banner-top12

Замансөз 22f3f0fd746ebfeb808bf6f204a7584a

Қосқан уақыты Қазан 11, 2016 | 531 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛЫМЫН

Дәулетбек Байтұрсынұлы ақын,

ҚЖО ның мүшесі, Түркі дүниесі жыр мүшәйраларының жүлдегері

 daewletbek-baytursynuly1

Адам баласының Жершары деп аталатын бір ғана үйі бар. Әуел баста Өзінің түпкілікті мекенінен уақытша қоныстануға, сынаққа көшіп келген.Қанша тұратыны анық емес, яғни өзі білмейді. Білмейтіні, таңдау еркі жоқ, әмір етілгенде келеді, әмір жеткенде байырғы тұрағына қайтады. Келуіне себеп әке-шешесі, қайтуына себеп ажал. Әуел баста топырақтан жаралған соң, топыраққа қайтады. Әркім әр түрлі аманаттармен жіберіледі, Пайғамбарлар тура жолды танытуға келген, соңы Мұхаммет(с.ғ.с), күллі адам атаулыға арналған жалғыз жол ақиқатты нұсқаушы. Енді біреулер Хан, Патша, Президент болып қалыптасады олда Алланың қалауы, Оларға өте үлкен аманат жүктелген. Жеке басы, отбасы, қауымы ғана емес, тұтас халық, күллі ел оның мойнына аманат етілген. Қазіреті Халипа Омар айтқандай «ирандағы бір көпірде аяғы қысылып, тапталып өлген қойдыңда сұрағы менен алынады» деген жауапкершілік болатыны сөзсіз. Осындай міндетін сезінбеген адам үлкен жұмысқа бара алмас еді, жүрегі мен миында не болып жатқанын екінің бірі біле бермейді. Баяғы ғасырлардағыдай оқшау, өзалдына, қорғанға бекініп алып қарашаға билігін жүргізе беретін кез емес, «әуе алақандай, жер тебінгідей» болып күллі дүние көз алдыңда қайнап жатыр…Аманат арқалаған әр пенде алпарысқа толы өмірдің тілін табу жолында жан алып, жан беруде! Аманатпен санаспайтындар ғана тіршілікті күрделілестіріп, суды лайлап балық ұстағысы келеді. Ал, біз секілді қарапайым бір адамның міндеті мен борышы орнын білу. Тағдыр нәсіп еткен жауапкершіліктен асып-таспау. Иықтағы аманаттың салмағын саралап саналы өмір сүру екенін сезіну. Бұлай ойға кететін себебіміз  жершары деген үйіміздің  бір бұышы баспана болып отырған-«Қазақстан» деген отауымыздың  бақыты  біздің бақытымыз. Негізі  «бір бұрышы» деген дұрыс емес, ортасынан ойып тұрып орын берген Аллаға мың мәрте Шүкір! Міне біз осындай ұланғайыр отанда, ұлы далада өсіп-өніп көгеріп көктеп отырмыз…Бұл даланың бетінен  шегара темір торлар тартылып, сызықтар сызылсада, жерлер бөлініп карталар өзгертілседе, бәрібір адамның қалауымен емес, Құдіреттің қалауымен қиуласып жатады екен. Біреулер отаннан кетіп, біреулер отанға көшіп келіп жатыр…біреулер жәйлі тұрмыс, жақсы қоныс іздейді, біреулер тартқан бейнеттің зейнетін көруге ұмтылады, біреулер өнер қуып өріс шарлайды…ешкімді де айыптауға, кіналауға қақымыз жоқ. Адамды жүрек қалауы билейді, ақыл шығар жол іздейді.

Жалпылама сөз айтуданкөрі өзіңмен байланысты айтсаң барынша шын болады. Туған жерім қазақтың мекені болсада,шегарамен болінген шерменде ұрпақтың бірі екенім анық. Істеген қызмет, алған жалақы, ие болған мәртебе, отырған үйде жұбаныш бола алмайтын, тиянақ болмайтын кез болады екен!.. Иә, біз ондай күйді басымыздан кешірдік…сондықтанда шығар тәуелсіздіктің үшінші жылы бәрін тастап  елге жылжыдық. Ол кездер кімге болсада жеңіл емес еді, Бір қуанышымыз дәл сондай шақта осы жұртпен болып көргенін көріп, татқанын таттық. Қадыр ақын айтқандай «Көз алдымда пайда болып қапшағай, көз алдымда ғайып болды аралым» дегендей Сотциялизмнің өктемдігі сарқылып, тәуелсіздіктің оркені өсті…Құлдық сана жоғалып қожайындық сезім көтерілді. «Алтын орданың», «Қазақ хандығының» мұрагерлері бас көтеріп бақытын тапты. Көз алдымызда,  ақ жерден  Астана өсіп өркендеді. Арқа төсінде адам танымайтын өзгеріс  болып Қазақстанның жүрегі бүлкілдеп соға бастады!  Адамзат баласы ғасырларда жететін жетістік айналасы ондаған жылдың ішінде іргесін беріктеді. Біз соны көрдік, куәгері болдық. Тұтас ғұмыр мүлткісіз көңілді сәттерден тұрмайды,  арасында үзік-үзік шалқыған шақтармен, көңілді кездердің болатыны анық,  менше бақыт деген сол.  Ақшаға сатып алуға болмайтын, Тартып алуға ырық бермейтін бақытты біз көрдік, көріп қана қойған жоқпыз ие болдық!

Бір даланың заузаты бола тұра, бір жарым ғасырдың алдындағы екі империяның болісінен  сынадай қағылған шекараның екі жағында қалған біздер елге қосылдық, етегімізді жаптық. Аш болдық тоқ болдық, қақ болдық соқ болдық. Бірақ өкінгеміз жоқ, өртенгеміз жоқ «тұлпардың өз тұяғы өзіне дәріні» жақсы білдік. Бір жүйеден екінші жүйеге ауысу түптен жеңіл емес, сол ауыртпалықты көппен көрдік, көңілге тоқыдық. Алайда «қарынымның ашқанына налымай, қадірімнің қашқанына жылайтын» кездер болмай қалған жоқ. Анық айтатыным оның бәрі нәпсі қарын қамы мен көңіл қалауының төңерегіндегі дүниелер еді. Ал, шындығында  жүрек  қалауындағы  нағыз бақытты балдай сорып, басымыздан өткіздік!..Ақын болған соң жазған өлеңдеріме  қарап отырып қиял әлеміне қанат қағатын кездерім көп. Осы жолдарды жазып отырып мына шумақтар келе бастады…

Тәуелсіз елі бар, ұлтымның ұлымын,

Бұл менің бақытым, қайнар тұнығым.

Жасқанған жанарым жайнады шырадай,

Өзгерген өмірлік тағдырым, ұғымым.

Бүліксіз, бүтіндік халыққа керегі,

Бейбіт заманға береке келеді.

Жүрегі кірлеген сезбейді, сенбейді,

Көрсоқыр, иісалмас, тыңдамас кереңі.

Отаны, оты бар халықтың бірімін,

Көк тумен көрінді тілім мен түр, үнім.

Республикам ресми болғандықтанда,

Мен бүгін қазақпын, мен бүгін тірімін!

Ендеше кездескен кедергі кесірлер,

Кейде қисайған шегесіз шешімдер,

Егемен еңсемнің алдында реттелер,

Қазаққа бұйырсын қасиетті есіл жер!..

Міне біз 25 жылға қадам қойдық бұл бір буынның өмірі, демек Қазақстанда жаңа дәуір басталды. Олар соғыс көрмеген, соғысты сүймейтін, бейбітшілікті жақтайтын  жаңа ұрпақ! Олар балалық шағын қамсыз қайғысыз жылы ұяда өткізді. Кейбір елдерде бесіктен белі шықпай мылтық атуды үйренсе, біздің отанда әліппе арқалап әдемі өмір сүрді. Ән тыңдап, күй шертті. Болашақ үшін алыста-жақын шетелдерде білім алды. Міне алғашқы жемісі азаматтар ат тізгінін алып ат жалын тартып  мінді.  Жоғарыдағы өлеңімдегі жүрек сөз  «бүліксіз бүтіндік халыққа керегі, бейбіт заманға береке келеді»  Баяғыда бір апа «Бұдан жаман күнімде де тойға барғамын»- деген екен, Қазір айтып айтпай қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған кез, тасыған өзен басылады, бұзылған көпірлер жөнделеді… көш көлігін қамдап, атажұртқа ағылары сөзсіз!  Мен мұны «Нұр отан» партиясының ұйымдастырған экспедитциясының құрамында 14 облысты аралап, шегаралас бес мемлекетті көріп, көлікпен 20000км жол басқан  сәтте,  Қырғыз, Әзербайжан, Түрік  туыстарды көзден кешірген  кезде толық сезіндім.Бәріненде тәуелсіздігіміз баянды, заманымыз бейбіт болсын! Сізбен біздің жеке басымыздың мұңы түк емес, Жершары деген үлкен үйдің бір отауы Қазақстанның түтіні түзу ұшсын!

Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы мен бейбіт-тыныш болу тіршіліктің кепілі!!

_____________________




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑