banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 1  398 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шетелдегі қазақ зиялылары

ӨЗбекстан

 

Ақмамбетов Арыстанбек

Ташкенттегі ирригация және мелиорация институтын аяқтап, 1964 жылы жолдамамен Сырдария облысына жіберіледі.

1965 жылы қаңтар айынан Сырдария облысы Гүлістан аудандық «Сельхозтехника» мекемесінде бөлім бастығы, бас инженер жұмыстарын атқарды. 1969 жылы партия жұмысына ауысып, 1973 жылы Сырдария облыстық партия комитетінде нұсқаушы, 1973-77 жылдары Сырдария облыстық халықтық бақылау комитетінде төраға орынбасары. 1987-88 жылдары Қарақалпақстан Республикасы Министрлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, Қарақалпақстан Республикасы Мемлекеттік Агро-өнеркәсіп комитетінің төраға қызметтеріне тағайындалады. 1993 жылдан Өзбекстан Республикасы Сыртқы экономикалық байланыстар Министрлігінің Сырдария облыстық басқармасы төрағасының орынбасары қызметінде болды. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Дүниежүзі қазақтарының бірнеше құрылтайының делегаты.

1997 жылдан Сырдария облысы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы. Облыста ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің насихатталуына, республикалық Қазақ ұлттық мәдени орталығы өткізіп жатқан мәдени шараларға атсалысуда. Мемлекет деңгейінде атап өтілетін мерекелерде мәдениет пен өнеріміздің дамуына, өркендеуіне өз үлесін қосып келеді.

 

Әлқожаұлы Жүсіп

 

1931 жылы Өзбекстанның Бұқара облысы Тамды ауданында дүниеге келген. 1952 жылы Ташкенттегі мұғалімдер институын, 1959 жылы Бұқара педагогикалық институтын бітірген.

1952-1956 жылдарда Тамдыдағы Ленин атындағы орта мектепте оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі, директордың орынбасары. О. Кошевой атындағы мектептің директоры болып қызмет еткен.

1956 жылы Тамды аудандық «Социалистік шаруашылық» газетінің жауапты хатшысы, 1969-1982 жылдарда сол газеттің редакторы, 1974 жылдан КСРО Журналистер Одағының мүшесі.

1958-1962 жылдарда Тамды аупарткомында нұсқаушы, бөлім меңгерушісі, 1962-1964 жылдарда «Ақтау» ұжымшарында партком хатшысы, 1964-1969 жылдарда аупарткомының үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен.  1982-1987 жылдарда Тамды ауаткомы төрағасының орынбасары, 1987-1990 жылдары «Қызылқұм» кеңшарында директор, газетте редактордың орынбасары болған.

1991 жылы Ташкентте қазақ тілінде шыққан «Достық туы» газетін ұйымдастыруда еңбегі ерекше. Сол газеттің Бұқара, Науаи облыстары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды.

Журналистикада ширек ғасыр қалам тартып, негізгі мамандығы тарихшы болғандықтан Тауелібай тарихын 50-60-шы жылдардан бастап зерттеген. Бүгінге дейін бірнеше кітап жазып жарыққа шығарды. Олардың арасында «Тауелібай әңгімелері», «Абдулла Ералиев», «Тауелібай» тарихи очерктер, «Асыл аға», «Дара тұлға», «Замандастар, тұстастар» т.б. кітаптар жарық көрді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы баспасы шығарған «Алтын алқа» атты Өзбекстан ақындарының жыр жинағын дайындап, баспаға әзірлеуде де Ж.Әлқожаұлы еңбегі ерекше болды. Қазір Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 

Бабажанов Тасболат

Тасболат Лепесұлы 1935 жылы Ташкент облысының Жаңажол қаласында туған. 1957 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. Мамандығы – инженер-геолог-мұнайшы. Геология-минерология ғылымының докторы, профессор. Өзбек КСР еңбек сіңірген геологы. КСРО-ның ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1979 жыл). 1990-1994 жылдары Өзбек Республикасы Жоғары Кеңесінің, 1994-2005 жылдары Өзбекстан Республикасы Ұлы мәжілісінің депутаты.

Тасболат Бабажанов «Өзбекнефтегаз» Ұлттық компаниясының үлкен бір тармағы «Геофизика» ААҚ-ын 1979 жылдан бері басқарып келеді. Ол Өзбекстанның мұнай және газ-кен орындарын барлап, іске қосуда үлкен еңбек атқарған. Республиканың 20-ға жуық мұнай және газ-кен орындарын ашып, ел игілігіне қосты. Жалпы Өзбекстанның энергетикалық тәуелсіздігіне орасан мол үлес қосқан қоғам және мемлекет қайраткері. Өзбекстандағы көптеген қазақ кадрларының қалыптасуына, қызметте өсуіне қамқорлық жасаудан жаңылған емес. Республикадағы Қазақ ұлттық мәдени орталығы қашанда Тасболат Лепесұлының демеушілік көмегін айрықша сезініп отырады.

Байназаров Асан

Өзбекстан Республикасы көркемөнер Академиясы шығаршылық ұйымының мүшесі. К.Бехзод атындағы Ұлттық Суретшілер және Дизайн институты кескіндеме кафедрасының аға оқытушысы. Бірнеше жыл бойы институтта осы кафедра меңгерушісінің орынбасары, «Бейнелеу өнері» факультеті деканы орынбасары. 2002-2006 жылдары Өзбекстан Көркемөнер Академиясына қарасты Көркемөнер көрмелері Дирекциясының бас директорының орынбасары болып қызмет істеген.

Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығы өткізіп келе жатқан шараларда белсене қатысады.

Қазақстанның Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтың 100 жылдығына арналған көрменің 2005 жылы Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігі және Алматы Ұлттық мұражайы басшылығымен Ташкентте өткізілуіне мұрындық болып, сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан ұлтаралық мәдени орталығы атынан осы көрмеге өзінің шығармаларымен қатысты.

Республика және шетелдерде өткізілетін көрмелерге қатысып келеді.

 

Бегежанов Қаһраман

Ақын және айтыскер. 1956-1961 жылдары Қарақалпақстандағы Шевченко атындағы педагогикалық институттың Қазақ тілі мен әдебиеті, тарих факультетін үздік аяқтаған.

1970 жылы Ташкенттегі республикалық орыс тілі және әдебиеті институтының орыс тілі және әдебиеті мамандығы бойынша бітірген.

Ақындық өнерін сол студенттік кезеңінен бастаған. Алғашқы өлеңдері автономиялы республикалық «Совет Қарақалпақстаны», «Жеткіншек», «Лениншіл жас» газеттерінде, «Амудария» атты әдеби журналында шыққан.

«Жастар әуезі» атты жас ақындар альманағына енген.

Институтты бітіріп келген соң, туған өлкесіне оралып, өзі оқыған №4 Амангелді мектебінде мұғалім, директордың орынбасары, партия ұйымының хатшысы, Ташкент облысы Жаңа жол, Шыназ аудандарының атқару комитеттерінде бөлім меңгерушісі болып еңбек етті.

1991 жылы Жаңа дәуір шарапатымен алғашқы ақындар айтысына қатысты. (Таушен Әбуова, Ақмарал Леубаева, Мекембай Омаров т.б. ақындармен айтысқан). «Қаһраман Бегежанов пен Дүрия Байзақова айтысы «Достық туы» (қазіргі «Нұрлы жол») газетінде жарияланған.

 

Гаппаров ӘлІшер

Әлішер Гаппаров 1949 жылы 26 мамырда Ташкент облысы, Зәңгіата ауданы «Бозсу» елінде туылған.Жоғары Шыршық ауданының әкімі.

Ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін өзі туып өскен мекенде энтомолог, ұжым төрағасы, бөлім бастығы, бас агроном қызметінде болды.

1982-85 жылдарда Зәңгіата ауданындағы «Москва» мемлекеттік шаруашылығының директоры, ұжым төрағасы, Бозсу ауыл шаруашылық ұжымы төрағасы болып жұмыс істеді.

2000 жылдан Жоғары Шыршық аудан әкімі қызметінде.

«Бозсу» шаруашылығында, Жоғары Шыршық ауданында халықтың тұрмыс-жағдайын жақсартуда көптеген жұмыстарға мұрындық болды. Ауданда Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арнап екі ескерткіш орнатты. Медициналық қызмет көрсететін 18 пункт ашылды. Бірнеше елді мекендерге ауыз су тартылды. №12 орта мектепке толығымен жөндеу жұмыстары жүргізілді.

2004-2006 жылдары Ташкентте өткізілген Халықаралық ақындар айтысының демеушісі.

Мемлекет алдындағы еңбектері үшін «Шухрат» медалімен, Жоғары Кеңес мақтау граматосымен марапатталған.

 

Дүйсенов Құлмаханбет

Айтыскер ақын. 1981 жылдан 1987 жылға дейін Өзбекстан Республикасы Ішкі Істер бөлімінде қызметте болған. Милиция капитаны. Ішкі Істер бөлімінде қызмет атқарумен қатар, қазақ халқының өзіне тән ерекшелігі бар айтыс өнерінің болашақ ұрпақтарға жеткізуге күш жұмсап және сол өнерді дәріптеп жүрген азамат.

Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығы ұйымдастырып жатқан барлық шараларда белсенді қатысып келеді.

1995 жылы Ташкентте өткен Абай, Әлішер, Манас бабаларымызды еске алуға арналған Халықаралық айтыста бас жүлде «Жигули» автокөлігін иемденген. Тұрар Рысқұловтың 110 жылдық тойында үшінші орынға ие болды. Сонымен бірге Қазақстанда Сүйінбай, Мұхит бабаларымызға арнап өткізілген халықаралық айтыстарда Өзбекстан Республикасы атынан қатысты.

 

Ерқожаев Есжан

Ерқожаев Есжан  1941 жылы 23 тамызда Самарқан облысы Бұлыңғыр ауданы Ақтөбе елді мекенінде дүниеге келді. 1948 жылы Ташкент облысы, Шыназ ауданына қарасты қазіргі Эшанабад колхозына қоныс аударады. 1960-65 жылдары Орта Азия политехника институтының механика факультетінде оқып, жолдамамен Сырдария облысы Гүлістан совхозында аға инженер қызметінде істеді. 1968 жылы өзі өскен Эшанабад кеңшарында бас инженер, 1973 жылдан-1990 жылға шейін Шыназ ауданы ауыл шаруашылық басқармасы бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметінде істеді. 1990 жылдан 2001 жылы зейнетке шыққанға дейін Эшанабад кеңшарында төраға болып қызмет атқарды.

1992 жыл наурыз айында «Өзбекстан Республикасында қызмет көрсеткен ауыл шаруашылығы қызметкері» атағын алады. Бірнеше орден-медальдармен марапатталады.

Зейнетке шыққанан соң, 2002 жылдан Шыназ (Ташкент облысы) аудандық Қазақ ұлттық мәдени орталығының қызметіне атсалысып келеді.

 

Жотаев СатыБалды

1968-1973 жылдары Ә.Науаи атындағы Самарканд мемлекеттiк унииверситетiнiң биология факультетiнде жоғары бiлiм алған. 1973-1975 жылдары Өзбекстан Ғылым Академиясынын Өсiмдiктер эксперименттік биология институтында  аға  лаборант, кiшi гылми қызметкер лауазымында жұмыс iстеген.

1975-1978 жылдары Мәскеу қаласында КСРО Ғылым академиясының Жалпы генетика институтында академик Н.П.Дубинин жэне проф.В.А.Тарасов басшылыгында аспирантурада оқыған. 1980 жылы «Генетика»  саласы бойынша  биология ғылымының кандидаты дәрежесiн қорғаған.

1982-1992 жылдары ӨзР Ғылым Академиясы Биорганика ғылыми-зерттеу институтында ген инженериясы лаборатиясында аға ғылыми қызметкер. 1992 -2005 жылдары – ӨзР Ғылым Академияси Генетика және өсiмдiктер эксперименттік биология институтында аға ғылыми қызметкер, лаборатория бастығы және директордың шетелдермен  ғылыми байланыс саласы бойынша орынбасары. 2005 жылдан берi осы Институтта  Бiрiккен Ұлттар Ұйымы қоршаған ортаны сақтау бағдарламасы (ЮНЕП) жэне Глобал экологик фонд (ГЭФ) қаржыландырған екпе өсiмдiктердiң табиғаттағы жабайы түрлерiн сақтау бойынша халықаралық жобаның Өзбекстан бойынша ұлттық үйлестірушісі.

Негiзгi ғылыми жөнелiсi – өсiмдiктер  биотехнологиясы. 80-нен  астам ғылыми мақалалары ұлттық және шетел журналдарында жарық көрген. Қызмет бабымен АҚШ, Англия, Австрия, Грекия және Түркия мемлекттерiнде ғылыми симпозиумдар мен конференцияларда болған және кәсiптiк шеберлігін арттырған.

Республикалық Қазақ ұлттық мәдени орталығы жұмысына 2002 жылдан берi қатысып,  2006 жылдан  Мырза Ұлықбек ауданы Қазақ мәдени орталығы төрағасы қызметiн атқарып келедi.

 

Кетебаева Бибіайша

1941 жылы Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында дүниеге келген. Нүкістегі орта мектепті біртірген соң 1958 жылы Мәскеу мемлекеттік тарих мұрағат институтына оқуға түскен. 1963-1965 жылдары Өзбекстан ғылым  акамдемиясы Қарақалпақ филиалының тарих, тіл және әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, осы кезде Қарақалпақ мемлекеттік педагогикалық институтында тарихтан сабақ берді. 1965-1968 жылдары Өзбекстан ғылым академиясының тарих және архиеология аспирантурасында оқыған. Одан кейінгі екі жылда Өзбекстан ғылым академиясы Қарақалпақ филиалының тарих, тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері болды. 1970 жылы «Қарақалпақ әйелдерінің социалистік құрылысқа қатысуы (1928-1937 ж.ж.)» деген тақырыпта диссертация қорғап, тарих ғылымының кандидаты дәрежесін алды.

1970 жылғы желтоқсанда Өзбекстан Компартиясы Нүкіс қалалық комитетінің хатшысы болып сайланып, осы қызметте 15 жыл еңбек етті. 1985 жылы халық ағарту, жоғары мектеп және ғылым  қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің төрайымы болып сайланып, 1994 жылдың қарашасына дейін еңбек етті. Сол кезден бері Нүкіс қаласындағы №34 орта мектептің директоры. «Күн сәулелі Қарақалпақстанның әйелдері» атты кітаптың авторы. Адал да жемісті қызметі үшін «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерімен марапатталған, Қарақалпақстан республикасы мәдениетінің еңбек сіңірген қызметкері.

 

Күзенбаева әмина

Әмина Оспанқызы медицина ғылымының кандидаты, жоғары дәрежелі дәрігер.Өзбекстан Республикасы Бұхара облысы Тамды ауданында  дүниеге келген. 1963-1969 жылдары Ташкент мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетінде оқыған, мамандығы балалар дәрігері. 1976-1987 жылдарда Тамды аудандық ауруханасы бас дәрігерінің  емдеу саласындағы орынбасары, 1987-1989 жылдары Науаи облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бас педиатры болып еңбек еткен.

1989-1992 жылдары Қазақстан Педиатрия ғылыми-зерттеу институтында дәрігер, аға ғылыми қызметкер, 1993 жылдан бастап Республикалық  медицина колледжінде анатомия пәнінің оқытушысы.

2000 жылы орта дәрежелі медицина қызметкерлеріне арналған «Адам анатомиясы» оқулығы кітабы жарық көрді, ол бүгіндері болашақ медицина мамандарының игілігіне жарап отыр.  «Адам анатомиясы» кітабы орта дәрежелі медицина оқу орындарының оқушыларына арналған қазақ тіліндегі алғашқы оқулық.

 

Қалдыбаев Дамир

Қалдыбаев Дамир Ергешұлы 1953 жылы 20-мамырда Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Жоғары Шыршық ауданы Иік –Ата елді мекенінде дүниеге келген. Жас кезінен әдебиетке қызығушылық танытты. 1970 жылы оқуды үздікке бітіріп, Алматыдағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Жанұялық жағдайына байланысты оқуды жалғастыра алмаған. 1989 жылға дейін жол құрылысы мекемесінде жұмысшы болып жұмыс істеп жүрсе де аудандық, облыстық деңгейіндегі газеттерде мақала, өлеңдер жариялап тұрды. Жоғары Шыршық аудандық «Қарқын» газетінде штаттан тыс тілші қызметін атқарды. 1989 жылы Өзбекстан Республикасы ғылымдар академиясы жанынан «Қазақ ақпарат мәдени орталығы» құрылды. Алғашқы күннен бастап сол қоғамдық ұйымда референт қызметін қоғамдық негізде атқарды. Өзбекстанда жасайтын миллионға жуық қазақтың салт-дәстүрін, тілін, мәдениетін, тарихын сақтап қалуда орталықтың өз уақытында ұйымдасып, халықтың көңілінен шыға бастады. Қазақтың өнер адамдары, ақын-жазушылары, саясаткері шақырылып түрлі деңгейдегі кездесулер, концерттер өтіп тұрды. Орталықтың өрісі кеңейіп 1992 жылы 14 наурызда Өзбекстан Республикасы Қазақ ұлттық мәдени орталығының І Құрылтайы Ташкент қаласында өткізілді.

Қалдыбаев Дамир Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығының жұмысына ұзақ жылдар бойы қызмет етті.

 

Қалдыбаев Тұрдыбай

Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика институты тарих-филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиет бөлімін 1967 жылы үздік бітіріп, Төменгі Шыршық ауданындағы 24-орта мектепке жұмысқа орналасқан. Қазақ тілі мен әдебиет мұғалімі болып істеп, көп ұзамай мектеп директорының тәрбие істері жөніндегі орынбасары болған.

1972 жылдан  Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика институтында кафедра лаборанты, кейін аға лаборанты, оқытушы қызметтерін атқарған. Осы аралықта екі пәннен кандидаттық минимум емтихандарын ойдағыдай тапсырып, «Сәкен Сейфуллин поэзиясындағы романтикалық пафос» атты тұңғыш ғылыми мақаласын жариялады.

1975-1981 жылдары отбасы жағдайыма байланысты ауылдағы мектепте тәрбие жұмыстары бойынша қызметін жалғастырды. 1982-1985 жылдары аспирантурада оқыды. 1987 жылы Алматыда «Қазақ халық дастандары «Жүсіп-Зылиха» мен «Бозжігіт» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғады. 1988 жылдың қаңтарынан Қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы қызметін атқара бастады.

Әдебиеттану ғылымының өзекті мәселелеріне арналған мақалалары ҚР ҰҒА хабаршысында, бұрын Бакуде шығатын «Советская тюркология» журналында, ӨзР Қолжазбалар институтының «Адабий мерос» журналында, Түркия басылымдарында, «Қазақстан мектебі» журналында жарияланды. «Көркем мәтінді оқыту және шығарма жаздырып үйрету» (Ташкент, 1989 ж., 5 б.т.) көмекші оқу құралы көпшіліктің көңілінен шықты. 1993 жылы Өзбекстан Республикасы оқу ісінің үздігі төсбелгісімен марапатталдым. 1994 жылы Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалды. Университеттің Ғылыми кеңесінің мүшелігіне сайланды.

Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының бакалавры үшін мемлекеттік білім стандарты мен бағдарламаларын жазуға басшылық жасап, бұл жұмысқа өзі тікелей қатысты. Республикада қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын дайындайтын жоғары оқу орындарына арналған оқулық баспадан шықты. (Ташкент, «Ибн Сино», 1999 ж.).

Халқымыздың ұлы ойшылы Абайдың өмірі мен шығаршылығын насихаттау үшін көпшілікке арналған «Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл» (Ташкент, 1995) кітапшасын, «Әдебиет сабақтарында тіл ұстарту» (Ташкент, 1999) көмекші оқу құралын баспадан шығарды.

Республикада қазақ мектептерінің төл оқулықтардан зәрулік көруіне байланысты, бұл жұмыстың ұйытқысы болып, авторлармен бірлесіп 2-, 4-, 7-, сыныптар үшін «Қазақ тілі», «Оқу кітабы», «Әдебиет» оқулықтарын жазды. Түрлі басылымдарда 70-ке жуық ғылыми-әдістемелік мақалалары жарияланды. Республикалық, облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институттарында қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың инновациялық технологиясы жөнінде үздіксіз дәріс оқып келеді.

2003 жылы профессор ғылыми атағын алды. Өзбекстан Республикасы тәуелсіздігінің 12 жылдығына орай Президент жарлығымен «Достық» орденімен марапатталды.

1991 жылдан Ташкент қаласында өткізіп келе жатқан халықаралық ақындар айтысының ұйымдастырушысы, қазылар алқасының мүшесі, төрағасы, айтыстың жүргізушісі. Республикалық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төралқа мүшесі. ӨзР телерадиокомпаниясының «Түркістан – ортақ үйіміз», «Дидар» бағдарламалары арқылы халықтар достығы, ақын-жазушылардың шығармашылығы, ұлттық салт-дәстүрлер туралы хабарларға үздіксіз қатысып келеді.

Өзбекстан-Қазақстан достық қоғамының директоры қызметінде айтарлықтай еңбек етті. 1995 жылы Ұлы Абайдың туғанына 150 жыл толуына байланысты мерейтойға Өзбекстан Республикасы мемлекеттік делегациясының құрамында қатысты.

Дүниежүзі қазақтарының 2002 жылғы Түркістанда, 2005 жылы Астанада өткен құрылтайына да қатысты.

 

Қалиұлы Құлмахан

Қазақ орта мектебін бітірген соң, Ташкент Мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқыды.

Көп жылдар партия, кеңес, кәсіподақ жұмыстарында болды.

Әдебиетпен шұғылданып жүріп «Өмірім-өлең», «Дала жырлары», «Адасу», «Кенимех нұр өлкем» атты кітаптарын жарыққа шығарды.

Бүгіндері зейнеткер, сонымен қатар аудандық «Мүгедектер мекемесін» басқарады.

 

 

Қанаев Дінислам

Дінислам Қанаев Әкімбайұлы 1951 жылы 13 сәуірде Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданы, Тоқымбай елінде туылған. Ташкент мемлекеттік педагогика институтының география-биология факультетінде оқып, білім алған. 1973 жылдан бастап өзі оқыған Жоғары Шыршық ауданында №26 орта мектепте химия-биология мұғалімі болып жұмыс істеді. 1970 жылдан мектепте оқу-ісі бөлімінің меңгерушісі, орта мектеп директоры қызметін атқарды.

1985 жылы тамыз айынан Жоғары Шыршық ауданы «Суранкент» ауыл кеңесі жиынының төрағасы. Сол жұмыс аралығында алты рет Кеңес депутаты, үш рет аудандық кеңес депутаты болып сайланды.

2001 жылдан бастап Жамбыл атындағы ұжымшар төрағасы болып қызмет істеді.

2003 жылдан бастап Жоғары Шыршық ауданы фермерлер ұжымы, аудан ауыл шаруашылық кәсіподақ ұйымы төрағасы.

2006 жылғы қыркүйек айынан ауылда ашылған Қазақ Педагогика колледжінің директорының орынбасары.

Д.Қанаев Дүниежүзі Қазақтарының үш құрылтайына делегат болып сайланған.

1991 жылдан республика Қазақ ұлттық мәдени орталығының белсенді қайраткері. 1996 жылдан бастап Жоғары Шыршық аудандық Қазақ Ұлттық Мәдени Орталығының төрағасы. Ауданда ақын-жазушылардың мерейтойына арналған шараларды өткізуге ат салысқан. 2004-2005 жылдар аралығында өткізілген Халықаралық ақындар айтысының бас демеушісі.

 

Қосаев Әшір

1951 жылы Ташкент облыстық партия ұйымы шешімімен Орта Шыршық ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейіннен осы комитеттің төрағасы болып қызмет атқарған. 1958-1963 жылдары аудан партия ұйымының шешімімен аудандағы экономикасы нашар «Энгельс» кеңшарына төраға болып, колхоз экономикасын көтерген. 1963-1976 жылдары құрылыс мекемесіне басшылық жасап халықты үймен қамтамасыз етуге зор үлес қосқан. 1976-1991 жылдары «Коммуналдық үй-жай жөндеу» мекемесіне басшылық жасаған. 1989 жылы ауданда ұлттар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында ұйымдастырылған қоғамдық ұйым – аудандық ұлтаралық мәдени орталығының төрағасы болып сайланды. Мемлекет тарапынан еңбегі еленіп, 1956 жылы «Еңбек қызыл ту», 1965 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, медальдарымен, 2006 жылы «Өзбекстан тәуелсіздігінің 15 жылдығы» омырау белгісімен марапатталған.

 

Құрбанбаев Артықбай

Артықбай Құрбанбайұлы 1965 жылы Ташкент ауыл шаруашылығы ирригация және механизация инженерлері институтына бітіріп, сол жылы «Гидромелорация жүйесін пайдалану кафедрасына ассистент етіп жұмысқа алып қалады. Институт ғылыми кеңесі 1970 жылы институттың «Оқу тәжірибе қожалығына» бас ирригатор етіп жұмысқа жіберді.

1976-1990 жылдары ТИИИМСХ оқу-тәжірибе қожалығында партком секретары болып жұмыс істеді. Сол жылдары мақта, бидай егістігі механикаландыру жөнінде, оқу тәжірибе қожалығында «Фрегат», «Волжанин», «Днепр» жаңбырлатқыш қондырғыларын іске қосады. Халықаралық симпозиумдар өткізді. «Өзбекстанда қызмет көрсеткен ирригатор» белгісімен, «Құрмет белгісі» орденімен «КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің» белгісімен марапатталды.

2004 жылдан бері Орта Шыршық ауданы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы. Ауданда бірқанша мәдени шаралар өткізіп, қазақ халқының тілін, әдет-ғұрыптарын сақтап қалуға өзінің күш-жігерін жұмсап келеді.

 

Оразбаев Жақсылық

1968 жылы Ташкент Мемлекеттік Педагогикалық институтының физика-математика факультетін бітірген.

Өзбекстан Республикасы Қазақ ұлттық мәдени орталығы шараларына 1989 жылдан бері белсенді қатысып келеді. Ұлттық орталықтың барлық құрылтайларына делегат болып қатысқан.

1989 жылдан Қыбырай аудандық Қазақ ұлттық мәдени орталығы төралқа құрамында. 2000 жылдан осы аудандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы міндетін атқарып келеді. Ауданда қазақ салтының дәстүрлерін насихаттап, түрлі мәдени шаралар өткізуде. Қазақ мектептерінің санын көбейтуде аяынбай ат салысып келеді.

2002 жылы Түркістан қаласында өткен Дүниежүзі қазақтары ІІ құрылтайының делегаты.

Оразбаева Зылиха

Ташкент қалалық Қазақ Ұлттық Мәдени Орталығы қыз-келіншектер кеңесінің төрайымы. 2000 жылдан Қазақ Ұлттық Мәдени Орталығына белсене араласып келеді.

Қазақ Ұлттық Мәдени Орталығының мемлекеттік деңгейде атап өтетін «Наурыз», «Тәуелсіздік» мейрамдарында қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрлерін, тағамдарын өз деңгейінде көрсетуіне елеулі үлес қосып келеді.

Зылиха Садыққызы 1978 жылы Ташкенттегі Ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсіп, оны бітірген соң, Фрунзе ауданында ЖЭК – 5 бухгалтер болып жұмысқа кіреді. 1993 жылдан бастап Сіргелідегі №300 лицейде, №317 мектептерде мұғалім, 2004 жылы «Қыпшақ» ауылының өзін-өзі басқару органына кеңесші қызметтерін атқарды.

2001 жылдан Ташкент қаласы, Сіргелі ауданы ҚҰМО төрайымы. 2002 -2003 жылдары қаладағы қазақ талантты жастардың басын қосып, Ұлтаралық орталықта «Алтын күз» фестивалін ұйымдастыруға ат салысты.

2006 жыл мамыр айынан Ташкент қаласы Қазақ ұлттық мәдени орталығының әйелдер комиссиясының төрайымы.

 

Омарұлы Мекембай

1971 жылы Ташкенттің Низами атындағы педагогтік институтының қазақ филологиясы факультетін аяқтаған.

Тұңғыш өлеңі 1966 жылы республикалық «Қазақстан пионері» газетінде жарияланған. Қыбырай ауданындағы 14 қазақ орта мектебінің бірі –№36 орта мектепте мұғалім болып істеген. Жоғары санатты әдіскер-мұғалім. Мектеп оқулықтарының авторы, сондай-ақ «Шанышқылы шежіресі», «Махаббат», «Қазақтың 1001 мақал-мәтелі» сияқты бірқатар кітаптардың авторы.

Мекембай Омарұлы – сонымен қатар айтыс ақыны да. Қатимолла Бердіғалиев, Әселхан Қалыбекова, Қуаныш Мақсұтов, Мұхтар Құралов, Маржан Есжанова, Құлмахан Дүйсенов сынды көптеген арқалы ақындармен айтысқан. Айтыстың Өзбекстанда дамуына қосқан үлесі зор.

«Қазақ әдебиеті» газетінің жүлдегері. «Достық туы», «Нұрлы жол», «Азия», «Қазақ елі» газеттерінде істеген. Бірқатар өлеңдері өзбек балалар әдебиеті антологиясында да жарияланған. (2007 ж)

1991-2007 жылдары Өзбекстан Республикасының 1 және 15 жылдығы медальдарымен марапатталған.

Өзбекстан Республикасы Президентінің «Истьедод» қорының байқауында «Жылдың ең жақсы оқулығы және оқу әдебиетінің авторы» деген дипломға екі мәрте ие болған. Өзбекстан Жазушылар Одағының мүшесі.

 

Парманов Тасполат

Парманов Тасполат еңбек жолын өзі туып өскен жерінде механизаторлықтан бастайды. 1980-82 жылдары әскер қатарында болады. Әскердер оралған соң, Жызақ облысының Мырзашөл ауданы, Гагарин қаласынак қоныс аударады. Осы жылдан бастап аудандық мәдениет бөлімінде жұмыс істеді. 1986 жылдан аудандық балалар саяжайын ашып, директор лауазымында жұмыс атқарады. Аудандық мәдениет бөлімінде әдіскер, көркемдік жетекші, мәдениет үйі директоры, аудан әкімшілігі мәдениет істері бөлімі меңгерушісі лауазымдарында жұмыс атқарды.

2000 жылдан бастап, Өзбекстан Республикасында қазақ театрын ұйымдастыруға қол жеткізді. Бұл театрға Сыр өңірінде туып өскен айтыскер ақын, жырау Анарқұл Құлманов есімі беріліп, осы театрда режиссер, директор лауазымында жұмыс істеп келеді.

 

Піскентбаев Қамбар

Қамбар Піскентбаев Жоғары Шыршық педагогика колледжі директоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент. 1979 жылы Ташкент ирригация және мелиорация институтының «Гидромелиоративтік жұмыстарда механикаландыру» факультетін үздік аяқтап, мемлекеттік комиссия шешімімен институтта қалдырылған.

Әуелі ғылыми қызметкер, ассистент лауазымында жұмыс істеген. Сонан соң аталған институттың аспирантурасын аяқтап, техника ғылыми жұмыстарын аяқтау мақсатында доктарантурада ғылыммен айналысқан.

Бүгінде Ташкент облысындағы жаңадан ашылған Жоғары Шыршық педагогика колледжінің директоры. Колледжде қазақ бөлімін ашқан.

80-астам ғылыми және әдістемелік мақалалары жарық көрген. 5 патент, 3 авторлық күәлік иесі, жоғары оқу орындары және колледж студенттеріне арналған екі оқулық, техникаға байланысты түсіндірме сөздіктерді жазған.

Оның қазақ халқының тарихына, мәдениетіне және тілі мен әдет-ғұрыптарына байланысты отыздан астам мақалалары республикалық «Нұрлы жол», Қазақстанда шығатын «Қазақ елі» газеттерінде, «Тіл және қоғам», «Достық» журналдарында жарық көрген.

Қамбар Піскентбаев Өзбекастанда Қазақ мәдени орталығы ашылғаннан бері оның жұмысына етене араласып, аянбай қызмет етіп келеді.

2005 жылғы мамырдан бастап Ташкент облысы Қазақ мәдени орталығының төрағасы, Өзбекстан Қазақ мәдени орталығы төрағасының бірінші орынбасары, халықаралық Д.Қонаев қорының Өзбекстандағы бөлімінің төраға орынбасары қызметтерін атқарып келеді.

Қамбар  Ибраһимұлы Дүниежүзі қазақтарының ІІ (Түркістан), ІІІ (Астана), Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ІV Құрылтайларының (Астана 2004) делегаты, Тараз қаласының 2000 жылдық тойының қадірлі қонағы болған.

«Ысты шежіресі», «Әйтеке би» атты тарихи-танымдық кітаптарын және «Техникаға байланысты халықаралық терминдердің түсіндірме сөздігін» баспаға дайындаған.

«Қазақ күресі» бойынша Алматыда өткен І- Әлем чемпионатында Өзбекстан командасын басқарып барған. «Қазақ күресі» бойынша республикалық жарыстардың ұйымдастырушысы, демеушісі, бас төрешісі, насихаттаушысы.

Мақсаты: халқына, еліне қалтқысыз қызмет ету.

Өмірлік қағидасы – досқа адалдық, сөзге беріктік, әрқашан алға ұмтылу.

 

Садықов Шералы

1948 жылы 6 маусымда Ташкент облысы Зенгіата ауданында дүниеге келген.  1970-1974 жылдары Саратовта Жоғары милиция мектебінде оқыды. 1974-1997 жылдары Сырдария облысының Ішкі істер басқармасында МАИ бөлімі бастығы, осы басқарма бастығының орынбасары. 1997 жылдан 2005 жылға дейін Ташкенттегі түрлі фирмаларда заңгер болып жұмыс істеді. 2006 жылдан Өзбекстан Қазақ ұлттық мәдени орталығының төраға орынбасары қызметінде.

 

Сәрсенбаев Төребай

Төребай Сәрсенбаев 1952 жылы Өзбекстан Республикасы Науаи облысы, Кенимех ауданында шаруагер отбасында дүниеге келген.Мамандығы – құрылысшы-инженер. 1987 жылдан 1996 жылға дейін Науаи тау-кен институтының құрылыс кафедрасында аға оқытушы болып жұмыс істеді. 1996 жылдан кәсіпкерлікпен айналысып келеді.

Төребай Сәрсенбаев 2005 жылдан Науаи облыстық Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы.

Т. Сәрсенбаев Қазақстан Республикасымен мәдени-әдеби қарым-қатынастарды жолға қою мақсатында 2005 жылдың тамыз айында Науаи облысы, Кенимех ауданында жасайтын Қолдаш жырауды Алматы қаласына алып барып, оны ән сүйер қауымға таныстырып, жыршының дастан және термелерін «Қазақстан» телеарнасының алтын қорына жазып қалдырды.

2005 жылдың қараша айында Науаи мемлекеттік педагогика институтының «Қазақ тілі және әдебиеті» факультетінде қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 160 жылдығына арнап әдеби кеш өткізді.

Төребай Сәрсенбайұлы өнер-білім, мәдени-әдеби салалардағы шараларға атсалысып, елеулі үлесін қосып келуде. 2005 жылы сәуір айында, 2006 жылы желтоқсан айында Ташкент қаласында өткізілген Халықаралық айтысқа үлкен үлесін қосты.

 

Серікбаев Бәкір

1937 жылы 24 желтоқсанда Ташкент облысы Төменгі Шыршық ауданында туған. Аудандағы Жамбыл атындағы №9 мектепте оқып, оны 1955 жылы үздік бітіреді. Сол жылы Ташкент Ирригация және ауыл шаруашылығы механизациясы институтына түсіп, оны 1961 жылы бітіреді. Үш жылдай Ахангаран аудан қожалығының бас инженер-гидротехнигі қызметін атқарады. 1964-1966 жылдары Ташкент Ирригация және мелиорация институтында жұмыс істеп, соңынан Мәскеуде аспирантурада оқыды. 1969-1991 жылдары Жамбылда гидромелорация институтында кафедра меңгерушісі және декан болып қызмет атқарды.  1991 жылдан қазірге дейін Ташкент Ирригация және мелорация институтында еңбек етуде. Техника ғылымының докторы, профессор. 10 кандидаттық, 5 докторлық диссертацияға жетекшілік еткен. 5 оқулықтың, 6 монографияның авторы. Өзбекстан Республикасы Су шаруашылығы және Білім беру саласының үздігі. Өзбекстандағы Қазақ ұлттық мәдени орталығының жұмыстарына белсене қатысып келеді.

 

Ташметов Ақан

Ақан Рахманұлы 1954 жылы Сырдария облысы Қарақай ауылында туды. Ташкент мемлекеттік педагогика институтының филология факультетін бітірген. Мамандығы – журналист. Республиканың аудандық, республикалық газеттерінде, кітап баспасында жұмыс істеді. 2003 жылдан қазақ тілінде шығатын республикалық «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы. Ақан Ташметов осы қызметке келгелі ұжымның шығармашылық ізденісінде үлкен оң өзгерістер болды, газет қазақ қауымының мүддесін қорғауды басты мақсат санайды.

 

Тілеуқулов Сейдуалы

1951-1956 жылдары Ташкент қаласында Орта Азия мемлекеттік университетінің тарих факультетінде оқып, оны бітіргеннен кейін Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогика университетінің тарих кафедрасыно оқытушы етіп жіберілген. Сол жылдан бері қазіргі күнге дейін осы жоғары оқу орнының оқытушысы, доценті, профессоры қызметтерін атқарып келеді. 1968 жылы Ташкентте тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін диссертация қорғаған.

1972-1978 жылдары – тарих факультетінің деканы, 1978 жылдан қазіргі күнге дейін тарих кафедрасының меңгерушісі, 1983 жылы Мәскеу қаласындағы мемлекеттік педагогика университетінің ғылыми кеңесінде «Өзбекстанда суғармалы жерлер және ирригация дамуы» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған. 1984 жыл профессор атағын алған. 1956-2006 жылдар 130-ға жуық монография, оқулық, әдістемелік (жалпы көлемі 160 баспа табақ) ғылыми еңбектері баспадан шыққан, 10 тарих ғылымдарының кандидатын, 2 докторын даярлады. Сол жылдары КСРО –ның барлық астаналарында өткізілген тарих бойынша ғылыми әдістемелік конференцияларда баяндамалармен қатысқан. 1978-1996 жылдар Ташкент  қаласында тарихтан кандидаттық қорғайтын ғылыми Кеңестердің мүшесі болған. 1970-1980 жылдар Өзбекстан Жоғары білім министрлігі жанындағы тарихтың әдістемелік бөліміне жетекшілік жасаған. 1985-1990 жылдары КСРО Оқу министрлігі жанындағы оқу жоспарлары мен бағдарламалар даярлау алқасының мүшелігін атқарған.

1991 жылдан бері Қазақстан тарихына байланысты бірқанша ғылыми еңбектері бар. Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, С.Қожановтардың өмірі мен қызметтері туралы ғылыми конференциялар ұйымдастырған, Ташкент қаласындағы мектептер мен көшелерге олардың есімдерін бергізуге қызмет еткен. Түркістанда қазақ зиялыларының өмірі мен еңбектері туралы екі томдық архив материалдарын, «Ташкенттегі тұңғыш қазақ институты» атты кітаптарын баспадан шығарған. 1996 жылдан бері Қазақстанда шығатын «Отан тарихы» журналы алқасының мүшесі. 1997 жылы Өзбекстан Республикасы «Дустлик» Орденімен марапатталған, «КСРО үздік оқытушысы», «Өзбекстан халық білімі үздігі». 2006 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының «Алғыс хатымен» марапатталған. Ташкент мемлекеттік педагогика университеті үздік тарихшы студенттер үшін профессор С.Тілеуқұлов атындағы стипендия тағайындаған.

 

Умаров Фарид

Фарид Фахриұлы Умаров – физикалық электронока, атомдық бөлшектердің қатты денебетімен өзара әсерлесуі, қатты дене бетінің физикасы мен диагностикасы және физикалық процестерді ЭЕМ-де модельдеу саласындағы ірі ғалым. Орта және төмен энергиялы атомдардың қатты дене бетіндегі шашырау және арналау процестерінің теориясы мен модельдеу әдістерін, қатты дене бетін модификациялау және диагностикалау әдістерін жетілдірді.

1962 жылы Ташкент қаласындағы орта мектепті күміс медальмен және Ташкент политехникалық институтын 1967 жылы «Физикалық электроника» мамандығы бойынша «инженер-физик» маманы атанып үздік бітіріп шықты. 1969-1972 жылдары – Өзбек КСР Ғылым Академиясының электроника институтының аспиранты, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, патенттік бөлімінің бастығы, институттың ғалым хатшысы, жетекші ғылыми қызметкері, 1967-1993 жж. Өзбекстан Республикасының ғылым мен техника жөніндегі Мемлекеттік комитетінің сектор меңгерушісі (1993-2000 ж.ж.) басқарма бастығы (2000-2002 жж.). Өзбекстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы ірі ғылыми және инвестициялық жобаларды сараптау жөніндегі Кеңестің бөлім бастығы (2002-2003 жж.).

Қолданбалы физика ҒЗИ-зертхана меңнгерушісі (1995-2003). Өзбекстан ұлттық университетінің профессоры.

2004 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры.

Атомдық бөлшектердің қатты дене бетімен өзара әсерлесу саласындағы 250 ғылыми жұмыстың, оның ішінде алыс шетелде жарияланған: «Atonic Collisions on Solid Surfaces», North-Holland Publ., 1993, бір монографияның және «Қатты дене бетінің физикасы және диагностикасы», (ҚБТУ, Алматы, 2006) оқу құралының авторы.

Халықаралық, оның ішінде Швецияда, Францияда, Германияда, Венгрияда, АҚШ-та, Данияда, Австрия, Түркияда өткен 40-тан астам ғылыми конференцияларға қатысушы. «Travel Grant CRDF USA»; Өзбекстан Республикасының ҒТМК-нің гранттарын; АҚШ қорғаныс министрлігі мен ФБР сертификатының; СТВТО сертификатының иегері. АҚШ-тың Нью-Йорк Академиясының толық мүшесі – 1996 ж.

Марапаттаулар мен мақтаулар – «2000 жыл адамы» -2000 жыл. Өзбекстан Республикасының ҒТМК-нің Құрметті мақтау қағаздары.

 

Уразов Абибулла

1961 жылы қазақ мектебін бітірген, білімі жоғары. Заңгер.

Өзбекстан Республикасы Ішкі Істер уәзірлігінде жиырма бес қызмет етіп, 1991 жылы зейнетке шықты. Мемлекеттің көптеген медаль, көкірек нышандарымен марапатталған.

1989 жылдан бастап Республикалық Қазақ ұлттық мәдени орталығының түрлі мәдени шараларына белсене қатысып келеді.

1995 жылы оның белсене қатысуымен Ташкенттегі Сырғалы ауданының ескі тарихи «Сіргелі» және сол ауданда тоғыз шақырымдық «Қыпшақ» көшенің аттарын қайтарып алуға қол жеткізді.

1997 жылдан Ташкент қаласы Сіргелі ауданындағы Қазақ ұлттық мәдени Орталығының төрағасы. 2006 жыл 3 мамырдан Ташкент қаласы Қазақ ұлттық мәдени орталығының төрағасы қызметін атқарып келеді.

(Тағы басқаларды қосуыңызға болады.)




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑