banner-top12

Алыстағы ағайын 13296118_888155157979749_2010121121_n

Қосқан уақыты Қазан 27, 2016 | 613 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ШЕТЕЛ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ БАҒЫ БОЛҒАН ТӘУЕЛСІЗДІК

Ислам Жеменей,

филология ғылымдарының докторы

Әлемнің қырық мемлекетінде тіршілік етіп жүрген бес миллионнан аса қазақтар бар. Қазақ диаспораcы өзге елдердің диаспорасынан өзгешелеу. Бұл мәселенің себеп- салдары  жүйелі түрде тәуелсіздік алған жылдардан кейін зерттеліп келе жатыр. Асылы  қазақтар әлемнің көптеген елдерінде тарыдай шашылып жүргендері, өздерінің қалауы емес. Өйткені қазақтар ата – жұртына бауыр басқан халық.

Шет мемлекеттердің ішінде Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтар миллиондап саналады. Олардың тұрған аймағы өздерінің  ежелгі қонысы болғандықтан  қазіргі тілмен айтқанда оларды «ирридент» деп атайды. Бұрынғыша айтар болсақ ондайларға сол елдің «көне тұрғыны» делінеді.

Қытайдағы қазақтардың саны әр түрлі мәліметтерге қарап қорытқанда екі миллионға жуықтайды, Іле, Тарбағатай, Алтай аймақтарында тұрады. Кейінгі жылдары қазақтардың саны Үрімжі қаласында да артып келе жатыр. Қытайдағы қалың қазақтың тілі мен ұлттық салты қазірге дейін сақталып келгендіктен жалпы қазақ үшін ұлттық олжа болып есептеледі. Сондай-ақ   кеңестік солақай саясатының кесірінен қазақстанның өзінде ана тілі мен ұлттық салтынан айрылып бара жатқан қазақтар үшін де ұлттың құнарлы нәрі бола алады. Оған дәлел 1955-1963 жылдардағы елге оралған үш жүз мыңға жуық қазақтардың үдере көшіп атамекенге оралған ағайындардың қазіргі уақытта саны бір миллионнан асып тіліміз бен діліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатыр.

Аталған жылдардан кейін Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған соң қытайдан мыңдаған қазақ  қуаныш туын желбіретіп елге оралып жатты. Олардың ішінде көптеген ғалымдары, ақын-жазушылары, өнер майталмандары, кәсіпкерлері тәуелсіз туын жаңадан тіккен Қазақстан Республикасының ғылымына, ұлттық мәдениетіне, әдебиет пен өнеріне, экономикалық нарығына өлшеусіз үлес қосты. Араларында әр бірі, бір романға өзек бола алатындай қайраткер тұлғалары бар. Сондықтан елдің тәуелсіздігі қандас бауырлардың қабілетін аспандатқан  дәуірі болды деп айта аламыз. Өйткені  тәуесіздік қазақтарға шын мәнінде бір-бірімен табысып  тұтас ел болып қалыптасуларына мүмкіндік тудырды.

Шетел қазақтарының атамекенге оралу идеясының жүзеге асыру туын ұстап тұрған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Елбасы Қазақ халқының бірлігі мен ынтымақтасу жолында парасатты да салиқалы саясат ұстанып келе жатқаны ел үшін үлкен табыс, бақыт.

Қытай қазақтарының бір бөлігі қырқыншы жылдары Оспан батыр бастаған ұлт азаттық күреске қатысып, жеңіліс тапқан соң Пәкістан мен Үндістан елдері арқылы Түркияға өтіп сонда тұрақтады. Олар көбінесі Станбул, Анкара, Измир қалалалары мен   аудандарында тұрады. Жалпы саны нақты емес. Дегенмен қырық-елу мыңнан асады деген болжам бар. Дәл сол көштің ұрпақтары XX ғасырдың жетпісінші жылдары Түркияның экономикалық-әлеуметтік қиын жағдайына байланысты Европа елдеріне барып жұмыс істей бастады. Осылайша бір топ қазақтар Түркия мен Европаның диаспорасына айналды. Олардың әулеттері қазіргі заманда Германия, Англия, Франция, Голандия, Америка тағы басқа батыс елдерін мекендейді. Түрік елі оларды бауырым деп қарсы алды. Өйкені түріктердің де Анадолыға қоныс аударған түпкілікті жері Сырдария бойы, қазіргі Қазақстан территориясының бір бөлігі болатын. Қандас бауыр Түркия елі Қазақстан Рпубликасы Тәуелсіздігін жариялаған сәтте отыз төрт минут ішінде еліміздің тәуелсіздігін ресми түрде таныған тұңғыш мемлекет болды. Бұл елдер тарихында бұрынды-соңды болмаған ғажап тарихи оқиға еді.

Түркия саясаты түріктектес халықтарына құшағын айқара ашып қарсы алып отыруы қашанда басты ұстаным болып келеді. Сол үшін түрік дүниесі саяси дағдарысқа ұшыраған жылдары түркі зиялыларына Түркия екінші отанының рөлін абыроймен атқарып келді.

Түрік елінің тілі, діні, ділі  қазақтармен бір түбірден шығып, тамырлас  болғандықтан сол елді паналап барған қазақтар түрік тіліне бейімделе бастағаны соншалық түрік тілін ана тіліндей тез-арада меңгеріп алды. Сол үшін қазақтардың екінші буыны ана тілін  түрік тілімен орнын ауыстыра бастады. Сондықтан болар, қазіргі Еуропадағы олардың ұрпақтары ағылшын, неміс, француз тағы басқа европалық тілдермен қоса түрік тілінде тамаша сөйлей алады да, қазақ тіліне келгенде шорқақтайды.

Қазақстанның тәуелсіздігінен кейінгі жылдары түркиядан бір неше жүзге жуығы Алматы облысына көшіп келді. Олардың басым бөлігі облыстың Нұралы  ауылы мен Қарасай батыр ауданында тұрады.

Түркиядан Еуропа елдеріне жұмыс іздеп сонда барғандар дамыған батыс елдерінің қоғамдық тәртіп, заңды жұмыс режиміне бойы үйреніп қалғандықтан атамекенге оралулары Қазақстанның ерекше қарқынмен дамып, алға шығуына байланысты болып тұр. Қазақстан ұлттық идеологияны  мықтап қол алса  бүкіл әлемдегі диаспора қазақтарымен қатар  ішкі орыс тілді қазақтары да тез арада қазақ тілін үйреніп, Қазақ болуды мақтан тұтары анық.  Сонымен бірге Қазақстан тәуелсіздігінен кейін ұжмақ өмір іздеп шетелдерге кеткендер де пұшаиман халге түсіп, туған елін аңсап қайта оралады.  Әйтпесе диаспора қазақтары өз мәйегінен алыстай береді.

Моңғолия еліне қазақтар Алтайдан көшіп барғандарына шамамен 150 жылдай болған. Олардың саны 1991 жылына дейін 120000 адамнан асып түсетін.  1991 жылы қарашаның 18-ші күні «Басқа республикалардан және шет елдерден Қазақстанның ауылды жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ республикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің № 711 қаулысы жарық көрді. Аталған қауылының негізінде алғаш болып Моңғолиядан еңбек шарты бойынша 60000 қазақ азаматтары атамекенге оралды. Олармен бірге түрлі сала бойынша елге танымал болған жоғары деңгейдегі мамандарда болды. Осылайша Моңғолия қазақтары жаңадан тәуелсіздігін жариялап еңсесін тіктей бастаған Қазақстанға санымен демографиялық ахуалын көтерсе, білікті мамандары, ұлттық бояуға қанық  салт-дәстүрімен де Қазақ халқының сапалық өрісін де кеңейте түсті. Ал, түрлі себептермен Моңғолияда қазірге дейін тұрып жатқан қазақтардың тууының жоғары болуына байланысты осы уақытта Аллаға шүкір саны әжептәуір өсіп, көштен бұрынғы санына жақындап қалғанын айтуға болады. Әрі  олар Моңғолияда 21 аймақ пен елді мекендерде тұрып жатса да көбінесе Баян-Өлгей, Қобда аймақтары мен Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында шоғырланған. Сондықтан көп болып шоғырланған аймақтарда қазақ тілі мен ұлттық мәдениеті жақсы сақталып келеді.

Орыстың патшалық империясы да, коммунистік билігі де қазақ халқының тағдырына қасіреттен өзге түк жазбапты. Оған Ауғанстанға барып қоныс тепкен қазақ ағайындардың тарихы куә. Ауғанстанға қазақтар үш кезеңде барған. әр кезеңнің өзіндік тауқыметі мол болды. Бірінші кезең 1865 жылы Ресей патшалығынан қысым көрген бір топ қазақтар әуелі Тәжікстанға өтеді. Одан кейін бір мың шаңырақты құрайтын қазақтар Ауғанстанға барып орнығады. Екінші көш 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейінгі тарихи зұлматтың беттерін парақтайды. Бұл көш қазақтың екі мың шаңырағын ауған елінде сергелдеңге салды. Үшінші кезең тарихта кәмпескелеу және қолдан жасалған ашаршылық деген анықтамасымен мәлім болып келе жатқан 1929-1932 жылдары іске асты. Осылайша қазақтар Ауғанстанның диаспорасына айналды. Үш кезеңде Ауғанстанды паналауға мәжбүр болған қазақтар Құндыз, Мазар Шәріп, Пол Құмыра, Герат, Кабул тағы басқа өңірлерінде тұрды. Олардың саны туралы түрлі мәлімет айтылып жүрді. Шындығына келгенде қазақтар арасында орташа бала саны сегіз болғандықтан үш кезеңнің төрт мың қазақ шаңырағының есебін шығару демограф ғалымдарымыз үшін қиын емсе.

Қазақтар Ауған елінде мал шаруашық, сауда-саттық және тігіншілікпен айналысты. Ұл-қыздарын көбінесе діни курстарға оқытты. Заманауи білім алуға бірен-саран ұл балалары оқыған. Соның ішінде бар-жоғы екі азамат Кабул университетіне оқып жоғары білім алды. Оның бірі- Нұрмұхаммед деген азамат әкесінің аты Молла Серікбай болатын, ол Кеңес одағының әскері Ауғанстанның ішкі оқиғаларына араласып, елдің ішіне бүлік шығарған 1980 жылдарында саяси тартыстардың құрбаны болып Кабулда қаза тапты. Екіншісі – Мұхаммед Рафиһ атты азамат БҰҰ-ының босқындар бөлімшесінің тізіміне ілігіп, алған мамандығы бойынша Даниия мемлекетінде қоныстанып, отбасы мүшелерімен тыныш өмірге қауышты. Аталары небір тауқыметты бастарынан өткерген ұрпақтың әулетінің бірі болған оған, бағы мен берекесі мол тіршілік еткей деген тілегіміз бар. Кеңес әскерінің 1980-1989 жылдар аралығында лаулатқан соғыс оты талай шаңырақты күйретті, миллиондаған ел азаматтарын жан-жаққа тарыдай шашыратып әуреге салды, оның кесапаты сол елде тұратын қазақтарды да айналып өте қойған жоқ. Естерін енді жиып, ұрпағының тағдырына үңіле қарап, оқу жағына енді ғана кіріскен қандастарымыз орыс өртінен қашқан анау жылдардан көп ұзамай жатып тағы олардан алыста жүрсе де қайтадан олардың отына күйіп, азабынан жан-жаққа үдере көшті. Қазақстан қазақтары 1980 жылынан бастап босқын ретінде Пәкістан, Иран, Араб Саудия және Түркия мемлекеттерін паналады. Олардың басым көпшілігі оқымысты маман болмағандықтан тұрақтанған елдерде алып-сатарлық  сауда, тігіншілік және аяқ киім жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрді. Олар тігіншілік саласында түркияда мемлекеттік экономикаға әсер етерліктей тері құрақтарынан күрте тігуді дамытты. Босқында жүрген олардың өмірі өте қиын болды. Олардың бар күш-қайраты жергілікті биліктен тұруға, жұмыс істеуге рұқсат алуына сарп болатын күндер аз болмады. Барған елдің толықтай тілін үйреніп меңгеру, заңдарына үйренісу, адамдарының мінез-құлқын тани білу, тіршілік қағидарына қанық болу тағы басқа қырларының байыбына бара білу оңайға соқпайтын. Босқында жүрген бауырларымыз тауқымет иірімінде жарқыраған үміт сәулесіне тап болды. Ол Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын әлемге жариялау еді.  Не бір өмір азабын көрген олар елінің тәуелсіздігін естігенде жүректері қуаныштан жарала жаздады. Құдай-ау естігеніміз шын ба? Коммунист кәпірлердің туы құлады ма? Еліміз азат ел болды ма? Күдік пен үміт арасындағы туындаған сұрақтар игі хабарды естіген қазақтардың миларын айналдыра бастады. Топтаса отырып әңгеме-дүкен құрғанда жалғыз тақырып Қазақстан дербес ел болды деген мәселесі еді. Олар ел тарихының жаңа өрісі туралы сөйлейді, сөйлейді де сосын бір-біріне қарап қуаныш қайнарынан көз жастарын төгеді. Сол сәттерде ешкімнің де көз жастарын жасыруға шамалары келмеген. Ұзақ уақыт күткен қастерлі арман орындалып жатқанда қуаныш жасыңызды жасыра алмайсыз да! Не керек жасырып, жүрегіңіз жарылып кетпесін десеңіз, жылай беріңіз! Бұл Алла сыйлаған әр халықтың тарихи жолында өте сирек тарту етілетін киелі сыйлық. Ұзағынан сүйіндірсін.

Тәуелсіздік философиялық, психологиялық, саяси мәні зор, қастерлі ұғым. Тәуелсіздік адамды адам болып өмір сүруіндегі және дүниеуи өмірден илаһи өмірге жету жолындағы негізгі фактор. Тәуелсіздік ұлттық сананы жетілдіріп, ұлттық болмысты сақтап қала алатын басты қайнар.

1991 жылдың 28-ші қыркүйек күнгі Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назабаевтың Түркияның Стамбул қаласында қазақ диаспора өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уәде еткендігі,  шетте жүрген диаспора қазақтарының жүректерінде мәңгі жасайтын бақыт сыйлады. Әсіресе,  Ауғанстаннан босқын атауына ие болған қазақтардың келешек тағдырын біржолата айқындап берген сол күн,  тәуелсіздік ұғымының қаншалықты сүйкімді ұғым екендігін шеттегі қазақтар жан-тәнімен сезді. Тәуелсіздік әрбір ел үшін  ерекшеленіп тұратын замана сыйы. Жоғарыда аталған жылдың сол бір шырайлы күні Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Стамбул қаласының қақ ортасы Таксим алаңында орналасқан Қазы-Антеп қонақ үйінің зәулім залында қазақ диаспорасының өкілдерін қабылдады. Сол кездесуде Елбасынан  бірінші кезекте, жедел түрде Қазақстан, Пәкістан, Иран, Сауд Аравия сы және Түркияда босқындар қатарында тұрып жатқан қазақ бауырларымызды елге қайтаруға қол ұшын беруді өтіндік. Президент екі етпей өтінішімізді қабыл алды, әрі көпке созбай, босқын қазақтарды елден арнайы жіберген ұшақтармен, аталған мемлекеттерден атамекенге жеткізді.

Бүгін таңда бір кездері тағдыр тәлкегіне түсіп, Ауғанстаннан пана тапқан қазақ бауырларымыз Жетісай, Қазақстан, Шымкент, Қазақстан және Қазақстан облысы және тағы басқа өңірлерде Отан құшағында еңбек етіп, ұрпақ жайып, бақытты болашағының іргетасын туған халқымен бірге қалап келе жатыр.

Бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы Қазақстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және тағы басқа республикалардағы қазақтардың атамекенге оралуы онша қиын болған жоқ. Өйткені,  орыс тілін үйреніп, саяси-қоғамдық ортақ ортаның психологиялық жүйесінде, құқықтық праволары бар азаматтары ретінде өсіп, өнді. Сондай-ақ, шекаралары ашық болғандықтан оларға елге оралу  жеңілдеу болды. Олар бар-жоғы жақын шетелдердің қазақтары деген атауға ие болды. Дегенмен, олар үшін Қазақстанның тәуелсіз ел болуы ерекше қуаныш болғаны рас. Екінші жағынан Ресейдегі қазақтардың Қазақстан елінің саяси-экономикалық ахуалы биіктеу тұрғаны үшін, ондағы қазақтардың атажұртқа қайтудағы іс-қимылдарында баяулық сезіледі.

Кеңес Одағының отаршылдық қатал саясаты ұжымдастыру сылтауымен қазақтардың мал-жанын тәркіленіп, күнкөріс көзі – төрт түлік малынан айырылып, қолдан жасалған аштыққа шалынып, шет елдерге көшуге мәжбүр болды.

Коммунисттердің қолдан жасаған дозағынан 1929-1933 жылдардағы атамекеннен Иран еліне көшуге мәжбүр болған бір топ қазақтар болды. Олар Иранға барған бастапқы жылдары сол жердің табиғаты мен тіршілік шарттарына бейімделе алмай, мыңдаған жаннан айырылып қалды. Мыңдаған қазақтардан бар-жоғы 500 адамдай қалған екен. Уақыт  алға жылжып, олар сол кездегі Мазандаран деп аталатын провинциясына қарасты Горган, Бәндәр Түрікмен,  Гүмбез-Кавуыс қалаларында біржолата қоныс тепті. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағанша әр қалада екі қазақ ауыл  болды. Олардың  халық саны 15 мыңға жақындай түскен еді. Қазақтар өз ауылдарында сүнни ханафи мәзһабы бойынша мешіт пен медресе салдырып, шетте жүрсе де өздерінің ата дінін сақтай білді.  Бұл үрдіс қазірге дейін жалғасып келеді.

Иран қазақтары да араға жетпіс жыл салып ата жұртының тәуелсіздігіне куә болды.  Тәуелсіздік оларға да қуаныш пен бақыт нұрын шашты.  Иран қазақтарының  алғашқы буыны  елін сағынып жүріп, атамекенін аңсаумен дүниеден озды. Бірақ та елді сағынған  сәттерінде  өз балаларына   сағыныш армандарын айтып, аманат етті. Қариялар балалары атамекенге  оралады деген сеніммен «Балалар анау алыста сіздің туған еліңіз бар. Сіздер ата жұртыңызға оралар күн туады. Сол үшін қастерлі тіліңізді, қасиетті дініңізді ұмытпаңыз. Сіз қазақсыз, мұсылмансыз, қазақы салтыңыз бар. Бұларды естен шығармаңыз, әйтпесе елге оралғанда –«мен қазақпын»,-деп қалай айта аласыз. Елдігіңізге ұят болып қалмасын» деп өскелең ұрпағына әңгімесін қайталап айтып отыратын әдеттері болды. Содан болар, атажұрттан жер аударған аталардың жырақта туып-өскен  алғашқы ұрпағы аталарының  еліне деген сүйіспеншілігін жүрекпен қабылдап, киелі аманаттай ата арманына жеткенше өз бойларында сақтап жүрді. Алла тағала адам баласына сансыз қабілет сыйлаған. Соның бірі «қиял» деген ғажайып қабілет. Мен үшін қиял қабілеті елде туған бауырларымнан өзгешелеу дүниенің иесі екенін де айтуым керек. Өйткені, өз отанында туған сәби есейе келе, оқуды, ғалым болуды, кәсіпкер болуды, өнер адамы болуды, бастық болуды не қоғам қайраткері болуды армандайды. Сосын арманын қиялдайды. Ал, мен болсам ес білгелі қиялдағы атамекенге жетуді армандап,  аңсап, бар-жігерімді оны іздеумен болдым.

Ал, тағдыр тәлкегіне түсіп, шет елдерде туған сәбилердің арманы адам сенгісіз қиял әлеміне ұласып, елін іздеумен болады. Оған шет елде туған мыңдаған қазақ балаларының өмір жолы, қиялдаған арманы куә. Мен сол мыңдаған қазақ  балаларының бірімін. Мен  Сұлтанабад ауылында туып, Горган қаласына көшкенше, одан әрі мектеп жасына жетіп біршама ес біліп, Рақбай атамның сөздерін бойыма сіңіргенше кәдімгідей балалық кезеңінің әсем де тәтті уақытын ананың, нағашылар мен ағайындардың жылы алақанында, мейірлі құшағында, сүйсіне қараған нұрлы жанарларының сәулесінде нағыз ұжмақта өткізгенмін.

Қалаға келген соң ана мен әкенің жанында жүріп шаһардың көк базарын көрдім, мектептің ауласында шулап жүрген балаларды көріп, «мектепке барғым келеді» деп әкемнің мазасын алатынды шығардым. Әкем де жарықтық сол кездің өзінде қоғамның беделді азаматтарының бірі-тін. Горган қаласының орталық көшесінің бойында Иранның орта ғасырлық әйгілі шайырларының бірі болған Мәнаучери атындағы мектеп, қаланың орталық алаңы көк базар маңында орналасқан болатын. Оның директоры Һашеми деген иманды адам менің әкемнің жақын досы болған. Қала орталығына барған сайын әкем оған жолығып, екеуі шүйіркелесіп қалатын. Һашеми ағаның нұрлы бейнесін, маған ілтипат көзімен қарағандығы да менің мектепке барғым келетінін одан әрі қамшылай түскені  де шындық. Мен ол кісіні күні бүгінге дейін ұмытқан жоқпын. Оны сағына еске алып жүремін. Тым ұзын емес бойы, сиректенген  шашы, жасыл тартқан көздерінің түсі, көзіне таққан көзәйнегі, салмақты киінісі, тіпті бар болмысынан тек қана шапағат жаудыратын ондай адамды ұмыту да мүмкін еместей болып көрінеді маған.

Бәрі осылай әдемі басталып, аталған мектепке де бардым. Сәбилік сезімнің ырғағында тербиеленіп, мектепте тез арада парсы тілін үйреніп, ортаның кейпіне де ене бастау балалар үшін қйын емес екенін де сезбедім. Мектепке дейін үйде бір ауыз парсыша сөйлемей, оқуға түскенде не үшін өзге тілмен білім ала бастағанымды да таң қала ойланған жоқпын. Бәрі дұрыс, бәрі өмір заңы сияқтанып тіршілік алға жылжып бара жатты.

Айлар өтіп, күндердің бірінде, мектепте парсы тілінде сөйлеуге әбден машықтанған кезіміз еді. Парсы тілінде сөйлеп мәзбіз. Сол күні мен сол жылдарға қарап басқа да үйлермен салыстырғанда, әжептәуір екі қабат ғимараттың төменгі қабатында атамның жанында бір нәрсені түрткілеп отырғанмын. Сол сәтте есік ашылды да, бір құрдасым парсыша « Ислам, жүр барып ойнайық» деп дауыстады. Оның солай сөйлегені мұң болды, кенет атам қаһарлана: «Иттің баласы! Сен қазақсың, неге өз тіліңде сөйлемей, жат тілінде сөйлейсің. Бұдан былай үйде өзгенің тілімен сөйлегеніңді естімейін» деп бірақ шешті. Сол күннен бастап атаның айтқаны әлде бір елестей барлық сезім мен санамда ілесіп жүре берді. Мектепке барғанымда бірнеше қазақ балаларына қарап, олардың жергілікті балалардан өзгеше екенін сезгендей болдым. Бірақ түк түсінбей жүретінмін. Бір-екі жыл өткен соң, қазақ балалар болып қосыла жүріп «Біз қазақпыз» дегенді айтатын болдық. Бұл бәрімізге тән құбылыс екенін де сездік. Түсінігімізді уақыт өткен сайын тереңдетуге тырысатынбыз. Қазақты ұғу бәріміздің басты міндетімізге айналды да кетті. Үлкендердің сөзіне құлақ асу, жанымызға жақын үлкендерден «Қазақ» кім екенін сұрау әдетіміздің маңызды тармағына айналып үлгерді. Атамекенді көрмеген сұлу арудай қиял әлемінде сүйдік, сүйе жүре оны көруге зар болып, аңсап жүрдік. Яғни, аталарымыздың  ел және елге деген махаббат пен аңсар сезімін аманат етіп алған ұрпақ,  өз көзімен көрмеген елдің өздерінің қиял әлемінде ғажайып бір көркем бейнесін суреттеп, соның елесімен өмір сүре бастады. Қиялдарында армандап жүрген кезеңдер олардың тағдыры іспеттес еді. Олар өздерінің қиял әлемінде суреттеген ел бейнесіне ғашық болып, оның дидарын сағынып, ол арманға жетуді асыға күтіп жүрді. Жастық шақтарында шығыстың  небір сұлу  қаракөз аруларымен кездессе де,  оларды қиялдағы арумен ауыстырмады. Қиялдағы кең байтақ атамекен  қазақтар үшін жүректерін аулаған, теңдесі жоқ жалғыз ару  болды. Бұл ғажап сұлу жарды тек қана жүрек көзімен көруге болатын еді…

1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған күн Иран қазақтары үшін де Алланың берген үлкен сыйы іспеттес болды. Өйкені соның арқасында Қазақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дипломатиялық байланыс орнатылды. Көп ұзамай 1992 жылдың 29 қарашасында Иран Президентінің шақыруымен еліміздің  Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Иран еліне бірінші ресми сапары жүзеге асты. Аталған сапардың жан-жақты игі табыстарының бірі – Елбасының сол кездегі Иран президенті Әли Акбар Хошеми Рәфсәнжани мырзамен  арасында болған әңгіменің қортындысы ретінде Иран қазақтарының ата жұртына өз қалауы бойыша еркін көше алатын келісімі еді. Бұл Қазақ халқы үшін теңдесі жоқ табыс болды. Ол табысқа қазақтар  Елбасының үлкен көрегенділігі мен парасаттылығының арқасында қол жеткізді. Соның нәтижесінде 1995 жылдың күзінде Иран қазақтарының алғашқы тобы  Каспийдің Иран жағындағы Әнзәли портынан Қазақстан жағалауында орналасқан Ақтау қаласына кемемен жеткізілді. Бұл көшке сол кездегі Қазақстан Республикасының еңбек министрі Саят Бейсенов мырзаның ерен еңбегі сіңді.

Атажұрттан Иран жеріне қоныс аударған алғашқы буын елді сағынып, аңсары туған жеріне ауып жүрді. Олар өз сағыныш сезімін кейінгі екінші буынға айтып, аманат ете білді. Ал, үшінші буынның сағыныш жалыны азая түсті. Одан  кейінгі ұрпақтар елді сүю жалынын тек қана кітаптардан оқып сезе алса, олардың асқан сезімталдығы деп есептеуге болатындай болып көрінеді. Дәл осындай психологиялық заңдылықтарға қарап, диаспорасы бар елдер мүмкіндігінше диаспора әулеттеріне, жеті атасына дейін оларға мемлекеттің маңызды мансаптарынан орын бермеуге тырысады. Бұл өз елін ойлаған елдің табиғатынан туған табиғи ұстаным. Өйткені, ел басына күн туғанда оны қорғауға жанымен елін сүйген, жүрегімен сол сүйіспеншілікті сезген жандар ғана елге қорған бола алады. Бұл жалпы заңдылық. Сол үшін кез-келген азаматтың жаны басқа кеңістікті іздеп, жүрегі басқа елді аңсап жүрсе, өмір сүріп жатқан елін жанын салып сүюі екіталай.

Тәуелсіздік ауқымы кең ұғым. Оның саяси, психологиялық, идеологиялық, философиялық, қоғамдық сынды астары мол ұғым. Елдің елдік сипатын бейнелейтін  саяси тәуелсіздігі елдің мәдени, экономикалық дамуына мүмкіндік береді.

Тәуелсіздік психологиялық, философиялық тұрғыдан да мәні зор ұғым дедік. Өйткені, адамзат жаратылысынан еркіндікті, азаттықты сүйіп жаратылған. Сондықтан жаратушының бейішінен де тыйым салынған жемісін жеп, ұжмағынан қуылды.Сонда адам Алланың ескертуіне қарамай, бейішті тәуелсіздіктің тәтті миуасымен айырбастады. Ол да болса Алла тағаланың адам табиғатына берген ерекшелігі, таңдау артықшылығы болып табылады. Содан болар, адам баласы өмір бойы тәуелділік пен тәуелсіздік тартылысында тартысып тіршілік етіп келе жатыр.

Адам– қоғамдық тұлға. Сол үшін адам тіршілік ету үшін адамға мұқтаж. Солай бола тұра ол өзгеден өзгешелеу болғысы келеді. Оның табиғатындағы тәуелділігі мен тәуелсіздікке ұмтылыс табиғаты  бөлінбейтін екі ұшты бөлшектері ретінде адамзаттың мәңгілік тартысына айналған түйіні болып, адам өмірімен бірге жалғаса береді. Өйткені, адам ананың құрсағынан бастап жарық дүниеге қадам басқанша тіршілігі табиғат пен ананың болмысына тәуелді бола тұра, ол тәуелсіз болатұғын заманды асыға күтеді, сол мәреге жетуге тынымсыз қозғалыста болып, еңбектенеді.

Адамзат өмірінің тәжірибесіне қарап, психологиялық тәуелсіздікті сезе білген адам өмір жолында жаңа идеяларды, ірі жобаларды іске асыруға батыл кірісе алады. Сондай-ақ, психологиялық тәуелсіздік адамның философиялық өрісін кеңейтіп, дүниетанымының кеңістігін айқындай түседі. Сол үшін тарихта, ғылымда, әдебиетте, өнерде шығармашылықпен айналысатын тұлғаларды материалдық, қоғамдық тәуелсіздігін қамтамасыз ете алған елдердің саяси билігі, сол елдің ғарыштап дамуына жол ашып берген.  Есесіне, адамның психологиялық тәуелділігі оның құлдық психологиясын  қалыптастырады.

Адамзаттың өмір салты оның психологиялық ахуалына әсер ететіндіктен Қазақ халқының көшпенділік табиғатына байланысты еркіндікке бейімділігі, оның қоғамдық қатынастардағы заңдар мен ережелерге бағынуын кешеуілдетіп келе жатыр. Адам психологиясының өзіне тән қоғамдық ережелерге тәуелді болуы да адамның еркіндік сүйгіштігімен үйлесуі керектігі анық. Адам психологиясының мұндай қайшылықтарын үйлестіру адам санасының кең өрісіне тікелей қатысы бар. Тарихи жазба деректерде «Қазақ» сөзі еркіндікті, азаттықты, тәуелсіздікті сүйген топтарға арнап айтылады. Сол себепті, кең далада еркін өмірді аңсаған түркінің түрлі ру-тайпалары топтаса бастап, халық сипатына  лайық  атала келе ұлт ретінде қалыптасты. Сондықтан тәуелсіздік ұғымы қазақ өмірінің салтымен ұштасқан, қайнасқан ұғым. Сол үшін XX ғасырдың 1991 жылғы 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін жариялау Қазақ тарихында оның ғасырлар бойы аңсаған саяси жеңісінің биік шыңы болып саналады.

Қорыта айтқанда, Қазақстан Республикасының саяси тәуелсіздігі еліміздің саяси, экономикалық, ғылыми тағы басқа салаларында айтарлықтай көптеген табыстарға қол жеткізуіне жол ашты. Соның бірі Қазақ  диаспорасы мен шетте қалған қандастардың рухани бірлігін қамтамасыз етумен бірге, оларды атамекенге көшіріп алу еді. Бұл шараның негізі Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 1991 жылы желтоқсан айында Түркияның Стамбул қаласы Қазы-Антеп қонақ үйінің кең де зәулім залында бірнеше елден келген Қазақ  диаспорасының қырыққа жуық өкілдерін қабылдап, олардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдап, кейінге қалдырмай, дереу шешім қабылдауында жатыр. Сол басқосуда келешекте Қазақ диаспорасымен қандай қарым-қатынаста болу жайы да өз шешімін тапқан болатын…

Содан бері, еліміздің жүріп өткен жиырма бес жылында дүниежүзіндегі қазақ бауырлар ортақ сезім, ортақ түйсік, ортақ сүйіспеншілікпен атамекен – Қазақстанды бетке алып келеді. Тәуелсіздігіміз халқымызға құт болып жалғаса берсін! Бойымыздағы қуатымызды, жүрегіміздегі сүйіспеншілігімізді еліміздің гүлденуіне жұмсап жүрейік.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑