banner-top12

Ауылым – алтын бесігім! SvPB28oCOQ5KyIWUDsafB9EgNyKAlb

Қосқан уақыты Қараша 1, 2017 | 337 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ТЕРЕҢНЕН ТАРТЫЛҒАН АРНАЛАР

Қожакент ауылына – 50 жыл

 

Не деген бақытты едің келер ұрпақ,

Қараймын елесіңе мен таңырқап.

Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,

Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.

Қасым Аманжолов.

 

Қожалар тарихын, олардың орта Азияға не мақсатпен келгенін 1970 жылдардан кейін ғана жарық көрген онекі томдық Қазақ Совет энциклопедиясы VІ томының 578 бетіндегі қожаға берілген анықтамадан оқып білдім. Бұл жөнінде кейінірек басқа да қол жазба, шежірелік дүниелермен таныстым. Мен оқыған еңбектердің бірқатарында қожа руы қазақ және өзбектің, татар мен тәжік, түрікмендердің арасында да бар болып шықты. Соған қарағанда Орта Азияға ислам дінін таратуға келген ғұламалар әр тайпаға бөлініп, жергілікті тұрғындармен сіңісті болып кеткенге ұқсайды. Ал қожакенттіктердің көпшілігі мұсылмандықтың негізін қалаған пайғамбарымыз Мұхаммед саллолаһи уассаламның сенімді серіктері Әзіреті Әбу Бәкір Сыдықтан, Әзіреті Омар мен Әзіреті Әліден тараған ұрпақтардан болып шықты. Хорасан ата, Бақсайыс ата, Жақып ата, Қылышты ата кесенелерінің дарияның сол жақ өңіріндегі Жаңақорған  жерінде болғаны да көп жайды аңғартса керек. Соның үшін де бүкіл қазақ халқы киелі санаған бұл ұрпақтарды құрметтеп сыйлап тіл тигізбейді. Бабаларымызға әділдік жолын көрсеткен, жүректеріне имандылықтың нұрын сепкен әзиз әулет, – деп қадір тұтады.

Атақты Қобыланды батыр жырында батырдың әкесі Тоқтарбай мен шешесі Аналықтың бір перзентке зар болып, әулие қоймай қыдырып, етегін шеңгел сыдырып Хорасанға келіп қой айтып түнегенде, түсінде бір ұл, бір қыз бергені, содан кейін Қобыланды мен Қарлығаштың дүниеге келгені әсерлі жырланады ғой. Сол Қорасан әулие Әзірет Әлінің ұрпағы. Мұны атадан балаға ауысып келе жатқан аңыз әңгімелер де растай түседі. «Аңыз түбі – шындық,» – дейді халқымыз. Олай болса – бір ауылға бір қожа аздық та етпейді, көптікте етпейді, – деп неге айтқан. Жалғыздан-жалғыз отырып терең ойға батамын. Әкемнің: – Балам, бірінші нан мен дәнді қадірле, екінші қожаны сыйла, оларға тіл тигізуші болма, – дегені де ойға оралады.

-Кілең көлеңкелі жаққа құмарсың, – дейді іштей бір дауыс. Қожа мен қазақ егіз ұғымға айналып кеткені қашшан. Өйткені қожаның қазақсыз, қазақтың қожасыз күні жоқ, бірінің жоғын бірі толықтырып отырады.

-Шындығында солай ғой, – деймін өзіме-өзім. Бұл ойымды ХІХ ғасырда өмір сүрген батыр ақын Мәделі қожаның Қоңыраттың Қанай деген датқасының екі жүзділігіне орай айтқаны толықтыра түседі. Батыр ақын:                       Бар еді қандай досың менен жуық,

Болғанда сен кереге мен ем – уық,

Жұлдызым саратаннан ыстық еді,

Сен мені не себептен көрдің суық.

Датқа еке осы жерде туып едім.

Саған келген жауларды қуып едім.

Бетіме бадырайтып куә болдың,

Тіріңде пір, өлгенде туың едім, – депті. Өлең ақынның 2009 жылы Алматы қаласынан шыққан жинағынан алынып отыр. Демек, бабаларымыз Қожаларды Әзиз әулет, – деп ғұмыр бойы сыйлап келіпті. Олай болса Қожакенттіктердің: – Бабаларының атқарған істері мен ғибратты да өнегелі сөздерін ұрпақтарымыз білсін» -дегені барынша құптарлық жай. Бұған өзімнің де кіріскелі отырғаныма қуандым. Бұл жөнінде Елбасының бастамасымен қабылданған «Мәдени мұра» бағдарламасында кеңінен айтылған. Рас, кешегі мызғымас кеңестік дәуірде салт-дәстүр, әдет-ғұрып секілді көптеген құндылықтарымызды жоғалтып ала жаздадық немесе мүлдем жадымыздан шықты. Әсіресе ислам діні және оны насихаттағандарды білсе «жүйкесі қозатын Коммунистік идеология дін иелері – қожа – молдаларға қырғидай тиді. Оған – Қожа мен молданы қойдай қу шыбықпен», – деген өлең жолдары да куә. Сол кездің жандай шап, ұр да жық шолақ белсенділері мұны әлденеше есеге артығымен орындаған. Көптің көкейіне имандылықтың нұрлы сәулесін құйып, жастарды адами қасиетке баулыған діни ғұламалар жазықсыздан жазықсыз қудаланған. Көпшілігі өлмес үшін жат өлкеге – өзбек, тәжік жеріне қаша көшкен. Тіпті, кейбірі Ауғанстан, Иран, басқа да мемлекеттерде жан сақтаған. Мешіт-медреселер аяқ асты етіліп, әліпбимен жазылған құнды дүниелеріміз отқа өртенген. Белгілі демограф Махаш Тәтімовтің келтірген деректері бойынша сол жылдары екі миллионнан астам қазақ аштан қырылған. Солардың ішінде мектеп-медресе ұстап, көпшілікке ғылым-білім жолын нұсқаған Жампүр ишан, Сырқожаұлы жазықсыз атылды. Шәкірттері Шәмші мағзым, Бегімбай, Әділхан, Шәріп ахун, Баянбай, Айдар моллалармен қатар, Айжігіт, Төлеген, Әбсаттар, Шайхыдин мақсұмдар жасаған қылмысы болмаса да қамауға алынып, жер аударылды, кейбірі бас сауғалады. Қатыгездік салдарынан көбісі туған топырағына қайта оралған жоқ. Артында қалған ағайын-туыс ұрпақтары да ұзақ жылдар бойы қаралы тауқыметтердің зардабын шекті. Мұның бәрі зұлымдық пен қитұрқылық екеніне кеңес өкіметі тарқап, егемендігімізді алғаннан кейін ғана толығымен көз жеткіздік.

Парасатты, оқыған, білімді адамдарды «халық жауы», – деп кінә тағып жазықсыз ұстатып жібергендегі кеңес өкіметінің мақсатын енді ғана ұғынып келеміз. Себебі, билік басындағыларға айтқанына  көніп, қарсыласпай, айдаған жағына жүре беретін қара бұқара керек екен. Ол кезде оқымаған, жарлы жақыбайлар бұл жымысқы саясатты қайдан білсін, шенеуніктердің бұйрығымен – Совет өкіметі жасасын, – деп қол соғып, тапсырманы орындап жүре берді. Ал белсенділері қорадағы мал мен қаптағы астықты, рұхсатсыз зорлықпен алып кетіп жатты. Күн көрісінен айрылған қараңғы халық белсенділердің қақпанына осылай еріксіз түсті. Билік басындағылардың өзі де алғашқы кездерде не істерін білмей дағдарысқа ұшырады. Өйткені, алдарында дайын тұрған бағдарлама жоқ еді. Бұрынғы өкімет тұсындағы заводтар мен фабрикалар істен шыққан, өндіріс орындары қиратылған. Не істеу керек? Сұраққа жауап табу оңай емес еді. Соған байланысты көшпенді халықты бір жерге шоғырландырмақ болып, «Артель», «Мойынқос» серіктестік сияқты шағын ұжымдар ұйымдастыруға кірісті. Топтанып, бірлесіп еткен еңбек дұрыс болғанымен, өнімдері жеке адамдардың қажетін өтеуден артылмады. Енді оның келешегін ұлғайту керек болды да, 1930 жылдардан ұжымдық шаруашылыққа біріге бастады. Ол коллективтік – шаруашылық колхоз, – деп аталды. Мұның ұстаған бағыты да көмескі еді. Халық арасында жаңа қоғамның мән жайын түсіндіру үшін ұйымдастырылған Қызыл отау мүшелерінің өзі де алда тұрған міндеттерді  толық түсіндіре алмады. – Ой, несін айтасыңдар колхозға мүше болғандар бір қазаннан ас ішіп, түнде бір көрпенің астында жатады екен, дүние-мүлік, қатын, бала-шағаға дейін ортақ болатын көрінеді, – деушілер де шықты. – Әулетпіз, Алланың ақ жолында жүрміз, – дейтін әзиз жандарға бұл оңай тимеді. Колхозға мүше болудан көпшілігі бас тартты.

Аудандық партия комитеті бұл жайларды білгеннен кейін көзі ашық, білікті, елге беделі бар, – деген азаматтардан арнайы топ құрып көпшілік арасында үгіт, түсінік жұмыстарын жүргізе бастады. Бірақ, елді өсек сөздерден арылту қиын еді. Бұл жөнінде де Зәкеңнің көп жайдан хабары бар екен.

-Бозбала күнгі алғашқы жұмысымды комсомолда қолқанат болудан бастадым, – деді өткен шақтары жайлы толғана сөйлеген ағамыз – нұсқаушыны ол кезде солай атайтынбыз. Комсомолдың бірінші хатшысы арнайы курстан өтіп келген Жамал Құлымбетов – дейтін сақа жігіт болатын. – Бірде ол: – №5 ауылдың адамдарымен барып әңгімелес, колхозға біріксін. Дін иелерінің бірігіп ел болуы қиын, – деп бізге күдікпен қарап отыр. Мен де қожамын, сен де қожасың – басшының айтқанын орындау уәжіп, – дейді өздері, – ақылға келсін, ауа жайылмасын. Күшті қашанда күштілігін жасайды. Босқа арандап қалмасын, колхозға мүше болғандарға ғана өзді-өзіне келгенше астық, мал береді. Соларды пайдалансын! – Осы жайларды тәптіштеп түсіндір, – деді. Мақұл, – деп мен де шұғыл іске кірістім. Оспан Аққұлов, Әбдікерім Ибаев, Төлеген Әлжанов, Әуез Жүнісов, Қоқажан Бимағанбетов, Кенжеев Әшім, Бейбітов Зәкір, Башаров Зұлпыхар -ағаларымыз көмекші болып, мені қолдады. Ауданға қайта оралып бастығыма атқарған істерімді жеткізіп едім, алғысын айтқан ол, аудандық партия комитетінің хатшысы К. Көсеубаевқа бастап барды.

-Ал, жігітім, – деді хатшы біздерді тыңдаған соң ризалық білдіріп, – екеуің ауыл адамдарын тегіс бір орталыққа жинаңдар. Ертең емес келесі күні бар жағдайды түсіндіреміз, ұйымдасса шаруашылықтың төрағасын белгілейміз. Кім лайық, сөзі өтімді, көпке айтқанын істете алатын адам керек. Сөйлесіңдер, қате болып жүрмесін.

Тапсырмамен  ертеңіне Өзгент көлінің жағасындағы алаңға төте әріппен «Кеңес өкіметі жасасын», – деген ұранмен жалаулатып дайын отырдық. «Аудан басшысы келеді» – деген соң дарияның сол жақ өңіріндегі тұрғындар тегіс жиналды. Жамал ағамыз бірінші хатшыны таныстырды.

Көсеубаев орнынан сабырлы көтеріліп, көпшілікпен сәлемдесті де негізгі мәселеге көшті. Ол алдымен Кеңес өкіметі халықтың өкіметі екенін, адамдарды бай – кедей деп бөлмей бәрін бірдей көретінін, әркім өз пікірін ашық айтуға ерікті екенін қарапайым тілмен жеткізе білді.  – Біз жаңа дәуірге қадам бастық, – деп жалғастырды сөзін ол, – жаңа дәуірге жаны таза,  рухы биік адамдар керек. Ал сіздер бұл қағидаға лайықтысыздар. Өйткені, кешегіні білесіздер, бүгінгіні көріп отырсыздар, ертеңгі күн осы екеуінің жалғасы болып табылады. – Хатшының сөзіне біреулер түсінді, біреулер түсінбеді.

-Кеше мен бүгін қалай жалғасады, – деді алдыңғы қатарда отырған Мәмбет есімді қарт.

-Сұраңыздар, тағы кімде қандай сұрақ бар? – хатшы назарын көпке салды.

-Біз қожамыз, – деді әлгі кісі бұл жолы еркін сөйлеп, – ал сіздер қожа мен молдаға қарсысыздар ғой. Бұл жағы қалай болады? – Хатшы жай жымиып алды да: – Айналаңыздағы халықты қойылған талапқа сай соңыңыздан ертіп, ерінбей еңбек етсеңіз, кеше мен бүгінгінің жалғасы сол. Ал қожа, молда дегенге келсек, жаңа заманның заңдарын қабылдап, жарлы жақыбайлардың қатарына қосылыңыз да колхозға мүше болыңыздар. Ұлы көсеміміз Лениннің көрсетуі бойынша бәрімізге ождан бостандығы берілген. Қай дінді ұстайсыз, еріктісіз, бірақ өзгелерді үгіттеуге болмайды. Оған рұқсат жоқ, – деді.

-Бұған да шүкіршілік, – деді ақсақалдар. Одан әрі колхоз жөнінде көптеген сұрақтар қойылды..

-Қазан ортақ, үй ортақ, – деген сұрақтарға хатшы: – Бұл колхозға мүше болғысы келмеген, жаңа өкіметтің ұстаған бағытына қарсы халық жауларының әрекеті, – деп алдыңғы қатарға жайғасқан жасы келген кісілерге назарын салып аз кідірді де, дауысын қатайта шығарып: – Мемлекеттің саясатын қолдаймын десеңіздер бірігіп колхозға мүше болыңыздар, – дегенді қадай айтты.

-Аудан басшысы: – Өкімет халық үшін қызмет етеді, – деп отыр, – кемшілігімізді дұрыстап, жоғымызды түгелдейтін болса, одан артық бізге не керек – Ибаұлы Әбдікерім мен Кенжеұлы Әшімнің сөзі көпшілкке қозғау салды. Жас жігіт Зәкір Бейбітов бұл пікірді қуаттады. Бірінен соң бірі сөйлеген Бәшім, Жиентай, Мейрамбектер де Зәкір, Әбдікерім, Әшімдердің сөзін қолдады. Оларға Төлеген, Ахатай, Сәпи, Оспан, Әуездер қосылған соң жиналған қауым: – олай болса көрейік, – деп тәуекелге басты. Тұрғындардың бағытын байқаған хатшы-ұжымға басшы болуға кім лайық? – деген мәселеге көшті. Қалың қауым бірден Аққұлдың Оспаны болсын деген ұйғарымға келді. Бірақ колхоздың атауы жөнінде талас көп болды: – Қожалар колхозы болса қайтеді.

-Жоқ, ол болмайды, Өзгент болсын.

-Қойлақы болсын.

-Екеуі де көлдің аты колхоздың есімі жаңа заманға лайық болуы керек. Дау талас көбейе түсті. Хатшы: – елдің де, жердің де иесі өздеріңіз, колхоздың атауын да өздеріңіз таңдаңыздар, – деп көпке ерік берді.

-Біз де елміз, – деді осы сәтте сөйлеген Ахатай ақсақал, – өткен ғасырдың аяғында Жаңақорған аймағы Перовскіден Түркістан уезіне берілгеннен кейін әр ауыл сандық цифрмен атала бастады. Қарап тұрсаңыз, топтасқан ауылдың адамдары кілең бір атадан іріктелгендер. Ал қожа атанған біздер сол рулардың ішінде бөлініп – бөлініп жүрміз. Сондықтанда жан-жағымызға қарап біз де бірыңғай топтасып, қауым болып отырғанымыз дұрыс секілді. Көпшілік бұл пікірді бірден қолдады.

-Ойымызға келгенді айтып ортақ пікірге келе алмасақ, –жиналысымыз бүгін аяқталмайды, – деді осы сәтте ортаға шығып айқайлай сөйлеген Жамал Құлымбетов: – Олай болса, – деді манағы ақсақалдардың бірі:

-Болашақ сендердікі емес пе, мына жұрттың көңілінен шығатын лайықтысын атап бізге түсіндір, бәріміз соған тоқтайық?

-Дұрыс, – десті қалың көпшілік.

-Онда, – деді Жамал, – дауысын бәсеңдетіп, – заманымыз жаңа, жаңадан ұйымдасқан шаруашылығымыз да жаңа. – Олай болса колхозымыздың есімі де соған лайық Жаңа жол болсын.

-Оқыған адамға дауа жоқ деген, Құлымбеттің мына баласы тауып кетті, – ауылымыз Жаңажол болсын, – деді көпшілік те. Колхоздың атауы келісілген соң жаңа төраға Оспан сөйледі. – Халайық, – деді ол жан-жағына назарын салып, – Қазақта жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңы шықпас, – деген сөз бар. Бұл қандай іс болса да көптің қолынан келеді, – дегенді білдіреді. Соған сай еңбек етейік. Бүгінгі пәтуәға Хорасан, Қылауыз, Сабылт, Қырықсадақ, Қылышты, Дуана бабаларымыздың ұрпақтары жиналыпты. Олар Қойлақыдан бері қарай Өзгент өңіріне дейін әр төбенің баурайында он бес – жиырма үйден бөлініп-бөлініп ғана отыр. Бәрін бір жерге жинауға үлкен дайындық керек шығар. Бірігуді жеделдетуіміз керек, әзірге «Жаңа жолға» Қырық садақ, Сабылт, басқа да ағайындар біріксе, қалғандары да осылай бас қосып, өз алдына шаңырақ көтерсе, еңбегіміз өнімді де берекелі болар еді. Бұл пікірді өзгелер де мақұлдады.

«Жаңа жол” колхозының шаңырақ көтеруі шынында дарияның сол жақ өңірін мекендеген ағайындарға жаңадан жол салғандай болды. Артынша, Қылауыз, Қылышты ата, Қорасан аталардың ұрпақтары Әуез Мырзаұлы басқарған «Мәдениет» колхозына, қалғандары «Еңбек» колхозына  бірікті. Өзгент маңына орналасқан Кейден ұрпақтары «Политотдел», Иссамиддин ұрпақтары «Жаңарық» колхозын құрды. Жүздеген жылдар бойы бұйығып жатқан сар далада жаңа заманның жаңадан ұйымдасқан адамдары жаңаша еңбек дабылын қақты.

Осы жайларды рет-ретімен баяндаған Зәкең Түгіскен алқабын игеру жөніндегі негізгі мәселені қайта қозғай келіп, алдымен Алла тағаланың жаратқан пендесіне сый ретінде жіберген, бәріміз білетін жеті қазына жөнінде ойын өрбітті. Қазақ жеті қазынаны жүйрік ат, сұлу жар, қыран бүркіт, берен мылтық, – деп бастайды. Бұл жаратушы иенің жібергені емес, бұл адамдардың өздерінің қолдан жасап алғаны. Шын мәніндегі жеті қазына, ғұмыр бойы адам баласына қызмет ететін таусылмас байлық болуы керек.

Зәкең содан кейін жеті қазынаны күн, ай, аспан, жер, от, су, ит, – деп санап шықты да. – Біліп ал, Алланың өз құлына берген жеті қазынасы осы. Мәселен, суды алайық, сусыз өмір сүру мүмкін бе, әрине мүмкін емес. Демек, сусыз өмір жоқ, су тіршіліктің қан тамыры, өміріміздің ғажайып нәрі. Жеті қазынаның бәрі де адамға қызмет етеді. Әрқайсысының қажеттілігінде баға жоқ. Жер болса, ол бәрімізге ана іспетті асыраушымыз. Алысқа бармай-ақ Жаңақорған жеріндегі құнарлы, Түгіскен даласын алайық, ол ғасырлар бойы тусырап бар нәрін бойына жиып тұйық жатыр. Маңдай теріміз арқылы есебін тауып идіріп, ел кәдесіне жаратуымыз үшін су керек. Бұл мәселе ХХ ғасырдың екінші он жылдығында-ақ қолға алына бастапты.

Бұрынғылардың айтуы бойынша дарияның сол жағалауының тұрғындары, әсіресе, диқандар егіндік жерлерін өздері қоршап алып, ағаш соқамен жыртып, шығыр құрып, соның суына тары, бидай, жүгері егіпті. Дария суы төмендеген жылдары каналдар қазып көлге құйдырып, соның суын пайдаланыпты. Бірақ ХVІІ-ХІХ ғасырлар кезеңіндегі Жоңғар, Бұқар, Хиуа хандықтарының дамылсыз шабуылдарының салдарынан тұрғындар диқангершілігін амалсыз тоқтатқан.

“Құтты қоныс – Қожакент” кітабынан үзінді.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑