banner-top12

Сұхбат interview

Қосқан уақыты Мамыр 11, 2011 | 1  439 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Таудан аққан тас бұлақ, тасыса құяр теңізге

Бір ғалым лекция оқып тұрғанда, шәкірттерінің біреуі:

–       Ғалым, бір миллилитр суды мәңгі құрғатпай сақтаудың амалы бар ма

екен? – деп сұрау қояды.

Ғалым іркілместен:

–       Бар, ол – теңізге құя салу, – деп жауап береді.

    “Тарау-тарау бұлақтар түседі де көп ізге, құяды барып теңізге” деген

тәмсіл осыдан болса керек.

Бұлақ демекші, шешендерден бізге жеткен мына бір шежіре есімізге

түседі. Ол – “Су анасы – бұлақ, жол анасы – тұяқ, сөз анасы – құлақ”.

          Менің тіліме тиек болған бұлақ – ғылым бұлағы. Бұлақ теңіз, өзен – бәрі-бәрі де ғылымның, өнердің символы. Ал, жол анасы тұяққа келсек, іздеу үшін жол жүресің, жол жоқ жерден жүру арқылы жол табасың. Жолды жолға жалғаған тұяқ, қазіргі құрлықты құрлыққа жалғаған зымыран жол да ата-бабаларымыз айлап, жылдап жүріп тұяқпен басқан – ашқан жол. Біз бүгінгі күнде сол рух бойынша, мейлі ауылдағы тұяқтан туған жалғыз аяқ қасқа жолдан бастап қазіргі заман жолына дейін барлығы да адам ашқан ғылым жолы, ғылымда шекара жоқ дейміз. “Жүргенге жөрмек ілінеді”, көздеген мақсатымызға жол арқылы жетеміз. Жүргеннің жөні осы деп бағдарсыз, қате жол басып алсақ, майлы жөргемді қойып, жабысқақ жылауық та ілінбейді. Тапқырлықтың бірінсіз бірінің күні жоқ, бәрі де адамзат тіршілігіне бағышталған ғылым жолы.

Сөз анасы – құлақ. Мұның мәні тіпті де арыда жатыр. Барлық адамда құлақ бар, мәселе – есту, тыңдау, нені есту, нені тыңдау, нені көкейге құюда. Құйма құлақ – естігенін зердесіне тоқып, ғылым-өнер жүлгесін тапқан құлақ….

Түйіп айтқанда, бұлақ болмай су қайда? Тұяқ болмай жол қайда? Құлақ болмай сөз қайда? Бәрінің түбі бір, бірін-бірі толықтап отырады. Сондықтан да шешендер шежіресін осылай шерткен.

Ендеше, мен бұлағыма аялдайын. “Қайдан келгеніңді білмесең, қайда барарыңды білмейсің” дейді екен бұрынғылар. Десе де, алғашқы қадамның қалай басталып, қайда барғанын қоя тұрып, алдымен кейіпкердің шекара аттап, шетел ғалымдарының талғам назарын басып, талантымен танылғаны туралы білгім келеді. Зердеге біткен зеректік тәңірдің берген сыйы десек те, тасқайрақ таланттың, тапжылмас табандылықтың арқасында Күнестің сонау шалғай сахарасында таза ауамен тыныстап, тасбұлақтың тұнық суын жұтып, рахатын да көріп, мектеп пен үйге дейінгі мал тұяғы ұлпадай түткен шұбырма жолдың шаңынан көзі жылтыратып жүріп-ақ бастауыш, орта мектептен университетке дейін ұстаздардың алдынан алау ұстап аттанып, ылғи да бәйге атындай ойқастап, қара үзіп алда келгендігінен хабарым бар еді.

        “Ойқастаған жақсы атпен орта жолда қалмайсың, кішігірім мақсатпен үлкен адам болмайсың” депті бір ғұлама ақын. Үлкен адам болу – бір ғылымның докторы болудан артық болмас.

–       Тұрсынжан сен игерген ғылым адамзаттың мүддесіне, тіршілігіне тіке қатысты екен, осы сапарыңа қатты қызығып отырмын. “Қажырлық пен қайсарлық – биік ұшуға талпынған азаматтың қос қанаты” дейді екен. Сені биіктен биікке жебеген қандай мақсат екенін әңгімелеп берсең?

–       1987 жылы Шинжиаң медицина университетін бітіріп, оқытушылыққа қалдым. Университетте жақсы оқыған негізім бойынша ұстаздық жұмысымда да нәтижем көрнекті болды. Ұстаздық еткен тоғыз жылда университеттен өлкеге дейін түрліше марапаттаудан қағыс қалмадым.

     1993 жылы университет Шаңхай медицина университетіне білім толықтыруға жіберді. Мұнда бір жыл аспиранттық оқыдым. Оқытушы болған жылдарымда өздігімнен ағылшын тілін, жапон тілін үйрендім. 1998 жылы Білім және ғылым министрлігінің шетелге шығып оқуға беретін санын алу үшін мектеп бойынша ағылшын тілінен емтихан алынды, мен осы емтиханда бірінші болдым. Сонымен, Францияға барып бір жыл оқуға жоғарыдан келген бір сан менің үлесіме берілді. 1999 жылы Пекин тіл-мәдениет университетінде бір жылға жуық француз тілін оқыдық, мемлекеттің жер-жеріндегі университеттерден келіп, бағыттамалы оқыған бір топтағы 25 әр ұлт мұғалімі ішінде ең алдыңғы нәтиже менікі болды. Сол жылы қазан айының  25- күні Францияға аттандық.

–       Франция сияқты мәдениеті мен ғылым-техникасы тең дамыған өркениетті елге барып,  Ғылым академиясында зерттеумен шұғылдану екінің бірінің қолынан келе беретін іс емес, біз үшін де бейтаныс. Талғамыңнан өрбіген табысыңды айта кетсең?

–       Біз Париж қаласына барғанда, Қытайдың Франциядағы бас елшілігі мен Париж қаласындағы шетелдік мамандарды күтіп алу орталығы қабылдады. Бір күн еру болдық, ертесі әркімнің кесібіне қарай бірге келген 25 кісі, орналастыру бойынша Францияның өзге қалаларына, жоғары оқу орындарына және зертеу орындарына бөлінді. Қытайдың Батыс солтүстігінен келген мен Францияның Батыс солтүстігіндегі Париж қаласына 150 шақырым келетін Роун қаласына бардым. Мені қабылдаған зерттеу орны Францияның әлемге әйгілі мемлекеттік денсаулық сақтау ғылым академиясының нерв ғылымын зерттеу лабораториясы боларын ойламаған едім. Бұл лабораторияда дүние жүзінің жер-жерінен келген 107 зерттермен бар екен. Осындай халықаралық ірі қосынға қытайлық жалғыз қазақ 108-ші болып қосылдым.

      Әлемге әйгілі лабораторияның қабылдағанына әрі қуандым, әрі алаңдадым. Алаңдауым, біріншіден, мұндай озық өредегі зерттеу орны біздің еліміздегі, әсіресе, Шинжиаңдағы зерттеу орындарынан аз дегенде 20 жыл алда тұрады екен. Екіншіден, кәсібім анатомия еді, ал, мынау нерв ғылымын зерттейтін лаборатория. Сонда, бір жыл ішінде жаңа техника, жаңа кәсіпті, басқа тілде үйренуге тура келеді.

     Тәуекел түбі – қайық, мен дүп келіп отырған ғылым – “теңіз” десем, ескегімді тынымсыз есуім керек. Бір минут тоқтап қалсам, бір сағат артта қаламын ғой. Ел білгенді мен неге білмеймін деп өзімді-өзім қамшыладым да, үйрену жоспарымды жасап, күндіз лабораториядан ми клеткаларын дене сыртында өсіру, генді клеткадан ажырату, әр түрлі белоктарды айыру, өлшеу, клетка құбылыстарын микроскоппен байқау тектес техникаларды үйренсем, түнгі уақымда ағылшын және француз тілінде нерв ғылымына қатысты кітаптарды оқып, өздігімнен жаңа бір саланы үйренуді бастадым. Осылайша бір жыл бойы басқан ізім жатақ, лаборатория, асхана – осы үш нүкте арасында ғана болды. Әр күнімнің төрт сағатын ұйқыға шығарсам, демалыс, мереке-мейрам күндері мен үшін қағыс қалады. Сөйтіп аспиранттік оқуымды бітіріп, елге қайтуға екі апта қалғанда, менің бір жылдық үйрену нәтижем туралы қорытынды есебінде лаборатория бойынша француз тілінде баяндама жасауыма тура келді. Өзгелердің қойған сұрағына жауап бердім. Баяндамам мақтауға ие болды.  Ел-елден келген ғалымдар басбармағын көрсетіп, басын изеп, қанағаттанғандық байқатты. Жиын соңында лабораторияның бас жетекшісі кеңсесіне шақырып: “Осы зерттеу орнында докторлық оқы, қаражатын біз төлейміз” деп қолынан құжат берді. Мен төтенше қуандым. Алайда, біздің елдің Білім және ғылым министрлігінің белгілемесінде “бір жылдық оқу аяқталған соң елге қайтып, екі жыл қызмет істегеннен кейін ғана қайта оқуға болады” деп анық жазылған. Алғашында қайта келіп докторлық оқуға көзім жетпеген еді. 2000 жылы 25-қазанда жер-жерге әр кәсіпке бөлінген 25 маман қайта бас қостық. Олар менің докторлық оқуға қабылданғаныма таң қалды. Сөйтсем, бұл орайға мен ғана ие болыппын. Бұл маған тіпті де басым болды.

–       Докторлық оқуға екі жылдан кейін бардың ба?

–       Олай болмады. Бір жылдан кейін университет басшыларына айтып едім, жоғарыдағы белгімені көлденең тартты. Білім үйрену жөнінде маған бір жыл емес, бір күн кешігу қиын сезілді. Мен әлі жаспын, қаншалық мол білім үйрену, қоғамға қосатын үлесім де соншалық көп болар еді. Аспиранттықты бір жыл құныға үйрендім десем де, шөлім қанбағандай күй кештім. Тәуекел деп бұл жағдайымды ШҰАР партия комитетінің орынбасар хатшысы Асхат Керімбайұлының қабылдауында болып айтып едім, ол кісі: “Еліміздің белгілемесі дұрыс, бірақ, Франция академиясы қаражат шығарып докторлық оқытса, біз үшін өте тиімді емес пе” деп қайта барып оқуға бекім жасады. Мен екінші рет қайта барғанда, лаборатория мамандары құшақ жая қарсы алды. Маған тікелей жетекші болатын ғалым да қатты қуанды.

–       Докторлық оқудың алғашқы үйренгеннен қандай өзгешелігі бар екен?

–       Алжу! Алжуды да ауру деп емдеуге бола ма екен?! “Қартайғанда бір бала” дегендей, біз оны қартайған кісілерде болатын физиологиялық жақтағы әлсіреу деп түсінеміз.

     Алжудың сыры күні бүгінге дейін ашылмай келеді. Алжудың сырын ашу, сақтану, емдеу келешекте халықаралық медицина саласында маңызды әрі күрделі зерттеу тақырыбына айналады. Осы қиын да ауыр жүктен маған да бір үлес тиді. Атап айтсам, мидағы жабысқыш клеткалар және ол ажыратып шығаратын индозмин (Endozepine) алжыған адамдардың мида пайда болатын созылмалы қабынумен қатысы бар-жоқтығын анықтау еді. Мен алдыңғы үйренуде нерв ауруы ғылымынан қалаған негізім болғандықтан, көп бөгелмей зерттеуді бастап кеттім. Тәжірибелерімнің сәтті болғандығы құлақтан-құлаққа жетіп, 2002 жылы шілденің 18-і күні хансу тілінде шығатын “Еуропа” апталық газеті тілшісінің сұхбатын қабылдадым, сұхбат бір бетке жарияланды.

–       “Еуропа” апталық газетінің тілшісі саралаудан өтіп тұрақтанған еңбектеріңді жазып жариялаған болар?

–       Иә, солай. Францияда қарбаластықпен үш жылдан көбірек уақытымның қалай өткенін сезбей де қалдым. Дегенмен, адамның әр күні мағыналы асығыстықпен өтсе, асығы алшысынан түсетін көрінеді. Алғашқы адымда көздеген нәтижеге де жеттім деп ойлаймын. Әлгінде сіз айтқандай орта жолда қалмадым. Алжу – мидағы кінарат, жабысқыш нерв клеткаларының алжу науқасына шалдыққан адамның қартайған шағында мида пайда болатын бетакрахмал тектес белоктардың себебінен індозпин дейтін тағы бір белоктардың қалыпсыз ажыратып шығару арқылы, мида созылмалы қабыну тудыратынын, әрі бұл қабынудың ми клеткаларының біртіндеп өлуіне және мидың кішірейіп кетуіне себепші болатындығын анықтап шықтым. Осы еңбегім Францияда өткізілген мемлекеттік және халықаралық ғылыми конфренцияларда сараптаудан өтіп, француз, ағылшын тілдерінде 14 ғылыми мақала болып жарияланды. Осы негізде халықарада шығатын журналда ағылшын тілінде төрт мақала жаряладым. Докторлық оқу барысында зерттеген еңбектерім мен жеткен табыстарым туралы француз тілінде 93 беттік бір кітапша жазып баспадан шығардым. Барлығын айтатын болсам, 1987 жылдан қазірге дейін хансу, ағылшын, француз ұйғыр, қазақ тілдерінде халықаралық және мемлекет ішіндегі журналдарға 26 ғылыми мақала жарияладым. Тоғыз ғылыми кітап шығаруға қатыстым. Менің докторлық диссертация қорғау уақытым 2004 жылы қазан айының 18-күніне белгіленді.

–       Жоғарыда айтқан еңбектердің есебі болды ма, жоқ па? Диссертацияға бағыттап нақты принциптер қойды ма?

–       Францияда докторлық диссертация қорғаудың мынадай үш алғышарты бар екен. 1) Зерттеген тақырыпта қатысты мазмұнда кітап жазу, оны осы саланың халықарада танымал мамандарына екі ай ілгері беріп, олардың пікірін, бағасын алу. 2) Зерттеу тақырыбы бойынша сараланған 40 минуттық лекция даярлау, оны аз дегенде, 5-6 кәсіп маманының және тындармандардың талқысынан өткізу. 3) Кәсіп мамандарының қойған сұрақтарына бір де екі сағат уақыт шығарып жауап беру. Осы үш мазмұн негізінде мамандар нақ майданда бағалап дәреже бекітеді. Мен осы бағалаудан сәтті өтіп, Францияда докторлық диссертация қорғаған он ізденушінің біреуіне ғана берілетін ең жоғары дәрежені алып оқу бітірдім. Талқы лекциясына қатынасқандар шетінен алқады, қолымды алып құттықтады. Кейбір қытайлық студенттер қуанып: “Сіз – қытайлықтардың мақтанышы” деп алқады.

–       Бұл нәтижелеріңзден Франциядағы елшілік хабардар шығар?

–       Францияда болған төрт жылымда Қытайдың Франциядағы елшілігі құрған “Франциядағы қытайлық студент және мамандар қоғамының” орынбасар алқасы болдым. Қызметімді олар жақсы бағалады.

    Оқуымды сәтті тауысқаннан кейін лаборатория жетекшісінің ұсынысы бойынша 2004-2005 оқу жылында зерттеумен шұғылдана жүріп, университетте сабақ өттім. Пост докторлық міндет атқардым. Францияда үйрену, зерттеу нәтижелерім арқылы өзге елдердің де  ғылыми зерттеумен шұғылданған ғалымдары менімен таныс болды. “Біздің лабараторияға бар, бірігіп істейік” дегендердің бірі Германиядағы талма ауруларын зерттейтін лаборатория болатын. 2005 жылы 2-қараша күні олардан селбесіп зерттеу келісім-шартын тапсырып алдым. Олар үш жыл деп көрсетіпті. Бір жылға қол қойдым. Талма ауруына да қазірге дейін нақты ем табылмай отыр. Оны зерттеу де аса қиын тақырып, мейлі әлжуаз науқас болсын, талма ауруы болсын, әйтеуір бастаған екем, септігім тиетіндей медициналық ғылым үйренсем деп құлшынудамын.

–       Ғылым – теңіз десек, әркім өз шөмішіне, шелегіне су құйып алады. “Қазанда не болса, шөмішке сол ілінеді” деген мәтел – әркім білгенімен өлшенеді дегендік болар. Теңізге ұмтылған екенсің, ыдысың құрғақ шықпауы керек қой. Медицина университетінің қолдап-қуаттауында докторлық атақ алдым. Үйренген ғылымымның халыққа қоғамдық өнімін көрсетсем деген арманым бар.

–       Басқан ізің, ғылым қиясына талпынған ізденісің соншама әсерлі екен, әңгімеңнен ылғи да жолы болған мысалдарды табуға болады. Маркс: “Ғылымда бөгетсіз даңғыл жол жоқ. Тек тастақты тар соқпақтармен өрлеуде жапа-машақаттан жасқанбаған адам ғана оның шұғылалы шыңына шыға алады” деген еді. Сен осы жолыңда ешқандай кедергіге жолықпай өте бердің бе?

–       Сұрағыңыз өте орынды, әдетте көп айтып жүретін кедергілер болмай қоймады. Оқу бітіретін бөлісте мен университеттің өзінде қалатын болған едім, көптеген жерде іс басқаша болып шықты. Бір күні факультет меңгерушісі сені алып қала алмадық, төменге кететін болдың деген хабарды көңілсіз күйде жеткізді. Өзінің де өкініп тұрғаны байқалып тұрды.

    Төменге барып істеу мен үшін жаман емес. Ең жаманы “әділетсіздіктің араласқаны” болды. Енді қайтуым керек? Екі ойлы болдым, кете берейін бе, ізденейін бе? Тәуекел, істің мән-жайын қысқаша жазып алдым да, сол кездегі хатшы Жәнәбілді іздедім, ол кісі студент бөлісіне араласқан мына әділетсіздіккке төзбеді білем, әуелгі бөлісті қалпына келтіру туралы дереу бұйрық түсірді. Сөйтіп, ШҰАР-дың сол кездегі хатшы Жәнәбіл мырзаның нұсқауы менің осы күнге жету жолымдағы кедергіні алып тастады деп ойлаймын.

Әңгімелескен Тұрсын ЖОЛЫНБЕТ,

 ҚХР ардагер журналист.

2011 жыл.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑