banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Мамыр 14, 2013 | 725 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ШЕТТЕГІ ҚАЗАҚ БІЗДІҢ РУХАНИ КӨМЕГІМІЗГЕ ЗӘРУ

Әлемнің қырықтан астам елінде 5 миллионнан астам қазақ тұрады. Біздің алыстағы ағайынға көмектесіп жатырмыз деп жиырма жыл бойы жар салғанымыз тек қана олардың өсімдік пайызын көшіріп әкелумен ғана шектеліп отыр. Ал енді жиырма жылда тағы да бір миллион қазақты көшіріп аламыз десекте, одан ары бәрі бір тағы да 5 миллион қазақ жәудірей қарап қала береді.

Бүгінде сол «жақында болса алыс, алыста болса жақын отырған» қандастарымыздың хал-күйіне үңілер болсақ ойланып-толғанатын мәселе әлі де болса шаш-етектен. Бітіргенімізден бітірмекші – қолға алатын қомақты жұмысымыз тіпті де көп.

Бір миллионнан астам этниқалық қазағы бар ежелгі көршіміз  Ресей мемлекетінде бір ғана қазақ мектебінің болуы да қабырғаны қайыстырады. Тіпті ендігі жерде біз латын алфабитіне көшкенде Ресейде отырған бауырларымызбен рухани бірлігіміз тіпті де алыстай береді деген сөз.

Ресми деректер бойынша, соңғы жиырма жылдың ішінде ішкі Қытайдан 45 миллион халық Шыңжаңға қоныс аударыпты. Осы  өлкедегі 400-ге жуық таза қазақ мектебінде  2008-2009 оқу  жылынан бастап  сабақтар жаппай қытай тілінде оқытыла бастаған. Өздерінің оқу жүйесі бойынша аты «қос тілді» оқыту деп аталғанымен, шын мәнінде, «Қазақ тілі» мен «Әдебиет» пәнінен басқа пәндердің бәрінде сабақ бір ғана тілде (қытайша) жүріледі. Қазақ тілінде бірде-бір бала бақшаның болмауына байланысты қытайша оқу үрдісі қазақ мектептернің табиғи тұрде жабылу жағдайын туғызды. Бұрын қазақ мектептері  ұлттық денешынықтыру және ұлттық ән-би, күй, айтыс, ою-өрнек секілді көркемөнер сабақтарына айрықша мән беріп, ұлттық салт-дәстүр, наным-таным, киім-кешек, ұлт тарихы жөніндегі білім жастардың бойына дарып жататын еді. Ал қазір мектептердің бірігуімен бұл үрдіс жойылып, аты-жөні қазақ болғанмен, түр-тұлғасы, киім-кешегі, ойлау жүйесі қытайлардан аумайтын аты қазақ, заты қытай жаңа буын пайда болды. Қазіргі таңда мұндай оқу орындарында домбыра ойнап, күй тарта білетін баланы табу түгілі ұрпақтар арасындағы байланыстың  үзілуі, қазақы болмыс пен салт-дәстүрдің өзгеруі, ана тілінің өшуі секілді ұлттың жойылу факторлары қалыптасып үлгірді.

 Көрші бауырлас Өзбекстанда 500-ге жуық қазақ мектебінің жартысы жабылды, қалғандары аралас мектептерге айналды. Мұның өзі бұл елдердегі қазақ этносы он бес-жиырма жылдың айналасында толығымен тілінен де, ділінен айырылады дегенді білдіреді.

Ал салт-дәстүр, тілі қазақша сақталып, соны өздерінің үлкен мерейі санап келген моңғолиядағы қазақтардың басына да тұман үйірілді. Жақыннан бері моңғолданған қазақ жастарының «білім жүйесі біріңғай – моңғол елінің тесттік жүйесіне бағынуы керек» деген өтінішін оп-оңай қабылдауға бейімделген ондағы оқу басқармалары ендігі жерде оқулықтарын тек қана моңғол тілінде басып шығаруды қоға ала бастады. Олай болса ондағы қазақтардың да «өлер күні таяу».

Ал Еуропа елдеріне шашылған қазақтар онсызда күн санап ары қарай кетіп бара жатыр.

Ендеше, азғана адам емес, 5 миллион санды ұстап отырған бауырларымыздың жанына шипа боларлық дәруменді қайдан табамыз? Оларды қалай құтқару керек?

Қылышынан қан тамған Кеңес Одағы заманында қазақтың қазақтығын аман алып қалғаны – олардың әні, күйі, кітабы, сахналық шығармалар төңірегіндегі кино, театры, радио-телевизиясы және де сөнбеген ұлттық рухы еді. Ол тұста қазақ мектептері бүтіндей жабылмағанымен, уақыт өте келе қазақтардың өз ана мектебін менсінбей, табиғи тұрде «мемлекеттің иесі, мәдениеттің көкесі» саналған орыс мектептеріне бүйрек бұруы қалыптасқан-ды. Оған «діннің улы апиынға айналғанын» қосыңыз. Осындай қиын күнде де жоғарыда аталған өнер және мәдениет саласындағы қазақылық олардың жанын сақтап қалды. Ал Еуропа қазақтары жалғыз Алладан ғана медет сұрады. Тілім аман қалмаса да, дінім аман болсыншы дегенді рухани тірекке айналдырды. Көзі тірі көне қарттар балаларын қарашығындай қорғады. Қазақ мектептері жоқ демесең, алғаш ат басын тірегеген бауырмал түрік халқы олардың өмір сүру ортасынан шуағын аяған жоқ. Басқа мұсылман елдерінде де тілден басқа өгейлігі аз болды. Шет жұрттағы шер көкірек қандастарымыз ұрпақ тағдырынан алаңдай бастағанда, Алла көктен сұрағанын жерден беріп қасиетті қазақ шаңырағы бой көтерді.

Ал «қой үстіне боз торғай жұмыртқалатып жатырмыз» деген мына бейбіт күнде енді оларға қол ұшын қалай береміз. Қиын заманда сақтап келген алтынның сынығы, асылдың қиығы келешек ұрпаққа қалай аманатталады?

Бәріне де «жоқ-жоқ!», «қиын-қиын!», «мүмкін емес!» деген секілді сенімсіздік пен үмітсіздікке толы жауап бергеннен көрі өзімізде бар мүмкіндіктерді қарастырсақ, қазақ халқы өзінің алтын дәуіріне қадам қойған бүгінгі күнде  жүректен шешсе, қолынан келер теңдессіз күш-қуатқа ие.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жерде алыстағы ағайынның рухани қажетін қанағаттандырады деген сеніммен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы біраз игі шараларға мұрындық болып еді. Әсіресе марқұм Қалдарбек Найманбаевтың тұсында дәуірлеген бұл ұйым өзінің тарих алдындағы қарыз бен парызын да өтегендей болды. Дегенменде соңғы жылдары аталған ұйым замана ағымынан кейін қалды да шеттегі қазақпен болған рухани байланыс мейлінше құлдырады. Тіпті шеттегі қазақты жылына бір барып-қайтатын «курот аймағы» санаушылардың кесірінен аталған ұйымның жұмысы ырықсыз күйге түсті. Сөйтіп бағынуға тиісті рухани кеңістігіміздің өрісін өз қолымызбен тарайттық. Енді не істеу керек?

Әуелі әлемдік тәжірибелерге зер салсақ,  өркениетті елдер репатрианттардың өз елдеріне қоныс аударуын ең алдымен шет елдерде ұйымдастырады. Оларда  Отанына  көшіп келгісі келетіндердің барлығы алдын ала тізімделеді. Сосын барып,орналастыру мәселелерін толықтай шешіп алып барып қана шақырады.

Ал, өзге жұртта отырған өз туысқандарына көмектесудің де әлемдік тәжірибесі аз емес. Қандастарына қол ұшын беруді парыз санаған бауырмал елдер шет елдегі ұлттық мәдени орталықтарына бюджеттен арнайы қаржы бөліп, нақты қолдау жасау арқылы өзгенің құшағындағы өз ұлтының өкілдеріне белсенді көмектер көрсете алады. Мысалы, Оңтүстік Корея Алматыдағы АДК-ң мәдениет сарайын сатып алып, Корей мәдени орталығына айналдырды. Ал солтүстік Корея болса Қытай мемлекетімен еңбек келісім шарты арқылы әр жылы өз қандастарын топ-тобымен елдеріне әкеліп мерзімді еңбек еттіреді. Сол арқылы олардың ұллтық болмысын сақтауына, тіпті аздап қоныс аударуына да белгілі дәреже ықпал көрсете алады. Германия елі де Қазақстандағы неміс мәдени орталықтарына нақты қаржылай  көмек көрсетіп келеді. Тіпті өзінің «отаны жоқ» деп кемсітуге ұшырап жүрген ұйғыр түріктерінің де әр елде (біздің елде де) мәдени орталықтары бар. Израиль мен Германияның озық тәжірибесіне сүйенер болсақ,  олар мемлекетке алақан жайғаннан көрі ұлт патриоттары арқылы «Ұлттық көші-кон қорын» құру жолымен де өз қандастарының мүддесіне тиімді біраз  мәселені шешіп отыр. Қытай ұлты да өз топырағындағы халық санының қауырт артуына байланысты хан ұлты жұмыскерлерін өзге елдерге апарып жұмыстандырушыларға әр түрлі қаржылық қолдау білдіріп отырады.

Жоғарыдағы тәжрибелерден қарағанда қандастарымызды көшіріп әкелу мәселесінің ең алдымен сол елдегі елшіліктеріміз арқылы іске асатындығын бағамдаймыз. Ал тақырыбымызға орай  айтар болсақ, сол елдердегі қандастарға көрсетілер рухани көмек, әрине, мәдени орталықтар арқылы жүзеге асады. Елшілік қызметінің – Сыртқы істер министрлігінің құзыреттілігнде болуына байланысты ол өзге елдің ішкі ісіне араласа алмайды. Ал қазақ мәдени орталықтарының ұлт бірлігі арқылы атқарар жұмысының аясы кең.

Кеңестер Одағындағы қазақтардың тілін сақтап қалған ән, күй, кітап, кино, театр, радио-теледидар, қазақ мектептері… тағы басқалар дегенді жоғарыда айтып өттік. Бүгінгі біздің қолымызда бар ең үлкен көмекте осы өнер мен мәдениет саласындағы рухани тіректі пайдалануды еске салады. Әсіресе, қомақты туысқандарымыз отырған Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан секілді қанаттас-көршілес отырған елдердің бізбен әр түрлі рухани-мәдени қарым-қатынаста болуының негізі басым.

Бұл жұмысты атқарудың ең негізгі алғы шартының бірі ең әуелі ҚР үкіметі жанынан «Қазақ диаспорасы орталғынын» құрудың қажеттілігін ұқтырады. Кемінде Көші-қон комитетінің жанынын «қазақ диаспорасының мәдени орталығы» сынды арнайы бөлім жұмыс атқаруы керек. Осы құрылған ұйым өз еліміздің үкіметтік және қаржылық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, құзырлы министрліктермен тығыз байланыс орнатып, шеттегі қазақтармен рухани бірлік қалыптастыру қажет.

Бұл барыста Қазақстан тарапы байланыс жасаушы елмен екі жақты қарым-қатынастардың күшеюін және стратегиялық әріптестік қатынастарды пайдалана отырып, ондағы қазақтардың төл мүддесіне сай келетін және ұлттық рухын нығайтатын жүйелі, нысаналы және байыпты саясат жүргізуі қажет болады. Мұнда әсіресе Мәдениет және Ақпарат министрлігі мен Білім министрлігінің көмегіне көп зәрулік туады. Атап атйқанда шетелдегі қазақтың рухани әлеміне тікелей әсер ететін – кітап, газет-журнал, кино, радио-телевизия, ән-күй, би, сурет сынды өнер туыныдары, әр түрлі мәдениет алмасулар, оқушылардың бір-біріне барыс-келісі арқылы өтетін олимпиядалары, спорттық бәсеке, т.б-лар.   

Қазіргі заманның ең өткір ақпарат құралының бірі әрине, радио- телевизия. Олай болса, біріншіден, қандастар отырған көршілес елдердің «Қазақ радиосын» тыңдап, «Хабар», «Қазақстан ұлттық телеарнасын» көретінін ескере отырып, радио-телевизияда шетел қазақтарына қатысты (немесе «Шетелдегі қазақтар» деген тақырыппен) арнайы бағдарлама ашу жөн секілді. Мүмкін болса онда шетелдегі қазақтардың өткен тарихы, бүгінгі тірлігі, әйгілі адамдары, болашақтық бағыты көрсетіліп отыруы керек. Әрі қандастар тұрған сол елдегі қазақтардың радио-телевизия тарату орындарымен арнайы байланысқа шығып, қазақ елінде түсірілген фильмдерді («Қазақфильм» немесе басқа да студиялар) оларға сыйға беріп, тегін тарату ісін қолға алған жөн. Ән-күй жағынан да ондағы қазақ  радио-телевизиясына үнемі тегін көмек көрсету керек.

Екіншіден, қазақ елінде өзге ұлт тіліндегі қаншама газет-журнал бар. Тіпті орыс басылымдарының отарында отырмыз десек те өтірік емес. Қытай болса Қазақстаннан «Көрші» секілді журнал шығарып, қытай елінің «ұлылығын» санамызға сіңіруге астыртын жұмыс істеп жатыр. Олай болса біз қандастар тұратын сол елдерде, әсіресе Қытай, Ресей, Өзбекстан елдерінде Қазақстанды таныту, қазақ мәдениетін таныстыру мақсатында газет-журналдар шығару немесе тарату ісін неге қолға алмаймыз?! Салиқалы саясат арқылы сөзімізді өткізсек, бұған ол елдерде қарсы болмас еді.

Үшіншіден, Қазақстан тарапы үнемі шетел қазағына бағытталған іс-шаралар ұйымдастырып, оған әр шетелден өкілдер қатыстырып отыруды жыл сайын емес, ай сайын орындап отыруы керек. Ол тек қана ақындар айтысы, мүшәйра, концерттік байқаулармен шектеліп қалмай, әр түрдегі, әр мамандықтағы ғылым және өнердегі көп саланы қамтуы керек. Соның ішінде мектепаралық, университетаралық, өнер ұжымыаралық барыс-келістер көбейсе, ондағы қазақ жастары біздің ортамызға жиі келіп, ұттық болмысының жоғалуының алды алынар еді. Бұл шаралар Қазақстанда ғана өткізілмей, кезі келгенде қандастар тұрған сол шетелдердің орталық қалаларын негіз етіп үнемілік жүргізіліп отырса,  нұр үстіне нұр болар еді.

         Төртіншіден, қазақтар тұрған шетелдегі басылымдар мен қазақстандық басылымда арасындағы және БАҚ өкілдері арасындағы, Жазушылар одағы арасындағы байланыстарды күшейту арқылы қазақ тіліндегі кітаптар мен басылымдардың сыртқа шығарылуын, өзара алмасуын, кітап көрмелері мен жаңа кітаптар тұсаукесерлерін өткізуін, түрліше түсіндірме сөздіктердің, энциклопедиялық еңбектердің дер кезінде жетіп тұруын, ондағылардың Қазақстандағы қазақ басылымдарын пошта арқылы жазғызып оқуын қамтамасыз ету керек.

Бесіншіден, қазақстандық мұражайлар мен әртүрлі қоғамдық ұйымдар немесе жеке өнер иелері шетелдегі қазатар арасында ұлттық сипат алатын өз көрмелерін ашуды, бірлескен споттық шаралар ұйымдастыруды дәстүрге айналдыру керек.

Алтыншыдан, жоғарыдағы мазмұндар аясында екі ел қазағының арасында гастрольдік сапарлар жиі ұйымдастырылуы керек.

Жетіншіден, Қазақстан жағы латын әліпбиіне көшуді тездетіп, «Дүниежүзі қазағын біріктіретін» ортақтілді рухани тұтастық қалыптастыруы керек. Айталық Еуропа қазақтарының көбі латын алфабитін қолданады. Ал қытайдағы қазақтар бізге қарайлап отыр. Олай болса латынға көшіп үлгермеген елдердегі қандастар жазуын бізбен бір бағытқа бұра алсақ, мұнымыз ұлттық рухани тұтастығына ұланғайыр үлес болар еді.

Сегізіншіден, Қазақстан мен қазақтар тұратын елдер арасында еңбек шартымен жұмысшы қабылдау туралы келісім жасалып, оған тек қана қазақ жұмыскерлері тартылу керек. Қазақстан жеріне шет жұрттан келген қазақ жұмыскерлеріне тұрар жай, тіркелу, емделу, балаларының оқуы сияқты жақтардан көптеген тиімділіктер жасалғаны жөн.

Тоғызыншыдан, Білім және ғылым министрлігі немесе Көші-қон комитеті секілді тараулар ондағы қандастардың атамекенге көшіп келуіне, отырықтануына, жастарының білім алуына, жұмысқа орналасуына, туысшылап келіп-кетуіне барынша қолайлы жағдайлар жасауы керек.

Жоғарыдағы талап-тілектер толықтай жүзеге аспаған күннің өзінде, басым пайызы іске асатын болса да, «сайда саны, құмда ізі жоқ» талай қазақ баласын тауып алатындығымызда шүбә жоқ. Екінің бірінде енесіне қарап кісінейтін құлындай таңдайын шөл қапқан сол ағайынға аналық мейірдің мекені болып мекірене қарар едік.

Шеттегі қазақтың Қазақстанға келу-келмеуі өз таңдауы. Алайда қазақ иістінің қазақ болып өз болмысымен өмір сүруі үшін қамқорлық көрсету барлық қазақ азаматының ғана емес, қазақ мемлекетінің де бұлжымас парызы.

Олай болса, біздің рухани көмегімізге зәру болып отырған алыстағы ағайынның барын асырып, жоғын жасырып бабалар өсиеттеген бағзы жолмен бауырымызға тартуымыз ұлттық ұжданымызға сын болмақ. Алла Тағала Алаш баласына шуағын төгетін жақсы күндерге куә қылғай, әмин!

 

 

Жәди ШӘКЕНҰЛЫ, жазушы

Қазақстан Жазушылар Одағының,

Еуразия жазушылар одағының мүшесі

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑