banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 1  015 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шетелдегі қазақ зиялылары

ТҮРКИЯ

 

Жаналтай Дәлелхан (қайтыс болған)

Қазақ диаспорасының көрнекті қайраткері Дәлелхан Жаналтай 1922 жылы Шыңжаң өлкесінің Алтай аймағында жарық дүние есігін ашқан. Кезінде Шыңжаң өлкесінің қаржы министрі қызметін атқарған әкесі Жанымхан қажының жан-жақты қамқорлығы арқасында жастайынан мол білім алды. Ат жалын тартып мінетін жасқа жеткеннен кейін ол ұлттың мүддесін көздеген әрекеттерге батыл араласа бастады.  Заман ағысын тез аңдай білген білімдар жас билік басындағылар тарапынан жергілікті ұлттың қысымға тап болып отырғанын анық аңдады. Ел жағдайын жеңілдету қамында күрделі әрекетке бару қажет болды. Сөйтіп ол ақыры Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық көтерілісінің қақ ортасынан бірақ шықты. Алайда Шыңжаңдағы жағдайдың шиелінісуіне байланысты енді ол жерде қалып өмір сүруге болмайтынына көз жеткізді. Сөйтіп үдіре ірге көтеруге мәжбүр болған елмен бірге бұлар да азапты сапарға шықты. Тибет асып Үндістанға бір тоқтады. Гомендан билігі басындағылар ізге түсіп қуғындауы барысындағы екі жақты кескілескен шайқастарда көптеген құрбандықтарға душар болды. Сол құрбандықтардың арасында әкесі Жанымхан да бар еді.

Көзі ашық азамат Үндістан жеріне келгеннен кейін елдің қамына орай әрекет қылып, жауапты мансаптар атқарды. Ұлт мүддесіне сай халқының аман қалуы жағдайын ойластырушылар қатарында болды. Осы мақсатта Тайваньдағы билікпен байланыс жасады. Еңбегі нәтижесіз қалмады. 1948 жылы Нанкинде ашылған Қытай мемлекеті президентін сайлау құрылтайына қатысты. Соңынан Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері алтыншы құрылтайының депутаты мәртебесіне ие болды. Қазақ жастарын Тайпейге (Тайваньға) білім алуға жіберу жолында зор еңбек сіңірді. Сөйтіп Тайваньға қазақтың 30 баласы оқуға жіберілді.

Ақыры осы көш Түркияға барып тұрақтады. Осында келген соң да ұлт мүддесі жолындағы жұмысты жалғастыра берді. Түркістан каучук фирмасына жұмысқа орналасты. Кейін Бірлік тері өндірістік фирмасын басқарды. Стамбулда Қазақ кентін құру жолында сіңірген еңбегі ересен. Осылайша Түркиядағы қазақ бауырлардың ел болып еңсе көтеруі бағытында қыруар еңбек сіңірді. Жергілікті бауырлардың құрметіне бөленді.

Басқа да қазақ жұртының азаматтары тәрізді Дәлелхан Жаналтай арманы Қазақстанның тәуелсіздік алуымен орындалды. Ол әлем қазақтарының тұңғыш құрылтайына қатысты. Өзі айтқандай: «алыста жүріп қазақпыз деуге бата алмайтын» жасқаншақ кез келмеске кетті. Туған елі – Қазақстан. Жер бетіндегі басқа да елдермен терезесі тең дербес те тәуелсіз ел болды. Тұңғыш құрылтайда ол Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Төралқа мүшесі болып сайланды. (Өзімен қатарлас жандардың туған топырақтан жырақта жүріп кешкен өмірі жайылы оның Қауымдастық баспасынан жарық көрген «Қилы заман – қиын күндер» атты ғұмырнамасында кеңінен баяндалады).

 

 

Гумали Зенгин

 

1962 жылы Нигде қаласының Алтай деген ауылында дүниеге келген. Бастауыш мектепті Стамбулда оқып, 4 жыл діни медреседе діни тәрбие алған. 5 жылдай кәсіби футбол ойнаған. 3 жыл жұмыс бабымен Францияда болған. 1989 жылда ағаларымен бірігіп «Зенгин бері» деген тері бұйымдарын шығарып сататып фирманы құрған.  1995 жылында «Зентекс» зауыты мен фирма құрған, қазір осы жұмыспен шұғылдануда. Қазірдің өзінде  Францияда, Қазақстанда сауда орындары бар. 2000 жылдан бастап Қазақ-түрік қоғамында төрағаның орынбасары қызметін атқарады.

 

 

Абдулуақап Қылыш

 

1956 жылы Кония қаласының Ісміл ауданында өмірге келген. Бастауыш және орта мектепті Конияда бітірген. 1972 жылы Стамбулға көшіп келіп, лицейді осында бітірген. Әскерден оралған соң 1982 жылы Мәрмәр  университетінің экономика факультетін бітірген. Одан кейін линолиум зауытына қызметке орналасып, кейіннен оның директоры болды. Осы қызметте жүріп зейнетке шықты. 2002 жылы Меккеге барып қажылық қарызын өтеді. 1986 жылдан,  Қазақ-түрік қоғамы құрылғаннан бастап осы қоғамда жұмыс істеп келеді. Қазір қоғамда хатшы қызметін атқарады.

 

Ертургул Ербаш

 

1974 жылы Стамбулда дүниеге келген. 1992-1997 жылдары Анкара университетінің журналистика факультетін тәмамдаған соң, Түркияның «MILLIYET» газетінде, «ТGRT», «Kanal D» теледидарларында қызмет атқарған. Қазіргі таңда  «FOX TV» арнасында тілші болып қызмет атқарып жүр. Қазақ-түрік қоғамының мүшесі, «Arman» журналының бас редакторы.

 

Мұстафа Бурган

 

1959 жылы Кония қаласында туылған. Стамбулда теріден киім тігуді үйреніп жүріп, «Тумата» деп аталатын ансамбльде 20 жылдай домбырашы болып қызмет атқарып келеді. Түркияда, Испанияда, Германияда, т.б. қалаларда түрлі концерттік шаралар ұйымдастырған. 1988-2003 жылдары аралығында жұмыс бабымен Францияда болып елге оралған.  Алматыда «Қазақфильм» студиясымен бірлесіп «Көшпенділер» фильмі артистерінің киімдерін дайындаған. 2004 жылдан бері Қазақ-түрік қоғамында жастарға қазақтың салт-дәстүрлерін насихаттаумен шұғылданады.

 

Абдулсалем Малкош

 

1959 жылы Стамбул қаласында туған. 1986 жылы іргетасы қаланған Қазақ-түрік қоғамында қазірге дейін қызмет атқарып келді. 1990 жылдан бері қоғамда жастар бөлімінде жетекшілік еткен. Қазіргі таңда қоғамның мүшесі.

 

Мұхамеди Қылыш

 

1925 жылы Баркөл қаласында дүниеге келген. 1953 жылға дейін Пакистанда тұрып, 1955 жылы Конияға қоныс аударған. Бір жылдай Түрік үкіметінің арнаған қонақ үйінде директордың орынбасары қызметін атқарды. Түркияға қоныс аударған қазақтарды баспанамен қамтамасыз ету жүмысының басы-қасында жүрген. 1963 жылы Кония қаласында тері зауытын ашқан. Қазақ-түрік қоғамында басшылық қызмет атқарған.

 

Дәуіт Ашыккөз

1930 жылы Алтайда туған. 1937 жылы басталған үлкен көшпен Үндістан-Пакистан асып, 1953 жылы Түркияға қоныс аударған. 1958 жылдан бастап теміржолда қызмет атқарып, өзінің жеке шағын сауда дүкенін ашқан. 1986 жылдан бастап Қазақ-түрік қоғамының мүшесі, қазір зейнеткер.

 

Тоқтаубай Топлы

1919 жылы Баркөлде дүниеге келген. 14 жыл Пакистанда өмір сүріп, 1953 жылы Түркияның Конияға қаласына қоныс аударған. Мұхамеди Қылышпен бірге көптеген қызметтер атқарған. Қазақ-түрік қоғамының іргетасын қалап, жұмысын жолға қоюға айрықша үлес қосты. 1970 жылдан бастап тері илеу, өңдеу жұмысымен айналысқан. Жетім-жесірдің қамқоры. Қазіргі Қазақ-түрік қоғамында қызмет атқарған.

 

Мүталла Улушай

 

1962 жылы Стамбул қаласында дүниеге келген. Орта мектепте, колледжде оқып, 1989 жылы Мюнхенде техникалық университетті бітірген. Екі жылдай Мюнхен қаласында авиаинженері қызметін атқарды. 1990-1995 ж.ж. осы жұмысында лауазымы жоғарылай түскен. 1995-2000 ж.ж. Берлин қаласындағы немістің Ролс-Роис фирмасында, одан кейін 5 жыл бойы әскери ұшақ зауытында жоғары дәрежелі меңгеруші, 2005-2006 ж.ж. АҚШ-та General Electrics фирмасында қызмет атқарды. 2006 жылғы қыркүйек айынан бері MTU авиаинженері әрі сол фирманың Шығыс Еуропа мен Түркиядағы қызметіне жауаптанған директоры. Мүталла Еуропада қызмет атқарып жүрген қазақтың алғашқы авиаинженері.

Неміс, ағылшын, түрік тілдерінде еркін сөйлейді.

Мюнхендегі қазақ мәдени орталығының белсенді мүшесі.

 

Мариям Хаким

1958 жылы Түркия елінің Салихлы қаласында дүниеге келген. Орта мектепте, гимназияда білім алды. 1977-1983 жылдары Хажеттепе университетінің тарих факультетін тәмамдаған. 1983-1984 Би-би-си радиосында жұмыс істеген алғашқы қазақ. 1984-1987 ж.ж. «Азат Еуропа және Азаттық» радиосында сараптау бөлімінде және қазақ редакциясында тілші қызметін атқарды. 1987-1991 ж.ж. АҚШ-тың Wisconsin-Madison университетінде аспирантурада оқи жүріп, студенттерге қазақ тілінен дәріс берген алғашқы қазақ қызы.

1991-1998 ж.ж. Анкарадағы Билкент университетінің халықаралық қатынастар бөлімінің оқытушысы және «Тәуелсіз Қазақстан және қазақ ұлтшылдығының негізі» атты тақырыпта ағылшын тілінде докторлық диссертация қорғаған. 1999 жылдан қазірге дейін Шанкая университетінде оқытушы болып жұмыс істейді. Доцент, ғылым докторы атағы бар.

АҚШ-та, Англияда, Нидерландыда, Түркияда, Израильде және Қазақстанда өткен халықаралық конференцияларға қатынасып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша пікірсайысқа белсене қатысып отырған. Осы елдердің ғылыми журналдарында барлығы 30-дан астам мақалалары жарық көрген.

Неміс, ағылшын, неміс тілдерін жетік біледі.

 

(Тағы басқаларды қосуыңызға болады.)




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑