banner-top12

Айтарым бар Шубат

Қосқан уақыты Қаңтар 12, 2016 | 2  539 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

2

Шұбат – сан түрлі дертке шипа сусын

Күнде жейтін ас-ауқатымыз химиялық, синтетикалық жасанды дүниелерден жасалғалы бері адамзат денсаулығына зор қауіп төнді. Аллергия, псориаз, қант диабеті, холлецистит, гастрит т.б. көптеген дерттер ушығып шыға келді. Дерт атаулының өршу себептерінің бірі азық – түлігіміздің ластануында болып отыр. Қазақ атамыз: «Асы саудың – дені сау» деп бекер айтпаған. Сондықтан да қазақтың денсаулығы мықты болсын десек, дүниеге аяқ қолы балғадай сау ұрпақ әкелеміз десек, асымызды адал қылып ішейік. Осы мәселені тағамдық рационымызға қазақтың ұлттық тағамдарын енгізу арқылы шешуге болады. Бүгін әрі сусын, әрі қорек, әрі шипа болып табылатын шұбатты әңгімемізге арқау етпекпіз. Қазақ үшін түйе — қасиетті мал. Төрт түліктің төресі атанған жануардың сүті – ем, еті — азық, жүні — киім. Нардың жүнін қазақ халқы аяққа таптамаған, тек кеудешелер мен жиделер, шекпендер мен көрпелер дайындаған. Қазіргі медицина түйе жүнінің де емдік қасиеті барын анықтады.

кумыс i (1)

Түйе сүті — қоректік заттарға өте бай сусын. Мәселен, қымыздың құнарлылығы 528 ккал болса, сиырдікі — 660 ккал, ал түйенікі — 911 ккалға тең. Бір литр шұбат адам ағзасының витаминдер мен микроэлементтерге деген тәуліктік қажеттілігін толықтай қамтамасыз ете алады. Шұбат ішкен адам күні бойы тоқ жүреді. Ұлттық ғылым академиясының академигі Т.Шармановтың айтуынша, түйе сүтінің созылмалы өкпе, бауыр ауруларын, холециститті, өт жолдарының қа­бынуын емдеудегі қасиеті клиникалық апробация арқылы дәлелденген. Сондай-ақ инфаркттың, ин­сульттің алдын-алуда маңызы зор, қант диабетіне, қатерлі ісікке де шипасы бар. Табиғи шұбат өнімдері адамның есте сақтау қабілетін жоғарылатып, ми тамырларына сергектік пен демалыс береді. Құрамында А, В1, Д, Е, С дәрумендері бар сусын ұзақ уақыт емделуді қажет ететін туберкулез ауруына да бірден бір шипа.

Ұлттық сусынның дайындалу процесі де күрделі емес. Өйткені оны бір қорландырып алса, одан әрі ешқандай ашытқысыз аши береді. Қымыз секілді мезгіл- мезгіл пісіп отырудың да қажеті жоқ. Тек кісіге құйып берерде ғана шайқап-шайқап жіберсе, ол жақсы араласып, көпіршігі азаяды. Шұбат құйылған ыдыстың тығынын алып немесе местің пұшпағын шешіп, газын шығарып отыру керек. Әйтпесе тығынды ұшырып, месті ісіндіріп жібереді.

Ойсылқара түлегі сүтінің құрамында лактоферрин деген зат бар. Адам ағзасында да лактоферрин деген белок бар. Ол ағзаның иммундық жүйесін нығайтады. Белоктың басты биологиялық қызметі темір иондарын байлайды және оны тасымалдайды. Ағзаға қандай да бір бактерия мен вирус келіп түссе, лактоферрин бірден оның көзін жоюға әрекет етеді. Лактоферрин сүттің құрамында болатындықтын жаңа туған сәбиді ана сүтімен қоректендірудің қандай маңызды екенін біле беріңіз. Медицинада лактоферрин белогының вирустарға қарсы белсенділігі жоғары екендігі анықталған. Оның герпес 1, цитомегаловирус, ВИЧ, гепатиттің С-түрі, хантавирус, ротавирус, полиовирустың бірінші түрі, аденовирус, респираторлық синцитиальді вирус, тышқанның лейкоз Френд вирусы тәрізді дерттерге қарсы әсері күшті. Вирустарды бактериялардан бөле-жара айтып отырған себебіміз, ХХІ ғасырдың медицинасы вирустық ауруларды емдеуде дәрменсіз. Әлемде вирустың көзін жоятын бірде бір препарат әлі дүниеге келген жоқ. Қазіргі дәрі-дәрмектер тек вирустың салдарын ғана емдейді. Ал шұбат сол вируспен күресе алады екен.

Қытайда да түйе сүтінен жасалған өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Қазақтың сүйікті сусыны – шұбаттың қасиетін түсінген қытайлықтар оның негізінде түрлі емдік өнімдер шығаруда.Осы елдің «Ваньюан» деген сауда компаниясы түйе сүтінен жасалатын өнімдерге патент алып, өз тіршілігін жасап жатыр. Саудасын Шыңжаң авто­номиялық ауданынан бастаған «Ваньюан» компаниясының бүгінде бүкіл Қытай бойынша шұбат саудалайтын жүзден астам дүкені бар. Бұл – тек «Ваньюанның» өнімдерін саудалайтын арнайы дүкендер саны. Ал жалпы ел бойынша үш жүзден астам дүкеннен аталмыш компания шығарған түйе сүті өнімдерін алуға болады. Қазір шұбат қытайлардың тәуір сусындарының біріне айналып, одан жасалған өнімдер жедел сатылуда. Ел тұрғындары оны пышақ үстінен бөлісіп әкететін болды, дейді компания өкілдері. Түйе сүтінен жасалатын өнімдерді патенттеп алып, саудасын дөңгелетіп отырған жігіттің аты – Лан Йоу. Ол – негізінен қазақтар мекен ететін Шыңжаң өлкесі Алтай аймағының тумасы. Қытай астанасынан дүкен ашып, түйе сүті өнімдерін саудалағалы үш жылдың жүзі болыпты. Экологиялық ахуалы нашар Бейжің тұрғындары таза, табиғи өнімге зәру. Ал шұбат – емдік қасиеті мол өнім.Зиян­ды ауаның әсерінен түрлі ауруға шалдыққан талай қытайлықтар  шұбат арқылы еміне шипа тауып отыр.

Жалпы, шұбат тек Қазақстан мен Қытайда емес, басқа да шет мемлекеттерде де сұранысқа ие екен. Мәселен, арабтар шұбатты иммунитетті көтеретін сусын ретінде ішеді. Араб елдерінің дүкендерінен де кейде шұбатты кез­дес­тіруге болады. Жаңа сауылған шұбатты сүйетін кейбір ауқатты арабтар бірнеше жүз түйе байлайтын көрінеді. Медицинасы мен фармацевтикасы ежелден дамыған үнділіктер шұбаттан дәрі-дәрмек жасайды екен. Ісік, өттің қабынуы, сары ауру, өкпе ауруы, демікпе, анемия, тіпті геморройды емдейтін көптеген дәрілерді үндістер шұбаттың негізінде жасайды. Африка елдерінің біразында түйе сүті ЖҚТБ-ға (СПИД) шалдыққан нау­қастарды емдеуге жиі қолданады. Шұбат ЖҚТБ-ның иммунитетті нашарлату үдерісін тежейді деп сенеді африкалық мамандар. Кенияда бұл ғажап сусынды диабет және жүрек ауруларына шалдыққандарға дәрінің орнына береді. Ал Моңғолияда тек қана шұбатпен емдейтін арнайы санаторийлер бар екен. Моңғолдар арасында бүйрек аурулары көп кездеседі деседі. Олардың айтуынша, шұбат бүйректің қызметін жақсартады, бүгіндері жиі кездесетін қуық безінің қабынуы секілді қатерлі аурулардың алдын алуға зор септігін тигізеді. Бірақ қасиетті сусынымызды патенттеу әзірге дейін тек қытайлардың ойларына келіпті. Ал енді маң далада мыңғырған түйе бағып, шұбаттың бұлағын селдетіп отырған біздің қазақ та осындай пайдалы тірлік жасаса, құба-құп болар еді.

Түйе сүті емдік қасиеті жағынан аса жоғары бағаланады. Себебі түйе сүті құрамында май, ақуыз, минералдық заттар өте көп. Оның құрамындағы жеке компоненттер өзгермелі болып келеді, яғни түйенің сауылу кезеңіне, жыл мезгілдеріне, жақсы қоректендірілуіне, түр және тұқымдық ерекшеліктеріне қарай үнемі өзгеріп отырады. Мамандар шұбатта ақуыздың бірнеше түрі (казейн, альбумин) және құрамында азоты бар қосылыстар мен аминқышқылдар кездеседі дейді.

Даңқты бабамыз Әбу Әли ибн Сина: «Адам ағзасына пайдалы шөптердің дені құмда өседі», — деген екен. Ал түйе жануары үнемі құмда, сортаң жерде жүргендіктен тұла бойы емдік қасиетке тұнып тұрады. Сәйкесінше, шұбатта ми мен жүйке жүйесіне пайдалы қант лактозасы, диабет, ісік аллергиясы, бауыр қабынуы мен псориозға қарсы дененің иммунитетін арттыратын антителалар бар.

Түйе сүтінің емдік қасиеті мол болғандықтан, халық емшілері жануар сүтіне шомылдырып, қан-тамыр, жел-құз ауруларын емдеген. Ағзаны жасарту мақсатында ішкен. Шұбаттың құрамында калций, мыс, темір, магнезий, мырыш секілді микроэлементтер және фосфор мен күкірт бар. Құрамы осындай макро және микро элементтерге бай шұбатты қазақтың халық емінде өкпе, асқазан аурулары, қарқұлақ, мешел ауруларымен қоса созылмалы түрлі дерттерден әлсіреген ағзаны қайта қалпына келтіру үшін қолданған және ағза уланғанда да емге пайдаланған. Әсіресе, шұбат түрлі өкпе дертінің барлық түріне шипа.
Ел арасында шұбатты қымыран деп те атайды.

Түйе – төрт түліктің төресі. Ауыр жүк артылып, алыс сапарға жегілсе де мыңқ етпейтін маңғаз жануардың қадірін көшпелі жұрт қатты білген. Айрықша күтімді қажетсінбейтіндіктен «кедейдің малы» атанған жануар табиғи жайылымды тез қоңданады. Әрі оның сүті мен шұбатты медицина тарапынан емдік сусын ретінде мойындалғаны да белгілі. Көзін тауып, өңдей білсе, жүні де өнеркәсіпте таптырмайтын шикізат. Міне, осындай пайдасы мол мал тек әлемде санаулы мемлекеттерде ғана бар. Соның бірі біздің елімізде. Алайда, түліктің төресі түйені өсіріп, оның өнімдерін ұлттық брендке айналдыра алмай отырғанымыз да шамбайымызға бататын шындық. Бұл тұрғыда мемлекет тарапынан кешенді бағдарлама жасалып, осы саладағы ұсақ-түйек шаруашылыққа барынша нақты қолдау көрсетілмесе бүгінгідей мысықтабандаумен ұзаққа бармайтынымыз белгілі.

Түйенің пайдалы жақтары көп қой. Бір ғана сусынының өзі неге тұрады. Көптеген ауруларға мыңнан бір ем. Сүтінен шұбат дайындап, құрт қайнатады. Шипалық қасиеті мол, дәмі тіл үйірер шұбат сусынына бүгінде шетелдіктер аса қызығушылық танытып отырғаны белгілі. Көптеген Азия елдері әрі тағам, әрі киімге шикізат, дертке дауа ретінде пайдаланатын түйе сүтінің емдік қасиеттері күннен күнге ғалымдарды таңғалдыруда.

Ғалымдар шұбатпен өкпе құрты, бауыр ауруларын, холециститті, өт жолдарының бітеліп қалуын емдеуге болады дегенді айтады. Осыған орай шұбатты әлемдік нарыққа шығару үшін ғалымдар өнімді кептіру, құрғақ сүт ұнтағы және таблетка түрін жасау технологиясымен де айналысуда. Алайда шұбаттан жасалған өнімдерді әлемдік нарыққа шығарып, ұлттық брендімізге айналдыру үшін қыруар қаржы, көлемді инвестиция қажет екені анық. Ал, әзірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сауықтыратын медициналық сусын деп бағалап отырған шұбаттың пайдасын ескергендер саны саусақпен санарлықтай.

Қатерлі ісік ауралары ғаламды толғандырған мәселе болғандықтан,  2008 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы түйе сүтінің өнімдерін бүкіл дүниежүзіне тарату мәселесін көтерген болатын. Бұл шараны жүзеге асыру үшін «Оңтүстік-Батыс»Ғылыми -өндірістік орталығының ғалымдары ойлап тапқан шұбаттың таблетка және ұнтақ түріндегі өндіріс өте қолайлы болатын еді.     Шұбаттың қасиеті туралы халық арасында көнеден айтылып келеді. Ал оның құрамындағы лактоферриннің «қатерлі ісікті болдырмайды»деген тұжырымды әлемдік медицина жақында мойынғанымен, қазақ халқы бұл өнімді қолданысқа енгізгені қай заман.

Ауада батериялар мен вирустар толып жүр. Біздің ағзамыз олармен секунд сайын күресіп бағуда. Кедейдің ауруы саналатын туберкулезбен қазір ауқаттылар да науқастанып жатқан тұста, ағзамыздың ауруға қарсы иммундық жүйесін нығайту әрқайсымыз үшін қажет-ақ. Ендеше, денсаулығымызды нығайтуды ойласақ, шұбат ішуді әдетке айналдырайық.

Шұбатты негiзiнен 14 күнге дейiн сақтауға болады. А оны ұзақ сақтау үшін Шымкенттік ғалымдар Академик Асылбек Баймұхановтың басқаруымен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Дастанбек Баймұханов, ғылым кандидаты Мүсәтiллә Тоқанов және Болат Тоқанов таблетка түріндегі шұбатты шығарудың технологиясын ойлап тапты. Шұбаттың құрғақ ұнтағы үш жылға дейiн жарамды. Оның 1 таблеткасында 1,24 грамм шұбат бар. Мұндай өнiм ағзаның жұмыс қабiлетiн арттырып, ерлердiң әлеуетiн көтередi, әйелдердiң климаксы кезiнде көмегі зор. Ал, балалардың белсендi iс-қимылын арттырып, денсаулығын бiршама нығайта алады. Шұбаттың бiр таблеткасы бұл табиғи “биологиялық белсендi қоспа“ секiлдi емдiк қасиетке ие. Сондай-ақ, Мүсәтiллә Тоқанов ол таблетканы маскүнемдікті емдеуге де қолдануға болатынын айтады. Шұбат таблеткасын “Химфарм-Santo“ кәсіпорны шығарып жатыр.Мұсатіллә Тоқановтың түйе сүтінің емдік қасиетін зерттеп жүргеніне 15 жылдан асты. Осы уақыт ішінде шұбатты құрғақ ұнтақ және түйіршік түрінде шығару тәсілін тапқан. Оның бұл жаңалығына қазірдің өзінде бірнеше елдің сүт өндіруші компаниялары қызығып отыр. Шымкенттік өнертапқыш енді әлемді елең еткізетін жаңалық ашып, қатерлі ісікті тежейтін ақуызды оңай жолмен алуға болады дейді.Әлемдік медицинаның тұжырымына тоқталатын болсақ: әйел сүтінен алынатын лактоферринмен емдеуге болатыны дәлелденіп отыр. Ал біз бұны түйе сүтінен алуға болатынына көзіміз жетті.

       Бір грамм “лактоферринді алу үшін әйелдің 25 литрсүті және оның өндірісіне 2,5 мың АҚШ доллары шамасында қаржы қажет. Сондықтан мұндай жолмен қатерлі ісікке қарсы дәрі шығару қиын. Ал лактоферринді түйе сүтінен өндірсе, дәрінің құны 800 теңге шамасында болады, -дейді Мұсатіллә Тоқанов.

Шипалы шұбат өндiрiсiне Жапонияның, Еуроодақтың, АҚШ және Австралияның тауар өндiрушiлерi қазiрден бастап қызығушылық танытып жатыр. Егер мықтап айналысса, қазақтың емдiк қасиетi мол сусыны мемлекеттiк брендiге айналатын өнiм болуы да ғажап емес.

 

                          Сайденова Мадина Абдықадырқызы,

                Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық

              қазақ-түрік университеті, медицина факультеті,

             «Ішкі аурулар пропедевтикасы» кафедрасының

             оқытушысы




2 Responses to Шұбат – сан түрлі дертке шипа сусын

  1. Сымбыт says:

    Керемет жазылған

  2. Сымбыт says:

    Түйенің сүті шұбат туралы, оның емдік қасиеті туралы көп мағлұмат алдым керемет

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑