banner-top12

Алыстағы ағайын no image

Қосқан уақыты Мамыр 18, 2010 | 1  707 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Түркиядағы қазақтар  

Мансұр Тәйжі Хұсайынұлы,

Түркиядан келген оралман

 

1952 жылы Өр алтай Шыжаңнан үлкен көшпен шыққан Орта жүздін  керей, найман рулары Түркия Республикасына келді. Енді осы көш жайлы деректерді келтіре отырып жазайын.

1937 жылдың 20 желтоқсанында Үрімжінің шығысында орналасқан Мори, Баркөл, Кабтык, Байтік өңірлерін мекендеген халық елге келген зобалаңнан көшуге мәжбүр болды. Сол кезде көшті бастаған елінің, ұлтының қамын ойлаған, болашағын болжай білген көптеген ардагер, ер азаматтарымыз болды. Бұл күнде тарих беттерінен орын алмаса да, ел жүрегінде сақталған ардақты ағаларымыздың аттарын төменде келтірейін: Елісхан Батыр, Хұсайын Тәйжі, Сұлтаншәріп Т.Зуқаұлы, Айембет, Мукаділ, Сабырбай, Нұрғали, Көкей, Ілияс Даргы, Ракадил, Қойшы Батыр, Мейіртан Хамза Залин, Бексұлтан, Тоқай Қабанбайұлы, Алпыс Доқан Қажыұлы. Осы ел азаматтарының бастауымен шыққан 18000 жан Өр Алтайдың шығыс оңтүстігіндегі Гансу және Шыңқай өлкелеріне келіп, 1938 жылы Дүнген мүсылман халқының Мауфан басқармасына қарасты жерге орналаскан-ды. Бірақ халык жерлесе алмағандықтан, барған 18000 адам төртке бөлінуге тура келеді:

  1. Елісхан Батыр, Зайып Тәйжі бастаған 700 отбасы 1939 жылы Тибет таулары арқылы Оңтүстік Үндістанға кетті.
  2. Сұлтаншәріп Т.Зукаұлы 350 отбасымен Шыңқай өлкесінде қалып, көштің алды-артын жинап, жетім-жесірлерге пана болды.
  3. Хұсайын Тәйжі 100-дей отбасымен Шаңхайдың батысы, Гансудың
    оңтүстігіндегі кең байтақ жер – Гаскөлге жерлесті.
  4. Адубай, Мукаділ, Сабырбай, Нұрғали ағаларымыз бастаған көш 1939-1940 жылдары қайтадан ескі қоныс – Баркөл, Бисан өңірлеріне тұрақтады.

Бұл 1938 жылғы алғашқы көшке қыскаша ғана шолу. Халыққа көрсеткен зобалаңын түсінген Шың Шысай Қытай Үкіметі жібігеннен кейін сол тұрақтаған жерлерінде 1950 жылға деиін отырды.

1949 жылы Шыңжаң, Өр Алтайда Қытай Халық Республикасының құрылуына байланысты мемлекет бағдарламасымен толық таныс емес қазақ қандастарымыз шетелдерге коныс аудару мақсатымен Гаскөлде тұрақтаған Хұсайын Тәйжіның қол астына келіп біріге бастады. Бірінші болып 1949 жылы Қалыбек Һакім, Салис Әміреұлы бастаған 60 отбасы Көклұлұк жері және Лоб көлінен өтіп Гаскөлге келді. Сонан соң 1950 жылдың күзінде Дәлелхан Жанымханұлы, Нұрқожай Батыр, Сұлтаншәріп Тәйжі сияқты қазақтың зиялылары бастаған көш, бұрыннан бірге өсіп, бірге қайнаған бірақ Шың Шысайдың қатал кезінде, зобалаң басталған сонау 1938 жылы бірге көтерілген азаматтар 11 жылдан кейін Хұсайын Тәйжімен Гаскөлде табысты. 1951 жылы елінің қамын ойлаған Тәйжінің баскөтерер жолдастары Дәлелхан Жанымхан, Нұрқожай Батыр, Хасен Батыр, Қалыбек Хакім, Хамза, Омар Байқонақ, Шүкен Омарбай, Рақимолла, Қобдабай, Қабен, Қарамолла, Моллахмет, Нұрмұхаммедтермен қазақ тарихындагы ең ұзын көштің алғашқы аялдамасы Кашмир қаласына келеді. Ел бастаған ағаларымыз сол кезде Біріккен Ұлттар ұйымына шығып, сол арқылы отыруға үй, азды-көпті азық-түлік алдырады. Сол жерде ел есін жиып, болашақ ел қамын ел азаматтары жиналып көп ойласады. Бірақ та болашақта арттарына ерген халыққа жайлы қоныс табу ісі оңайға түспеді. Алдарында бес жоспар болды. Біріншісі, Үндістанға жерлесу; Екіншісі, Тайванға кетіп орналасу; Үшіншісі Америка Құрама Штаттарына барып тұру; Төртіншісі Мұсылман елі Арабстанға қоныс аудару; Бесіншісі қандас түрік халықтарынын бірі Түркия республикасына орнығу болды.

Бірақ та бұл жоспарлардың бәрі де бұлыңғыр болатын. Іске кіріскен зиялы қазақ басшыларының бірі Хұсайын Тәйжі өз бауырымыз деп сол Делидегі Түркия Республикасының елшілігіне «қазақ көшін қабылдау туралы» өтінішімен кірді. Берілген өтініш Түркия Республикасы Министрлер кабинетінде 13.03.1952 жылы қабылданып, қанағаттандырылды. Сонымен Түркия Республикасына алғашқы қазак көшін Хұсайын Тәйжі бастап барды. Оның құрамында 20 отбасы, 102 жан саны болды. Барған қазақ көшін Түркия Республикасы Стамбул қаласында күтіп алып, оларға сегіз ай өз мәдениеті мен дәстүрін, тілін, ділін үйретті. Сол аралықта қазақ қандастарға Түркияның Қайсар облысы, Деуелі, Яхиялы, Ильясты аудандарынан үй, жер бөлініп келгендерді сонда орналастырды.

Ал, артта қалған көш Түркияда орнықкан қазақ бауырлардың жақсы жағдайын хат арқылы біліп, олар да 1953-1954 жылдар арасында бөлім-бөлім болып түріктектес бауырларға келіп қоныстанды. Олар 1 850 жан, 675 отбасы еді.

Жоғарыда Түркия Республикасы бөліп берген төрт облысына жерлескен қазақтардың отбасы саны;

1 . Қайсар облысына 100 отбасы.

  1. Нигде облысына   234отбасы.
  2. Кония облысына   160 отбасы.
  3. Ізмир облысына     160 отбасы

654 отбасы және 21 үйғыр отбасы туысқандармен барлыгы 675 отбасы

орналасты.

Түркия елінің жағдайына, тұрмысына қаныққан қазақ қандастарымыз 5-6 жыл мемлекет бөліп берген жерлерде тұрды-дағы, жағдайларын жақсарту және ел қатарлы өмір сүру мақсатында халық көп шоғырланған, бизнес орталығы Стамбулға келе бастады. Ол жерде қандастарымыз қолөнер, сауда-саттықпен айналысып, ұжымшылдықпен кұрған кішігірім зауыттар мен фабрикалар ашып жергілікті өмірге бейімделу қамын жасады.

Сол кезде Түркия мен Германия арасындағы келісімшарттың негізінде Түркиядан Еуропаға барып жұмыс істеуге жол ашылды. Осыны пайдаланған қазақ жастары да 1963 жылдан бастап қызметке кете бастады.

Содан оң-солдарын таныған қазақтар өздерінің тілін, салт-дәстүрін сақтап болашаққа жеткізу мақсатында өз араларында көптеген коғамдар мен қорлар ашты. Олардың жұмыс істеу жылдары төмендегідей.

1. 1960 жылы Ұйғыр-қазақ бірлестігінде «Шығыс Түркістан» атты қоғам құрылды. Қоғамды 18 жылдай, яғни 1960-1979 жылға дейін Айса Жүсіп Алыптекін мен Хұсман Таштан басқарды. 1979 жылы Айса Жүсіп
Алыптекін қызметтен бас тартқан соң Хұсман Таштан 1984 жылға дейін іс
жүргізді. 1984 жылдан бастап осы күнге дейін Абдуалижанда қызмет
атқаруда.

2. 1986 жылы «Түркия қазақтар қоры» құрылды. Оның төрағасы болып Тоқтарбай Топлы сайланып, ол 1990 жылға дейін қорды басқарып отырды. 1990-1994 жылдары Мұқаммадин Қылыш,  1994-1996 жылдары Пазыл Топлы,  1996 жылы Зафер Селви,  1997-1998 жылдары ӨмірЖігіт, 1998-2004 жылдары Ілияс Сақа,  2005 жылдан бүгінге дейін Дербіш Қылыш басқарып келеді.

3. 1999 жылы Стамбул қаласындағы Қазақ ауылында «Түркия қазақтары әлеуметтік, мәдени колдау қоғамы» құрылды. Оған 1999-2004 жылдары Мансұр Тәйжі төрағалық етті. 2004 жылы қоғам басшылығы Шақмансұр Денизге тапсырылды, ол бүгінгі күні де сол қызметте.

4. 1995 жылы Стамбул қазақ ауылында «Ахмет Яссауи ғылымын жетілдіру қоры» кұрылып, өз қызметін бастады. Бірінші басшысы Ибрайым Мұтлы, екінші төрағасы Ахмет Гуней, үшінші басшысы Әбдірахман Жеуһер бүгінгі күні де қордын төрағасы болып отыр. Бұл медреседе Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолия елдерінен келген жастарымыз діни білімдерін жетілдіреді. Осы оқу орнын бітірген қандастарымыз өз елдеріне келіп, жұмыс бастап та кетгі.

«Тәңір асыраған тоқтыны бөрі жемес» деген мақал тегін айтылмаса керек. Шетте жүрсек-дағы ділімізді, тілімізді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды қастерлеп, оны балаларымыздың да құлағына құйып, ұмытпадық. «Сабыр түбі сары алтын» дегендей енді егеменді ел атанған Қазақстанға қайта қоныс аударып та жатырмыз.

Сол артта калған ұзак жылдарды еске алсақ, 1986 жылғы Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласындағы студент ұл-қыздардың бас көтеруінен кейін, көздері мен құлақтарын түрген шеттегі қазақтардың жүрегінде бір үміт оты жағылғандай болды. Күндіз ойдан, түнде түстен кетпейтін атажұртымызды шын ниетімізбен армандап, ол күннің де алыс емес екеніне көзіміз жетті.

Осы сәттен бастап радио-теледидардағы жаңалықтардан көз алмай, мойын созып, құлақ түрумен болған шеттегі казақтардың да туар күні келді.

Көктемгі жаңбырдан кейінгі бәйшешектей бірінен кейін бірі тәуелсіздіктерін жариялаған Латвия, Эстония, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Грузия республикаларынан кейін қазақтардын да күні оңынан туды. Сол қуанышты күңді жариялаған күннен бастап Түркия қазақтары бір-бірлерін құттықтап, ақсарбасты атап жатты. Тәуелсіздігімізді алғаш танып, үлкен шарамен құттықтаған сол кездегі Түркия премьер министрі Сүлеймен Демирел болатын.

Тарихы терең, ауқымы кең, байлығы мол казақ елінің тұңғыш президенті
болып алаштың ардақты үлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Осы
күннен бастап тарыдай шашылған қазақтардың рухани жетікшісі, әрі
камқоршысы бола білді. Солай жалғасуда.

Тәуелсіздігімізді алған алғашқы жылдары 1991 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға келді. Ондағы қазақ бауырларымыз әуежайдан жолына үш ақсарбас құрбан шалып, 2000 қазақ алладан Елбасымызға, елімізге амандық тілеп бірінші рет Президентімізді қарсы алдық. Түркия президенті Тұрғұт Өзалдың қабылдауында болған Президентіміз екі ел арасындағы достыққа дәнекер болды.

Сол жолы Тәуелсіз қазақ елінің президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия қазақтарымен кездесу жасап, алғаш рет шетелдегі қазақтарға қазақ елінің азат болғанын айтып, елге шақырды.

1992 жылы Президентіміздің жарлығымен Әлемге тарыдай шашылып кеткен қазактардың басын азат еліміз Қазақстанда қосып, Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайын өткізді. Осы Құрылтайда Дүниежүзі казақтарының қауымдастығы құрылды. Оның Төрағасы болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Орынбасары Қалдарбек Найманбаев болды.

Осы Қауымдастық арқылы әлемге шашылып кеткен қазақтармен мәдени байланыс орнады. Олардың елге оралуына, жерлесуіне көп көмек көрсетіліп келеді. Қауымдастық жұмысы жылдан-жылға жанданып, өрлеп отыр. Әр мемлекеттегі қазақ бауырларымызбен жеке-жеке сөйлесіп, мәселелерін шешіп отырған ұйымға айналды.

1997 жылы Түркияда Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайы болды. Құрылтайға Қазақстан, Өзбекстан, Моңғолиядан 58 делегат катысты. Делегаттарды Қауымдастық Төрағасының сол кездегі бірінші орынбасары Қалдарбек Найманбаев бастап барды. Кіші құрылтайды ұйымдастырушы «Түркия қазақтары қорынын» қызметкерлері еді. Олар Өмір Жігіт, Мансұр Тәйжі, Фазыл Топлы, Нұрахмет Гунеш, Уақап Қара, Қауым Уналан. Осы құрылтайда Түркиядағы қазақ  қорының алты қабатты ғимаратының ашылу салтанаты да болып өтті. Оны Түркияның сол кездегі сыртқы істер министрі Тансу Чиллер құрылтайға келген қазақ қонақтарымызбен бірлесіп ашты.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын 12 жыл басқарған Қалдарбек Найманбаевтың сол жылдар арасында атқарған қызметтері қыруар. Қытай, Моңғолия, Еуропадағы қазақтардың жағдайларымен танысып олармен арадағы қатынасты нығайту жолында көптеген қызметтер атқарды. Марқұм Қалдарбек Найманбаев мырзаньщ жаңы жаннатта болсын деп шеттегі қазақ бауырлардың атынан тілегімізді айтамыз.

2004 жылдың қазан айнынан бастап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары болып Талғат Мамашев сайланды.

Талғат Асылұлы Қазақстан мемлекетіне еңбегі сіңген азамат. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының жұмысын жалғастырып, шеттегі қазақ диаспораларымен тығыз байланыстарды одан әрі нығайта түсті.

Қазақта «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» деген тәмсіл бар. Осы қызметін бастағаннан кейінгі Талғат Мамашевтың алғашқы сапары Стамбул қаласынан басталған-ды. Бұл тарихи қалада Абылай ханның бас сардары, қазақ тарихында орны ерекше Қаракерей Қабанбай батырдың
ескерткішін ашу салтанатына қатынасып, жібек белдікті қиды. Үлкен шараның
құрметті қонағы болды.

Бұл сапардан кейін Париж, Қытай, Моңғолия, Өр Алтайдағы қазақ диаспораларымен дидарласып, кең көлемдегі кездесулер жасады. 2005 жылы Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайын Астанада өткізу қызметін атқарды. Және де оралман қандастарымыздың жағдайын жақсарту жолында тер төгіп келеді. 28.08.2006 ж. Түркия Республикасы Нигде қаласы мен Қазақстан Республикасы Шымкент қалаларының туысқан қала жасау рәсіміне Нигде қаласының әкімі Мумин Инан, Шымкент қаласының әкімі Өмірзақ Әметұлы және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев үлкен делегациямен қатысты.

Осы салтанатты шарада Нигде қаласының қақ төріне екі елдің достығы іспетті Абылай ханның ескерткішінің ашылу рәсімі де болды. Түркияға қоныс аударған қазақ көшінің 50 жылдық тойы да осы ауқымды шараның қатарында тойланды. Келген қонақтар Алтай ауылындағы қазақтардың тұрмыс-жағдайларымен танысып, олармен тығыз байланыс орнатты.

Қадірлі оқырман! Сіздердің назарларыңызға 55 жыл бұрынғы көшті көзіммен көріп, жүрегіммен сезінген мен, қағазға нақ түсіріп ұсынып отырмын. «Өткенге өкінгенше, болашаққа күле қарайық» дегендей қазақтың береке-бірлігіне, еліміздіц тыныштығына жұмыс істеуге атсалысайық.

Бұл барлық қазақ ұлтының міндеті әрі үлкен борышы деп санайық, халайық.

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑