banner-top12

Поэзия 6010516_xlarge

Қосқан уақыты Сәуір 19, 2019 | 227 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ТҰНЖЫРАЙ КӨРМЕ КӨКТЕМІМ

Бақыт Кемелбекқызы

Бақыт Кемелбекқызы 1985 жылы 15 қыркүйекте ҚХР-ның Күнес ауданы Қарабура ауылында дүниеге келген. 2003-2007жылдар аралығында Шинжиаң педогогикалық университетінде ағылшын тілі мамандығы бойынша білім алған. 2008 жылы атамекенге оралып ұстаздық жолын Еңбекшіқазақ ауданы Көлді орта мектебінен бастаған. 2009-2011жылдар арасында Тараз гуманитарлық университетінен аударма ісі мамандығы бойынша магистірлік қорғаған. 2011 жылы Алматы облысы бойынша жылдың үздік мұғалімі атанған. Бақыттың ғылыми мақалалары, аударма, өлеңдері Қытайдағы және еліміздегі түрлі басылымдарда жарық көріп келеді. Атамекенге оралғалы “Төрле-төрле тәуелсіздік мерейі”,”Махаббат мекені “деп аталатын жыр кешін өткізді. 2018 жылы аудармадағы ізденістері үшін «Бейбітшілік әлемі» қоғамдық қоры “Шолохов атындағы халықаралық медальмен” марапаттады. Осы күндері Бақыт «Талап» өнер-білім орталығын ашып, ұрпақ тәрбелеумен айналысуда.

 

ОҢ ҚАДАММЕН АТТАЛЫҚ

Жалғанда жалған жалған дүр.

Орындалмаған арман тұл.

Еңсесін тіктер ел болсаң,

Еріңді ел деп толғандыр.

Бабадан қалған мол мұрам,

Тәңірден бізге тамған нұр.

Қаңсығын таңсық етпегей.

Биікте тұрған талғам нұр.

Келмесе шабыт шырылдап,

Жаза алмаймын жалған жыр.

Көбесі бір күн сөгілер.

Кеудемде менің салман мұз.

Даңғылға бізді бастағай.

Бағыт қып бабам салған із.

Азаматтарың қапсағай,

Міндеттен  мүлде қашпағай.

Намысын қыздың таптама.

Ит аунаған бақшадай.

Ана арманы ақталып,

Арудың ары сақталып,

Әкеңді жерге қаратпа.

Қызымен жүрсін мақтанып.

Сәбиің жатсын балбырап,

Жанына жырың жатталып.

Азамат, ару абай бол

Көзсіздіктен сақтанып.

Биік қойған намысты.

Біздің халық ақ халық.

Біздің халық хақ халық.

Жақсылық тілеп ақ таңнан.

Әр күніңе шүкір деп.

Берекелі іс басталық

Оң қадаммен атталық

 

ҚАЗЫНА ДАЛАМ

Қазына толы қарт далам,

Балаңа бүгін бақ болған.

Керуендер көшті қаншама?!

Шұбырынды ақ табан.

Айбаты бөлек тақта хан,

Бірлігін елдің сақтаған.

Тынышын бұзса жұртының,

Сәйгүліктерін баптаған.

Жауынгерлері айбатты,

Қылышы қында жатпаған.

Алағайлы жылдар ақ боран,

Табанға жауын таптаған.

Мекенім менің мерейлім,

Өзіңді жырлау бақ маған!

 

Желбіреп тұрған туымды,

Кəусардай мөлдір суымды,

Ит тұмсығы өтпес нуымды,

Былғамасын “жат табан”!

 

Тірлікке тірек тіліңді,

Рухы асқақ діліңді,

Оң бағыт берер дініңді,

Жаратушы жалғыз хақ –

Жар болып өзі сақтаған!

 

Жағаласып жат қолдар,

Жағама келіп жабыстың.

Бойтұмар болған жерімді,

Киелі менің елімді,

Қансоқта қылып алыстың.

Аллалап шапқан əз басым,

Көз жасымды көл етіп,

Нөсерлі жауын сел етіп,

“Ақ аяз” бүріккен жылдарды,

Қисығын түзер тез етіп,

Ат жалында сәжде ғып,

Тигенде басқа бостандық,

Жүрегіне жаманның,

Мұз құрсанған от салып,

Өткеніммен қауыштым.

Бөлініп қалған баяғы,

Бауырыммен табыстым.

Айғада жетіп дауысым,

Жақында болып алысым,

Қайта оянып түледі,

Ұйқыдағы барысым.

Тұлпар болып қанатты,

Оңалды əбден шабысым.

Күн нұры өбіп жүзімнен,

Ақ иық асқақ қырандай,

Түзеліп қанат қағысым.

Шүкірлік Алла өзіңе,

Басыма қонған бақ үшін.

Алтын тақ тапты иесін,

Қыраным қонды тұғырға.

Бал тілді сәби баланың,

Ақ жаулықты ананың,

Ақ сақалды атаның,

Қабыл боп, қылған ақ бата.

Құрғады көзден аққан жас,

Қасқайып тұрды қайта бас,

Өткенге  қайта оралды,

Тегіне тартып қарт пен жас.

Түйінін табар тұйықтан,

Ел – жұртын сүттей ұйытқан,

Елбасының бұл күнде,

Абыройы биік паң.

Шуағын шашып еліме,

Арайланып атқан таң.

Қазына толы қарт далам,

Сырыңды бүкпей аш маған!

Бабамның бағзы іздерін,

Бесікте жатып жаттағам.

Баяшат бүгін өмірді,

Мәңгілік етші, мәңгілік етші,

Жаратқан өзі бақ маған!!!

 

 

Тексізден көрсем теперіш,

Тегі әлсіз қыз ғой деп пе едің?!

Шыңғырып жатыр ішімде,

Ар-намыс атты өктем үн.

Жылылық менің өпкенім.

Асыл дән жерге сеппегім.

Қаһарын қыстың көрсем де,

Тұнжырай көрме көктемім!

 

Жолымда тұрса кептеліс,

Шабан ғой мені деп пе едің?

Тұлпардың ұстап тізгінін.

Үзеңгі менің тепкенім.

Пендеден ығар пейіл жоқ.

Аллалап алға беттедім.

Қаһарын қыстың көрсем де,

Тұнжырай көрме көктемім!

 

Бәсеңдеп кейде шабысым.

Қарлығып қалса дауысым.

Бұйығы қыз мені деп пе едің?

Атаның тыңдап жарғысын.

Ананың алған алғысын.

Қызайдай ұлы ананың,

Артында қалған текті едім.

Қаһарын қыстың көрсем де,

Тұнжырай көрме көктемім!

 

Еркелей күлсем ағама,

Ұяты пәс қой деп пе едің?

Ұқсаттым сізді жағама.

Арымды менің бағала!

Жанымды жаулап текше мұң.

Жасымды кейде төккемін.

Арқамды сүйер алаңсыз,

Ағам болуды көкседім.

Қаһарын қыстың көрсем де,

Тұнжырай көрме көктемім!

 

Күймесі сүйреп күдіктің.

Күлуді кейде ұмыттым.

Жаздыра көрме жаратқан.

Шақпыдай мөлдір тұнықпын.

Аулақта қалып ақ аяз.

Көгілдір көктем жылытқын!

Көгілдір көктем жылытқын!

 

БОЛАЙЫН

Көл көркі боп көрінген саналардан.

Аққуың да болмайын аялаған.

Баурап көзді, көңілді арбап тұрған,

Гүлің-дағы болмайын жайнап тұрған.

Қос бұрымын көктемде жел тербеген.

Болмай-ақ та қояйын еркең де мен.

Өзегіңді өртердей жалын атқан.

Күнің-дағы болмайын нұрын шашқан.

Құлақ түрген қызығып күллі ғалам.

Бұлағың да болмайын сыңғырлаған.

Жанқалмаған, жетуге талпынбаған,

Жұлдызың да болмайын жарқылдаған.

Жүрегінен туатын ғашық жанның.

Болмай-ақ та қояйын асыл әнің.

Қатар санар нар ғұмыр, арай күнін.

Сыртылын өміріңе балай-тұғын.

Сағатың боп бөлмеңе ілінейін.

Мың мәрте күніне еріксіз қарай-тұғын.

 

ШАҚПЫ ӨЗЕНІ

Мынау өзен Шақпы деген мөп-мөлдір.

Жаратқаным төбесінен төккен нұр.

Тарам-тарам сағынышым болғанмен,

Шақпы саған сағынышым өктем тұр.

 

Мынау өзен Шақпы деген бұлқынған.

Айналайын құт ұйыған жұртымнан.

Асау мінез көрсең егер бойымнан,

Шақпыдайын өр өмірге ұмтылғам.

 

Мынау өзен Шақпы деген ерке өзен.

Жағасына ел жайлаған өр-төмен.

Бір еркелік көрсең егер бойымнан,

Уыстап-ап суын ішкем ертемен.

 

Мынау өзен Шақпы деген тым сұлу.

Ертелі-кеш су алатын мың сұлу.

Бір әсемдік көрсең егер бойымнан ,

Саған қарап бой түзеген мен сұлу.

 

Сенде бардың бәрі менен табылар.

Көкірегімде қыл заманның табы бар.

Шөлім сенсіз қанбайтыны ақиқат.

Жағаңда жүр елім-жұртым бауырлар.

 

ЖАҢЫЛМА ЖЫР

 

Жұлқылайды санамды дойыр дауыл.

Дауыл тынып көгімнен төгіл жаңбыр.

Бір күніңнен бір күнің мүлдем басқа.

Табиғатқа ұқсайды екен тағдыр.

 

Табиғатқа ұқсайды екен тағдыр.

Кейде батыл, кейде жоқ бойда мағдұр.

Түпсіз ойлар етектен күбірлесін.

Асқар шыңнан айбарлы арым жаңғыр.

 

Асқар шыңнан айбарлы арым жаңғыр.

(Неге естілді мына әуен жолда қалғыр?)

Тандыр дала, қураған тіршіліктің,

Ақ ниеттер сіркіреп шөлін қандыр.

 

Ақ ниеттер сіркіреп шөлін қандыр!

Түнімнен ай кетпесін, таңымнан нұр.

Әділдікпен пәктікті арқау еткен,

Ырғағыңнан сен әсте жаңылма жыр!

Ырғағыңнан сен әсте жаңылма  жыр!

 

АРАМДЫҚ БОЛСА ЖОЛДАСЫ

Қайнауы бір болғанмен,

Ет көбігі ас болмас.

Қанша аязда қатқанмен,

Мұз қатайып тас болмас.

Үлде мен бүлде оранып,

Қартаң әйел жас болмас.

Адал терің сіңбесе,

Бал мен нан да ас болмас.

Танымаса тұлпарды,

Ер мінгені ат болмас.

Жақын тартсаң жақсыны,

Сырт айналып жат болмас.

Қос бәйтерек болмаса,

Сәби күліп шат болмас.

Жету үшін мұратқа,

Тек жақсылық тап болмас.

Жүрегі бір соқпаса,

Сиыспайды бас пен бас.

Қисыны келсе бір сәтте,

Достасады қас пен қас.

Қалауын елдің таппаса,

Ханның орны тақ болмас.

Елдің қамын жемесе,

Жұрты да оған жақ болмас.

Арамдық болса жолдасы,

Еш пендеге бақ қонбас.

 

Бақыт Кемелбекқызы




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑