banner-top12

Поэзия no image

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2013 | 810 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

  СОҒАДЫ ЖҮРЕК ҰЛТ ҮШІН  

Қысқаша өмірбаян

Мақсұтқан Дәлей ұлы 1958-жылы, Қ Х Р  Ш Ұ А Р- на қарасты Құмыл аймағы Баркол  қазақ автономиялы ауданында дүниге келген. Шинжиаң  жазушылар одағының мүшесі. 1999-жылы ата-мекенге көшіп келген. Содан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысады.

1980- жылдары  әдебиетке екпіндей кіріп көптеген өлең, толғау, дастандар жазып өз оқырманын тапқан ақын. Прозада да өзіндік қолтаңбасы бар. Оның «Телегейдің жүлдызы», «Қайырлар ма екен қайран жер», «Дөңгелек дүние», «Қарыс жер, бірақ алыс жер», «Қос терезе», «Қасымдағы адамдар…» қатарлы 30 дан аса әңгіме, повесттері өлкелік газет, журналдарда кеңінен жрияланған. Ата жұртқа келгеннен кейін де «Жұлдыз» журналы және де  басқа басылым беттерінде бірталай шығармасы жарық көрген.

Ақынның кейінгі кездері жазған бір топ өлеңін жариялап отырмыз.

Максуткан Далей

МЕНІҢ ҮНІМ

Таулар биік, тәкәппар таулар биік,

Тауды алдымен жатса да таңдар сүйіп.

«Қазақ» деген халықтан туғаны үшін,

Мен өзімді көремін таудай биік.

 

Ғалам шексіз болса да, дала байтақ,

Көкірегімде бір ғана жатады аймақ.

«Қазақ» деген халықтан туған үшін,

Көк туымды көтерем алақайлап!!!

 

Ұлтсызданған ұл болсаң, маған жолық,

Ұлт қадірін шынымен білем анық.

Ұлтым үшін соғады жүрек мына,

Біткенінше жанымнан көрер жарық.

 

ӨЗ ИТІМ

Арыстан да, арлан да,

Шибөрі де, қабылан да.

Ала түсіп жағадан,

Құтырына талаған.

 

Бұлаңдаған түлкі де,

Тікен-тікен кірпі де.

Жайын біліп ортаның,

Жоралыққа жортамын.

 

Дойыр мойын доңыз да,

Қорбаңдаған қоңыз да.

Тырмалайтын жерімді,

Тыңдамады  шерімді.

 

Күзен, қарсақ, мәлен де,

Құзғын, құмай бәрі де.

Сүйегімді кемірген,

Сүбелене семірген.

 

Түрмелеген атамды,

Дүрелеген апамды.

Сақау еткен баламды,

Матап өткен анамды…

 

Өтті бәрі, не керек,

Дей алмаймын сенер жоқ.

Тәуелсіздік таңы атып,

Құрдық бәрін жаңартып.

 

Бар бірақ та алаңым,

Көңілімде нала мұң.

Елді алмайды кәперге,

Қашатындар жат елге.

 

Құрық жасар сырық көп,

Бірақ, қолда құрық көп.

Тайраңдайды «Алкеуде»

Сайрандайды жат елде…

 

Табылмайтын дәрумен,

Қиын екен бәрінен.

Өз итіңнің қапқаны,

Кінәсі тек баққаны.

 

ЖАН ДАУСЫМ- АЙҒАЙЫМ

 

Іштен тынып шерленем,

Тірі жүріп жерленем.

Ердің басын ит жесе,

Болам қалай көрмеген.

 

Отыра алман үндемей,

От маздай ма үрлемей.

Ақиқатты іздеймін,

Үміттен күдер үзбеймін.

 

Жүрек сөзім- айқайым,

Қайсы бірін айтайын.

Шын жаныммен сеземін,

Бір шындыққа сенемін.

 

Түрі қазақ, тілі орыс,

Бар ма, жоқ па қолда күш.

Жаның шошыр ісіне,

Кім сенеді, түсім бе!?

 

Менің зарым, көп зары,

Көп ішінде көкжалы.

Мен демейін, «мендер» көп,

Шын жанымды емдер жоқ!

 

АҚЫН

Керек емес тәжі, тақ, атақ, мәнсап,

Жүрмейді оны шын ақын қалап, аңсап.

Ақын деген – ақиқат атойшысы,

Тілемейді біреуден пана-паспақ.

 

Тайынбайды таяр деп бақ басымда,

Болса айыбы шенейді патшасын да.

Біледі тек, жайқалар гүл болуды,

Халық атты құдірет бақшасында.

 

Жаны әділ, болса да алтын көмей,

Лауазымды шекпеннен ақын кедей.

Сойылға да сол бұрын жығылады,

Жаратса да тәңірі оны егей.

 

Түсін оны,  түсінбе сүйінішін,

Жүрегінде тек халқы, сүюі шын.

Өзін емес, өзгені болсын дейді,

Арпалысар жанымен биік үшін.

 

Болмасам да жансебіл, жаны берік,

Тұрмаса да кеудемді жалын керіп.

Ақынжанды қазақтың қаны барды,

Мен де келем солардың шаңына еріп.

 

Менің бағым мезгілсіз солар демен,

Жол тапсам да, адассам соларға ерем!

Арпалыста жүретін қоғам мынау,

Аластамас мен одан, олар менен.

 

ҚАЗАҚТЫҢ НАҒЫЗ МІНЕЗІ

І

Басыңды байлап кесірге,

Есірме «қоңсым», есірме!

Асауға құрық салатын,

Менде бар нағыз кешірме.

Атаңның құны болса да,

Ісініп жүрсің несіне,

Қазақта өр бір мінез бар,

Қояйын салып есіңе!

 

Жұдырық қатты болғанмен,

Рухты жеңбес зорлаумен.

Асаулық орға жығады,

Астамдық бетке шығады.

Айықсын «қоңсым» басыңнан,

Қомсынудың тұманы.

Кешегі көршің мен емес,

Қақың жоқ бүгін елемес.

 

Болмадың-ау, кімсің деп,

Кім болар деп жүрсің тек.

Мен ешкім де емеспін,

Тәуелсізбін, дербеспін,

Елдескенге елдеспін,

Тектілікке теңдеспін…

 

Жабығып жүрсең шуақпын,

Шөліркеп жүрсең бұлақпын.

Қинала келсең бауырмын,

Қыдыра келсең ауылмын.

Түсіне білсең мамықпын,

Күпие кірсең қамықтым.

Сыйласа білсең құлыңмын,

Сынаса кірсең зұлыммын.

Бабымды тапсаң сұңқармын,

Бағымды тапсаң тұлпармын.

Иімді білсең терімін,

Шұбалаң емес, серімін.

 

Келіп тұрса танығың,

Жалған емес, анығым.

Тасырқамас тас басса,

Тарғыл тұяқ тағымын.

Жағасызға жағамын,

Ағасызға ағамын.

Жалғыздарға інімін,

Жапырағы, гүлімін.

Білімдіге бүгілем,

Жүйеліге жүгінем.

Жоқ-жітікке торқамын,

Жоғары емес ортамын.

Бір Алладан қорқамын!

 

Мінезімді сұрасаң,

Міне осындай ғажайып.

Күрсіне кеп жығылсаң,

Жат пәледен тығылсаң

Балын берем ләззаттың.

 

Қағидам бар бір қасаң,

Арыстанмын туласам.

Өйткені мен – қазақпын!

Жауға келсең жауызбын,

Қасқырдай қанды ауызым.

Түлкілерге қақпанмын,

Түркілерге мақтанмын.

 

Жетім көрсем анамын,

Жетім көрсем панамын.

Жүре білсең жолыңмын,

Жүзе білсең көліңмін.

Ұстаймын деп құрықпен,

Ұмтылмаңыз қулықпен.

Адал ниет, ақ болсаң,

Бақытыңа бақ қосам!!!

 

ІІ

Ашық жатқан даладай,

Аңқылдақпын баладай.

Еркелесең ағатай,

Елжіреймін анадай.

 

Аң секілді қоңырқай,

Еркін жүрген таудағы.

Көсем ойлы, көңіл жай,

Қумағамын саудаңды.

 

Салсамдағы барымды,

Сатпағамын арымды.

Сақтағамын қанымды,

Ұлтым өнген тамырды.

 

Көргемін жоқ кем өлшеп,

Көйлегімді мол пішкем.

Сондықтан да кең өлкем,

Қоршалмаған кірпішпен.

 

Аш қалсам да атамды,

Баққызбағам бөтенге.

Боссам дағы ботамды,

Сатпағамын жат елге.

 

Жетімдерін жылатып,

Жеті атамыз көрмеген.

Жесірлерін бұлатып,

Жеті байға бермеген.

 

Келіндерді- қызым деп,

Қыздарыммен тең көрем.

Күйеулерді ұлым деп,

Құшақ жая шен берем.

 

Ағайыным сүрінсе,

Асарлатып тұрғызам.

Шетінен ірку білінсе,

Түп тамырын жұлғызам.

 

Қой өрістен көргенде,

Қапы қалма елемей.

Емес жаным шерменде,

Шүлендігім телегей.

 

Мұнарасы қаламның,

Аласа екен демеңіз.

Кеңдігінен даламның,

Кең көсіліп келеміз.

 

Танымасаң бауырым,

Солай менің ауылым.

Қазақ деген ел болам,

Қара ұлы мен болам.

 

Аязда да ит өлген,

Мұз үстінде көгенем.

Намысымды егесең,

Нар болсаң да шөгерем.

 

Алам десем аламын,

Берем десем беремін.

Қарды қалап жағамын,

Тасқа тары егемін.

 

Итінбеймін бөгдеге,

Жемесем де мен қалжа.

Балын құйып берсе де,

Иімеймін монтанға.

 

Саным рас, аз, иә,

Бірақ, солай батырмын.

Еуропа мен Азия,

Жүрегінде жатырмын.

Мақсұтқан Дәлей ұлы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

,

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑