banner-top12

Салт-дәстүр 13815577115258e5cf65e89

Қосқан уақыты Ақпан 25, 2016 | 759 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ШЫРАҚТЫ ЕШУАҚЫТТА ҮРЛЕП ӨШІРМЕЙДІ

«Болсын ылғи есіңде,                                       

Шамды үрлеп өшірме!»

             Мұзафар Әлімбаев

 Халқымыздың ежелден қалыптасқан күнделікті тұрмыс-тіршілігінде қолданылып келе жатқан көптеген әдет-ғұрыптарымыздың, салт-дәстүрлеріміздің, ырым-тыйымдарымыздың және наным-сенімдеріміздің әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні өте зор. Осындай өнегелі тағылымдық маңызы зор әдет-ғұрыптардың бірі – тікелей «шырақ» ұғымына қатысты айтылатындығын айрықша атап айтуға болады.

Қазіргі кезде шырақ жағу әулиелі және қасиетті орындарда жиі қолданылады. Мұндай киелі орындарда шырақ жағушыны «шырақшы» деп атайды. Сонымен қатар, шырақ жағу көбіне қайтыс болған адамның жетісіне, не қырқына дейін жағылады. Шырақ жағу нанымы бойынша қайтыс болған адамның рухы отқа айналып, арулап жерлеген орнынан алыс кетпейді деген ұғымды білдіреді.

«Шырақ» сөзі – халқымыздың ырым-тыйымдары мен наным-сенімдері бойынша әрі қасиетті, әрі киелі ұғым мағынасында қолданылады. Өйткені, «шырақ» деген сөз – «жарық», «нұр», «сәуле», «үміт оты»  және «өмір» деген сөздермен мағыналас мазмұнда айтылатыны көпшілікке мәлім. Тіпті өзіміздің етжүрегіміз елжіреп, ерекше еркелететін ұл-қыздарымызға «шырағым», «жарығым» деген сөздерді де жиі қолдану арқылы оларға деген жүрек жылуымызды,  алақанымыз бен  ыстық ықыласымызды арнаймыз.

«Шырағым», «шырақтарым» деген қазақ халқының қасиетті ұғымында адамға тән мол мейірім, шаңырақ шапағаты, ақниет, ыстық ықылас байқалады.    «Шырақ», «шам», «шамшырақ», «шырағдан» деген сөздер жарық беру үшін қолданылатын құрал-жабдықтарға қатысты айтылады. Бірақ та, қазіргі кезде бұл жабдықтар өте сирек қолданылатынын білеміз. Ал, ерте кездерде бұл жабдықтар тұрмысымызда кеңінен қолданылып, олар жайында көптеген ырым-тыйымдар мен наным-сенімдер қалыптасқан.

Қазақ  халқының біртуар айбынды әрі, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлы ұлттық тәрбиелердің құнды деректермен мол «Ұшқан ұя» (2008жыл) құнды кітабында өзі дүниеге келгенде ел қариялары Баукеңнің атасы Имаш қариядан немересіне бата беруін өтінгенде оған атасы: «Елінің тілегі зор еді – шырағы болсын құлыным» – деп батасын берген екен.

Қазақ тілінде тікелей шыраққа қатысты тыйым сөздер, аңыз-әңгімелер, қанатты ойлар, даналық нақылдар, теңеу сөздер мен сөз тіркестері көптеп кездеседі. Мысалы:

*«Отбасы тату болса, шырағы жанар»;

*«Шырағың өшпесін»;

*«Шырағың жанып тұрсын»;

*«Қыз қырық шырақты»;

*«Шаңырақтың шырақшысы»; 

*«Қауіпті төндіргенше, шырақты сөндірме»;

*«Көзің шырақтай ашылсын»;

*«Шырағың сөнбесін, қауіп-қатер төнбесін»;

*«Шырағың өшпесін, бақытың көшпесін»;

*«Шырағы бар» (артында қалған ұрпағы бар);

*«Шырағы жанды» (ұрпағы жалғасып, өсіп өнді);

*«Шырағын сөндірмеді» (жақсылыққа жолықты, үмітін үзбеді);

*«Шырақ көрмеді» (жақсылық көрмеді, көзі ашылмады);

*«Шырағы сөнді» (үміті үзілді, өмірден озды);

*«Жақсының үлгісі – жанып тұрған шамдай»;

*«Туған балаң жақсы болса, тән мен жанның шырағы емес пе!» (Қазыбек би);

*«…Балаң халал болмаса, азаматтар, жігіттер пайдасы жоқ шырақтың» (Шортанбай Қанайұлы);

*«Жақсыдан жаман туса, шам-шырағының өшкені»;

*«Шам-шырақтай жайнамай, ер деп атақ алмайсың» (Дулат Бабатайұлы);

*«…Таппаған сорлы адамнан сөнер шырақ» (Абай);

*«Шам отындай лапылдап жанғандай» (Мұхтар Әуезов);

*«Жақсыдан жаман туса шам-шырағының өшкені емес пе?!»;

*«… Шырағын жағар  ұлысың, ата менен ананың» (бата);

*«Ел –жұртым, сізге айтам, бірлікті бол шырақтар»;

*«… Көпшілікке жаққан жай, басыңа жаққан шырақ бар. Ешкімнің хақын жемеңдер, артында оның сұрақ бар» (Қабылиса бабамыз);

*«Жақсы қызың- мәңгі сөнбес шырағың»;

*«Шырақ жаққан періштең шегінбесін» (Кәкімбек Салықов);

* «Әйелі бар үйдің шырағы сөнбейді» (Итен Қарымсақұлы);

*«…Намысымның шырағы да – Желтоқсан» (Аманғазы Кәріпжан) – деп, айтылатын ауызекі әңгіме де жақсы адамның шырақтай айналасына шарапаты тиетінін аңғартады  және т.б.

Халқымыздың көрнекті ақыны Ғұсман  Жандыбаевтың өлеңдерінде де шырақ жайлы жағымды жазылған шұмақтар көптеп кездеседі. Мысалы, «Қызыл шырақ» деген 16 шұмақтан тұратын өлеңінде:

«… Қарайық жылу шашып шырақ болып, біріміз біріміздің бетімізге»;

 «Жолында әр адамның бір-бір шырақ Маздасын зұлымдыққа қарсылық боп»;

«… Дүние бүтіндігін күзетуші, сол шырақ тұра бергей мәңгі жанып!»;

«… Татиды қос жанарың мың шыраққа»;

«… Келемін жырдың шоғын талмай үрлеп, Даламда жанған шырақ өшпесе деп»;

«… Қара түнде қалтырап жанған шырақ, Үзілмегін ғұмырың жалған сын-ақ»  және т.б. 

Әйтеке би бабамыздың артына қалдырған нақыл сөздерінде:

 «…Баласы жоқта, мият жоқ, бәрінен де сол қиын, түнде жанған шырақ жоқ, артта қалған тұяқ жоқ, шүкіршілік етіңіз!» – деген сөздерінде «түнде жанған шырақ жоқ» – деген ұғым артында өмір жалғастырар ұрпақ жоқ дегенді аңғартып тұр.

«Шындықтың шырағын жағып жүрген адам» деген сөз тіркестері адал азаматқа және арлы адамға ғана айтылады.

Өмірден озған адамның рухы үшін жеті, не қырық күнге дейін шырақ жағып қою сенім-нанымы да кездеседі. «Шырақ жағу» зорастризмдік наным мен сенімдерден бізге жеткен дәстүр деп атауға болады. «Шырақтың беймезгіл өшкені, Бақыттың бастан көшкені» (Халық даналығы).

Ерте кездерде ескіше жаңа жылды қарсы алу алдында (21-наурыз күні) жаңа жыл табалдырықтан аттап үйге енгенде «Жалғыз шала сәуле болмас» – деп төрге қос шырақ жағылатын дәстүр болған.

Шақшақ Жәнібек батыр кенже қызын өзінің бір досының ұлына ұзатқан екен. Жәнібек батырдың сол қызы әкесі өлгенде келіп, «…Ұлыс сайын басыңа жұп шырақ жағып қоймас па ем…» – деп жоқтау айтқандығы туралы да деректер сақталған.

Ертеде елге аты белгілі бір данагөй би өзінің өмірден өтер алдында жиған бар қазына-мүлкін ұлдарына қалдыру үшін үш ұлын шақырып алып, «үйімнің ішін қажетті бір затқа толтырғандарыңа бар жиған қазына мүлкімді қалдырамын», – деп уәж айтқан екен. Сонда тұңғыш ұлы қап-қап сабан әкеліп, үйдің ішін сабанмен толтырса, ортаншы ұлы үйдің ішін құс жастықтың ішіндегі мамықты шашып толтырыпты. Ал, кенже ұлы бір шырақ әкеліп, оны жағып, шырақтың жарығымен үйдің ішін толтырған кезде оған  дана би кенже ұлының тапқырлығына тәнті болып:  «Мирасымды саған қалдырамын. Өйткені өмір сүру дегеніміз – айналаңа жарық шашу!» – деп, өзінің жиған бар қазына -мүлкін соған қалдырған екен деген аңыздың астарында шырақтың адам өмірінде қаншалықты маңызы бар екендігін аңғартып тұр.

«Бақыт деген есігі ашық, шырағы жанған шаңырақты таңдайды» деген көсемсөзші, әрі жазушы Жақау Дәуренбековтың қанатты сөздерінде шырағы жанып тұрған үйден құт-береке үзілмейді дегенді аңғартады.

Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев ағамыздың адуынды ақын Мұқағали Мақатаевтың «Сөнбейді, әже шырағың!» деген өлеңі өміріңіздің жалғасы бар үкілі үмітіңізді үзбеңіз деген ойды білдіріп тұр емес пе?!

Халқымыздың ерте кездерде қалыптасқан тұрмыс-тіршілігіне қатысты салт-дәстүрлердің білгірі көрнекті этнограф ғалым Жағда Бабалақұлы атамыздың құнды деректерінің бірін атақты ақын Қасымхан Бегмановпен болған сұхбатынан кездестіруге болады: «… бұрынғы кездері қазақ отбасында майшам болатын. Ұйқыға кетер кезде майшамның отын үрлеп өшірткізбейтін. Білігін басып сөндіретін. Бұл да әдептілік. Әрі отты өшіру жақсы ырым емес. Өз отыңды өзің өшіргенмен бірдей боласың. «Отың өшпесін», «шарағың сөнбесін» деген тәмсілдерді халқымыз бекер айтпаған» (Қ.Бегманов. Халқы мықтының, салты мықты: (этнографиялық сұхбат). Алматы: «Өлке», 2010). Осы құнды кітапта Жағда Бабалақұлы атамыздың жаңа түскен келіндердің жанып тұрған шырақты үрлеп өшіруі дұрыс еместігіне қынжылыс білдіргені де жазылған. Бұдан біз шыраққа қатысы бар тәрбиелік мәні зор әдептілік қасиетті аңғаруымызға болады. Шырақты үрлеп өшірмейтіндігін, керісінше отты үрлеп жағатындығын ажырата білуіміз шарт.

Халқымыз «шырақ» және «от» деген сөздер бір-біріне балама ұғымдар ретінде де жиі қолданылатынын байқауға болады. Бұл сөздер жарық және сәуле беріп жарылқаушы деген мағына береді.

Халық Қаһарманы, батыр атамыз Бауыржан Момышұлының өмірден көрген және көңіліне түйген ұлтымыздың атадан-балаға және ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан рухани құндылықтары туралы келіні Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты» (2010) атты өте құнды кітабында Бауыржан атамыздың шырақ жайлы айтқан өнегелі өсиеттері туралы деректерді де көптеп кездестіруге болады. Осы кітаптың «Атаның маған айтқан ақыл сөздері» деген тарауында Бауыржан атаның екі түрлі шам (шырақ) туралы айтқан даналық нақылдарының мәні зор. Атаның айтуы бойынша бір-бірінен аумайтын екі шам болыпты. Оның біреуі өзін-өзі ерекше мақтап, «Мен неткен әдемімін, мен қандай жарықпын, мен алаулап тұрамын, мені жұрт түгел көруге тиіс, көруге міндетті. Егер маған назар аудармаса, құлаймын да бәрін өртеп жіберемін» деп мақтанады екен. Ал, екінші шам: «Менің жарығым айналама жетер ме екен, төңірегіме жарығым түгел түссе ғой, менің жарығыммен біреу кітап оқып, біреу жазу жазса, енді біреу кесте тіксе, менің жарығымның септігі тиіп, сәби шошымаса депті. Мұны не үшін айтқанымды ары қарай өзің ойлан» деген пікірі кімге болса да ой салары хақ. Бұл арқылы Бауыржан атамыз екі түрлі шырақтың екі түрлі қасиетін кейінгі ұрпақтарға өсиет етіп отыр.

Осындай ғасырлар бойы қалыптасқан аса құнды ұлттық рухани әдет-ғұрыптарымыздың тағылымына мән бермей, кейде салғырт қарауымыз сирек те болса өмірде кездесіп жатады. Мысалы, үйлену тойларда әкелінетін торттың айналасында жанып тұрған шырақтарды жас жұбайлардың үрлеп өшіріп жатқандығын байқаймыз. Бұл кезде өмірден көргені мен көңілге түйгені бар жасы үдкендердің бұл ырымның дұрыс еместігін ескерту қажет-ақ. Шырақты үрлеп өшіру басқа ұлттардан жұққан жағымсыз әдет екендігіне  көпшіліктің көңіл бөлмейтіні өкінішті-ақ!

Осы жылдың наурыз айында «Астана» телеарнасынан еліміздің солтүстік өңірінде тұратын бір кейуананың 114 жасқа келгендігі туралы хабарды көріп қуанып қалдық. Бірақ та, сол кейуананың мерейтойына арнап әкелінген торттың айналасында жанып тұрған шырақтарды баласы (мүмкін немересі болар) үрлепөшіруін өтінді, кейуана шырақтарды үрлеп өшіргенін көргенде, көңіліміз құлазып, бұл не деген әдепсіздік деген ой көкейімізде тұрды да қойды. Кейуананың шырақты үрлеп өшіруге болмайтынын білмеуі өкінішті-ақ!

Бұл көрініс тікелей осы мақаланы жазуымызға түрткі болды. «Білімдіден не пайда білгенін көпке айтпаса, үйреткеннен не пайда қарымтасы қайтпаса» деген даналық нақыл ойға  оралып, шырақ жайлы халқымыздың тағылымдық мәні бар наным-сенімдерін және ырым-тыйымдарын Зейнеп Ахметованың жоғарыда аты аталған кітабындағы Шырақ атты сақ жігітінің елін сақтап қалған ерлігі айтылған әңгімесін кейінгі жастарға үлгі етіп айта жүруіміз үлкендердің парызы деп білеміз.

Шырақты қасиетті әрі киелі екендігін халқымыздың тікелей шыраққа қатысты қойылған адам есімдерінен де байқауға болады. Мысалы, Шырақбай, Шырақбек, Шырақгүл және т.б.

Халқымыздың «Кеш жарық» деген ақ тілегіндегі «жарық» сөзі шырағың жанып тұрсын деген ниетті білдіреді.

Зейнеп Ахметованың кітабында тағы да чех жазушысы Вацлав Кубиктің 1963 жылы Бауыржан Момышұлы атамызға құрметпен «сәлемдеме» ретінде таза хрусталь шам «люстра» сыйлағандығы айтылады. Бұл шамды отбасындағылар аса қастерлеп, үйлеріне іліп қояды. 1982 жылы 3 маусымда сол шамды жағып жатқан кезде абайсызда от шығып, шам жерге құлап түседі. Бұл кезде Бауыржан атамыз ауруханада жатқан екен. «Шамның құлауы жай болмады. Жаратқан ием бізге белгі бергендей, тура 7 күннен соң, маусымның 10 жұлдызында атаның шырағы сөніп, өмірден өтті», – деп Зейнеп Ахметова есіне алады.

«Егеменді Қазақстан» газетінің 2014 жылғы 16 шілде күнгі санында «Шырағдан. Шықпаған жан және … үмітті таң» және сол жылғы 10 қыркүйектегі санында «Торттағы шырақ… «Отың өшпесін», «Ошағың сөнбесін» деп тілейтін қазақ халқы үшін жаман ырымды жасап жүрген кімдер?» деген мақалалар да шырақты үрлеп өшірудің қазақ халқының салт-дәстүріне, наным-сенімдеріне жат екендігі ерекше атап айтылған. Мысалы, «Қалалы жерде баласының туған күнінде торттың үстіне шырағдан жағып әкеліп, оны балаға өшірткізеді. «Отың өшпесін», «Шырағың сөнбесін» дейтін қазақ халқы үшін бұл жаман ырым. Бірақ оны ойлап жатқан ата-ана жоқ. Себебі қазақтың салт-дәстүрін қалада өскен ата-ананың өзі де білмейді» деп реніш білдіруінде зор мән бар.

Біз өзіміздің ұзақ жылдары бойы (50 жылға жуық) Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде ұстаздық қызметімізде ұлттық рухани тәрбие мәселесіне  ерекше көңіл бөлетінімізді қадап айтуымызға болады.

Халқымыздың заңғар жазушысы Мұқтар Әуезов Алматыда қыз балаларға арналып ашылған педагогикалық институтты бар ықыласымен қолдап, «Тәңір жазса, бұл институт қазіргі және болашақтағы қазақ қыздарының шамшырағына айналады. Осы шамшырақтың жарық сәулесі ешқашан сөнбесін дейік» – деп ақ ниетін білдірген екен.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына жолдауының бірінде «Ең алдымен, қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөлуіміз керек. Олар –  болашақ жар, болашақ ана, шаңырақтың шырақшылары» – деген ескертпе сөздерінің ішіндегі «шаңырақ шырақшылары» деген ұғым қыз баланың қоғамдағы алатын орнының қаншалықты маңызды екендігі атап айтылған.

Халқымыз «қыз – қырық шырақты» деген нақылының мәні де зор. Сондықтан да, қыз баланың шырағы жануы ұлттың ұлт болып сақталуының басты айғағы екендігін ешуақытта естен шығармауға тиіспіз. Қыз балаға арнап берілетін батада:                                       

Нәзік жаны болсын,

Елінің ары болсын.

Басына жердің бағы қонсын,

Ақ орданың шамы болсын.

Қарағым, сақта есіңде,

Шырақты үрлеп өшірме.

Абайсызда үрлеп-ап,

Басыңнан бақты көшірме – деген ізгі тілектер арнайы айтылады.

Қорыта айтқанда, біз бұл мақаламызда шыраққа тікелей қатысы бар өнегелі наным-сенімдерге және ырым-тыйымдарға шамамыз жеткенше талдау жасап, кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге болар деген ниетпен өз ойымызды ортаға салып отырмыз. Сөз соңында көпшілікке арнап, көңілімізде жүрген ақ батамызды да арнадық.

Жанып тұрсын шырағың,

Ағып тұрсын бұлағың.

Су жағалай жайқалып,

Өсіп тұрсын құрағың…

 

Рысбай Сәтімбеков,

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры.

Ғалия Медеуова, 

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық   университетінің аға оқытушысы.

Бағила  Жошыбекова,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік

Қазақстан мемлекеттік

университетінің оқытушысы.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑