banner-top12

Әдебиет 1788c2-cb

Қосқан уақыты Желтоқсан 21, 2016 | 581 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Түрiктiк рухани мұра және Абайдың азаттық идеялары

Марат  Бекбосынов,  Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Қазақ тілі мен әдебиеті

кафедрасының доценті, ф.ғ.к.

Асқар Бекбосынов, Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Тәрбие, әлеуметтік жұмыстар

және жастар саясаты жөніндегі басқармасының қызметкері.

  Абайдың үш бұлақ көзiнiң алғашқысы –  ұлттық мәдениет ошағы десек, оның өзiн жалпы атамай, Абайдың өз заманындағы озбырлыққа қарсы оларды қалайша түрлентiп, толықтырып, жаңғыртып қолданғанын саралау қажет. Өйткенi, қазақтың рухани бастау бұлағы – ұлтымыздың түрiктiк мол қазынасы мен фальклордан нәр алған Абай, М. Әуезовтің: «Қазақ халқының есте жоқ ескi заманынан жиып, сақтап, өсiрiп келген өз даналығы, халықтың ауызша әдебиет қоры, ақын Абай осы қордан көп нәр алып, сол арқылы өз өлеңін көп көркейтті»[1, 278-279]- деп нақтылап ескерткеніндей ұлт әдебиетінің бастау көздерінен туындайды. Осының алғашқысы –  түрiктiк ата мұра.

Түрiктiк рухани мұра дегенде, бiз оларды Абайдың қазақ дүниетанымына, тарихына және әдебиетiне қатысты өз шығармаларында отарлық езгiге қарсы қолдануына орай, шартты түрде былай жiктеймiз:

а) отаршылдардың қазақ тарихын лайлау әрекетiне қарсы Абайдың түрiктiк мұраларды жаңғырта қолдануы;

ә) отаршылдардың ислам дiнiн дәрiптеу арқылы, қазақ дүниетанымын, шаруашылық қалпын бұзу әрекетiне қарсы Абайдың көне мұралардағы ұлттық тәңiрiлiк дүниетанымды өз шығармаларында қолдануы;

б) отаршылдардың көп қырлы миссионерлiк саясатына орай Абайдың көне түрiктiк әдеби дәстүр мен азаттық, еркiндiк идеясын заманға сай пайдалануы.

Отаршылдардың халық тарихын санадан өшiру жолындағы әрекеттерiнiң түп ниетi қазақ жұртын орыс жазуына көшiрудегi баспалдақ ретiнде ислам дiнiнiң схоластикалық қадiмдiк оқуын жақтауы мен жадидизмге қарсы жанталаса күресiнен анық көрiнедi. Мұның орыс империясы алдында Тұран елiндегi араб басқыншылары жүргiзген тәжiрибесi де бар болатын.

Құтайба ибн Муслим (660-715) басшылығымен 705-715 жылдар аралығында Тұран елiн жаулап алған арабтар халықтың тәңiрiлiк дүниетанымын, ұлттық санасы мен жазуын жоюды қолға алды. Сөйтiп, ислам дiнi мен араб графикасын ендiру арқылы халықтың тарихи жадын құрту мақсатында рухани мұраларды өртеп, елде көркем әдебиет пен ғылыми еңбектердi араб тiлiнде жазуға қатаң бақылау қойды.  Осындай арғы-бергі отаршылдар атаулының қолданған әккі әдістерінің ел руханиятына, тарихи жадына қарсы бағытталған зардапты салдарын Абайдай тереңнен толғап талдаған ойшылдар некен-саяқ. Мысалы, хакімнің: «Ол күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, той-тамаша қылады екен. Бұл күнде бұл сөз құрбан айтына айтылады, ол уақытта жаңа дінге кірген соң, енді бір Бухарадан басқа шәһарлардың да, жер-сулардың да, халықтың да бұрынғы аттарын бұзыпты»[2, 156],- деп әшкерелей жазуы зерделі оқырманға көп жайдан хабар береді.

Жалпы қазақ халқының ұлы мерекесі – Наурыз 1926 жылға дейін мейрамдалып келді. Наурыз мерекесіне арнап күнтізбелер басылып отырды. Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәбит Мұқанов, т.б. ақындар өлең жазды. Кеңес өкіметінің жымысқы саясаты кесірінен Ұлы Октябрь социалистік революциясының 10 жылдығын жаңа күнтізбе бойынша мейрамдау керек деген желеумен, 1927 жылдан бастап Наурыз мейрамын мерекелеу тоқтатылды. Осының бәрі –  отарлық жүйенің қай кезеңде болмасын жүргізер саясатының өзегі бір екенін танытады.

Бiрақ, осы саясатты жүргiзу барысында көп сатылы зымиян айла-тәсiлдер қолдану жағынан араб басқыншыларынан орыс отаршылдары асып түстi. Олар ХIХ ғасырдың ортасына дейiн ислам дiнiн барынша қолдады.

Мәселен, араб тiлiндегi қазаққа түсiнiксiз кiтаптарды, дiни-мистикалық аңыздар мен түрлi кiтәби тiлдегi қисса жырларды Петербург, Қазан баспаларында араб және орыс әрiптерiмен көптеп басып шығарды. Қазақ даласындағы миссионерлiк, әкiмшiлiк орыс оқуымен қатар, 1895 жылы «Киргизская степная газетада»: «балалар оқитын киiз үйден жан дәрменiмен айқайлаған ащы дауыстар естiледi. Әр оқушы өзiнiң сабағын айқайлап оқиды. Осылайша оқыту төрт жылдай уақытқа созылады. Осы мерзiм бiткеннен кейiн оқушылар бiлiм алудың толық курсынан өтiп, оны ешнәрсе де бiлместен, бұрынғы надандық қалпында қалған күйiнде тәмәмдайды»- деп жазылғандай, мағынасыз қадiмдiк оқуды қуаттады. Ал қазақ облыстарында шыққан өкiметтiң сойылын соғар басылымдар «Дала уәләйатының газетi», «Түркiстан уәләйатының газетi», «Семипалатинские областные Ведомости» сияқты басылымдарда қазақ тарихын ислам дiнiмен байланыстыратын қисынсыз мақалалар басылып жатты. Осының бәрi халықтың ұстанған дiнiн қолдаған болып, жұртты түрiктiк тарихи танымынан айырып, шұбарланған кiтәби тiл, араб тiлiндегi мағынасыз жаттанды оқу мен дiни соқыр сенiм арқылы он ғасыр бойына халыққа сiңiсiп кеткен араб жазуынан жирентiп, орыстандыру мен шоқындыру мақсатында жүргiзiлдi. Осындай аяр әрекеттердiң қазақ тарихын тануға тигiзген кесiрi жайлы төңкерiске дейiн Көкшетаудағы Науан хазiреттiң медресесiн бiтiрген, Кеңес үкiметi кезiнде дiн қызметкерi болғаны үшiн Сiбiрге, Алтайға жер аударылған Момақан Әлиұлының «Ақиқат» журналының 1997 жылғы №2,3 сандарында жарияланған «Қазақ тарихы туралы бiрер сөз» атты қолжазбасындағы мына дерек –  осы айтылғандардың нақты көрiнiсi: «Қазақтың өздерiн арабтанбыз деуiнiң бiр себебi бар. Патша өкiметi 1880 жылы бодан елдер өз тарихының қайдан шыққанын анықтасын деген жарлық шығарды. Сол жарлықта егер бодан елдер жер бетiндегi белгiлi, аталы елден шықса, оларға сол халықтармен бiрдейлiк хұқық берiледi. Егер олай болмаса, теңсiз төмен ел болады деген. Осыған орай ел ақсақалдары, оқыған молдалар жиылып, Кiшi жүздiң ғұлама молласы Нұрпекеге (Нүрпейiс) барған. Ол кiсi Меккеге қажы сапарына барғанда қазақтың қайдан шыққанын сұрап, ондағы моллалар араб әрпiмен жазылған ғибраны көрсеткен. Сол ғибрада қазақ Ғакаша бин Мұқсиннiң және Әнес бин Мәлiктiң тұқымы деп жазылған екен. Бұған қазақтың жабысып, мақала, қисса жазып жүргенi – тар заманда елдi бодандықтан құтқарып, теңестiру, арабпыз десек Алланың оң көзi түсiп, бағымыз ашылар ма деген дәмеден туғаны көрiнiп тұр»[3].

Қазақ тарихын дiнмен шырмап, адастыру ниетiн отаршыл мемлекеттiң шовинистiк пиғылдағы әкiмшiлiк жүйесiн былай қойып, П.П.Пестель, Семенов-Тьяншаньский, С.Соловьев, В.В.Бартольд  сияқты оқымысты ғалымдарының өздерi де құптап шыққан. Мұның айғағы ретiнде академик В.В.Бартольтiң: «Түземдiктерге олардың өз тiлiнде ғылыми мағлұматтарды бермеу керек, сондай-ақ, сол арқылы олардың әдебиетi мен төл мәдениетiн орнықтыра дамытуға жағдай жасамау қажет. Мұның барлығы да олардың орыстануына кесiрiн тигiзеді»[4, 130]- деген сөзiн келтiрсек те жеткiлiктi.

Сондықтан бодандық бұғауының аға сұлтандық кезеңiнде Дулат ақын:

 

Елің түсті езгіге,

Жол бермей дұрыс сөздігі,

Көр соқыр бермей тізгінін

Көкірегі көздіге [5, 72] –

 

деп, елдiң көкірек көзін ашуға ұмтылса, бiлек күшi, найза ұшымен теңдiкке жетер заман өтiп, халық тағдыры тығырыққа тiрелген кезеңде Абай:

 

Жүректе қайрат болмаса,

Ұйықтаған ойды кiм түртпек?

Ақылға сәуле қонбаса,

Хайуанша жүрiп  күнелтпек.

 

Аспаса ақыл қайраттан,

Тереңге бармас, үстiрттер.

Қартыңның ойы шар тартқан

Әдетi жеңiп күңгiрттер [2, 22-23] –

 

деп, кертартпа надандықты сынай отырып, жұртын таным тереңiне жетелейдi. Көзден кетсе де, көңiлден өшпеген түрiктiк сананы жаңа кезеңде қоғамның қатпарлы қасiреттерiн жоюдың иммунитетi деп түсiнген дана, тарихи сананы оятуға ерекше мән берген.  Бұл жай ақынның философиялық көзқарасын образды түрде суреттеген шығармаларынан анық байқалады. Яғни, түрiк халықтарының тәңiрiлiк дүниетанымының синкретизм, диалектика, адам мен табиғат бiрлiгi сияқты өзгеше қырлары Абай шығармашылығында көркемдiк кестесiмен отарлық езгiге қарсы сипатта кең қамтылған.

Сөйтiп, Абай заманында отаршылдар түрiк халықтарының ерлiк тарихын, гуманистiк, азаттық идеясына толы дүниетанымын санадан өшiру мақсатында, ислам дiнiнiң халыққа күңгiрт схоластикалық, догматикалық мәнде терiс түсiндiрiлуiне және христиандық миссионерлiк пиғылдағы үгiт-насихатты өрiстетуге күш салды. Мұны Абайдың «Бiраз сөз қазақтың түбi қайдан шыққаны туралы» (1889) деген тарихи мақаласының жазылу себебiне қатысты айтылған профессор М.Мырзахметұлының мына сөзi айқын танытады: «Бұл зерттеу сипатындағы мақаланы  Абай өз кезiнде қазақ қауымында көп сөз болып өрiс алған, бiрақ негiзi шындықтан тыс, ғылымға жат ойға құрылған пiкiрдiң өрiс алуына байланысты жазған. Қазақтың түбi арабтан, пайғамбар қауымынан шықты деген алыпқашпа көзқарасқа қарсы Абай ғылымға негiзделген ойын: “Бiздiң қазақтың ықыласы атасын арабтан шықты дегендi яки бәни Исрайлдан шықты дегендi ұнатқандай. Онысы, әрине, тауарихтан хабар тисе, сол жақтан тигендiктен. Ислам дiнi бұрынғы ата-бабаларды ұмыттырып, дiндестердi жақын көрсеткендiктен  һәм артқы жағы хабарсыз қараңғылықта қалғандықтан болған iс»,- деп тұжырымдаған. Абайдың осы пiкiрiнен соң бұл мақаланың кiмдерге бағытталғаны да ашық байқалып тұр»[6, 14-15].

 

Пайдаланылған

әдебиеттер тізімі:

 

  1. Әуезов М. Абай Құнанбаев. Алматы, 1995,320 б.
  2. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Алматы,
  3. Әлиев М. Қазақ тарихы туралы бірер сөз // Ақиқат, 1997, №2,3.
  4. Бартольд В.В. История культурной жизни Туркистана. Ленинград, 1927, 360 бет.
  5. Бабатайұлы Д. Тұнық тұма. Өсиетнама:өлеңдер мен дастандар,(1-кітап); Дулат жырау тағылымы: сын-зерттеу, көзқарастар (2-кітап). Құр: Раев Қ. Алматы, 2002, 288 б.
  6. Мырзахмет М. Абайтану тарихы. Алматы, 1999, 192 б.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑