banner-top12

Замандас wallpapers_41889

Қосқан уақыты Мамыр 20, 2014 | 813 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

                   Туған жердің бұлбұлы

Қытайдағы ну қарағай жамылып, көксеңгірі көз сүріндіретін Еренқабырға тауларында “Бұғылы қолтық” деп аталатын жаратылысы таңдай қақтырарлықтай сұлу жайлау бар. Бұл өңір – Сауан ауданындағы қандастарымыздың алты ай жаз жадырап, мәнді өмірлерінің қызғылықты тірлігіне беріліп, думандатып өткізер құтты мекендері.

1976 жылдың жайлау үсті. Сауық құмар ел қарапайым әзірленген концерт алаңқайына ағылды. Жұрттың осындай жаңалыққа жаны құштар болуының өзіндік себебі де бар: Бүкіл Қытай елі бойынша 10 жыл бойы жүрілген “Мәдениет зор төңкерісі” делінетін атышулы әсіре солшылдық саясатбораны, баланы әкеден бездіруге дейін үдей соққан-ды. Халық экономика, мәдениет, әлеуметтік дамулардың бәрінен мейілінше тұралаған. Ұлттық құндылықтар қасақана аяққа тапталған… Қойшы, әйтеубір, ақыры қаһарлы зобалаңның зәрі сынып, тұтас қоғам жылымықты сезіне бастады. Жабырқап, жасып қалған ел еңсесін көтеріп, есін жиды-ау. Сарсаңда сандала сарғайған сана мен өше бастаған ұлттық рұх қайта серпілілді. Қабағат сағындырған әсем ән мен күмбірлі күйлер жұртпен қауышты.

Ал, мұнағы қауымның ентелей ұмтылғаны – Қытай елінің көсемі Мау Зы Доңның ұлы Мау Ан Чиңнің ауданға, сосын осы көркем жайлауға серуендей келу сәті. Күні бұрын жігіжапар күйге түскен атқа мінерлер Бортынко ауылының Аралтөбе орталау мектебі дайындаған концерттерді силы қонаққа көрсетпек. Қазақы жайылған дастарқаннан соң, жұпар ауасын аңқытқан салқын жайлауда желпінген мәртебелі қонақ, бүлдіршіндей өрендердің өнерін бар ықласпен тамашалауға ойысты. Концерт шымылдығы “Шопан қыз” атты әнімен ашылды. Дүрілдей соғылған қызу шапалақ шұғұнықтай өңі бал-бұл жанып, ақ үкісі бұлғақтап, қосетек көйлегі көлбеңдеп, бұрала биге басқан алты жасар сүйкімді қызды шынайы әуектеп әкетті. Кішкентай биші онан бетер шабыттанды. Оның қармақша иіліп, балықша толғанған ғажап тәтті мимикасы шырқалып жатқан ән әуенін тіптен әрлендіре түскен бейне бір ақ қанатты перштеге ұқсап кетті. Езуі жиылмай тербеліп те, тебіреніп те отырған Мау қонақ шаршы топ ішінде оны аспандата көтеріп, емірене сүйінді. Төбесі көкке екі-ақ елі жетпей талпынып тұрған сондағы балапан, қазіргі Қытай қазақтарына танымал әнші Гүлжанат Боқанқызы болатын.

Адамның бақ-тәлейі Алланың жазуынан дейтін сенімге тоқтаймыз. Әсіресе, талант иелерінің өнер жолдары көбінде бұраң соқпақтарға соқтырып жатады. Гүлжанат өнер мектептерінің біріне түсуді қаншама армандады десейші?! Орта мектеп қабырғасында шығандатып ән салып, тебіренте терме тартып, өнер жұлдыздарындай жарқырай бастаған оны қақпайға ұшыратып, аяқтан шалатындар да табылды. Іле қазақ автономиялы обылысының Күйтің қаласындағы өнер орталығынан марқұм композитор, әйгілі күйші Дәулет Халықұлы мен әктор, композитор Байақұн Әлімбеков халық арасынан дәстүрлі ән, күй жинауға шыққан сапарларында қазақтың құйқалы ортасы – Бортынко ауылына бара қалды. Сол ортада олардың қоржындары ән мен күйге толды. Гүлжанат салған әндер мен термелер екі маманның назарын ерек аударды. Олар музыка мектебіне жолдама жібермек болып аттанды. Солай істеді де. Алайда, орта мектеп ұжымы қалай екені белгісіз, бұл игі істі оған хабарламай жасырып қалды. Ол шындыққа көз жеткізген шақта, өкінішке қарай оқуға қабылдау мерзімі аяқтап кеткен еді. 1996 жылы Шин Жаң көркөмөнер институтының музыка факултетіне оқуға түсу мақсатымен, алдын ала өткізілген талдау байқауынан сүрінбей өтеді. Денсаулығының аяқ астынан сыр бергендігі себепті шешуші емтиханға қатыса алмай, бармағын тістеп өкінеді. “Жығылған күреске тоймайды” демекші, ол 2002 жылы Қазақстандағы өнер ошақтарының бірінен оқығысы келді. Ойын-сауық үйірме ұжымы арқылы әкімнің мақұлдауын алып, қуанышы қойнына сыймайды. Қызғаныштың қызыл иттері тағы сұмаңдап, өсек өрбітіп, етектен тартып, аяқтан шалуға барын салды. Ақыры дегендеріне жетіп тынды. Сөйтіп, Гүлжанатты қазақ елінің де дәмі тартпады.

Желіге қайта оралайық. Бортынкодегі № 2 орта мектепті үздік тәмәмдаған Гүлжанат 1986 жылы күзде үш қайнаса сорпасы қосылмайтын Шин Жаң қатынас мектебінің (коллэж) бұғалтырлық кәсібіне қабылданды. Ол бастауыш мектепте жүрген шағында-ақ әнге, домбыраға, биге құштар еді. Орта мектеп қабырғасында түрлі көнцерттік бағдарламалардың ұйымдастырушысы, жүргізушісі, белді әншісі, термешісі ретінде алғашқы адымда көзге түскен. Атымызды алысырақ айдар болсақ, оған дарыған өнер төркініне де шамалы қанығамыз. Айталық, әкесі Боқан жылы жүзіне ойлы жанары жарасқан, ақкөңіл, домбырашы, сауатты адам еді. Ол топты ортада “Аңшының зары”, “Ақсақ киік”, “Молқоңыр”, “Мұңлы қыз”, “Қарақасқа аттың жүрісі” тектес халық қазынасына айналған қоңыр күйлерді аса шеберлікпен бебеулетіп жұртын айрандай ұйытатын. Оның өнері мен ел арасындағы кісілігі, беделі жоғары тұратын. Жарқылдаған жайдары өңінен нүр тамған, отты да ойнақы жырларымен әріптестерін омақаттырмай тынбайтын суырыпсалма ақын жары Әбікен Мәжітайқызы екеуінің отбасы өнеге, өнер ордасы спетті болды. Шашасына шаң жұқпаған Әбікен апай 70-, 80-жылдары алдындағы ұстазы Күлшәннің ақ батасын алып, артынан ерген шәкірті Кәмешті айтулы додаларға салып баптап жүрды. Осы үш толқын ақын апалар ауданнан обылысқа дейінгі айтыстарда топ жарып,туған елінің намысын қорғап, қанжығаларына талай мәрте жүлде байланған. Боқан шаңырағынан ұлы Камалбек Қытайдағы “Шин жаң газетінің” қаламы төселген майталман журналисті болса, кіші ұлы Серік Талдықорғанда журналист. Серік  республика бойынша өткізілген жыр мүшайраларының бір неше мәрте жүлдегері. “Періштем”, “Адамзаттың асылы” атты жыр кітабтары мен “Жалған махаббат романтикасы” деген жыр дискасын ұсынып үлгірді.  Дәлелдеп отырғанымыздай, Гүлжанаттың аға-бауыр, әпеке-сіңлілерінің барлығы білімді, өнерпаз. Өзінің ізін басқан сіңлісі Айшуақ та ойын-сауық үйірмесіне әншілік ерекшелігімен қабылданған. Ол үстіміздегі жылдың мамыр айында аймақта өткен ақындар айтысында аспандата ән салып марапатталған.

Гүлжанат бұғалтырлық кәсібін оқый жүріп, Үрімжіде тұңғыш қазақ жастарынан құрылған “Ақ қайың ансабиліне” сырттай мүше болып, сары домбырасымен халық әндерін шырқап, термелерін тамаша орындау орайына ие болды. Оның көп алдында сахынаға шығыу мәдениетін игеріп шыңдалуы, танымал әншілермен танысып тәжірибе жинауы – болашағына бағдар нұсқаған үлкен мектептей әсер етті.

1989 жылы Сауан қатынас-тасымал комфаниясынан қоғамдық жұмысын бастаған ол, төрт жылдан соң ақыры жаны сүйетін мамандығы – аудандағы ойын-сауық үйірмесінен бірақ шықты. Онсыз да өнерге қаныға бастаған ол, саңлақ әншілердей бірден сахынадан көрініп, көрермендерін баурап әкетті.

Өрге салған сайын өршеленетін жүйріктей өрт мінезді өжет қыз, киелі өнердің заңғар биігіне арнаулы оқумен болмаса да көкейіне зерделеп тоқумен ұмтылды. Үмітін үзбеді, ізденісін бір сәтке де доғармады. Курстарға қатысып, марқұм профессор, әйгілі композитор, ақын Сағый Қайрасұлы сынды музыка ғылымының аса білгір мамандарынан тәлім алып, қанатын ұштай түсті. Қызыққа толы қыз ғұмырын ән әлеміне бағыштады, оған мәңгілік махаббатын байлады. Залдарда, бақшаларда, Қорқыс өзені мен сыңғырлы бұлақтар бойында немесе үйінде болсын бүкіл зейінін әнге шоғырландыра машықтанды. Тыныс пен дауыс толқындарының байланысын, парқын еркін меңгеріп, асқақ дауыстың аса нәзік ритімдеріне дейін тәптештеп қадағалауды ұмытпады. Қазақстанның қайталанбас дара дауысты халық артистерінен Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Мәдина Ералиева, Мақпал Жүнісова, Нұржамал Үсенбаева, Майра Ілясқызы сияқты апаларының ерекшеліктеріне еліктеді. Олардың бірін-бірі қайталамайтын, халық әндерінен бастау алатын, асқан крпияздықты, талғампаздықты, кіршіксіз мөлдірлікті қажет ететін әуен ирімдеріне сүңгіп кетеді-ау келіп. Тек ол ғана емес, олардың әншілік құдіреттеріне енген кейбір европаша шығандау элементтеріне де үлкен қызығу танытып, өз әндеріне осы жақтарын мәнерлеп араластыруға ұмтылыстар жасады… Иә, талықпай талпынған, ән шүңеттерінің сиқырлы әміріне табынған жанды Алла да шын сүйетін көрінеді. Гүлжанатты өміршең өнері тайсалмас талант талғарына өрлеткен сайын, кербезсіген кер самалы кекілінен сипап, тасын да өрге қарай домалата берді.

Оның бүкіл Шин Жаңға тұңғыш танылғаны – 1994 жылы Іле қазақ автономиялы обылыс бойынша өткізілген ақындар айтысында “Майлықожаның термесін” бар өнерімен жеткізе орындап “бірінші дәрежелі термеші” атағына ие болуынан басталған-ды. Осыдан соң аудан, аймақ, обылыс, автономиялы район бойынша ұйымдастырылып келе жатқан ақындар айтысы сондай-ақ ән фиствалдар мен дабыралы мәдени шаралардың бәрінде оқ бойы оза шабатын Гүлжанаттың көбінде біріншілікті, ал, ара-тұра 2-, 3- орындарды иеленбеген кездері кемде-кем десек артық айтқандық болмас. Жандүниені жадыратарлық жағымды әндері мен термелері көгілдір экран және радио толқындары арқылы милондаған жүректерге жол тартты. Кәсіптік біліктілігі жағынан мемілекеттік 3- дәрежелі артистікке қол жеткізген оның елеулі еңбек жемістері беделді БАҚ да жарияланып, өнер жолдары әр алуан тақыртармен әйгілене түсті. Қазір оның қоржынында халық әндері мен термелерінен сонымен қатар қытай, қазақ, қырғыз, ұйғұр композиторларының әндерінен  200 ге тарта дүние бар. Әрине, кәдеге жарар мұнша еңбекті азсынуға болмас, алайда осы таныстырмамызда бәрін бірдей жіпке тізе берудің де қажеті шамалы шығар.

Маужыраған мамыр айының бас шенінде елге сапарлай барғам. Менен  хабар тапқан Гүлжанат дәмге шақырды. Ақын Әбікен апамыз жетпіске келгенімен шыйрақ екен. Қазы-қартасын былқытып қойып, бізді күтіп отырыпты. Аудандық партия комитетінің тұрақты жорасы Үсен Айыпұлы және оның жары, су істері мекемесінің бас энжінірі Бақытқан Ғалымқызы, жоспарлы туу мекемесінің кадырі, белгілі әнші қарындасымыз Мәнәй Іляасқызы, жолдасы Дәлелқан қатарлы қонақтар да шақырылыпты. Әңгімеміз әр қыйырды шола келіп Гүлжанаттың әншілігімен тоғысты. Үсен бір сөзінде: “Құрбымыз осы елдің мақтанышы, өзі ерекше қажырлы. Түрлі науқан кездерінде, ауарайының қолайсыздығы сияқты кез келген қыйындықтарға төзімділік танытып, шалғайдағы егінші, малшылардың арасына барып тамылжыта ән шырқап, термелерімен тербетіп, көңілдерін серпілтеді. Аудан экономикасына сырттан қаржы қосушыларды да әсем әнімен баурайды” деді халықпен етене жақындығын аңғартқандай.

2012 жылы жаз айларының бірінде Шин Жаң көркемөнер фистивалы алтын атыраудағы Майтау кен районы мен Қарамайлы сынды әйгілі мұнайлы өлкеде өтті. Мыңдаған өнерпаз жасампаздықтарын ортаға салып жатты. Кей үйірмелердің артистері 300 адамға дейін жетеді. Сауаннан барған аз адамның көрсеткен өнерлері де саз болды. Гүлжанат өз кезегінде Майраның әні “Майра” сияқты бірнеше әнді тәбиғи, қоңыр да жағымды даусымен орындап қошаметке бөленді. Қытай мемілекеттік бірінші дәрежелі артисі, профессор, мәдениет министірлігінің әнді Еваопаша слопта мәнерлеп айтатын әншісі, жұқалтаң келген аққұба сұлу ханым Жаң Лей, сахынадан түсіп келе жатқан Гүлжанатты құшақтап тұрып құттықтады. Ол: “Орындауың ешқандай боясіз-ақ тәбиғилығымен баурады. Мен осы әнді көп жылдан бері мәнерлеп айтудың шебері атанап келем, оным сенің алдыңда бекер екенін сезіндім. Халық қандай қарсы алды? Сен құдды Майраның өзі айтып тұрғандай жеткізе алдың” деді әсерін тежей алмай. Осы жолғы фистивалда Гүлжанаттардың ән-би үйірмесі жүлделі орыннан бой көрсетті.

Гүлжанат атажұртқа оралып, әндері мен термелерін қазақ еліне де тыңдатуды армандап жүр. Өнерпаз азаматшаның асыл арманы ертелі-кеш орындаларына сенімдіміз. Мақаламды қапелімде құйылып кеп қалған мынадай жыр жолдарымен тәмамдауды жөн көрдім:

Туған жердің бұлбұлы

Тербетсе елді әнімен,

Туған жердің бір гүлі

Баурайды екен сәнімен.

 

Бірі ән де, бірі сән –                     –

Тіршіліктің қаймағы.

Бірі – жан да, бірі – тән,

Онсыз өмір қайдағы?

 

Бұлбұл мен гүл ғой Гүлжанат,

Үкілі ару, сырнайлы.

Әнімен әлем бүр жарад,

Дүрсілдеп жүрек тыңдайды!

Болат Құрманғажыұлы,

Пулицист-жазушы

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑