banner-top12

Ақпараттар ағымы IMG_4170

Қосқан уақыты Қаңтар 30, 2016 | 971 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Тарихи Отанына оралғысы келетін қандастарымызға даңғыл жол ашылды

кс миграция 146 кс миграция 064 кс миграция 070 IMG_4175 IMG_4170 IMG_4160 IMG_4156  IMG_4135 IMG_4134     IMG_4088  IMG_4078 IMG_4067 IMG_4066 IMG_4036

Көші-қон мәслесеі еліміздің ең өзекті мәселелерінің біріне айналғалы қашан!? Бір заңды түзейміз деп, екіншісіне қателікке жол беріп отырды. Осылайша, бұрынғы қабылданған заңдардың жақсы тұстары да, кемшін тұстары да болғаны рас. Алайда, заңның айналасынан шығатын дау¬дың 70-80 пайызы оны халыққа дұрыс түсіндірмеуден туындайтын көрінеді…
Өткен жылды қоры¬тын¬дылап, журналистерге берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізге ке¬летін ағайындар – қазақтар және оларға әр уақытта есік ашық. Жағдайын жасай¬мыз. Оралмандар жөнінде жаңадан қа¬былданған заңды білесіздер, яғни оларға құжат тапсыру, азаматтық беру мәселесін жеңілдеттік» деді.
2016 жылдың қаңтарынан күшіне енген Қазақстан Республикасы Пре¬зи¬дентінің 2015 жылы 24 қараша күні қол қойған «Қа¬зақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселе¬лері бойынша өзгерістер мен толықты¬рулар енгізу туралы» №421-V Қазақстан Республикасының заңын халыққа дер кезінде түсіндіруді мақсат еткен Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қоры мен Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы бірлесіп дөңгелек үстел өткізді. Жаңа заңның қандастарымызға берер жеңілдіктері қандай? Елге оралғысы келетін, келіп жатқан ағайындар нені білуі тиіс? ХҚКО арқылы оралмандарға қандай қызметтер ұсынылмақ? Және тағы басқа сұрақтарға жиын барысында жауап берілді.
Басқосуға Алматы қаласы ІІД Көші-қон полициясы, Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және т.б. мемлекеттік, қоғамдық ұйымдар өкілдері, журналистер, оралмандар, шетелдерден келген этникалық қазақтар қатысты.
Жиынға қатысушы тиісті мекемелер өкілдері, кейбір қандастардың өз уақытында әрекет етпей, өз мәселесін бүгінге дейін созып, енді тығырыққа тіреліп, “күшіне енген жаңа заңнан үміт бар ма” деп келіп жатқанын тілге тиек етті. Алматы қаласы Мемлекетік еңбек инспекциясы және көші қон басқармасы Көші-қон бөлімінің басшысы Күлсін Метербайқызы Ысқақованың айтуынша, жаңа жылдан бастап күшіне енген жаңа заңға сәйкес Алматы қаласы да этникалық қандастарды қабылдап, “оралман” мәртебесін беру мүмкіндігіне ие болып отыр. Естеріңізге сала кетсек, Алматы және Астана қалаларында бұл қызмет 2014 жылғы 25 мамырдан бастап тоқтатылған болатын.
Анықтама үшін: Алматы қаласы Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасында 2013 жылдың 24 шілдесінен 2014 жылдың 25 мамыры аралығында 624 этникалық қазақтар қабылданған, оның ішінде 2013 жылы 298 адам, ал 2014 жылдың бес айы ішінде 326 адам қабылданған. Жалпы қабылданған азаматтардың 315-і «Оралман» мәртебесін алу туралы өтініш білдірсе, ал қалған 309 адам қолданыстағы көші-қон заңнамалары бойынша түсініктеме алған..
Басқарманың құрылған күнінен бастап «Оралман» мәртебесін беру туралы мемлекеттік қызмет 315 этникалық қазақтарға көрсетілді, соның ішінде 2013 жылдың 2-ші жарты жылдығында – 173 адамға, 2014 жылдың 5 ай ішінде – 142 адамға. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесінде 253 дана «Оралман» куәлігі тапсырылған.
Тіркелген оралмандардың еңбекке жарамды жастағы адамдар саны – 212 немесе 67%, зейнеткер жасындағылардың саны – 28 адам немесе 9,0%, балалар саны – 75 адам немесе 24,0%.
Оралмандардың шыққан елдері: Өзбекстаннан – 165 адам, ҚХР-дан – 104 адам, Түркиядан – 5 адам, Қырғызстаннан – 16 адам, Моңғолиядан – 8 адам, Ресейден – 6 адам, Тәжікстаннан – 10 адам, Ауғанстаннан – 1 адам.

Одан бергі уақытта, 4 жылда берілетін азаматтық алуды күтушілердің “оралман” куәлігінің мерзімін ұзартып берумен ғана шектелген. Енді жаңа заң бойынша этникалық қазақтар азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен 1 жыл ішінде алуға мүмкіндік туып отыр. Заңның күшіне енуін күткен қандастардың арасында 2011 жылы “оралман” мәртебесін алғандар да бар екен. Алайда, Көші-қон басқармасы өздері жұмыс істей бастаған 2013 жығы 23 шілде мен 2014 жылғы 25 мамыр аралығында алынған “оралман” мәртебесін осы жылғы күзге дейін ұзартуға ғана құзыретті көрінеді. Ал “оралман” куәлігінсіз қандастарымыз азаматтыққа жеңілдетілген тәртіппен қабылданбайды.
Алматы қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары, полиция майоры Жандос Ақылбекұлы Тұрысбеков: “Заң талабы бойынша, тек “оралман” куәлігі бар этникалық қазақтар ғана жеңілдетілген тәртіппен азаматтыққа құжаттарын өткізе алады. Ондай куәлігі болмаған жағдайда жалпы тәртіппен, басқа ұлт өкілдері тәрізді құжаттар тапсырады. Қазақстанда қос азаматтық болмайтындықтан, міндетті түрде тұратын елінің азаматтығынан шығуы тиіс болады. Ал “оралман” мәртебесі барлардан тұратын елінің азаматтығынан шығу талап етілмейді,” дейді. Осылайша, 2013 жылғы 23 шілдеге дейін алынған “оралман” мәртебесі бар этникалық қандастардың мәселесі басы ашық күйінде тұр. Осындай мәселесі шешілмеген ағайындар Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қызметкерлерінен де көмек сұрап, мазалап жатқан көрінеді. Жиынға қатысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Сұлтанәлі Базарбайұлы Балғабаев “осы мәселемен және ҚХР-дан келетін ағайындар “бізге сотылығы бар-жоқтығы туралы анықтаманы бермейді”, енді не істейміз деп келіп жатады. Осы мәселенің бәрін жинақтап, бір шешімін табатын жолын қарастыруымыз керек. Сонымен қатар, келесі осындай жиындарға Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызметінің өкілдерін де шақыруымыз керек. Көп мәселе сол кісілердің қатысуымен шешіледі деп есептеймін.
Тағы бір айтарым, осындай жиынды республикалық деңгейдегі тиісті органдардың өкілдерімен өткізу керек тәрізді. Себебі, мен өткен жолы сіздердің осында өткізген жергілікті органдар өкілдерінің айтқандары мен республикалық деңгейдегі мекеме өкілдерінің айтқандарының қарама-қайшылықтарын байқадым. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін білмей қалдым. Бүгін ғана бір ақпараттан Қазақстанда 37 мың адамның көші-қон заңын бұзғанын көзім шалды. Сондықтан, Қазақстанға келіп жатқандар заңдардан бейхабар, заңнамалар дұрыс түсіндірілмеуі де мүмкін деуге негіз бар” дейді.
Алматы қаласы ІІД Көші-қон полициясы басқармасының аға инспекторы, полиция подполковнигі Ләззат Шәймерденқызы Мұхитова:
“Біз ҚР заңдары қалай қарастырылған, сонымен жұмыс істейміз. Біз орындаушымыз. Күнделікті келіп жатқан оралмандармен жұмыс істеп, көп тәжірибе жинақтадық. Заңнама, қаулы-қарарлардың кемшін тұстарын да жұмыс барысында және осындай кездесулердегі сіздердің ұсыныс-пікірлеріңіздің нәтижесінде жоғарыдағы тиісті органдарға хат жазып, ұсыныстар беріп жатамыз. Соның нәтижесінде оңды өзгерістерге қол жеткізгенімізді де айта кетуіміз керек. Оның дәлелі, ҚХР-дан келетін азаматтардан Қытай елі жағынан “Қазақстанда тұрақты тұруға қарсы емеспін” деген анықтаманы талап ету алып тасталды, этникалық қазақтар сол елдерден алып келетін құжаттарды апостилдеу қажеттігі тоқтатылды. Тиісті орындармен келісе отырып, ҚХР-дан келетін қандастар үшін “соттылығы бар-жоқтығы туралы” анықтаманы сол елдегі жергілікті полиция бөлімдерінен әкелсе де қабылдайтын болдық. Мұның бәрі, түптеп келгенде, өз қандастарымыз қиналмай Қазақстан азаматтығын алса екен деген талпыныстан туып отыр. Бұлардан тыс, қандастарымыз төлем қабілетін дәлелдеуден босатылған, визаның қай түрімен келсе де ықтиярхатқа тапсыра алады. Ал, этникалық жастар Қазақстан жоғары оқу орындарының студенті атанса, олар да ықтиярхат алмай-ақ, бірден азаматтыққа тапсыра алады. Сондықтан, қандастарымыз осындай жақсы мүмкіндіктерді дұрыс пайдаланғандары жөн,”- дейді.
“ҚР Үкіметінің 2014 жылғы 11 наурыздағы №217 қаулысына сәйкес “Оралман мәртебесін беру көрсетілетін мемлекеттік қызметтер стандартына сәйкес, құжаттарды баламалы түрде Халыққа қызмет көрсету орталықтары да қабылдайды. 2014 жылдың 25 мамырынан бері Алматы қаласы оралмандарды қабылдауды тоқтатқандықтан, бұл қызметке жүгінушілер болған жоқ десе де болады. Енді, жаңа заңға сәйкес, Алматыға қоныстанушы қандастардың құжаттарын ХҚКО арқылы да өткізуге болатынын айтқым келеді,”- дейді Алматы қаласы ХҚКО директорының орынбасары Жамал Теміржанқызы Баймұханбетова.
Ал, Халықаралық “Жанашыр” қоғамдық қорының президенті Жаңыл Амантайқызы Әпетова Алматы қаласы Әкімдігі Ішкі саясат басқармасының қолдауымен қандастарға қажет болатын заңнамалар мен керекті кеңестер беру үшін тиісті орындардың өкілдерін қатыстыра отырып жылына 6-7 басқосу өткізетінін, қандастарға түсінікті болу үшін қазақ және орыс тілдерінде, кирил, латын, араб әріптерімен қажетті кеңестер топтастырылған “Елдесіміздің есіне” деген кітапшаларды шығарып, тегін таратып жүргендерін айтты. Сондай-ақ, www.shalqar.kz,”www. janashyr.kz” сайттарында да қандастарға қажетті ақпаратты көптеп жариялайтынын атап өтті. Жиынға қатысушыларға осындай басқосуларда айтылатын кеңестерге құлақ түріп, білместікпен әуре-сарсаңға түспес үшін жіті ақпараттанып отыру керектігін айтты.
Иә, келіп жатқан қандастарымыз ҚР заңдарында көрсетілген талаптарға сай мүмкіндіктерді пайдаланып, өз уақытында әрекет етсе, бүгінгі айтып жүрген, бас ауруға айналған проблемалар болмас еді.
Қандастарымыз мына мәселелерді берік есте ұстаса: Қазақстанға келген бойда 5 күн ішінде “Оралман” мәртебесін беретін куәлікті алып алса, ҚР азаматтығын 1 жыл ішінде алуда көп жеңілдіктер қарастырылған. Егер ол мәртебе болмаса, азаматтық алуда өзге ұлттарға қойылатын талаптарды орындауға тура келетінін естен шығармағандары дұрыс. Келетін этникалық қазақтар қоныстанған өңіріне қарамастан, Қазақстанның қай облысына келсе де, оралман мәртебесін ала алады. Бір жылдың ішінде азаматтықты алып болуы керек. Төлем қабілетін растау талап етілмейді. ҚХРдан келетін қандастар соттылығы бар-жоқтығы жайлы анықтаманы тұрған жеріндегі жергілікті полиция орындарынан әкелсе де жарамды болады.
Енді ағайындар қандай визамен келсе де елде қалуға дұрыс ниеті болса, оларға тұрақтап қалуына мүмкіндік бар. Тек миссионерлік визамен келетіндерге есік жабық.
Бүгінгі таңда Қазақстан шетелдегі қазақтарға білім гранттарын беріп отыр. Білім гранттарына ие болып не өз бетінше жоғары оқу орындарына келіп түскен қазақ жастарына жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуына құқық беретін норма енгізілген. Бұрынғы заң нормалары бойынша олар біздің елімізде білім алады, бітіргеннен кейін Қазақстаннан шығып кетуі керек болатын. Оралман мәртебесін, одан кейін азаматтықты алу үшін көші-қонның бүкіл процесінен өтіп, қайта келуі қажет еді. Енді оқуға келген этникалық қазақтар оқуға түскеннен кейін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мекемелерінің жатақханаларында уақытша тіркелуге және жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар.
Бұрын оралмандардың өңірлік квотасына «жоғары білімі болуы керек» деген талап қойылды. Енді тиісті білімі, біліктілігі, мамандығы барларға, көпбалалы отбасынан шыққан, жоғары білім алуға мүмкіндігі бар жастарға айрықша басымдық берілді.
Оралман айқындалған жерге көшіп барып, арада 5 жыл өтпей еліне немесе басқа жаққа көшер болса, алған жеңілдіктің бәрін мемлекетке қайтарады. 10 жыл бұрын келген отбасы да, былтыр келген отбасы да оралман атанып жүре беруіне жол жабылды. Енді ол бір жылдан соң толыққанды Қазақстан азаматы атанады.
Осылайша, 1 қаңтардан бастап күшіне енген заң тарихи Отанына оралғысы келетін қандастарымызға даңғыл жол ашып отыр деуге толық негіз бар.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑