banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 1  038 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шетелдегі қазақ зиялылары

Р Е С Е Й

 

Акимова Гүлмира

Гүлмира Тағайқызы 1977 жылы Орынбор облысының Адамов ауданындағы Тереңсай поселкесіндегі орта мектепті бітіріп, Саратов мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсті. Университетті  тәмамдаған соң 1982 жылы отбасы жағдайына байланысты Чувашияға қоныс аударды.

1982-1992 жылдары Чуваш АКСР Батырев және Цивиль аудандарының мемлекеттік статистика, партия, кеңес органдарында еңбек етті. 1992 жылы жаңадан ұйымдастырылған Чуваш республикасы мемлекеттік меншік комитетіне жұмысқа ауысып, онда 1998 жылға дейін әртүрлі қызметтерде болды. 1998 жылдың наурыз айынан бастап Чуваш республикасы ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, экономикалық даму және сауда министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2004 жылы Чуваш республикасы экономикалық даму және сауда министрі болып тағайындалды. 2006 жылдың сәуірінен Мәскеу қаласының, Чуваш республиксының ұйымдарында жұмыс істеді. Қазіргі кезде оқытушылық және кеңесшілік қызмет атқарады.

Ол республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиясы мен бағдарламаларын, бюджет және әкімшілік реформаларын, кәсіпкерлік пен сыртқы экономикалық қызметті дамыту, федералдық және республикалық деңгейдегі инвестициялық бағдарламар жасау ісіне белсене араласты. Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін Чуваш республикасының Президенті Н.Федеровтың алғыс хатына ие болды.

Жұмыс атқара жүріп Чуваш ауыл шаруашылық институтын ауыл шаруашылығы экономикасы және ұйымдастыру мамандығы, Чуваш мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша бітірді 

 

Бақтыкереева Ұлданай

 

Филология ғылымының докторы, Ресей халықтары достығы университетінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультеті шет тілдері кафедрасының доценті

 

Ұлдана Мақсұтқызы Орынбор облысында дүниеге келген. 1985 жылы Патрис Лумумба атындағы халықтар достығы университетінің тарих-филология факультетін бітірді, шетелдіктерге орыс тілін оқытушы, ағылшын тілінің аудармашысы. Еңбек жолын орыс тілі кафедрасының ассистенті болып бастаған. Экономика факультетінің шет тілдер кафедрасының доценті. Сонымен қатар осы университеттің жанындағы халықаралық бизнес мектебінің магистратурасында ағылшын тілінен сабақ берген. 1995 жылы кандидаттық, 2005 жылы көркем билингвизм бойынша докторлық диссертация қорғады.

Қос және полилингвальді құрылым мәселелері бойынша лингвистикалық жобаның авторы, «Кәсіби қызмет саласындағы аудармашы» модульдік бағдарламасы бойынша кафедра секторнының меңгерушісі. Қазақ тілінен орыс тіліне және орыс тілінен ағылшын тіліне аудармалармен шұғылданады.Орыс тілінде жазатын қазақ ақындарының көркем шығармаларын ағылшын тіліне аударудың жәй-жапсарын зерттейді. 40-тан астам ғылыми мақалалардың, 4 оқу-әдістемелік құралдың, 2 монографияныің авторы.

 

Бейсенбаева Гүлсім

Мирный қаласы басшысының муниципалды саясат бойынша бірінші орынбасары, әлеуметтану ғылымының кандидаты, Ресей муниципалды академиясының корреспондент-мүшесі.

Гүлсім Ағзамқызы 1984 жылы Якутия (Саха) Республикасының Мирный қаласына қоныс аударып, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын «Мемлекеттік және жергілікті басқару менеджері» мамандығы бойынша тәмамдады. 1995-2002 жылдар аралығында Мирный қалалық жиналысы хатшылығының жетекшісі. 2006 жылға дейін Мирный ауданы басшысының көмекшісі қызметінде болды. Саха Республикасында жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерімен шұғылданып келеді. Саха Республикасы халықтары екінші және үшінші ассамблеясының, бүкілресейлік еуразия әйелдер жиналысының, Дүниежүзі қазақтары құрылтайларының делегаты. Саха Республикасы Президентінің «Ресей – Якутия 370 жылдығы» айрықша белгісімен марапатталған.

 

 

Бекмаханова Наиля

Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институтының Ресей халықтарының тарихы және ұлтаралық қатынастар орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Ресей Жаратылыстану академиясының және халықаралық славян академиясының академигі, профессор.

Наиля Ермұханқызы 1962 жылы Мәскеу мемлекеттік тарих-мұрағат институтын бітірген. 1966 жылы КСРО Ғылым академиясы тарих институтының Ленинград бөлімшесінде «Е.И. Пугачев бастаған 1773-1775 жылдардағы шаруалар көтерілісіне Кіші және Орта жүздердің қатысуы»  деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады.

1966-1967 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Ш.Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімінің кіші ғылыми қызметкері, С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекттік университетінің Қазақ КСР тарихы кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет істеді. 1970 жылы Мәскеуге, КСРО Ғылым академиясының КСРО тарих институтының (1991 жылдан – Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институы) аға ғылыми қызметкер болып жұмысқа ауысты. Осында 1978 жылы «ХVІІІ ғасырдың 60-шы жылдары-ХІХ ғасырдағы Қазақстан мен Солтүстік Қырғызстанның көпұлтты халқының қалыптасуы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Басты ғылыми еңбектері ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Ресей және Орталық Азия сонымен қатар Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының тарихына арналған. 10 монографияның және 300-ден астам мақалалардың (орыс, қазақ, ағылшын, неміс, италия, испан, чех т.б. тілдерде), 3 жинақ, христоматия, орыс, қазақ және ұйғыр тілдерінде Қазақстан тарихы бойынша жазылған орта мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған 5 оқулығы 28 рет қайта басылды.

Ғылыми ұйымдастыру және педагогикалық қызметі сан қырлы. Ресей, Қазақстан, АҚШ, Жапония, ГФР, Чехословакия, Лаос елдері университеттерінде, ғылыми зерттеу орталықтары мен үкіметтік мекемелерде Ресей мен Орталық Азияның тарихы бойынша лекция курстарын оқыды. Көптеген ғылыми журналдардың редакциялық алқасының мүшесі. 1970-1991 жылдары Кеңес әйелдері комитетінің, КСРО географиялық қоғамының мүшесі. Соңғы 15 жыл бойы Мәскеу қаласындағы қазақ аймақтық ұлттық мәдени автономиясы төрағасының бірінші орынбасары, Ресей астанасындағы қазақтар арасында білім, тарих және мәдениетті дамытуға байланысты жобаларға қатысып келеді. Ресей жаратылыстану академиясының «Парасат, ерлік және абырой» орденімен, Кеңес әйелдері комитетінің алтын медалімен, Ресейдің «Еңбек ардагері», «Мәскеуге 850 жыл» медалімен, басқа да бірқатар құрмет грамоталарымен марапатталған.

 

Бекмұхамбетов Нұрлан

Ресей Үлкен театры операсының солисі, Мәскеудегі «Жаңа опера» театрының солисі (тенор).

1997 жылы Собинов атындағы Саратов мемлекеттік консерваториясын үздік дипломмен, 2005 жылы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын (ғылыми жетекшісі Ирина Архипова) бітірген. 1996-2000 жылдар аралығында Саратов опера және балет театрының солисі болды. 2001 жылы Мәскеуде Ресей Үлкен театрында тұңғыш рет «Борис Годунов» операсымен сахнаға шықты. Екі жыл Қазанда Мұса Жалел атындағы ұлттық опера театрының солисі болып еңбек етті. 2004 жылдан бері «Жаңа опера» театрының солисі. Халықарылық және бүкілресейлік фестивальдер мен конкурстардың лауреты және арнайы жүлделерінің иегері. Соның ішінде «Ресей теноры» фестиваль-конкурсының, Бибігүл Төлегенова атындағы бірінші халықаралық вокалистер конкурсының және басқа да көптеген халықаралық конкурстардың жүлдегері. Саратов облысы губернаторының «Губерния үміті» төсбелгісімен марапатталған. Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртисі.

 

Еспаев Бауыржан

 

Медицина қызметінің полковнигі, медицина ғылымының докторы.

1971 жылы Ақтөбе медицина институтын, кейін Томск медицина институтын әскери медициналық факультетін бітірді. 1973 жылдан Мары қаласында гарнизондық-санитарлық эпидемияға қарсы жасақта арнайы маман болып қызмет етеді. 1978 жылға дейін дәрігер бактериолог қызметін атқарды. Жеке медициналық-санитарлық батальонның санитарлық-эпидемияға қарсы қызметінде болды. 1979-1982 жылдар аралығында – Медицина академиясының эпидемиология кафедрасының адъюнкті. Әскери медицина ғылыми-зерттеу институтында кіші ғылыми қызметкерден ғылыми-зерттеу бөлімінің бастығына дейінгі қызмет сатысынан өткен. 2003 жылдан бері әскери медициналық академия ғылыми зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері.

Залалсыздандыру препараттарын қолданудың тиімділігін арттыру және биологиялық зарар ошақтарындағы зарарсыздандыру жүйесін жетілдіру бойынша кандидаттық (1982 ж) және докторлық (1991 ж.) диссертация қорғады.

40-қа жуық жұмыстың, соның ішінде жұқпалы аурулар ошақтарындағы залалсыздандыру бойынша атқарылатын жұмыстардың авторы.

 

 

Жатқамбаев Әуелхан

 

Әуелхан Жазитұлы 1954 жылы Ресей Федерациясы Алтай республикасының Қос-Ағаш ауданында дүниеге келген. Ат жалын тартып мініп, азамат болған уақытынан бері осы ауданда еңбек етіп келеді. Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған ол кейіннен аудан көлемінде көптеген басшылық қызметтер атқарды.  2000 жылы бүкіл халық атынан Қос-Ағаш ауданының әкімшілігінің басшысы болып сайланды. Қоғам қайраткері деңгейіне көтерілген ол Қос-Ағаш қазақтарының атажұртпен, әсіресе Алтай Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы білім, мәдениет және спорт саласындағы байланыстарды кеңейтуде оның қосқан үлесі ұшан-теңіз.Қос-Ағашта Ресей қазақтарының кіші құрылтайын, қазақша күрестен халықаралық жарыс өткізуге мұрындық болған да сол.

Ә.Ж.Жатқамбаев Ресейдің Таулы Алтай Республикасы Жоғарғы кеңесінің, Алтай республикасының мемлекеті жиналысының депутаты болып сайланған.  Халық пен ел алдында сіңірген еңбегі ордендерімен марапатталған.

 

Жүсіпов Серік

 

Санкт-Петербургтегі «Морской фасад» ЖШБ вице-президенті.

Одесса теңіз флоты инженерлері институтын су көлігін пайдалану мамандығы бойынша, кейіннен адмирал С.О.Макаров атындағы Жоғары инженерлік теңіз училищесінің Казан революциясы орденді Ленинград Жоғары инженерлік теңіз училищесінің аспирантурасын бітірді. 1990 жылы техника ғылымының кандидаты дәрежесін алды. 1982-2003 жылдары «Санкт-Петербург теңіз порты» ашық акционерлік қоғамында әртүрлі қызмет атқарды. 2003-2005 жылдары Ресей Федерациясы Көлік министрлігінде теңіз порттарының өндірістік қызметін реттеу департаментінің жетекшісі, өзен және теңіз көлігі саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директорының орынбасары, кейіннен директоры. 2005 жылдан «Санкт-Петербург «Морской фасад» ЖШБ вице-президенті.

 

 

Көшкімбаев Қуанышқали

 

Қуанышқали Аманқосұлы 1965 жылы 31 қазанда Орынбор облысының Новосергиевка кентінде дүниеге келген. 1983 жылы орта мектепті бітіріп, Куйбышев авиация институтына оқуға түскен. 1989 жылы ақпанда институтты ұшу аппараттары (ракета жасау) өндірісінің инженер-технолог мамандығы бойынша бітірді. Сол жылы Куйбышев «Прогресс» зауытына жұмысқа бөлініп технолог, одан кейін учаске шебері, содан соң аға шебер болып қызмет істеді. Қазіргі кезде «Экспресс-сервис» ашық қоғамдық бірлестігін басқарады. Облыстық «Ақ жол» ұлттық мәдени автономиясының жұмысына белсене араласып келеді. Ол қазақ мәдени автономиясы қамқоршылық кеңесінің мүшесі. Өткен жылғы Наурыз мерекесін тойлау кезінде спорттық жарыстардың ұйымдастырылуына (қазақша күрес) жауапты болды. Автономияның барлық шараларын қолдап, өзі соларды жүзеге асыруға белсенділікпен қатысады.

 

 

Қанапиянова Раушан

 

Ресей Федерациясы Мемлекеттік думасының ұлттар ісі бойынша комитеті аппаратының жетекшісі, тарихы ғылымының кандидаты.

Раушан Мұсаханқызы СОКП Орталық Комитеті жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітірген. Комсомол, партия қызметтерінде болған. 1988 жылы КСРО Жоғары Кеңесі хатшылығының ұлтаралық қатынастар мәселесі бойынша бөліміне  ауыстырылды. Содан бері осы салада еңбек етіп келеді. Ресей Мемлекеттік думасы аппаратында құрылыған күннен бері қызмет етеді.

Мелекеттік ұлттық саясат саласындағы Ресей Федерациясы заңдарының бірқатар тұжырымдамасының тендер теориясы және ұлтаралық қатынастар мәселесі бойынша 100-ден астам мақалалардың, 3 монографияның авторы. Соңғысы «Мемлекеттік қызметтегі гендерлік симметрия қатып қалған қаиғдаларды жеңу траекториясы» деп аталады. Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Мемлекеттік думасының құрмет грамотасымен және Мәскеу үкіметінің алтын белгісімен марапатталған.

 

 

Қирабаев Нұр

 

Ресей Халықтар Достығы университетінің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, философия ғылымының докторы, профессор.

Нұр Серікұлы 1974 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетін, кейін осы универистеттің шетел философиясының тарихы кафедрасы бойынша аспирантурасын тәмамдады. Еңбек жолын Ресей Халықтар Достығы университетінде бастады. 1979 жылы Әл-Газали философиясына арналған кандидаттық, 1989 жылы «Мұсылмандық орта ғасырдың әлеуметтік философиясы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады.

Ресей философиялық қоғамының вице-президенті, философия бойынша ғылыми әдістемелік кеңестің төрағасы, философия ғылымы бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы, университеттің философия сериясы хабаршысының бас редакторы. 1999 жылдан Ресей Федерациясы жоғары аттестациялық комиссиясының философия, әлеуметтану және мәдениеттану  жөніндегі  сараптамалық кеңес төрағасының орынбасары. «Өркениеттер диалогы: Шығыс-Батыс» тақырыбының ғылыми жетекшісі. Оның бастамасымен аталған тақырып бойынша халықаралық-философиялық бірнеше симпозиум өткізілді.

 

 

Құспанов Сәрсенғали

Санкт-Петербург «Ұлттар Лигасының» вице-президенті. Санкт-Петербург және Ленинград облысы «Атамекен» қазақ қоғамының президенті.

Мұнай өнеркәсібінде жұмыс істеген. Ульянов-Ленин атындағы Ленинград электротехника институтында оқыған. Студенттік жылдарында Қазақстан студенттері мен аспиранттарының кеңесін, «Арай» ансамблін басқарған. Комсомолдық жолдамамен тың игеруге қатысқан. Институтты бітірген соң Тыл және Көлік әскери академиясының электронды есептеуіш орталығын басқарған. Құрамына КСРО-ның барлық металлургия зауыттары енген Ауыр машина жасау министрлігі Ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары қызметін атқарған. Ресей Ұлттар ассамблеясының үшінші съезінің делегаты болды. «Санкт-Петербургтың 300 жылдығы», «Қазақстан темір жолына 100 жыл» медальдарымен марапатталған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының құрметті профессоры.

 

 

Мұқатова Марфуға

«Тауарлар технологиясы және сараптамасы» кафедрасының профессоры, техника ғылымының докторы, халықаралық академияның (Мәскеу қаласы) корреспондент мүшесі.

Марфуға Дүйсенбайқызы Астрахань облысы Володар ауданында дүниеге келген. Астрахань балық жоғары техникалық оқу орнын бітірген соң осы облыстағы балық комбинатында цех бастығы болып жұмыс істеді. Кейіннен Мурманск қаласындағы жоғары оқу орнында технологиялық факультетінің кафедра меңгерушісі, деканы қызметін атқарды. М.Д.Мұқатованың жетекшілігімен жүргізілген үш технологиялық талдамаға КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалі, Ресей Федерациясы ауыл шаруашылығы министрлігінің «Балық шаруашылығының үздік технологы» номинациясы бойынша және «Рыбпром-экспо, 2005» халықаралық балық өнеркәсібі көрмесінде «Ылғал түйіршікті жем дайындау әдісі» номинациясында күміс медалдармен, сондай-ақ «Ресей флотына 300 жыл» медалімен де марапатталды. Ол Астрахань мемлекеттік техникалық университетіндегі «Жолдастық» қоғамы жастар секциясының тәлімгері, осы облыстағы «Жолдастық» қазақ мәдени қоғамының мүшесі. Ресей Федерациясы балық шаруашылығына еңбек сіңірген қызметкері, еңбек ардагері.

 

Мұсаев Кеңесбай

 

Ғалым-тюрколог, филология ғылымының докторы, профессор.

Ресей Ғылым академиясының Тілдерді дамыту институтының Урал-Алтай бөлімінде жетекші маман. Ресей Федерациясының еңбек сіңірген ғылым қайраткері. Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі. Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қырғызстан Республикасының халық ағарту саласының үздігі.Түрік тілі қоғамының (Түркия) құрметті мүшесі.

Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетінің професооры, басқа да көптеген шетелдік ғылыми мекемелердің құрметті мүшесі. Мәскеу қазақтарының аймақтық мәдени ұлттық автономиясының құрметті президенті, Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының тұңғыш төрағасы.

 

 

Мұхаметжанов Дулат

Ресей Медицина ғылымы академиясының академик Н.Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институты бас сүйек негізінің хирургиясы лабораториясының жетекшісі, жоғары санаттағы нейрохирург, медицина ғылымының докторы.

1983 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін тәмамдады. Мәскеуде Ресей Медицина Ғылымы академиясының Н.Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында «Балалар нейрохирургиясы» және «Тамыр нейрохирургия» бойынша дәрігерлік кемелденуден өткен. Осы институт негізінде нейрохирургия мамандығы бойынша ординатурада, аспирантурада оқыды. 1994 жылы кандидаттық диссертация қорғады. Лондонда және Римде нейрохирургия бойынша халықарлық курстарды бітірген соң, докторантурада оқыды. 1998 жылы нейрохирургия инсититутының 74 жылдық тарихындағы ең үздік диссертациялардың бірі деп танылған және «Бас сүйек негізі хирургиясы» бойынша атлас басылымына ұсынылған докторлық диссертация қорғады.

Нейрохирургия бойынша дүниежүзілік, халықаралық курстардан өткен. 2002 жылдан халықаралық медицина саласындағы ғылыми жаңалықтар мен өнертабыстар академиясының мүшесі. Отандық және шетелдік әдебиеттерде 153 еңбегі, 3 монографиясы жарияланған.

 

 

Мықтыбаев Талғат

Ресей Федерациясы Үкіметі жанындағы Қаржы академиясының «Қаржылық құқық» кафедрасы меңгерушісінің орынбасары, техника ғылымының кандидаты, доцент.

Талғат Дүйсенбіұлы Мықтыбаев 1988 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын, 2000 жылы Ресей Салық полициясының академиясын бітірген. Мәскеу жоғары оқу орындарының бірінде аға оқытушы, аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті. Ресей Федерациясы Президенті әкімшілігінің және Ресей Федерациясы Үкіметінің тапсырмасымен РФ заңдарына өзгеріс енгізуге дайындық бойынша ғылыми зерттеулерге қатысқан. Көптеген «Әдістемелік құралдардың экономикалық мамандықтарға арналған қаржылық құқық» практикумының және профессор С.О.Шохин редакциясымен жазылған «Экономикалық мамандықтарға арналған қаржылық құқық» оқулығының авторы.

Халықаралық Қаржылық құқық қауымдастығының мүшесі, РФ Үкіметі жанындағы Қаржы академиясы құқық, салық және басқару жөніндегі ғылыми әдістемелік кеңесінің мүшесі, Ресейдің қаржылық және экономикалық оқу орындарының оқу-әдістемелік бірлестігінің мүшесі.

 

 

Нарбаев Батырбек

 

Мәскеу қаласының Оңтүстік-Батыс әкімшілік округінің аумақтық жобалау жоспарлау шеберханасының жетекшісі.

Батырбек Мұқатайұлы Нарбаев 1966 жылы Мәскеу архитектуралық институтын, кейін сырттай аспирантурасын бітірді. Казгорстройпроект, Гипрогор, Мостпроект-1 және Мәскеудің бас жоспары ғылыми зерттеу жобалау институттары авторлық үжымдарының құрамында Алматы, Қаскелен, Шу (Қазақстан), Хорог (Тәжікстан), Канск (Ресей) және басқа қалалардың бас жоспарларын жасауға қатысқан. Ширек миллион халқы бар Солтүстік және Оңтүстік Бутово (Мәскеу) тұрғын аудандары ірі қала құрылысы жобасын жүзеге асырған.

Архитектура және қала құрылысы саласындағы жемісті шығармашылық қызметі үшін КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс және қола медальдарымен, «Мәскеуге 850» медалімен, «Москомархитектураның»  еңбек сіңірген қызметкері белгісімен, «Мәскеудің құрметті құрылысшысы» және қала құрылысы саласында архитектор А.Гутнов атындағы сыйлықтың лауреаты атақтарымен марапатталған.  РФ Үкіметінің ғылым және техника саласындағы сыйлығының лауреаты, Мәскеу архитекорлар одағының мүшесі.

 

 

Нарбаев (Бекмаханов) Назым

 

Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, тарих ғылымының докторы, профессор.

Назым Батырбекұлы 1966 жылы Мәскеу қаласында туған. 1983 жылы Мәскеудегі №21 математика мектебін үздік бітірген. 1991 жылы П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін экономика және мемлекет тарихы, ағылшын және испан тілдерінен орыс тіліне аудармашы мамандығы бойынша үздік бітірген. 1993 жылы аталмыш университеттің аспирантурасын, сондай-ақ Нью-Йорктегі (АҚШ) Колумбия универсиетінің аспирантурасын тәмамдап, тарих ғылымының кандидаты дәрежесін алды. 1997 жылы мемлекет және экономика проблемаларын зерттеуге қосқан ғылыми үлесі үшін халықаралық славян академиясының профессоры ғылыми атағына ие болды. 1999 жылы «ХІХ-ХХ ғасырларда Ресейдің біртұтас еуразиялық мемлекеттік және экономикалық кеңістігін қалыптастыру» проблематикасы бойынша докторлық диссертация қорғады.  2001 жылы Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі, 4 жылдан кейін осы академияның макроэкономикалық зерттеулер секциясы бойынша академик болып сайланды. 2001 жылы экономика мен мемлекет проблемаларын зерттеуге, сондай-ақ жүйелік макроталдаулар әдістерін кешенді енгізу проблемаларын зерттеуге қосқан үлесі үшін халықаралық сыйлықпен және Н.Д.Кондьратев атындағы медальмен марапатталды. Қазіргі кезде Еуразияда, Ресей мен Қазақстанды қоса алғанда экономикалық емес факторлардың шаруашылық және шаруашылық емес қызметке тигізер ықпалын ғылыми тұрғыдан зерттеумен шұғылдануда.

Ол француз, ағылшын, испан және италия, сондай-ақ қазақ және татар тілдерінде еркін сөйлей алады.

 

 

Нұрбосынов Дүйсен

Техника ғылымының докторы, Альметьевск мемлекеттік мұнай институтының профессоры, Ленинград және Санкт-Петербург Қазақ қоғамының ғылым бойынша вице-президенті.

Дүйсен Нұрмұхамедұлы 1980 жылы Ленинград Тау-кен институтын «Кен жұмыстарын электрлендіру және автоматтандыру» мамандығы бойынша, кейін осы институттың аспирантурасын бітірді. 1986 жылы кандидаттық диссертациясын қорғап, аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 1989 жылдан институттың Воркута филиалының Тау-кен электр механика кафедрасының доценті, институттың ғылыми жұмыстар жөніндегі филиал директоры міндеттерін атқарды. Альметевск мемлекеттік мұнай институтының «Электр энергетика» кафедрасын негіздеушілердің бірі. 2003 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік Политехника университетінде докторлық диссертация қорғады. «ОЛТА» Санкт-Петербург ғылыми өндірістік фирмасы бас директорының орынбасары болып табылады.

Ғылыми ізденістерінің негізі мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі орындарын электрмен жабдықтау кешендері мен жүйелерінің жұмысын жетілдіру. Электр энергетикасы, энергия үнемдеу және электр тұтыну жүйелерін басқару мен реттеу салаларына арналған ғылыми еңбектердің, монографияның авторы және осы саладағы авторлық куәліктердің иегері.

 

 

Нұрғалиев Ризек

Жаңа туылған нәрестелерге арналған қалалық клиниканың дәрігері, академик, медицина ғылымының докторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері.

1965 жылы Астрахань медицина институтының емдеу факультетін бітірді. Киров учаскелік ауруханасында педиатр болып қызмет етті. Жеті жыл ішінде, балалардың шетінеуін 52 пайыздан 12 пайызға дейін қысқартты. Балалар инфекциялары бойынша педиатрлық клиникалық ординатураны бітірген соң облыстық балалар клиникалық ауруханасының облыстағы жалғыз кіші соматикалық бөлімін басқарды. №1 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері болып 27 жыл еңбек етті. 1985 жылы Мәскеуде «Созылмалы тонзиллиті бар балалардың жүрек-тамыр жүйесі» тақырыбында кандидаттық, 1999 жылы «Жаңа туылған нәрестелердің денсаулық күйі және Астрахань аймағындағы неонантологиялық көмектің ұйымдастырылуы» тақырыбында докторлық диссертация қорғады. Ресей Федерациясындағы балалардың жалпы күтімі курсы бойынша жалғыз неонантология кафедрасының меңгерушісі болып табылады. Қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау комиссиясының төрағасы, Ресей Федерациясы қоғамдық палатасы Астрахань аймақтық денсаулық сақтау бойынша сарапшысы. Астрахань облысы губернаторының кеңесшісі.

«КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» және «КСРО азаматтық қорғанысының үздігі» белгілерімен мараптталған. Жоғары санаттағы дәрігер, Астрахань аймақтық «Жолдастық» қазақ мәдениеті қоғамының мүшесі. Көптеген ғылыми жұмыс, әдістемелік ұсыныс және монография авторы.

 

Нұржанов Есмұхамбет

Есмұхамет Байтұрғанұлы 1955 жылы қаңтарда Ульянов облысы Радищев ауданындағы «Сызрань» кеңшарында көп балалы отбасында дүниеге келді. 1978 жылы Куйбышев инженерлік құрылыс институтын бітірді. Еңбек жолын құрылысшы шебер болып бастады, кейін құрылысшылар ұжымына жетекшілік етті. Қазіргі кезде жеке кәсіпкер.

2004 жылғы наурызда ол аймақтық қазақ ұлттық мәдени автономиясының аудандық «Елім-ай» филиалының жетекшісі болып сайланды.

Е.Б.Нұржанов жетекшілік ететін филиал «Ақ жол» аймақтық қазақ ұлттық мәдени автономиясы ұйымдастыратын барлық шараларға белсене қатысады. Ол осы автономияның қамқоршылық кеңесінің мүшесі.

 

Оразбайқызы Тұрсынай

Ақын, сазгер, журналист. Александр Фаедеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың лауреты, Саха-Якутия республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. 1978 жылы КазМҰУ-дың журналистика факультетін, 1989-1991 жылдары А.Горький атындағы әдебиет институтын бітірген. 1997 жылдан бері Мәскеудегі Халықаралық жазушылар Одағы қауымдастығында қазақ әдебиеті бойынша Қазақстан Жазушылар Одағының өкілі. 2005 жылдан Орта Азия елдерінің әдебиеті бойынша хатшы қызметін атқарады. Мәскеуге келген уақыттан «Қазақ тілі» қоғамының барлық жұмысына араласып, көмегін көрсетуде. Жазушылар одағының қазақ әдебиетіне байланысты шараларын «Қазақ тілі» қоғамының жоспарымен байланыстырып, көптеген ақын, жазушылардың мерейтойларын, кездесулерін өткізуде. Мәскеудегі «Қазақ тілі» қоғамының құрметті басқарма мүшесі. 10-ға жуық жыр жинақтарының авторы.

 

 

Орынбасарова Наталья

 

Ресей және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ресей «Ника» кинематографиялық өнер академиясының мүшесі.

Наталья Өтеуліқызы 1964 жылы Үлкен театр жанындағы классикалық би академиясын тәмамдады, балет әртисі. 1967-1971 жылдары бүкілодақтық кинематография мемлекеттік институтының актерлік факультетінде оқыған. КСРО мемлекеттік сыйлығын, БЛКЖО сыйлығының, сондай-ақ Қазақстан Ленин комсомол сыйлығының лауреаты. Венециядағы халықаралық кинофестивальде ең үздік әйел ролі үшін («Алғашқы ұстаз») Вольпи жүлдесінің иегері, «Мәншүк туралы жыр» фильмінде ең үздік әйел рөлі үшін Минскідегі кинофестивальдің лауреаты. Дәл осы лента үшін ол 1972 жылы Довженко атындағы мемлекеттік сыйлықтың күміс медалімен марапатталды. 2002 жылы «Платиналы Тарлан» (Қазақстан) сыйлығының лауреаты. 50-ден астам фильмге түскен.

 

Өтегенова Жамила

Шығыстану әдебиетін шығаруға маманданған «Леном» баспасының директоры.

1971 жылы КСРО Сыртқы істер министрлігінің Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының халықаралық қатынастар факультетін халықаралық құқық заңгер мамандығы бойынша бітірді. КСРО мемлекеттік телерадиосының Қытайға хабар беру бас редакциясының редакторы, Ресей Ғылым академиясының әлемдік экономика және халықаралық қатынастар институтының аға ғылыми қызметкері болып еңбек етті. Бүгінгі таңда шығыстану әдебиетін шығаруға маманданған «Леном» баспасының директоры. Баспа шығарған кітаптар арасында «Қазақтар: тарих доңғалағы», «Қазақтар және олардың ата-бабаларының тарихы» және «Мұсылман мерекелері мен әдет-ғұрыптары», И.Н.Ондасыновтың, Б.Керимовтың «Шариғат», басқа да кітаптары бар. 50-ден астам  ғылыми мақалалар, «Блоктарға қосылмау қозғалысы» монографиясының авторы. Бүкілресейлік философия қоғамының, қазақ ұлттық мәдени автономия кеңесінің, аймақаралық түркітілдес халықтар салт-дәстүрінің сақталуына ықпалдасу әйелдер қоғамдық ұйымының мүшесі.

 

Рахметов Мәди

Мәди Амантайұлы Целиноград (қазіргі Астана) қаласында 1979 жылы туған. 2000 жылы Мәскеу қалалық педагогикалық университетінің заң факультетін бітірген, 2003 жылы Ресей Федерациясы Президент жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясының аспирантурасын аяқтады. 2005 жылы «Ресей Федерациясының мемлекеттік тұтастығы конституциялық қорғаудың объектісі ретінде» деген тақырыпта заң ғылымының кандидаты атағын алу үшін диссертация қорғады.

2006 жылдан Ресей Федарциясы Мемлекеттік думасы аппаратының құқық басқармасының консультанты. Әлем қазақтарының ІІІ Құрылтайына қатысқан.

 

Сариев Абрек

Ресей Медицина Ғылымы академиясының В.В. Закусов атындағы фармокология ғылыми-зерттеу институтының фармакокинетика лабораториясының жетекші ғылыми қызметкері, профессор.

1987 жылы КСРО Медицина Ғылымы академиясы фармокология ғылыми-зерттеу институтында медицина ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. 1993 жылы медицина ғылымының докторы ғылыми дәрежесіне ие болды.

Зерттеулерінің басты тақырыптары – фармакокинетиканың, медициналық практикада қолданылуын оңтайландыру мақсатымен жаңа, сондай-ақ белгілі дәрілердің биотрансформациясын зерттеу. Ол В.В.Закусов атындағы фармокология ғылыми-зерттеу институты ғылыми кеңесінің мүшесі. Ресей Федерациясы Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің мемлекеттік фармокологиялық комитетінің клиникалық фармокология жөніндегі арнайы комиссиясының, көптеген ғылыми журналдардың редакциялық алқасаның мүшесі. 150-ден астам ғылыми жұмыстардың авторы.

 

Сұлтанов Тұрсын

Санкт-Петербург университеті Шығыс факультетінің Орталық Азия және Кавказ кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымының докторы, профессор.

Тұрсын Икрамұлы 1967 жылы А.А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетінің Шығыс факультетін бітірген, мамандығы шығыстанушы, тарихшы. Негізгі зерттеулері Орталық Азияның орта ғасырлық тарихы және деректану Орталық Азияның (Шығыс Түркістан, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, т.б.) тарихы, мәдениетінің тарихы, тарихнамасы. 130-дан астам ғылыми еңбектің, соның ішінде 16 монографияның авторы, олардың ішінде «ХV- ХVІІ ғасырлардағы Арал маңының көшпенді тайпалары, Қазақ мемлекетінің туындауы, Қазақ хандығының тарихы», «Шыңғысхан және Шыңғысхан ұрпағы», «Тағдыр және билік» т.б. атауға болады. Автордың бірқатар кітаптары жапон, түрік және неміс тілдеріне аударылған. «Үздік ғылыми еңбектері үшін» Санкт-Петербург университетінің дипломмен 2 рет (2000 ж.-2004 ж.) марапатталған.

 

Сыздықова Жібек

М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Азия және Африка елдері институты директорының орынбасары, тарих ғылымының докторы, профессор.

Мамандығы тарихшы. 1993 жылы кандидаттық, 1998 жылы «Түрік республикасының ғасырлар тоғысындағы сыртқы саясатының негізгі бағыттары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. 1999-2001 жылдары ЮНЕСКО «Жастар бейбітшілік мәдениеті және демократия» жолында институтының атқарушы директоры қызметінде болды. Жоғары оқу орындары арасында тұрақты қызмет ететін «Ұрпақтар диалогы арқылы бейбітшілік мәдениетіне жету» дөңгелек үстелінің ұйымдастырушыларының бірі.

«Кавказ және Орталық Азия орталығының» меңгерушісі, Ресей Федерациясы президенті әкімшілігі жанындағы ұлттық көші-қон саясаты және діни бірлестіктермен өзара ықпалдасу жөніндегі сараптамалық кеңестің,  ЮНЕСКО-ның Шешен Республикасында білім беру ісін қалпына келтіру комиссиясының, Тарих пәндері бойынша диссертациялық кеңестің мүшесі. 60-тан астам ғылыми еңбектің авторы.

 

Төлеев Аман

Ресей Федерациясының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Кемерево облысының губернаторы, ғылым докторы.

Аман Төлеев 1944 жылы 13 мамырда дүниеге келген. 1964 жылы Тихорецское теміржол техникумын үздік бітірген жас маман Сібірдің  Кемерово облысындағы шағын ғана Мұндыбаш теміржол бекетіне кезекшілік қызметіне жіберілді, 1969 жылдан осы бекеттің бастығы болды. 1973 жылы Новосибрскідегі теміржол көлігі инженерлері институтын бітірді. Содан кейін алған мамандығына сай қызмет атқарды. 1988 жылы Кемерово теміржолының бастығы болып тағайындалды.

А.Г.Төлеев облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып жүрген қайраткер. 1990 жылы РСФСР Жоғарғы Кеңесінің сайлауында Кузбасстан үміткер болып ұсынылып, айқын басымдықпен жеңіске жетіп депутат болып сайланды. 1990 жылғы наурызда ол Кемерово облыстық кеңесінің төрағасы, кейіннен облыстың атқарушы билігі – облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1992 жылдың басында А.Г.Төлеев Ресей Үкіметінің төрағасы Е.Гайдардың саясатына қарсы наразылық ретінде облыстық кеңес төрағасы қызметінен бас тарту жөнінде өтініш жасады. Бірақ депутаттар оның өтінішін қабылдамай тастады. 1993 жылғы желтоқсанда А.Г.Төлеев кузбасстықтардың басым көпшілігінің қолдауымен Ресей парламентінің жаңа құрамына сайланып, 1994 жылғы ақпанда облыстың заң шығару жиналысының сайлауында да жеңіске жетіп, оның төрағасы болды. 1996 жылғы тамызда А.Г.Төлеев Ресей Федерациясының ТМД елдерімен ынтымақтастық жөніндегі министрі болып тағайындалды. Бұрынғы КСРО-ның одақтас республикаларының экономикалық және саяси байланыстарын қайта түлету жолында көп күш-жігер жұмсады.

1997 жылы Кемерово облысы губернаторының тұңғыш сайлауында ол бұрын-соңды болмаған көрсеткіш – сайлаушылардың 94,5 пайыз дауысына ие болып, облыс губернаторы болып сайланды. Содан бері осы қызметті атқарып келеді.

Аман Төлеев әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайының мінберіне көтеріліп, қандас бауырлары алдында ақтарыла сөйлеген азамат.

 

Тұрсынбаев Абдуислам

Шымкент музыка училищесінің түлегі. 1983 жылы осы оқу орнын үздік бітіріп, Шымкент мәдениет институтына оқуға түседі.

1984-1986 жылдары әскер қатарында, институтта қызметте жүргенде үрмелі аспаптар оркестрін басқарған. 1994 жылдан Мәскеу қаласындағы «Мұрагер» қоғамында мәдениет бөлімінің кеңесшісі. «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшесі. Бірнеше тілді меңгерген, әртүрлі музыкалық аспаптарда шебер ойнайды. Түркістанның 1500 жылдығына арналған әннің авторы. Түркістанда өткен әлем құрылтайының, Германия, Түркия, Самарада өткен кіші құрылтайлардың делегаты. 1994 жылдан бері Мәскеу қаласындағы қазақтар қауымдастығы өткізген барлық мереке-жиындардың белсенді мүшесі. 2005 жылдың желтоқсан айынан бері «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы. 2006 жылдың наурыз айынан шыға бастаған «Қазақ тілі» газетін ұйымдастырушылардың бірі.

 

Тынышбаев (Шейх-Али) Дәулет

Дәулет Мұхамеджанұлы Тынышбаев 1931 жылы Алматыда Қазақстанның көрнекті саяси қайраткері ғалым, қатынас жолдар инженері, екі рет (1930-1937 ж.ж.) қуғын-сүргінге ұшыраған, кейіннен ақталған Мұхамеджан Тынышбаевтың отбасында дүниеге келді.

1932-1936 жылдары Дәулет Мұхамеджанұлы Воронеж облысында, «Алашорда» қозғалысының басқа да мүшелерімен бірге М.Тынышбаев жер аударылған осы облыста өмір сүрді. 1970 жылы ақпан айында Дәулет Мұхамежанұлы тұрақты өмір сүрген Уфа қаласынан жазған өтініштеріне сәйкес М.Тынышбаев толық ақталды.

1954 жылы Дәулет Мұхамеджанұлы Уфа Мұнай институтын «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша бітіріп, Уфа ғылыми-зерттеу мұнай институтына жұмысқа жіберілді. Онда алғашында скважина зерттеу жөніндегі инженер, кейіннен аға ғылыми қызметкер міндетін атқарып, мұнай өндіру кезінде парафин қабатына қарсы күрес әдістерін іздестіру жөніндегі жұмыстар атқарды. Осы зерттеулер негізінде И.М.Губкин атындағы Мәскеу мұнай институтында кандидаттық диссертация қорғады. 1964 жылдан бастап 20 жыл бойына ол мұнай мен газдың кен қабаттарының физикалық-химиялық қасиеттерін зерттеу жөніндегі лабораторияға жетекшілік етті. 1984 жылдан 2003 жылға дейін кен қабаттарының корректорлық қасиеттері ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі болды. 1998 жылы Дәулет Мұхамеджанұлы өзі ғылыми тұрғыдан ізденіп жүрген сала бойынша «Мұнай қабаттарын зерттеу және мұнай кен орындарын игеру үдерісінде олардың қасиеттерінің өзгерістерін болжаудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. «БашНИПИнефть» институты жабылғаннан кейін 2005 жылға дейін ол энергия ресурстары көлігі проблемалары институтында бас ғылыми қызметкер болып қызмет істеді.

2005 жылы Қазақстан-Британ техникалық университеті (Алматы қаласы) ректоратының шақыруы бойынша аталмыш университеттің мұнай-газ инженериясы кафедрасының профессоры қызметін атқарып келеді. Ол 100-ден астам жарияланған ғылыми жұмыстардың және авторлық куәліктердің иесі.

Мұнай саласы мен ғылым алдындағы еңбегі үшін оған «Башқұртстан республикасы ғылымы мен техникасының еңбек сіңірген қайраткері», Ресей мен Қазақстанның теміржол саласы алдындағы айрықша еңбегі үшін құрметті теміржолшы атағы берілді.  М.Тынышбаев атындағы Қазақ Көлік және коммуникациялар академиясы оған академияның құрметті профессоры атағын берді. Мұнай өнеркәсібін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін Дәулет Мұхамеджанұлы «Еңбектегі ерлігі» үшін» және «Еңбек ардагері» медалдарымен, Мұнай өнеркәсібінің үздігі белгісіне ие болып, КСРО-ның медалдарымен марапатталған.

 

Унбаева Айна

Башқұртстан Республикасы «Елім-ай» қазақ ұлттық мәдениеті орталығының төрайымы, Уфа қаласы.

Башқұрт университетінің экономика факультетін бітірген. «Елім-ай» орталығы аймақта мәдени ағарту және ақпараттық қызмет атқарып келеді. Бұл жұмысқа Башқұртстан Республикасының Мәдениет министрлігімен және халықтар достығы үйімен бірлесіп көптеген ізгі шараларды жүзеге асыруда. Оларда республика тұрғындары үшін мәдени бұқаралық шаралар ұйымдастырылады, қазақ ұлтының ұлттық мәдениеті, қазақи дәстүрлер мен салт-жоралғыларды көпшілікке насихатталады. Ресей Федерациясының аймақтарындағы (Орынбор, Самара, Чеялбі, Волгоград, Саратов, Мәскеу, Санкт-Петербург, Түмен, Астрахань қалалары) отандастарымызбен баянды байланыстар орнатқан. Республиканың елді мекендерінде жыл сайын Наурыз мерекесі кеңінен атап өтіледі. Қазақ тілін, мәдениетін, жазуын сақтап, дамыту бағытында осы заманғы компьютерлік техника негізінде  ақпараттар қорын жасау қолға алынды. 2006 жылы Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясы Башқұртстан Республикасы бойынша сауда өкілдігінің өкілі болып тағайындалған. Қазақстан – Ресей қатынастарын нығайтуға қосқан жеке үлесі үшін Қазақстан Республикасының Ресейдегі елшілігінің, Башқұртстан Республикасы Мәдениет министрлігінің грамоталарымен марапатталған.

 

Шәукенбаева Азургет

Ресей Педагогикалық және әлеуметтік ғылымдар академиясының корреспондент-мүшесі, ЮНЕСКО-ның Прегам комиссиясының мүшесі, Санкт-Петербург Поляр академиясының ректоры.

Қазақтың белгілі экономист-ғалымы, қоғам қайраткері Тарбай Шәукенбаевтың отбасында дүние есігін ашқан Азургет өзге де құрбылары тәрізді Алматыдағы орта мектепті аяқтаған соң, білім қуып сол кездегі үлкен астана Мәскеуге аттанды. Осындағы Морис Торез атындағы Шет тілдер институтының француз тілі факультетіне оқуға түсті. Жоғары білімді маман оқуын аспирантурада жалғастырды, диссертация қорғады. Азургет Тарбайқызының бұдан былайғы өмір жолы Нева жағалауындағы қаламен тікелей байланысты. Ол осы қаладағы ғылыми институттарда ел қатарлы еңбек ете жүріп, көптеген атақты ғалымдармен танысты.

1990 жылы бүкіл өмірін Арктиканы зерттеуге арнаған француз ғалымы, осы өңірге аттанған көптеген экспедициялардың жетекшісі Жан Малори ұйымдастырған экспедиция құрамына орыстың белгілі ғалымы, академик Д.С.Лихачевтың ұсынысымен бірінші кеңес-француз экспедициясының құрамына енеді. Экспедиция Чукотка аймағы тұрғындарының тұрмыс жағдайын, оларға қол ұшын беру мақсатында шешілуге тиіс проблемаларды екі ай бойына зерттеді. Санкт-Петербургқа оралғаннан кейін «Чукотка-90» экспедициясы ұсыныстары негізінде «Полярлық шеңбер» атты қоғамдық ұйым өмірге келді. Халықаралық негізде құрылған бұл ұйымға Ресейдің құзырлы органдары, Францияның ұлттық әкімшілік мектебі, Париж мэриясы (кейіннен Франция Президенті болған Жак Ширак сол кезде қала мэрі қызметінде болған-ды) құрылтайшылар болды. Оның ұйғарымымен 1994 жылы Поляр академиясы шаңырақ көтерді. Ол академия 1998 жылы жоғары оқу орны мәртебесіне қол жеткізіп, Солтүстік Сібір және Қиыр Шығыс аймақтарына қажетті мамандар даярлау жұмысына кірісті. Қазір сол өңірдің 39 аумақтық объектісі мен 49 ұйымы өкілдері осында білім алуда.

Жаңа академияны құру барысында Азургет Тарбайқызы Ресейдің, басқа да көптеген шетелдердің белгілі ғалымдарымен тығыз араласып, алға қойған мақсатты жүзеге асыру барысында қыруар шаруа тындырды. Академияның шаңырақ көтеруіне мол үлес қосқан Париж мэрі Жак Ширак кейін Франция президенті болып сайланған кезде академия атынан оған құттықтау жеделхаты жөнелтілді. Кейін Президент жауап хат жазуды ұмытпады: «Ректор ханым, қымбатты дос! Сіздердің бұл құттықтауыңызды оқып, қатты тебірендім. Поляр академиясы менің жан дүниемді соншалықты арбап алғанын сіздер білесіздер ме. Сол себепті маған білдірген қолдауларыңызды үлкен ризашылықпен қабылдадым», делінген хатта.

Ресей-Француз қарым-қатынасын дамыту және гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін Азургет Тарбайқызы Франциядағы жоғары марапат белгісі – «Құрметті легион» орденімен марапатталды.

Ілтерханов Мұрат

Желдеткіш техника өндіретін зауыттың жетекшісі, «Стройподряд» ЖШБ бас директоры, Орыс-қазақ «Бірлік» іскер адамдар клубының құрылтайшысы.

Қазақ Химия-технология институтын бітіргеннен (1980 ж.) кейін біраз жылдар Жамбыл Жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының Алматы филиалының физика кафедрасында қызмет атқарды. 1990 жылы Всеволжеск қоғамдық тамақтандыру бірлестігінде еңбек етті. 1993-2000 жылдар аралығында «Промвентиляция» фирмасы Санкт-Петербург филиалының коммерциялық бөлімін басқарды. Есімі «Санкт-Петербургтың атақты адамдары» атты өмірбаяндық сөздігінің ІV томына енгізілген.

 

Ысқақов Ирлан

«Аймақаралық экономика және құқық институты» жоғары кәсіптік білім  мекемесінің ректоры (Санкт-Петербург).

Заң ғылымдарының кандидаты, заң факультетінің мемлекеттік-құқықтық пәндер кафедрасының профессоры. 2004 жылы «Осы заманғы Ресейдегі азаматтық қоғам және оның институттары» деген тақырыпта диссертация қорғады. 1997 жылы «Солтүстік-Батыс аумақтық заң орталығын» басқарды, 1998 жылы Санкт-Петербург заң шығару жиналысының ғылым және жоғары мектеп комиссиясының ғылыми сараптамалық кеңесінде қызмет атқарды. 2006 жылдан – Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісінің экономикалық мәселелер бойынша кеңесшісі.

Оның ғылыми мүдделері саласы – Ресей қоғамындағы азаматтық институттар және посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттік емес білім мекемелерінің проблемалары.

(Тағы басқаларды қосуыңызға болады.)

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑