banner-top12

Өнеге no image

Қосқан уақыты Наурыз 20, 2012 | 895 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Тіршілік бастауы – Аналар

Қазақ елі ел болғалы, қазақ қазақ болғалы өмірбақи анасын сыйлап өткен. Ертеден келе жатқан наным-сенімдерінің түп-тамыры да – ана.

Аспанда Тәңірі, жерде Ұмай ана деп табынады қазақтар. Ұмай ана –қамқоршы, жарылқаушы, демеуші, жанұя, отбасының пірі.

Мұсылман дінінде бүкіл адамзаттың анасы, аналардың анасы деп Хауа  ананы құрмет тұтады. Хауа ана – Адам атаның зайыбы.

Мұхаммед (СҒС) пайғамбарымыз әйел затын аса биік бағалап; «Әуелі  анаңа, тағы да анаңа, содан соң Отаныңа жақсылық жаса!», – деп өсиет айтып кеткен.

Томирис – Тұран  патшасы. Афрасиябтың қызы. Патшайым болып ел басқарған батыр қыз.

Зарина – Сақ патшасының қызы.  Ел тағдыры үшін өз махаббатын  құрбан етеді. «Жеке басымның бақытын елімнің еркіндігіне айырбастай алмаймын. Махаббаттан да жоғары нәрсе бар, ол – менің елім», – дейді Зарина.

Бөрте  ханым – Шыңғыс ханның әйелі. Қоңырат тайпасының қызы. Жат елдікке пенде болғанымен ұрпақ тәрбиесінде өз елінің ұлттық тағылымын меңгерте білген.

Гауһар – Қабанбай  батырдың жары, арғын – Малайсары батырдың қарындасы.

Есенбике – Олжабай батырдың анасы, үйсін Қарасай батырдың қызы.

Назым – Қабанбай батырдың қызы.

Айтолқын – Абылай ханның қызы.

Бұл батыр қыздарымыз ұлттық намысты ту етіп, халық тағдыры үшін ерлермен бірге қан майданда ерлік көрсеткен батыл жандар.

Бопай – Кеңесарының қарындасы, бес жүз сарбазды басқарып, Ресей отаршылдарына қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен батыр қыз.

Мамыр – Байқазы арғынның қызы. Шәкәрімнің «Қалқаман-Мамыр»  дастанындағы батыл қыз. Нағыз махаббаттың мәңгі символы ретінде танылған батыр қыз.

Айбике – Бұланбай батырдың жары, барлаушы сарбаздардың басшысы болған қыз. Талай шайқаста жауынгерлердің  ұлттық рухын көтеріп, ерлікке шығарған.

Домалақ  ана (Нұрила) – Бәйдібек бидің әйелі. Нұрила барлық адамдарға өте мейірімді, ақылды, әулие әйел болған. Домалақ ананың осындай қасиеттерін бүгінгі ұрпақ  бойына сіңіріп өссе, онда келешегіміздің көкжиегі одан сайын кеңи түсер еді.

Қалампыр ана – Балуан Шолақтың анасы. Жазушы Сәбит Мұқанов «Балуан Шолақ» романындағы аналар бейнесін қызықты етіп сомдаған. Өмірде өнегелі болған аналар образы көркем өнерде жас ұрпаққа ғибрат берерліктей тәрбиелік мәні зор.

Халқымыздың тарихында «Ақтабан  шұбырынды, алқакөл сұлама» кезең  боп таңбаланған зұлмат заманындағы қазақтың мұңы мен зарын, арманы мен аңсарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дәуірдің дауылпазындай дабыл қағып, ерлік пен елдікке үндеген әйгілі «Елім-айдың» әнін шығарған Айша  Қабыланқыз – атақты Қожаберген жыраудың жары.

Қарашаш – Жиренше шешеннің жары. Қарашаш қазақ қыздарынан  шыққан сөзге шешен, ақылды, тапқыр, дана қыз. [1]

Ел басына қауіп төнген кешегі екінші дүниежүзілік соғыста «Ер апаларының» ерліктерін жасаған қазақтың Мәншүк пен Әлиясы шығыс халықтарының-мақтаны. Қашанда қиын-қыстау кездері батыр қыздарымыздың ерлігі ерекше көзге түсетінін тарих та, өмір де дәлелдеп келеді.

Желтоқсан оқиғасының  батыл қыздары Ләззат Асанова, Сәбира Мұхамметжанова сияқты ұлттық намысты берік  ұстаған, ерлік пен елдікті  ұран еткен ұлтжанды қыздарымыз қаншама.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑