banner-top12

Замансөз 1411552196

Қосқан уақыты Қаңтар 26, 2015 | 1  256 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Туған елім – тірегім

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың айтқан қанатты сөздері

Ел көшін бастау – маған сын,
Мені қостау – елге сын.
Халықтың сенімін ақтаудан артық абырой жоқ, болуы да мүмкін емес.

Қазақтың ұлттық рухы оның ерлігінде жатыр.

Өзімізді жамандай бергенде, бізге жақсылықты кім әкеледі?!

Бабаларын қалтқысыз қастерлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алмақ.

Салтанаты жарасқан қаласы бар, байтағы ұшан-теңіз даласы бар, әруақ қолдаған бабасы бар ел екендігімізді мақтан етейік!

Бүгінгі біздің тәуелсіздігіміздің қайнар көзі қазақ халқының сан ғасырлар бойғы күресінде, азаттыққа ұмтылған қайсарлығында жатыр.

Тарих – кім-кімнен де жоғары тұрған ұғым.

Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер.

Жалпақ жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу ең алдымен өзің тұрған өлкенің тарихын, табиғатын танудан, адамдарын ардақтаудан басталады.

Тағдыр қазаққа қырын қарамаған: жер де берген, кен де берген, ел де берген, ер де берген.

Қазақ халқы басқа қай ұлтпен салыстырсаң да мемлекеттікке лайық екеніне сенімдімін. Мұны ол өзінің бүкіл тарихымен дәлелдеп отыр.

Қазақ тарихында қазақ ұялатын ешнәрсе жоқ.

Ата-бабаларымыз бізге бірліктің, ынтымақтың, тұтастықтың ұлы үлгісін көрсетіп кетті. Қазақстанның арғы-бергі тарихының ең ғибратты тағлымы да, міне осында.

Қазақ елінің озып, үдеген кезі де, тозып, жүдеген кезі де аз емес.

Өткеннің өкінішін айтқанда елдің еңсесін езе түсетіндей етіп емес, тарихтан тағлым алып, кемшіліктерден безе түсетіндей етіп айту керек.

Қазақтың кең-байтақ жерінде аңызға айналмаған тұс тіпті аз, бәрі де қастерлі өлке, қасиетті мекен.

Өткенді тану, тарихты терең пайымдап. Оған әділ баға беру үлкен парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді.

Біз – қандай қиын-қыстау сындарда да өзіміздің жауынгерлік даңқымызға дақ түсірмеген халықпыз.

Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру – адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі.

Қазақ халқы – дауылдармен алысып, тағдырымен қарысып, өсіп-өркендеп келе жатқан байырғы халық.

Өткен заманды аңсау емес, тауқыметі мол болса да, өзіңе етене өз тарихыңды қастерлеу қажет.

Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы.

Ана тілін қадірлеу – әр азаматтың перзенттік парызы.

Ұлттық тілмен ұлттық сана қалыптасады.

Ана тілін армансыз бойға сіңіріңіздер, өйткені бабаларымыздың ғұмыр тәжірибесі, дүниетанымы, мінез-құлқы, өзіндік болмыс-бітімі осы тілде қаттаулы жатыр.

Тілге деген көзқарас – шындап келгенде елге деген көзқарас.

Қиын кезеңдерде ұлтты қожыратпаудың қуатты қаруы болған қазақ тілі бүгінгі аза өмірімізде де ұлтты тұтастандырудың тегеурінді тетігі болуға тиіс.

Ана тіліміз – бізді ғасырдан ғасырға, заманнан заманға аман жеткізген бірден-бір барымыз да, нарымыз да.

…Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез-келген орайында әрі қару, әрі қалқан, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен!?

Бізге Ана тілімізден асқан тарихи мұра жоқ. Ендеше, оны жан аямай қастерлеуден асқан биік парыз да жоқ.

Әр елдегі қазақ әр тілдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Ол шетел тілінде сөйлесе – тіпті жақсы. Бірақ он шетел тіліне орап, ана тілін тұншықтырып, көміп тастасаң – ол кешірілмес күнә.

Абайдың сөзі – қазақтың бойтұмары.

Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі ұйытқы болған – оның ғажайып тілі.

Тарих пен тіл тамырлас.

Домбыра үніне ұйымаған, жусанды даланың иісін аңсамаған қазақты қазақ деп айтудың өзі қиындау.

Діни фанатизм нанымның кеңдігінен емес, шынайы діни мәдениеттің кемдігінен шығады.

Ғасырлар бойы бірде ерлікке, бірде ездікке тартып келген екі мінез бүгін де бойымызда бар. Жақсы жағын ойдағыдай жалғастырып, сезіне алмадық, жаман жағынан біржолата безіне алмадық.

Аталарымыздың тар кезеңде табысып, бірлік-берекесін көрсеткен жақсылығымен қатар кеңшілікке шыққанда кесірлік танытып, ала болып ауыздағыларынан айырылып, өзара қырқысып кететін жаманшылығының қабат жүретіндігі де өзекті өртейді.

Ел туралы жадағай ойлау да, халықтың тағдырымен ойнау да түбі жақсылыққа апармайды.

Халық кешпейтін бір-ақ нәрсе бар: елдің қолына зарықтырып барып қонған бақыт құсынан – Тәуелсіздіктен айырылуды кешпейді.

Бүгінгі таңда ел қамынан басқа қандай мүдде болуы мүмкін?
Сондықтан елдің ақыны да, әкімі де бір мақсатты көздеуі керек.

Біз жиырма бірінші ғасырдың қазақтардың шындап бағы жанатын ғасыры болуы жолында, қай жағынан да көсегесі көгерген халықтар қатарына қосылуы жолында бәріне де тәуекел ете алуға тиіспіз.

Мәселе – қай топтың жеңетінінде, немесе билік басына кімнің келетінінде емес, мәселе – Тәуелсіздіктің тағдырында.

Халқына жаны шындап ашитын қайраткер орға жығатын емес, өрге шығатын жол сілтейді.

Елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылады.

Ұлыстың ұлы күні – көңілде кірбің қалмай қауышатын, түсіністікпен табысатын күн.

Наурыз – Жыл басы ғана емес, береке-бірліктің, ізгілік пен татулықтың, қайырымдылық пен кешірімділіктің, бауырмалдықтың мерекесі.

Қазақ даласы – Ұлы Түркі елінің қара шаңырағы.

Еліміздің басты байлығы, ең қастерлі қазынасы жердің астында да емес, үстінде де емес – адамдарымыздың жүрегінде.

Тарихты тудырушы да, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастау-бұлағы да – халықтың өзі.

Ежелден құт-береке дарыған халқымыздың дархан көңілі ешқашан ортайған емес.

Сөзден жаңылып, ізден адасатын ретіміз жоқ.

Өтпелі кезеңнің өкпек желі соғар да өтер.

Қазақтың қасиетті жерінің асты да байлық, үсті де байлық.

Намыссыз азамат өзгелердің түгілі өзінің көсегесін де көгерте алмайды.

Әрбір шаңырақ ұрпақты болсын, ырысты болсын, ырысы жұртқа жұғысты болсын.

Шығыс халықтарының арасында, жалпы мұсылман әлемінде әйел затын бөлекше бағалайтын, қарындасты қатты қастерлейтін халықтың бірі де, бірегейі де – біздің қазақ.

Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды.

Әйел – бесік иесі. Демек, әйелдің жайы түзелмей – бесігіміз түзелмейді, бесігіміз түзелмей – еліміз толық түзелмейді.

Әйелдің жағдайы қандай болса, қоғамның жағдайы да сондай болады.

Рухани құндылық, биік адамгершілік жоқ жерде үлкен өркениет орнату мүмкін емес.

Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады.

Адам мен оның өмір сүру құқығы, бостандығы – қоғам дамуының басты басымдығы.

ХХІ ғасыр мәдениеттің, ғылым мен ақыл-ой бәсекесінің ғасыры болмақ.

Экономикалық бостандықсыз саяси бостандық та болмайды.

Экономикалық дәулетіміз артпайынша, рухани сәулетіміз де артпайтынын анық ұғынуымыз қажет.

Адамдар елдің өмірі қалай өзгеріп жатқанын өздерінің тұрмыс-тіршілігінен байқайды.

Нарық ебі жоқтың ғана еншісін алып, құтын қашырады, ал алғырдың, амалшыл адамның несібесін асырады.

Жерден өтер байлық жоқ. Жер болса – ел болады, ел болса – ер болады.

Дүние-байлық пен жан байлығы сәйкес келгенде ғана бүкіл адамзат мұрат еткен саналы қоғам құруға болады.

Қазақстанда тұратын әрбір адам өзін осы елдің перзенті сезінбейінше, болашағына сенбейінше, біздің жұмысымыз ілгері баспайды.

Ғасырлап күтіп, әзер қол жеткен азаттықтан айырылып қалмау үшін ішкі татулықты да, сыртқы татулықты да көздің қарашығындай сақтай білу керек.

Ордабасы биігінде бар қазақтың басын қосып, тірі қалу үшін ірі болу керектігін, ірі болу үшін бір болу керектігін ұрпақтан ұрпаққа ұқтырып кеткен үш ұлы биіміз – Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би де алдымен қазақтың бар баласының азаттықты мұрат тұтуын қамдаған.

Халықтар арасындағы келісім мен достықтың алтын тамыры қазақтарға тән асыл қасиеттерде жатыр.

Біз өзіміздің арғы, бергі ата-бабаларымыздың жүздеген буынының қалдырған өсиетін ақтап, мұраларын сақтап, молайта беру жолында топтасуға тиіспіз.

Қашанда, қай істе болсын ханы мен халқы бір болып, тұтастық құрғанда мемлекет нығайып, ел ырысы тасады; ал халқы қолдамай, ханы халқын қорғамай, өзімшілдің өктемдік алып, өзара талас-тартысқа түскенде мемлекет әлсіреп, ел ырысы қашады.

Үдеудің сыры – бірлікте,
Жүдеудің сыры – алауыздықта.

Көп ұлтты ел болуымыз – біздің байлығымыз, мақтанышымыз.

Өзгенің төріне шығу үшін өзің де мейманыңа төріңнен орын бер.

Бізді біріктіретін жеке бастың қамы емес, бізді ел туралы биік ұғымдар, ортақ мүдделер ғана біріктіре алады.

Адам мен адамды, халық пен халықты, ел мен елді жақындастырар ең берік дәнекер – мүдде бірлігі.

Бірлігі жақсының тірлігі тапшы болмайды.

Қазақ халқының өз ынтымақтығы мен бірлігі мықты болмайынша мемлекетіміздің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес.

Қазақтың бәрі де бір-біріне ағайын.

Ел бірлігі – ең асыл қасиет.
Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық, ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек.

Ауызбіршілік жоқ жерде ешқашан да ұлттық идеялар жүзеге асқан емес.

Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес, ала алған емес, қазақ әлсіресе – алауыздықтан әлсіреген, күшейсе – бірліктен күшейген.

Елдік тұтастыққа жік түсіретін, ағайын арасын суытатын қадамдардан аулақ болайық.

Қазақ өзімен өзі тату болмай, өзгемен ешқашан да тату бола алмайды.

Біз Ордабасыны бабаларымыздың бастамасымен баян тапқан берекелі бірліктің құт ұясы деп білеміз.

Жаңа үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, сол үйдегі теңнің жиюымен, демек отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кіреді.

Қазіргі ру-тайпалық идеология – бұл ішкі ұлттық ыдырау мен бағдардан айырылудың өте қауіпті түрі.

Ендігі жерде біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Ендігі жерде бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол жалпақ Қазақ даласы.

Өз халқын сүйетін адам, өз жұртына жақсылық тілеген кісі өзге халықтарды ашындырмайды, өз ұлтын ешкімге қарсы қоймайды.

Қазақстандағы ұлтаралық жарастықтың негізгі ұйытқысы болу міндетін алдымен осы Атамекеннің иесі – қазақ халқы өз мойнына алу керек.

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады.

Атырау мен Алтайдың арасындағы алып даланы жайлап жатқанда, мемлекеттік реттеуші тетіктері іске қосылмай тұрған кездің өзінде ешқашан да, еш жерде қазақта тайпа мен тайпа тұрмақ, ру мен ру соғысып көрмеген!

Бүгінгі қазақ қауымына аса қажет нәрсе – өзіміздің намысшылдық дәстүрлерімізді дамыту.

Тарихтың соншама бай, сан қырлы болып келетіні сияқты, танымның жолы да сан тарау.

Кез келген халыққа бәрінен бұрын асқақ рух керек.

Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан.

Зиялылар бірлігі – ел бірлігі.

Ұлылар қашан да халықты рухани асылдандырып отырған.

Тарихтың тағылымы бізден ел қамын ойлар естілікті тілейді.

Ақынның, шешеннің данагөй сөзі халық үшін қашанда қастерлі, қашанда қасиетті.

Ұлылардың ұлағатын ұмытпау – ел боламыз деген халықтың тарих алдындағы парызы.

Зиялылар – қай заманда да өмір сыры мен сынын жан-жүрегімен бағамдап, толғай білген, халқының келешектегі тағдырын зерек көңілімен болжай білген жандар.

Ұлтымыздың зиялылары – халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың әділ қазысы.

Нағыз отаншылдықтың басты өлшемі де біздің зиялыларымыздың адалдығы мен әділдігінде, елі мен халқының алдындағы парызын терең түсінуінде.

Қазақстанның тәуелсіздігі бейбіт жолмен келді. Бұл – азаттық үшін алысқан мың-мыңдаған азаматтардың қасиетті қанының өтеуі. Бұл – бүкіл тарихында өзгелерге қиянат жасау дегенді білмеген халықтың пейілінің қайтарымы.

Ұлттық идея идеология жәдігөйлерінің ашқан жаңалығы емес, миллиондаған адамдардың өздерінің ұлттық міндеттерін түсінуінің жемісі болып табылады.

Сын сағатта елдігіміз де, ерлігіміз де бойымыздан табылуға тиіс.

Кез келген. Тіпті ең керемет деген идеялардың өзі, егер оларды жүзеге асыру үшін адам қанын, көз жасы мен тақсыретін талап етсе, көк тиындық құны болмайды.

Адам еркін болмайынша қоғам еркін болмайды.

Өз мемлекетіміз үшін мақтаныш сезіміне бөленіп, біртұтас отбасы сезімін сезінуге, қазір бүкіл дүние жүзі білетін республика Туын, Елтаңбасын, Гимнін ардақтап, құрметтеуге тиіспіз.

Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз абзал.

Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, өзін қамшылауға тиісті.

Басыңдағы бақытты бағалай алу үшін оның қадір-қасиетін толық танып-білуің қажет.

Ел болу үшін ұлттық рух, ұлттық қасиет және ұлтқа деген сенім болуы керек.

Әскери қақтығыстардың жосықсыз екенін әлемнің ұғынғанына зор сенім артсақ та, парасатты мемлекет басқа үкіметтердің уәдесіне сеніп қана қоймай, өз елінің қуатына да сүйенетінін ұмытпағанымыз жөн.

Айқайшыл күшіңмен емес, игілікті ісіңмен таныл.

Мінезіміздің жақсы жағын жалғастықпен сезіне алмағанымыз да, жаман жағынан біржолата безіне алмағанымыз да рас.

Ұлттық намыс – ұлы ұғым.

Кешегі бабамызбен ғана емес, бүгінгі бағамызбен, ертеңгі шамамызбен де мақтана алатын ұлт болуды ойлауымыз керек.

Біз – бабалары басының қадірін арттыруды басты мұрат санаған елдің баласымыз.

Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат енді тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деп ой-санасын қамшылауы керек.

Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан – менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істеген жөн.

Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі.

Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой өрісі кең, алғыр да, жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет.

Астанасына қарап елін таниды.

Өзіне өзі сын көзімен қарамайтын халық болашағына көп үміт арта алмайды. Біз бойымыздағы озығымыздан үйреніп, тозығымыздан жирене білсек қана өркениетті мемлекет, еңселі ел боламыз.

Астана келбеті – ұлт келбеті.

Жаңа астананың қаласы да, адамдарының санасы да жаңа болсын.

Астана – Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі.

Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел дариясына түсірген елміз, елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратын кемеміздің тұғырына ту етіп байлаған елміз.

Жаңа астана – тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны.

Тарихымыздың жалғасы, өміршең істеріміздің арнасы бұдан былай да жаңа астанада жалғасын таба беруі тиіс.

Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман.

Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға соншалықты қажыр-қайрат керек.

Егер сыпайылық адам көркі десек, ол дарынды жастарды одан әрі көріктендіре түседі.

Арпалыспен келмесе – шынайы азаттық бола ма? Оңайлықпен келсе оның қадірі бола ма? Қадірі жоқ нәрсе қолда ұзақ тұра ма?!

Өсер елдің баласы арманшыл болса, өшер елдің баласы жанжалшыл болады.

Талант – Жаратқанның сыйы ғана емес, сонымен бірге өзіңнің алдыңдағы, қоғам мен Отан алдындағы жоғары жауапкершілік те.

Өзгелердің тек қатесінен ғана емес, жетістіктерінен де үйренген жөн.

Кез келген ел өзінің келешегін өскелең ұрпағымен байланыстырады.

Дүниеде тәуелсіз қазақ елі бар;
Әлемде егемен Қазақстан бар;
Оның көп ұлтты, тату, ынтымақшыл халқы бар;
Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар;
Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар,
Сол күнге берік сенімі бар!

Еңсесін енді көтеріп келе жатқан біздің еліміз үшін дарынды ұрпақтың орны мүлде бөлек.

Енді біздің ел атқа қонады: дүйім дүниенің қандай дүбірлі додасына да тайсалмай түсіп, кім-кіммен де жалтақсыз жарысатын болады.

Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымыз өзімізге бұйыратын еттік.
Қоғамның саяси тұрақтылығы мен бірлігіне жеттік.
Қысқасы, егемен ел болудың ең ауыр белесінен өттік.

Біздің жастарымызға мақсаткерлік, болашаққа деген шүбәсыз сенім, мойымас жігер, кез келген істі қолға алуға деген құлшыныс тән.

Жастарымыз салт-дәстүрімізді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы тиіс.

Қолымыздан қайрат, санамыздан ақыл кетпесе, жақсылыққа жетеріміз де хақ.

Ұлылардың мұрасы да, мұраты да атақ-даңқы да, мерейтойы да – кейінгіге үлгі. Ал үлгіге қарап ұрпақ өседі.

Тәуелсіздіктің тар жол тайғақ кешуінен, беттен қағар желінің есуінен тайсалмауға тиіспіз.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑