banner-top12

Ақпараттар ағымы no image

Қосқан уақыты Қыркүйек 5, 2014 | 812 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

«Шын жүректен» жаңа реалити-шоуы эфирге шығады

6 қыркүйекте қазақстан теледидарында ел марапатына лайық ержүрек жандар туралы сыр шертетін «Шын жүректен» жаңа реалити-шоуы эфирге шығады

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы жаңа телевизиялық маусымда тосын әлеуметтік жоба ұсынбақ. Телерадиокорпорацияның Баспасөз қызметі хабарлағандай, алдағы сенбі, 6 қыркүйек күні сағат 21.05-те «Қазақстан» телеарнасында реалити-шоу жанрында түсіріліп жатқан «Шын жүректен» бағдарламасының алғашқы саны эфирге шығады.
Аталмыш жобаның басты мақсаты – тасада қалған қазіргі заманның батырлары деп айтуға тұратын кейіпкерлердің ерлік әрекетін жан-жақты баяндау. Оның өз жеке басынан өткізген ең қызықты, әсерлі сәттері таңдалып алынып, көрермендер назарына ұсынылмақ.
Көбінесе мейірімді жандар өздерінің жақсы істері жайлы айтып жатуды ұната бермейді. Бірақ біз осындай ерекше ерлік, жақсылық иелері туралы елдің білгенін қалаймыз және «Шын жүректен» арқылы сол адамдарды көпшілікке үлгі етеміз. Бағдарлама эмоцияға толы. Орынды ойын мен әдемі әзіл бағдарламаның көркін ашпақ.
Басын қатерге тігіп, жалындаған от ортасынан адам өмірін құтқарған өрт сөндіруші, жетімді жылатпай, оған аналық қамқорлығын сыйлаған асыл жан, науқасты ажал аузынан арашалап қалған дәрігер, бір сөзбен айтқанда, жарымжан көңілге қуаныш сыйлап, айналасындағыларға бергені мол, бірақ, өзі тасада қалған жандар туралы шытырманға толы оқиғалар жаңа жобаның арқауына айналады.
Біздің қоғамда өмірдің түрлі ауыртпалығын көріп, тағдырдың әртүрлі сынағына тап болса да, мойымайтын қайсар жандар жетерлік. Олар өздері бетпе-бет келген қиындықты жеңіп қана қоймай, айналасындағы адамдарға да қолынан келгенше жақсылық жасап, айрықша ерік-жігердің, қайырымдылықтың үлгісін көрсетуде. Бірақ, көп жағдайда, ондай азаматтар шет қалып қойып жатады. Олардың қажымас қайраты, игі істері мен өмірлік тәжірибесі теңдесі жоқ жаңа әлеуметтік жобаның негізіне алынды. Осындай мейірімді жандардың тағылымды өмірін, өнегелі еңбегі мен ұлағатты істерін дәріптеу мақсатымен «Шын жүректен» бағдарламасы дүниеге келді.
Егерде сіз сондай адамдарды өміріңізде кездестірсеңіз немесе шындыққа жанасатын оқиғалардың куәгері болсаңыз, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасына хабарласуыңызды сұраймыз. Оқиға желісі бойынша, ол кейіпкер туралы арнайы хабар түсірілетін болады. Біздің тілшілер кейіпкерге тосыннан сый жасап, естен кетпес қуаныш сыйламақ. Жүрегі алтын адамға бақытты сәт сыйлауға сіз де ат салысыңыз. Ал әзірше, жаңа жобаның кейіпкерлерін таңдау үшін байқау жарияланып отыр. Жаңа бағдарламаның кейіпкерлері – миллиондаған қазақстандықтардың ілтипатына ие болуға тұрарлық марапатқа лайық батыр жандар.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑