласын жапсырғандар; кейін төрт айғақ келтіре алмаса, онда оларға сексен дүре соғыңдар.
Зина – бір еркектің бір әйелмен арасында некесі болмай, екеуінің келісе отырып жыныстық қатынасқа баруы. Зинаның жазасы муһсан (ақыл-есі дұрыс отбасылы) болып, болмағанына қарай өзгереді [1, 319-320 бб.]. Егер ақыл-есі дұрыс отбасылы бола тұрып, зина жасаған болса, онда таспен ұрып өлтіру жазасы қолданылады. Ал, муһсан болмаса (ақыл-есі дұрыс емес немесе үйленбеген) қылмыс жасаушыларға 100 дүре (“Нұр” сүресі, 24/2) соғылады.
Олардың куәліктерін мүлде қабыл етпеңдер. Міне, солар, бұзықтар”- деп жалақор қылмысы үшін де жаза белгілеген. Сондай-ақ Ниса сүресінің 16-аятында “Сендер зина қылған екеуіне де жапа беріңдер. Егер екеуі де тәубе етіп, түзелсе, олардан бет бұрыңдар (тиіспеңдер). Негізінен Алла тәубені қабыл етуші ерекше мейірімді”- деп айтылған. Құран Кәрім қылмыстық құқыққа қатысты бірқатар аяттарында діннен бас тарту, басқыншылық, көтеріліс, ұрлық, зинақорлық, дәлелдеусіз зинақорлықты айыптау-жалақор, адам өлтіру және денсаулыққа зиян келтіру қылмыстары үшін түрлі жаза: өлім жазасын, қол-аяғын кесуді, 100-80 қамшы ұруды, таспен атқылауды, айыппұл төлеуді және т.б. жазалар белгілеген. Бақара сүресінің 188-аятында “Араларыңдағы малдарыңды харам жолмен жемеңдер. Сондай-ақ біле тұра адамдардың малынан бір бөлім жеу үшін билерге апармаңдар” – деп айтылған. Бақара сүресінің 276-278 аятында “Алла өсімді жояды да сауданы арттырады. Әрі Алла барлық қарсы келуші күнәһарды жақсы көрмейді….. Әй, мүміндер! Алладан қорқыңдар. Егер сенсеңдер өсімнен қалып қалғандарды (аласыларыңды) қалдырыңдар (алмаңдар)” және Әли ғымран сүресінің 130-аятында “Әй, мүміндер! Үсті-үстіне өсім жемеңдер, Алладан қорқыңдар” деп оны қатты қаралаған. Өйткені ақшаны пайызға беру кісілерге мүліктік зиян алып келеді. Өз уақытында қарызды қайтара алмағандар, мерзім өтуімен қарыз белгілі бір пайызбен қайтарылуы талап етілуі қаралған ақшаның көлемі өз-өзінен көбеюі мүмкін, сол үшін Құранда күнә – қылмыс деп түсіндірумен қатар оны жасамауға шақырған. Бақара сүресінің кіріспе түрінде “Алла және пайғамбар ақшаны қарызға беріп пайда көретіндерге соғыс жария еткендігі көрсетілген. Әрбір мұсылман өзінің таныстары, достары және туысқандарына мейірімді болуы, қаржы жағынан қиналғанда көмек қолын созуы керек. Әрбір адам ақшаға қажеттілік туындағанда бөтен адамға емес, ең жақын досына, танысына, туысқандарына барады. Мұсылман адамның ақшаны пайызға беріп пайда табуы шариғат бойынша жиіркеніш болып саналады. Қоғамда әрбір адам осымен күресуі керек қазіргі кезде Сауд Арабиясында ақшаны пайызға бергендігі дәлелденген жағдайда екі жақта яғни ақша алған адам да, ақша берген адам да жазаланады”.
Сол үшін көп ислам банктерінде есепте тұрған капитал ақшалар есебінен пайда және пайыз немесе девиденттер төленбейді. Бұдан бөлек Құран Кәрімдегі Ниса сүресінің 107-аятында “Өздеріңе кесір істегендер үшін сөз таластырма. Өйткені Алла қиянатшы және қылмыскер болған адамдарды жақсы көрмейді” – делінген.
Қылмыс туралы хабарламау және қылмыстарды жасыру да қылмыс болып саналады және жазаға тартылады. Бақара сүресінің 282-аятында “куәгерлер куәлік үшін шақырылғанда бас тартпасын”- делінген және Ниса сүресінің 135-аятында “Әй, мүміндер! Әділдікте мықты тұрып, егер өздеріңнің, әке-шешелеріңнің және жақындарыңның зиянына болса да, ол бай немесе кедей болса да Алла үшін айғақ болыңдар. Өйткені Алла, екеуіне де тым жақын. Ендеше әділдік істеуде нәпсіге ермеңдер. Егер өтірік куәлік берсеңдер немесе куәліктен бас тартсаңдар, оның да жазасы бар. Алла сіздердің жұмыстарыңыздан әрқашан хабардар”.
Маида сүресінің 32-аятында “Кім кісі өлтірмеген немесе өмірінде бұзақылық қылмаған адамды өлтірсе, демек шынайы түрде барлық адамдарды өлтіргенмен және кім оған өмір берсе, яғни өлтіруден бас тартса, демек, барлық адамдарға өмір бергенмен тең” – деп көрсетілген. Осы аятта қасақана адам өлтіру қылмысының қоғам үшін әлеуметтік жағынан өте қауіпті екендігі келтірілген және исламда адамды тәрбиелеу идеясы айтылған. Маида сүресінің 90-аятында “Әй, мүміндер, арақ сияқты мас қылатын ішімдіктер ішу, құмарпаздық ойындар ойнау, пұттарға сыйыну, шөптермен бал ашу шайтан ісіне ерген харам іс” деген және мұндай әрекеттерді төрт түрдегі қылмыс деп санаған. Сондай-ақ, Хұжарат сүресінің 12-аятында “Әй, мұсылмандар, күмән келтіруден шектеліңдер! Өйткені кейбір күмән – күнә. Бұл аяттың ғылыми талдауында, осы аят арқылы адамдарды үш жамандықтан қайтару назарға алынғандығы айтылады. Біріншісі, басқа адамдар туралы жамандыққа күмәндану, екіншісі, біреулердің айыптарын іздеп табу үшін жамандық жасау, үшіншісі, біреулердің артынан өсек айту. Өсек – өте ауыр қылмыс, өсек арқылы жалақорлық туындайды. Сол үшін пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с., өсек айту -біреуді өлтіруден жаман” – деген.
Исра сүресінің 31-аятында “Кедейшіліктен қорқып балаларыңызды өлтірмеңдер” және осы сүренің 35-аятында “Өлшегенде толық өлшеп, тура таразымен тартыңдар”. Осы ата-ананың баласын өлтіруі, сауда-саттықта тапсырыс берушілерді алдағаны, сауда заңын бұзғандығы үшін шариғатта жаза белгіленген. Бұл қылмыстар жаза түрі дәл көрсетілмеген қылмыс түрлеріне жатады. Бұл қылмыстарға қарсы бүкіл қоғам болып күресу көрсетілген.
Сондай-ақ, Исра сүресінің 32-аятында “Зинақорлыққа жақындаспаңдар! Өйткені бұл бұзықтық – ең жаман жол”- деп, шариғатта өте ауыр қылмыс қатарына жатқызып, зинақорлыққа қарсы күресу көрсетілген.
Хашыр сүресінің 7-аятында “… Пайғамбар сендерге не берсе де алыңдар да, неменеден тыйса, одан тыйылыңдар әрі Алладан қорқыңдар. Әлбетте Алланың жазасы қатаң” – деп айтылған. Бақара сүресінің 179-аятында “Әй, ақыл иелері! Сіздер үшін қысаста тіршілік бар. Қылмыстан сақтаныңыздар!” – деп айтылған.
Жоғарыда көрсетілген аяттардың мағынасына талдау жасасақ, қоғамдағы экономика, әлеуметтік-мәдени, тәрбие және құқықтық шаралар бір-бірімен келіскен жағдайда қолданылса, қылмыстылыққа қарсы күрес өз нәтижесін береді.
Шариғаттың екінші негізгі қайнар көзі – Сүннет. Құран Кәрімнің “Ниса” сүресінің 59-аятында “Егер бір нәрсеге талассаңдар, Алланың кітабы Құран Кәрімге және Расуллахтың сүннеттеріне сүйеніңдер. Міне, осылай жасасаңдар, сіздерге өте жақсы болады. Әрі дұрыс, тамаша жол тапқан боласыңдар” – деп жазылған.
“Сүннет” сөзі араб сөздігінде дәстүр, әдептілік нормалары деген мағынаны береді. Сүннет Құранның қосымшасы болып есептеледі және Кұранмен бірге шариғаттың негізін құрайды. Белгілі француз шығыстанушысы ғалым Л.Массенің пікірінше, сүннетті Құрансыз қолдауға болады, бірақ Құранды сүннетсіз қолдай алмайсыз [2, 72 б.].
Хадистану ғалымдары сүннет – пайғамбарымыз Мұхаммедтің айтқан сөздері, жасаған жұмыстары деп есептейді. Шын мәнінде сүннет – Хадистер жинағы болып табылады. Ол – Мұхаммед пайғамбардың Құранда көрсетілмеген, әртүрлі мәселелерді шешу үшін берген көрсетпелері, айтқан баяндамалары, пікірлері, сөздері.
Шариғат нормалары қолданылған барлық мұсылман мемлекеттердің әлеуметтік өмірінде ислам құқығы және діни мәселелерді шешуде, әсіресе, мұсылман заң-ережелерін жаратуда негізінен сүннетті пайдаланған. Сол үшін де ол шариғаттың негізгі қайнар көздерінің бірі болып есептелген.
Пайғамбарымыз кезінде жаза түрлері, қылмыстың әлеуметтік қауіпсіздік дәрежесіне қарап, ауыр және жеңіл түрлеріне бөлінгендігін хадистерден көруге болады. Хадд жазасына тартылған адамдар жасаған қылмысына шын жүрегінен өкінсе, тәубе жасап, дұрыс жолға түскендігі жамағат жағынан қолдау тапқан соң, оның куәлігі қабылданған. Тағы бір хадисте мұсылман дінін қабылдаған бір тайпалардың адамы пайғамбардың төл бағатын адамын өлтіріп, түйелерін айдап қашып кеткенінен хабар алған Мұхаммед пайғамбарымыз оларды ұстап әкеліп, қол-аяқтарын кесіп, олардың қансырап өлгендіктері туралы айтылған. Бұл жерде үш түрлі қылмыстарды: ұрлық, қастандықпен адам өлтіру және діннен безген айыпталушылардың жазалағандығы, яғни бірнеше ауыр қылмыстар үшін ең ауыр жаза ретінде өлім жазасын қолданылғанын көреміз. Әйелі бар еркек ойнас жасаса, ері бар әйел басқа еркектен жүкті болса, таспен атқылап өлтіру хадисте көрсетілген. Бойдақ еркек, әйелдер ойнас жасаса, олардың әрбіріне 100 қамшы ұрылған [3].
Ақыл-есі жоқ еркек немесе әйел ойнас жасаса, оларға тиісті жаза жоқтығы да жазылған. Мұхаммед ғ.с. жамағатты жеті қылмыс жасамауға шақырған: Аллаға күмән келтіру, дуалау немесе дуамен айналысу, бейкүнә біреуді өлтіру, қарыз ақшадан өсім алу, жетімнің ақысын жеу, соғыс алаңынан қашу және пәк әйелге күнә жабу.
Пайғамбарымыз Мұхаммед “Аллаға күмән келтірген адамның – күнәсі өте ауыр”, деп, оларды қылмыскер ретінде белгілегендігін көреміз. Діннен безген еркек немесе әйел тәубеге келтіріледі немесе өлтірілді – деп хадд жазасын қолдау тіркелген. Егер діннен безген айыпталушы тәубеге келіп, айыбын мойындап, жасаған қылмысы үшін өкінсе және қайтадан мұсылман дінін қабылдаса, жазадан босатылады. Егер ол қайтадан діннен шықса, қылмысы қауіпті болып есептеледі, оған өлім жазасы хадд қолданылады.
Тағы бір хадисте “Күнәсіз адамды қорғап, залым адамды өлтірген адамға табан жаза, кек алу жаза қолданылмайды” делінген. Бұл хадис төмендегідей түрде келтіріледі: әрқандай мәжбүрленген, зорланған адам өзін-өзі қорғай алмайды, сол үшін оны басқа біреудің көмегімен қорғауға рұқсат беріледі. Оның бұл қылмысына тосқауыл қойылмайды. Шариғатта “қажетті қорғану және аса қажеттілік жағдайда жасалған әрекет жауапкершілікке тартылмайды” деп белгіленген.
“Бақара” сүресінің соңғы аяттарында өсімқорлық туралы жазылған, Расуллуаллаһ мешіттен шығып, оларды адамдарға оқып берді, кейін арақ саудасының харамдығын айтып: “Егер осындай жасасаңдар, Алла мен оның расулі сіздерге соғыс жариялайды” – деп жамағатқа ескерткен. Бұл хадистің тақырыбын “Алла бизнесті халал қылып, өсімді харам қылған” деп аталады. Осы хадистер жинағында басқа түрдегі қылмыстар, мысалы, базарды талан-таражға ұшырату: саудасын жүргізбеу үшін арнайы бағаны көтеру, саудада алдау және тапсырыс бергенді алдау, сауда заңын бұзу, пара алу, әкімшілік жағынан заңсыз үкім шығару сияқты әрекеттер ислам шариғатында алдау болып саналатыны келтірілген.
Күнәлар – қылмыстар туралы сол кездегі тәжірибеге мысал болып отырған. Сондай-ақ қылмысты жасырғандығы және қылмыс туралы хабар бермегендігі үшін қатал жазаланған. Тағы бір хадисте Расулуаллаһтың сахнаға шығып “Хамр – яғни адамды мас қылатын ішімдік харам екендігі туралы аят түскен. Хамр бес заттан – жүзім, құрма, бидай, арпа және балдан дайындалған, ақылды аздырушы ішімдік. Мас қылатын қандай да болмасын ішімдік – харам”.
Құран немесе сүннет өз орнын таппаған қылмыс түрлері, әсіресе, таъзир жаза түрлері, қылмыстық құқыққа тиісті болған қылмысқа қатысушылық, қылмыстық жауапкершілікті айқын етуші мән-жайлар және басқа да мәселелерді белгілі бір дәрежеде көрсетіп кеткендігін көреміз, хадистегі қылмыс пен жаза түсініктеріне, оның түрлеріне, сол кездегі тәжірибенің жинағы ретінде талдау жасалған десек қателеспейміз. Сол үшін, сүннет Құран Кәрімнен кейін оны байытқан және толықтырған, кең және бай тәжірибені өзінде жинаған, шариғаттың қайнар көзі болып есептеледі.
Жоғарыда айтылғандардың негізінде шариғаттың жазаға деген бағыты кең тұрғыда және кешірімді сипатта екендігін байқауымызға болады, әсіресе дене жарақатын салу, өлім жазасы т.б. Мұндай жазаларды қолданудан босатылғандар, яғни қорғаушылары бар немесе келтірілген зиянның орнын толтырғандар ғана табылған. Мысалы, М. Капустин Түркия мен Парсының тарих құқығын арнайы зерттей отырып, бай адамдар үшін жаза орнын айып салу немесе мүлікті тәркілеумен ауыстырылған, – дейді [4].
Иджма – арабша бірлік, біржүректік, бірпікірлік деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед ғ.с. қайтыс болған соң, ол кісімен бір заманда өмір сүрген, шариғат ғылымын өте жақсы меңгерген ғалымдардың Құран және сүннетте дәл жауап табылмаған мәселелері туралы пікір болып, бір ауыздан үкім қабылдау “иджма” делінген. “Иджма” негізінде шариғаттың барлық құқық саласы, солардың ішінде қылмыс пен жазаға тиісті мәселелер шешілген. Иджманың әділ және заңды болуы үшін төмендегі жағдайлардың болуы талап етілген:
– оны қабылдауда бір дәуірде өмір сүрген ғалымдардың әрқашан болуы және олар мәселені шешуде үзілді-кесілді бір пікірде болулары қажет;
– ғалымдар әртүрлі қалалар мен мемлекеттерде өмір сүрсе де, олар бір уақытта біршама істер атқарған болулары керек;
– иджма пайғамбарымыз Мұхаммед қайтыс болған соң ғана болуы мүмкін.
Мұсылман құқығының құқықтану ғалымдары иджманы “иджма сарих” және “иджма сукути” деп екі түрге бөлген [5, 45 б.].
“Иджма сарих” – талдау жасаған мәселелер бойынша пікір білдіру, “иджма сукути” – үндемей риза екендігін білдіру. Бірақ үндемей ризашылық білдірудің төмендегідей шарттары бар: біріншіден, ғалым көрсетілген мәселелерден хабардар болуы, екіншіден, өзінің бірде-бір әрекетімен немесе белгісімен қарсылық білдірмеуі, үшіншіден, ең керектісі, үндемей тұру заң қабылданғанша талап етіледі. Иджма негізінде қабылданған шешім, әлбетте, Құран Кәрім және сүннет талаптарына сай болуы керек. Сол себепті оның қатал орындалуы әрбір мұсылманнан талап етіледі. Иджмаға келісілгеннен кейін ешкім, оған қарсы шығуға құқығы жоқ, бұл мәселе қайта каралмайды. Мұсылман құқығына тиісті теория деректерінде көрсетілгендей, барлық мазхабтарға тиісті құқықтану, ғалымдар бір жерге жиналып, бір дауыстан қабылданған иджма мәселелері оншалықты көп емес. Бірақ шариғат заңдарынан туындаған мәселе бойынша мазхабқа тиісті құқықтану ғалымдардың бір-бірімен келісуі жетеді деп есептеген жағдайлар кездеседі. Бұл тәртіп заңтанушылардың заң қабылдау жұмысын іске асыруын жеңілдетеді. Мұндай жағдай Ханафи мектебінде көп кездеседі.
Жоғарыда айтылған үш заңнан да дәл жауап табылмаған жағдайда салыстырумен шешу керек. Қияс (Салыстыру) жаңадан пайда болған мәселенің себебін Құран Кәрімде, Сүннетте немесе Иджмада өз шешімін тапқан мәселелердің себептерін салыстыру жолымен үкім шығаруға мүмкіндік береді.
Құран Кәрімде мас қылатын ішімдік ішкені туралы мынандай аят айтылған: “Әй, мүміндер, арақ құмар, Алладан басқаның атына сойылған мал және бал ашу – бұлардың барлығы – сайтанның ісі, бұл – іс харам іс. Жақсылық табу үшін бұлардан алыс болыңыз!”
Мысалы, ҚР ҚК Жалпы бөлімі 18-бабында “мас күйінде қылмыс жасаған адамның қылмыстық жауаптылықтан босатылмайтындығы” туралы норманы көздесе, шариғатта мас қылатын ішімдіктерді ішуге тыйым салынғандығын кездестіреміз.
Мұның өзі шариғат пен қылмыстық заңның арасындағы байланысты айқындай түседі. Демек, бұл харамдыққа қатаң тыйым салынған деп есептеледі. Оны қылмыс деудің себебі, ол – адамның мал-мүлкіне, денсаулығына, арына, намысына зиян келтірумен, яғни оларды әртүрлі қылмысқа итермелейді. Сол үшін ішімдік ішуге тыйым салынған және оны қылмыс деп тапқан. Құранда арақтан басқа мас қылатын ішімдіктер айтылмаған. Алғашқы исламда арабтар жүзімнен алынған, қайнатылмаған және өңделмеген зат “арақ”, “хамр” деген. Сол үшін құқықтану ғалымдары мас қылатын ішімдіктердің барлық түрлерін, арақтың теріс нәтижелер беруін есепке алып, онымен салыстырып, бұл сияқты ішімдіктерді харам деп қатаң тыйым салған. Негізгі мәселе – хамр, оның Құрандағы үкімі – қатаң тыйым салынған деп белгіленген. Мұның себебі харам заттарды тұтыну адамның ақылы, саулығы, мал-мүлкі, арына, намысына зиян келтіретін бірнеше қылмыстарға шақырады. Мас қылатын ішімдіктерге харам деп қатаң тыйым салынғандықтан, бұл мәселе үзілді-кесілді өз шешімін тапқан және қылмыс деп белгіленген. Мұсылман құқығы тізімінде қиясты құқықтың қайнар көзі ретінде пайдалануға негізгі себеп, ол кісілік қоғамның дамуы және оның даму үрдісінде болған әлеуметтік-экономикалық және саяси, рухани өзгерістерді үйреніп, оларды талдау негізінде барлық құқық салаларының өмірден артта қалмауын қамтамасыз ету, сондай-ақ, заңшылдықты дамыту немесе шешу.
Құран, сүннет және иджмада жазылғандардың негізінде қандай себеп, мақсат, пайда, негіз және ұғым жатқанын аңдаған жағдайда мұсылман құқықтанушылары салыстыруға өткен. Шариғатта салыстыруды пайдалану барлық мазхабтардың ғалымдары жағынан қолдау тапқан. Ол тек қана жоғары мамандар, құқықтанушылар қолданғанда заң күшіне ие болған. Салыстыруды пайдалану туралы Құран Кәрім және Сүннеттерде көрсетілген.
Мысалы, Құран Кәрімде Алланың ғибратын алыңдар. “Әй, көзі ашық адамдар, әлбетте бұларда білетіндер үшін үлкен белгілер бар, бұл жағдайларда ақылы бар жамағат үшін зор аяттар бар” деп адам санасының тағы да терең талдау жасап, ақылмен іс жүргізуге шақырған. Біз жоғарыда шариғаттың төрт негізгі қайнар көзі туралы тоқталып өттік. Ислам мемлекетінің дамуы кезеңінде және төрт Халифа кезінде заң және заңға қатысты құқықтық актілер болмаған, тек қана шариғат қайнар көздерін пайдаланған деп түсіну дұрыс емес. Сол уақыттағы мемлекет өзінің заң туралы жұмыстарын екінші дәрежелі жолмен, яғни дәл жаза белгілейтін сот тәжірибесі және діни құқықтық білім арқылы іске асырған.
Шариғаттың қылмыстық-құқықтық нормаларының қалыптасуы өзіндік тарихи ерекшеліктерге ие болды. Осыған байланысты құқықтанушы ғалымдар шариғаттың қайнар көздерін жоғары бағалап, оны ешнәрсемен салыстырмайтын епшіл деген көзқараста. Демек, жоғарыда айтылғандай, шариғаттың қылмыстық-құқықтық қайнар көздері белгілі бір деңгейде қалыптасып, өзіне тән құқықтық тұрғыда реттеушілік қасиеттерін құрастырды.
Қылмыстық заңның құрылымы шариғаттың қылмыстық-құқықтық нормаларымен байланыстырыла отырып, заңи тұрғыда қылмыстық заңның ережелерін реттейді.

Н. Қалқаева,

Абай атындағы ҚазҰПУ оқытушысы, з.ғ.к.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑