banner-top12

Әдебиет 3280

Қосқан уақыты Наурыз 13, 2019 | 249 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

   Үрей

  Болат Құрманғажыұлы

Өмірбаян

  Болат Құрманғажыұлы Әкежан 1959 жылдың 22 қазанында Қытайдың Сауан ауданында ағартушы отбасында дүниеге келді. 1978 жылы орта мектепті үздік бітіре салып қажеттілік үшін қоғамдық жұмыстарға араласты. 1992 – 2002ж.ж. Шин Жаң унверситеінің саясый-теворя және қазақ тіл- әдебиеті (толық күрс) пакутеттерін тәмамдады. 2003 – 2005 ж.ж. Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика пакултетінде оқыды. Оның “Жауынгермін” атты тырнақ алды өлеңі 1980 жылы тамызда “Іле газетінде” жарық көрді. Ұлағатты ұстаз әрі жазушы әке мен шежіреші нағашысының тағылымдарын құлағына құйып өскендіктен, жалындаған жас қаламына  қарым, ойына шалқар шабыт дарыды. Ұсақ өлең, әңгіме, эсселер жазуға мықтап кірісті. Кей шығармалары шеңбер шектемелеріне ұшыраса да, қазір   оларды қайта түлетуде…

1982 жылы Сауан аудандық радио станциясында тілші, редактор, қазақ бөлімінің жауаптысы міндеттерін атқарды. Еңбегі мен таланты ұштасқан оның қаламы жүиткіген сайын тасы да өрге домалады. 1987  –  2009 дейін Іле қазақ автономиялы обылысының орган газеті – “Іле газетінің” Күйтің қаласында тұратын, Алтай, Тарбағатай аймақтарына жауапты меншікті журналисті болудай аса машақатты да жауапты міндетті сапалы өткерді. Осы жылдары публицистика мен әдебиеттің әр жанрына көсіле қалам тартты.

Ол қалам ұстаған 30 жылдан астам уақытта жариялап үлгерген әр жанрдағы публцистикалық шығармалары, мыйсалы: очерктің түрлері, таныстырмалары, зерттеулері, сын, эсселері, сапарнамалары, хабар-мақалалары 2500 ден асып жығылған майталман журналистке айланды.   Елеулі еңбектеріне зер салар болсақ, Қытай елінде “Қанатымен су сепкен қарлығаштар”, “Алыстан келген ақ қоян”, “Әкімнің атызы”, “Тілді үйірген хализы” т.б. 20 ға тарта еңбегі Қытай халық республикасы  бойынша өткізілген аз санды ұлттар ақпараттық туындыларын бағалауда сондай-ақ, Шин Жаң ақпаратшылар қоғамы сынды әр дәрежелі бағалау комисиялары жағынан талай мәрте жүлделі орындарды еншіленді. Мұнан тыс, оның публицистикалық және танымдық, сауаттық, сын мақалалары, әдеби туындылары қытайдағы “Шұғыла”, “Іле айдыны”, “Алтай аясы”, “Тарбағатай”, “Боғда”, “Шин Жаң газеті”, орталық халық радиосы қатарлы беделді басылымдар мен ақпарат құралдарында үзбей беріліп, көп рет силық төрінен көрінді.

Оның Қазақстандағы “Қытайдағы қазіргі қазақ публицистикасы: даму проблемалары” атты ғылыми диссертатсиясы аясындағы зерттеулері  “Хабаршы”, “Ақиқат” сияқты журналдар мен шетел басылымдарына шығып, халықаралық конфренсияларда оқылған мақалалары топтама кітаптарға енгізілді.

1999 жылы “Бөрі ұлыған түндер” атты тұңғыш әңгімелер жинағы қытайдағы Іле халық баспасынан, 2017жылы “Зерде” деген ғылми еңбектерін негіз еткен кітабы Алматыдағы “Мерей” баспасынан жарық көрді.  Әңгіме, өлең, мақалалары “Қауымдасқан қазақтың Қалдарбегі” (Алматы), “Қоштасқым келмейді” (Алматы), “Барлықтағы әз әуен” (Қытай), “Ерғали туралы естеліктер” (Қытай), “Ұмтылмас күндер” (Қытай), “Барлықтағы әз әуен” (қытай) қатарлы оннан аса алманақ кітапқа енгізілді. Сонымен бірге “Қазақ әдебиеті”, “Ана тілі”, “Жас алаш”, “Жас қазақ”, “Қазақ елі”, “Шалқар-2”, “Үш қоңыр”, “Туған тіл”, “Балдырған”, “Ақ желкен” сияқты газет-журналдарға үртіс беріліп келді. Оның “Екі сайтан”, “Үрей” атты әңгімелері “Дөңгнленген дүние” деген атпен жарық көрген Шин Жаңдағы қазақ әдебиетінің төл туындылырынан таңдамалыларына (2015ж.) енсе, автордың өмірбаяны “Жиырмасыншы ғасыр Қытай қазақ жазушылары” (2007ж.) деген кітапқа енген. “Таңжарық ақынның 100 жылдығы” байланысымен Қазақстанда өткізілген халықаралық жыр мүшайрасында “Сайрам сағынышы” атты өлеңі жүлделі орын алған. Ол қазір “Тек” деген тарихи романын жазу үстінде.

Ақын, публицисит-жазушы, журналист, қытай аз санды ұлттар ақпарат сыйлығының иегері, “Таңжарық ақын атындағы халқаралық жыр мүшайрасының жүлдегері” Болат Құрманғажыұлы Қытай жазушылар одағы Шин Жаң бөлімшесінің, Шин Жаң қазақ мәдениеті қоғамының,  Шин Жаң Таңжарық зерттеу қоғамының, Іле қазақ автономиялы обылыстық жазушылар одағының мүшесі.

 

(Әңгіме)

Тапа – тал түс. Әкем мені күндегі әдеті бойынша Теміриязов даңғылының бойындағы жерасты өткелінен өткізіп, “Көктем” деп аталатын базардың қасындағы мектебіме жеткізіп қоймақ. Дәл өткелдің баспалдағына келе бергенімізде әлде бір баланың жан дауысы шыға бажылдағаны тап жанымыздан естілді. Көзді ашып – жұмғанша бір еңгезердей азамат 8 – 9 жасар шамасындағы ер баланы екі қолтығынан тік көтерген беті аласұра тарсылдатып өте шықты. Сол жерде аялдама бар болатын. Көлік тосып тұрған студент ағалар мен әпкелер, керек – жарақтарын ұстаған қазақ, орыс тағы басқа ұлттардың аталары мен апалары көп еді. Олар да шошығандарынан “шу” ете түсті. Әкемнің қою қара мұрттары да жыбырлағандай болды. Өңі де қашып кетті. Елдің бәрі баланы алып қашқан жігітке үрейлене әрі кектене қарасты. Бейшара бала кішкентай қолдарын жан – жаққа созып, әлде біреулердің құтқарып алуын айта алмай жанталасып бара жатқандай. Ауылдағы кез құйрықтардың тауық шөжесін шиқылдатып шеңгелдеп алып ұшып кеткеніндей еді. Мен жүгіріп барып арашаламақ болып ұмтылдым. Бірақ, әкемнің тастай қысып ұстаған үлкен алақаны қатып қалған. Күректей алақанындағы тікендей тиетін мүйізгектерінің ауыртқанын да сезбеппін. Ол ремонт жүргізген кезінде шой балғалар мен тістеуіктерді қалай ұстаса, менің нәзік, кішкентай оң қолымды да солай қысуда. Мүмкін мені де біреулер зарлатып алып кетпесін деп тұрғандай.

Әлгі ер баланың түрік, сыған әлде ұйғыр екені беймәлім, әйтеуір соларға ұқсайды. Қарулы жігіттің қимылы ерекше тез, көз ілестірмейді. Ол үлкен даңғылды бойлап батысқа қарай жүз метрдей жүгірген соң, жол шетінде біз жаққа қарай тоқтаған ақ түсті көліктің артқы есігін ашты да, соған нығарлап салды, өзі де отырып алды. Даңғылда қишалысқан көліктерге қарамастан ұршықша айланып кері бұрылды да, зытып берді. Соған қарап үлгергенімізше оқыра тиген дөнен өгізше жанталасып қашқан үстінде көне киімдері бар, аласа бойлы екінші бір жас жігіт аяқ астынан шыбыннан да тез ұшыртып КазГу жаққа кетті. Елдің бәрі аң – таң. Зәре – құтым қалмай, қол – аяғым дірілдеп қалды. Әкем де шошығанын маған сездірмегендей сабырлы бейнемен:

– Үсен, қорықпа, қалжыңдасып жүрген біреулер болу керек,  – деді.

– Онда бала неге жылайды?

Әкем одан әрі алдаусыратқысы келмей, – жүр, оқуыңа кешігесің – деп мектебіме апарып тастады.

Болған жайды апайға, класстастарыма жасырмай айтып бердім. Мұғалім апай бізге:

– Ата – аналарың келмесе, жалғыз үйлеріңе қайтушы болмаңдар, жазда мейлі, қазір күн қысқа, тез қараңғы түседі. Сақтық істесеңдер өздеріңе пайдалы. Біреулердің алдап – арбағанына сенбеңдер де, ермеңдер, – деді ақыл айтып.

Класстастарымның бәрі жүздері суық тарта отырып тып – тыныш тыңдады. Сол күні сабаққа да зауқым соқпады. Әкем мені қалаға еркіме көнбей әкеліп алған. Өйтпегенде Тасбұлақ ауылындағы өз мектебімде жүре беруші едім. Ол жер қандай тамаша! Осы кезде достарым қаратөбеден шанаға отырып алып, сайға қарай бұлдырықша зырылдап сырғанап бара жатқан шығар? Атам мінер жағына ойық ен сап берген тортайым құнан болды ма екен? Сарытоқты тұсақ боп үлкейді ме? Онымен сүзісіп ойнаушы едім. Ала күшік дәу ит боп мені танымай қалар? Апамның аппақ қатығы мен құртын, сап – сары ірімшігін, жентін, тары – талқанын қатты сағындым.

– Үсен, неге жылайсың? – деді мұғалім апайым.

– Жоқ – жоқ, – дедім мұрнымнан құлаған ақ жорға мен мөлдір тамшыларды білдірмеген болып сүртіп жатып.

Класстастарымның бәрі маған қарады. Ұялып кеттім. Дәптерлерімді ақтарыстыра тұқжыңдай бердім.

Сол күні көрген оқиға есімнен мүлде кетпеді. “Баланы сақшылар тауып алып, содырларды құрықтады ма? Егер солай болса теледидардан хабарламай ма? Әлгі жуан жендет оны әлде өлтіріп тастады ма? Байқұс неге қашып кетпеген? Шет елге бала ұрлап сататындар бар деуші еді, ол да әлде бір елге сатылып кетті ме? Анасы қандай еңіреді екен?..” деген сұрақтар жатсам – тұрсам жанымды жегідей жеді. Әкем әр күні мені мектепке апарып – әкелерде әлгі өткелдің бойында қанқұйлы қарақшылар жағалап жүргендей, балаларды алып қашып көліктеріне тықпалап жатқандай елестейді… Көзімді жұмып алам бір сәт. Қаптап жүрген иномаркалардың (қымбат көліктер) атын, ерекшеліктерін біліп алып достарыма бөсетінмін. Атақты көліктер де бейуаз балаларды алып қашуға жаралыпты. Қаптап жүрген көліктерді де жек көріп кеттім. Олардан да үрейленетін болдым.

Бір күні атам мен апам мені қастарына апарып алды. Сол бетте Алматыға барғанды қойдым. Ауылдағы мұғалімдерім мен достарым мені қатты сағынғандарын айтты. Олар: Саған не болған? Жүдеп кетіпсің, не, қала жақпады ма? Біз болсақ келмес едік. Ол жерде “Мәссаған” сияқты қызық топтардың бәрі бар, күнде концерт, үлкен парктер… рахат қой, соны да білмедің бе? – деп жазғырса, енді бірде қастарынан табылғаныма мәз.

Сол күндер есіме түссе қарадай жаным түршігеді. Неше рет ауылға қашудың да қамын жасадым, оным сәтсіз болды. Ауылдан танитын бір аға әдейі біздікіне келе кеткен. Әкем балконға темекі шеккелі шықты, анам ас әзірлеп жүрді. Осы орайда атам мен апама “мені қайтсеңдер де алып кетіңдер, әйтпесе жазым болам” деген мағынада ұрлап жазған хатымды әлгі ағаға беріп үлгердім. Ол кісі де жымиып қалтасына салып алған. Сол хаттың пайдасы тиді.

Маған Тасбұлақ ауылы, ондағы мектебім, көктемде күзкіреп жататын өзені, бізді төбесіне шығарып алып асыр салдыратын бәйшешек жамылған қарашоқым мәңгі ұнайды.

 

   Ыдыстар шіретке тұрғанда

           (әңгіме)

      Өңін әжім жолақтары торлаған, самайы күміс қылаулы қартаң жұмыскердің өзіне тән ас тоғасы бүгін бүйірінен ентіге демін алып, кілең өсімдік майына кенеле қалыпты:

 – “Елде бардың ерніне тиеді” деген ғой. Ақы иемді келістіріп бір тойғызатын болдым – ау! Әйтеуір ыдыстар шіретінде тапжылмай тұра беріп ем, көрім болды, бетім жарық. Иә, айта берсем сөз, шерте берсем шер көп. Қайта, соңғы сәттерімде жаным сәл жібіп, жайсаң тауып жасаңғырағандай күйге ендім, – деді “Қареке” аталып кеткен қара тоға қозғалақтап. Иен үйде оның бойына жан біткендей жападан – жалғыз тұрып төрт қабырғаға тіл қатқанын ешкім де естіген жоқ. Тамаша  ағартылып, ретті жиналған кең үй болымсыз ғана жаңғырықты…

      – Иә, қырық жылдың алдында, тудай тұла бойымнан адам баласы мін таба алмайтын. Көрген жанның көзін сүріндіріп, ауыздарының суын құртушы ем. Бұйрық дегенді қойсаңшы! Сондай бір толысқан шақтарымда, көз көріп, құлақ естімеген бір қыйырдағы шекара жарменкесіне өңшең бүлдіршін достарыммен бірге жөнелтілгенмін. Жұмыскер ағаларымыз аяулы алтын бесігімізден қимастықпен аттандырып салған. Біз байқұстср жыласып – сықтасып, қағылып – соғылып жүріп саудагерлердің қолына түстік. Сені қайтті дейсіз ғой? Шекараға мал айдасып барған қара баланың сатып алуымен жат елге түбегейлі аударып кеттім. Сөйтсем, қара бала жалшы екен. Үсті – басы тозыңқы. Қолы қысқа болғанымен, көңілі пәп – пәк, дарқан көрінді. Оны жанашыр туыстары көптеп көмектесіп жүріп бір жетім қызға атастырды. Мен екі жастың мұң мен зарына, қуанышы мен қайғысына, елжірескен, қыл өтпес, ып – ыстық жалын атқан махаббаттарына тұңғыш куагер ыдыс болып қала бердім…

Арада сан жылдар өтті. Мен кемелді ақыл иесіне айланғандаймын. Ақ тілек, ақ батаға ұйтқы болып, осы шаңырақтың құтты қонақтарын қнша мәрте жөнелткенімді санап та бітіре алмаспын! Заманалар хилы – хилы қырымен, сырық бойламас сырларымен сырғып жатты. “Мойынсеріктен”  “Тайқазан” тұсына дейін қоралы малға қара көже қайнатып, әмір таппай зықым да шықты. “Асыл тас қазатын екпінділерді” құрым шайға қарық қыла алмай тарығып, егіле кемсеңдедім. Емексіткен ешкім де болмады. Бейшара қамқор иелерім де тек анадайдан маған мүсіркей қарасатын. “Текпішіл жылдарға” жеткенімде, бір құлағым “қызыл қорғаушылар” жағынан жұлынып, өкпем тесілді. Сол тесіктен сымтемір өткізіліп, иемнің қыл мойнына ілініп, құлағының нәзік пердесін жара жаздап,  зорлықты, жағымсыз даусыммен қаңғырладым да жүрдім. “Шетпен қатысы бар” делінген иемнің қыр арқасына соғылатын таяқ, тікенек темір менің де төбеме келіп оңдырмай тарсылдап жатты… “Өлмегенге өлі балық жолығады” дегендей, әйтеуір су ішерлігім бар екен. Айтулы, қаhарлы күндер біртіндеп өте берді. Иемнің мойымайтын шымыр тұлғасы шұрық – шұрық тыртық, менің түбім қырық жамау, ернеулерім ырық – жырық боп барып бітті әйтеу. Баяғыдағы қара бала – қара шал, ал, мен ауылдағы ыдыстар қауымының қадырменді “Қарекесі” атандым. Қараңдаршы, ернім майға тие сала дыңғыр қаға тыңайып, қунап шыға келдім – ау деймін!?…

Кешіріңіздер! Кімге шағынып жатырмын? Әйтеуір көрген – білгенім болар, көзімді ашқалы. Оны да қойшы, ұзынды күн шіретте тікемнен тік тұрып май дәметкенім жаныма қатты батты. Тамағым қаңсығанда түбімдегі болмашы жұғын ғана аздап талшық болып, бойыма нәр жүгірткендей. Қазірше қан қысымының жоғарлауынан, жүрек талмасынан ада көрінем. Өйткені, тірімін ғой! Зәудеғалам жанымнан жұда бола қалмаспын, ажал келмесе!?

Қареке осыларды күңгірге жуық күңгірлетті де, баяулап барып тыныстады.

Әлгінде үп еткен жел жоқ, күн райы қабағат аптап еді. Қапырық залдың қақ төрінен босағасына дейін қаз – қатар тізілген алуан түрлі ыдыстардың ең алдыңғы шіретінде май құйғызып алғалы  Қареке тұр.

– Құдайға шүкір! Ауылдастарым кеу – кеулеп жатпайма. Өзім де тәләйлімін. Жасымды бұлдап озбырланбағаным мұндай оң болар ма!? Бүгін достарым жаны ашып, әдейі алдыға шығарып қойды. Менің де иеме тартқан көмпістігім себеп болды ма деп ыңғайсызданам. Сарылсам да шыдай түсуім керек ғой, тапжылмайын. Ешкім енді менің алдыма кес –  кестей қоймас!?

– Үлкен күбінің түбінде бір ыдыстық ғана зығыр майы қалды, – деді бағанадан өңшең “білікті” ыдыстарды жарылқаған май құйушы әйел енді ғана дауыстап.

– Оны біздің Қареке ағамыз құйғызып алсын, – деді қоңыр шелек алда тұрған оған жітірмелете, – тез болыңыз, тағы қағылып қалмаңыз, бізге түстен кейін келер…

Әдемі бала мескейлер, шүмегі тығындалған ақ шәугімдер, домаланған торсықтарға дейін манағы пікірді құптап салдыр – гүлдір қағысты…

Көптің шынайы лебізіне бөленген Қареке едәуір тебіреніп те, дардйып та қалғандай болды:

– Өркендерің өссін, қарақтарым! Иемнің құлағын бұрап қойған радио, телевизорынан “реформа, сыртқа есік ашу, зиян тартқан кәсіпорындарды сүйемелдеу, біріктіру, сатып беру, реттеу, төрешілдікке, құқұғын асыра пайдалануға, жемқорлыққа, сырапшылдыққа қарсы тұру” дегендерді  жиы естідім. Сонда қуанғанымнан сарқылдап – бұрқылдап қайнап көңілділік бағыштайтынмын. Солай – ақ болғай! Жаратқан жарылқай бергей!  “Жақсы лепес – жарым ырыс” деген. Пәни дүниеде ием үшін адал тер төгіп, қонақтарына жоқтығымды, тарлығымды көрсетпесем, майды майға қайната берсем болмады ма!?

Ыдыстардың кездейсоқ тым кекті шыққан ашщы шуылынан селк еткен Қареке, артына жалт бұрылғанша болған жоқ, фарфоран құйылған үлкен сырлы ыдыс басакөктей алдына келіп міне түсті. Қареке “сұмдық!” деп оған таңдана қарады. Оның алғалы тұрғаны қою сарқын тұнба болатын. Тұнығы әлде қашан іліктілер мен біліктілерге үлестірілген – ді. Қареке бір шетке қайырылып қалғанына іш жиып, ашу шақырмай, сабырлы қалпын сақтады. Аузы бір жағына шүршие біткен фарфор ыдысқа тұнба құйылып жатты…

– Есік ашылғалы шеттің әшекейлі, сәнді ыдыс – аяқтары қаптап кетті. Кен бастығымызға да солардың бір тәуірі тарту етіліпті деп естігеміз. Мынауың сол екен. Пай – пай, ғаламат безендіріліпті, – деп оны айлана таң – тамаша боп жүрген Қоңыр шелек Қарекені түртіп қалды, – мәссаған! Аузының желкесіне біткенін қарайкөр өзінің!

Майыса бұралып, сызыла тіл қаттқан жаңағы фарфор:

– Қалған май менікі болды. Атымды шетелдік Б. Бикеш деп әлі естімеген де боларсыңдар!? Тым тозып, жүдеп – жадап кетіпсіңдер, – деп сайқылағандай сықылықтап тұрып күлді, – х – х – х…

Шымбайына батқан ыдыстар бір – бірімен гуілдесіп кетті. Бетің жүзің демей ұртты сөйлейтін Қоңыр шелек:

– Есіктен кіре төр менікі деп, аузы қисық болсада арқаланған Б. Бикеш сөйлеп басқаратын болған ба, немене өзі!? – деді айқұлақтана.

– Сабыр ет, – деді Қареке оған басу айта, көштен қалып, аштан өлмеспіз, тұнбаға сол – ақ қарық болсын!

Ыдыстардың соңғы ыңғылдарын нараулық билеп, иелерінің қолдарына селқос ілінді. Олар есікке қарай беттей бергенде, манағы май құйылған бағытқа мүлде қарама – қарсы шыт жаңа май құю қыймылы аяқ астынан басталып кетті…

– Қадырлы алармандар, сіздер көне сарыннан, дәстүрлі бұғаудан әбден шаршап, аяқтарыңыз талды. Енді жаңа әрі сапалы май үш жерден емін – еркін құйылады. Таласып – тармаспай – ақ аласыздар, – деген жас жігіттің саңқылдаған жағымды даусы естілді…

       Әлгінде толтыра құйғызып алған тұнба Б. Бикештің жүрегін айнытты білем, сілейді де қалды. Тұла бойын өзгеше бір сұсты қасірет қарып, өзегін өртеп бара жатқан сияқты. Арпалысқан қиялы сан саққа шабынғандай:  “Шіретің қараң қалғыр! Тобырлардың алдында ғазиз басымның ғарып болғаны – ай!” деп күбірлей берді…

       Майға бөге бүйірлері шыққан ыдыстар шат күлкімен қайтысып жатты…

– Ананы қараңдар! – деді Қареке жұрттың назарын аудара.                                           

Басын шеңгелдеп қысқан Б. Бикеш шыр айланып жүр. Айланған сайын ішіндегі тұнба май жарылған бүйендей қисық аузынан лай – теңіз атқақтауда. Сосын, сенделектеп барып қолдан шықты да семент еденге жалғыз – ақ шарқ ете түсті.

Ақ көңіл Қареке оны жалма – жан сүйеп қалуға әнтек үлгермей қалды. Қайран Б. Бикештің күл – паршасы шықты! Қоңырқай май оның жүрек қанындай еденге жайыла берді…

Автордың  “Бөрі ұлыған түндер” (ҚХР,  Іле халық баспасы, 1999 ж.) кітабынан

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑