banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 882 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шетелдегі қазақ зиялылары

ҚЫРҒЫЗСТАН

 

Байжігітов Назарбек

Назарбек Саттарұлы 1956 жылы туған. 1979 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1981 жылдан Бішкек қаласында тұрады. 1985-1991 жылдары «Советская Киргизия» – «Слово Кыргызстана»,  1991-1992 жылдары «Свободные горы» газеттерінде еңбек етті. 1993 жылдан бері Үкіметтік «Қырғыз Туусу» газетінде жұмыс істейді. Журналистика саласындағы еңбегі үшін 1999 жылы Қырғыз Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталған. Бішкектегі Қазақстан елшілігінің Құрмет грамотасымен атап өтілген.

Қазақстанға арналған көптеген мақалалардың, Қожа Ахмет Ясауи мен Арыстанбаб туралы бірқатар ғылыми жарияланымдардың авторы. Ахмет Ясауидің өлеңдері оның аудармасында «Қырғыз поэзиясының антологиясы» кітабына енгізілген.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы ұйымдастырған ақындар айтысының лауреаты.

 

Батырханов Шайхслам

Қырғызстанның Аламедин ауданында 1950 жылы дүниеге келген. 1974 жылы Қырғыз мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін бітірген. Қырғыз акушерлік және педиатрия ғылыми-зерттеу институтының пульмонология бөлімінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеп, 1982 жылы кандидаттық диссертация қорғады. 1983 жылы осы бөлімді басқарды. 1989-1992 жылдары Мәскеу қаласындағы Ресей Медицина ғылымы академиясының педиатрия ғылыми зерттеу институтында докторантурада оқып, 1993 жылы докторлық диссертация қорғады. 1996 жылдан ақпараттандыру халықаралық академиясының академигі, 1997 жылдан Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының педиатрия кафедрасының профессоры,  1998 жылдан осы академияның балаларды емдеу кафедрасының меңгерушісі, факультет деканы, Қырғыз Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің педиатрия жөніндегі бас үйлестірушісі, бас балалар пульмонологы.

Педиатрия саласындағы жоғары білікті маман ретінде әріптестерінің ғылыми ізденістеріне жетекшілік етіп келеді. 160-тан астам ғылыми жұмыстар жариялаған. Қазір С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық Медицина университетінде  кафедра меңгерушісі қызметін атқаруда.

 

Бексалов Есенгелді

Есенгелді Бексалиұлы 1942 жылы Өзбекстанның Сурхан-Дария облысында туған.

Еңбек жолын мұнай кәсіпшілігінде дизелші-моторист болып бастады. 1961-1966 жылдары Фрунзе Политехникалық институтының механика факультетінде оқып, оны инженер-механик мамандығы бойынша бітірді. Кейін Мәскеудегі Бауман атындағы Жоғары техникалық училищесінде тәжірибеден өтіп, «Механизмдер мен машиналар теориясы» кафедрасында «Тау-кен машиналары» мамандығы бойынша аспирантурада, одан соң ГДР-де профессор Х.Йендерси басшылығымен Фрайберг Тау-кен академиясының аспирантурасында оқыды.

Неміс тілінде жазылған диссертациясын үздік қорғап, «Тау-кен машиналары» мамандығы бойынша «инженер-доктор» дәрежесін алды.  ГДР-де аспирантурада оқи жүріп, Хердер атындағы Лейпциг университетінің тіл факультетін сырттай оқып бітіріп, неміс тілінің оқытушысы дипломын алды.

Тау-кен саласындағы бұрғылау жұмыстарына байланысты көптеген машиналар, механизмдер кешенін және жаңа технологияларды жасап,  өндіріске енгізген.Монографиялардың, көптеген ғылыми жарияланымдардың авторы. Техника ғылымының 1 докторын және 5 кандидатын даярлады.

Қырғыз Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы сараптау комиссиясының, Қазақ техникалық университетінің «Геотехнология» бойынша кандидаттық және докторлық диссертациялар жөніндегі мамандандырылған кеңестің, Тау-кен жыныстары физика және механика институтының және Тау-кен институтының ғылыми кеңестерінің мүшесі.

Ленинакан қаласындағы жойқын зілзала және Қызыл-қия қаласындағы сел тасқынының зардаптарын жою жөніндегі құтқарушылар отрядын басқарды және осы саладағы жұмыстар кешеніне тікелей қатысты. Осы жұмыстарды ұйымдастырып, жүзеге асыруға белсенді қатысқаны үшін КСРО-ның «Жеке ерлігі үшін» орденімен марапатталды.

Тау-кен өндірісі, Тау-кен машина жасау және жол құрылысы машиналарын жасау техникасы мен  технология саласында ұзақ жылдар бойы жинақталған мол білімі мен бай тәжірибесі шетелдік әріптес фирмалармен бірлесе отырып, Қырғызстанда ойдағыдай пайдаланылып жүзеге асырылды.

1989 жылдан бастап әлемнің жетекші фирмаларының зертханалары мен зауыттарында жыл сайын тәжірибесін жетілдіре түсуде, өзі айналысатын салалардағы осы заманғы жетістіктердің әлемдік көрме-жәрмеңкелеріне қатысып келеді. Қазақ, орыс, қырғыз, өзбек, неміс тілдерін жетік меңгерген.

 

Жошыбаев Сейтхан

 

Қырғыз Республикасы Кардиология-хирургия институтының директоры, академик.

Сейтхан Жошыбаев Астанада өткен қазақтардың ІІІ құрылтайында сөйлеген сөзінде: «Әрбір адам баласының атамекені бар. Ол мейлі сырт жерде туылсын, оның ата-бабасы еншілеп кеткен ғасырлар бойы жасаған өңірі – анық Отаны болады. Қазақтың жері – қазақ атты халықтың атажұрты. Қазақ өз еркімен сыртқа кетпеді. Олар өз жерінен, өз орнынан әр түрлі жолдармен ығыстырылды. Ол тарихтан белгілі. Меймандос қырғыз бауырлар Арқадан ауып, Оңтүстіктен көшіп келген қазақтарды жатсынбай, есік ашып, бауырына басып, жылы төрінен орын беріп, басында қонақ етіп, аяғында құда-жекжат болып кетті. Бір топ қазақтар жақын, іргелес жатқан, еншісі бөлінбеген қасиетті Манас баба жерінен – қырғыз елінен дұғай сәлем ала келдік. Құдайға шүкір, сүйегі асыл, еңбекке шешіне берілген, ертеден өнер, білімді бағалай білетін қазақ ағайындарымыз ұлттық қасиетін аса дамытып, әр түрлі салада жұмыс істеп жатыр», – деп ағынан жарылған еді. Сондай жандардың бірі осы Сейтхан Жошыбаев.

Ол бүкіл саналы ғұмырын жер бетіндегі ең игілікті қызмет – адамдардың денсаулығын қорғауға жұмсап келеді. Осы жұмыста ол туысқан екі халыққа бірдей қызмет етуде. Медицина ғылымының жетістіктерін практикада кеңінен қолдану мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді жүргізуде. Осының нәтижесінде ол жүрек хирургиясы саласында жетік маманға айналды. Қазір адам ағзасының мүшелерін алмастыру бағытындағы жұмыста жақсы табыстарға қол жеткізіп жүр. Ол осы саладағы жұмыста екі республиканың ғалым-медиктерінің бірлесіп әрекет етуін белсенді түрде қолдап жүрген азамат.

 

Игісінов Сағынбек

Орта мектепті бітіргеннен кейін 1954 жылы Қазақ мемлекеттік Медицина институтына оқуға түсіп, 1958 жылы Қырғыз мемлекеттік медицина институтына ауысады, 1961 жылы оның  емдеу факультетін тәмамдайды. Сол жылы онкология бойынша клиникалық ординатураға, одан кейін Қырғыз онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына қабылданады. 1966 жылы кандидаттық диссертация қорғайды. Осы институтта кеуде және ішкі құрылыс ісігі секторында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етеді.  1978-2002 жылға дейін Қырғыз республикасы денсаулық сақтау министрлігінің онкология ғылыми орталығында жұмыс істеп, Қырғыз мемлекеттік медицина академиясының онкология кафедрасында профессорлық жұмысты қатар атқарады.  Аталған кезеңде ол қатерлі ісіктің әртүрлі  көріністері бойынша бір мыңнан астам операция жасады. Ұзақ жылдарғы тәжірибесі негізінде өңеш хирургиясы саласында тұңғыш рет инвогиганциондық емдеу әдісін ойлап тапты, ол арнаулы өнертабысы деп танылды. Өзінің зерттеу саласында ісік ауруларының алдын алу және емдеу жөнінде Қырғызстан мен Қазақстан тұрғындарын аралаған көптеген экспедицияларды басқарып, тиісті зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1992 жылы Санкт-Петербург қаласында докторлық диссертация қоғады. Оған профессор, жоғары категориядағы дәрігер, денсаулық сақтау саласының ардақты қызметкері, Қырғыз республикасының еңбек сіңірген дәрігері атақтары берілді. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтері жанындағы халықаралық медицина академиясының толық мүшесі. 160-қа жуық ғылыми еңбектердің, оның біреуі монография және 15-і әдістемелік ұсыныстар, авторы, ғылыми мамандар даярлау ісіне белсене қатысып келеді.

 

Қосақов Серіқұл

Серіқұл Қосақов 1946 жылы туған. Қырғыз Ұлттық мемлекеттік университетін бітірген, құқықтанушы-заңгер.

Ол үлкен еңбек жолынан өткен. Қырғыз мемлекеттік университетінің заң факультетін бітіргеннен кейін КСРО Ішкі істер министрлігі Фрунзе арнаулы милиция орта мектебінде оқытушы болып жұмыс істеді. КСРО Ғылым академиясының мемлекет және құқық институтын бітіріп, 1980 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғаған соң, Қырғыз мемлекеттік университетінде оқытушы, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, Қырғыз КСР Министрлер Кабинетінің Құқық және психология институтында кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді.

С.Қосақов Қырғызстанның мемлекеттанушы ірі ғалымдарының бірі. Ол Конституцияның теориялық проблемаларын талдап жасаумен. Оның қаламынан 70-тен астам ғылыми еңбек туды. Олардың арасында «Кеңестік федерациядағы азаматтық», «Одақтас республиканың конституциялық мәртебесі», «Қырғыз Республикасының Конституциясы» атты монографиясы және басқа ғылыми еңбектерін ерекше атап көрсетуге болады.

1992 жылдан бастап Еуропа кеңесінің «Құқық арқылы демократияға» атты Венеция комиссиясының мүшесі, сарапшысы болып табылады, бұл орталық штаб-пәтері Страсбург қаласында орын тепкен (Франция) Конституциялық мәселелер бойынша ірі практик ғалымдарды біріктіретін арнаулы құқықтық комиссия. Осы комиссияның мүшесі бола отырып, ол Оңтүстік Африка, Молдавия, Грузия, Украина сияқты мемлекеттердің Конституциялары жобаларын, Латвияның «Азаматтық туралы» заңын талқылауға белсене қатысты. Грекияда, Түркияда, Германияда, Италияда, Польшада және басқа да елдерде осы комиссияның халықаралық конференцияларына қатысты.

Серіқұл Қосақұлы Қазақстан мен Қырғызстан және ТМД елдеріндегі әріптестері арасында тек ғалым емес, сондай-ақ практик ретінде де  кеңінен мәлім болып, құрметке бөленді. 1991-1993 жылдары Қырғыз Республикасы Әділет министрінің бірінші орынбасары міндетін атқара жүріп жас егемен мемлекеттің қалыптасуына белсене араласты. Қырғыз Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Деклрациясының қосымша авторы болды. 1990 және 1993 жылдары оның авторлық редакциясымен «Қырғыз Республикасының азаматтығы туралы» заң қабылданды. Іс жүзінде республикадағы барлық ірі заңнамалық актілер, заңдар, басқа да заң жобаларының жұмысы оның белсенді араласуымен атқарылды. 1992 жылы ол Қырғыз Республикасы Конституциясының жобасын жасау жөніндегі жұмыс тобын басқарып, оның қызметіне белсене қатысты. 1993 жылғы 5-мамырда бесінде Қырғыз Республикасының жаңа Конституциясының жаңа жобасын жасағаны үшін С.Қосақов КСРО ыдырағаннан кейін Қырғызстан заңгерлері арасында бірінші болып «Қырғыз республикасының еңбек сіңірген заңгері» атағына ие болып, оған ІІІ сыныпты Әділет мемлекеттік кеңесшісі (генерал-майор)  атағы берілді.

1993-1995 жылдары Қырғызстанның Төрелік сотының төрағасы бола жүріп, ол Қырғызстанның шаруашылық сотының жаңа жүйесін қайта құруға көп күш-жігер жұмсады. Оның басшылығымен «Қырғыз Республикасының Төрелік соты туралы» жаңа заң әзірленді.

Серіқұл Қосақұлы шынайы интернационалист ретінде қырғыз және қазақ халықтары арасындағы достықты нығайтуға үлкен үлес қосып келеді. Ол Әлем қазақтарының І Құрылтайына Қырғызстанның үкімет делегациясы құрамына қатысты. «Отан» қазақ мәдени орталығын құрушылардың бірі болды. Қырғызстанда тұратын этникалық қазақтардың тарихы мен мәдениетін қайта түлету және дамыту жұмысына белсенділікпен қатысуда. Қазір ол заң институтының кафедра меңгерушісі болып жұмыс істейді, профессор ғылыми атағы бар.

 

Хамзаев Дәулетбек

Дәулетбек Хамзаұлы Хамзаев 1943 жылы туған. Қырғыз ауылшаруашылық институтын инженер-механик және Алматы Жоғары партия мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1962 жылы ауылшаруашылық машиналарының механигі болып бастады.  Кейін кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде, комсомол, партия, кеңес және шаруашылық жұмыстарында болды. Оның еңбек өмірбаянына көз жүгіртсеңіз, Қырғызстанның қоғамдық-саяси, экономикалық өміріне тікелей үлес қосқанына куә боласыз.

Қырғызстан комсомол және партия Орталық Комитеттерінде жауапты қызметтер атқарған тұста жастарға еңбек тәрбиесін беру, ауылшаруашылық өнеркәсібі кешенін механикаландыру, малшаруашылық, құрылыс, селоларды электірлендіру саласында кешенді шараларды жүзеге асыру жұмысына басшылық еткен.

1985 жылы елде қайта құру басталған кезде Д.Х.Хамзаев дербес жұмысқа жіберіліп, республикалық бағыныстағы ірі аудандардың бірі Калинин аудандық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Осы қызметте ол қысқа мерзімде аудандық кеңес жұмысын қайта құруда, селолық кеңестердің ролін арттыруда үлкен табыстарға қол жеткізді. Оның осы саладағы оң үлгісі бүкіл республикада орасан зор ықылас туғызды, тәжірибесі «Известия» газетінде, республикалық баспасөзде жарияланды.  Оның басшылығымен республикада тұңғыш рет аудан селоларын бес жылдыққа арнап дамытудың кешенді жоспары жасалып, жүзеге асырылды. Бұл тәжірибе Қырғыз ҚСР Министрлер Кеңесінде мақұлданып, республиканың басқа аудандарына таратылды.

КСРО экономикалық байланыстарының ыдырауының бастапқы ең күрделі кезеңінде (1990-1991 ж.ж.) Д.Х.Хамзаев Ауыл шаруашылығы министрінің және республикалық «Агроснабтехсервис» бірлестігі төрағасының орынбасары қызметін атқара жүріп, республиканың агроөнеркәсіптік кешенін материалдық-техникалық жағынан жабдықтау мәселесімен шұғылданды.

Д.Хамзаев мемлекеттік құрылысты демократиялық тұрғыдан өзгерту үдерістеріне қатыса отырып жаңа Тәуелсіз Қырғызстанның қалыптасуына тікелей үлес қосты. 1991-1995 жылдары Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесі депутаттарының құрамында елдің тұңғыш Президентін сайлауға және Қырғыз Республикасының Конституциясын, оның елұранын, елтаңбасын және туын, сондай-ақ жаңа қоғамдық-саяси құрылысты қалыптастыру, экономиканы нарықтық қатынастарға көшіру, мемлекеттік басқарудың жаңа құрылымдарын реформалау жұмыстарына қатысты.

Д.Хамзаев өзінің республикалық органдарға жауапты қызметтерге ұсынылуын, аудандық және республикалық деңгейдегі депутат болып сайлануын Қырғызстандағы қазақ диаспорасының өкілі ретінде сезініп, сол сенімдерге лайық болуға күш салды. Қазақтар жинақы орналасқан аудандармен тұрақты байланысын үзбеді, олардың проблемалары мен мұң-мұқтаждарынан хабардар болып отырды. Сол проблемаларды мемлекеттік органдардың назарына жеткізіп, олардың орындалуына өзі тікелей араласты. Қырғыз Республикасының Жоғарғы Кеңесінің депутаты ретінде ол мемлекеттік саясат мәселелерінде қазақ диаспорасының мүдделерін алға тартуды өзінің парызы санады. Қазақстан және Қырғыз республикалары арасындағы көптеген ресми және жұмыс бабындағы кездесулер мен келіссөздерде үкіметтік, парламенттік, қоғамдық делегациялар құрамында қатысып отырды.

Оның бастамасымен және тікелей қолдауымен 1994 жылы Бішкек пен Шымкент қалаларын бауырлас қалалар деп тану жөніндегі келісімге қол қойылды. Ел игілігі жолындағы адал еңбегі үшін ол көптеген медальдармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.

 (Тағы басқаларды қосуыңызға болады)

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑