banner-top12

Ақпараттар ағымы Изображение 121

Қосқан уақыты Шілде 21, 2016 | 842 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Тағы да екі ауданның оралмандары ақпараттар алды  

Изображение 424Изображение 393Изображение 550Изображение 398

«Оралмандарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар» тақырыбындағы дөңгелек үстел бұл жолы Алатау және Наурызбай ауданының оралмандарымен өтті. Жиынға әдеттегідей Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының өкілдері; Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының өкілдері; Алматы қаласы Көші-қон полициясының өкілдері; «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша «ХҚКО» департаментінің өкілдері; Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері; Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің өкілдері; Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының өкілдері; «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалының өкілдері; Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму Басқармасы өкілдері; Алматы қаласы Әкімі жанындағы қоғамдық кеңес мүшелері; БАҚ және ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Жиынды ұйымдастырушы Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының президенті Жаңыл Әпетова жиынды ашып, қатысып отырған мемлекеттік органдардың өкілдерін таныстырып өтті.

Оралмандарды қабылдаудың жаңа тәртібі, оралман мәртебесінің мерзімі, квотамен баруға болатын аймақтар жайлы ақпараттар берген Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бас маманы Усабек Оразханның сөзінен соң-ақ, оралмандардың сан салалы сауалдары қойыла бастады.

ҚХР-дан келген Өктем Нұрлан атты азамат Алматыда дүниеге келген сәбиіне туу туралы куәлік ала алмай жүргенін айтты. Себебі, жұбайы екеуінің неке куәлігі берілген жерінен заңдастырылмаған екен, ал заңдастыру үшін сол елдің нотариусы растауы тиіс, ал сол үшін ҚХР-ға баруға виза ашу кезегін күту керек, оған дейін туу туралы куәлік алу уақыты (2 ай) бітіп кетеді, не істеуім керек, деген сұрағына, Алатау аудандық АХАЖ бөлімі басшысының міндетін атқарушы Самал Ахметова «Сіздер біржола көшу визасымен келгендеріңізде, елден шығарда барлық құжаттар заңдастырылып шығарылады. Ал сіздер біржола шығу визасы болмағандықтан, ол құжаттарыңыз заңдастырылмаған. Талап бойынша, тек Қазақстан ғана емес, кез-келген елге барсаңыз сіздің басқа елден алған құжатыңыз сол мемлекет атынан заңдастырылып расталмаса, ол жарамсыз. Сондықтан, балаға туу туралы куәлікті алуға кешіккен себепті көрсетіп өтініш жазып, 2 айдан асып кетсе де алуыңызға болады», – деді.

Бұл жағдай, Қазақстанға келген соң «бас ауру» болмас үшін, қандастарымыз сол елден шығар кезде барлық құжаттарын заңдастырып алуды ескергендері жөн.

Ал Жеңіс Сақай мырза (ҚХР) соттылығы бар/жоқтығы жайлы анықтаманың машақатын айтады. Тұрғылықты жерден әкелген анықтаманы Алматыда қабылдамайды, қайтадан әкелгенше  3 ай мерзімі бітіп кетеді. Сол себепті ықтиярхат ала алмай жүрміз дейді. Алматы қаласы қабылдамаған анықтаманы облыстарда қабылдайды деді.

Иә, облыстарда қабылдайды,- деп растады Алматы қаласы ІІД КҚП Алатау ауданы Көші-қон бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Айжан Әбішова. Ал анықтама 3 айға емес 6 айға жарамды екенін айтты.

Өзбекстаннан келген азаматтар тағы да Өзбекстан елінің азаматтығынан шығу проблемасын көтерді. Қандастарымыз Қойтбаева Ләззат, ОрынбасароваТанжила ханымдардың және Аширматов Ибрахим ақсақалдың осы тақырыптағы сауалына Айжан Сәбенқызы Өзбекстан елінің азаматтығынан шығып үлгермесеңіз де, елшілікке электрондық кезекке тұрғандығыңыз немесе азаматтықтан шығу туралы өтініш көшірмесін әкеліп дәлелдейтін болсаңыз, құжаттарды азаматтыққа қабылдай беретінін айтты.

Бұл, осыған дейін де айтқанымыздай, жергілікті уәкілетті органдардың емес, Сыртқы істер министрлігінің құзыретіндегі мәселе. Жуық  күндері ҚР СІМ Өзбекстан елшілігінің өкілдерімен осы мәселе жайында кездеспек. Бір мәмілеге келер деген үміттеміз.

Емханалар біздің «оралман» куәлігіміз бола тұра, ақылы қызмет көрсетеді» деген Ләззат Тұрғалиқызының сауалына, Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы  № 1 қалалық аурухананың бас дәрігері Манас Ембергенұлы Рамазанов бұл мәселені өз қарауына алып, ақысыз қызмет көрсетуден бас тартқан емхана басшылығынан мән-жайды анықтайтынын айтты.

ҚХР-дан келген Гүлжамила Түсіп, Қабылғани Болаттың жиһаз шығарумен айналысатын жеке кәсіптеріне қолдау бола ма? – деген сауалына «Даму» кәсіпкерлікті дамыту Қоры» АҚ  Алматы қаласы бойынша аймақтық филиалының маманы Мұқамет Ертай: «Қолдау болады. Кәсіпкерлерді қолдау орталығына келіңіз» деп мекенжайын ұсынды.

Ал, ҚХР-дан келген кәсіпкер Захан Амантайдың «Қазақстанда жасыл экономикаға үлес қосып, химия қоспаларынсыз, табиғи таза өнім өндіретін кәсіп ашып жатырмын. Осы кәсібімді дамыту үшін қала айналасынан электр қуаты бар 1 гектар жер берсе. Осы өтінішіммен қайда барсам болады,- дейді. Оның сұрағына «Даму» өкілдері және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы бойынша «ХҚКО» департаментінің өкілдері өздеріне келіп, кеңес алуға шықырды.

Өзбекстандық Эльмира ханымды  «ықтиярхатпен  жұмысқа тұра алам ба?» деген сұрақ мазалайды екен. Оған Алатау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің маманы  Дархан Әлімханұлы Тілеужанов «Иә, жұмысқа орналаса аласыз. Бірақ біздің жұмыспен қамтуға байланысты бағдарламаларға қатыса алмайсыз» деді. Егер оралмандар мен ықтиярхатпен жүрген этникалық қазақтар ҚР азаматтарымен бірдей мүмкіндікті пайдалана алады дегенді  ескерсек, бағдарламаларға неге қатыса алмайды? – деген сауал туындады. Бұл сұрақты анықтауды Алатау аудандық әкімдігі Әлеуметтік мәселелер бойынша бөлімінің басшысы Ғани Базарбайұлы Әлі міндетіне алды.

ҚХР азаматы Ғұмыролла Ғибатолла мырза  азаматтық алмай ықтиярхатпен жүргендер, ықтиярхаттың мерзімін ұзарту кезінде соттылығы бар/жоқтығы жайлы анықтама қайтадан қажет етіле ме деген сауалына, «Анықтама қажет емес» деген жауап алып жеңілдеп қалды.

ҚХР-ден келіп жоғары оқу орнына тапсырған қандасымыз Гүләйім ханым 80-нен жоғары ұпай жинап оқуға қабылданыпты. Енді визасын ұзарту керек. Алайда, виза ұзарту кезегі ұзақ күттіреді. Сабақ қыркүйекте басталады. Не істуге болады? – деген сауалға, тиісті өкілден «оқу орнының шақыртуы және «оқуға түсті» деген анықтама болса, оқу визасын кедергісіз ұзартуы тиіс деген жауап алды.

ҚХР-дан келген Жәкеш атты азамат Алматы қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасындағы шетелдік азаматтармен жұмыс істейтін 8 терезеде басқа ұлт өкілі отырғандықтан, тілдесу қиын.  Сол орынға қазақ азаматын отырғызуға болмай ма? – дейді.

– Бұл сұрақ өткен жолы Бостандық ауданының оралмандарымен болған кездесуде де қойылған. Сұрақ-ұсыныс Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Қоғамдық кеңестің президиумына берілді. Нәтижесін күтеміз – деді жиын модераторы Жаңыл Амантайқызы.

Ал, ҚХР-дан келген кәсіпкер Амантай Зақанның «Үрімжідегі Қазақстан консулдығында кезексіз виза беретін ақылы терезе ашса» деген ұсынысын, виза алудан қиналып жүрген қытайлық қандастардың бәрі қолдады. Бұл экономикалық тұрғыдан Қазақстанға да, виза алуға мұқтаж азаматтарға да тиімді болар еді” дейді.

Жиын ұйымдастырушылары бұл ұсынысты тиісті орындар қарауына беретін ұсыныс-пікірлеріне қосатынын айтты.

Осылайша, тағы да қаладағы екі ауданның оралмандары екі сағатта талай ақпараттан хабардар болып, тарату материалдарын алып, тиісті орындардың өкілдерінен қажетті сұрақтарына жауап алды.

Жиналған қандастар жиын ұйымдастырушыларына алғыстарын айтып тарқасты.

 

Гүлмарал Ерсұлтанқызы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑