banner-top12

Шетелдегі ағайындар шығармашылығынан 440

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2014 | 1  026 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Таңжарық – айтыскер ақын

Таңжарық Жолдыұлы (1903–1947) – Қытайдағы қазақ поэзиясында ақындық табиғаты жақтан да, шығармашылық шеберлігі жақтан да дара тұратын, қарымы қайтпас, арыны күшті, суырыпсалма, табиғи төкпе ақын. Бұл ерекшелік Таңжарық поэзиясының төкпелігінен, ақынның өлеңді тосыннан құрастыратын шеберлігінен, айтыстағы бәйгені бермейтін дүлдүлдігінен айқындалады. Оның шығармаларында қазақ поэзиясының өлең, толғау, арнау, баллада, терме, жұмбақ, жоқтау, көрісу, қоштасу, сатирадан бастап, қисса, дастан, айтысқа дейінгі түрлерінің бәрі де бар. Ол өзінің  осындай мол түрге ие шығармалары арқылы сахарада өмір сүріп отырған мешеу халықтың рухани дүниесіне сілкініс тудырды. Халықтың жүрек түкпірінен өшпестей орын алған, біртуар, ардагер ақыны екендігін әйгілеп өтті. Сондықтан да таңжарықтанушы Оразанбай Егеубаев: “Таңжарық – ХХ ғасырдың алғашқы жартысында дүниеге келген қазақ әдебиетінің классигі, оның шығармалары – қазақ әдебиетінің классикалық туындылары” [1,73 б.], – деп заңды қорытынды жасайды .

Таңжарық шығармашылығының ішінде айтыс өлеңдерінің орны өзгеше. Ол өзінің суырыпсалма айтыскерлігімен де ақындық болмысын бір қырынан танытты. Таңжарықтың ақындық атағының әйгілі болуында тұтас шығармаларының рөл атқарғандығы даусыз. Әйтсе де оның ақындық өнерін ең алдымен елге танытып, даңқын асырған айтыс өлеңдері болып есептеледі. Өзге шығармалары секілді айтыстары да ру шеңберінде, туған аймағында қалмады. Мемлекет шекарасымен шектелмеді. Қытай қазақтарынан басқа, Қазақстан,  Моңғолия, Түркия, Ауғанстан, Германия қатарлы елдерде қоныстанған тұтас қазақ қауымына кең жайылды. Исі қазақ баласына ақынның аты мен  таланты әйгілі болды [2, 92 б.].

Таңжарықтың айтыс өнеріне бой ұруына себеп болған нәрсе екеу: бірі, құдайдың оған сыйлаған таза дарыны болса, енді бірі, болашақ ақын сонау бала күнінен ауыл арасындағы салттық айтыстарға қызба жігермен қызыға араласып, сол дарынды шыңдай, ұшқырлай түсуі болды.

Ақын өзінің айтысқа араласу тарихы туралы: “Сөйледім он екімнен бері қарай”,– деп анықтама жазып кетсе, “Таңжарық топты көрсе, елең қағып, айғайға бір қосылмай қалған емес”,– деп айтыс иіріміне қаршадайынан құмарта құлаш ұрып, жанын сала берілуін тамсана жырға қосты.

Осылайша айтыс десе, елең қағып, делебесі қозып тұратын ұшқыр талант иесі, сері көңіл, сезімтал ақын ел-жұртына айтыс жанрынан да шұрайлы мұралар қалдырды, өнегесі өшпес үлгілер орнатты. Өкінерлігі, ақынның жас кезіндегі айтыстарының  толық мәтіні ұмыт болып, ел арасында қызғылықты аңыздары мен жекелеген шумақтары ғана сақталған. Тек ересек кездеріндегі алты айтысы бүгінімізге жалғасып, баспасөзде жарық көрді. Олар: “Таңжарықтың Ұлжалғаспен айтысы” (“Шоқпар қатынмен айтысы” деп те айтылады), “Таңжарық пен Қойдымның айтысы”, “Таңжарықтың Баймұқаметпен айтысы”, “Таңжарық пен Әлекеннің әзіл айтысы”, “Таңжарық пен Нұриланың айтысы”, “Тұрды мен Әлекеннің айтысы” (Таңжарық жазған).

Таңжарықтың осы айтыстарында сол дәуірге тән халықтың қоғамдық тіршілігі, заттық және рухани өмірі, саяси хал-жағдайы, әдет-салттары, тыныс-тірлігі, күйініші мен сүйініші, алыс-жұлыс, тартыс қайшылықтар бейнесі, әріптестерінің эстетикалық талғамы, пайым-парасаты, ұғым-түсініктері,  білім өресі айқын бедерленеді. Сонымен бірге ақынның айтыс мәдениетіне деген көзқарасы айқын көрініп тұрады. Ол айтысты әлеуметтік мәні бар рухани күш, танымдық, тағылымдық рөлі зор жанр деп есептеген. Сондықтан да бұл айтыстар жай айтыстар қатарында қалмай, мазмұндық жақтан да, көркемдік жақтан да өресі жоғары, ірі ақындар айтысы, айтыстың ең дамыған түрі қатарынан орын алды. Бұлай болуындағы тағы бір себеп: Таңжарық ержеткен кезінде кез келген ақындармен айтыса бермеген. Шешендігімен, тапқырлығымен, суырыпсалма төкпелілігімен руынан, аймағынан ақындарды қырқай жеңіп дес бермей жүрген, ел-жұртқа аты-шулы ақындарды арнаулы іздеп барып айтысқа түскен. Мысалы: Қарқара жерінде алдына жан салмаған атақты ақын әйел Қойдымды іздеп барып айтысқаны туралы:

                                                  Қойдымның атын естіп қалған сайын,

Назарым соған ауып барған сайын,

Кәдімгі өшіккендей болып жүрдім,

Таба алмай іздеп барып қалған сайын,–

делінген дерек бар.

Осылайша, Таңжарық ақынның айтыстарының туылу тарихы өте қызғылықты. Таңжарық енді бірде, айтыс майданының өзінде әріптесінің тілін байлап, апшысын қуырып, айбар көрсете ырық бермей отырған жүйрік ақындарды “сауғаға” сұрап алып айтысқан. Бұл туралы “Ұлжалғаспен айтысында”:

Әлеке, амансың ба, қалың қалай ?

Болыпты бүгін жының алынғандай.

Шыдамай бір әйелдің зардабына,

Терлепсің қара суға малынғандай.

Байқасам ажарың пәс, даусың әлсіз,

Болыпсың аз келмесем жалынғандай,

Бір түнге ақыныңның майын берші,

Алыстан іздеп келдім сағынғандай.

Ес-түсін өлеңменен шығарайын,

Темірге қызып тұрған қарылғандай.

Жел сөзді желкесінен жаудырайын,

Көк құрақ шалғы тиіп шабылғандай…

Тұсына отыра қап сауға сұрап,

               Жібердім өлеңдетіп қатты айқайлай.

Нұрила ақынмен де осылай “сауғаға” сұрап алып, айтысқа түскен.

            Таңжарық  өзінің ақындығына сеніп, айтысуды әдейі қолқалап, іздеп келген дәупері ақындармен де айтысқа түскен. Таңжарықтың Баймұқаметпен жазбаша айтысы, міне, осындай жағдайда туылған. “Тұрды мен Әлекеннің айтысын” ақын үшінші жақ адам орнында жазып, елге таратқан. Ал “Таңжарық пен Әлекеннің қарғыс айтысы” Таңжарықтың қалжыңшыл, өлеңшіл достарының жайлау үстіндегі бір реткі бас қосуында 1921 жылы болған. Бұл айтыс қазақтың айтыс түрлерінің бір шумақтан ғана қару қайтарысатын “түре айтыс” үлгісінде орындалған. Екеуінің мініс аты, ер-тұрманы, қатын-баласы, иті, үйі қатарлылар қарғалады. Мысалы, Таңжарық:

                                                   Көк шолақ, жалғыз атың қотыр болса,

                Жаман, сары қатының соқыр болса,

                Еріңде құйысқан жоқ, жалғыз айыл,

Желқом қылып, жасаған тоқым болса, –

дегенде, Әлекен:

Аққаптал, жалғыз атың шолақ болса,

Құдайдың бар бергені сол-ақ болса.

Басы таз, жалғыз балаң – аяғы ақсақ,

Қатының іс білмейтін олақ болса,–

дейді. Айтыс Таңжарықтың:

Жолдастан сені алып ем талдағанда,

Аңғал ең сенетұғын алдағанға.

Көзіңді жас күшіктей жаңа ашқанда,

Ей, байғұс, не қыламын қарғағанда?!-

деген жарасымды, сыйласымды лебізбен аяқталады.

            Бұл айтыс туралы О. Егеубаев: “Қазақ айтыстарында айтыс кезіндегі қақтығыстарда қарғыс мағынасындағы жеке сөз,  сөйлемдер де кезігіп отырады. Десе де, әріптестер бірінен бірі асып түсе, із қуа, өршелене ашты тілмен аямайтын, бірақ ойнақы, жеңіл сөзбен тек қарғыс қана ауызға алынатын мұндай қарғыс айтысы қазақтың айтыс тарихында бұрынды-соңды  байқалмаған. Міне, бұны айтыс өнеріне Таңжарық ақын әкелген жаңа түр деуге болады”[3,104 б.],–деп баға береді.

            Таңжарық ақын Баймұқаметпен жазбаша айтысынан басқа айтыстарын түгел дерлік айтыс болғанына белгілі уақыт, тіпті бірнеше жыл өткен соң, есіне алып оны қайта жазып шыққан. Бұл жөнінде: “Осылай өткен бір іс басымыздан, Таңжарық қайта ойланып жазып шықты” (Нұриламен айтысынан), “Түгелдеп бұл сөзімді жаза алмадым, әйтеуір ойда қалған әр тармағы” (Қойдыммен айтысынан) деген ескертпелер жазып қалдырған. Мұнда Таңжарық Қазақстандағы Қарқара жерінде 1925 жылы болған Қойдыммен айтысын Қытай жеріне қайтып барған соң,  алты жылды өткеріп тастап, 1931 жылы күзде қайта қағаз бетіне түсірген. Ал 1939 жылы Қытайдағы Таңжарықтың ауылы Күнестің Адуынгер  жайлауында, Қоқымша деген кісінің аулында болып өткен Ұлжалғаспен айтысын жеті жыл өткен соң, 1939 жылы қайта жазып ел ішіне таратқан [2,88 б.].

            Таңжарық бұл айтыстарды жазған кезінде, қазақтың өнегелі айтыстары – “Біржан–Сара” мен “Әсет–Ырысжан” айтысының жазылу үлгісінен өнеге алған. Әріптестердің өлеңі басталардан бұрын айтыс болған ортаның мән-жайына, айтыстың қай жерде, қай кезде, не байланыспен болғанына, ақын сол  әріптесіне қалайдан-қалай, не күйде жолыққанына, қасында кімдер барлығына, жиын-тойға жиналған қалың қауымнан сырт, оған әйгілі адамдардан тағы кімдер қатынасқанына, әріптесінің түр-тұлғасы, көңіл-күйіне дейін шабытты өлеңмен желдірте шолу жасалып, одан соң барып айтыстың нақ өзіне  түседі. Айтыс барысында сезілген  қыбыр-қимыл, үлкенді-кішілі істерге де өлеңмен шағын-шағын ескертпелер беріп отырады. Осылай болғандықтан ақынның қайта жазған бұл айтыстарын оқығанда, тыңдағанда оқырман мен тыңдарман әріптестердің өнер сынасқан жауаптасуларынан сырт, ондағы айтыс майданы, жалпы ауқыммен жете танысып, сахнадан тартысы күрделі театр, көркем фильм көріп отырғандай немесе қызғылықты дастан оқылып жатқандай сезімге кенеліп, мол ләззат алады.

            Таңжарық айтыстарында ежелгі айтыс дәстүрлі бойынша ақындар ә дегенде-ақ бас мінеседі. Әр екі жақ өздерін мақтап, қарсы жағын даттайды. Мақтау мен даттау – айтысушы екі жақтың өлеңдік өнері, ақындық қарымы, жынысы, дене-тұрқы, жүріс-тұрысы, мінез-құлқы, айтыс үстіндегі мимикасы т.с.с. туралы болады. Бірінен-бірі мін іздеп,  ақау тауып, ә дегенде-ақ жүрегін алып, жасқандырып тастауға қарманады. Мысалы, Таңжарықтың  Ұлжалғаспен айтысында, Ұлжалғас:

Жасымнан ұрғашыдан шықтым озып,

Кетеді өлең десем перім қозып.

Айтысқан той болғанда бозбалалар,

Шыдамай кетуші еді шылдай тозып.

Шапқанмен маған, бала, жете алмайсың,

Жүгірме жете алмасқа бойың созып.

Бұрлығып орта жолда мерт боласың,

Талайлар шаңда қалып кеткен тозып.

Талайды жығып жүрген алысқанда,

Бәйгені алып жүрген жарысқанда,

Қазірше шерігіме тең келмейсің,

Жеңді деп Әлекеңді намыстанба.

Сен дағы жындыбастау көрінесің,

Байқармыз өнеріңді айтысқанда.

Түсіріп етпетінен кетуші едім,

Жалбаңдап жаман бала жабысқанда, –

дей келе, өзін “алтай қызыл қыран батпас” түлкіге, “қалыңдағы мерген атпас” маралға, “тұнықтан жүзіп ішіп, лай татпас, дарияның ішіндегі” құндызға, “салқыннан мекен алып, сазда жатпас” құланға, “күндіз-түн Иран баққа үні батпас” сандуғашқа және “базарда пұлы қымбат асыл тасқа” теңеп, сес көрсетсе,

Таңжарық:

                               Жұлма бас, қайқы кеуде, киіз аяқ,

                               Кет ары, теңім емес сендей саяқ.

                               Неңді алған мені жеңген сен байғұстың,

                               Ақ қаптал, мандам байтал, сынық таяқ…

                               Мен саған жалбармаймын бер деп рақым,

                               Кеткен жоқ әйел түгіл еркекке ақым.

                               Сөйледім он екімнен бері қарай,

                               Болар деп жасқанбаймын сенен зақым.

                               Ақ иық лашынмын қанат қақпас,

                                  Бабым көп күйшіл құстай адам таппас.

                                  Сайраған тілім – тоты, ділім – сарай,

                                  Өлеңім Ніл дария еңіске ақпас.

                                  Сөзімнің дарбазасы жаңа ашылды,

                                  Шабытты келді шағым ауыз жаппас.

                                  Кең қолтық кермедегі  арғымақпын,

                                  Тер шығып, етім қызбай босқа шаппас.

                                  Тауда өскен бөктер көрмей, көк бөрімін,

                                  Қадалып үргенменен қаншық қаппас.

                                  Борбайлап босқа әуре болғаның-ай,

                                  Соғылған сом болатпын тісің батпас,–

деп өз десін көтереді. Ақынның өзге көпшілік айтыстарында да осындай бас мінесулер туындап, ұзаққа созылады. Осыдан кейін екінші мазмұн басталады. Қарсылықты райдан кешпейді, кешкенді қойып шиеленісе түседі. Шарпысу көлемі кеңиді, айтыс мазмұны қоғамдық мәселелерге  көтеріледі. Ащы тілмен аяусыз сілкілеседі. Бұл кезеңдегі марапаттау мен даттаулар тайпа-рулар жөніне болады. Әр ақын қарсы жағының елінен, жерінен мін тауып, оны бетіне басады. Өз елінің, жерінің мақтанышын әйгілеп,  мінін жасырады,  жайма-шуақтайды, шабуылға тойтарыс береді. Мысалы, Қазақстанда өткен Қойдыммен  айтысында ақын:

Дегенге “әйел теңдік” құлақ аспай,

Жас қызды шырылдатып малға сатқан.

Жерінен малға сатқан қашып кетіп,

Жалбаңдап пысықтары  сотқа шапқан.

Тағы бір жылпостарың аткезші боп,

Түн қатып, шай тасып жүр біздің жақтан.

Білемін сөзім ауыр, қайқаңдайсың,

Жауырдай арқасына ері батқан.

Жаңа заң, жаңа тәртіп жөнін білмей,

Қор қылып, қайран албан былжыратқан,–

деп сол кезде албан руынан белең алып отырған кемістіктерді айып қып Қойдымның  бетіне басады. Қойдым:

Алдымен апиынкеш ұлықтарың,

Жататын үйден шықпай түтін сасып.

Жалбарып, жамбы тартып аласыңдар,

Бас қойып, сол ұлықтан мәнсап сатып.

Сондағы мықтыларың ісі жөн бе ?!

Елінің құтын алған, малын шашып…

Үстіне су тимеген қызайың көп,

Қаудырлап тақыр тонмен, етін қасып,–

деп қызай руынан байқалатын кемістіктерді Таңжарықтың бетінебасады.

            Таңжарық айтыстарында осындай өзін мақтау, қарсы жағының мінін бетке басу болса да, оған бола ақындардың сағы сынып, десі қайтпайды. Айтыстардың өн бойынан “ер болсын дұшпаның да деген заман” делініп, әріптестердің мән-жайы, портреті, ақындық өнері мадақталып, көрнектілендіріліп оған шабыт, қайрат беріліп отыратын тұстар да молдап кездеседі. Таңжарық  Қойдымның  портретін:

Шіркіннің өзі қандай, сөзі қандай ?!

Кез болған қан майданда кезі қандай ?!

Құлпырып гүл тікенсіз өспегендей,

Қадалды қайта бір кез, сөзі қандай ?!

Даусына таңғалады барша халық,

Дидары судан шыққан күміс балық.

Қыпша бел, қызыл шырай, қиғаш қасты,

Жыққанның арманы жоқ іштен шалып.

Бұраң бел, орта бойлы, кішкене аяқ,

Болар-ау Қойдымдай жан некен-саяқ ?!

Адамды жалт қаратар лебізі бар,

Бетінен төгіледі нұры тарап.

Тигізбей күнге бетін, желге етін,

Мәпелеп өсіріпті өзін баптап , –

деп суреттеп, келісті образын жасайды.

Таңжарық айтыстарында ақындардан тапқырлық, шешендік, зеректік, қағылездікті талап ететін жұмбақ өлеңдер де кездеседі. Таңжарықтың Баймұқаметпен айтысында жұмбақ шебер құрастырылады. Матаспалы бірнеше жұмбақ қатар айтылады да, бір жолда шешіледі.

Баймұқамет ақын Таңжарық ақынға:

Кетеді әрпі жалғас “қи” менен “зи”,

Оқылса обал екен қосылмай “и”.

Нүктесін таштитімен1 қосып айтып,

Әмзасын 2 арадағы қалдырмай жи.

Шықпайма шын оқылса бір бәйтерек,

Мәуесі бек гүлденіп, шыққан ерек.

Көп жерге көлеңкесі сая болған

Өлшеу қып қасиетін неге керек.

Осы сөз оңайлықпен шешілмейді,

Табады мыңнан біреу болса зерек,-

деп, жұмбақ өлең жазады. Бұл жұмбақты Таңжарық:

“Қи” мен “зи”  Қызай анам аты емес пе ?!

Саясын тастамай айт ғаріп санам.

Төрт нөл мен нүкте, тәштит төрт баласы,

Толықсып осы күнде өскен бағам.

Бәріміз аталықтың баласымыз,

Тел өскен бейне қолдың саласымыз.

Таралып аталықтан болдық мұндай,

Осыған бар ма, Бәке, таласыңыз?

Мәуесі ұрық – туған біз емес пе,

Аталық – әлгі биік ағашыңыз , –   деп шешу жазып қайтарады және Баймұқамет ақынның  шешуіне  жүктеп үш жұмбақ жазып жолдайды. Бұл айтыстан екі ақынның шешен де тапқыр, зерделі,  зерек білімдарлығы  байқалып тұрады.

Таңжарық айтыстары ежелгі айтыс дәстүрінің тар шеңберін бұзды, одан аттап өте алды. Жай бас мінесу немесе ел мінесумен ғана шектеліп қалмады. Әлеуметтік мәні зор қоғамдық ой-пікірді пайымдай алды. Сол тұста сақталып отырған әділетсіздікті, сұрқиялықты, қанауды, теңсіздікті, мешеулікті әшкерелеп, өркениеттілікке, алғабасарлыққа атойлаған жаршы, халықтың заттық және рухани мәдениетіндегі аянышты хал-жайларына жанашыр жоқшы болды. Таңжарықтың айтыстары тақырып, қоғамдық ой-толғамы жағындағы биіктілігімен ғана тынбайды. Қисынды ойларды табан астында табатын ұшқырлық пен шешендік үнемі көрініп отырады.

Таңжарық ақын айтыстарды қайта жазғанда өзімшілдікке, өз басын ғана өлеңші етіп көрсетуге бой ұрмаған. Әріптестердің бәріне де өзін басып түсердей сөз берген. Қарсыластар қатар жүйрік болғандықтан да айтыстар өрелі болған. Айтысушы екі жақтың жауаптасуларында жүйелілік, мергендік, тапқырлық, шешендік, шымырлылық, логикалылық, сұлулық бар. Тіл тұнықтығы, сөз байлығы төтенше айшықты, қанатты, әдемі сөз тіркестері молынан кездесіп отырады.

          Сырайыл Ысқақұлы, филология ғылымдарының кандидаты,

ҚХР Іле педагогикалық институтының аға оқытушысы

1 Таштид (арабша) – Араб сөздерін  дұрыс оқу үшін қойылатын белгілердің бірі.

2 Әмза (арабша) – Араб сөздерін дұрыс қою үшін қойылатын белгілердің тағы бірі.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑