banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2011 | 885 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шетелден келген қонақтар

    Қазақстан Республикасы министрлер Кабинетінің 1992 жылы 23 қыркүйекте қабылданған  «Шетелдердегі қазақ диаспорасының өкілдерін Қазақстан Республикасында болған кезінде әлеуметтік экономикалық жеңілдіктермен қамтамасыз ету туралы» № 791 Қаулысының 2-тармағында «Басқа мемлекеттердің азаматтары болып табылатын қазақ жігіттері мен қыздарына кәсіптік техникалық, орта арнаулы және жоғары оқу орындарына, аспирантураға оқуға түсулеріне, сондай-ақ тағылымдамалардан өтулеріне  Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей құқық берілсін, олар стипендиямен, басқа да қажетті материалдық жағдайлармен мемлекет есебінен қамтамасыз етілсін» делінген. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өмірге келген бұл Қаулының қажетсіздігі неліктен туғанын түсінбейміз. Қандас бауырлар күн санап көптеп келуде. Еуропадағы қандастар дәл бүгінгі күні атамекенге бет бұруда. Алғашқы қарлығаштар Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқып та жатыр. Алайда, олардың кез болып отырған қиыншылықтарынан кейін, әліптің артын бағып отырған қандастарымыздың атамекенге келе қоюы екіталай-ау.

     2020 жылға дейін халық санын 20 миллиондық межеге жеткізуді көздейтін Қазақстан үшін негізгі арқа сүйеріміз – шетелдегі қандастар. Алайда, шеттегі қандастарды елге тартудағы жағдай өз дәрежесінде деп айта алмай отырмыз. Себебі, әр елден келетін қандастардың алдында әр түрлі кедергілер тұр. Оны біз редакциямызға келіп мұңын шағатын қандастарымыздың әңгімесінен естиміз. Ондай кедергілерді жою оншалықты қиын да емес, тек ниет болса.  Мәселен, Еуропадан, Қытайдан келетін қандастарымыздың әрқайсысының өзіне тән қиындықтары бар.

     Маусым айында редакциямызда қонақта болған қандастарымыз   Ұлыбританиядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы Исмаил Кесижи мырза мен сол елден келген Хабиб Бурал ақсақалдың, Германияның Мюнхен қаласынан келген жастар Олжас пен Жібектің де әңгімелері осы проблемалар төңірегінде тоқайласты.

 

    Исмаил Кесижи, Ұлыбританиядағы қазақ мәдени орталығының төрағасы: Еуропада өмір сүріп жатқан қазақтардың жағдайы жақсы, материалдық жақтан қиындығы жоқ. Олардың қиналып, алаңдайтыны – ұрпағының қазақтық тамырынан ажырап қалу қаупі. Үлкендер жағы қайткенде де балаларын атамекен Қазақстанға әкелуді ойлайды. Алайда, жастардың Қазақстанға келіп сіңсіп кетуіне жағдайлардың жоқтығы қолбайлау болуда. Еуропаның беделді жоғары орындарынан мамандық алған қазақ жастары баршылық. Тіпті, кешегі Ванкуверде өткен қысқы олимпиада ойындарын әлемге тарататын компьютерлік бағдарламалармен жұмыс істеген инженерлердің бірі қазақ Булент Кесижи деген бауырымыз болды. Неге сондай жастарды 2011 жылы Қазақстанда өтетін спартакиаданы ұйымдастыру жұмыстарына пайдаланбасқа?! Қазақстан мемлекеті бүгінде әлемнің көптеген елдерімен бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазақстанда барлық мемлекеттердің өкілдері бірлескен кәсіпорындар ашып жұмыс істеуде. Неге сол инвесторларға қазақ диаспорасының өкілі үшін 1-2 орын беру талабы қойылмайды. Әр елдің ірі компаниясы арқылы келген 1-2 бала, ертең артындағы ата-ана, бауырларын  атамекен – Қазақстанға тартпайды деп ойлайсыз ба?  Дәл бүгін жастар Қазақстанға келем десе де, келе алмайды. Себебі, виза ашу мәселесінде де жалпыға бірдей талап қойылған. Қазақ диаспорасы үшін неге басқаша талап, жеңілдік жоқ. Келетіндер тек турист ретінде ғана келіп кете алады, ал Қазақстанға жұмыс істейміз деп келетіндерге мүмкіндік жоқ. Мұны мен өз басымыздан өткерген соң айтып отырмын. Осы келгенде Қазақстанда жұмыс істеу үшін білікті-білікті компьютер мамандарын алып келмекші болдық. Бірақ виза проблемалары алдымыздан шықты. Жұмыс істеуге деп бір жылға виза аштыра алмадық. Бір жігітке ғана бір жылға виза ашты, оның өзі үш ай сайын елден  қайта шығып, қайта кіріп отырады. Сондықтан, Еуропадағы қазақ жастарын елге әкелуді ойласақ, осындай проблемаларды шешу керек деп есептеймін. Сондай-ақ, оқуға келетін жастарға да жеңілдіктер жоқ. Қазақстан мемлекеті, Елбасы «болашақ-жастардыкі» деп көп жағдайлар жасап жатқан жоқ па? Шетелдерде жақсы білім алуы үшін арнайы «Болашақ» бағдарламасын ашып, талантты жастарға қамқорлық көрсетуде. Неліктен шетелдегі қазақ жастары үшін де Қазақстанға келіп білім алып, еңбек етуіне жағдайлар қарастырмасқа?! Еуропа қазақтарының арманы ұрпағын атамекенге бет бұрғызу болса, балалары да ол ойдан алшақ емес. Мүмкіндік болса – келуге ынталылар көп.Өз беттерінше келуге талпыныс білдірген жастардың жайын жоғарыда айттым. Сондықтан, алдағы өтетін  дүниежүзі қазақтарының құрылтайында осы мәселелердің шешімін тапқанын қалар едім. Шетелдерде, Еуропада өтетін қазақтардың құрылтайларына Қазақстаннан барған өкілдер «Сіздердің арттарыңызда арқа сүйер Қазақстан деген мемлекеттеріңіз тұр!» деп жалындатып сөйлеп кетеді. Бірақ, іс жүзінде арқа сүйей алмай отырғанымызға қынжыламыз. Ащы да болса шындық осы.

 

Хабиб Бурал Зарханұлы, Лондонда тұратын зейнеткер:  Лондонда тұрып жатқан, ұрпағым үшін алаңдап жүрген қарттың бірі менмін. Қазақстанға келгендегі мақсатым да – балаларымды атамекенге жеткізудің жолын қарау. Өзім Қазақстанды тұңғыш рет көріп, көзім тойып отыр. Баларыма да ұнайтыны даусыз. Бірақ, келгенде не істей алады, жұмыс бола ма, сіңсіп кете ала ма, сол жағын әлі де ойлау керекпіз. Жарым Сағира екеуміз үш бала өсіріп, одан үш немереміз бар. Біз ғой, өз басымызды алып келе алмаймыз. Ал балаларымыз келсе, жұмыс тауып, орналасып алса, бізді де көшіріп алдырар еді. Екінші, үшінші буынымыз қазақтығынан айырылып қалмаса деп қорқамыз.Өзіміздің көзіміз тұрғанда, қазақтықты үйретіп отырмыз. Немерелерім «Қамажайға» билейді. Үйде қазақша сөйлесуге тырысамыз. Қазақша бейнетаспалар көрсетіп, қазақша әндер тыңдатамыз. Бізде «Каспионет» телеарнасы көрсетіледі, бірақ қазақшасы аз. Балаларға арнап қазақша мультфильмдер көрсетсе, тілдері қазақша шығар еді… Мен сияқты үлкендердің бәрі балаларының қазақтық тамырынан ажырамай, түп тегін сақтағанын қалайды. Қалап қана қоймай, Қазақстанға қалай жеткізсек деп уайымдайды. Менің де Қазақстанға келгендегі мақсатым осы – балаларымды қайтсем  атамекенге әкеле алам, соның жолын қарау.

 

   Жібек Хан Ілиясқызы, Алманияның Мюньхен қаласынан келген студент:

Мен 2007 жылы дайындық факультетін бітірген соң тест тапсырдым. Бірақ жинаған ұпайым 45 балл ғана болды. Мүмкін, шетелдік қазақ диаспорасының өкілі ретінде жеңілдік болар деп. Үмітімді үзбей, Астанаға құжаттарымды жібердім. Алайда жауабы келіп болмады. Сосын құжаттарымды Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық  университетінің халықаралық қатынастар факультетіне ақылы бөліміне 50 пайыздық жеңілдікпен келісіп оқуға түстім. Онда оқу құны – 234 мың теңге екен, мен жартысын, яғни 117 мың төлеп оқуға келіскем. Биыл екінші курсты бітірдім, алайда басында уәде еткен 50 пайызды ұмытып, оқудың толық құнын төлеуімді талап етті. Мен ондай ақшаны төлей алмай отырмын. Сол себепті оқу жылының соңындағы емтихандарға кіргізбей қойды. Оқу құнын төлемегенім үшін елге қайтар визамды да ашпай отыр. Жазғы демалысымның бәрі босқа өтуде. Оқу құнын жұмыс істеп төлеймін деп, қосымша жұмыс та істеп жүрмін. Алайда, шетел азаматы болғаным үшін жұмыс істеуіме лицензия талап етеді, лицензиям жоқ болғандықтан жалақыны да аз төлейді. Осылайша оқу ақысын төлей алмай жүрмін. Жатақханаға тұру да жергілікті жастармен бірдей, кезек күтіп, бос орын болса ғана жылдық ақысын төлеп орналасамыз. Бір бөлмеге 7-8 адам тұрамыз. Оның заңды тұрғаны да, коменданттың тұрғызғаны да бар. Не дегенмен, біз шетелдерден келген қазақ балалары болғандықтан, бізге шамалы да болса жеңілдіктер қарастырылуы тиіс емес пе? Меннен кейін Қазақстанға келіп оқимын деушілердің жігері құм болмай ма? Ең болмағанда, біз сияқты ынтамен келіп оқуға ниет етіп жатқан алғашқы қарлығаштарға жағдай жасалса? Біздің жағдайымыздың жақсы екендігін көрген арттағы ағайындар да балаларын Қазақстанға әкелуге тырысар еді.  Визаны да келіп, кеткен сайын ашып отырамыз. Виза ашқан сайын қаптаған қағаздар жинап, СПИД орталығы және емханадан тексеруден өтеміз. Жылына 3 рет рентгеннен өтеміз. Осының бәрін қазақ диаспорасының өкілдері үшін жеңілдетуге болмас па? Мен де осы мәселелердің дниежүзі қазақтарының құрылтайында айтылып, шешімін табар деп үміттенемін.

 

Олжас Сүлейменұлы Шадкам, Мюньхеннен келген жасөспірім:

Мен Қазақстанға 2005 жылы 13 жасымда келгем. Ұрпағының қамын ойлаған әке-шешем мені Қазақстан мектептеріне оқытпақшы болды. Сол жылы Алматыдағы қазақ-түрік ұлдар лицейіне оқуға қабылдандым. Әке-шеше, бауырларым Мюньхенде, мен Алматыда жатақханада тұрып оқыдым. Міне, биыл мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алдым. Ата-баба жеріне келгеніме еш өкінбеймін, қайта қуанамын. Мектепті де жақсы бітірдім. Математикадан олимпиадаларға қатысып, 2010 жылы мамыр айында Грузияның Тбилиси қаласында 28 елдің өкілдері қатысқан халықаралық олимпиадада күміс медаль алып, жүлдегер атандым. Сол себепті ұлттық бірыңғай тесттен босатты. Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетіне құжаттарымды тапсырдым. Бес тіл меңгергем. Келешегімді тек Қазақстанмен ғана байланыстырамын. Қазақстан үшін қызмет етемін деп алдыма мақсат қойғам. Қазақстан қарыштап дамып келе жатқан, келешегі зор мемлекет. Мен бала кезімде, 2002 жылы Қазақстанға алғаш келгенімде мүлдем басқаша болатын.Аз ғана уақыт ішінде өте керемет өзгеріп кетті. Тағы  он жылда мұнан да керемет өзгереді деп ойлаймын. Біз өмір сүріп жатқан Германияға, ұлы отан соғысынан кейін қалпына келтіруге 40-50 жыл керек болды. Ал, Қазақстан қарыштап тез өсуде. Қазақстан суреттерін қалта телефоныма түсіріп алып, Мюньхендегі достарыма көрсетсем, олар таң қалады. «Қазақстан деген осындай керемет, дамыған ел ме?» деп сұрайды. Мен осындай елде өмір сүріп жатқанымды мақтан етемін.

Ал, кемшіліктер жайлы айтар болсам, елдегі қабылданған заңдардың іс жүзінде жүзеге аспай жататындығы. Заңға құрметтің аздығы. Қазақстан әлі бозбала жасындағы мемлекет қой, Еуропа сияқты дамыған елдердің деңгейіне жету үшін әлі де уақыт керек шығар деп ойлаймын. Дегенмен, бағыт дұрыс, Қазақстан барлық жағынан күн санап дамуда. Мен соған қуанамын.

 

    Міне, редакциямызға алыстан келген қонақтардың пікірі осылай. Еуропадағы қандастардың әр буынының ой-пікірін өз ауыздарынан естіп, Қазақстан жайлы, орын алып жатқан проблемалар жайлы көзқарастарын білдік. Айтып отырған пікірлері орынды деп құптамасқа шара жоқ. Еуропа елдерінде тұрып жатқан қандастарымыз соншалық көп емес. Олай болса, сол қандастарды қолдай отырып,  жеңілдіктер жасай отырып, еліміздің болашағына үлкен инвестиция жасалды деп есептеуге болар еді. Қыркүйек айында өтетін дүниежүзі қазақтарының құрылтайы да осындай келелі мәселелерді көтеріп, шешімін табуға ықпал етер деген үміттілер көп.

2011 жыл

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑