banner-top12

Әдебиет no image

Қосқан уақыты Ақпан 18, 2012 | 1  189 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Шынжаң қазағында жазылған тарихи тақырыптағы романдар

 

 

Шынжаң қазақ әдебиетіндегі тарихи романдардың туылу қалыптасу төркініне көз жүгіртсек ауыз әдебиетінің ақ уызымен ауызданған қаламгер қосынына Кеңестік қазақ әдебиетінің озық үлгілері ертеден таныс бола бастады. 1933-1935 және 1955-1957 жылдар аралығындағы Қытай-Кеңес Одағы достығы және екі арадағы ұзақ мерзімдік тоңның жібіген 1980 жылдардың ішінде « Қарағанды», «Ботагөз», «Қазақ солдаты», «Абай», «Абай жолы», «Ұлпан», «Қан мен тер» қатарлы туындылар әртүрлі жолдармен қолдан-қолға өтіп, оқырман шөлін қандырды. Одан қалса қытай әдебиетінің қазақ қаламгерлеріне белгілі ықпалы болды. Қытай классикалық  романдары «Қызыл сарай түсі», «Су бойында», «Үш патшалық хиссасы», «Батысқа саяхат», «Жастық жыры», «Семьия» сияқты алуан түрлі кітаптар аударылып жетті. Қытай әдебиеті арқылы тәржімаланған шетел жазушылары Бальзак, М. Шолохов, Толстой, Горький, Чехов, Жул Верн,  Гарсия Маркес, Шыңғыс Айтматов, Пушкин, Шекспир, Диккенс, Сервантес, Гоголь, Н. Островский, Тургенов қатарлылардың шығармалары қазақ тіліне аударылды.

Міне, мұның барлығы 1980 жылдардың басындағы Шынжаң қазақ әдебиетіндегі қаламгерлерді мол оқулықпен қамдап, олардың қалам тебуіне дем берді. Соның нәтижесінде көктемнің боз жусанындай көтерілген шығармалар іркес-тіркес өмірге келді. Осының бел ортасын басқан, жұрттың көзіне алдымен түсіп, көңілін аударғаны – тарихи тақырыптағы романдар болды.

Әсіресе, 1966-1976 жылдарды қамтыған он жылдық солақай саясат өткеннен кейінгі реформа, әлем елдеріне есік ашу сынды жаңа дәуірдің басталысымен қағажудан құтылған қазақ қаламгерлері ортаға шықты. Тарихи тақырыпта жазылған романдар арт-артынан жарық көрді.

Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» І-ІІ том (1983-1985 ж), Батырхан Құсбегиннің «Жан», І, ІІ, ІІІ, ІҮ – томы (1987-1991, 1999 жыл), «Зұқа батыр» (1992 жыл), Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр» (1987 жыл), «Ер Жәнібек» (1998 жыл), Шайсұлтан Қызырұлының «Бұлаң дүние» (1990 жыл), «Дабыл» (1993 жыл), «Қайқая шапқан қаракер» (1998 жыл), Сұлтан Жанболаттың «Елжау Күнби» І-ІІ том (1994 жыл), «Саншура Күнби» (1998 жыл), Асылхан Багенұлының «Қасен генерал» (1995 жыл), Мағаз Разданұлының «Алтайдың ақиықтары» (1998 жыл), Серік Қауымбайұлының «Жәке би» (1998 жыл), Зейнолла Сәнікұлының «Баспай» (1996 жыл), Жұмабай Біләлұлының «Дала торғайлары» (1992 жыл), Күнгей Мұқажанұлының «Өр Алтай» (1997 жыл), Мұхтархан Самажанұлының «Бейсенбі би» (1995 жыл),  Қостай Жақияұлының «Дәлелхан генерал» (1995 жыл) романдары бар. Онан сырт тарихты тіке атамай, тарихи оқиғаларды негіз еткен Ахметолла Қалиұлының «Арда Алтай», Ғалым Қанапияұлының «Бұрқасын» атты романдары бар. Жарық көрген  тарихи романдардың жыл мерзімінен қарағанда 1985-1998 жылдар аралығындағы 14 жылда 20-дан астам тарихи роман туған екен. Сан жағынан қарағанда аз емес, ал сапа мәселесіне келсек бірдеңе деу қиын шығар.

Шынжаң қазақ әдебиетіндегі тарихи тақырыптағы романдар мейлі сан жағынан болсын, мейлі сапа жағынан болсын  Шынжаңның бүгінгі әдебиетіне өкілдік етеді. Десе де, бұл романдарда бір отрақ ерекшелік бар десе, ол – Мұхтар Әуезовтай қара нардың соңынан ерген бота-тайлақтардың әдебиет көшін керуенге айналдырғаны дер едік. Және де бұл романдарда бір ортақ кемшілік бар делінсе, ол да – осы көштің шиырынан шыға алмағанымыз деп мойындар едік. Осымен бірге тарихи тақырыптағы романдардың жалпы тұлғасынан бір ұқсастық байқаймыз. Бұл ұқсастықтың бірі – тақырып талдау жағынан көбінің тарихи дара тұлғаларды алғандығы. Атап айтқанда роман аттарынан көрініп тұрғандай  Елжау Күнби, Зұқа батыр, Бөке батыр, Ер Жәнібек, Қасен генерал, Дәлелхан генерал, Жәке, Бейсенбі, Баспай сияқты жеке тұлғаларды роман тақырыбына өзек ету дәстүрге айналды. Романдарда сол жекелердің тарихына қатысты оқиғаларға ғана орын берілді. Аталған романдардағы екінші ұқсастық шығарма құрылысы мен баяндау жағындағы ұқсастық. Жоғарыда айтқанымыздай мұның бәріне «әліппе» болғаны  әрине, Мұхтар Әуезовтың «Абай» және «Абай эпопиясы» екені белгілі.  Десе де Мұхтарға еліктеу жаман емес-ау, бірақ Мұхтардың деңгейіндей биік өреге жеткізіп, иін қандырып, әлемдік әдебиеттің шоқтығына жармаса алды ма, жоқ па, ол жағына жеңіл кесім айта алмаймыз.

Тарихи романдардың  көркемдік тұлғасына көз тастайтын болсақ, ауыз толтырып мақтамасақ та ешкімнен ұялмайтын еңбектердің бар екені шындық. Ерте шыққан жыл мерзіміне қарап сөз қозғайтын болсақ, Шәміс Құмарұлының «Бөке батыр» романы алдымен ауызға түсер еді.  Бөке образын сәтті жасаған жазушының көп ізденгені байқалады. Мұндағы бір жаңалық – жалаң оқиғалыққа ғана жабыспай халықтық мифтерді де арқау етіп, тұтас шығарманың бойында негізгі желімен қатар қосалқы нанымдық желі жатады. Әуелі Бөкеге ілескен елдің ішінде Бөкенің құлағының бүтін еместігін көріп, айнитын наным-сенім,  түйелердің мойынын ұзаққа созып жатуы, ауа-райы болжамы қатарлылардағы халықтық астрономия, бүкіл шығарма бойынан кезігіп отыратын ұлттық психология, жалпылық философия – бәрі-бәрі табылады.  Тіпті романды оқып шыққаныңызда Қарақыз сынды образ көкейіңізге мықтап шегеленеді. Кәреке, Қалдыбай бейнелері де өзіңізге таныстай елестейді. Оқиға өрбіген орын, табиғат суреті, қырғындар жайы барлығы да нанымды бейнелері арқылы шығарманың өміршеңдік құндылығын асыра түскен.

Роман Бөке батырдың кешулері арқылы ұлт тарихының құрамдас бөлегі болған Алтайдан ауып, Тибет жеріне босқан елдің трагедиялық халін көркемдік деңгейде айта алған.

Шәміс қаламынан туған «Ер Жәнібек» романы да автор жасампаздығының кемелдену жолындағы бір биігіндей көрінеді. Десе де, тарихқа құрмет етуді басты орынға қойған автордың бұл еңбегін «Бөке батыр» романымен салыстырғанда көзге ерекше түсетіндей ен-таңбасы жоқ екенін де жасыра алмаймыз. Тарихи шындық болған оқиғалар егжей-тегжейлі баяндалғанымен жалпылық тұлға жақтан Жәнібек бейнесі өз айналасынан немесе ұсақ рулар шеңберінен ұзай алмай қалған. Дегенмен тарихи тұлға Жәнібек образын тіктеп оны бүгінгі оқырман көзіне кешегідей елстетіп, қарапайым оқырмандардың көңілін тапқаны да рас.

Тарихи тақырыпқа ат салыса кіріскен ендігі бір жазушы Батырхан Құсбегин. Ол «Жан», «Зұқа батыр» романымен көпке таныс. Батырханның «Жан» романындағы бір ерекшелік сол дәуірдің суретін шеберлікпен жасап, кейіпкерлер характерін дәл беруі десек артық айтпаған болар едік. 1940 жылдардың алды-артындағы Шынжаңның аумалы-төкпелі саяси жағдайы, Үрімжі қаласындағы қарсылас топтардың, жекелердің арбасқан айлакері, өзара жауыздығы жазушы қаламынан өзіндік өрнек тапқан. Әсіресе Сары Ноғай образы өзіне тән қасиеттерімен, даралығымен есіңізден еш кетпейді.

Батырхан қаламынан туған екінші бір кесек туынды «Зұқа батыр» романы. Онда ХХ ғасырдың басында өткен Зұқа Сәбитұлының жарлыларға жоқшы болып, елдің елдігін қорғап, үстемдікке мойын ұсынғысы келмеген тәкәппар өрлігі бейнеленген. Зұқа образы барынша ашылып, көркемдік деңгейге көтеріле алған. Десе де Қытай қоғамындағы «саяси салқындықтың» әсерінен жазушының қаламының қалтыраған сәттері де сезіледі.

Елді елең еткізіп, сонау ел білмес ескі заманнан сыр ақтарған, жеті қабат жер астынан алтын іздегендей Сұлтан Жанболаттың «Елжау Күнби», «Саншура Күнби» романдарының да аңысы аз емес. Осыдан бірнеше мың жыл бұрын дәурендеген үйсін елі және оның билеушілері жайында қалам тербеу жазушының «батырлығы» екенінде шүбә жоқ. Елжау романда қазақ ұлыстарының ортасындағы шебер дипломат, саясаткер, құрметті ел билеушісі ретінде ортаға шығады. Осындай киелі тақ иесі билеген үйсін елінің сан қилы дәуір оқиғаларын, өмір шындығын, мифтерді көркемдік тұрғыда оқырманына жеткізе білу жазушының басты табысы. Кейбір байымдаулардың ұзын-сонар болуымен табиғатқа тән әдебиеттік бояулардың кемдігі тұтас шығарма тұлғасына ақау түсірмейді.

Тарихи оқиғалар мен тұлғаларды бейнелеуде өзіндік даралығы­мен танылған Мағаз Разданұлының  «Алтайдың ақиықтары» романының да сүбесі қалың. Роман ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басқы мезілдерінде өмір сүрген Алтайдағы төрт би және төрелер төңірегінде сыр шертеді. Қасиетті төрт орынның күлтөгері, ат байлары болған кейінгі мұрагерлері жайында сөз қозғап, соның қасиетін Өміртай Нәштенұлынан іздейді.

Мағаз шығармаларының өзгеден ерек көзге көрінер қасиеті тарихи тұлғалардан сөз қозғағанда ғасырдан асқан баяғының қариясындай  өткен өмірдің өзімен тыныстас киелі сөзді қозғай­тын­дығы. Енді бір жағынан қарасаңыз әлдеқайда ұмыт болып бара жатқан қазақтың ежелгі тұрмыс-тіршілігінің, толғауы тоқсан қызыл тілді ырқына көндірген би-шешендердің қағысуларының «энциклопедиясы» сияқты. Тарихи тақырыпты бейнелеу жағында Мағаздың үзеңгілестерінен көш бойы ілгері екенін бәріміз де мойындаймыз. Солай да. «Алтайдың ақиықтары» романынан «көлеңке» іздер болсақ тақырыптың тақиясы тар болғанын да жасыра алмаймыз. Роман Алтайдың ақиықтары жайында сыр шертуден басталады. Басында төрт би төре және оның кейінгі мұрагерлері төңірегінде кеңінен әңгіме қозғаған жазушы романының орта бөлігіне келер келместен-ақ жорғасынан жаңылып, бар қасиетті Өміртайдың бойына ғана үйіп төгеді. Ендігі Алатайдың ақиығы жалғыз Өміртай ғана болып қалады да, «ақиықтары» деген көптік қосымшаның парызы өтелмейді. Бұл тек тақырыптық жақтағы кемістік көрінгенімен романның өзге артықшылықтарын көлеңкелей алмайды. Мағаздың қара сөздің қайығы екендігіне иланбайтын жан жоқ.

Жазушы Шайсұлтан Қызырұлы «Бұлаң дүние», «Дабыл», «Қайқая шапқан қаракер» романдарымен 1930-1940 жылдар ішіндегі Алтайдағы қазақ малшыларының ұлт азаттық көтерілісін тілге тиек етеді. Бірінші, екінші кітапта жалаң баяндау басым болса да «Қайқая шапқан қаракер» романы Шайсұлтанның бүгінгі биігін көрсетіп берді. Автордың тарихи тақырыпқа тереңдей бойлауы, жалықпас ізденісі, өмір шындығын нақты бейнелеуі бұл роман­дарды оқырмандар таласа-тармаса оқитын еңбекке айнал­дырды.

Әңгіме повестермен Шынжаң әдебиетінің алдыңғы биігінен көрінген Күнгей Мұқажанұлының «Өр Алтай» романы да тарихи романдардың бел ортасын баса алады. Алайда, тарихи болмыстарды жеткізудегі жемістерімен бірге олқылықтары да көзге түседі. Дегенменде, «Тайталас» сынды повесімен елді елең еткізген жазушының бұл романының аңыз-әңгімелердің қоспасы секілді жұтаң шыққанын қалай жасырамыз. Бұған бола қара сөздің қаймағын қалқып, майын шелдейтін жазушының әдебиеттен алар орнына ешкімнің таласы жүрмейді.

Әйгілі бай, Отаншыл қайраткер Баспай сынды тарихи тұлғаға жазылған «Баспай» романы Зейнолла Сәнікұлының әдебиеттегі бір биігін көрсетеді. Онда Баспай тұлғасы тарихи шындыққа құрмет етіле отырып, әдебиеттік өремен жеткізілген. З.Сәнік еңбектерінің ерекшелігі тарихи дәлелдерді тәптіштей зерттеп шындыққа барын­ша жақын қалам тербеуі. Бұл жағынан кейде тарихқа құрмет етемін деп көркемдікті ақсатып алатын жағдайлары да көрініп қалады.

Асылхан Багенұлының «Қасен генерал» романы, Мұхтар Самажанұлының «Бейсенбі би» романы, Қостай Жақияұлының «Дәлелхан генерал» романы әдебиет пен тарихтың қатынасынан қарағанда әдебиеттік көркемдігінен гөрі эсселік, деректілігімен құндылыққа ие еңбектер саналады.

Серік Қауымбайұлының «Жәке би» романы тарихи жекені әдебиет биігіне көтере алды десек те романның кейіпкерлер характерін ашу, тақырып талдау жақтағы олқылықтары бірден көзге ұрады. Десе де, жазушының  өзіндік тыныс танытқысы келген жан айғайы, ізденісі басым.  Тарихи тақырыпты  бейнелеуде көне сүрдектен қашып, жаңаша жол іздегені көрінеді.  Автор кем сөзді болуға талпынды ма, роман қамтитын кейіпкерлері мен өрбіген оқиғалықтары жағынан повестік деңгейден көтеріле алмаған. Алайда мәселе оның роман иә повесть болуында емес, сапасында ғой.

Шынжаң қазағында соңғы жылдары жарық көрген Оразхан Ахметұлының, Жұмабай Біләлұлының, Шәміс Құмарұлының жаңа романдары мен Шаймұрат Қамзаұлының «Орданың соңғы көші»  (Шынжаң халық баспасы, 2003 жыл), Қабдеш Жәнәбілұлының «Ардагер» (Ұлттар баспасы, 2008 жыл) романдарының сақасы салмақтылау болды.

Ал Шынжаңдағы қазақ романдарының Қазақстан жағында жарық көруіне келсек, Қ.Шабданұлының «Пана», «Қылмыс» (1 том), Б.Құсбегиннің «Зуқа батыр», С.Жанболатовтың «Елжау күнби», З.Сәніктің «Баспай», Ш.Құмарұлының «Бөке батыр» романдарын атауға болады. Шынжаңнан 1993 жылы елге оралған көрнекті жазушы Ж.Сәмитұлының «Сергелдең» (4 том) романының да әдебиетімізге берері мол. С.Қапшықбайдың «Жоқ», О. Егеубаевтің «Тағдыр тәлкегі немесе көк бөрі», Т.Рыскелдиевтің «Ұлы көш» романдарының да өзіндік айтары бар.

Тарихи романдардың барлығының төрт құбыласы түгел деуден аулақпыз. Әлем әдебиетінің шыңына шыққан шығармалардан да «тарыдай мең» табылуы әбден мүмкін. Қазақ тарихи романының атасы болған Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопиясы да мінсіз шығарма емес. Атап айтқанда Құнанбай образы мен Абай образын екі тап өкілі ретінде бөліп алуы жазушының «саяси сақтығынан» туса да, ат құлағынан ақсамас десек те, шұнақтың аты шұнақ қой дейтін ой салады. Бірақ бұған бола Мұхтарды және оның «Абайын» кімде-кім әлем әдебиетінің төрінен түсіре алмайды.

Тарихи романдарға баға беру тарихтың, болашақтың борышы екені шүбәсіз. Бір жазушының жүрек қанын сарқып, көз майын тауысып, күнді түнге, түнді күнге жалғап жазған кесек шығармасына бір ауыз сөзбен жеңіл-желпі баға беру қиынның қиыны. Солайда жоқтан бар жақсы деп өзімізді жұбатқанмен де барға баға керек болады. Шынжаң қазақ әдебиетінің бүгінгі жағдайына көз салғанда даму, есею үстінде екеніне қанағат етпей болмас. Сол қанағаттың көңілге сыйлаған тоғайыңқылығы болашақ әдебиеті үшін «жаңа роман төңкерісінің» қажеттілігін ұқтырады. Бүгінгі қытай  (ханзу) әдебиетінің кейінгі толқынында әлем ағымына ілескен жас жазушылар шоғыры көптеп өмірге келді. Әсіресе әлем әдебиетінің озық үлгілеріне бізден бұрын қол жеткізіп отырған ондағы жас буынның болашағына деген үмітіміздің үкісі желбіреп тұрғанын да ашық айтуымыз керек. Түбі біздің ат байларымыздың бірі – Шынжаң қазақ әдебиеті боларында дау жоқ.

 

Жәди Шәкенұлы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑