banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 984 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шетелдегі қазақ зиялылары

МОҢҒОЛИЯ

 

Ағыпар Бәкей

 

Бәкей Ағыпар 1984 жылы ауыл шаруашылығы жоғары мектебін (ескі атымен) ауыл шаруашылығының экономисі мамандығы бойынша бітіріп Сэлэнгэ аймағының Зүүнхараа қазына шаруашылығында экономист, Ауыл шаруашылық университетінде оқытушы, кафедра меңгерушісі, декан, проректор қатарлы жұмыстар атқарды. 2004 жылдан Ұлы Құрылтай мүшесі, 2005  жылдан Табиғи орта, азық-түлік, ауыл шаруашылығы тұрақты комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүр.

1988-1991 жылдары Моңғол Мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқып, “Моңғол еліндегі қой, ешкі отарының
тиімді құрамы” деген тақырыпта экономика ғылымының докторы (Ph.D) атағын алған. 1992-1994 жылдары Қытай Халық Республикасының Пекин қаласында мамандық арттыру курсында 2 жыл оқыған.

Бәкей Ағыпар Моңғолия Президенті жанындағы ғалымдар кеңесінің мүшесі, Мемлекеттік Университеті жанындағы экономика ғылымдарынан еңбек қорғату кеңесінің мүшесі қатарлы жауапты істерге сайланып, оларды табысты орындауда.

2004 жылы Ұлы Құрылтай мүшесіне сайланғаннан бері 10-нан астам заң жобасын ұсынып, Ұлы Құрылтай қабылдаған 20 шақты шешім шығару жұмыс комиссиясын басқарып келеді. Оның сыртында Баян-Өлгий аймағының өркені, сондағы қазақтардың мүддесі үшін қызмет етуде.

 

Аятханұлы Магаш /Мағзұм/

 

Биология ғылымының докторы, профессор, Моңғолия Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі.

1948 жылы дүниеге келген. Малшы отбасында тәрбиеленіп, қазақ тілінде жалпы орта білім алған. 1966-1971 жылдар Уланбатыр қаласындағы ауыл шаруашылық институтын тәмамдап, мал дәрігері мамандығын меңгерген.

1975-1978 жылдарда Берлинде Гумбольд атындағы университеттің аспирантурасын, 1990 жылы докторантурасын бітірді.

Моңғол Ұлттық ауылшаруашылық университетінің мал дәрігерлік факультетінде оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, декан және осы университеттің оқу, тәрбие жұмысын басқарған проректор, ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі қатарлы лауазымда қызмет атқарып келеді.

1996 жылы Моңғолия Ғылым академиясының корреспондент-мүшесіне, 2000 жылы Ауыл шаруашылық Ғылым академиясының академигі болып сайланды.

М.Аятханұлы жоғары оқу орындарында, техникумда және ауыл шаруашылығының кәсіби орта мектептерінде зоотехния, ветеринар-медицина, мал селекциясы мен биотехнологиясы мамандығы бойынша оқитын студенттер мен оқушыларға арналған 9 оқулық пен оқу құралдарының авторы.

Ол мал түлегінің өсіп-өну физиологиясы мен патологиясы, әсіресе қолдан ұрынтандыру, аналық малдан ұрық алу, ұрықты көшіріп қондыру биотехнологиясы саласында теориялық, тәжірибелік маңызды ғылыми зерттеулер жүргізген, ғалымдар даярлаған.

«Сарлық сиырдың өсіп-өну биологиясы мен биотехнологиясының зерттелуін өзек еткен оның биология ғылымының докторы дәрежесін қорғау диссертациясы  Моңғолияда ғана емес Қытай, Үндістан, Бутан, Непал, Қырғызстан қатарлы сарлық өсіретін шет мемлекеттерде жоғары бағаланды. Осының нәтижесінде М.Аятханұлы 1992 жылы дүниежүзілік сарлық зерттеу орталығы ғылыми кеңесінің мүшесі болып сайланды.

М.Аятханұлының қаламымен 10 монографиялық еңбек, 130-дан астам ғылыми-зерттеу мақалалары жазылып, жарық көрген. Олардың 30-дан астамы Германияда, Ресейде, Англияда және Жапонияда неміс, орыс, ағылшын тілдерінде басылып шыққан. Әсіресе герман, ағылшын ғалымдарымен бірігіп жазған «Der Yak in zentrallen Asien» және «The Yak» монографиялары мен моңғол тілінде басылған «Қос өркеш түйе» атты кітаптары халықаралық деңгейде жоғары бағаланатын ғылыми еңбектер.

М.Аятханұлы 2 ғылым докторының ғылыми кеңесшісі және 8 ғылым кандидатының ғылыми жетекшісі болды. Оның жетекшілігімен ғылым кандидатын қорғаған жас ғалымдар шетелдерде де табысты еңбек етуде.

М.Аятханұлы Германия, Франция, Бельгия, Ресей, Қытай, Мысыр және Тайланд қатарлы елдерде өткізілген халықаралық ғылыми конференциялар мен мәжілістерге қатысып, баяндама жасап, сырт мемлекеттерге танымал болған ғалым.

Моңғолия үкіметі М.Аятханұлын «Алтын жұлдыз» орденімен, «Еңбегі үшін» және Халық революциясының мерейтой медальдарымен марапаттаған. Ол Моңғолияның оқу, ғылым, ауыл шаруашылығы және сыртқы ортаны қорғау салаларының үздігі атағының иегері.

 

Әбіш Мекей

 

1959 жылы Баян-Өлгий аймағының орта мектебін, 1963 жылы Монғол Мемлекеттік Университетін (ММУ) бітірген. Үзік оқығаны үшін сол университеттің физика-математика факультетінің жоғары алгебра кафедрасына оқытушылық жұмысқа тағайындалып, сонан бері ММУ-де үздіксіз қызмет істеуде.

М. Әбіш 1968 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетінде (МГУ) мамандығын жетілдіру, 1969 жылдан сол университеттің механика-математика факультетінің аспирантурасында оқып, 1972 жылы кандидаттық, 1994 жылы докторлық диссертация қорғады. Ол – Моңғол елі бойынша математика саласында ғылыми еңбек қорғаған 3-ші адам еді.

1978-1989 жылдары ММУ-нің факультет деканы, 1990-1997 жылы сол университеттің проректоры қызметін атқарып, 1999 жылдан бері Моңғолдың математика институтының директоры және ММУ-нің магистратура, докторантура бөлімі оқу ісінің меңгерушісі міндетін атқарып келеді.

М. Әбіш оқу, ғылым саласындағы еңбектері бағаланып 1981 жылы доцент, 1992 жылы профессор, 2004 жылы Моңғол елінің еңбек сіңірген ұстазы, 2004 жылы Монғолия Ғылым Академиясының академигі атақтарына ие болды. Ол Монғолия қазақтарынан шыққан алғашқы академик. Сонымен қатар «Еңбек медалі», «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған.

М. Әбіш алгебраның Сақиналар және модульдер саласындағы  ғылым докторы атағын қорғап, осы саланы Моңғол елінде дамытқан ғалым. Оның жетекшілігімен 2 адам ғылым докторы, 3 адам ғылым кандидаты атағын, 10 адам магистр атағын қорғаған. Ол кісінің ғылымға қосқан жаңалықтарын әлемде атақты профессорлар В.Н.Ларышев, А.А.Нечаев, А.В.Михайлов, С.П.Мищенко т.б ғалымдар жоғары бағалап, Сақиналар саласындағы зерттеулерін ғылымға қосқан үлкен жаңалық деп атап көрсеткен.

Сонымен қатар ол 1982 жылы Польшада, 1986 жылы Америкада болған дүниежүзі математиктері конгресіне және халықаралық 10-нан астам ғылыми конференцияларға қатысып баяндама жасаған. Монғол елінде математикадан 3 рет халықаралық конференцияны өзі бастап ұйымдастырған.

Мекей 150-ден астам еңбек жариялаған. Сонымен профессор Мекей Әбішұлын Монғол елінің барлық жастарының ұстазы деп ауыз толтыра айта аламыз.

Мекей қоғамдық және әлеуметтік іске де белсенді қатынасқан, ақылы мен үлгілі істері көпке үлгі адам.

Ол Ресей, АҚШ, Германия, Қытай, Франция, Жапония, Голландия, Польша, Дания, Финляндия, Түркия, Арабия, Египет, Қазақстан, Болгария, Куба, Гонконг, Корея, Молдавия қатарлы елдерге сапар шегіп, әлемнің 30-ға тарта университеттерінде баяндама-лекциялар оқыған.

 

 

Әжіхан Болат

 

1990 жыл Монғолия үшін үлкен бетбұрыс жылы болды. Елде 70-тей жыл төрелік еткен тоталитарлық тәртіп жойылып, замана ағысына сай шынайы демократияның самалы есті. Бұл әділет, көп жылдар мансап иелерінің көлеңкесінде келген оған да халықтың шынайы үмітіне сай қызмет етуіне жол ашылды. Сөйтіп жоғары білімді экономист 1990 жылдың орта тұсында Баян-Өлгий аймағы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне, кейіннен осы елдегі тұңғыш демократиялық парламенттің мүшесі болып сайланды. Елдегі тұңғыш кәсіптік парламенттің іргетасын қалап, 1992 жылдың басында елдің тұңғыш демократиялық сипаттағы конституциясын бекітуге қатысты. Монғолия парламентінің Үкімет және Әкімшілік атты тұрақты комитетін басқарды. Ол осы жылдарда Монғолия парламент спикері Н.Багабанди бастаған делегация құрамында Қазақстан және Түркия елдерін аралады.

1996 жылғы парламент сайлауында Болат Әжіхан үшінші рет Монғолия парламентіне мүшелікке сайланады. 2000 жылғы парламенттің кезекті сайлауында ол өз ықтиярымен кандидаттықтан бас тартты. Монғолия үкіметі оны 2000 жылдан Монғолия Табиғат қорғау министрінің орынбасары етіп тағайындады. Ол сол қызмет жылдарында елдің жер және су кодексін, табиғи ортаны қорғау, сирек хайуанаттар мен өсімдіктердін сыртқы саудасын бақылау сияқты заңдарын жасау міндетіне жетекшілік етіп, елде кезегін күтіп тұрған жер реформасы мен суды пайдаланудың заңды кепілдігін жүзеге асыруға қомақты үлес қосты.

Болат Әжіханның ауыл шаруашылығы мен мемлекеттік органдарда атқарған жемісті қызметі және табиғи ортаны қорғаудың заңдық құжаттарын өмірге қалыптастыруға сіңірген енбегі лайықты бағаланып келеді. Ол «Алтын жұлдыз» орденімен, бірқатар медальдармен марапатталған, Монғолия елінің табиғи ортасын қорғауға енбегі сіңген қайраткер.

Б.Әжіхан елдің тарихы, экономикасы, мәдениеті, сыртқы әлеммен байланысы тақырыбындағы өз ойларын өзек еткен, көптеген жарияланымдардың, әлемнің 25 елінде қызметтік сапарда болуы кезіндегі әсерге толы жолжазбалардың авторы.

Ол 1992 жылы Алматыда шақырылған әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысқан.

 

 

Әнуар Нота

 

Нота Әнуар 1968 жылы Моңғолия Мемлекеттік Медицина Институтының емдеу факультетін бітірген.

1968 жылы Баян-Өлгий аймағының Қызылқайың сұмынының сұмынаралық ауруханасында хирург, бөлімше менгерушісі  болып  қызмет істеген уақытта  мың сан науқасты әртүрлі дерттен хирургия жолымен емдеу операциясын сәтті өткізіп, беделді хирург болды.

1975 жылдан Монғолия астанасы Улаанбаатар қаласындағы біріккен 3-ші ауруханасының нейрохирургия бөліміне нейрохирург, Медицина ғылыми-зерттеу институтына аға ғылыми қызметкер, 1993 жылдан қазірге дейін мемлекеттік травматология орталығы және Монғолия әскери госпиталінде консультант жұмысын атқарып келеді.

Ол 1979 жылдан Монғолия Медицина университетінде хирургия, нейрохирургия пәндерінен тұрақты дәріс оқып, КСРО-ның Мәскеу қаласында Н.Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтында клиникалық ординатурасын тәмамдап, Қазақстан, Түркия, Ресей, Жапония, Германия елдерінде нейрохирургия мамандығын жетілдіру курстарында оқыды.

1980 жылдан ми қан тамыры ауруларының диагностикалық, хирургиялық емдеу жолында 30-дан астам жыл ғылыми жұмыстар жүргізіп, ғылыми жоба жұмысын басқарып, миға қан құйылу, мидың қан тамыр ауруларын хирургиялық жолмен емдеу тәсілдерін алғаш рет толығымен жүзеге асырып, қазір ол күнделікті практикада тұрақты қолданылып келеді.

2002 жылы “Қан қысымы жоғарылауынан миға қан құйылуды алғашқы кезеңінде хирургиялық әдіспен емдеу” атты диссертациясымен медицина ғылымдарының докторы атағын халықаралық денгейде қорғады. 2000 жылдан бастап Монғолияда нейрохирургия саласын өркендетіп, нейрохирургиялық аймақаралық филиал ашу жұмысын ұйымдастырып жүзеге асыруға белсене атсалуда.

2006 жылы “Азтан-Элит” біріккен ауруханасында соңгы кездік диагностикалық және микронейрохирургиялық аппарат құрал-жабдығымен толық жабдықталған, өркенді батыс елдерінің денгейіне парапар бөлімше ашып, менгерушісі болып жұмыс істеп келеді.

1994 жылдан Моңғолия Ғылым Академиясы жанындағы Медициналық ғылыми зерттеу институтының, 2004 жылдан Мемлекеттік медицина университетінің ғылыми кеңесінің мүшесі, профессор.

Нотаның жетекшілігімен 14 адам нейрохирург мамандығын иемденіп, 3 кандидаттык, 4 магистрлік диссертация қорғалды.

Ғылыми-дәрігерлік жұмысы мен ғылыми-педагогикалық кадрлер даярлауға қосқан үлестері үшін Моңғолия мемлекеттік, “Алтын жұлдыз” орденінің иегері атанды. Моңғолия денсаулық сақтау ісінің үздігі, басқа да көптеген құрметті атақтармен де сыйлықтардың иегері.

 

Баймолда Досан

 

Ғылым докторы, халықаралық журналист.

1956 жылы Моңғолияда туған. 1963-1973 ж Өлгий қаласында қазақ орта мектебін, 1973-1974 ж. Варшава Университетінің дайындық курсын, 1974-1980 Люблинде Мария Кюри Складовская атындағы Физика-техника университетінің экспериментальды ядролық физика факультетін магистр атағымен бітірді. Оның  «Польшаның таулы аймақтарындағы кейбір арасан сулары мен Моңғолияның батысындағы Шегіртай арасан суы құрамындағы сутегі, күкірт секілді элементтердің изотоптық құрамын салыстырып зерттеу» деп аталатын диплом жұмысы Польша Ғылым академиясының «Химия» журналында жарияланды.

1980-1991 ж. Моңғолия Ғылым Академиясының Физика-техника  және Химия институттарында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, халықаралық жобалардың жетекшісі болып жұмыс істеді. Моңғолияның тұңғыш ғарышкері Ж.Гүррагчааның өзімен бірге ғарышқа алып ұшқан «Детектор» атты ғарыштық аппаратты құрастырушылардың бірі. Сондай-ақ, ЮНЕСКО, МАГАТЭ-нің көмегімен химиялық жаңа заттарды атом деңгейінде анықтай алатын Германияның Брукер фирмасында жасалған ядролық магнитті резонанс және Чехияның рентген флуоренцентік спектрометр құралдарын алдырып, Институтта жаңа зертхана ашу ісін басқарды.

1982-1985 ж. Уланбатыр қаласында Саясаттану университетін тарихшы-философ мамандығы бойынша, ал 1985-1987 ж. Моңғолия мемлекеттік университетінің ағылшын тілінің арнайы екі жылдық курсын оқыды. 1992 жылы МАГАТЭ-нің шақыруымен Вена қаласындағы орталық зертханада ғылыми жұмыстардың үйлестірушісі болған және 1993-1996 Чехия елінің Прагадағы Техникалық университетте докторантурада оқып, шетелде ағылшын тілінде «Көмірді ядролық физика әдістерімен зерттеу» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған алғашқы қазақтардың бірі. Бұл жұмыстың негізінде Моңғолиядағы  25 кеніш көмірінің  элементтік құрамын изотоптық рентген флуреценс әдісі арқылы тез, жылдам анықтай алатын жаңа әдістеме енгізіп, сол арқылы көмірдің сапасына көмірді жақпай тұрып алдын ала баға беруге болатын ғылыми мүмкіндік туғызды. Оның ағылшын, неміс, поляк, чех және моңғол тілдерінде жазған 100-ден астам ғылыми мақалалары Ұлыбритания, Голландия, Германия, Австрия, Польша және Чехия секілді Еуропаның көптеген елдерінің  ғылыми журналдарында жарық көрді.

1996-2002 Прагадағы «Азат Еуропа/Азаттық» радиосының қазақ редакциясында редактор, 2002 жылдан қазірге дейін осы радионың Алматыдағы тілші-редактор. Ол 10 жылдан астам уақыт бойы әр апта сайын эфирге тұрақты шығатын «Шетел қазақтары» атты апталық бағдарламаның авторы әрі жүргізушісі. Ғылыми және журналистік сапарлармен АҚШ, Польша, Чехия, Мажарстан, Германия, Австрия, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран және Қытай секілді әлемнің көптеген елдерінде болды.

Қазақ, моңғол, поляк, чех, ағылшын және орыс тілдерін меңгерген.

 

Бектемір Хамхаш

 

1955 жылы Баян-Өлгий аймағының Толбо сумынында дүниеге келген.

1973-1978 жылдары Өлгий қаласының №1 қазақ орта мектебін тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүргенде халықаралық математикалық олимпиадаға қатынасып, жеңімпаз атанған.

1973-1974 жылдары Иркутск қаласында орыс тілінің дайындық курсын, 1974-1979 жылдары академик Образцов атындағы Ленинград теміржол көлігі инженері институтының автоматика-телемеханика инженерлері факультетін бітірген.

1989-1992 жылдары Эрдэнэт, Моңғол-Орыс тау-кен байыту өндірісінде инженер, аға инженер, 1992–1996 жылдары аталмыш өндірістің Мәскеудегі,  1996–1998 жылдар Алматыдағы өкілі. 1996 – 2001 жылдар осы өндірістің бөлім меңгерушісі.

2001– 2007 жылдары аталмыш өндірісте аға менеджер, импорт және сауда басқармасының бастығы. Таяуда «Алтын жұлдыз» орденін омырауына тақты. Айбек, Асылбек есімді ұлдары  Мәскеудегі Политехникалық институттың түлектері. Бірі докторантурада, екіншісі Малайзияда ағылшын тілінің курсын оқып білім алуда.

 

ҚАБЫШАЙҰЛЫ ЕРЖАН

 

Ержан Қабышайұлы 1965 жылы 15 тамызда Баян-Өлгий аймағының орталығында өмірге келген. Оның әкесі Қабышай Сәдуұлы Моңғолия радиосының редакторы, аймақтық партия комитетінің екінші хатшысы, Көлік басқармасының бастығы қатарлы жауапты қызметтер атқарған, алғашқы «Әліппе», алғашқы «Моңғолша-қазақша сөздік» /40-50 жылдары/, «Шырақтан шуаққа» қатарлы тарихи зерттеу еңбектерін жазған, Моңғолия қазақтары арасынан шыққан  алғашқы зиялылардың бірі болды. Осындай әкенің тәрбиесінде өскен Ержан 1983 жылы Өлгий қалалық қазақ орта мектебін үздік бітіріп, 1988 жылы сол кездегі Кеңес Одағының Иркутск /Үркіт/ қаласындағы Политехникалық институтын автоинженер бойынша қызыл дипломмен бітірді.

Институт бітірген жылы аймақтық Коммуналдық шаруашылық, тұрмыс қажетін өтеу орнында механик, инженер болып еңбек жолын бастаған ол «Тұлпар» автокөлік компаниясының директоры, 2000-2001 жылдары көлік үйлестіру орнының бастығы, 2001-2005 жылдары аймақтық демократиялық партия жетекшісінің, 2005 жылдан Баян-Өлгий аймақтық азаматтар өкілдері Құрылатйының төрағасы қызметін атқарып келеді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасынан бұрынғы социалистік жүйенің ыдырауы барысында Моңғолияда 1990 жылы жеңіске жеткен демократиялық төңкеріс ісіне алғашқы толқын өкілдерінің бірі ретінде қатысып, Моңғолия социал-демократиялық қозғалысының бөлімшесін 1990 жылы аймақта тұңғыш рет құрып, жетекшілік жасады. Сол жылдарғы әртүрлі бағыттағы саяси қозғалыстардың өзара бірігіп, ел, ұлт, аймақ үшін ұлы мақсаттар жолында ынтымақтаса жұмыстауына ықпал етіп, ұйымдастыруға атсалысқан, соның нәтижесінде пайда болып, бүгіндері ел көлемінде және аймақта билік ұстаушы үлкен саяси күшке айналған Демократиялық Партияның нығаюйына зор үлес қосқан, Баян-Өлгий аймақтық Құрылтай өкіліне әлденеше рет сайланып, аймақта демократияны дамытуға, оның құндылықтарын баянды етуге ақыл-парасатын арнаған, 2005 жылдан бері аймақтық азаматтар өкілдері Құрылтайының төрағасы қызметін абыройлы атқарып, жергілікті өзін-өзі басқару ұйымының шынайы түрде қалыптасуын қамтамасыз ету жолында еңбек етіп келе жатқан жас та алғыр зиялылардың бірі.

Ержан Қабышайұлы Қазақ елімен арадағы туысқандық қарым-қатынас, көші-қон, жас ұрпақтың атажұрттан білім алуы, еңбек ету қажеттіліктерін оңтайлы үйлестіруге де үрдіс назар аударып, өз үлесін қосып келеді.

Ержан Қабышайұлының осы ел игілігі жолындағы еңбегі Моңғолия үкіметі тарапынан бағаланып, «Бостандық» орденімен, мерекелік медальдармен, бірнеше саланың «Үздік қызметкері» атақ, белгілерімен марапатталды.

 

ҚАДЫРҰЛЫ САЙРАН

 

Моңғолия мемлекеттік ұлы құрылтай мүшесі, дипломат.1955 жылы Баян-Өлгий аймағында дүниеге келген. 1962-1972 жылдары Өлгий қалалық орта мектебінде, 1972-1973 жылдары Ресейде Иркутск Мемлекеттік университетін, 1973-1978 жылдары Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық Қатынастар Институтын оқып бітірген. 1978-1986 жылдары Моңғолия Сыртқы істер министрілігінде, 1986-1990 жылдары Моңғол елінің Египеттегі елшілігінде дипломатиялық қызметтер атқарды. 1990-1992 жылдары Ұлы Халық Құрылтайының депутаты, 1992-1995 жылдары Президент жанындағы діни кеңестің мүшесі, 1995-1997 жылдары Сыртқы істер министрілігінде департамент басшысының орынбасары, 1997-2001 жылдары Египет Араб Республикасында Моңғол елінің Төтенше және өкілетті Елші, сол жылдары және де Біріккен Араб Әмірлігі, Кувейт, Эмират, Оман, Катар, Бахрейн, Израильде отырған елшілік қызметін қоса атқарған. 1990-2004 жылдары Моңғолия Мұсылмандары қоғамын құрушы және төрағасы, осы қоғамның құрметті төрағасы, 2006 жылдан Президент жанындағы Діни кеңестің мүшесі, 2007 жылдан Қазақ даму қорының төрағасы. 2004 жылдан Мемлекеттік Ұлы Құрылтай мүшесі, Сыртқы саясат және Қауіпсіздіқ жөніндегі тұрақты комитетінің мүшесі, Моңғолия Парламенттер Одағы атқару кеңесінің, Халықаралық Парламент ұйымының Таяу Шығыс бөлімі комитетінің төрағасы.

Анкара Дипломатиялық академиясында, Израильде Дипломатиялық академияда, Алжир Мемлекеттік, Каир, Англиядағы Бирмингем Университеттерінде қысқа мерзімде оқып мамандығын жетілдірген.

Көптеген Халықаралық құрылтайлар мен конференцияларға Моңғол елі атынан қатысқан.

Моңғол елінің ”Алтан гадас” орденімен, Қазақстан Республикасының екінші дәрежелі ”Достық” орденімен марапатталған.

Моңғол елінің Төтенше және өкілетті Елші атағын алған алғашқы қазақ азаматы. Қазақ, моңғол, орыс, араб, түрік, ағылшын тілдерін жеттік меңгерген.

 

Мәуліт Зүлкәпіл

 

Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, тарих ғылымының докторы, профессор.

1957 жылы Баян-Өлгий аймағының Дэлүүн сұмынының дүниеге келген. 1981 жылы Ресейдің Иркутск қаласындағы Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Мамандығы журналист.

1981-1991 жылдары – Моңғолия Мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінде оқытушы, журналистика кафедрасының меңгерушісі.

1981 жылы «Моңғолияның жергілікті баспасөзінің пәрменділігін арттыру жолдары» атты тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты, 1997 жылы «Моңғолияның қазіргі журналистикасының даму үрдісі: теориялық, практикалық және тарихи мәселелері» атты тақырыпта  докторлық диссертация қорғады.

1994 жылы Моңғолия Мемлекеттік университетінің доценті, 2004 жылы профессоры болды. Моңғолияның Ұлттық академиясының толық мүшесі.

Ол журналистиканың теориялық, практикалық мәселелерін зерттеп, 22 монография, оқулық, 90-нан астам ғылыми мақалалар жазып, ондаған оқу стандарттарын дайындаумен қатар шетел ғылымдарының саяси қайраткерлерінің 6 кітабын моңғол тіліне аударып бастырған. Соның ішінде Қазақстанның Елбасы Н.Назарбаевтың «Тарих толқынында», Е.Мәмбетқазиевтің «Университеты ХХІ века: инновации и реформы» атты көлемді еңбектері бар.

Оның «Қазіргі Моңғолия журналистикасы», «Журналистика теориясының негіздері (т.І. Іі), «Ерікті баспасөз: кеше, бүгін және ертең», «Журналистика теориясының кейбір мәселелері», «Журналистиканың түсіндірме сөздігі» секілді ғылыми еңбектері Моңғолия журналистикасын зерттеуге қосылған елеулі үлес және журналистика даярлайтын барлық жоғары оқу орындарында кеңінен пайдаланылуда.

«Мөлдір тамшылар», «Ғашық жүрек» атты жыр жинақтары қазақ тілінде жарық көрген. Ғылыми еңбектері АҚШ, ҚХР, Ресей, Қазақстан, Жапония, Корея секілді көптеген елдердің ғылыми журналдарында басылған. Зүлкәпіл Монғолия Мемлекеттік Университеті жанындағы журналистика саласында магистрлік, кандидаттық диссертация қорғайтын ғылыми кеңес төрағасының орынбасары және “Журналистика” ғылыми журналының бас редакторы, Монғолия журналистер одағының басқарма мүшесі.

Монғолия журналистикасын дамыту, зерттеу, журналист мамандарын даярлауға қосқан үлесі үшін “Монғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер” деген құрметті атақпен және “Алтын жұлдыз” орденімен марапатталған. Монғолия Журналистер одағының және доктор Г.Дэлэг атындағы сыйлықтың иегері. Монғолияның білім беру, ғылым және ақпарат саласының үздік қызметкері.  “Монғолияның ХХ ғасырдағы атақты адамдары” алтын кітабына, “ХХ ғасырдың алғашқылары” атты кітапқа өмірбаяны жазылған.

Оның ондаған ғылыми жобаларды басқарып, зерттеушілердің көптеген ғылыми еңбектеріне жетекшілік істеумен қатар шетелдерде ұйымдастырылған халықаралық конференцияларға қатысып, баяндамалар жасауда.

Профессор Зүлкәпіл  Мәуліт тек өз елінде ғана емес шетелдерге танылған белгілі ғалым, тәжірибелі оқытушы, ақын, журналист.

 

 

Одынайұлы Бақыт Қажы

Баян-Өлгий аймақтық Денешынықтыру, спорт комитетінің бастығы, Палуандар Одағының төрағасы, Моңғолия Ұлттық Олимпиада комитетінің және Моңғолия Ұлттық күрес одағы кодекстік кеңесінің мүшесі Бақыт Одынайұлы 1954 жылы Баян-Өлгей аймағының Цэнгэл сұмында өмірге келген.

Ол Моңғолдың ұлттық күресінен «Жас айбатты», «Құрыш қайратты» дәрежелі Мемлекеттік «Қаршыға», «Моңғол еліне еңбегі сіңген спортшы», еркін күрестен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақша күрестен Қазақстанның спорт шебері атақтарын алған,  халқымыздың мақтанышына айналған алып күш иесі, әйгілі спорт қайраткері. Моңғол қазақтары арасынан шыққан бірден-бір нар тұлғалы азамат.

Шетелдерде өткен әлемдік сайыстарда да жүлделі орындарға ие болып, Моңғолия мәртебесін, қазақ ұлтының мерейін көтерді. 80-нен астам алтын, күміс, қола медальдарды қанжығасына байлаған, Моңғолия спорты тарихына есімі айқын таңбаланған, күрес өнерінде өз ерекшелігі мен тәжірибелілік оқшау үлгісі қалыптасқан даңқты, дарабоз спортшы.

Бақыт Одынайұлы еркін күрспен қатар моңғолдың ұлттық күресінде де ұзақ жылдар бойы тер төгіп, нағыз сүйекке біткен алып күш иесі, шоқтығы биік нар палуан екендігін дәлелдеп, сан мыңдаған көрермендердің ақиқат бағасын, ыстық ықыласын алып, туған халқының намысын қорғады. Бұл саладағы тұрақты жетістіктері үшін ол Моңғолия палуандарының 1980 жылдардағы ең таңдаулы, ең мықтыларының сапына қосылған әйгілі тұлға ретінде тарихта қалды.

Б.Одынайұлы 1992 жылы Алматыда алғаш рет шақырылған Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш Құрылтайына қатысып, осы Құрылтай құрметіне Шымкентте өткен халықаралық қазақша күрес бәсекесінде асбсолюттік салмақта 2-орын иеленді және Моңғолия палуандары арасынан алғаш рет «Қазақстанның спорт шебері» деген аса мәртебелі атағымен марапатталды.

Моңғолия спортының болашағы – ізбасар жеткіншектерді тәрбиелеп, әсіресе, күрес өнеріне баулуда да үлгілі жаттықтырушы, спорт ұйымының тәжірибелі қызметкері ретінде сіңірген еңбегі, төккен тері, жеткен табыстары мол.

Бақыттың палуан болып тәрбиеленуімен еліміздің сан жүздеген жастары мен жас өспірімдерді үздік табыстарымен танылып, олардан жасақталған командалар мен жеке спортшылар әлемдік, халықаралық, құрлықтық және мемлекеттік, аймақтық, қалалық ауқымдағы бәсекелерге тұрақты әрі табысты қатысып, Моңғолия спортының қоржынын талай-талай алтын, күміс, қола медальдармен байытты.

Моңғол еліне, отанына, халқына адалдықпен еңбек етіп Моңғол елін, қазақ ұлтын әлемге танытқан палуан перзентіміз Б.Одынайұлының спортшылық және жаттықтырушылық еңбек табыстарын мемлекетіміз жоғары бағалап «Моңғол еліне еңбегі сіңген спортшы» атағымен, «Алтын жұлдыз», Олимпиадалық «Алтан очир» /Алтын алмас/ ордендерімен марапаттап, есімі аймақтың «Құрмет кітабына» жазылды.

Бақыт Одынайұлы «Қазақша күрес» өнеріне дамытуға, насихаттауға көп жылдан бері ат салысып келе жатқан азамат екенін де ерекшелеп айту парыз. Соның нәтижесінде жыл сайын «Наурыз» мейрамына орай «Қазақша күрестен» аламан бәйге өткізу аймағымызда дәстүрге айналып, осы спортпен шұғылданушылар саны күннен күнге молая түсті. Бұл тұрғыда ол қазақстандық әріптестерімен тығыз байланыс орнатып, қазақша күресті аймағымызда ғана емес Моңғолияда да өрістетіп, көршілес шетелдерде насихаттауға мол үлес қосты. Соның арқасында моңғол палуандарының қазақша күреске деген ынтасы артып, осы спорт түрінен өтетін сайыстарға жиі қатысатын болды. Оған мысал ретінде халықаралық Қазақша күрес Федерациясының ұйымдастыруымен 2005 жылы Ресейдің Қос-Ағаш ауданында тұңғыш рет өткен Азия чемпионатына Баян-Өлгий командасымен қатар Олимпиаданың қола медаль жүлдегері Цагаанбаатар, Халықаралық чемпионат жүлдегері Болдбаатар қатарлы палуандар құрамына енген Моңғолияның жеке командасы қатысқанын айтуға болады, Қазақша күрестен Азия чемпионатының екінші ойыны Моңғолияда, оның ішінде Баян-Өлгий аймағында 2006 жылы ұйымдастырылып өткізілуі де бұл күрске деген моңғол палуандарының құштарлығы артып келе жатқанын көрсетеді.

2006 жылы қараша айында Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған Қазақша күрестен дүниежүзілік чемпионат бәсекесінде Б.Одынайұлының бастауында Моңғолия командасы қатысып, 1 күміс, 2 қола медаль еншілеп қайтты. Ал, қазақша күрестен жыл сайын Алматыда өтетін Қазақстан президенті Н.Назарбаев жүлдесі үшін халықаралық сайысқа Моңғолия палуандары тұрақты қатысып, биік-биік табыстарға қол артып келеді. Бұның бәрі де қазақ күресінің, сол арқылы Қазақ елінің беделі артқанын көрсетеді. Міне, осы шаралардың бәріне Бақыт Одынайұлы мұрындық болып, хал-қадірінше үлес қосып келе жатыр десек артық айтқандық болмас.

 

Раздықұлы Сандалхан

 

Сандалхан Раздықұлы 1943 жылы қараша айының 19-ында қазіргі Баян-Өлгий аймағының Цэнгэл сумыны «Чакен» деген жерінде дүниеге келген.

1962-1967 жылдар Ресейдің Иркутск қаласының Политехникалық институтын инженер-механик, инженер-экономист мамандығы бойынша  бітірген. Еңбек жолын автобазада бас инженер болып бастаған ол Моңғолияның жол, байланыс, көлік министріне дейінгі сатылардан өтті. Ұлы құрылтайға екі рет депутат болып сайланды.

Моңғолия үкіметі Сандалхан Раздықұлына үлкен сенім білдіріп, білімін және тәжірибесін жоғары бағалап, жаңа орнаған, жұмысы нашарлаған ұйымдарды тапсырып жұмыстатқан. Ол басқарған ұйымдар 1-2 жылдың ішінде жұмысы жақсарып, үлгілілер қатарына қосылып отырды. Министрлікте жұмыстаған жылдары көлік мамандарын даярлаудағы жұмыстары елдегі басқадай минстрліктерге өнеге  болды. Нарыққа ауысудың ең ауыр кезеңінде, әуе, теміржол, байланыс, автокөлік ұйымдарын қалыпты жұмыстатып, сырт елдермен нәтижелі ынтымақтасу нәтижесінде министрліктегі ұжымдар жұмысы нарық кезіндегі қиындықтан ойдағыдай өтті. Сандалхан Раздықұлы Уланбатырдағы политехникалық институттың автокөлік инженер, экономика факультеттеріне мамандығы бойынша лекциялар оқып, оқу орнын тауысушы студентердің диплом жұмыстарына басшылық етті. Өзінің жұмыс тәжірибесі, қызмет бабындағы кездескен қиын-қыстау жайлар, ел игілігі жолындағы қажымай еткен еңбектің жемісі туралы үш түрлі естелік кітап жазды.

С.Раздықұлы Моңғолия үкіметі атынан 40-тан астам елде жұмыс бабымен сапарда болып, көптеген салалардағы келісімшарттарға Моңғолия үкіметі атынан қол қойған.

Моңғол-Түрік, Моңғол-Кувейт, Моңғол-Жапон, Моңғол-Ресей, Монғол-Қазақстан, Моңғол-Америка сияқты елдердің парламенттік байланыстарына көптеген жаңа істер қосты.

Министр, Ұлы Құрылтай депутаты болған жылдары өзінің туып-өскен Баян-Өлгий аймағының өркендеуінде біраз жұмыстар тындырған. Моңғолия елінің бюджетінің 10-14%-н Баян-Өлгий аймағын өркендету саласына бөлгізуде ерекше іскерлік танытқан Қазақстан – Баян-Өлгий аймағы арасына тура ұшақ ұшыру, автобус жүргізу, теледидар арналарын ашу, почта, газет тапсыру, тасу жұмыстарын реттеу сияқты шарттарды өз қолымен жасап бекіттірген, бұл істері бүгін аймақ азаматтарына жақсы әсерлі істің бірі болып отыр.

Сандалхан Раздықұлының адал еңбегі  жоғары бағаланып, мемлекеттік орден, медальдармен марапатталды. Моңғолия елінің Халық революциясы жеңісінің 50,60,70,80 жылдық құрмет медальдары, 2005 жылы Моңғолия елінің Еңбек сіңірген көлік қайраткері атағы берілсе, «Озық авто көлікші», «Құрметті теміржолшы», «Әуе жолының ардақты қызметкері», «Байланыс ұйымдарының озат құрметті қызметкері», «Баян-Өлгий аймағының ардақты азаматы», «Жастардың құрметті тәрбиешісі», «Партияның ардақты қайраткері», Моңғолия саясаткерлерінің  2003-2004 жылдарының алдыңғы қоғам қайраткері. Есімі  Моңғолияның ХХІ ғасыр Алтын кітабына

 

РӘміш Асай

 

 Қауымдастықтың Ұланбатырдағы филиал жетекшісі, Медицина ғылымының докторы, профессор.

Асай Рәміш Моңғолияның Баян–Өлгий аймағының Улаанхус сұмынының жерінде 1953 жылы туылған.

1981 жылы Моңғолия Медицина Университетін бітірген. Моңғолия қазақтарынан шыққан алғашқы онколог дәрігер. 1982 жылдан қазірге дейін Уланбатырдағы Онкологиялық орталықта дәрігер, директордың орынбасары, бөлімше менгеруші қызметтерін атқарып келеді.

А. Рәміш “Омырау улы ісігінің рентген диагностикасы” ғылыми еңбегімен докторлық диссертация қорғады. Сонымен қатар өз мамандығы бойынша көптеген елдерде (Ресей, Корея, Тайланд, Қытай, Қазақстан) мамандық жетілдіріп, лекциялар оқыды.

1998 жылы Жапонияның Токио және Киото қалаларында “Моңғолиядағы Онкологиялық бағыттық шаралар” атты лекция оқып сыйлыққа ие болды. 1997 жылы Филипинде, 1999 жылы Мороккода, 2000 жылы Чехияда, 2001 жылы Үндістанда, 2002 жылы Пәкістанда өз мамандығына байланысты жиындарға қатысып ғылыми баяндамалар жасады.

Ол өз мамандығы бойынша 30-дан астам ғылыми мақала, зерттеулер жазып, 1986 жылы “Монғолиядағы радиология танымы” (анықтамалық), “Маммография диагнозы” (монография), көпшілікке арналған “Омырау улы ісігінен сақтану жолдары” атты кітаптарын бастырып шығарды. Қазір өз қызметінің сыртында Моңғолия ретнген-радиология қоғамының төралқа мүшесі, Моңғолия медицина университетінің оқытушысы.

Моңғолия үкіметі мен министрлік, көпшілік ұйымдар оның еңбегін зор бағалап “Алтын жұлдыз” ордені, “Халық революциясының 80 жылдық” медалы, “Денсаулық сақтау саласының үздік қызметкері”, “Жастарды тәрбиелеуші” алтын медалі сияқты көптеген сыйлықтармен марапаттаған.

 

 

 

Тәукейұлы Сұлтан

 

Сұлтан Тәукейұлы Моңғолияның Баян-Өлгий аймағында 1944 жылы дүниеге келген. 1966 жылы Уланбатырдың Экономикалық институтын бітірген. Экономика ғылымының докторы.  Ол ұзақ жылдар бойы аймақ, қала, республика деңгейіндегі көптеген жауапты лауазымда қызмет атқарды. Моңғолияның тұрақты парламенті – Ұлы Құрылтайға екі мәрте депутат болып сайланды. 1992-2000 жылдары Моңғолияның тұрақты парламентінің жанындағы «Моңғолия пен Қазақстан парламентаралық тобын» басқарды. 2000-2001 жылы МХРП-ның хатшысы, 2001-2005 жылдары Моңғолиядан Венгрия, Австрия елдерінде Төтенше және өкілетті елшісі, 2006 жылдан Моңғолия президенті жанындағы ғалымдар кеңесінің тұрақты мүшесі қызметтерін атқарып келеді.

С.Тәукейұлы жауапты қызметімен қатар 1964 жылдан бері көркем әдебиетпен шұғылданып, аударма, проза, драма, поэзия, публицистика саласында толассыз еңбектеніп, ғылыми, монографиялық шығармалар жазды. Көптеген шығармалары Моңғолия мен шетелдерде жарық көрді.

Ол қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін, кешегі мен бүгінгі өмірін, тарихи тұлғалар мен бүгінгі қарапайым қазақ азаматтарының бейнесін жан-жақты көркемдік тұрғыдан сомдай білген талантты қаламгер. Шығармаларын қазақ, моңғол тілдерінде жазады.

Оның аудармасы бойынша қазақтың әйгілі жазушылары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Т.Әлімқұлов, С.Сматаев, Қ. Жұмаділов, Т.Нұрмағанбетов, Т.Жақыпбаевтардың әңгімелері, Ғ. Қайырбеков, К.Ахметованың кейбір өлеңдері, А.Әшімовтың «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» киносы, түркі қаламгері Н.Атысыздың «Көк бөрінің өлімі» романының кейбір бөлімі, Баян-Өлгийлік қазақ қаламгерлері Қ.Даян, Б.Муса, А.Ақындардың кейбір өлең, әңгімелері монғол тіліне, Моңғолияның көптеген көрнекті жазушыларының әңгімелері қазақ тіліне аударылып, басылды.

Экономикалық тақырыпта бірнеше монографиялық шығармалар жазумен қатар ол Моңғолияда өмір сүретін қазақтардың ата-тек шежіресін жинап, 1995 жылы «Шежіре» деген атпен бастырды.

«Арыстардың арманы» роман-эссесі үшін Моңғолия Жазушылар Одағының арнайы сыйлығына ие болды. Автордың 30-ға жуық әдеби сын, публицистикалық және 60-қа жуық саяси, экономика, әлеуметтік тақырыпқа арналған ғылыми-зерттеу мақалалары жарық көрді.

Ол өз шығармаларында көлемді панорама арқылы қазақ халқының тарихы мен мәдениетін, салт-сана, әдет-ғұрпын тартымды баяндаумен қатар орыс, қытай сияқты державалардың отаршылдық саясатының тәлкегі болған қазақ, моңғол ұлттарының қайғылы тағдыры туралы тарихи деректерге сүйене отырып ащы шындықтардың бетін ашады.

С.Тәукейұлының жемісті еңбегін Моңғолия үкіметі жоғары бағалап, 1984 жылы «Алтын жұлдыз», 1996 жылы «Еңбек даңқы» ордендерімен және медальдармен марапаттады. Моңғолияның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, 2005 жылы Венгрияның «Крест орденін» өңіріне қадады. АҚШ-тың Оңтүстік Дакота штатының астанасы – Рафид қаласының құрметті азаматы.

Көрнекті мемлекет, қоғам қайраткері, талантты жазушы, аудармашы, белгілі ғалым, дипломат Сұлтан Тәукейұлы қазір Уланбатыр қаласында тұрады.

 

  Ұтхан Мәулет

 

Мәулет Ұтхан 1959-1964 жылдары Кеңес Одағының Санкт-Петербург қаласының Тау-кен институтында оқып, тау-кен инженері мамандығын иемденген. Ол Кеңес Одағында аспирантурада оқып, 1973 жылы техника ғылымдарының кандидаты атанды.

1956 жылы Моңғол-Кеңес біріккен “Совмонголметалл” бірлестігіне қарасты шахтада жұмысшыдан бастап, Отын және энергетика, геология министрлігінде бас инженеріне дейінгі еңбек жолынан өткен.

Ол 1978-1980 жылдары Мәскеу қаласында Экономикалық өзара көмек кеңесінің (СЭВ) хатшылығында кеңесші, 1980 –1988 ж.  Геология және Тау-кен министрі, 1988-1991 жылдары табиғи ортаны қорғау министрі, 1991-1997 жылдары Монғолия Үкіметінің пайдалы қазбалар қорының директоры, 1997-2000 жылдары Қаржы министрлігінде кеңесші болып жұмыстап, құрметті демалысқа шықты.

Мәулет Ұтхан жоғарыда аталған жауапты қызметтерді атқара жүріп “Моңғолияның пайдалы қазбалары”, “Табиғатты қорғау және халық дәстүрі, әдет-ғұрпы” атты кітаптар жазып, көпшілікке тарту етті.

Ол 1967 жылы халықаралық Тау-кеншілер съезіне, 1985 жылы халықаралық геологтар сьезіне Моңғолия елінің атынан делегат болып қатысып баяндамалар  жасады.

Сонымен қатар 1980-1988 жылдары Экономикалық Өзара Көмек кеңесінің геология саласында бірлескен жұмыста тұрақты комиссиясының төрағасы міндетін атқарды.

Ол Моңғолияның Халық Ұлы құрылтайына (парламент) депутаттыққа төрт рет, Моңғол Халық Революцияшыл партиясы съезінің делегат болып үш рет сайланған.

Моңғолия үкіметі М. Ұтханның атқарған қызметін жоғары бағалап оны «Қызыл ту», «Алтын жұлдыз» ордендерімен, басқа да медальдармен және де озат кенші, озат геолог белгісімен марапаттады.

Ол Монғолияның мемлекеттік сыйлығының иегері, Кеңес Одағы, Болгария, Чехославакия, Польша сияқты шет елдердің орден, медальдарының иегері.

(Тағы басқаларды қосуыңызға болады.)




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑