banner-top12

Замансөз cb4cd1ac9c6497abecda0527386da14d

Қосқан уақыты Желтоқсан 16, 2016 | 745 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Тәуелсіздік: жетістіктер мен жетпей жатқандар

 

Тәуелсіз ел болғанымызға биыл 25 жыл толып отыр. 25 жыл – тарихпен салыстырғанда қас қағым сәт. Ал, бір адамның өмірімен салыстырсақ – екі  мүшелді құрайтын әжептәуір кезең. Осы аралықта қандай жетістікке жеттік, неге қолымыз жете алмай жатыр, ойланып бір қорытынды шығаруға болатын уақыт. Жетістігіміз де, жетпей жатқан тұстарымыз да баршылық.

Тәуелсіз ел болып, өз Туымызды, Елтаңбамызды, Әнұранымызды, Конституциямызды бекітіп алдық. Шекарамызды шегендедік. Әскерімізді құрдық. Экономикамыз жақсарып келеді. Ішкі, сыртқы саясатымызды өзіміз айқындаймыз.  Бұлар – тәуелсіз ел болуымыздың жемісі.

Ұлттың бір белгісі – оның тілі. Өз тілі жоқтарды жеке ұлт деп есептемейді. Кеңес кезінде тіліміз төрден босағаға ығысты. Тіпті, есіктен шығып қалуға тәс қалды. Сол кездегі Қазақстанның астанасы – Алматыда жалғыз қазақ мектебі болып, кейбір жылдары бірінші сыныпқа екі-ақ бала барған уақыт та болды. Ауылды жердегі қазақ мектептеріне мұғалімдер дайындау үшін ғана қазақ тілінде педагокикалық жоғары оқу орындары болды.  Ал, қалған: техникалық, медициналық, халық шаруашылық, ауыл шаруашылық т.б. жоғары оқу орындарының бәрі орыс тілінде оқытылды. Техникумдар түгел орысша сабақ оқытты. Балабақшаның бәрі орысша болды. Жетім балалар үйлері тек орыс тілінде сөйлеп, орысша тәрбие берді. Қоғамдық көлікте, дүкендерде, көшеде, аулада т.б. осындай орындарда негізгі тіл – орыс  тілі болды. Мекемелер қазақ тілінде жазылған өтінішті қабылдамады. Қазақтың қазақша сөйлегенінің өзі жаңалықтай қабылданды. Орысша білсе сауатты, орысша білмесе сауатсыз деп есептелді. Сөйтіп, қазақ тілі тұқыртылып, құрдымға кете жаздады. Бұл – тәуелсіздікке  дейінгі қазақ тілінің жай-күйі еді.

Қазір тіліміз – «Мемлекеттік тіл» дәрежесін алды. Қазақ мектептері көбейді. Әр мектепте кемінде 2-3 сыныптан бірінші сынып оқушылары бар. Жоғарғы оқу орындарының бәрінде қазақ топтары бар. Жоғарыда айтылғандардың бәрі қазақ тіліне көшкен. Бұл тұрғыда қазақ тілінің дамуы, алға басушылығы байқалады.

Дегенмен, әлі де, қазақ тілін қолдануда кемшін тұстарымыз жоқ емес. Министрлеріміз бен депутаттарымыздың көбі орыс тіліне бейім. Құжаттардың көбі орысша дайындалады. «Мемлекеттік жұмыс істеу үшін, мемлекеттік тілді білу керек» деп талап қоя алмай отырмыз. «Батыстың, американың  демократиясы дамыған» деп аузымыздың суы құрып, бірдеңе болса солардан үлгі алуға тырысамыз. Бірақ солар мемлекеттің тілін білмейтіндерді мемлекеттік жұмысқа алмайтынын байқамаған боламыз. Құдайы көршілеріміз Қытай мен Ресейде  де мемлекеттік тілді білмейтіндерді  министр қылып тағайындамайды, депутат етіп сайламайды. Көршілеріміз бен дамыған елдердің  бұндай үлгісін елемеген боламыз. Қазір орыс мектебіндегі оқушылардың жартысы қазақ балалары. Себебі, өздері орысша оқыған ата-аналар балаларын әлі орыс мектебіне береді. Орыс мектептерінің қысқармауына, оның жабылып қалмауына ат салысуда. Орыс тіліне, орыс ұлтына қызмет етуде. ХХ ғасырдың басында Мұстафа Шоқайдың: «Бала қай тілде білім алса, сол ұлтқа қызмет етеді» деген сөзін дәлелдеп жүр.

Тәуелсіздігіміздің бір жетістігі – сырттағы қазақтарымызды жинауымыз. Кеңес кезінде бұндай мүмкіншілік берілмеді. Бәрін Мәскеу шешті. Ал олар Қазақстанда қазақтардың санының көбеюіне мүдделі болмады. Керісінше, қазақтың саны азайып, басқа ұлттардың санының көбеюіне мүдделі болды. Сол себепті 1941-1945 жылдар арасында қазақ жеріне басқа ұлттарды тоғытты. Одан кейін «тың игеру» деген сылтаумен тағы да басқа ұлттарды төкті. Соның салдарынан қазақтардың пайыздық саны азайып, ұлттық бет бейнесі көмескілене бастады. Тілінен, салт-санасынан, ұлттық құндылықтарынан айрылып қала жаздады. Құдайға шүкір, қазір Қазақстанға кімді шақырамыз, қанша адамды қабылдаймыз, оны экономикалық қуатымызға байланысты өзіміз шешеміз. Тәуелсіздік алғаннан бері бір миллиондай қазақ ата жұртына жиналды. Бұлар өсіп-өніп 10-15 жыл көлемінде екі еседей болады. Әлі де келетіндер баршылық. Қазақ өз жерінде, ата жұртында көбеюге мүмкіндік алып отыр. Дейтұрғанмен, сырттағы қазақтардың келуіне қырын қарайтындар да жоқ емес. Олар қазақтардың көбейіп, мемелекеттік тілдің бел алуынан қорқады. Бірақ, түбі, Қазақстанда мемлекеттік тіл өз күшіне енетініне дау жоқ.

Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі – ақпарат алу оңайлады. Ғаламтор арқылы кез-келген елдегі тәңертеңгі болған жаңалықты түсте біліп отырамыз. Шет елдегі жаңалықтарды Кеңес кезінде жалғыз «Азаттық» радиосы арқылы ғана еститін едік. Оның өзін өшіріп, дұрыс тыңдатпайтын. Тыңдағаныңды біліп қойса басыңа бәле болатын. Ал қазір ғаламтор  арқылы кез келген ақпаратты алу оңайлады. Қалта телефоның арқылы да ақпарат ала аласың.

Бірақ та ғаламтор арқылы жастарымызды бұзатын жат идеология да кіріп жатыр. Радикализмге толы жат ағымдар жастарымызды өз қатарына қосуға тырысуда. Біз талантты болумен бірге еліктегіш халықпыз. Жаңалықты тез қабылдап, тез игеріп кетеміз. Осы қасиетімізді жат ағымдағылар тиімді пайдаланып жүр. Бір бөлім жастарымызды «Егова куәгерлері» өздеріне тартып, «Ата-ана, туған-туыстарыңды, дос-жарандарыңды тыңдамаңдар. Тек қана Егованың айтқанын тыңдап, солардың жолымен жүріңдер» деп идеологиясын тықпалауда. Енді бір бөлімі «Кришнаға кіріңдер» деп тақырбастанып, барабандарын қағып жүр. Ислам бағытындағы радикалистер «намаз оқымағандардың бәрі – кәпір» деп, еркегі қауға сақал қойып, қысқа балақты шалбар киюде. Ал, әйелдері қара хиджаппен тұмшаланып жүр. Бұлардың барлығы ақпарат алудың оңайлағанын пайдаланып, ғаламтор арқылы өз идеологиясын таратуда. Нағыз өмірге көзқарастары тұрақтанбаған кейбір жастарымыз олардың жалған уағыздарына сеніп қалуда. Солардың қатарын көбейтуде. Бұл –ақпарат алудың оңайлауының кері әсері болуынан болып тұр. Өздеріңіз ойлаңыздаршы,  бір баламыз  Еговаға кірдім деп оның кітабын жаттап бір бұрышта, екінші баламыз Кришнаға кірдім деп тақырбастанып екінші бұрышта барабанын қағып отырса, үшінші баламыз Ислам дініндеміз деп Құран оқып отырса, ертеңгі күні отбасымызда қандай береке-бірлік болады? Әрқайсысы өзі кірген дінін мадақтап қырқыспай ма? Бұл секталарды қолдап, қаржы бөліп отырған шетелдіктердің мақсаты – қазақтың бірлігін бұзу. Сөйтіп бізді қырқыстырып, кең даламыз бен мол байлығымызды тегін иемденудің амалы. Сондықтан өзіміз сақ болып, басқалардың идеологиясына ермей, «барлық қазақ – бір қазақ» деп бірлікте болғанымыз абзал.

Батыстың ғылымы, білімі, техникасымен бірге идеологиясын да кіргізіп алған Оңтүстік Корей елінің алдыңғы қатарлы ғалымдары қазір дабыл қағуда. Корейлер негізінен – буддизм дінінде. Батыспен қарым-қатынстары дамымай тұрғанда Кореяда христиан дініндегілер 3% болған екен. Ал қазір олардың саны 35%-ға көбейіп кеткен. Бұған корейлер алаңдаулы.

Шет елдің енді бірі қыздарды, әйелдерді азғыруда. «Бір елді мылтықсыз жаулап алғың келсе, алдымен әйелдерін азғыр» деген сөз бар. Әйел – ұрпақ әкелуші, әрі тәрбиелеуші. Азған әйел – азған ұрпақ тәрбиелейді. Азған ұрпақ Отанын, Елін қорғай алмайды. Сондықтан қыздарымызды жат ағымдардан сақтай білу керек. Ол үшін қыздарымызға ұлттық құндылықтарымызды тұрақты түрде сіңіріп отыру керек. Біздің идеологиямыз – әдет-ғұрпымызға, салт-санамызға, менталитетімізге, ұлттық құндылығымызға негізделуі керек.

Ал, ұлдарымызды ата-бабаларымыз: «Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы» деп тәрбиелеген. Қазір, батыстың материалдық құндылығна негізделген идеологиясына еліктеген, өмірге көзқарастары тұрақтанбаған біраз жастарымыз: «Арым ақшаның садақасы» деп жүр. Бұл өкінішті-ақ!

Шет елдің ғылымын, білімін, техникасын меңгерейік. Бірақ идеологиясын алмайық. Идеологиямызды ұлттық құндылыққа негіздейік. Сонда Мәңгілік ел боламыз.

Назрахмет ҚАЛИ




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑