banner-top12

Тарих 359074_240

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2014 | 2  754 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

3

Тоқтамыс жайлы

359074_240    Тоқтамыс хан жайлы

 

Еліміздің тарихы біздің жыл санауымыздан әлдеқайда бұрын басталады. Түркі тайпаларының  әлемге әйгілі ғалымдары өздерінің ғылыми зерттеулерінде талай – талай пікірлер айтып, сараптамалар жасағаны белгілі. Осы зерттеулерге назар салып қарасақ, соның ішінде бірін – бірі толықтыратындарға қарама-қайшы келетіндер де жоқ емес.

Біздің сөз еткелі отырғанымыз біз жыл санауымыздың ХІІІ-ХІҮ ғасырларда өмір сүрген тарихи жағдайларға байланысты. Оның ішінде белгілі Тоқтамыс хан жөнінде әр түрлі ой пікірлер кездеседі. Соған сай мына төмендегі екі түрлі пікір-таласты қағазға түсіріп, көпшілік пікірін тыңдап тарихи шындықтың бетін ашып анықтау.

Қазақ Совет енциклопедиясының ІІ том 8 бетінде Тоқтамыс хан жөнінде және тарихи деректерде былай деп келтіреді. Тоқтамыс хан Әмір Темірдің көмегімен 1380 жылы Алтын Ордаға хан болады. Оны 15 жыл билейді. Тоқтамысхан Түйқожаоғланың баласы. Жошы ханның ұрпағы. ХІҮ ғасырдың 70 жылдары елінен қашып, кейін Темірді паналаған. Оған Отырар, Оңтүстік Қазақстан мен Сауранды және Сыр бойын береді. 1378-79 жылы Темірдің көмегімен Сығанақты жаулап алады. Орда тағына отырады. Өз мемлекетін нығайтып, бірнеше шет елдермен, Египетпен достық қатынас жасап, 1382 жылы Мәскеуді жаулап алады. Ол енді Темірдің қарауындағы жерлерді жаулай бастайды. 1395 жылы Темір оның опасыздығын біліп, талқандайды. Ол қашып Литваға барады. 1399 жылы Литва книязі Витовамен бірігіп Ворскла өзені бойында Темір құтылықтан жеңіліп, Тоқтамыс Сібірхан Шәдібек қолынан қаза табады делінген. Ал тарихи бір деректерде Ұлы тауда     Едіге батыр өлтірді делінген. Ал енді тағы бір аңыз деректерде  Жаңақорған (Қызылорда облысы) ауданына қарасты Қыраш елдімекенінде тау беткейінде Тоқтамыс деген жер бар, басында бұлақ, сол бұлақ  суына жергілікті халық  диірмен құрып, бидай тартқан. Міне осы Тоқтамыс хан осында болып кеткен десе, біреулер осында Едіге батыр өлтірді дейді.

Ал, жергілікті халық ішінде Сунақ аталығының Қалмырза Тоқпан ұрпағы Құлахметұлы Абдуап, Байдалының Ысқағы, Ахметұлы Сағынбай, Бегентайұлы Алиакбарлар «біздің бабамыз» деп өздерінің білгенін алға тартады.Бұл жөнінде олардың айуымен жазылған мәлімет бірге беріліп отыр.

 

                                Тоқтамыс батыр 

 

«Бисмиллахи рахмани-рахим. Алхамдулилла, біз мұсылманбыз. Дініміз Ислам. Бұған ешбір шек – шүбәміз жоқ. Ал ру жағына келетін болсақ  – Сунақ ішіндегі Қалмырза Тоқпанбыз» – деп сөзін Құлахметұлы Абдуап қария бастап кетті.

Ендігі айтатынымыз қандай да болмасын халықтың шыққан тегі, тарихы және қалай қалыптасқаны жөніндегі мәселе тек ғалым – мамандардың азғана тобын қызықтырып қоймайды. Бұл өзінің тегін білгісі келген, адамдардың көңілін аударып қызықтырады.Өкінішке орай, бұл мәселені енді ғана кең түрде қолға алып, бүге – шүгесіне дейін зерттеп білуге ғалымдар да, азаматтар да енді ғана мүмкіндік алып, ден қойып отыр.

Халқымыздың шежіресі бүгінгі күнге ауызша және жазба әдебиет арқылы келіп отыр. Өткен дәуірлерде тұс – тұстан жабылған жаумен жағаласа отырып елден пана таппай, оңтүстік пен батысқа қарай ығысып, аман қалуға мәжбүр болған.

Ел аузындағы аңыз – әңгімелерді және әкелеріміз Байдалының  Ысқағы мен Ахметұлы Сақымбектің айтуы бойынша Сунақата бабамыздың 7 – 8 ата кейін өткен Тоқтамыс бабамыздың қайда екенін , қай жерде мекендеп, өніп-өскенін, мазарының қайда екенін айту біздің борышымыз,- дейді Абдуап.

Енді Тоқтамыс баба жөнінде әңгіме желісі былай басталады.

Сунақата қала кезінде біздің бабаларымыз Тоқтамыс сол кездегі патшаның сенімді қызметкерлерінің бірі болған. Ол кездегі патшалар 30-40 күн серуенге шығады екен. Бір мәрте серуенге шыққанда Тоқтамыс бабамызды серуенге бірге ала шығады.

Тоқтамыстың ата – анасы айтып отырады екен, егер ел көтерілсе Бұқараға барады деп. Саяхаттан қайтып келсе туған-туыстары, ата-аналары көрінбейді. Патшаның қысымына шыдай алмаған көп халық патшаның жоқтығын пайдаланып көшіп кеткен. Содан Тоқтамыс ата-анасының айтқан сөзі есіне түсіп, неде болса Бұқараға баруға бел байлайды.

Қариялардың айтуы бойынша Сунақатадан шыққан Тоқтамыс бабамыз Қызылқұмды жиектеп, түстікті бетке алып жүріп отырады. Жолазығы, суы таусылып шөлдегенде жеңді білектей сексеуілді бұрап, сығып суын ішеді.

Бірнеше күнде шаршап – шалдығып Бұқараға жетеді. Қаланың шетіндегі бір үйге келіп, құдайы қонақпын десе, бір қария кісі «қонақ болсаң кел, балам» деп үйіне кіргізіпті. Тамақтанып болған соң, қария жөн сұрайды. Тоқтамыс жоқ іздеп шыққанын айтады.

Сунақатада  болған уақиғаларды баяндайды, халықтың Бұқара маңына көшіп келгенін айтады.Қария кемпірі екеуі оны өкіл бала етіп алады.

Белгілі барар жері болмаған соң кемпір мен шалға өкіл бала болып бірге тұра береді. Күндердің бір күні кернай – сырнайлатып жатқан көп адамдарды көреді, бұлар неғылып жүрген адам деп өкіл атасынан сұрайды.

Сонда атасы патшамыздың жылында ойын-сауық өткізіп тұратын рәсімі болған, тамаша көретіндер пәлен күні қаланың ортасындағы үлкен алаңға жиналып тамаша деп жар шақырып жүр деп баласына түсіндіреді.

Тамашаны көру үшін Тоқтамыс алаңға келеді. Неше түрлі ойын – сауық болады. Ертеңіне палуандар күресі болады деп тағы да жар салады.

Палуандар күресін тамашалауға Тоқтамыс тағы да келеді.

Бірі жығып, бірі жығылып жатқан палуандарды көргенде бойын намыс пен күш қысқан Тоқтамыс өзін – өзі әзер ұстап тұрады.

Үйіне келгеннен кейін атасына күреске шыққысы келетінен айтады. Атасы батасын береді. Сараланып соңына қалған палуандармен күресуге тура келеді. Соңында Бұқараның қоңыраулы палуанымен күресуге тура келеді.  Тоқтамыс алысып жүріп Бұқараның қоңыраулы палуанын лақтырып жіберген екен. Палуанды қайта тұрып алысуға шамасын келтірмей, көкіректен тіземен басып жауырынын жерге тигізіп, үстінен аттап өтеді. Күрестен соң Тоқтамыс үйіне келіп ата – анасына бәрін түсіндіріп айтып береді.

– Біздің елдің дәстүрі бойынша, Бектің палуанын жыққан адам оның үстінен аттамауы керек еді, өміріңе қауіп төнетін болды – ау, енді сен пілмен күресуіңе тура келеді,-дейді.

– Піл деген не нәрсе,-деп сұрайды атасынан.

– Ол түйеден дәу хайуанат, өзі дәу, тұмсығы ұзын болады.  Қария Тоқтамыстан қаруың қай жерде деп сұрағанда:

– Ата күшімнің қай жерде екенін білмеймін, жолда шөлдегенімде жеңді білектей сексеуілді бұрап, сығып суын ішіп едім.

– Онда, балам, күшің білегіңде екен. Пілмен күресетін палуанды ортаға шығарып отырғызады. Палуан ортада тұрады. Піл сені айнала береді. Есіңде болсын балам, пілдің тұмсығы сенің беліңді ораса қысып өлтіріп тастайды. Саған айтар ақылым, екі көзің пілдің тұмсығында болсын. Пілдің тұмсығын ұстаған замат бір бұрап қой, сонан соң бұрай бер, пілдің жаны қысылған сайын тез айналып шыңғыра бастайды. Пілдің шыңғырған дауысынан адамдар қаша бастайды, шамаң келсе тағы да бір бұрап пілді қоя бер. Өлімнен құтылған піл қоршаған көптің талайын басып – жаншып қаша жөнеледі, – дейді.  Өгей атасының айтқан ақылымен Тоқтамыс пілді жеңеді. Өкіл атасы Тоқтамысқа саған өлім қаупі төніп тұр деп, бірнеше күндік жолазығын дайындап, бір күндік азығын дайындап, кездескен адамдардан сұрай жүрерсің, Түркістан деген қала бар, сол маңнан ағайыныңды табарсың деп жолға шығарып салады.

Бірнеше күн жол жүргеннен кейін бір керуенге кездеседі, керуен басы баладан қайда баратынын сұрайды. Сонда Тоқтамыс «Түркістан деген қала бар, соған бара жатырмын» дейді. Онда жолдас бол деп жүк тиеген бір түйеге мінгізіп қояды.

Тоқтамыс жүрген жолының артына көп қарап отырады екен, мұны сезген керуен басы «Сен неге артыңа қарай бересің» деп сұраса, «Жүрген жолыма қарап келе жатырмын» деп жауап береді. Сен адам өлтіріп келе жатқан болуың мүмкін деп күмән қылады керуен басы. Тоқтамыс Бұқарада болған оқиғаларды түгел баян етеді. Артымнан қуып келе жатыр ма деп қарап келе жатқаным сол еді деп шынын айтады.

Бірер күннен кейін артынан шаң көрінеді, сонда Тоқтамыс керуен басына мен осы жерде қалайын. Қасыңа адам қалдырамын десе, ешкімді қоспай бір өзі қалған екен.

Келе жатқан көп әскердің екі мықтысы келіп, Тоқтамыстан Бұқарадан қашқан сен бе деп сұрапты, сонда мен деп жауап беріпті. Тоқтамысты ұруға ыңғайланған екі мықтының біреуінің сойылын жұлып алып, өзін ұрып аттан ұшырып жібереді.

Ұрамын деп келген екінші батырды тағы да ұрып аттан құлатып, екеуінің қолын байлап, бірінің атына мініп қаруын асынып, келе жатқан көп әскердің алдынан шығып, талайын ұрып, соғып аттан жығылып қалғандары кері қашып кетеді.

Қайтып келіп екі батырмен мәміле жасайды. Егер мені  көрдім, білдім дейтін болсаңдар қайда жүрсеңдер де тірі қоймаймын дейді. Екі батырдың қолын артына байлап келген жолымен қайтарады. Батырдың атына бірін өзі мініп, бірін жетегіне алып керуенге қосылады. Болған оқиғаны керуен басына түгел баяндап береді.

Әкелген аттың біреуін керуен басы мінеді, біреуін өзі мініп Түркістан қаласына да үлкен байдың үйіне тоқтаған екен. Бұл үй керуен басының келіп жүретін Өзбек байдың үйі екен. Келген жүкті түсіреді, бірнеше күн демалады. Қайтатын уақытта керуен басы Өзбек байға мына қазақты қызметшің етіп ал дейді. Бір адамның тамағын ішеді, бес-алты адамның қызметін істейді деп тапсырады.

Сонымен керуен кетеді. Тоқтамыс бабамыз бай өзбектің қызметшісі болып қала береді. Бірнеше жыл өткен соң Тоқтамыстың қызметі өзбек байға жағады. Өзбек Тоқтамыс бабамызға өзінің бір бойжеткен қызын қосады. Өзбек бай өз қызын Тоқтамысқа бергеннен кейін сол жердегі өзбектердің арасында қызғаныш пайда болады. Өзбек байдың көңілі жақын достары қызғанышты байға жеткізеді. МҰны естіген  бай үлкен ойда болады. Тоқтамысты бейсары сыртқа шығармай қораның ішінде ұстайды. Көңілі жақын достарынан Тоқтамыстың сыртынан бақылау қояды, дұшпандар өлтіріп қоймасын деп. Бірнеше күн қызына жасау жасап, еншісіне мал – мүлкін дайындап, Тоқтамыс бабамызды бір түнде көшіріп, қазіргі елді-мекен Қыраштың күншығыс жағындағы бір бұлаққа әкеліп тастаған екен. Сол жер әзір Тоқтамыс деп аталды.

Осы жоғарыда жазылған Тоқтамыс бабамыздың сол қазіргі Қыраш ауылының шығысында жерленгендігін дәлелдейтін мына бір төмендегі әңгімеден байқауға болады.

Тоқтамыс бабамыз Сунақата бабадан жеті – сегіз ата кейін дүниеге келген екен. Осы Тоқтамыстан екі ата (он бір) беріде Құлықалпе деген бабамыз өмірге келіп ол кісінің уақытында да ел ашаршылыққа ұшырап Өзбекстанға қоныс аударып бірнеше жыл сол жақта өмір сүріп, қайтадан елге көшіп келе жатып осы Қыраш ауылының шығысында қазіргі Тоқтамыс бабамыздың тұсына келгенде Құлықалпе бабамыздың әйелі босанып қалады. Баланың атын кім қоямыз дегенде Құлықалпе бабамыз айтқан екен, Тоқтамыс бабамыздың қасында босанды ғой, аты Тоқтамыс болсын дейді. Тоқтамыс бабамыздың сол жерде өмірге келуі, атын Тоқтамыс деп қойылуы Қыраштың шығысында жатқан Тоқтамыс бабамыздың салдырған мешітінің орыны әлде бар.

Кейінгі кезде осы Қыраш елді – мекенінің тау жағындағы Тоқтамыс деген жерді кешегі өткен Тоқтамыс хан келіп мекендеп кеткен екен, содан Тоқтамыс деп аталған деген қисынсыз әңгімелер айтылуда.

Аңыз болса да Тоқтамыс батыр бабаның өз туған еліне келіп ұрпағын осында қалдырып, сол жерде жерленуі тегін емес. Бұл жөнінде оның ұрпақтары Құлдахмет лы Абдуап пен Бегентей лы Алиакпар қарияларға рахмет. Баба ұрпақтары қазір Жаңақорған ауданы көлемінде Қызылорда облысы, Оңтүстік Қазақстан облысы мен Өзбекстанда өсіп – өнуде.

Жинақтап дайындаған:

                                                   Шайдарбек қажы Әшім ұлы Кенжеқожа қажы тегі,

                                                   ҚР Журналистер одағының мүшесі, зейнеткер, тарихшы,

                                                   Жаңақорған ауданы, Қызылорда облысы.

 




3 Responses to Тоқтамыс жайлы

  1. Жәңгірхан says:

    Құрметті Шайдарбек Әшімұлы Кенжеқожа !
    Сіздің жазып отырған Тоқтамыс батыр қай уақыттарда өмір сүрген екен, нақтылап жазсаңыз, себебі бұл жердегі Тоқтамыс батыр Кіші жүз – Адай – Жары – Тоқтамыс батыр 1680-1743 жж. өмір сүрген деп жергілікті халық “Тоқтамыс әулие”- деп жүр.Олар да дәлелдеп отыр емес пе?. Сіз өзіңіз көзбен көріп, әулие басына барған боларсыз.Әрине, Қажылыққа барсаңыз Тоқтамыс әулие басына барып бата алған шығарсыз.Сонда Тоқтамыс есімді әулие де батыр да көп болғаны ма, қалай?

    • Азатбек says:

      Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жары – Тоқтамыс батыр – жауына деген қаталдығы «қатыгез қара Тоқтамыс» атандырған, ерлігі мен жекпе-жек сайыстары батыр атандырған, жаратылыс пен халқына деген мейірім мінезі әулие атандырған тарихи тұлға.

  2. Рысбек says:

    Құрметті Жәңгірхан!
    Жәңгірхан деген ат көп сол сяқты Тоқтамыс та көп болған. Бірі батыста, екіншісі оңтүстікте, бірі бай, екіншісі хан, үшіншісі батыр. Бірақ өмір сүрген уақыттары, тұрған жерлері, тегі бөлек. Мына мақалада Тоқтамыс хан мен Сунақтан шыққан Тоқтамыс батырға тағы Адайдың Тоқтамыс батыры қосылды. Бұлардың бәрі бір адам емес және дәрежелері де өмір сүрген ортасы да әр түрлі. Лайым, осындай ержүрек батырларымыз көп болғай…!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑