banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 1  262 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шетелдегі қазақ зиялылары

Қ Ы Т А Й

 

Әбеуұлы Асан

Асан Әбеуұлы 1960 жылы (тышқан жылы) ҚХР ШҰАР Тарбағатай аймағына қарасты Толы ауданының Кұп ауылында туған. 1970 жылы орта мектепті тамамдап, Шыңжаң университетінің әдебиет факультетіне түседі. 1984 жылы университетке оқытушы болып орналасады. Әрі «Шыңжаң университеті ғылыми журналы» редакциясынан қазақ тілінде шығып тұратын «Ғылыми мақалалар журналына» жауапты редактор болып жұмыс атқарды. 1885-1996 жылдар кезеңінде жоғары оқу орындарына арналған «Әдебиет назариясы», «Әдебиет оқулығы», «Қазіргі заман қытай әдебиеті», «Қытай төңкеріс тарихы» сияқты оқулықтарды аударуға, құрастыруға қатынасты. Әрі 100 ден астам сын, зерттеу мақала жазып жариялады. 1990 жылы «Жәй толқын», 1992 жылы «Шеберлікте шек жоқ»  атты кітаптары жарық көрді. «Қазақ тіліндегі архаизм сөздер» атты мақаласы Бірлескен ұлттар Ұйымы жағынан Қазақстанның Алматы қаласында ашылған «Абайдың 150 жылдығы» ғылыми талқысында оқылды. Әрі Қазақстан, Туркия елдерінің басылымдарында жарық көрді.

А.Әбеуұлы 1996 жылы Үрімжі қалалық 36-орта мектепке директор болып келгеннен кейін 2006 жылға дейін басшылық жұмыстардан сырт 30-ға жақын ғылыми мақала жариялады. «Қазақ ауыз әдебиетінің өнерпаздары», «Қорқыт ата», «Сын сарап» сияқты кітаптарды құрастыруға қатынасты.

Ол Шыңжаң жазушылар одағының, Шыңжаң ауыз әдебиеті қоғамының мүшесі, Қытай аз ұлт жазушылар қоғамының, ШҰАР әдебиет, көркем-өнер бірлестігінің, Шыңжаң журналистер қоғамының мүшесі. Шыңжаң қазақ тіл-мәдени, ғылыми қоғамының орынбасар төрағасы.

Оның есімі «Дүниежүзі әйгілі адамдары», «Қытай ағартушылары», «Қазақтың ұлттық энциклопедиясы» секілді сөздіктерге енген.

                       

Әбілұлы Мәнсұр

Мәнсұр Әбілұлы 1961-1964 жылдар аралығында Санжы облыстық педагогика  мектебін оқыған. 1973 жылға дейін аудандық партком үгіт бөлімі, аудандық өндіріске қолбасшылық ету кеңсесі, «7 мамыр кадрлар мектебі», аудандық оқу бөлімі, аудандық өндіріске қолбасшылық ету кеңсесі, аудандық оқу бөлімі қатарлы орындарда қызметкер, аудармашы, хатшы болып жұмыс істеген. 1973-1976 жылға дейін Шыңжаң университетінің саяси оқу-ағарту факультетінде оқыған. 1973-1987 жылға дейін осы оқу орнында оқытушы, ұлт және тарих кафедрасының меңгерушісі болған. Доцент ғылыми атағын алып, 1991 жылы қыркүйектен 1993 жылға жейін Дөрбілжін ауданының әкімі, ШҰАР оқу-ағарту комитетінің орынбасар бастығы, ШҰАР саяси кеңесінің жорасы тағы да басқа қызметтерді өтеген.

Осы ұзақ жылдық қызмет барысында алуан тақырыптағы ғылыми зерттеу жұмыстарымен шұғылданып көптеген ғылыми еңбектер жазды. Шыңжаң университетінде істеген кезінде «Ұлт білімінен сұрау-жауаптар», «Ұлт назариясы мен ұлт саясаты», «Саяси экономика» атты оқулықтарды құрастырды. Сондай-ақ отызға тарта ғылыми-зерттеу мақаласын жариялап, екі мақаласы мемлекет жағынан, екі мақаласы ШҰАР тарапынан марапатталды. М. Әбілұлының Шыңжаң жоғары оқу орындары мен Орта-техникум мектептеріне, оқушы қабылдау жұмыстарын жүргізуде, заманға икемделу, сонымен бірге тақырып құндылықтары тұрғысынан нәтижелері жақсы бағаға ие болған. Әрі «Шыңжаң қысқаша тарихы», «Қазақ тарихындағы әйгілі адамдар», «Шыңжаң қазақ әдебиет тарихы» қатарлы шығармалардың жазылу жұмысына, сондай-ақ редакция алқасының басшылық құрамында болды. Қазір жалғасты түрде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданып, «Шыңжаң малшаруашылық район оқу-ағартуын дамытудағы өзекті түйіндер және оны шешудің жолдары» секілді ізденістер жасау үстінде.

 

Әділқанұлы Лұқтарқан

Лұқтарқан Әділқанұлы көрнекті қоғам қайраткері, инженер, доцент, қазақ мәдениетін зерттеудің үздік ұйымдастырушысы, ҚХР ШҰАР халық құрылтайының депутаты, ҚХР Іле-қазақ автономиялы облыстық халық құрылтайының депутаты, тұрақты жорасы.

Лұқтарқан Әділқанұлы 1970 жылы Пекин ауыл шаруашылығын механикаландыру университетінің тауысқаннан кейін ШҰАР-дың Алтай аймағы ауыл шаруашылығы мекемесінде техникалық жұмыспен шұғылданады. 1982 жылы Іле-қазақ автономиялы облыстық ауыл шаруашылығын механикаландыру зерттеу орнының меңгерушісі болады. 1980 жылы ШҰАР-дың халық өкіметі ауыл шаруашылығын механикаландыру жобасын жасағанда осы жобаның Іле-қазақ автономиялы облысы көлеміндегі жұмыстарына жауапты болу соған тапсырылады. 1985-1987 жылдар аралығында – ҚХР Іле-қазақ автономиялы облыстық комитетінде ауыл шаруашылығы бөлімі бастығының орынбасары, бас хатшының орынбасары. 1987-1992 жылдар аралығында Күйтін қаласының әкімі болып істеді. Күйтін қаласы – Қытайдан Қазақстан еліне баратын темір жол, тас жол бойындағы қатынас, ақпарат түйіні ретінде ерекше стратегиялық орынға ие қала.

Лұқтарқан Әділқанұлы әкім болып басқарған бес жарым жыл барысында Күйтін қаласында аса зор өзгерістер болды, шаруашылығы қарыштап дамыды, әсіресе қаланың негізгі жобасы мен негіздік құрылғылардың жасалуы, тек ШҰАР-да ғана емес бүкіл Қытайдағы қала, аудандардың арасында белгілі орынға ие болған еді. Қауырт құрылыс барысында ол өзінің жоғары әкімшілік басқару қабілетін, ерен дарындылығын, іскер шөгелдігін, көрегендігін таныта білді. Бір қазақ азаматының стратегиялық маңызы аса жоғары осындай бір қаланы меңгере алуы үздіксіз үйренудің, ізденудің, осы заман қала ғылымын меңгеруінің жемісі болатын. Өмірінің осы кезеңі туралы Лұқтарқан Әділқанұлы өзінің «Күресе білген табысқа кенелер» (Күйтін қаласы құрылғанының 30 жылдығына арналған мақалалар жинағы) атты мақаласында тоқталады.

Лұқтарқан Әділқанұлы 1992-1996 жылдар аралығында ҚХР Іле-қазақ автономиялы облыстық үкіметтің кеңсе меңгерушісі, 1996 жылы сәуірінен бастап Іле педагогикалық институтына партком хатшысы, орынбасар меңгерушісі болып тағайындалады. 10 жыл барысында институттың оқыту, ғылыми зерттеу істері зор табыстарға жетіп, бет-бейнесінде түбірлі өзгерістер туылды. Лұқтарқан Әділқанұлы өзінің терең де жан-жақты біліміне, ізденгіштігіне, дүниеге келген ғылыми айқындамасына сүйеніп, жоғары білім орнын басқару, оқытудың, ғылыми зерттеудің бағыт-бағдарын белгілеу, жаңа бағдардағы ғылыми зерттеу істеріне араласу жағында тағы да тың табыстарға жете алды. 10 жыл ішінде 1800 студенті бар пән түрлері  шағын институттан, қазіргі 10 мың студенті бар, педагогикадан басқа тағы да көп саладағы пән түрлерін қамтыған кемелді білім ордасына айналды.

Таңжарықтың дүниеге келуінің 100 жылдығын атап өту қимылдарын ұйымдастырып, «Таңжарық зерттеу» атты қазақ, қытай тілінде екі кітапты құрастырып баспадан шығарды. «Ақиық ақын – Таңжарық» атты көркем телефильмді жобалауға, жасауға жетекшілік етті.

2005 жылы қыркүйекте Қазақстан еліне барып, қазақтардың ІІІ дүниежүзілік құрылтайына қатынасты, президенттің қабылдауында болды.

Лұқтарқан Әділқанұлы қарбалас әкімшілік қызметтен қолы босай қалса өзі сүйіп істейтін ғылыми зерттеумен айналысады.

 

Біләлұлы Жұмабай

Жұмабай Біләлұлы Шәуәшектегі гимназияда, Шыңжаң университетінің Жұңго тіл-әдебиет факультетінде білім алған. Әртүрлі қиындықтар себебінен студенттік оқуын жол ортада тастап ауылына оралады. Осыдан тартып 1970 жылдардың соңына дейін ұзақ жыл ауыл, қыстақта еңбек істейді. Алайда сонау орта мектеп босағасында-ақ әңгімелері жарияланып үлгірген қаламгер есік-терезесі бүркеулі тар үйдегі май шам жарығында ескі-құсқы қағаз бетіне өзінің немесе өз ұлтының кешірмелерін жаза береді, жаза береді…

1954 жылы «Қараңғы» атты әңгімесімен әдебиет есігін ашқан жазушы  «Жондағы жорықтар», «Кешкен күндер», «Ата дәулеті», «Қоңыр таудың күңгірі», «Дала торғайлары», «Көненің көзі», «Сүрі қара»(қытайша), «Арулар сынды онға жуық кітаптың авторы атанады. Қаламгер 1982 жылдан тартып ұлттық прозаның байырғы сүрдегінен бөгде өзгеше жазу әдісіне бет бұрды. «Аспан серісі» (қытайша), «Үш қиық», «Неке», «Сүрі қара», «Білеу», «Заңгінің ұрқы», «Шаңқанбоз» сияқты әңгімелері мен «Өлместің күнін бер», «Қоңыр таудың күңгірі», «Ақ селеу» қатарлы повесттері, «Дала торғайлары», «Арулар» сияқты романдар арқылы шоқтығы биік тұлғалар қатарынан орын алды.

Жазушының әңгіме, повесттерінің дені қытай тіліне аударылды. «Үш қиық» жапон елінде жарияланды. Жазушының «Ата-дәулеті» кітабы 1987 жылы Орталық жазушылар одағының аз ұлттар әдебиеті сыйлығына, «Неке» атты әңгімесі 1989 жылы Жұңго жазушылар қоғамы «Шұғынық» сыйлығына, «Сүрі қара» атты кітабы (қытайша) 2002 жылы Жұңго жазушылар қоғамының «Тұлпар» сыйлығына, ал «Кешкен күндер», «Жондағы жорықтар» кітаптары ШҰАР 1,2 дәрежелі таңдаулы әдеби туынды сыйлығына ие болды. Қаламгердің өзі кәсіптік мамандық бойынша бірінші дәрежелі жазушы атағын алды. 2003 жылы қарашада Қытай жазушылар қоғамының үйірме мүшесі ретінде Үндістандағы екі ел қаламгерлерінің ғылыми талқы кеңесіне қатысып қайтты.

 

Көпенұлы Ботай

Ботай Көпенұлы1959 жылы орта мектепті бітіріп, осы жылдың күзінде Ташкент университетіне химия мамандығы бойынша оқуға түскен. 1965 жылы Ташкенттегі университетті ойдағыдай бітіріп, Шыңжаң бөлімшесінің химия зерттеу институтына жұмысқа орналасады. 1974 жылға дейін химия ғылымына қатысты арнаулы тақырыптарда ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысқан.

Қызмет бабымен шетелдерде талай рет сапарда болған. Басты еңбектерінен: «Қызықты химия» (1981 ж.), «Химиядағы негіздік білімдер» (1984 ж.), «Қазіргі заман техникасының ерекшелігі және даму беталысы» (1985 ж.), «Ғылым қиясында» ( 2003 ж.) кітаптары шыққан.

«Химияның халық шаруашылығындағы рөлі», бұдан тыс «Алтын тау аясында», «Қазіргі заман қатынас ғылым техникасы», «Америка ғылыми-зерттеу және оны өндіріс бойынша ұштастыру», «АҚШ университетінде», «Жаратылыстық ортаны қорғайық», «Ғылым техниканың қазіргі және келешегі», «Білім экономикасы мен білім қоғамы», «Ауылдан аттанғанда» секілді әр түрлі зерттеу мақалалары жарық көрген.

2003 жылдан бастап  «Шыңжаң қазақ тіл-мәдениет, ғылыми қоғамының» төрағасы қызметін атқарып келеді.

 

Кіршібаев Ахметбек

Профессор Ахметбек Кіршібаев ШҰАР Жоғары ағарту және ШҰАР Қоғамдық ғылымдар жүйесіндегі, Шыңжаң университетіндегі оқытушылардың кәсіптік-техникалық атағын бағалау комиссиясының құрамында жемісті еңбек етті. Еңбектері үшін Ахаң 1998 жылы ШҰАР халық үкіметі тарапынан «Үздік ғылым-техника қызметкері, 1994 жылы Жоғары оқу орындары ағартуына ерекше үлес қосқан «Мемлекеттік таңдаулы маман» марапаттарына ие болып, Мемлекеттік кеңес жағынан өмірлік стипендия иеленді.

Қытай қазағының ағарту саласындағы тұңғыш профессоры Ахметбек Жаппасұлы Кіршібаев оқытушылық өмірінде «Әдебиет теориясы», «Қытай қазіргі заман әдебиетінің тарихы», «Қытай жаңа дәуір әдебиеті», «Шетел әдебиеті», «ХХІ ғасыр орыс классик әдебиеті», «Балалар әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы», «Жазушылық», «Қазақ совет әдебиеті», «Тіл білімі» қатарлы он шақты пәннен ұзақ жылдар бойы сабақ өтті, әрі бірқатар пәндерге оқулық құрастырып жазды. Әдебиет кафедрасы, Қытай қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі секілді міндеттер атқарды.

Ахаң 1979 жылы Пекиндегі Орталық Ұлттар университетіне қазақтың Абайдың бергі таяу заман, осы заман әдебиеті тарихынан сабақ беріп, арнайы оқулық құрастырды. Бұл қазақ әдебиеті тарихы сабағынан жоғары оқу орындарына арналған тұңғыш оқулық еді. 1982 жылы Іле Педагогика университетіне сабақ өтіп, «Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы деректер» атты оқулық құрастырса, 1983 жылы «Қазақ әдебиеті тарихынан таңдамалы үлгілер» атты екі томдық кітап жазып баспадан шығарды. Бұл оқулықтар мемлекет көлеміндегі жоғары оқу орындары оқулығы ретінде қолданылды.

А.Кіршібаев 2003-2005 жылдар аралығында Қазақстан Республикасындағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өткізілген ғылыми-теориялық конференцияларға арнайы қатысып, 4 рет ғылыми баяндама жасады.

Ахаң арнайы соңына түспесе де әредік уақыттарда 100-ге тарта өлең жазып жариялады. Бұдан сырт аудармаға да араласып, Лу Шұннің «Төңкерістік әдебиет» атты шығармасын, Го Момороның «Самұрықтар зары» атты дастаны мен «Аспан иті» сияқты өлеңдерін қазақшаға аударды.

Бұл күндері А.Кіршібаев Қытай Лу Шұн зерттеу қоғамы Шыңжаң бөлімше қоғамының тұрақты жорасы. Қытай ауыз әдебиеті қоғамының, басқа де бірқатар ғылыми, әдеби қоғамдарының мүшесі, Ахаңның есімі мен еңбектері «Қытай әдебиет-көркем өнершілерінің дүниежүзіне әйгілі қайраткерлер», «Қытай және шетелдердегі әйгілі ағартушылар», «Қытайдың жаңа дәуіріндегі жоғары өрелі ғылыми-техника қайраткерлері», «Қазақстан әдебиет энциклопедиясы», «Қытайдағы қазақ мамандары» т.б. энциклопедиялық сөздіктерге енді.

 

Қалиұлы Әуелқан

Әуелқан Қалиұлы Шынжаң тіл институтының Қытай тілі факультетін 1959 жылы аяқтап, осы институтта ұстаздық жұмысқа орналасады.

Қытай тіл-әдебиет факультетінде оқытушы, кафедра жетекшісі, факультет басшысының орынбасары, Шынжаң ағарту институты басшысының орынбасары, 1995 жылы институт бастығы, Шынжаң ағарту институтының профессоры қатарлы міндеттер өтеген. Арада ШҰАР саяси кеңесінің (1998-2003), ШҰАР әдебиет көркемөнершілер бірлестігінің жорасы, 2003 жылы зейнетке шыққан.

Қоғам мен оқытудың қажетіне орай, оқыту және басқару жұмысының әредігінде, Ә.Қалиұлы 10 кітап шығарды. 1986 жылы бастырған «Қазақ ауыз әдебиеті» атты кітабына әйгілі ғалым Нығмет Мыңжанұлы  беташар жазып, жоғары баға берген. Бұл еңбегі 1988 жылы Шынжаң философиялық-қоғамдық ғылымдары бойынша ШҰАР үкіметінің екінші дәрежелі кітап сыйлығын, 1990 жылы Қытай аз ұлттар әдебиетін зерттеу қоғамынын үздік шығарма сыйлығын алған. «Қытай қазақтарының дәстүрі» атты кітап Ә.Қалиұлының бірінші авторлығымен Американың университеттер баспасынан 1998 жылы ағылшын тілінде жарық көрген.

Ә.Қалиұлы «Қытайдың ағарту мамандары», «Қытай мамандарының ірі сөздігі», «Қытай жазушыларының қысқаша өмірбаяны», «Қытай қазақ мамандары»  (қазақша) «Қазақстан энциклопедиясы», «Қазақ әдебиетінің сөздігі» (Қазақстан) қатарлы көптеген беделді сөздіктерде таныстырылған.

Қазір ол Қытай жазушылар қоғамының Қытай фольклоршылар қоғамының мүшесі; автономиялы район дәрежелі үздік маман, Мемлекеттік кеңестің ерекше стипендиясының иегері; Іле педагогика институтының қоналқы профессоры, Шынжаң қазақ мәдениетін зерттеу қоғамы төрағасының орынбасары, Қытайда шығатын «Көрші» журналының бас редакторы.

Қарабатырқызы  Жамалхан

Жамалхан 1957 жылы Дәрбілжін ауданынан орталау мектепті үздік нәтижемен бітіріп, 1959 жылдан 1962 жылға дейін Дөрбілжін ауданының Маралсу ауылында оқытушы болған. 1962 жылдың соңынан  1978 жылға дейін 16 жыл қоғамдық өзгерістер есебінен  қызметтен шектелген. 1978-1984 жылға дейін оқытушы, 1984 жылы қазаннан бастап Дөрбілжін аудандық мәдениет үйіне ауысып, 2003 жылы зейнетке шыққан.

Жамалхан 10 жасынан бастап өлең-жырға қызыға бастаған. Себебі оның ауылы шетінен сазгер, ән-құмар, сауықшыл болды. Осы себептен ол он жасынан тартып кітапқұмар, жаттампаз зерек болып, ә дегенде Абай өлеңдерін, Иса Байзақовтың «Құралай сұлу» дастанын, «Күләнданы», «Ағаш ат», «Еңлік –Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек», «Әсет пен Ырысжан», «Біржан мен Сара», «Кемпірбай мен Шөже» т.б. жиырмаға жуық дастанды жатқа айтатын және қазақтың мақал-мәтелі мен би-шешендерінің қағысуларын жаттап, көкейіне тоқып өскен.

1984 жылдың жазынан тартып мәдени мұраларды жинастыру жұмысын істеп, Дөрбілжін ауданынының «Мақал-мәтел», «Аңыз-ертегі», «Қисса-дастандар», «Халық жырлары» атты төрт кітабын жинап, реттеп баспадан шығаруға дейін өте зор ықпал жасаған және халық жырлары мен халық қисса-дастандарына жауапты редактор болған.

1956 жылдан бастап әдеби шығармаларды оқумен бірге әдеби сын, зерттеу мақалаларын қалдырмай оқып өздігінен білімін жетілдірген. Сөйтіп, ауызекі айтысудан тысқары жазба әдебиетпен де шұғылданып өзіне қатаң талап қойған. Бүгінге дейін ол 18 рет бірінші дәрежелі сыйлық, екі рет халықаралық сыйлық алған айтыс ақындарының ұстазы.

Шыңжаң халық баспасынан екі томдық «Ақындар айтысы» кітабы шыққан. «Айтыс және менің әріптестерім», «Бердықан қандай ақын», «Ауыз әдебиетіндегі әйелдердің орны», «Көркемдік пен шешендік», «Жоқтаулар нені айтады», «Айтыстың мінезі», «Бесік жырының белгісі» секілді көптеген сын-зерттеу еңбектерінің авторы.

 

Құрманбек Зейтінғазыұлы

Құрманбек 1941 жылы 10 ақпанда Алтайдың Шіңгіл ауданында туған. Әкесі Зетінғазы да ақын болған. Халық ауыз әдебиетімен сусындап өскен Құрманбек бала кезінен өлең-жырға жақын жүрді.

1958 жылы «ұлтшылдарға» қарсы күрес тұсында әкесі қуғынға ұшырап,  өзі де оқудан қуылады. 1978 жылдан кейін ғана ес жиған халық қатарында өлең өлкесінде кеңінен самғайды. Құрманбек ақын әр дәрежелі айтыстарға қатынасады. Мейрамхан,  Жамалхан секілді әріптестерімен тайталасып, халық арасында кеңінен танылады. Қазақстан, Түркия, Моңғолия секілді көптеген шетелдерде болады.

1993 жылы Шыңжаң халық баспасынан «Ақындар айтысы» деген атпен бір томдық шығармалары  жарық көреді. Ол Шыңжаң жазушылар қоғамының, Шыңжаң фольклоршылар қоғамының мүшесі.

 

 

Құмарұлы Шәміс

Шәміс Құмарұлы 1952 жылы 15 сәуірде ҚХР, ШҰАР  Мори ауданында дүниеге келген. Оның тұңғыш кітабы «Үміт ұшқыны» 1980 жылы Шыңжаң халық баспасынан жарық көрген. Содан бері автордың «Қарамайлы аңызы», «Бір тамшы қан», «Жусанды дала», «Аршалы таудағы ән», «Бәтима» атты повестері, «Ақ серке мен Көк серке», «Қия жол» әңгімелер жинағы, «Бөке батыр», «Көз жасы сарқылмайды», «Ер Жәнібек», «Тұғырылхан», «Ертіс кілкіп ағады», «Жарық дүние» романдары жарық көрген. «Бөке батыр» романы үшін Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері болған.  «Ер Жәнібек» романы Қытай мемлекеттік үздік кітаптар сыйлығын иеленсе, «Жусанды дала» повесі мен «Туған жерде» әңгімесі Шыңжаңда бірінші дәрежелі жүлде алған.

Шәміс Құмарұлы қазір Шыңжаң әдебиет, көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары. Қытай мемлекеттік Жазушылар одағының мүшесі. Қытай мемлекетінің бірінші дәрежелі жазушысы.

 

Маман Жұмәділ 

Ақын, жазушы, журналист, Жұмаділ Маман Шынжаң педагогика институтының қазақ тіл-әдебиет факультетін тәмамдап,  жастар баспасөзінде қызмет атқарды. Іле Қазақ автономиялы облыстық шығармашылық кеңесінің бастығы, “Іле айдыны” әдеби журналының меңгеруші редакторы болып жұмыс атқарған.

1985-жылдан 2003-жылға дейін Іле Қазақ автономиялы облыстық әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің қарамағында жазушылар одағы төрағасы. “Іле айдыны” “Қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде шығатын әдеби журналдар” мекемесінің бастығы, бас редакторы қатарлы міндеттерді өтеді.  Жұмәділ Маман облыстық халық құрылтайы тұрақты комитетінің үш кезек тұрақты жорасы, үкіметтің ұзақ уақыт маман ақылшысы болды.

Ж. Маман қазір ҚХР жазушылар одағының, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, ҚХР фольклоршылар қоғамының мүшесі, ҚХР бойынша шығарылып жатқан үш топтаманың “Мақал-мәтелдер”, “Аңыз әңгімелер”, “Қисса-дастандар” қазақ бөлімі редакциясы алқасының, Қытай қазақ әдебиеті тарихының редакциясы алқасының мүшесі, ШҰАР Таңжарықты зерттеу қоғамының орынбасар төрағасы, қырғыз ұлтының классикалық эпосы «Манасты» зерттеу ғылыми қоғамының мүшесі, профессор, Қытайдағы жан-жақты қамқорлық жасалатын үздік маман.

Жұмаділ Маман әдеби жасампаздық сапарын 1958 жылы студент кезінде «Емен сыры» балладасымен бастаған болатын. Сонан кейінгі өмірінде көптеген кітаптар жазған.

Жұмаділ бұдан  сырт «Шайқас жырлары», «Дала дабылы» «Қазақ халық ән-күйлері», «Алға басу жолындағы Іле», «Әсет шығармалары екі томдық таңдамалылары», «Шыңжаң жазушыларының Қазақстанда шыққан таңдаулы әңгімелелер жинағы», «Қазақ халық шежірелері», «Шын тілек» қатарлы оннан астам кітаптарды құрастырып, редакциясын өзі қарап баспадан шығарған Шыңжаң бойынша үздік редактор.

Ж. Маман жазған «Қоңыраулы қозы» ән сөзі Қытайға мәдениет министрлігінің екінші дәрежелі, «Жаңабайдың жаңылтпашы» атты әңгімесі Қытай мемлекеті бойынша жасөспірімдер мен балалар баспа қоғамының бірінші дәрежелі сыйлығын, басқа да туындылары көптеген шығармашылық жарыстарда үздік деп танылып, талай-талай сыйлықтарды еншіледі.

Жұмаділ Маман әдебиет-көркемөнердің шебер ұйымдастырушысы. Әрі қарымды қаламгер. Оның бірталай шығармалары қытай, ұйғыр, қырғыз, жапон тілдерінен аударылудан сырт Қазақстанға сонау 1959 жылдары «Октябрь туралы жыр» деген толғауымен тұсау кесіп, сонан бері «Қасықтай қайран тілім балға малған», «Әсет» , «Қырғауыл қайта түледі», «Асықбайдың арызы», «Ай қораланғаннан кейін», «Арманда ұшқан ақсұңқар» қатарлы әңгімелерімен кеңінен таныс. Ж. Маман Шыңжаң-Іле әдебиет көркемөнершілер бірлестігінің жиырма жылға жуық төрағасы болып тұрған кезінде Қазақстан мен Қытай ортасында талай мәрте әдеби-мәдени кездесулерге мұрындық болды.

 

Мырзахан Жақып

Аға зерттеуші, әйгілі тарихшы, ғалым, жазушы. 1958 жылы қазіргі Шыңжаң университетінің тарих-жағрафия факультетін бітірген соң Жұңго ғылым академиясы Шыңжаң бөлімшесі жүйесінде зерттеуші, басшылық қызметтерде болды.

Ж. Мырзахан ғылыми зерттеу және әдебиет жасампаздығы жұмысымен тең шұғылданып, екеуінен де көрнекті табысқа қол жеткізді. 1960 жылдан бастап әдеби шығармаларын, 1980 жылдан бері ғылыми еңбектерін үзбей жариялады. «Қазақтың тегі және ұлт болып қалыптасуы туралы», «Алаш қауымы туралы», «Қазақ шежіресінің жазба тарихи деректерімен байланысы», «Қабанбай батыр жөнінде» қатарлы 60-тан артық ғылыми мақалалары жарияланды. «Жайлау гүлдері», «Туған жерге махаббат» қатарлы отыздан артық әңгіме, очерктері жарық көрді. «Арман асуында», «Таңқұрай» қатарлы романдары, «Дала гүлі» атты әңгіме, очерктер жинағы, «Қазақ ұлты», «Тарихи этнографиялық зерттеулер», «Қазақ халқы және оның салт-санасы», «Қазақтар» (ханзу тілінде жарияланған), «Абылайхан», «Күшлікхан», «Ғасырлар қойнауынан» (ғылыми мақалар жинағы), «Тағдырдың тартуы» (әңгімелер жинағы) сияқты он кітабы баспадан шықты. Мұның ішінде «Арман асуында» еліміз қазағының қаламынан шыққан роман әрі еліміз қазақ жазушылар романдарынан тұңғыш рет қытай тілінде жарияланған роман. Бұл роман 1981 жылы ШҰАР бойынша отыз жылдан бергі әдебиет шығармаларын бағалауда үшінші дәрежелі сыйлық алды.

Жоғарыдағыдай ұлағатты еңбектері үшін Жақып Мырзақанов 1980 жылы «Көмекші зерттеуші», 1987 жылы «Тете аға зерттеуші», 1992 жылы «Аға зерттеуші» кәсіптік техникалық қызмет атағын алды.

Ж. Мырзахан қоғамдық ғылым саласы бойынша мемлекеттік зерттеу жоспарындағы төрт томдық « Қазақ әдебиетінің тарихы» атты үлкен ғылыми тақырыпқа жетекшілік етті. Төрт томға ортақ алғы сөз жазды, редакторлық етті. Осы көлемді кітаптың бірінші-екінші томдары оқу-ағарту министрлігі жағынан екінші дәрежелі сыйлықтар алды. Мемлекеттік жоспардағы «Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты көптомдық ірі аударма ғылыми тапсырмалық еңбектің бас жауаптысы. Мұның бірінші томы 2002 жылы автономиялы район бойынша қоғамдық ғылым шығармаларын бағалауда бірінші дәрежелі сыйлық алды. «Қазақ мәдениетінің айдыны» атты томдық мемлекеттік ғылыми тақырыптың бас жауаптысы, 2002 жылы Шыңжаң Халық баспасынан шыққан ханзу тіліндегі басылымның бас редакторы және негізгі қалам тербеушісі. Жақанның тікелей араласуымен жарық көрген сүбелі-сүбелі шығармалар аса көп. Олардың қатарынан «Шыңжаңның қысқаша тарихы», «Шыңжаңның жергілікті тарихы», «Шыңжаңның қоғамдық тарихы», «Шыңжаңның үш аймақ төңкеріс тарихы», «Шыңжаң тарихынан тезистер», «Шыңжаңдағы ислам діні тарихы», т.б. атауға болады. Ол көптеген әдеби, мәдени, ғылыми қоғамдардың мүшесі. Жақанның халқына, отанына сіңірген ұлағатты еңбектері «Халықаралық әйгілі адамдар», «Жұңго аз ұлттарынан шыққан әйгілі адамдар», «Қазақстан энциклопедиясы», «Жұңго жазушылар сөздігі», «Жұңго тарих ғалымдары сөздігі» қатарлы жиырма неше энциклопедиялық сөздіктерге алтын әріппен жазылды

 

Мұқаметханұлы Нәбижан

Нәбижан Мұқаметханұлы тарих ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті тарих факультеті шетелдердің жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасының меңгерушісі, профессор, PhD докторант жетекшісі.

Н.Мұқаметханұлы 1977 жылы Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы Сунь Ятсен атындағы мемлекеттік университетінің тарих факультетін бітірді. 1977 жылғы қыркүйектен 1981 жылдың наурызына дейін ҚХР Іле қазақ автономиялы облысының үгіт-насихат бөлімінде қызмет істеді. 1981 жылы наурызында конкурс арқылы Қытайдың Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар Академиясы Орталық Азия зерттеу институтына ғылыми қызметкер болып қабылданды. 1985-1987 жылдары Пекин мемлекеттік университетінің тарих факультетінде стажировкада болды. 1987-1990 жылдары Қытайдың Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы Орталық Азия зерттеу институтында аға ғылыми қызметкер, 1990-1993 жылдың сәуіріне дейін Қытайдың Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясы Ұлттар зерттеу институты директорының ғылымға жауапты орынбасары, жетекші ғылыми қызметкер міндетін атқарды. Ол өзінің ғылыми-зерттеу саласында қол жеткізген қомақты нәтижесімен 1990 жылы Қытай Жастар сыйлығына ие болды.

Нәбижан Мұқаметханұлы 1993 жылы сәуірден 1997 жылдың шілде айына дейін ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының докторанты бола жүріп Қазақ мемлекеттік Әлем тілдері университетінде (1993-1996ж.ж.) жапон тілінен сабақ берді. 1995 жылы 21 сәуірде ол «Қазақстан-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы /ХVІІІ-ХХ ғасырлар арасында» атты тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. 1997-2000 жж. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жетекші ғылыми қызметкер болып, Қазақстандағы мемлекеттіктің тарихи сабақтастығы мәселесін зерттеді. 2000 жылы қыркүйекте Әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің  тарих факультеті шетелдердің жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында доцент, профессор (2003 жылдан) және кафедра меігерушісі міндетін атқарып келеді. 2001 жылы 28 желтоқсанда «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы /1860-1920жж./» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады.

 

Ниғыметқызы Зейнеп

Зейнеп Ниғыметқызы 1978-1982 жылдар аралығында Қытай астанасы – Пекиндегі Орталық Ұлттар университетінде оқып білім алған. 1982-1998 жылдарда Шыңжаңға қайта оралып, Үрімжі қаласында оқу-ағарту институтында оқытушы, кафедра меңгерушісі, тіл факультетінің деканы болып істеп, оқу-ағарту, мәдениет саласындағы үздік қайраткер, қазақ ұлтынан шыққан көрнекті маман ретінде жұрт көзіне түскен. Ерекше саралаумен оқуға қайта жіберілген ол, 1994 жылы Пекиндегі Орталық Ұлттар университетінің түркі тілдер әдебиеті, қазақ ауыз әдебиеті кәсібінен аспирантураны тәмамдаған. Осыдан кейін ғылым мен мәдениет саласында, оқу-ағарту істері мен басшылық өнер саласында бірдей көзге түсіп, әр түрлі жұмыстар атқарған.

1988 жылы қазанда ол Алтай аймақтық партия комитетінің тұрақты жорасы, қосымша үгіт бөлімінің бастығы болып жұмыс атқарса, 2000 жылы қыркүйекте Шыңжаң ауылшаруашылық университетіне партия басшысының орынбасары болып тағайындалды.

З. Ниғыметқызы Қытайдың «Таңдаулы әйел маман» сыйлығының, «Таңдаулы коммунист» сыйлығының, «Әскери қатардағы толықтырушы» сыйлығының, «Қазына басқару маманы» сыйлығының иегері; «Мемлекеттік қос тіл оқыту ғылыми қоғамының», «Мемлекеттік аз ұлт әдебиетін салыстырмалы зерттеу ғылыми қоғамының», «Батыс терістік университеттері одағы ғылыми қоғамының» тұрақты жорасы, «Шыңжаң қазақ тіл-мәдениет қоғамының» мүшесі.

Ол қытай және қазақ тілінде тең жетілген, екі енені тел емген мәйекті ғалым. Тақырып пен зерттеу мазмұнындағы жаңалықтары арқылы қытай ғылым саласын, мәдениет және оқу-ағарту саласын таңқалдырып, тамсандырған талант иесі. Ол «Абай туындыларын түсінуге ізденіс жасайық», «Қазіргі заман қытай тілі граматикасы», «Ұлт, оқу-ағарту және мәдениет», «Жол сілтеуші», «Гүл теру», «Әмалият, ізденіс және тапқырлық», «Алға басар мәдениеттің даму беталысын игеріп, ұлттық рухты жетілдіруді дәріптейік» атты жүзге жақын қытай және қазақ тілінде жазылған мақалалары мен кітаптары арқылы тұтас Қытайға танымал болды. Оның «Көп ұлтты елдердегі жоғары мектеп оқушыларын тәрбиелеу мен басқару туралы» деген ғылыми еңбегі халықаралық үлкен аңыс қозғап, 2004 жылы «Әлем әйеліндегі мектеп бастықтары мінбесі» журналында жарық көрді.

Жалпы алғанда, Ниғыметқызы Зейнеп қытайдағы қазақ әйелдерінен шыққан жас басшы, көрнекті ғалым. Ол қазақ тілінде ғана емес, қытай тілінде де қай-қай ғылым саласына машһұрлығымен ерекшеленеді.

 

Оңалбаев  Шәкен

Шәкен Оңалбаев Шынжаң тіл институтын қытай тілі мамандығы бойынша тәмәмдаған соң  Шынжаң ауыл шаруашылық институтында,  Өлкелік тіл жазу комитетінде, Шынжаң халық көркемөнер басқармасында басшы қызметтер атқарған. 1981-1989 жылдары Шынжаң жазушылар одағы төрағасының орынбасары, «Шұғыла» журналының бас редакторы,  1989-1970 жылдары ШҰАР әдебиет көркемөнершілер бірлестігі төрағасының орынбасары қызметін атқарып, 1998 жылы зейнетке шыққан. 1-дәрежелі жазушы (профессор дәрежелі) деген «кәсіптік техникалық» атағы бар.

Қазір ШҰАР әдебиет-көркемөнершілер бірлестігінің құрметті төрағасы, Қытай жазушылар одағы мемлекеттік комитетінің құрметті мүшесі, ШҰАР үкіметі тіл-мәдениет зерттеу орнының зерттеушісі, «Шұғыла» журналының ақылшысы секілді міндеттер атқарады.

1954 жылдан баспасөзде өлеңдер жариялай бастаған. Қазірге дейін әр түрлі басылымдарда екі мыңнан астам өлеңі жарық көрген. Ол оқиғалы дастандар жазумен көбірек айналысқан, он алты дастаны жарияланған. ХХ ғасырдың 90- жылдарына дейінгі өлең-дастандарының көпшілігі «Жылдар сыры», «Бүркітші», «Жарқын жол», «Жасыл әлем», «Замандас», «Бәйге» деген кітаптарға топтастырылған. Қытай тілінде «Туған жерге, өлең-жырға, сүйген жарға махаббат» деген өлеңдер жинағы шыққан.

«Көктем суреттері», «Бүркітші» атты өлеңдері өлке дәрежелі сыйлықтар, «Жырларым» өлеңі орталықта шығатын қытайша әдеби журнал сыйлығын, «Ұстазға» деген өлеңі мемлекеттік аз ұлттар таңдаулы шығармалар сыйлығын (ең жоғары сыйлық) алған.

Қытай және басқа ұлт ақындарының бірталай өлеңдері мен дастандарын, өлеңдерін қазақшаға аударған.

Ақын қытай тілінде шыққан «Әйгілі адамдар сөздігі», «Мәдениет қайраткерлері сөздігі» секілді оннан астам сөздікте және Шынжаң энциклопедиясында арнайы таныстырылған.

 

Сәнікұлы Зейнолла 

Зейнолла Сәнікұлы 1958 жылы Пекиндегі Орталық комсомол комитетінің қарамағындағы Жастар одағы институтын Қытай тілі және Маркстік ілім мамандығы бойынша бітіріп, Үрімжідегі Шынжаң жастар баспасына жауапты редактор болып орналасады. Сонан 1995 жылы зейнетке шығады. 40 жылға таяу уақыт Шыңжаңдағы қазақ балалар әдебиетінің негізін қалаған әрі оны кемелдендірген еңбектері мен баспагерлік ғылымына сіңірген еңбегі үшін 1983 жылы «Мемлекеттік таңдаулы балалар қызметкері», 1990 жылы «ШҰАР-дың таңдаулы ғылым-техника қызметкері», 1998 жылы «Батыс-Солтүстік өлкелер бойынша таңдаулы редактор» атақтары берілген.

З. Сәнікұлының әдеби шығармашылық еңбектері 1955 жылдан басталған. Сонан бері баспа бетінде көптеген әдеби және ғылыми шығармаларды жариялап келеді. Ілгерінді-кейінді «Басбай», «Сергелдең» сияқты романдары, «Тау жұлдызы» атты повестер жинағы, «Мұралар нені айтады», «Атаның алтын іздері», «Қазақ этнографиясы», «Хан батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан» және т.б. 20-дан артық кітабы баспадан шықты. Бұл еңбектерінің екеуі мемлекеттік сыйлыққа, алтауы Шынжаң өлкелік сыйлыққа ие болды. Бір бөлім еңбектері қытай, ұйғыр, моңғол тілдеріне аударылып жарияланды. «Қаракерей Қабанбай батыр»атты кітабы және бірқыдыру еңбектері Қазақстан басылымдарында жарық көрді. З.Сәнікұлы қазір Қытайдағы көптеген әдеби, ғылыми қоғамдарының мүшесі. Қытайда жарық көрген көптеген әдеби-ғылыми сөздіктер мен энциклопедиялардан оған әдебиеттанушы ғалым, фольклорист, этнограф, жазушы ретінде орын беріліп, әдеби-ғылыми еңбектері миллиардқа таныстырылған. Бұл еңбектерінің басым бөлігі біртұтас қазақ халқының әдебиетіне, тарихына және этнографиясына қатысты болып келеді. Соңғы өмірін атамекенде өткізіп, жаңа еңбектерді туған халқына жеткізсем деген оның 2005 жылы Қазақстанда «Хан батыр Қабанбай», «Тұғырыл хан», «Демежан батыр» атты кітаптары жарық көрді.

 

Ысқақ Хамит  

Әйгілі әнші, бірінші дәрежелі артист Хамит Әбілқасымұлы бала кезінен ойын-сауыққа, спортқа әуес болады. Тепсе темір үзетін тебінді жас ат өнері, балуандық, футбол жарыстарының бәрінен үздік нәтиже жаратып, апта аралығындағы әскери ойын-сауықта өзінің әнші екендігін ден танытады. Өз бойындағы дарынды әйгілеп, ән өнеріне талпына бастайды. 1963-1964 жылдары Бейжиндегі бас саяси бөлімнің ән-би үйірмесінде қызмет істей жүріп, Орталық музыка университетінің мұғалімдерінен ән-музыка сабағын оқып, өзіндегі тума талантты ғылыми жүйеге түсіреді. Осыдан кейін Шанхай музыка университетінің профессоры Уаңкы Жаннан сабақ тыңдап өзінің орындаушылық өнерін тың белеске көтерді әрі бүкіл елге танылып 1 млрд. көрерменнің құрметіне бөленді.1964 жылы Хамит Щыңжаң әскери районының ойын-сауық үйірмесінің құрамында тұңғыш рет шетелге Вьетнам еліне ойын қоюға барды. Ол сол елдің әйгілі әні «Хубминге арнау» атты әнді және оған қоса қазақ халық әнін вьетнамдықтардың мақамына түсіріп, бажайына келтіріп орындағандығы себепті сол елде үлкен құрметке бөленді. Тіпті сол елдің дүниежүзіне әйгілі, мемлекет қайраткері Хо Ши Мин өзі сахнаға шығып Хамитқа гүл ұсынып, ыстық ықыласты көрсетеді. 1965 жылы ҚХР премьері Жу Ын Лай Шыңжаңға қызмет тексерумен келіп, сол кісіге арналған сауық–кеште Қамит ән шырқайды. Оның әніне тәнті болған премьер: «Мен қазақ халқының жауынгер әншісі Хамитті тағы бір рет ән айтуға ұсыныс етемін» дейді. Хамит сахнаға қайта көтеріліп халық әні «Қараторғайды» шырқайды. Әншінің асқақ әуенін, орындаушылық шеберлігін қатты ұнатқан премьер сахнаға шығып Хамитпен қол алысып: «Екеуміз бірлесіп ән айтайық» деп қолтықтасып тұрып «Біз келеміз даңғыл жолда» деген ән мен «Төңкерісшілер мәңгілік жасыл қарағай» деген әнді орындап сауық кештің салтанатын асырады.

1973 жылдан 1981 жылға дейін бүкіл ҚХР армиясы көлемінде өткізілген әдебиет, көркемөнер байқауында ол үрдіс жеті рет «ең танымалы сыйлыққа» ие болып бас бәйгені еншілейді. Өнер көшін бастаған Хакаң қазірге дейін радио-телевизияға екі жүзден артық ән берді. Бес әнтаспасын шығарды. 300-ден артық халық әндерін реттеді. Ол өзінің ән өнерін тек ұлттық, мемлекеттік өремен ғана шектеп қойған жоқ, ол дүниежүзі елдерінің озық ән айту өнерін игеруге қарай бет алып, сол өнерінің биік шыңынан көрінуге құлаш сермеді. Хамит бұрынғы Кеңес Одағы елінде өнер сапарында болған кезінде оған «Кеңес Одағының артисі» деген құрметті атақ береді. 1992 жылы Түркия елінен де осындай оңды сапармен оралды.

1993 жылы Мемлекеттік кеңес пен Орталық әскери істер комитеті оған «Ерен еңбек сіңірген өнер иесі» даңк куәлігін берді. Әрі өкіметтің ерекше стипендиясына ие болды. Сонымен бірге «Өнердің генерал-майоры» атағына әрі «Мемлекеттік бірінші дәрежелі артист» кәсіптік атағын да берді.

Ақиық әнші ерекше ұсыныспен ілгерінді кейінді Вьетнам, Пакистан, Марокко, Тунис, Иордания, Франция, Швецария, Түркия, Орта Азия елдері қатарлы отыздан артық елдерде өнер сапарында болып туған халқына даңқ әперді.

 

Шүленбайқызы Күлмән

1991 жылы ҚХР-ға сапарлай барған Елбасы Н.Ә.Назарбаев Күлмәннің әнін естігенде: «Құс болып сайрау әркімнің, тіпті әр әншінің қолынан келе бермейді, Күлмән нағыз әнші екен. Бұлбұл үнін Күлмәннан естігендей болдық», – деп баға берген.

ҚХР халық әншісі, ҚХР мемлекеттік 1-дәрежелі әртіс, дүниежүзілік 4-әйелдер құрылтайының уәкілі, Қытай мемлекеттік әдебиет- көркемөнершілер ұйымының Еңбек сіңірген әртісі Күлмән Шүленбайқызы қазір ҚХР музыка қоғамының және ҚХР кино-драмашылар қоғамының мүшесі. 1996 жылы өнер сапарымен келгенде Қазақстан Республикалық Мәдениет министрлігі Күлмәнді «Үздік әнші» деген грамотамен марапаттаған. Күлмән Шүленбайқызы күллі қазақ халқының мақтанышы, оның рухани өркениетіне үлкен үлес қосқан өнер қайраткері. Бұлбұл үнімен 40 жыл бойы үн қосқан бірегей әнші.

Күлмән Шүлейнбайқызы 1943 жылы мамыр айынан ШҰАР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданының Бұрғыстай қыстағында малшы отбасында дүниеге келген. Күлмәнді ең алғаш ақ сүтімен де әсем әнімен де ауыздандырған да адам аяулы анасы еді. Баланың былдырлаған бал тілімен балғын әуеніне ерекше үміттене қараған әкесі Шүленбай оған домбыра жасап беріп, қаршадайынан баулыды.

Күлмән 1959 жылы Іле қазақ автономиялы облыстық ән-би үйірмесіне әнші болып қабылданды. Кейін Пекиндегі Қытай музыка институтына оқуға жіберілді. Оны үздік бітіріп, жоғары дәрежелі білім иелеріне сай кәсіптік әншілердің ән орындау қағидаларын толық игеріп, өз өнерін байыта түсті.

Күлмән 1978 жылы миллирдтар елінің халық әндерінің орындау бәсекесінде ең үздік бағаны жеңіп алды. Ол сол жолы «Сахара бұлбұлы» деген ең жоғары атаққа ие болды. Оның үстіне Күлмән талантты актер. Мысалы, Күлмән Шүленбайқызы Қытайда жасалған «Сәлиха – Сәмен», «Қызыл шырақ», «Тянь-Шань өңіріндегі ән-әуен», «Таңжарық» қатарлы көптеген спектакльдерде басты рөльдерді сәтімен ойнады.

Кейінгі кезде Күлмән әншілігінің үстіне композиторлықпен де шұғылданып, тыңдарман көңілінен терең орын алған. «Құштармын әсем әнге», «Қыз қуар», «Жайлау әні», «Аға бауыр әні», «Ұстаз», «Айлы түн», «Көктем» сияқты жаңа әндерді жазды. Күлмән соңы жылдарда Қазақстанға төрт рет өнер сапарымен келіп, едәуір жоғары баға алды. «Ән көңілдің ажары» дегендей, Күлмәннің әнін Қазақстан мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Марфуға Айтхожина:

Біз сағынып жүргенде туған жерді,

Алматыға әндетіп Күлмән келді,-деп жырлады. Қазақ әнінің қаймағын бұзбай екі ел арасына алтынкөпір салған Күлмән осылайша сахараның да, сахнаның да нағыз бұлбұлына айналды. Айтса айтқандай, «Құс болып сайрау әркімнің қолынан келе бермейді».

 

(Тағы басқаларды қосуыңызға болады.)




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑