banner-top12

Тарих no image

Қосқан уақыты Ақпан 3, 2014 | 1  032 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ТАРИХИ ДЕРЕКТЕР ҚОРЫМЫЗ ЖАҢА ҚҰЖАТТАРМЕН ТОЛЫҚТАЛУДА  

 

Елбасының бастамасымен қолға алынған «Халық тарих толқынында» атты бағдарлама шеңберінде қазіргі кезде еліміздегі алдыңғы қатарлы зерттеу институттары ғалымдары алыс-жақын шетелдердегі түрлі қорлардан қазақ тарихына қатысты құнды мағлұматтарды жинау ісін қолға алып жатыр.

Осы қатарда Р. Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының тарихшылары Бақыт Еженханұлы, Жанымхан Ошан, Әсел Мәнсүрова қатарлылардан құралған топ үстіміздегі жылы мамыр және шілде айларында ҚХР-ның Бейжің және Сиань қалаларында ғылыми іссапарда болып қайтқан еді.

ҚХР-ындағы археографиялықғылыми іссапары екі бағытта жүрілді. Іссапардың бірінші бағыты қытай мұрағат қорларында сақталған қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты мұрағат құжаттарын жинауға бағытталды, келесісі қазақ халқының этногенезі мен көне тарихына байланысты қытай жерінде сақталған көне ескерткіштерді жинау бағытында болды.

Іссапар Қытай астанасы Пекин қаласындағы Қытай  Бірінші мұрағатындағы мұрағат құжаттар қоры, Пекин мемлекеттік кітапханасы, Пекин университеті кітапханасы, Орталықұлттар университеті кітапханасының түрлі қорларында және Қытай ғылым академиясының этнология институты, Қытай шекара аймақтар тарихи географиясын зерттеу институты, Қытай мәдени мұраларды зерттеу институты қатарлы зерттеу институттары мен Орталықұлттар университеті, Халық университеті қатарлы бірқатар жоғары оқу орындары кітапханаларында жасалды. Іссапарымыздың екінші кезеңі Шаньси провинциясының орталығы байырғы Қытай астанасы Сиань қаласында өз жалғасын тапты. Сиань қаласында Шаньси педагогикалық университетінің Батыс Солтүстік қытайдағы этностарды зерттеу институты, Сиань қаласы Да Тан Сиши мұражайы, Бэйлинь мұражайы, Шанси мұражайы, Сиань мұражайы, Шаньси тарих мұражайы, Чжаолинь мұражайы, Цяньлинь мұражайы қатарлы мұражай қорларында сақталған көне түркі тайпаларынан шыққан тарихи тұлғалардыңқабіріне қойылған эпитафиялық ескерткіштер мен басқа да түрлі әдеби ескерткіштерді жинау өз деңгейінде атқарылып, қатысты құжаттар алынды. Сонымен бірге моңғол дәуіріндегі несториан дініне сенген түркі тайпаларының ескерткіштері мен көне ұйғыр жазуында жазылған бір топ құжат алынды.

Аталған іссапардың ең көрнекті нәтижесі ретінде осы сапарда сатып алынған «Цинь патшалығы дәуіріндегі Шинжиаңға қатысты мәнжу тілді мұрағат құжаттар жинағы» атты  ұзын саны 283 том еңбектің елге жеткізуін ерекше атап өтуге тура келеді. Қытайдың бірінші тарихи мұрағаты мен Қытай шекара аймақтардың тарихи-географиясын зерттеу орталығының Ву Юанфэн, Ли Шэн қатарлы ғалымдары құрастырған «Цинь патшалығы дәуіріндегі Шинжиаңға қатысты мәнжуше мұрағат құжаттар жинағы» атты бұл еңбек 2012 жылдың соңында Гуанси педагогикалық университеті баспасынан аз көлемде (бар-жоғы 50-60 тиражбен) жарық көрді. 16 форматта қатты мұқабамен шығарылған тұтас еңбек ұзын саны 283 томнан тұрады. Аталған еңбекке Қытайдың бірінші тарихи мұрағатының «Цзюнь цзи чу лу фу цзоу чжэ» — «Әскери басқармасында сақталған ұлықтардың мәлімдемелері көшірмелерініңқоры») деп аталатын қорында сақталған 72812 құжат (оның 8887-сі қосымша құжаттар) енгізілген. Құжаттар 1730 жылдың соңынан 1911 жылдың ортасына дейінгі жалпы саны 181 жылды қамтиды.

Құжат мазмұнының көлемді бір бөлігі Цин патшалығыныңҚазақ, Бурут (қырғыз), Қоқан, Бадақшан сынды Орта Азия елдерімен орнатқан қарым-қатынасы туралы сыр шертумен бірге, аталмыш елдердің, әсіресе қазақтар мен қырғыздардың XVIII-XIX ғасырлардағы тарихы, мәдениеті, экономикасы, саяси жүйесі және ішкі әлеуметтік жағдайы туралы аса құнды мәліметтерді ұсынған.

Қытайдың бірінші тарихи мұрағатында сақталған бұл құжаттардыңқалыптасуы Цин патшалығының сол өңірдегі жаулап алу мақсатындағы тарихи уақиғалармен, әсіресе оның Жоңғар хандығы мен Қашқарияны басып алу тарихымен тікелей байланысты болды. Цин патшалығы XVIIІ ғасырдың 50-жылдарында «Ең соңғы көшпенділер империясы» саналған Жоңғар хандығын жойғаннан кейін, көп өтпей Қашқарияны да өзінің тікелей билігіне ала бастаған еді. Осынау тарихи уақиғалар барысында Орта Азиядағы басқа халықтар да алпауыт айдаһармен бетпе-бет келді, уақыт өте келе олар Цинь патшалығымен арақатынасты бейбіт жолмен реттеудің жолын қарастыра бастады. Сөйтіп, Қазақ хандығы мен Цин патшалығы арасындағы саяси-дипломатиялық және экономикалық байланыс осындай жағдайда басталған еді. Бұл кезде Цин патшалығы өздерінің енді-енді бағындырған жаңа аймақтардағы билігі мен қауіпсіздігін нығайту мақсатында Қазақ хандығын өз ішіне алған Орта Азия елдерімен арада бейбіт қарым-қатынастардың орнауына мүдделі еді. Бұл кезде Цинь патшалығының аталған жаңа аймақтардағы өз билігін нығайту мақсатында тікелей тағайындап жіберетін ең жоғарғы лауазымды тұлғасы Іле цзянцзюні (генерал-губернатор), оның көмекшілері болған Тарбағатай (Шәуешек), Үрімжі, Қашқар т.б. жерлердегі амбандары, Үрімжідегі қазақтармен арадағы «жылқыға жібек» саудасыныңұйымдастырушы ұлықтары патшаға тікелей мәлімдеме жазып, сондағы жағдайды хабарлап тұрды. Цин патшалары сол ұлықтарға тиісті мәселелер туралы өздерінің пікірі мен жарлықтарын жазба түрде жіберіп отырды. Сонымен қатар, Цин ұлықтары патшалық орталығындағы уәзірліктермен де әр түрлі мәселе бойынша хат-хабар алысып отырды. Осындай тарихи уақиғалар негізінде қалыптасқан мұрағат құжаттарының топтамасы болған «Цинь патшалығы дәуіріндегі Шинжиаңға қатысты мәнжуше мұрағат құжаттар жинағы» атты көп томдық жинақтағы қазаққа қатысты мұрағат  құжаттар, қысқаша айтқанда, мынандай мазмұндарға құрылған: Қазақ-жоңғарқарым қатынастарына қатысты, соның ішінде екі ел арасында орын алған шайқастар туралы мәліметтер; Цин патшалықәскери күштерінің Жоңғар хандығын жойғаннан кейін Қазақ даласы мен Орта Азия жеріне қашып келген Әмірсана, Қасақшира сияқты жоңғар билеушілерін жою мақсатында жасаған жорық кезінде Қазақ хандығыныңәскери күштерімен қақтығыстарға түсуі мен екі елдің бітімге келу барысына қатысты құжаттар; екі ел тікелей байланыс орнатқаннан кейін бір-біріне елшілер жіберуі, екі ел арадағы саяси-дипломатиялық істерге қатысты жазылған құжаттар және қазақтар мен басқа Орталық Азия елдері арасындағы  қарым-қатынастарына қатысты құжаттар; Жоңғар хандығы жойылғаннан кейін қазақтардың бұрынғы жоңғарлар басып алған атамекендеріне оралуы және қазақтардыңқолында қалған қалмақтардың Цин патшалығына қашуы немесе бейбіт түрде көшірілуіне қатысты құжаттар; Қазақ-Цин сауда қатынастары жөніндегі әр түрлі құжаттар;  Қазақ елі мен қазақ  жері туралы мәліметтер қамтылған. Біздің алғашқы анықтауымыз бойынша, аталмыш көп томдық жинаққаҚазақстан тарихына қатысты жалпы саны 3000-ға жуыққұжат енгізілген, бұл көрсеткіш Қытайдың бірінші тарихи мұрағатында сақтаулы тұрған Қазақстан тарихына қатысты барлыққұжат санынының жартысына жуығына тура келеді.

Жоғарыдағы көрсетілген жәйттер мынаны дәлелдейді: «Цинь патшалығы дәуіріндегі Шинжиаңға қатысты мәнжуше мұрағат құжаттар жинағы» атты көп томдық Цин патшалық мұрағат құжаттар жинағыныңҚазақстанға әкелінуі – еліміздің тарихи дерек қорын байытуға үлкен мүмкіндік тудырып отыр. Солай дегенмен, бұлқұжаттардың мазмұнына түбегейлі сараптама жүргізе отырып, ғылыми айналымға енгізу үшін алдағы жерде аса көп жұмыстарды атқаруға тура келеді.

Осы жолғы іссапар нәтижесінде бір топ көне түркі тайпаларынан шыққан тарихи тұлғалардың эпитафиялық ескерткіштері де елге жеткізілді. Неше мыңдаған жылдық жазба тарихы бар Қытай елі өз көршілері туралы ең  көп мәліметтерді қағаз бетіне жазып қалдырған  ел ретінде танылады. Сол себепті Еуразия даласын қоныстанған қазақтардың тікелей ата-бабалары саналған көне түркі-моңғол тайпаларының мыңдаған жылдық тарихы туралы еңқұнды деректердің көбі сол елдің тарихи жазбаларына, мұрағат құжаттарында және басқа тарихи жәдігерлерінде сақталған. Сөйтіп, қытайлар өз тарихымен қоса өзге көрші елдердің тарихын қағаз бетіне түсірумен ең көп айналысқан ел ретінде танымал. Қытай елі тарихты қағаз бетіне түсірумен бірге мәңгі тастардың бетіне бәдіздеп отыруды ертеден дәстүрге айналдырған ел. Бүгінгі кезде қытайдың «тас жазбаларының» әлем елдерінде теңдесі жоқ жазба қоры сақталған. Қытайда соңғы кезде мыңдаған жылдар бойы тақта тастарға жазылған түрлі «тас жазбаларды» ашу мен зерттеу жұмысы еңқарқынды жұмыстардың бірі саналып келеді. Бұл жұмыстардыңқарқын алуы қытай тарихын, қытай мен көрші елдердің түрлі қарым-қатынасы тарихын зерттеуге серпін беріп отыр. Соңғы уақытта ашылған мұндай жаңалықтар түркітану ғылымының тың тақырыптарын жазуға жаңа мүмкіндік беруде. Себебі ескерткіштердің біраз бөлігі түрлі тарихи кезеңде қытай жеріне барып, сол елде елеулі міндеттер атқарған түркі халықтарынан шыққан тарихи тұлғалардыңқабір басына қойылған эпитафиялық ескерткіштер болып табылады, мұндай ескерткіштер көне түркі халықтарының тарихынан, өте-мөте VI-IX ғасырлардағы түркі халықтарының тарихынан тыңәрі нақты мәліметтер беріп отыр. Қазіргі кезге дейін табылған ескерткіштердің негізгі мазмұнында: Аталған тарихи тұлғаның аты-жөні, туған және қайтыс болған жылы мен айы және күні; қай елдің адамы екендігі, түркі тайпаларыныңқайсы руынан шыққаны, әкесінің ата-бабаларыныңөз елінде кім болғаны; қандай себептерге байланысты қытайға қай мезгілде келгені, қытай елінде қандай міндеттер атқарып империя үшін нендей үлес қосқаны және сол еңбектері үшін патшалық тарапынан қандай марапаттау, атақ пен шен берілгені қатарлы бірқатар мазмұндар жазылған. Айтулы эпитафиялық ескерткіштердің көбі қазақтардың этногенезіне тіке қатысты көк түріктер (бұлар ашына, ашыдэ, жчиши, биши сияқты Түркі қағанатының билік басындағы ақсүйек тайпаларды көрсетеді), түркеш, сюэяньто, қарлық, шігіл, ұйғыр сияқты көне түркі тайпаларының уәкілдеріне қатысты болып отыр.  Ал ескерткіштердің тілі мен жазуы бұған дейін тек ғана қытай тілінде болып келсе, үстіміздегі жылдың сәуір айында Сиань қаласынан қытай және руникалық жазумен көне түркі тілінде жазылған екі тілді Гэчо («Қары чор») ескерткішініңтабылуы эптитафиялық ескерткіштердің тұтас түркітанудағы деректік құнын жаңа деңгейге көтерді.

Эптитафиялық ескерткіштегі мәліметтер көбіне тарихи тұлғаның жеке өміріне қатысты жазылған, соған қарамастан ол бүкіл түркі халықтарының саяси, мәдени, рухани болмысын өз ішіне алған тұтас тарихын кешенді түрде зерттеуге көп мүмкіндік береді. Қазірге дейін анықталған ескерткіштер мазмұны жағынан тарихи шығармаларда орын алған ақтаңдақ беттерді толықтырып отыр, аталған ескерткіштердің еліміздің көне тарихын зерттеудегі деректемелік құндылығы міне осында деуге болады.

Археографиялық іссапардың табыстарының тағы бір табысы ретінде несториандық эпитафиялық ескерткіштердің  жинақталуын атап өтуге болады. Несториан өткен тарихи дәуірлерде тұтас Еуразия кеңістігіндегі көптеген халықтардың, соның ішінде түркі халықтарының тарихында олардың рухани өмірінен елеулі орын ала отырып, олардың тұтас рухани, мәдени өмірін байытып, көне түркілердіңәлем халықтарымен арадағы байланысына өзіндік ықпал еткен діндердің бірі болып табылады. Біз түркі халықтары тарихында несториандық дінни сенімнің көп замандар бойы сақталғанын бұған дейін тарихи жазба деректер арқылы мәліметтер алған болсақ, бір ғасырдан бергі қазба жұмыстары нәтижесінде табылған эпитафиялық ескерткіштер қолда бар жазба деректердің дерек қорын байытып, ғалымдардың бұл мәселеге болған танымын онан сайын тереңдетіп отыр.

Қытай жерінде несториан дінінің таралуын әйгілейтін ең байырғы ескерткіш қазіргі кезде Шаньси провинциясы Сиань қаласындағы Бэйлинь мұражайында сақтаулы тұр. Ұлы Цинь (Византиа) елінің цзиньцзяо (несториан) дінініңҚытайға таралуы туралы ескеркіш деп аталған ескерткіш 781 жылы орнатылған. Бұдан кейінгі тарихи кезеңдерге жататын ескерткіштер қытай жерінде Ішкі Моңғолияның бір қатар жерлерінен, Пекин, Дунхуан, Тұрпан, Қашқар, Қорғас (Алмалық) қатарлы жерлерден және Қытай теңіз жағалауларындағы Цюаньчжоу, Янчжоу қатарлы қалалардан да табылып отыр. Ең бастысы бұл дүниелердің бұған дейін Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы Жетісу өңірінен табылған несториандық ескерткіштермен ұқсастықтары өте көп, олардың арасында тіпті бір ғана тілде бір ғана үлгімен жазылғандары да бар.  Ғалымдар несториан діні VІ ғасырдан бастап Орта Азияға тарала бастағанын дәлелдеп отыр. Біз несторианның Моңғол жорығына дейін прото қазақ тайпалары арасында найман, керей (керейт), меркіт, және оңғыт тайпалары мен Бесбалықтағы ұйғыр Идұқұт мемлекетінде сақталғанын білеміз. Қазіргі кезде қытай жерінен табылған несториандардың эпитафиялық ескерткіштерінің көбі моңғол дәуірі мен одан сәл кейінгі кезеңге жатады. Соған қарағанда қытай жерінде табылған бұл эпитафиялық ескерткіштердің иесі моңғол дәуірінде қытай жерінде түрлі міндеттер атқарған жоғарыда аты аталған тайпалардан шыққан тарихи тұлғаларға тиісті екендігі қарастырылып келеді. Бұл ескерткіштер бұған дейін еліміз аумағында Жетісу өңірінен табылған ұқсас мезгілдегі несториандық ескерткіштермен өте ұқсас. Ескерткіш мәтіні негізінен алғанда Сирия жазуымен немесе көне ұйғыр жазуымен түркі тілінде, кейбірінде сирия тілінде жазылған. Қытайдан табылған бұл ескерткіштерді елге әкеле отырып оны еліміз аумағында табылған ұқсас мезгілдегі ескерткіштермен салыстыра отырып зерттеу еліміз тарихының аталған дәуірдегі тарихы мен мәдениетін зерттеуде тарихи маңызы өте жоғары болып табылады.

Іссапар барысында Қытайдың бірінші тарихи мұрағатындағы жоғарыда айтылған көп томдық жинаққа енгізілмеген Қазақ тарихына қатысты құжаттарға да тексеру жұмысы атқарылып, олардың біразы көшіріп алынды. «Цин патшалықәскери басқармасында сақтаулы мәнжу тілінде хатталған ұлықтардың мәлімдемелерінің көшімелері» деп аталатын құжаттар қорында (құжаттардың микрофильм қоры) сақталған бес құжат Абылай хан, Әбілпейіз сұлтан, Болат хан, Уәли сұлтан сынды қазақ хан-сұлтандарының хаты болып келеді.

Іссапардың нәтижелерінің келесі бір мазмұны ретінде көне ұйғыр жазуымен түркі тілінде жазылған жазбалардың да табылғандығын айта кеткіміз келеді. Соның ішіндегі «Он оқұйғыр ханы және оның шекарасы туралы меморандум» деп аталып жүрген көне ұйғыр жазуымен түркі тілінде жазылған құжат Х-ХІІІ ғасырдыңеншісіне жататын жазба ескерткіш екені анықталып отыр. Бұл құжатта түркі халықтарының аталған кезеңіндегі тарихы мен тарихи географиясына қатысты ешбір жерде жазылмаған құнды мәліметтердің сақталуы құжаттыңғылыми құндылығын асырып отыр.

Жанымхан ОШАН,
Р.Б.С
үлейменов атындағы Шығыстану институтыныңғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑