banner-top12

Замансөз cb4cd1ac9c6497abecda0527386da14d

Қосқан уақыты Қазан 28, 2016 | 709 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ТӘУЕЛСІЗДІГІМІЗ ТҰҒЫРЛЫ, КӨШІМІЗ КӨЛІКТІ БОЛСЫН!

Мырзатай Жолдасбеков,  

Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері,

филология ғылымының докторы, профессор

77

Әлемде өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне, ат жалын тартып өскен еліне ынтық бір ел болса – ол қазақ елі. Бір кездегі солақай саясаттың салдарынан қазақ өзінің туған топырағынан қоныс аударып үдере көшуге мәжбүр болды. Көшкенінің де, іргесін аудармай жұртта қалғанының да көрмеген қорлығы жоқ. Біз кешегі қилы кезеңде ата-бабаларымызға да ас бере алғанымыз жоқ. Біліп тұрып қолымыз бармады. Саясат мүмкіндік бермеді. Тек тәуелсіздік алған кезден бастап қайтадан ел болып еңсемізді тіктеп, жұрт айта беретіндей өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды. Сөйтіп, азаттықтың ақ таңы атып, сан ұрпақ сан мыңдаған жылдар аңсаған, бірақ, жете алмаған арманға біз жеттік. Нұрсұлтан Назарбаев жетті халқымен. Сондықтан да мен бұрын-соңды өмір сүрген ұрпақтардың ішіндегі ең бақытты ұрпақ осы күнгі ұрпақ деп ойлаймын. Аллаға мың шүкіршілік етуіміз керек, халқының қамын ойлаған, көшін бастаған азаматқа да тәңір жарылқасын айтуымыз керек. Нұрекең дәл қазір Қазақстанның көшін жақсы бастап келе жатыр. Көш көлікті, баянды болсын айтамыз.

Мен Елбасының жанында көптен келе жатқан адаммын. Қасында жүрген әр сапары бір университет. Үлкен мектеп.  1992 жылы күзде Анкарада өткен Түрік мемлекеттерінің алғаш Саммитіне де қатыстым. Президенттің тарпсырмасымен Түркістанда қазақ-түрік халықаралық университетін құру туралы келісім-шартқа қол қойдым. Түркияның тарапынан Хикмет Шетин дейтін Түркияның сол кездегі сыртқы істер министері қол қойды. Дәл қазір осы университет үлкен салауатты университетке айналды.

992 жылы ресми делегацияға мүше болып Елбасымен бірге Иранға бардық. Менің сонда Иранда бірінші рет болуым. Онда Қазақстан үкіметі басшысының орынбасары едім. Сол жерде Нұрекеңнің тапсырмасымен мен Иран қазақтарымен кездестім, 15 мыңға жуық қазақ тұрады екен. Ауған соғысында болып, тұтқындықтан қашып шыққан қандастарды да көрдім, бет аузын опырып оқ жұлып кеткен. Неше түрлі қиямет қайымды, қиындықты басынан өткерген. Солармен кездестім. Иран үкіметі бұлар не істейді, не айтады деп қадағалап, қасымызда өздері болды. Арада бір жыл өткенде  1993 жылы Иранның төрінен үй алдық, елшілік аштық. Мен елші болып бардым. Ирандағы қазақ елшілігінің салтанатты ашылуына сонда тұрып жатқан қандастарымызды шақырдым. Ондағы қазақтар Каспий жағалауындағы  «Горган», «Кунбет», «Бандер» «Түркмен» дейтін қалаларында көп шоғырланған. Елшіліктің ашылуына қандастарымыз үш автобус болып келді. Иран қазақтарының арасында 87 жастағы Нұрымшат  деген ақылды қария болып еді марқұм. Сақалы селеу, сөзге шешен адам. Мырзатай шырақ,- деді. Нұрсұлтан екеуің Тегеранның төрінен үй тіктіңдер, төбесіне ту тіктіңдер сөйтіп Ирандағы өлген қазақты тірілттіңдер! Екі дүниеде ризамын шырағым, жасым 87 де елші шақырып жатыр деген соң қуанышым қойныма сыймай ауырып турсам да жеттім. Шақырған сайын келе береді деп ойлама, біздің тұрып жатқан жерімізге енді сен кел,- деді. Содан Наурызда сол қазақтар тұрып жатқан елді мекенге бүкіл елшілікті алып тойға бардым. Сондағы олардың қуанғанын көрсең! Иранда 2 миллион түркімен бар болса,  басым бөлігі сол өңірлерге қоныс тепкен. Қазақтармен араласып, бір  бірімен тату тұрып жатыр екен. Сол жерде жасап жатқан Түркіменнің қариялары: Ей, Нұрымшат! деді. – Бақыттысың ғой, сенде арман жоқ! Сендер жалпы бақытты қазақсыңдар! Менің елшімнің бұл жерге келгеніне екі жыл болған. Сенің елшің кеше келе салып Иранға сендерді іздеп келіп жатыр. Іздеушің бар екен  ғой, сен өлмейтін қазақсың,-деп айтқан өзге өкілдің сөздері мені шын толқытты.  Сол жолы сыртта жүрген қандастармен көп сырластық. Үйдегі жеңгең кіші жүздің қызы ғой, ал олардың бәрі кіші жүз, адайлар. Мені күйеубала-жездесініп, жас қыздардың бәрін қасыма отырғызып қояды, мына балдыздарың қасыңа отырсын дейді. Жағамды ұстадым, қанша сыртта жүрсе де мыналар бағзы салттарымыздың қаймаған бұзбаған екен ғой деп.

Нұрымшат қарияның: «Шіркін, елге жетіп құлау мен үшін арман, тап осы жерден атқа қонсам, бәрі кеудемде сайрап тұр, төтесінен тартып, үш күнде кіндік қаным тамған жерге жетер едім» – деп айтқан арманды тілегі әлі  есімде. Көрмеген құқайымыз жоқ, Иран үкіметіне рахмет, осылардың қолтығына сыйып, бірге  жасасып кеттік. Елімізден қудаланып, қимай, артымызға жалтақ-жалтақ қарап,амалсыз кеткен едік.  Қазір жағдайымыз жаман емес, бірақ арманым елге жетіп бір уыс топырақ бұйырса екен. Өз еліңде туған да, өз еліңде тұрған да, өз еліңде өлген де үлкен бақыт екен ғой. Менің шамамда туған жерге жете алмай өлген қазақтың мүрдеде де сүйегі қызып жататын болуы керек,-деген еді ол кісі өз сөзінде. Жарықтық, арманына жете алмай келесі жылы 88 жасында бақилық болды. Мен осының бәрін Ираннан келгеннен кейін «Егемен Қазақстан» газетінде мақала бердім. «Қазақтар қаңбақ емес көше берер»  деген атпен.

Бұл менің айтып отырғаным сыртта жүрген қандастарымыздың көзіммен көріп, өзім куә болған бір көрінісі ғана. Ағайын сыртта, біз елде, өзегіміз талып, бір-бірімізді аңсап, біздің де күніміз туды ғой деп содан кейін қауышудың амалын іздеп, қазақ баласының басын қосуды қолға алдық. Міне, соның нәтижесінде президент  бастап, біз қостап, 1992 жылы қыркүйектің 29 күні Алматыда дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткіздік. Әлі есімде, жан-жақтан келген ағайындарды әуежайдан қарсы алғанымызда, ұшақтан түсе сала жата қалып жерді сүйген қандастарымзды көргенде, бәріміз де егілдік. Мен тұңғыш дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу жөніндегі комитеттің төрағасы болған адаммын. Жер-жерден үш жүз кісі шақырдық. Үш мыңнан аса адам келді. Бәрі де үйге жайғасты. Ағайындар, бауырлар үйді-үйге бөліп әкетті. Ол кез оңай емес еді. Қоғам сапырылысып, жаңа сана әлі қалыптасып болмаған жағдайда, зауыт-фабрикалар тоқтап, ел тұттай жалаңаш, бәрі быт-шыт болыпр жатқан кезде біз қандастарымызды жинадық. Қазақтың бауырмашылдығын осыдан-ақ байқауға болады.

Тас құлыптың кілті ашылды. Заман түзелді, қоғам жаңарды, сана өзгерді, мемелекетіміз нығайды. Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы адам айтса нанғысыз ұлы оқиға болса енді, міне, құдайға тәубе, ойдағы-қырдағы қазақтар Қазақстанға жиналып жатыр. Бүгінде Қазақстан іргелі мемлекетке айналды, әлем мойындады. Қазақ халқының бағы ашылды. Біз осы үшін де Аллаға мың мәрте шүкірлік қылуымыз керек. Қадірін білуіміз керек. Тәуелсіздікті бәріміз бірге керегесін керіп, уығын шаншыдық, шаңырағын көтердік, үзігін жаптық, түңдігін аштық. Қазақтың анық 2 жарым мың жыл тарихы бар болса, сол тарих беттерінде бүгінгідей бақытты ұрпақ болған емес! Сол бақытты бағалай біліңдер деймін жас ұрпаққа. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, көшіміз көлікті болсын!

__________________




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑