banner-top12

Тарих tariyx-amanatyn-abyroymen-arqalaghan-azamattar-300x160

Қосқан уақыты Қараша 18, 2016 | 480 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ТӘУЕЛСІЗДІК – СЫЙҒА БЕРІЛМЕЙДІ, ОЛ – ҮЛКЕН КҮРЕС ЖОЛЫМЕН КЕЛЕДІ

 

 Әпет Құралай,

ҚР білім беру ісінің үздігі

Бүгінгі Қазақстан Тәуелсіздігі халық болмысының күрес жолындағы  өрлігі мен ерлігінің жемісі. Ол – қазақ ұлтының бастан кешкен оқиғаларының  жиынтық тарихы. Ол – халқымыздың бірнеше ғасырларға  созылған азаттық пен еркіндік жолындағы күрес тарихы – ұлттық ұран астында бірігуіміздің басы.   Бұл күн – ұлттық рухты жанитын, отансүйгіштікті асқақтататын ұлы күн, қасиетті мереке!

Осыдан екі жыл бұрын Тәуелсіздік мерекесіне орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халықты осы айтулы күнмен құттықтауында: «Осыдан 23 жыл бұрын адамзат көгінде жарық жұлдыз пайда болды. Ол – көк байрағын шалқытып, әлем тарихына мөрін басқан Тәуелсіз Қазақстан. Ғасырлар бойғы халқымыздың арманы 1991 жылдың 16 желтоқсанында бүгінгі буынның тарихи таңдауына айналды. Бұл күн – өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн. Тарихи әділет салтанат құрып, азаттық үшін төгілген өлшеусіз қанның өтеуі қайтқан ұмытылмас күн», – деуі біздің қайтпас жігерімізді жаныды.

Қазақ хандығының дәуірлеу кезеңі – Ұлы дала елінің күш-қуаты мен рухының үлгісі

«Тарих беті ұлылардың есімінен тұрады,

Ізгі жандар халқымыздың берекесін ұғады.

Жасырмайық, паш етейік тарихтағы сырларды

Ұрпақтарға жеткізейік қасиетті ұлдарды»

Қазақтыңбүкілтарихы – бірігутарихы, тұтастанутарихы. Қазақтекбірігу, бірлесужолындакележатқанхалық» – деп Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев айтып өткендей бұл ғасырда өмір сүріп отырған барша ұрпақ ғылым саласында өзіндік жол салар дара ұрпа қболуы тиіс. Олай болса болашаққа нық қадам жасау бүгіннен басталады. Осынау Ұлы Даланы ұрпақтарына аманат етіп, біздің ата-бабаларымыз даланы сақтап қалған.  Әрқайсымыздың  санамызда жаңғырған Ұлы Даланы мәңгілікке ұлықтау мен сол Ұлы Даланы Мәңгілік Елдің мәңгілік мекені болып тұруы үшін бүгінгі және келер ұрпаққа айтылған аманат етіп қабылдау, бұл тұжырымды сөздің терең де тарихи маңызы арта түсетіні анық. Жалпы ұлттық тарихты тану және оны құрметтей білу –әрбір адамның азаматтық борышы.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлт тарихына қатысты мәселелерге  байланысты «Тарихсыз болашақ жоқ. Ұлы Далада Еуразия құрылығын уысына ұстаған талай алып мемлекеттер болды. Алып кеңістікті ен жайлап, еркін билеп төстеген айбарлы халықтар өмір сүрген. Бүгінгі Қазақстан   сол бабалардың  заңды мұрагері. Адамзат тарихында қазіргі қалыптағы мемлекет үлгісі тек соңғы бірнеше ғасырда  ғана пайда болғанын білеміз. Ал  бұл кез халқымыздың бостандықтан айырылып, бодандыққа түскен мезгіліне тап келді. Көк Түріктер мен Алтын Орданың айбарын айтпағанда, Қазақ хандығы біздің еліміздің түп тамыры», -деген еді. Қазақ хандығының – Мәңгілік ел болу жолында әлі талай жасампаздық істер мен қилы күрестер жүргізген атақты хандарының алатын орны ерекше. Ұлы Даланы игеру, оған иелік ету қашанда ата-бабаларымызға оңайлыққа түспеді.

ХV ғасырдың екінші жартысында құрылған Қазақ хандығы Еуразия даласындағы – ертедегі мемлекеттердің қағидаларын, салт-дәстүрін, мәдениетін, ел басқару жүйесін, тәртібін бойына сіңіріп, же­тіл­діре отырып – өзіне ғана тән қадір-қасиетімен құрылған ұлттық мемлекеттің жаңа классикалық дәуірінің бастауы болды. Қазақ хандығының құрылуы- Ақ Орда мемлекетінің әлсіреуі, Әбілқайыр ханның би- сұлтандармен тіл табыса алмауы, ойраттардың, Өзбек ұлысының шабуылдауы секілді көптеген тарихи үдерістермен байланысты. Өз қарамағындағы ұлысты қатты қанаған Әбілқайыр ханға деген ел наразылығы жылдан- жылға үдейе түседі. Әбілқайырдың толассыз жорықтары қара халыққа ауыр тиді. Соғыс қажеттілігі үшін алым салықты жинау ұлыстағы халықты кедейлендіріп, наразылықтар үдейе түсті.1457 жылы Сығанақ қаласы маңында Әбілқайыр әскерінің тайшысы Үз-Темірдің  басқарған ойраттардан жеңіліп, барлық талаптарына көнеді. Осыдан кейін ру- тайпалар Өзбек ұлысынан үдере көше бастайды.

Керей мен Жәнібек 1457 жылы халықтың бір бөлігін ертіп, Шу өзенінің алабына қарай аттанады. Бұл уақытта Жетісу территориясы Моғолстан билеушісі Есенбұға үшін екі сұлтанның жер сұрап, жасағымен қарамағына келуі үлкен көмек еді. Оның үстіне Әбілқайырдан қашқан ру- тайпалар қосылып, Жәнібек пен Керейдің қол астындағы халықтың саны күн санап өсе береді. Есенбұға екі сұлтанға қолдау көрсетіп, қосылған жұртты шекара маңына орналастырып, Әндіжан билеушісі бұйрығымен толассыз шабуылдайтын інісі Жүніске тосқауыл етуге пайдаланбақ болады. Бірақ қос сұлтанның өз мақсаттары бар еді. Олар жеке мемлекет құруды көздеген. Сөйтіп небары бір жылдан кейін, 1458 жылы Шу мен Қозыбасы жотасы арасындағы алапта Керей сұлтан хан сайланды. Бұл кезде оның қарамағында 200 мың адам бар еді. Моғолстан құрамында жаңа хандықтың пайда болуы Әбілқайыр ханның тынышын алды.

Керей мен Жәнібек сұлтандардың билігі 1462 жылы Есенбұға қайтыс болған соң, күшейе түсті. Моғолстан билеушілері арасындағы бақталастық мемлекетті әлсіретіп, олардың құрамындағы хандық қанатын жайып, Жетісу жері біртіндеп Керей ханның қарамағына өте бастады. Ал өзбек ұлысын ыдыратып алған Әбілқайыр хан бұл кезеңде азуы кетілген арыстан секілді еді. Ол 1468 жылы Қазақ хандығына қарсы жорыққа аттанып, жолда көз жұмады.

Қазақ әз-Жәнібек атаған Жәнібек Әбусағит – Жетісу жерінде орда тіккен қазақ хандығының күшеюіне зор үлес қосқан тұлға. Қазақ тарихында оның есімі үнемі Керей ханмен қатар аталады. Әз Жәнібек билік құрған  кезеңі жайы қарама-қайшы мәліметтер көп кездеседі.Мәселен бір дерек Жәнібек сұлтан 1465-1466 жылы таққа отырған десе, ал екіншісі оның 1473-1480 жылдары билік құрғанын айтады. Халықтың оны «әз»- «дана» Жәнібек атағына қарап бірінші нұсқа дұрыс па- деген ой келеді.1458 жылы Керейді хан сайлаған шағын ұлыс жеті жылдан соң, Жәнібек таққа отырғаннан кейін ғана толыққанды мемлекет болды.

Әз-Жәнібек хан Ақ Орданың ханы Ұрыс ханның шөбересі, Барақ ханның баласы. Моғолстан мен Мауеренахр арасындағы хандықтың аумағын үлкейтіп, тәуелсіз мемлекет құруға күш жұмсаған саяси қайраткер, парасатты хан.

Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди»  еңбегінде қазақ хандарының билік құра бастауы хижраның 870 жылы деп көрсетілген. Бұл қазіргі жыл санақ бойынша 1465-1466 жылдар шамасы. Тарихшының Керей хан билік құрған жылдан жеті жыл аттап кетуі, Қазақ елі дәл осы 1465 жылдар шамасында нығайғанын көрсетеді. Керей мен Жәнібек Моғолстанға кіріптарлықтан құтылып, жер ауқымын кеңейтіп алған еді.

Керей ханның ақылгөйі болған әз-Жәнібек таққа ағасы қайтыс болғаннан кейін отырады. Жәнібек ханның алдында мемлекетті сақтап, оның іргесін бекітіп, керегесін кеңейту мақсаты тұрды. Бұл тұста іргелес жатқан Моғолстанда Есенбұға хан ұрпақтары арасында тынымсыз соғыстар жүріп жатқан болатын. Ал өзбек ұлысында Әбілқайыр хан қайтыс болып, бір жылда екі хан алмасып, 1469 жылы үшінші билеуші, Әбілқайырдың ұлы Шайх Хайдар таққа отырған еді. Жәнібек хан бұрын өздері тастап кеткен қонысты қайтару үшін Шайх Хайдарға қарсы соғыс ашады. Сібір және Ноғай хандарымен келіссөздер жүргізіп, ымыраласады. Үш ханның қыспағында қалған Шайх Хайдарды 1471 жылы Сібір ханы қолға түсіріп, өлтіртеді. Сөйтіп Әбілқайыр ханның ұлы –«Көшпелі өзбек» хандығының соңғы билеушісі, Шайх Хайдар хан таққа небары 1,5 жыл ғана отырып, Сібір ханы Ибақтың қолынан қаза табады.

Шайх Хайдар жазаланғаннан кейін Жәнібек хан өзіне одақтас болған хандарды ығыстырып, алып территорияны иемденіп, Дешті Қыпшақты ен жайлады. Жетісудың батыс бөлігіндегі шағын хандықтың аумағы кеңейіп, саяси сахнада мығым мемлекет пайда болады.

Керейдің ұлы Бұрындықты есепке алмасақ, Қазақ хандығыныңи барлық әміршілері осы, әз- Жәнібектің кіндігінен тараған. Жәнібек ханның Жиренше, Махмұт, Қасым, Әдік, Жаныш, Қамбар, Таным, Әсік және Жадық есімді тоғыз ұлы болған. Осылардың ішінде Қасым ханның тынымсыз күресіп, Қазақ хандығының жер аумағын кеңейткені тарихта ерекше айтылады. Ал Жәнібек ханның қай жылы неден қайтыс болғаны туралы белгісіз. Тарихшылар 1473 ж кейін жылнамаларда Жәнібек ханның есімі кездеспейді дейді. Енді қазақтың хандарының хандық құрған сәтіндегі ерекшеліктерге тоқталып өтейін.

Бұрындық хан – Қазақ хандығын құруда күш салған Керей мен Жәнібектен кейін билік басына келген әмірші. Бұрындық Керейдің үш ұлының үлкені, оның туған жылы белгісіз. Ол әз-Жәнібектің тұсында ұлыс басқарып, ханның сенімді қолбасшыларының бірі болады.Ол таққа отырмай тұрып, Сыр бойындағы қалаларды алып, жер аумағын кеңейте түсу үшін үлкен кеңес жүргізді. Мыңдаған жауынгері бар Бұрындық сұлтаннан сескенгені соншалық Мауеренахрды билеп тұрған Шайбани әулеті амалсыз ноғайлармен одақтасады. Бірақ екі ордаға шығарылған қалың қол Бұрындықтың сарбаздарына төтеп бере алмай, Сыр бойы қазақ хандығының қолына өтеді.  Жәнібек хан қайтыс болған соң 1480-1511жылдары таққа отырды. 1480 жылы Бұрындық таққа отырғанда қазақтар әулетті ел еді. Бұл Моғол билеушілерін де алаңдатады.Сұлтан Махмұт та Шайбани әулетімен бірігіп, күресуге талпынады. Бірақ бұл одақтың да тұмсығы тасқа тиіп, қазақ әскерінен ойсырай жеңіледі. Бұл жеңіс Бұрындық ханның беделін арттыра түседі. Бірақ, ол сыртқы саясатқа көп, мән беріп, ел іші бүліне бастағанын байқамайды. Жәнібек ханның көк бөрідей  жұлқынған 9 ұлының буыны қатып, халыққа ықпалы күшейген еді. Сыр бойындағы қалалардың кейбірін солар билеп- төстей бастайды. Басқа би-сұлтандар да оңаша отау тігеге талпына бастаған. Ішкі алауыздық кесірінен Түркістан аумағы үшін болған ұрыстар қазақ еліне қиынға тиеді. Бұл кезде Мауеренахрда Мұхамед Шайбани әл жиып, Қазақ Ордасына наразыларды біріктіре бастаған еді. Ол тіпті, басты жауы Бұрындық ханды да арбайды.  Жәнібек ханның ұлдарынан тайсақтаған Бұрындық амалы таусылғаннан Шайбанимен достасуға мәжбүр болады. Тіпті Шайбани әулетіне үш қызын ұзатып, құда болады. Бұрындықтың жаумен ауыз жаласа бастауы ел наразылығын күшейте түседі. Оның Шайбани әулетімен одақтасуы өзін орға жықты десек те болады. Олардың негізгі мақсаты- қазақ хандығын өзіне қарату еді. Шайбанилықтар бес жылда 4 рет қазақ жеріне шабуыл жасайды. Бірақ қазақ хандығының билеушісі қарсылық көрсетпейді. Осыдан соң Жәнібек ханның ұрпақтары Моғолстан ханымен одақтасып, Әдік сұлтан Моғол ханының қарындасына үйленеді. Осылайша қазақ хандарының арасында бір-біріне қарама-қарсы екі күш пайда болды. Көпшілік қасқыр мінезді Қасым сұлтан мен оның бауырларын қолдаушы еді.

Бұрындық Дешті Қыпшақ даласының экономикалық және әскери тірегіне айналған Сыр бойындағы қалаларды өзіне қаратты. Бірақ биліктің соңғы жылдарында көптеген қателіктер жасап, жерінің біразынан қайта айырылып қалды. Ақыры Әз-Жәнібектің ұлдарына тақты тастай қашып, Самарқандағы қызы Михр ханымды сағалайды. Сол қалада көз жұмған Бұрындықтың  4 ұлының ешбірі қазаққа хан бола алмады. [ 2]

Қасым хан қазақың ұлы хандарының бірі. Ол Керей ұлы Бұрындық іргесін сөгіп алған қазақ ордасын қайта бекіткен. Қасым хан (1445-1521)  әз-Жәнібектің ортаншы ұлы. Тарихи деректер сүйенсек, Қасым хан басқарған 7 жылда қазақ хандығының атты әскері 300 мыңға, халқы 1млн-ға жеткен. Қасым хан Керей мен Жәнібек хандар бастаған саясатты жалғыстырды. Бүкіл Дешті Қыпшақтың ханына айналды. Хандықтың кеңеюі мен нығаюына бар күшін салды. Қасым ханның қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің ішкі және сыртқы беделін арттырып, атақ – даңқын асыра түсті.

XVІ ғасырдың Қазақ хандығының дәуірлеу кезеңі болып, Қасым хан ұлан-байтақ қазақ территориясын өз қол астына қаратты. Қазақ елінің қуаты мен беделі алыс жақын шет елдерге танылды. Мәселен солтүстікте Сібірмен сауда және елшілік байланыс жасап, мәскеуліктермен байланыс орнатты, оңтүстікте Шайбанимен, шығысында Моғол елімен  бейбіт саяси келісімдер жасады.   Сондай-ақ қазіргі Иран мен Әзірбайжанға тиесілі аумақта болған Сефевид мемлекетімен де дипломатиялық қарым-қатынаста болды. Батыс Еуропа елдері де Қазақ хандығын осы кезде танып, білді.  Бұл кезде хандықтың шекарасы Оңтүстікте Сырдария алабын қамтып, Түркістан аймағындағы қалаларды басып алды. Шығыс оңтүстікте оған Жетісу жерінің дені (Шу, Қаратал, Іле өзендерінің алабы) қарады. Солтүстік және Шығыс солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау тарамдарына дейін жетті, Батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтыды. Қасым ханның батыстағы территориялық иеліктері де ұлғая түсті.

Қасым хан өзі билік жүргізген жылдары қазақ қоғамындағы құқық-нормаларды реттеу мақсатымен алғашқы қазақ заңы – «Қасқа жол» пайда болды.. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдеп-ғұрып ережелері негізінде жасалды. Бұл заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы заң болды. Билердің кеңесінде көппен ақылдасып, «Жарғы ережелеріне» («ақсақалдар ережесі», «ата-баба жолы», «жөн-жосықтар») мәнді өзгерістер енгізеді. Халық бұқарасы Қасым ханның ежелден қалыптасқан билер заңы – жарғыны жаңадан көтергенін ұнатып, оны «Қасым ханның қасқа жолы» деп атап кеткен.

Қорыта келгенде, хандардың өмірі мен тарихы ел тарихымен тікелей байланысты болғандықтан, жеке тұлғалардың тарихын білу арқылы  өз тарихымызды терең зерделей түсеміз. Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған Жолдаудағы Мәңгілік Ел идеясы – ата-бабалар құрған Ұлы Дала мемлекеттерінің жалғасы деген болатын. Қазақ хандары  Керей мен Жәнібек хандар, Қасымхан, Ақназар хан, Тәуекел хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Абылай хандар  елдің  еңсесін көтеруге аянбай еңбек етті. Көрші мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орныға бастады. Мемлекеттілік біршама нығайды, халықтың мемлекетшілдік рухы асқақтады. Ұлы рухты аққан су да, өткен уақытта өшіре алмайды екен. Екі ғасыр орыстың боданына айналған Қазақ елі қайтадан ес жиып, өткенін түгелдеп, тарихи жадын қалпына келтіру үшін атсалысуда. Кемеңгер, парасатты хандар мен билер және батырлар аманат етіп салып берген- байлығымыз да, бақытымыз да болған – Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білу- барша қазақстандықтардың  абыройлы ісі. Ұлы Дала рухының бүгінгі ұрпақ санасынан  өшпей, Қазақ хандығының жалғасы Тәуелсіз Қазақстанымыз Мәңгілік Елге айналсын!

____________________




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑