banner-top12

Поэзия Mount Rainier, Mount Rainier National Park, Washington

Қосқан уақыты Мамыр 20, 2014 | 1  059 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Тауларым – ару

Болат Құрманғажыұлы

 

Тауларым – ару

Тауларым – ару көсілген,

Ақ көйлек киген, ақ бөрік.

Қара орман – шашы өсірген,

Моншағы – сүңгі, нақ көрік.

 

Ашуы – шымшыр аязы,

Бұлт қонса өкпелегені.

Көк етік – өзен аяғы,

Тәңір – құт төкпелегені.

 

Жартастар – жақұт таққаны,

Хантәңір – аршын төсі еді.

Жарасар ару жатқаны,

“Жыққам” деп аспан бөседі.

 

Оянар, күтем, сілкініп,

Жамылып пүліс қайтадан.

Аспаным қалар тіксініп,

Нәпсісін әзер қайтарған.

04.01.2013

Ақ көбелек

Жауады көктен мамық, ақ көбелек,

Мүмкін ол жер бетіне бақ бөлемек.

Жүзімді аймаласа-ақ жылайды ылғи,

Махаббаты жатқандай нұр себелеп.

 

Өзі қандай көңілшек, қатқыл әрі,

Сәбилерге көрпе боп шат қылады.

Шамданар болса – үскірік, қарлы боран,

Сең болып аңдамасаң мерт қылады.

 

Сықырлатып табанды, тұяқтарды,

Шақырып сар аязын сыр ақтарды.

Қаңтар, ақпан қылаулап омбылатар,

Жібігенше қара жер – тұрақтары.

 

Құт қонақ болудан ол ерінбеді,

Мезгілдер шайқасынан жеңілмеді.

Біз оны “Наурыз” тоймен аттандырсақ,

Төрт түлік көк жұсанмен желіндеді.

04.01.2013

Қарасу*

Махаббаттың құдіретіне тұрақтап,

Жүрегіңді нұрлантатын шырақ тап.

Деуші едің сен, сол сөзіңе маталып,

Қия алмадым, кетпедім де жырақтап.

 

Көргенді қыз, жетелі ұлдай жарасу,

Қол ұстасып биіктерден ары асу –

Сондағы арман, ізгілікке куәгер,

Естен кетпес шымырлаған Қарасу.

 

Қалған менің Қарасуда жастығым,

Патша едім, онда менен асты кім?!

Серуендесек гүлге оранған саздарын,

Саған іңкәр басылмаушы ед мастығым.

 

Кеберсісе жаным жібіп, таңдайым,

Неге тұнжыр, тұнығыңа қанбайын?!

Аққуыңдай қара көзді сүйдірдің,

Жазың – жаннат, суың – зәмзәм, балдайын.

*Қарасу – жер аты.

2009ж.

Қызғалдағын ұсындым

Ата мекен араласам бау-бағын,

Сарық басар аққан бұлақ – саумалым.

Таңқурай мен аямады шиесін,

Торқа киген тошалалы тауларым.

 

Қызығын-ай қымыз ішкен баланың,

Сол сәбиге өзімде ұқсап барамын.

Сен екеуміз бүлдіргенге шыққанда,

Қып-қызыл боп боялыпты балағым.

 

Тәбиғаттың ашсам жасыл парағын,

Тербетеді сезімімді сан ағын.

Туған жердің қызғалдағын ұсынам,

Аршындаған көкірегіңе қадағын.

2009ж.

Досқа әзіл

Біртоға едің тұратындай сертіңде,

Қарапайым қалпыңды әсте кетірме!

Мансап қонса сырғақтайсың қалайша,

Қалмағайсың күнің түсіп жетімге.

 

Шертіп тұрсам доллар санап, кекіріп,

Тиындай-ақ жетер едің секіріп.

Елпектер ең бұйдалаған тайлақтай,

Мүсіркеймін, қайтем сені жекіріп?

 

Жаншылмағын көтере алмай келсапты,

Халық берген қадірлегін мансапты.

Адамдықтың тұғырына қона алған,

Нағыз бұлбұл мың тамаша ән сапты.   

Ешкім мені көрген емес жетектеп,

 Қашпа досым, жабыспаймын етектеп.

Барар жерің белгілі ғой байқұсым,

Алаңдаман мәңгі безіп кетед деп.

2009ж.

                                                Сенің…

Сенің қасың қияндағы қияқ па?

Иә, солай , қол жетпеді бірақ та.

Сезімімді қиялыңа серік қып,

Мен жырақта, көңіліңді жылатпа.

 

Сенің көзің түннің қара мақпалы,

Жұлдыздар да соған ағып жатты әлі.

Айналасы уызындай ақ таңның,

Келе жатқан рауандап атқалы.

 

Сенің ернің жұмақтың балындай,

Неге кеттім сол балыңа малынбай?!

Қолаң шашың сипасам-ақ сыбырлап,

Төгіледі арғымақтың жалындай.

 

Сенің тісің тізіп қойған ақ маржан,

Ешкім сатып ала алмайды ап-арзан.

Мен едім ғой ақжем қылар тіліңді,

Пак жүрегін бір өзіңе ақтарған.

 

Сенің жүзің қызыл бидай құнарлы,

Аршын төсің қос шоқыдай мұнарлы.

Тұла бойың моншақ таққан ақ қайың,

Тасбұлақтай күлкің алды құмарды.

 

Сенің ойың – көкжиегім, шалғайым,

Шалғайыма жүрек қылын жалғайым.

Жаным менің жабыққанда медеу қып,

Жас баладай өзімді-өзім алдайым.

2008ж.

Құлыптас

(Мархұма анам Зағипа Берікбайқызының қазасына арнаймын)

Бозамық гранит тас тым айбарлы,

Сұп-суық ызбар шеккен қара жазу.

Құлыптас орнатылды, дос қайғырды,

Түсімде суырылып алтын азу.

 

Қайырсыз тас, мелшидің, құлыпталдың,

Анамның жарқын жүзін құртып анық.

Жасымды топырақ, сен құрғатпадың,

Қара жер, қапияда жұтып алып.

 

Не шара, жансыз сарай салғыздық та,

Қадірлеп қойған болдық өзімізше.

Молдаға тәтті кеңес құрғыздық та,

Ел-жұртты мүсіркеттік көзімізше.

 

Не керек, бәрі жалған, бәрі түстей,

Күрсіндік, назаландық, ойға баттыық.

Анадай бақ болама сәті түспей,

Келтірер бір өзі еді тойға шаттық.

 

Анамның есімде әлі күлкі әуені,

“Ойранды жылдар” * отқа күйгізбеді.

Аһ ұрғаны жаратын түнгі ауаны,

Пәлесін жалақордың үйгізбеді.

 

Жел тоздырған емендей әкем қалды,

Қайғысын ішке бүгіп күйзеліспен.

Немересін қасына әкеп алды,

Жұда болған тәріздес күн көрістен.

 

Мен кезінде сезбедім күткеніңді,

Бақытыңнан енші алып жалындадым.

“Сағындым” деп искеуші ең сүт демімді,

Өр серпілттің, ешкімге жалынбадым.

 

Жаттай алмай қалғаным бір әніңді,

Естігем жоқ әліге басқалардан.

Жәннаттасың, бағышлап құранымды,

Құлыптасқа кеп тұрмын жас қаладан.*

1996жыл, мамыр

*”Ойранды жылдар” – Қытайдағы он жылға созылған “Мәдениет зор төңкерісі”деп аталатын солшылдық саясат.

    *Жас қала – Қытайдағы Күйтің деген қала.                                                                                                                                            

Жырыңнан көрем…

(Ақын Ләззат Игісіннің шығармашылық кешіне арналған)

Құрбым-ау, Ләззат, өмірден өлең таңдадың,

Бесіктен дарып, жырменен атты таңдарың.

Анаңның жылы, әлдиін сазды кім білген,

Лира боп күліп, қырандай әлем самғарын?!

 

Жырыңнан көрем Майлы мен маңғаз Жәйірді,

Қырмызы қыздар жайлауда жылқы қайырды.

Ақ бұрқақ боран тауыңнан қыста ысқырып,

Ажалы аңдып ғашықты жаннан айырды.

 

Жырыңнан көрем тәлкегін тағдыр қаталдау,

Ғажап қой қыздар сезімін ашық айта алмау.

Ұяңдық қорғап ары мен нәзік сырларын,

Сүйседе шомбал жігітті анау бата алмау.

 

Жырыңнан көрем іңкәрлық тілін бірегей,

Аналық жосын бар онда терең, телегей.

Ләйлі мен Мәнжүн, Қызжібек зары жатпай ма,

Ат үсті қарап өтпессің сірә елемей.

 

Осыдан өзен, көлдер де жатпас тасымай,

Жүректер жанып өртенер шоқтай басылмай.

Кеш біліп олар қалса да өтер аңсаумен,

Бақилық болып бірінің орнаса да басына ай.

 

Жырыңнан көрем мезгілсіз солар қызғалдақ,

Бұйырған баққа тамсанып досы қызғанбақ.

Басып ап шалыс қадамын күйсе қыз аңқау,

Кетпейді екен кешпесе егер сызған дақ.

 

Жырыңнан көрем баласы байдың бос құлап,

Дәметкен иттер жүргенін торып сақ құлақ.

Махаббат берік, емес ол маймыл көнетін,

Тілгілеп жатыр жүрегін оның осқылап.

 

Жырыңнан көрем, адалдық ары – сөздерің,

Тұрлаусыз қыздар алдайды кейде өздерін.

Сайтанға еріп көбейтіп жатыр жетімді,

Көкек ана сәбидің жаутаңдатып көздерін.

 

Жырыңнан көрем махаббат деген қорғанды,

Тайпалтып солай шалдықпай салған жорғаңды.

Ақ жолын оның қызғыштай қорып сен жүрсің,

Арсыздар ғана қолжаулық етіп қолданды.

 

Көтеріп туын періштең келді қыр жақтан,

Басыңнан сипап, жасыңды сүртіп құрғатқан.

Жырыңа шабыт, ойыңа қуат, леп берген,

Пәриза мәңгі сен үшін жазар жыр-дастан.

 

Ойатқың келед ашына қазақ қоғамын,

Түсінер, бірақ, өзімде кейде тоңамын.

Көгімде тұрар жұлдыздай жанған жырларың,

Жатпасын жерде топырағындай моланың.

22.11.2010

 

                                                     Ақын қыз

Бір тамаша бақта жырғап отырмыз,

Арқыратып тасқынды жыр оқыймыз.

Нәзік жаны елітіп келіп тұрған,

Қыз қылығын байқамаппыз, соқырмыз.

 

Мүмкін қай бір ұлы ақынға табынды,

Ауыл қызы қасымыздан табылды.

Ол да оқыды, өршіл жыры өзегін

Өртегендей, әлде нені сағынды.

 

Ізгіліктің әз қылауын жықпаған,

Бір өлеңі, бір жинағы шықпаған,

Сиқырына ақын қыздың арбалып,

Әр қадамын баға бердік нықтаған.

 

Қала, дала бажайлап көрген парқын,

Туысшылай осында келген ақын.

Тұнып тұрған лирика, селдей сезім,

Жақындатты бізді оған емен-жарқын.

 

Абай, Мағжан, Қасымды, Төлегенді,

Мұқағали, Мұхтарды төгеді енді.

Қара қылды қақ жарып алдаспандай,

Қалтарысын қоғамның сөге берді.

 

Ақылдан маған енші берер ме едің?

Әлпештеген шаруаның сетері едім.

Деді ақын қыз жасырмай бар шындығын,

Депломсыз өлеңді жетеледім.

 

Поэзя – бақытым, қасіретім,

Кетірмеуге бекідім қасиетін.

Арқалауға азабын сапар шектім,

Әуесқоймын, сіздерге бас иемін!

 

Өлеңінен өрілген із қалатын,

Талқыладық жалынды қыз талабын.

Ақыл қостық, берерге көп ақша жоқ,

Біз емес ек пәк қызға сызданатын.

***     ***      ***      ***

Қиялынан қуып мүлдем елесті,

Ақын қыздың айдарынан жел есті.

Жыр кітабын жаттады елі құмартап,

Талантты ару ащщы өмірмен таласты.

 

Егесті де мойындатып теңесті,

Бағындырып мұнар басқан белесті.

Тұнығына қанып досы жырының,

Торыққанда қуатымен кеңесті.

2009ж.

Түсін мені

Тыңда сырлы жүректің дүрсілдерін,

Соқпақтар да, дауыл да күрсінбедім.

Досқа жайнап, қасқа да кең жайылдым,

Кейде сәби жанымды түсінбедің.

 

Түсін, түзу, арнашыл мінезімді,

Жақтырмайтын құбылма, лезімді.

Кейбіреулер сан-саққа жүгірткенмен,

Ардақтап жүр әз елім бір өзімді.

 

Алаңдаман, жағам ба, жақпайым ба?

Өзімді – өзім лепіріп мақтайын ба?                  

Шыншылдықтан кетсем де шырылдап мен,

Жолықпайын зұлымның қақпайына.

1998ж.

                                                 Қиялым

Қиял бітір, Тәңір, маған сұңғыла,

Сол қиялдан нардай кесек жыр құла.

Сосын жырым шикі өкпеден сомдалып,

Қылдан нәзік сезімдерді ұрғыла!

 

Жыр қанатым көкжиекпен тілдесіп,

Самал болып сұлуларға тұршы есіп.

Асыл қиял, сөз маржанын төгілдір,

Қойнын ашып келгенінше жер бесік.

 

Қиялыма ақ сәулесін иіп күн,

Жарқыраса барқыт қара биік түн.

Болам сонда дүниеге әулие,

Бітіргендей қыйырдағы киікке үн.

 

Құбылыстан өмір мәнін жиямын,

Бақ пен сордың бәрі маған күй ағын.

Арманымның тұғырына қонақтап,

Самғай берсең, жалғыздық жоқ, қиялым!

1995ж.

                                  Көктемнен ғана басталды

Маужырап дарқан атырап,

Еседі қоңыр самалы.

Ұйқыдан тұрған жадырып,

Арудай дала жамалы.

 

Келемін шалқып төсінде,

Жайып сап көңіл сырларын.

Алшаңдап қайтам бесінде,

Тоқып ап көктем жырларын.

 

Құлпырған алуан гүлдерім,

Сағаңнан үзіп алайын.

Жымыңдап жұлдыз, түндерің,

Ғашықтың сынар тәләйін.

 

Оралтады осы кез,

Өбіскен шақты жарыммен.

Сымпылдап ұшқан көлге тез,

Сағынған қуды парымен.

 

Оралтады бал мінез,

Мұңсыз сәби сезімді.

Өмірге мынау талды көз,

Теңемен жадау кезімді.

 

Арманға толы арыным,

Еркімді ерек басқарды.

Лапылдап менің жалыным,

Көктемнен ғана басталды.

1992ж.

 

Нұрпай тамы (дуал)*

(баллада)

Қозғайын жырды қай маңнан?

Шындықтың жүзін қайтарман.

Нұрпайдың тамы сөйлесін,

Бояусыз тарих – майталман.

 

Сырларын шертсе бұл мекен,

Зерделер ұрпақ барма ертең?

Қараусыз қалған төмпешік,

Сол тамның жұрнақ орны екен.

 

Жетпіс жыл бұрын жадырап,

Самалы қоңыр жамырап,

Ақ бұлақ * көкткеп, мал төлдеп,

Келген шақ көктем маужырап.

 

Табиғат тыныш болғанмен,

Жауқазын қырға толғанмен,

Пенделер жатқан қырқысып –

Атысып мылтық, бомбамен.

 

Жағасын ұстар бар адам,

Жанкешті тағдыр тараған.

Сондай бір кезде атойлап,

Ер Нұрпай озған қарадан.

 

Еңіреп өткен зарымен,

Тарих жазып қанымен.

Бостандық таңы атар деп,

Қорғаған елін жанымен.

***  ***  ***

Осы тамда:

Жандарды ізгі шақырып,

Қымызын бесті сапырып,

Ақсарбас айтып сойғызып,

Кеңескен талай тақырып.

 

Шайқалтпай баптап қаймағын,

Береке қонған аймағын,

Туған жер десе ту тігіп,

Паш еткен асқақ арманын.

 

Ақылмен көпті қаратқан,

Өнеге-үлгі таратқан,

Маздаған шоқтай жастарды,

Көрсеткен көмбе, санаттан.

 

Өсегін өртеп қаптаған,

Егесте ерін сақтаған.

Жетімді көрсе жебеген,

Әділдік заңын жақтаған.

 

Атырған таңын көз ілмей,

Көсілткен ойын көсемдей.

Салдырып мектеп, деген ол:

“Өшеміз сауат өсірмей”.

 

Қуат ап “Алаш ордадан”,

Теңдікті терең қолдаған.

Жасын боп өткен жарқылдап,

Тұманды түріп торлаған.

 

Еңсені басқан қараңғы,

Ұлғайтты ма екен жараңды?

Азулы жауға от ашып,

Бөледі шуақ санаңды.

 

 

Шайқасың емес ертегі,

Қолдаған халықтың жетелі.

Құл емес дедің қазағым,

Жаттардың көнер жетегі.

 

Көкжиек болды көз алдың,

Ереуіл атқа ер салдың.

Түнекті тілді найзағай,

“Аттан” деп елге жар салдың.

 

Қырылды, қашты басынған,

Жау тозып кеше тасынған.

Ел ерді ұлын ардақтап,

Жалындап өскен жасынан.

 

Осалдау тұсы табылмай,

Бір апан қалды алынбай.

Меселі қайтқан  “ сараяқ * ”,

Деуші едің жатар қабынбай.

 

Жеңістен егей жел есті,

Терезең сонда теңесті.

Айбарың айды жасқады,

Жау бірақ, іштей егесті.

 

 

Тіршілік заңы жалғасты,

Жуас пен жуан салғасты.

Дауларды шештің асқынған,

Құрмадың текке малдасты.

 

Ұлужан * – сұлу жайлауың,

Жарасқан бие байлауың.

Өрлеген шыңға самырсын,

Ораған тауды белбауың.

 

Құзыңда самғар сұңқарың,

Белдеуде шұлғыр тұлпарың.

Аққудай қонған қалың үй,

Суың – бал, ауа – жұпарың.

 

Жатпадың мамық құр жастап,

Қаздырдың тоған, су бастап.

Жалқауға еңбек үйреттің,

Ояттың жұртты ой тастап.

***  ***  ***

 

Жарамас серттен тайғаны,

Батырлар қуса пайданы.

Қоршауда Нұрпай қалғанда,

Осы там болды майданы.

 

Өмір мен өлім таласты,

Бақпенен қу сор арбасты.

Кімдерді сонда қан басты?

Жауыздық кіммен санасты?!

 

Пиғылын іске асыртпай,

Жүрген-ді жаулар асықпай.

Ағызбай қоймай бекінген,

Батырдың қанын қасықтай.

 

Қарашы, мынау жалғанды!

Көрерсің басқа салғанды.

“Қарусыз Нұрпай жалғыз” деп,

Жансыздан хабар алған-ды.

 

“Сараяқ” қоршап ауылды,

Тілдесер аға-бауырды,

Ел бейғам, жасақ тарасқан,

Қан жылап жүрек ауырды.

 

Бес-ақ тал оқпен қарысып,

Нысанаға алды жабысып.

Қалпақтай ұшты қос шенді,

Батырмен тұрған атысып.

 

Қайран там оқпен түтілді,

Алладан әмір күтілді.

“Сараяқ”  келед баспалап,

Тірі ұстап соймақ таспалап.

 

Жиырмаға келген жасында,

Ыбырайқан* ұл қасында.

Сүйеді кенет әкесін,

Оқ ізі бар-ды басында.

 

Қадалған жаудың тобына,

Бесатар қалды қолында.

Жұмылды қыран от жанар,

Шаһиттік иман жолында.

 

Ашылып жұмақ есігі,

Тербелді жаннат бесігі.

Қара жер сөйтіп қан жұтты,

Күйзелтіп елін есілі.

***  ***  ***

Көгендеп, матап ұл, қызын,

Сөндірді жарық жұлдызын.

Биғайша * сұлу жарының ,

Сүйреді өртеп  құндызын.

 

Қатулы ана қасқарды,

Айбары жауды жасқады.

Құлатар деді ел ертең.

Басыңа тауды, аспанды!

 

Аршын төс ана кеудесін,

Хайуандар шаштап кергесін,

Қанжармен шапты омрауын,

Келтірмек болып тәубасын.

 

Аспақта ана тұрғанда,

Қабиын * қанжар жарғанда ,

Тулапты сәби жүрегі,

Капірден сұмдық қалған ба?!

 

Жау десті: “Жүрек суырмай,

Жемесек егер қуырмай,

Батыр бола алмаймыз,

Қашатын інге суырдай”.

 

Асылған текті әз ана,

Төзбеді кекті қазаға.

Өзегін жарып көк жалын,

Жан берді сол сәт жазада.

 

Қорқаулар сөйтіп қаптады,

Найзалап, сабап, таптады.

Байланған туыс-тұғаны,

Бұл қанды есте сақтады.

 

Қосақтап сосын айдаған,

Күн қайда енді жайнаған?!

-Сатқындар, нәлет!- деді елі,

Дәметкен мансап, пайдадан.

 

Ес шыққан елі теңселді,

Шындыққа ешкім сенбеді.

Тек ажал ғана сұмаңдап,

Аранын ашып белсенді.

 

Өксіді дала, тау құлап,

Сенбеді халық, сау құлақ.

Қан болып ақты Ақ бұлақ,

Сақылдап күлді жау бірақ…

***  ***  ***

Айлаға басып сан хилы,

Соңына түскен қанқұйлы.

Қазақты салып қазаққа,

Орайын күткен қайғылы.

 

Қанды жас көзден парлатты,

Парлатты, елге қарғатты.

Батырдың кесек мәйітін,

Ол аздай терең жарға атты…

 

Шұрқырап жылқы өрісте,

Ұқсапты даусы көріске.

Асатын мыңнан қаракөк,

Мұң шаққан дейді керіске.

 

Сөнгендей рухы қуатты,

Күйзелді халық шуақты.

Даланы басқан қара нор,

Қошқылдап шыңға шуапты.

 

Батырдың құлап ақ туы,

Жыланның тарап жатты уы.

Барқылдап қара құмайлар,

Батпады жұртқа ас-суы.

 

Адамнан үзген күдерді,

Аһұрып таулар түнерді.

Көкке ұлып жалғыз көк төбет,

Күзетіп тамды тұрды енді.

 

Көк төбет даусы тарады,

Тәңірім көктен қарады.

Аспандап аты шығысқа,

Батырдың даңхы барады.

 

(соңы)

*Нұрпай Батырбайұлы  (1900-1945) – ҚХР,ШҰАР-дың Толы ауданында туылып, Сауан ауданында Го Мын Даң шеріктерінің қолынан қаза тапқан әйгілі халық батыры. “Нұрпай тамы” батырдың қыстауы.

*Ақ бұлақ – Нұрпай батыр мекендеген өңір.

* “Сараяқ” – Го Мын Даң шеріктері тізелеріне дейін балтырларын сары кездемемен орап алатындықтан, қазақтар оларды “сараяқтар”деп атап кеткен.

*Ұлужан – Сауан ауданындағы көркі көз сүріндіретін жайлау. Кезінде Нұрпай батыр да жайлайтын.

*Биғайша – Нұрпай батырдың ақылына көркі сай қаһарман әйелі. Жау қайтпас, қайсар ананың омырауын қанжармен шапқан және қанжоса қып аспаққа асып өлтірген.

*Ыбырайхан – Нұрпай батыр оққа ұшқанда қасында болған үлкен ұлы.

*Қаби – Нұрпай батырдың екінші ұлы. Шын аты Қабиолла. Жау 9 жастағы Қабидың кеудесін қанжармен жарып, тулап шыққан жүрегін суырып алып, “бізде батыр боламыз” деп өз ырымдарымен қуырып жеген екен. Көз алдында аянышты өлтірілген ұлына шыдамаған әз ана аспақта тұрып көз жұмыпты.

Тел:8778-5510816

 

2013ж.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑