banner-top12

Поэзия 3280

Қосқан уақыты Желтоқсан 20, 2018 | 258 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

СЫРДЫҢ СЫРЛЫ ЛЕБІЗІ

Сыр Алашым

Сыр Алашым мақтаным, жырламай сені жатпадым ,

Күнім батып өзіңмен , атқан сенен ақ таңым.

Төскейіңнен бал еміп төрт түлігің шұбырған,

Елге байлық қара алтын ағып жатқан құбырдан.

Топырақта киелі келген батыр , ақын да,

Білгіңіз кеп құмартсаң  кəне бері жақында,

Төгіл жырым көмейден , ал таңдайым тақылда.

 

Жанқожа мен Жалаңтөс жаудан бұғып көрмеген ,

Жақаев пен Жадыра күріш егіп терлеген.

Тұрмағанбет, Нартайлар өнерден есе бермеген,

Əбдіжəміл болмаса жазылмас “Қан мен Тер” деген.

 

Тоқмағанбет Асқарым  таусылмас  мəңгі дастаным ,

Бүкіл əлем бас ұрған Жұмаділдаев Асқарым.

Ералықызы Мəдина сахнаның сəні еді,

“Қош қоңыр күз”  əдемі соңғы айтқан əн(і) еді.

 

Сыр-Алаштың анасы деп бекерге айтпаған ,

Ұлы тұрмақ қыздары жаудан беті қайтпаған.

Елге суы байлығы Сырдария өзені,

Ғасырымның сарқылмас ол мəңгілік өзегі.

 

Қос ғасырдың куəсі айналайын Сыр елім,

Жаса , жайна мəңгілік сөз жетпеген жыр елім.

Басшыға да, қосшыға жөн сілтеген киелім,

Ғалам тірі тұрғанда сені мəңгі сүйемін

 

Қоғам айнасы

Сыйдан да кетіп,

Иман да кетіп құл еткен.

Сезім де қалмай,

Пейіл де оңбай,

Адамды əбден жүдеткен.

Тайдырып жолдан ,

Азғырып сайтан,

Иманды бұзар күзеткен.

Қыздарын сатып,

Жалаңаштантып,

Кетірді иба, ізеттен.

 

Сезімің – серке,

Ой-санаң ерке дегбірсіз болып бұлданған.

Заманың мынау,

Жан-жағың қырау,

Құранмен молда пұлданған.

Айтарың шатпақ,

Жан-жағың батпақ

Тереңге батып болғандай.

Қарасам қоғам ,

Суалып болған тоғанға ұқсас сормаңдай.

 

Қазағым, сөйле қазақша

Елдігімді білдірген ана тілім,

Өзге тілге ұқсамас дара тілім.

Ал бүгінде екі оттың ортасында,

Қазағым-ау, жылап тұр Қазақ тілің.

 

Таразыны тең ұстап тұрғандаймыз.

Өзгеше бір ғылымды құрғандаймыз.

Таразының бір басын дүбара ғып,

Тілімізді төбеден ұрғандаймыз.

 

Хабарлама жазсаңыз “сəлем!” деген,

“Привет”боп қайтады сəлемдемең.

Өз ұлтына өзгеше жауап берген,

Естімеппін ешкімді əлемде мен.

 

Əлеуметтік желіде топтарың көп,

Не дегенмен оларға тоқталым жоқ.

Өз тілімді шұбарлап жатса  олар,

Бір минөтте  ол жерге тоқтағым жоқ.

 

Қазақ тілім жетімнің күйін кешті,

Қан жылайды жүрегім. Күйінішті.

Босағадан сығалап еніп алып,

Ағылшының тұңғиық суыңды ішті.

 

Солтүстігім орысша сайрағанда,

Орыс қалар аңқиып айдалада.

Деген кезде Оңтүстік “əпше, ака”

Жолда қалар саудагер өзбек ака.

 

Тілімізді осылай шұбарладық,

Шұбарландық, əр тілге құмарландық.

Тек əйтеуір құдайға шүкіршілік,

Құранымды мойынға тұмарладық.

 

Осы тұмар тұрғанда бойымызда,

Қайта айналып түзелер ойымыз да.

Өзге тілдің бəрін біл! Оқыңыздар!

Қазақ тілін тек ойға тоқыңыздар

 

Үміт — желкен

Құламасын желқайық теңізіңде,

Бақытты жол қалсыншы тек ізіңде.

Жарлауыт жағалаудың сеңін бұзып,

Жолаушы, еркін жүзші теңізіңде.

 

Үміт – желкен  жабырқап қайыспасын,

Ескегі қайығыңның майыспасын.

Құмның бөгет болмасын таязы да,

Жауратпасын ақ мұздың аязы да.

 

Арман-теңіз  айдыны толқындалар,

Сан ойлар мазасыздық ұйқыңды алар

Кейде бұлт, кейде болар ашық аспан,

Жыр өлең қаршыға боп тұйғындалар.

 

Көл-айдын аққуымен нұрланады,

Бір күні бал сезім де ұрланады.

Көкте -күн , жерде түрлі гүлдер ғана,

Ақынның көмейінде жырланады.

 

Осылай  уақытша біз-қайықпыз,

Мәңгілік тірі қалмас біз-ғайыппыз.

Пенделік жасауменен күн өткізген,

Жаратқан, алдыңызда біз айыппыз.

 

Арман-теңіз  тоқтамай шарқ ұрады,

Өмір-толқын аяусыз жарға ұрады.

Бұйрық кеп тоқтағанша жүрегіңіз,

Үміт— желкен құламасын тірегіңіз

 

Күз

Аямай жұлқылайды жел екпіні,

Қара күз көрді дейсің елеп кімді.

Айырылып жапырағынан дір-дір етіп,

Үй артында мұңайып терек тұрды.

 

Тырналар әсем әнмен тыраулады,

Терезе жақтаулары қырауланды.

Күздеуде отырғандар үйін жығып,

Жылқышы асау тайын құраулады

 

Жапырақ басып жатыр сай-саланы,

Бояп ап  алтын түске айналаны.

Жып-жылы соққан соңғы самал желі,

Жер бетін шуағымен аймалады.

 

Кеудеме  мұңын сыйлап тырналарым,

Қимастық сезіммен кеп тырналадың.

Селдіреп үй артында тұрған терек,

Әуеніне биледі  тырналардың.

 

Сол күндерді сағындым

Сүлейлердің ізімен сүбелі сөз бастайын,

Ақ қағаздың бетіне сезімдерді тастайын.

Буырқанған  Ойсылдай жырдан көбік шашайын,

Көбік жырға малынып көңіл сырын ашайын.

 

Ойнағанбыз талай біз анауу жатқан қыратқа,

Сол қыратқа есейіп бармай жүрміз бірақта.

Мынау жатқан сары бел ата-анамның қонысы,,

Əкем марқұм жүруші ед шаңға  толып қонышы.

 

Үш бөлмелі тоқал там сарайындай патшаның,

Білмей өстік не екенін сары, қызыл ақшаның.

Қос бұрымым желбіреп құдықтан су тасыдық,

Суғарғанбыз шелекпен ағаштарын бақшаның.

 

Көрші-қолаң асарлап текеметін басатын,

Сол үйдегі қарт əжей құрт, кəмпитін шашатын.

Міне осылай балалық қол бұлғады қыр асып,

Кетті солай балалық жастық шаққа ұласып.

 

Балалықтан бойжеткен шаққа қадам басқанбыз,

Махаббаттың дəптерін жыр-өлеңмен ашқанбыз.

Сенесің бе, сенбессің өкінумен күн кештім,

Ғашық болып өзіңе айсыз түнмен тілдестім.

 

Біз де ғашық болғанбыз Қозы менен Баяндай,

Жігіт-желең таласып хат жазатын аянбай.

Бойы қысқа, тəпел деп менсінбедік біреуін,

Арбасының құлатып кетуші едік тіреуін.

Ажар Садықова,

Қызылорда  қаласы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑