banner-top12

Поэзия 300px-Tas2

Қосқан уақыты Желтоқсан 5, 2014 | 1  136 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҮШ КЕЗЕҢ

Асқар Татанайұлы

 

СӨЗ БАСЫ
Өмірдің басып өттім сан белесін,
Еліме бергенімнен көп бересім.
Жол басқан, дауылда ұшқан, толқын кескен –
Дәуірдің айдап өткен сан кемесін.

Асқанда тар жол, тайғақ асуларын,
Ашқанмын талай-талай асылдарын,
Тыңдағам зарлы-мұңлы үндерінде
Қайғыдан қалтыраған ғасырлардың.

Біз бүгін болжамаған келер ұрпақ,
Дәуірін асқақ үнмен күйлеп, шырқап.
Жиналар нелер ғалым,тарихшы, ақын
Ғасырдың біз жасаған күйін тыңдап.

Айтылар біз айтпаған асыл сөздер,
Келер біз көре алмаған өткір көздер.
Жасаған өмірімізді көре алатын,
Шешетін дәуір сырын берсек сөздер.

Тарихтың басып сансыз қияларын,
Білемін біздің жырдың сый аларын
Біз емес, бір қосын боп орын алар.
Төрінен баба тіккен мұнараның.

Жеті қат жер астында жатса да ақын.
Жез емес топырақ жеп таттанатын.
Жыр жазса ойға орнықты, тілге орамды
Алтындай сан ғасырға сақталатын.

Мүмкін мен сол ортаға сыя алармын,
Сол көргіш көздеріңмен сыналармын.
Өлшенер хақ таразы табағында
Иә күліп, иә жылап шығар әр кім.

Ал мен ші, жыламаспын, күлмеспін де,
Мен тіпті ұқсамаймын мүлде ешкімге.
Бел, белес жолдарымды бір шолмасаң
Мәнісін жырларымның білмессің де.

Өмірдің дәмін, тұзын еттім де азық,
Мен саған кешулерді кеттім жазып.
Дауылы замананың сан соқса да
Мұратым тапжылмайды¬ – темір қазық.

ӨРТЕҢШІ СӨЗІ
Ақ орыс жылдың * қысында,
Өртеңші болды жоламан.
Жортуыл басып жол көрген,
Жасынан жылпос сол адам.

– Жөке, Жөке, ой Жөке,
Өртеңші не? – деп сұрағам.
– Тіккен үй, сойған қой, ылау,
алман, деді ол маған,
Тықылдатып шақшасын,
Күрсініп барып сақалын,
Салалап қолмен тараған.

– Айтайын балам сұрасаң,
ол сұм өмір, сұм заман.
Көктоғай, Шіңгіл, Жеменей,
Бурылтоғай, Қабадан,
Буыршын мен Сарсүмбе,
Күн бетін Алтай ораған.
Яң жаңжүнның тұсында,
Уый Жыңго еді сұраған.
Он жеті өртең құрсын деп
Әр Шәнге бұйрық шығарған.
Сол жылы өртен ұстауға
Тәйжіміз мені бұйырған.
Қойдан қоңыр ел момын,
Қанды ауыз қасқыр аларман,
Дауйың, дарың, шеріктер,
Ең кішісі шабарман,
Айтайын бәрін баяндап,
Құлағыңды сал балам!

Бет қаратпас сары аяз,
Қар қалың еді, қыс суық,
Ақ сүңгі жауып бар ағаш,
Өзенді өрлеп үскірік.
Кешқұрым боран долданып,
Қызылдап жалын ышқынып.

Ту, деген түспей түкірік,
Атшабар жетті алқымдап:
– Ма дарың келді көп шерік,
Қабадан кеше шығыпты.
Түсетін шығар кеш келіп.

Үкірдай кетті алдынан,
Жол бекетін тексеріп.
Сарсүмбеге жеткенше,
Бес өртеңді бет көріп.
Өтпекші екен өткел қып,
Сақадай сай тұрмаса
Жүрмесін ішке кек бүгіп.
Құс төсек, жастық жетіспей,
Қалмасын Дарың жек көріп.
Самауыр тұрсын бұрқылдап,
Күтуші тұрсын лыпылдап,
Шекер, бал, сары май боп толық.

Пауескі тартар пар жорға ат,
Қылшығы қылау қатпаған.
Тағасы тасы тасты тілетін,
Жалы қисық жатпаған,
Қамыс құлақ, қаз мойын,
Арнаулы адам баптаған,
“Жиылсын деп ат – айғыр!”
Ұлықтар солай хаттапты,
Мөрлерін басып шой табан.

Атшабарлар өктемдеп,
Абырда сабыр ат ерлеп.
Тізгінін тартпай шабысты,
Талайлардың астынан,
Аударып атын алысты.

Сойысқа деген қой мен тай,
Айдалды елдің шетінен.
Аққұйрық шәй мен шекер, май,
Тасылды өз бетімен.

Алмалап атты шабысты,
Жүрмеген жолда қалады.
Бөктергі қуған шылдай қып,
Дүрліктірді даланы.

Екі жауап қайырмай,
Тынымсыз шапты асығып.
Бірді әкел десе біреуден,
Екіні алды асырып.
Өздері тілдес байларды,
Қалдырып кетті жасырып.
Шонжарлардың алдында,
Еңкейеді бас ұрып,
Қараша, момын халықты,
Қол біліп алды басынып.
Ілінген кедей – кепшікті,
Оңдырмай қапты қапсырып.
Қарсыласар хал қайда?
Қала берді ашынып.
Дарың жүр жұртты сапырып,
Бйлер жүр оған бас ұрып.
Жұрт жатыр солай жаншылып,
Шабар жүр шауып шарқ ұрып.
Қасқырға ерген құзғындай,
Жемтікке тойды жасырып.
1935 жыл

ӘНЕ, МЕКТЕП
Жыл өтті надандықпен бітірдің не?
Тағы да масайрадың неменеге?
Білімге есік ашылды, әне мектеп –
Үйретіп жеткізетін өнерлі елге.

Ой жіберіп қарасаң дүниеге,
Ұл – қызы ие болған әр өнерге.
Солардай алғыр ойлы, алымды ми
Тапқырлық, қайрат – жігер жоқ па сенде?!

Емессің тіпті олай, ерсің өскен,
Күресіп асқан талай бел – белестен.
Шығар ең білім алып күмәнсіз – ақ,
Тайсалмай қиындықпен шын белдессең.

Оқуға беріле, үйрен, жұмсай біл ми
Шынайы мынау отан анаңды сүй.
Ғылымның иесі бол халқың үшін,
Өмірден сонда ғана аласың сый.
1936жыл
МАЙЛЫБАЙДЫҢ АУЫЛЫ

Мал деді, бар өмірді малға сатты,
Бірдің күшін, біреудің терін қақты.
“Бай байға, бай құдайға жетемін” деп,
Алабын аш бөрідей жайпап жатты.

Іздеді мал, дәулетті қуып жетті,
Адамбыз деп ойлады құдыретті .
Ғылымсыз, өнерсіз – ақ осы байлық,
Кілті деп дүниенің дүрілдепті.

Мырза бар қолдарында дырау қамшы,
Сілтесе сорғалатып қаннан тамшы.
Дүрлер бар шаш ал десе, бас алатын,
Алдында айдынатын жарлы – жалшы.

Сөйлесе бес күн сөзге талмайтұғын
Сөздерін бес тиынға алмайтұғын.
Ездер бар езулесе есе бермес,
Есебін ерегеске жалғайтұғын.

Бірі атын мақтайтын дауырығып,
Бірі қырқай боқтайтын ұрып – жығып,
Содырдың байшыл, Бишіл, барымташыл
Сойқанын мадақтасып ызың – шу ғып,

Біреу надан, шірік, заңды жыр ғып,
Жын десе, шайтан десе басын шұлғып,
Бал ашқан балгер десе басын тігіп,
Пір тұтып отыратын ұйып, мүлгіп.

Жастар жүр өнер – ғылым үйренбеген,
Еңбек жоқ, ел кеуден жиренбеген.
Дау – жанжал, ұрыс – керіс, кесірлі істен,
Түсіріп олжалаған тиын – тебен.
Өмір деп осы істерін сабылып жүр,
Бос қалып өнер – ғылым өнегеден.
1936 жыл

ЗАР ЗАМАН
Күштілерге күн туып,
Нашарлар жатқан тұншығып,
Яң жяңжүн мен жиін шурін*.
Шин жаңды билеген құл қылып –
Қасырет басқан сол заман.

Дауйың, дарың парақор,
Ұяңдар*, шәндер тіпті зор.
Жұрт бастығы жемтіктес,
Жаншылып халық болған құл –
Сол заман еді – зар заман.

Надандық басып жайлаған,
Қаладан да, даладан,
Мектеп деген атау жоқ,
Ғасырлар бойы боп надан –
Сүркейлі заман сор заман.

Өктемдер қамшы үйірген,
Қамшыға ақша үйілген.
Қамшысыз, әлсіз жандарға,
Тиетін аяқ бүйірден –
Дүре мен қамшы, қан заман.

Бір ұлт пен бір ұлт алысқан,
Қан төгісіп қағысқан.
Әділет теңдік болмастан,
Әлсізді күшті жанышқан—
Қысымы неткен тар заман.

Зорлық та ұрлық, зомбылық,
Жүрген жан жоқ заң біліп,
Араны кеткен ашылып
Өктемдікті заң қылып—
ындыны қандай зор заман.
1936 жыл

Жалман келсе, алман келеді

Ауылына Барлыбайдың жалман келді,
Бір жүз қой қапшығында алман келді.
– қалдырмай бүгін түстен орындайсың,
Күн бата аттанам, деп бұйрық берді.

Барлы екең көп алманды көрген талай,
Кей байлар аман қалып би жағалай,
Тартатын момын жандар қабат қабат,
Кедейлен жалғыз атты түтін қалмай.

– Тыңдашы арызымды балам Жалман,
Бір жүз қой маған түскен неткен алман.
Жылында он адамға құн тартса да,
Бұл елде түспеуші еді мұндай маған.

Жастықтан жалман басын жұлып алды,
Шатынап, шапыраш көз шамырқанды.
– Кісім өліп, құн жинап жүргемін жоқ
берсең де алмаймын, деп тұра аттанды.

Амбыға алас ұрып жетті шауып,
– Келдім,- деді, бір істің ебін тауып.
Алар жақтың айласын білесіз ғой
Келтірдім барлыбайға пәле жауып.

Дегенде екеуі де жымиысты,
Пәленің барлыбайға уы ұйысты.
Барлыбай босағадан кірмей жатып,
Жалман сұм үрейін ап, сөзбен қысты:

– Мен жүрмін Кеген саңның жинап қойын,
Бұл жұмыс хан жұмысы емес ойын.
Ханның ісін қаралап пәле жапқан
Жасаймын хан алдында мұның тойын.

Басқадан Барлыбайдың ойы бұзық,
Жинасам бұзықтығын жіпке тізіп.
Сан қилы, талай түрлі білем сырын
Мұрнынан жетелеймін қыл өткізіп.

Амбы да Барлыбайға тікті көзін,
Жазғыра бұйрық бере сөйлеп сөзін:
– Қан жауғыр, ханға тілің қалай тиген?
Жауабын берсін сонда апар өзін!

Құп тақсыр, деп орнынан Жалман тұрды,
– Дәт тақсыр, деп бір шонжар мойын бұрды.
– Жан сауға мал – жан үшін байекеңе
Малмен жаза етелік, деп бұйырды.

Шабарман шапан киіп, бір ат мінсін,
Амбыға он еркек қой айып берсін.
«қол сынса жең ішінде» демеп пе еді,
Жетпесін Кегенге сөз қалсын, тынсын!
Барлыбай бажалақтап айтып жатыр,
Кім оның айтқандарын құлаққа ілсін,
Іс бітті де қу кетті, құлқын тойды,
Сөз төркіні тарылтты бай тынысын.
1937 – жылы

ЖАПОН ФАШИСТЕРІНЕ
Фашиссің ел тонауға жаның құмар,
Ішкенде адам қанын көңілің тынар.
Жалақтап ұмтылсаң да жалмауыздай
Күн жақын, ұзақ емес сен жығылар!

Халқым мол, жатқан мынау елім байтақ,
Қорқаулар құқайлап та көрген байқап.
Жұтам деп жер тәңіріндей желігіп ең,
Қырылдың өз қаныңа өзің малтап.

Жау десе еліміз бар жалындаған,
Жасқанып жауға сірә жалынбаған,
Тік түсіп нажағайдай тас төбеңнен,
Береміз оққа оқпен жауап саған.

Сайтанын жаудың талай қаққан елміз,
Ұшырып күлін көкке атқан елміз.
Өзі қазған көріне өзін жығып,
Күйесін өз бетіне жаққан елміз.

Отанның бір тірегі жаңа шинжиаң,
Ең ақырғы шебіміз шыққан тыңнан.
Азаттық еліміздің күресі үшін,
Бұзылмас болаттаймыз берік қорған.
1937 жылы

НАДАНДЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ
Өр көкірек, ойсыз сөз, аңғал мінез,
Туатын надандықтан іс қой әр кез,
Өмірде білім ұғып, тәрбие алмай,
Кететін айырылмай алтын мен жез.

Тағы онда тыянақсыз, тайғақ табан,
Ашылған алса тоймас арсыз аран,
Ғылымсыз не еңбексіз күн өткізіп,
Орны толмас артында қалады арман.

Бір күнгі құлқыны үшін арын сатқан,
Ертеңгі келешегін құдайға артқан.
Бос жүрген масылдар көп осы күнде,
Ауыз аңдып, сөз қуған, өсек баққан.

Жел өкпе, жын ұрғандай, құйын мінез,
Құны жоқ жер жегідей жексұрын сөз.
Үй тентек, қазан бұзар, орақ ауыз,
Шенденген өз өзіне надан кербез.

Толғамсыз, сабырсыздық тағы мұнда,
Салынған берекесіз құр мылжыңға.
Тиянақты тұрлау жоқ өмірінде –
Емес пе надандықтан туған тұлға.
1938 жылы

МЕН БІР СЕРІ, МАС

Мен бір сері, мас,
Жасым қырық бесте әлі жас.
Шоқпардай таққан үкіні,
Көтере алмайды мына бас.

Қатыным жоқ, балам жоқ,
Қайтемін оған алаң боп.
Ел іші кең әйтеуір,
Көйлек көк те тамақ тоқ.

Әкем жасымда өлген.
Шешем алпыс үшке келген,
Әйтеуір өз малын өзі сауып,
Өз күнін өзі көрген.

Шіркін, қызды ауылдың қызығы ай!
Ойын күлкі бәрі сай.
Қылжақтап қыздың жанында,
Отырсаң болар көңіл жәй.

Той болса тіпті болғаны,
Жүйрік пен мініп жорғаны,
Қызды ауылға қырындау –
Істейтін ісім ондағы.

Ауыл маңын сағалап,
Тоқалдарды жағалап,
Жүремін сезіп шу шықса,
Жөнелем атты сабалап.

Еңбекке қолым тимейді,
Оны жаным сүймейді,
Мал табудың орайын,
Тіпті де серің білмейді.
Сақылдап аяз келгенде,
Шегірткедей шырылдап,
Қай күні серің билейді
1938 жылы

ЕГІНГЕ ҚАРАМАСА КҢБЕГІ ЗАЯ
(мұғалім Зейнелдің аузынан)
Екі айлық жазғы курс маусымында,
Қабадан шақырылып келдім мұнда,
Жолымда салған егін көзді тартып,
Теңселіп жасыл майса жатыр ойда.

Күн көктеп, түн тамырлап жатыр шалқып,
Тереңнен қуат алып бойға тартып.
Мезгілінде басқарып бағылған соң
Егіннің тұр көктемі күн–күн артып.

Жол тартып келе жатқан осы бетте,
Жолықтым бір егінге бір кезекте.
Суы мол, жері жақсы,иесі жоқ –
Сорлы екен йен қалып тұрған шетте.

Құлағы кете алмаған бойын жазып,
Тамыры кіре алмаған жерді қазып,
Мойны қысып өсуге ерік бермей
Бидайлар шөлдеп тұрған судан қалып.

– Ей сорлы, иең қайда сені баққан?
Сен бе едің сорлы болған табиғаттан?
Дегенде көзіне жас іркіп алып,
Сондағы сөзі мынау маған айтқан:

– Елім бар басып – жаншып көшіп кеткен,
Тоған бар көмей жері түсіп кеткен,
Арық бар бес жыл көзі аршылмаған,
Сонымен шөлдеп тұрмыз егін біткен.

Бағатын адамдар бар аздап қалған,
Жетіспей толық тұр де күш олардан.
Жатырмыз күндіз зарлап, түнде тілеп,
Күш сұрап жайлау жаққа барғандардан.

– Қош! – дедім, мен кетуге бұрдым атты,
Тапсырды маған солай аманатты.
– Жан қиар, еңбек сүйер, көзін салар,
Ерлерге айта жүр,- деп біздің дәтті.

– Иең кім, осы қай жер? – дедім сұрап,
Сөйледі түсіндіре бастан құлдап.
Асығып тоқтай алмай жүріп кеттім,
осы жер – “таралаң” деп жатыр шулап.
1939 жыл

ҚАЛА ЖІГІТІ МЕН ҚЫР ЖІГІТІНІҢ АЙТЫСЫ
ҚАЛАДАН ХАТ
Сары жайлау, сары қымыз сапырғанда,
Біреуді біреу силап шақырғанда,
Сойылып семіз бағылан, жұрт жиналып,
Шаруа естен шығып отырғанда.

Пайдасыз қысыр кеңес көтеріліп,
Әкетсе біреу үзіп, біреу жұлып.
Қарынды анда – санда сипай түсіп,
Баққан мал, салған егін ұмытылып.

Лепіріп біреу шығып ортасынан,
Сары майды айырғандай тортасынан,
Дүрмектің иі қанбай жатқан кезі,
Жабысты жанды жердің қолқасынан.

Жаста бар мәжілісте кәрі де бар,
Қырт, мылжың, еріншектің бәрі де бар.
Талмайтын үш күн сөйлеп сөзге құмар,
Жел буаз мақтаншақтың саны да бар.

Жүйрік ат мақтасқаны, алып балуан.
Алғыр тазы, түзу мылтық алуан – алуан.
Сары ала, қара бұйра жуан қамшы
Тастайтын қашағанға қайыс арқан.

Ал ұшты, аспандады мақтандар кеп,
Қымызды сілтеп отыр, бағыланды жеп.
Бірінен бірі аспақ бәрі мақтан,
Ақыры ерегеске келді тіреп.

Е, десті, еһылесты, ерегесті,
Елірді кейбіреуі танып есті.
Бірінің сөзін бірі итермелеп
Гуледі жел көріктей, гуілдесті.

Себеп сол төбелескен, жанжалдасқан,
Жұдырық , қамшы аралас мылжаласқан.
Қол сынған , жаза басып бас жарылған ,
Ағайын кеше тату араздасқан .

Шаруасыз қол бостықтың бұл сұмдығы,
Тарқайды соныменен сауық – жыры.
Көтермей көктің суын ерегесіп,
Осыдан барып шығар ру жігі.

Ал көтер нені көтер, қымыз көтер,
Осымен дәурен озып, күндер өтер…
Шабусыз шөп, бағусыз егін қалса
Ақыры нәтижеде не көрсетер.
М . Ж
ЖАЙЛАУДАН ХАТ
М . Ж. Кім, қай жерде өскен, қандай адам?
Өзіне келер сөзді аңғармаған?
Сүймейтін қыр қызығын, базарда өскен,
Біреу ғой иен ауыз бізді арбаған.

Сырбаз ет, сары қымыз, салқын жайлау
Үкілеп боз балалар атын байлау.
Той іздеп, қымыз қуып, қызбен күліп,
Топ жиып күндіз – түні сауық сайлау.

Күлдіргі бас қосылса үлкендерден,
Басталып оймен қырдан – талай жерден.
Ән тарту, күрес салу, ат бәйгісі –
Не қызық табылады жайлау жерден.

Өмірдің бұл көрініс гүлі емес пе?
Бір жүйе тіршіліктің түрі емес пе?
Осыны көре алмаған М мен Ж ның,
Жазғаны бақ күндестік сын емес пе?

Өзі де ол қазақтың ұлы емес пе?
Ішіп – жеп қымыз етті жүр емес пе?
Жайлауды сүйте тұрып қаряттап
Сөккені сол жігіттің жөн емес те!

Егін, шөп қалар дейді бағусыз мал,
Қымыз ішсе шығар дейді сөзден жаңжал.
Қисынсыздан қиып кеп сөз шығарып,
Әншейін сөгу үшін тапқан амал.

Сол ма екен жөнге салған баяғыдан,
Неше жыл бұрын өмір сүрдік бұдан.
Сонда да шөпті шауып, егін салып,
Малыңды өс іргеміз мың – мың саннан.
Б . Т

ҚАЛАДАН ХАТ
Шалқар түс тұра алмаған төсегінен,
Сандалған мас ұйқының кеселінен.
Уытын еріншектің бойға жиған,
Сөйлестім сары жайлаудың мешелімен.

М мен Ж қай жерде өскен деп жазыпты,
Ашумен ой жүгіртпей тез жазыпты.
Сарала қар суындай сарылдатып,
Құйындай, құйқылжыған сөз жазыпты.
Салынып шалдуарлық мастығына,
Адасып ақиқаттан көз жазыпты.
Қялы от басынан озбайтығұн,
Тобырдан томаға ұстап сол қалыпты.

Қарай ғой сол мешелдің сөзуарын,
Байталдай ауыздықсыз шалдауарын.
Жәй жатпай айтыс қозғап ақыл сөзге
Мақтан қып ішкен қымыз, қыз құмарын.

Білімнен жар басыңда болса түйтік,
Әрине, қоқсытпас ең сөзді бүйтіп.
Басында жер ошақтың сөз жазыпсың,
Сирақтай ұйқы – тұйқы шала үйтіп.

Сен өскен жайлауыңда менде өстім,
Ездермен сендей – сендей сөз теңестім.
Өнімсіз, шаруасыз бос тұрмыстан,
Көз жұмып, қол сілтедім, мүлде кештім.

Еңбекті жаным сүйіп таңдап алдым,
Шаруаны уақытымен қамдап алдым.
Ән шырқап шегірткедей ала жаздай
Көп көргем сендейлердің сандалғанын.

Жалбаңдап сауық қуып жүрсең тойлап,
Егінің шөлдеп, қатып жатса ойбайлап.
Жұмыс жоқ қымыз ішіп қыза бөртіп
Еш марқадам таппассың күліп – ойнап.

Өкінерсің түбінде шөп шаппасаң,
Еркек боп мал, қатын боп ұл таппасаң.
Шөп буыны қатқанда ойға түсіп,
Күрсініп жонға қарап жалтақтасаң.

Егінің қара топырақ қалса бойлап,
Бөдене – бытпылдық деп жүрсең тойлап.
Еңбегің еш… беріш болғанында
Табарсың М мен Ж ны сонда ойлап.

Шөп шапсаң он шөмеле ала жаздай,
Дәні жоқ, найза – қылтан қара қурай.
Сиырың оны жеген тышқақ болып,
Қатының қарғап жүрсе “қара сан – ай!”

Осы ғой бақ күндес деп дау салғаның,
Менен аулақ, өзіңмен кетсін жаным.
Әдетіңе қарыссаң тағы да жаз,
Қаңтарда бір тыңдайын салған әнің.

Тағы жаз, өрге сүйре талабыңды,
Қортықтай қой бүлдірген жауабыңды.
Жеңіліп үнің шықпай қала берсең,
Маймен аш тарса біткен танауыңды.
М . Ж

ЖАЙЛАУДАН ХАТ
Сөзі асау, қаламы өткір, қолы батыр,
Батымды ой, өтімді тіл, ұшқыр ақыл.
Кастиум мен галстукке насаттанып,
Именбей еркін ауыз соғып жатыр.

Үрлепті тентек мінез үстін – астын,
Шамдана – шамырқана сөзі басым.
Еріншек, мешел мен мас, білімнен тыс,
Шалдуар өмірде деп жайлау халқын.

Сөгіпті сөдегейлеп сөзбен қысып,
Мысқылдап бірде күліп, бірде ұрсып.
Тез кетіп ашуына ақыл бермей,
Нүктелеп шаруды да қалған күсіп.

Дұрыс па, азаматтар болу мұндай?
Болмай ма оқығандар ашна жәй?
Ширықпай турасына көз салсаңыз,
Ой ойлай, өз жүйесі жайлау былай!

Жайлауда мал – шаруа иелері,
Қоғамның өркендеген ол бір кені.
Саны менен сапасын өсіретін,
Емес пе қыстаулық пен жайлау жері.

қазірде шөп науқаны келіп кірдік,
бұған да зор ынтамен көңіл бұрдық.
Кезінде дәні толық шауып жиу,
Пайдалы екендігін бізде білдік.

Бұл кезде біреу істеп, біреу тұрып,
Біреулер дайындығын жатыр құрып.
Бірде артық, бірде кейін іс емес пе,
Жетпей ме бірте – бірте көтеріліп.

Жайлауым жаңалықтың бетіндегі,
Жас қарқын, жалынды күш екпіндегі.
Жайлау мас, еңбектен тыс деп жазыпты,
Мастықтың нағыз өзі өтіндегі. –

Түн еді, сағат он бір басқан кезі,
Қызудың тоқсан бестен асқан кезі.
Соғыстыра көтеріп ромканы,
Қылмя қызарысқан екі көзі.

– бас, деді, жүз прасент, ұр енесін,
аяйсың жолдастықтан неменесін?
Ақ көңіл, сыры ашық қарқылдақтар,
Көтерді өкпе – наздың селебесін.

Қоздады өнімсізден өрледі айғай,
Бірінде біреуінен есе бардай.
Сен үйттің, мен бүйттімнің ерегесі,
Жаңжалға келіп соқты аялдамай.

Секіріп бөтелкелер бастан басқа,
Қан шыққан қарамады қабақ – қасқа.
Шашылып үй ішінің мүкамалы,
Тасқындай ашу келді жұла қашпа.

Айырылып жейделері желкесінен,
Жеңдері шорт үзіліп келтесінен.
Қақпақылдай атылып шарық – шұрқ етті,
Түк қалмай аяқ – табақ, кесесінен.

Дауыстары азан – қазан:
– Ойбай апа!
– Қайтесің, тәртіпші әскер келіп қалса?!
– Кімің бар? – болушы ет, міне өзім, деп,
Күш айтып әрбіреуі қалта – қалта.

Қиянкес, әдеттен тыс арсыз қылық,
Сенделіп бірі жылап, бірі күліп.
Алмастан тоқсан бестің томағасын,
өліктей кейбір дене жатыр сұлық.

Міне бұл тоқсан бестің бір тармағы,
Жетпейді бұған біздің “жайлау бағы”.
Жүз бақ қонған барын жазсам,
Шығады оңбас қылық онан да ары.

Қоғамға мұның қандай пайдасы бар?
Еңбекке кедергі көп мұнан залал.
Мастықтан базарды ти М әпендім
Сонан соң жайлау жайын жазсаң жарар.
Б . Т
1939 ж

ҚЫЗ БЕН ЖІГТТІҢ АЙТЫСЫ

Қыз:
Жігіт бол, жігіт болсаң асыл, алтын,
Жайдары мінезді бол ашық – жарқын.
Кішіні – іні, үлкенді – аға деп біл,
Сүйінсін мінезіңе барлық халқың.

Жігіт:
Қыз болсаң бол, қырмызы бір мінезді
Ақылды, абройлы, алғыр сөзді.
Сарапта парқын таны жаза баспай,
Бір көрде айырып біл алтын, жезді.

Қыз:
Жігіт бол, жігіт болсаң отан сүйгіш,
Зерек бол болашақты алдан білгіш.
Қайраулы қанжар, көзеулі садақтай бол,
Сермесе тасты кесіп, тауды тілгіш.

Жігіт:
Әйел бол, әйел болсаң намыскер бол,
Арлы да, мінезді де әрі іскер бол.
Жау жүрек жалынды бол, ер сипатты,
Талықпай таршылықта табатын жол.

Қыз:
Жігіт боп ақыл – ойдан мешеу қалған,
Жете алмай жақсы өмірге ойына алған.
Құнарсыз құр қылжақты өнер көріп,
Ар – намыс, жігер – талап, ойға алмаған.

Жігіт:
Ой болсын әркімде өзін бағалаған,
Болмасын келешегін санамаған.
Сәулет қор, әуес құмар әуейіні
Мен дағы санаймын саналы адам.

Қыз:
Әсемпаз кейбір жігіт серкесіген,
Елімнің саналмақшы еркесінен.
Қаңбақтай желмен ұшқан ебелектеп,
Өмірдің санаспаған ертесімен.

Жігіт:
Жіңішке әйел жолы қылдан нәзік,
Ары менен мінезі алтын қазық.
Ізделік біз де, сіз де өнер білім,
Тас өткел, тайғақ жолда қалма жазып.

Қыз:
Ағатай, бұл сөзіңе мен де ортақ,
Біздерге өнер – білім өмірлік бақ.
Оқылық та табалық сол бақытты,
Еңбек бізден игілік көпке ортақ.

Қыз
Жігіт :}
Өмірдің жолын табу шаттыққа ашу,
Дауысымыз саңқылдасын мысал аққу.
Кел жастар, қосылалық ән шырқалық
Қалықтап көтерілсін сұлу «гәкку».
1942 жыл

1948 ¬ 1945
ШИНЖЯҢ МЕН ҰРПАҚТАРЫ

ШИНЖЯҢ СЫРЫ
1
Аймалап ақ төсімнен өрген жастар,
Асырсап кең кеудемде жүрген жастар.
Еміреніп мейіріммен иіген сүтім,
Сүйініп омырауымды емген жастар.
Бау бөпем бесігімде тербетіліп,
Шайқалып шаранадан келген жастар.
Қарт анаң құлыным деп құшақтаған
Алдыма ап әлдилегем, сендер жастар.
Анаңды сүйдіріп те сүйіндіріп,
Үйіріліп бауырыма енген жастар.
Әжім басып жүзімді кәртейсем де
Ұрпағым жасар тат деп сенгем жастар.

2
Жаралып дүниеге келген шақтан,
Бұрынғы ата – баба, әлмисақтан,
Бері қарай мен де жасап, күн кешіріп
Өсіріп сан мілйон ұрпақ тапқам.

Ол дәуір күңгірт елес, ұмыт заман,
Тарихы тап басылып қаралмаған.
Ойласам басып өткен жолдарымды,
Тұңғиық бір қара ну қараңдаған.

Ғасырдан жиырмасыншы бері қарай,
Сан сала өмір өтті талай – талай.
Түнек түн түнерсе де жазбай қысып
Жан бермей жағаластым күн – түн талмай.

Үмітті азабыма шырақ еттім,
Қан кешіп ұрпақ үшін терім төктім.
Қол создым жерде тұрып көкте күнге,
Алыстым, ардақты өмір талап еттім.

Күресте тек көңілім қажымады,
Азаптан айдай жүзім әжімденді.
Сұр өмір қара перде тартып бетке,
Етіме тілім – тілім таңба салды.

3
Сол кезде салды шеңгел талай жендет,
Тәлімсіп өсиетін берді сөйлеп.
Ойнатты басыма әкеп бақсы – балгер,
Сарғайған қасіретіңді емдейміз деп.

Бұл сұмдар – жянгерлер қанды қылыш,
Жаралы жан қиналды, кетті тыныш.
Сонда да тағы іздеп азаттықты,
Алыстым, ұрпақ үшін шығардым күш.

Ол сұмдар отарламақ, қолына алмақ,
Сүбемнен сүйем қарыс қанжар салмақ.
Қол созып қойнымдағы құттарыма,
Кескілеп борша – борша бөліс қылмақ.

Жүректе ыза мен кек лаулады оттай,
Жауыма жалаңдаған атылды оқтай.
Басымды шапқыншыға бастырмадым,
Қан қылышын сүйретіп келді ол талай.

4
Сұмдардың езуіне шыдамай жан,
Дауылды толқын туып, қайнады қан.
Ашулы арыстандай айға ұмтылып,
Фонтандай азаттық деп атылды ұран.

Ұранмен ұлы бойға кірді күшім,
Күреске шықты атойлап жастар қыршын.
Бұлқынып бұзып темір құрсауларын,
Тарылттым жан алқымда жау тынысын.

Тасқындап күш – жігерім, бойда қайрат,
Жянгер сұмырайларды шықтым айдап.
Ұшырып гоминдаңның күлін көкке,
Әлемге тұрмын қарап гүлдей жайнап.

Күреспен жеңіс таптым сансыз сала,
Қоршаған бұзып шықтым қамалдан да.
Ұрпаққа міилиондаған басшы болып,
Жармасса басқа тептім жау жағаға.

ҰРПАҚТАР СЕРТІ

Анамның қамырық басқан қам көңілін,
Қан басып қайғыда өткен сұм өмірін.
Жасартып, бүгін таңда гүлдендіріп,
Бөлейміз қуанышқа көңіл көлін.

Жүзінен алма қызыл нұр құйылтып,
Күлгізіп, күлкісіне күн сүйінтіп
Әнменен әсем асқақ айға өрлетіп,
Сайратып бұлбұл құстай суырылтып.

Басына алтын айдан жастық жастап,
Үстіне нұрлы аспаннан күмбез жасап.
Киінтіп, көк пұліске бөлендіріп,
өсіріп түлік малын мілион сандап.

Жаңартып жас ұрпағы сүйдіреміз,
Есілтіп емшек сүтін идіреміз.
Табамыз қасиетті бойда құтын,
Мол байлық зор бақытқа ендіреміз.
1946 жыл

ЕКІ МАЙДАН
1
Дұспанға қарсы аттанып құрдық майдан,
Майданда төгеміз деп қанды қайдан?
Сайысқан тар жол, тайғақ кезеңдерде
Жауларға кем соқпадық нажағайдан.

Оң келсе оңқасынан отырғыздық,
Сұлаттық егескенді солақайдан.
Талай жас, талай батыр құрбан беріп,
Қажымай жеңіс алдық қан майданнан.

2
Дұспанмен енді күрес – сөз майданы,
Қалам – күш ойрандайтын ол майданды.
Сөзің – от, сияң – бомба атылғанда,
Күйресін қаламыңнан жау қаламы.
Қаралы жау жасағын жан жерден ат,
Жатпасын жағаласып жау жаралы.
Қуанып халқың сонда шын сүйінсін,
Жауыңа дауылдай соқ нажағайлы.
1946 жыл

ОҚУ МЕН ӘКІМШІЛІК

Бір күні әкімшілік мініпті атқа,
Әбден – ақ бөленіпті салтанатқа.
Асынып қару – жарақ, саятшымен
Жүрмек боп сейіл құрып саяхатқа.

Жүйрік тазы, қыран бүркіт қолдарында,
Қолшылар сап түзеген жолдарында.
Саятшы сан алуан ертіп алған,
Қатарлап оңдары мен солдарына.

Көшені дүрілдетіп құлдай тартты,
Жолында таңғалдырып жамағатты.
Жаралғалы кешірген асау өмір,
Ызғары күндік жерден ызу тартты.
Аттанды әкімшілік дегенді естіп,
Оқу кеп жолын тосып тұра қапты.

– Ассалаумағалайкүм, ақсақал бай,
Аман ба? Аттаныпсыз хал – жәй қалай?
Деніңіз сау, жүрмісіз аман – есен,
Ел – жұртыңыз аман ба? Тұрмыс қалай?

– Уағалайкүмассалам, оқу мырза,
атыңды ертте, бекерге қарап тұрма!
Саяхатпен сайрандап сахараны
Бөлендіріп келейік қызық дуға.

– Ақылыңды тыңдаймын ақсақалым,
Саяхаттың сайраны бізге мәлім,
Шабуылмен шарқылдап өтті өмірің,
Жөн болар енді алдыңды аңғарғаның.

– Үй мынау үйретеді кімге ақылын,
Қозғалтып әкімдіктің кәрі жынын.
Бетімнен ешкім алып көрген емес,
Ішінде талай жылғы өмірімнің.

Мен оқу, тексергенмін дүние шарын,
Сырының ұғып – біліп шықтым бәрін.
Кәрі жын, ескі дерт деп жүре берсең
Тартасың надандықтың бір күн зарын.

– Мен әкім, жұрт билегем үкім етіп,
Халқымды үкіміммен тітіретіп.
Оқу, сенен мен ақыл сұрамаймын
Қалмаса кәрілігім бүгін жетіп.

– Менен ақыл сұрама, білім сұра,
Жақсылыққа бастайтын тұпа – тура.
Жұрт басқару жүйесін үйретемін
Әділдік, ақиқаттық, заң, жол – жора.

– Үкіміммен тындырам қандай істі,
Оқу, қайтып боласың менен күшті?
Менен білім үйрен деп мақтанасың,
Өзің маған емес пе ең жалынышты?

Қайраулы қара күшің, қалды білек,
Өмір сүр иығыңды маған тіреп.
Менсіз іс атқаруға жол қалған жоқ,
Көтермейсің өзіңді өзің тіреп.

Елді ел етем десең маған бас қой,
Шығармай анау – мынау сирақ – бүйрек.
Кір дағы құшағыма ал тілімді,
Надан болсаң кетеді біреу билеп.
Қара дүрсін Далбайға шаба берсең
Ақыры зарығарсың бір күн шөлдеп.

– Япырым – ай, сөзің қандай балдан тәтті,
Кісідей – ақ сөйлейсің мархабатты.
Мен сенің айтқаныңа басымды исем,
Не ғылым үйретер ең шарапатты.

– Әуелі ғылым жолын танытайын,
Үйретіп техника барлық жәйін.
Елді ағартып жеріңді гүлдендіріп,
Кеніңнен май бұлағын ағызайын.

Жайқалтып жасыл пүлыс егісіңді,
Малыңды мыңғыртамын барған сайын.
Бірін ұшқыш, біреуін дәрігер қып,
Маманын әр ғылымның дайындайын.

Жазушы, ақын, әншіңді жетілдіріп,
Әсем күй домбыраңнан ағылтайын.
Бер менің тізгінімді әкім батыр,
Әлемге тең күшіңді танытайын.
Далаңды шөл жазира гүл жайқалтып,
Тауыңа жасыл орман жамылтайын.

Оқудан жеңілген соң аз кідіріп,
Көндім деп түсіпті аттан әкімшілік.
Жұмылып бір адамдай ынтымақта,
Бастапты жалпы жұртты ғаділ тұрып.
1946 жыл

ТӨҢКЕРІС ТОЛҚЫНЫ

Кешегі біз емес пе артта қалған,
Қанаған қан жылатып ескі қоғам.
Қолда бұғау, аяқта тұсау болып,
Бұлқынсақ аш бүйірден оқ қадалған.

Гоминдаң еңсемізді езіп – таптап,
Жянгнр сұмырайлар екі жақтап.
Не зұлымдық қалмады істемеген
Сатқындар тізе бүкті намысты аттап.

Жаулардың қан сорғалап қылышынан,
Озбырлар шығармасқа уысынан.
Желкелеп елімізді таудай басып
Бізді “ салғырт ” деп соқты тумысынан.

Сол кезде бұлттай сырып түн түнекті,
Қозғады ел жауға қарсы ашу – кекті.
Көтерген бостандықтың ұлы туын,
Қалың қол сүренінен жер селт етті.

Қан майдан, қиын – қыстау күндер келді,
Бақыт үшін қан менен төктік терді.
Жан баспаған тайғақ жол, тар кешулер,
Шыңнан шыңға биікке көтерді елді.

Майданда жау қамалы талқандалды,
Дабыл үдеп бұрқады оқ бораны.
Гоминдаң шаңырағы шарт үзіліп,
Жайнады бостандықтың алтын таңы.
1946 жыл

ӘЙЕЛДЕРГЕ

Өткен өмір еді бейне қара түн,
Даламызға жайған сүркей қанатын.
Сен едің кім?
Емес пе ең күң?!
Көңілде мұң
Жатқан орнап,
Жоқ еді адам санатың.

Азаппенен өтіп босқа өмірің,
Тәрбійе алып, үйренбедің еш білім.
Малдың құлы,
Шалдың тұлы,
Үштің бірі
Болғансыңдар,
Жалған емес, бұл шыным.

Терең білім көнелікке қарғысың,
Ермен қатар теңелмеген жарлысың.
Атты таңың,
Шықты күнің,
Міне бүгін,
Қуандыңдар,
Аяулы ару армысың.

Білім үйрен, ұмтыл алға, сауаттан,
Бақытты өмір орнатуға жалпы аттан.
Теңін сүймей,
Теңдік тимей,
Ғылым білмей,
Өтсін деп тек
Емес Алла жаратқан.
1947 жыл

ЕКПІН

Желді екпін, жауынды екпін, дауылды екпін.
Екпінін желпіндіріп қиыр шеттің.
өзі еркін, өзі ерке, ен далада
ортасын орап кезген жермен көктің.

Екпінді екпін бастап екпін туар
Екпінді ел күшіне кім бар шыдар.
Екпін ұйтқып үйірілсе, жел желігіп
Екпінінен дауыл соғып, бұлт сиырылар.

Ел қозғалса дауыл ғой елдің күші,
Бөгетпе оған жаудың кедергісі?
Түн түнекті тоз – тоз қып ыдыратып,
Күн нұрын құшақтайды жердің төсі.

Осы екпін, өскен қайрат, қаһар бізде,
Тұрыстық бере алмайды дұспан бізге.
Дәл бүгін аттандық біз езілгендер
Дауылдай ашулымыз бәріміз де.
1947 жыл

НАЙЗАМ – ҚАЛАМ

Ырғай сап, қыл шашақты найзам – қалам,
Қолға алып қан майданға, жауға аттанам.
Жан аяп үйде қалай жата аламын,
Алғанда бөрі етектен, жау жағадан.

Жебесін жарқылдатып алсам қайрап,
Қадалта қақ жүректен ұр абайлап.
Заман ақыр түсіп жауларыма,
Азаттық үнін шырқап шығар жайнап.

Еліме тиісер болса жау есалаң,
Мен дайын жауынгермін, найзам – қалам.
Сөзім – оқ, даусым – дауыл қас батырмын
Ту алып, тұлпар мініп жауға аттанам.
1947 – жыл

МАЙ КҮНІ
Келдің май қуанышпен бердім салем,
Мен емес,салем берген барлық алем.
Жансызға жан,әлсізге қуат болған,
Саған талай арналған дастан,өлең.

Кел майым бастап барлық он бір айды,
Жаздың жасыл қақпасы жанға жайлы.
Еңбек,теңдік,бостандық ұлы ұранын,
Көтерген асқақ әнің қанат жайды.

Сен келсең құшағымды ашамдағы,
Биіктен биіктерге асам тағы.
Қарсы алам қадамыңды көппен бірге
Жыл сайын жырдан шашу шашамдағы.

АЛТАЙ

Ей Алтай, жазың салқын, қысың қырау,
Сылдырап аққан өзен – бейне жырау.
Тебетін алты бақан қыз – бозбала
Айдын көл жайлауымыз әне тұр – ау!

Күз келді, міне қара қазан айы,
Қадірлі білген жанға елдің жайы.
Қайран жаз қызықтырып өте шықты,
Арудай төрт мезгілдің еркетайы.

Дүниеге атың шыққан Алтай сенің,
Таусылмас қанша алса да алтын кенің.
Төбең тұр заңғар биік аспан бойлап,
Іздесем табылар ма сенің теңің.
1947 жыл

ЖАЙЛАУ

Жайлау үсті жасыл ала,
Гүлге оранып жатыр шалқып,
Кең өрісті жазық дала,
Кеудесінен жұпар аңқып.

Еркелетті беттен сүйіп,
Кештің жұмсақ самал желі.
Жас келіндей басын иіп,
Жасыл орман тербеледі.

Жайылған мал төскей тола,
Қапталды алып жатыр жылқы.
Қотанда қой қора – қора,
Мал мен лықсып ауыл сырты.

Кең алқапта қонған ауыл,
Жайып орман жапырағын.
Бай – бақытты осы ауылдың,
Гүлге орап атырабын.
1948 – жыл

 

1981 1949
МЕН ҚАНДАЙМЫН

Ал жұртым, қара маған, мен қандаймын?
Бейнесі жоқ па менде толған айдың?
Иығым гималаймен тең емес пе,
Теңдеспей мен кімдерден қалғандаймын?

Айбатым қаһармандай қару алған,
Сәулетім алтын тудай топты жарған.
Атағым бар емес пе әлемге айқын,
Еткендей табысым бар жұртты қайран.

Қажырым – қайтпас болат мұқалмайтын,
Талабым, алып күшім судай жайқын.
Тепсініп мұхит тайын толқын ұрсам,
Дұспаным сеңдей тұрып ыдырайтын.

Дауылдай буырқансам бұлтты айдайтын,
Көктеммін күліп келсем қыс қалмайтын.
Шырқасам шаттық үнім әлемді алып,
Үн қосар бір адамдай барлық халқым.
1949 жыл

ҚЫС

Түн үскірік –
Тұр ышқынып,
Сары аязды келді қыс.
Боран борап,
Қармен орап,
Жапты жерді теп – тегіс.

Аспан түнек,
Жатыр түнеп,
Соғып қыстың ызғары.
Қар ұшырып,
Сүңгі тұрып,
Бар табиғат мұздады.

Келсе де қыс,
Бізде ұлы күш –
Қажымайтын қайрат мол.
Соқса дауыл,
Алмай дамыл,
Болашаққа тарттық жол.

Шидем, шекпен,
Баса киген,
Күзетінде жылқышы.
Ақ боранда,
Сойыл қолда,
Аулақта тау жыртқышы.

Кең далада,
Сары аязда,
Бақташысы отардың.
Шепте тұрған,
Ел қорғаған,
Батырындай отанның.
1952 жыл

АЛТАЙ ЖАЗЫ

Сияқты аймен тілдес, бұлтпен сырлас,
Күнбезі сермегендей күнге құлаш.
Талай жыл тарих сырын ішке жиып
Тұрғандай құз қиялы жақпар жартас.

Жамылған ақ желегін заңғар шоқы,
Таққандай желегіне алтын шолпы.
Жаз жасыл жапырағы құп жарасып,
Құлпырып көрінеді сұлу көркі.
Көсіліп көз ұшында қалың орман,
Шырқау шың сай – саласы түгел толған.
Асаудай тулап аққан өзендері
Ақ, жасыл, сары, қызыл гүлге оранған.

Түріндей масатының жері жайнап,
Тоғайда толықсытып бұлбұл сайрап;
Құс ұшып, орман толқып, су сылдырлап,
Кең дала төз тартады гүл – гүл жайнап.

Жайлауы – мал өрісі, бүктері – егіс,
Бұлғын, құндыз, аңдары өскен тегіс.
Қойны – кен, суы – балық, қырында орман
Азат ел еңбегімен алды жеміс.
1952 жыл

ӨСЕ БЕРСІН ӨРКЕНІҢ
( Алтай орта мектебі құрылуының төрт жылдығына)

Өткен өмір ойлап тұрсаң жатыр сыр,
Сырын ашсаң ағытылар мұң мен жыр.
Жырын жазсаң күңіренген күй шығат,
Елестейді көз алдыңа сұр өмір.

Ғасыр кетіп, жылдар бітіп, ай жетіп,
өмірді алға жетелейді тербетіп.
Шер көкірек зарлы, жарлы жалшы да
өте шықты көзден жасын селдетіп.

Партяның құшағына кірген күн,
Жадырап ел, ғайып болды қара түн.
Бүгін нұрлы бай, бақытты өмірде
Әр ұлт халқы алып отыр теңдігін…

Орта мектеп сонда аталды есімің,
Есіміңді ес кеткенде естідім.
Ел төріне ғылым шамын жағатын,
Кең ашылды халқымызға есігің.

Ордаң толы алтай халқы ұл – қызы,
Ой – қырынан жанған жарық жұлдызы.
Қаласынан, даласынан гүл ашқан,
Қызыл арай нұр құйылған қырмызы.

Қаламынан өмір балын тамызған,
Тас түлектер самғап ұшар қойыныңнан.
Қырандарың сан өнерге жетіліп,
Қанат қақсын нұрлы заман шыңынан.
1953 жыл

ОҚУ БӨЛІМІНДЕ

Тоғызыншы айда мерзім басталады,
Мектептер қызмет басқарады.
“штат, штат!” деген пікір
Ауданға күп – күп тасталады.

Оқу бөлімі үстелі басында,
Аудан Әкімі де отыр қасында.
– Ауыстыру қалай болады?
– Ауыстырса қызмет жақсарады.
– Жағдайына қарай басқар өзің,
Бірақ ойла істің тезін.
Оқу басталудан бұрын
Штатын толықта дей салады.

Бөлім бастығы ойланып та қалады,
Шкаптағы тізімін қолына алады.
Сонымен,солай,
Салыстырып олай бұлай
Бірнешеуін ауыстыра салады.

Телефон шылдыр етеді,
Бөлім бастығы соған кетеді.
Тізім үстелде қалады,
Мұны басқалар көріп алады.
– Сен анаған кетіпсің,
мен сонауға шырқаппын,
ананың құдайы жасапты,
деп дүрліге барып
Бұл қабар атқа да қонады.

Біреулері күлімдейді,
Біреулері күбірлейді.
Кейі районынан
Кейі мектебінен рұқсат алады,
Салып ұрып ауданға барады,
Арыздар қарша жауады,
Арыздың көбі қаралмай жатады.
Кейбір штат көшіріліп бітпеген,
Кейіне мұғалім жетпеген,
Қайсы бірі қаралып өтпеген,
Былықтың үстіне шылық қосылып,
Штат шырма – шатуға батады.

Кейбіреулер “ Әке ” дейді,
“ Көке ” дейді, “ Бәке ” дейді, “ Мәпелейді ”,
Ондайдың жұмысы оңай бітіп жатады.
Штат және бұзылады,
Қайта өшіріледі,
Қайта көшіріледі,
Сонымен, сентәбір бітеді
Асыға – үсіге штат кетеді.

Мұнымен тына ма бұл іс,
Балықтай басынан шіріген жұмыс.
Енді мұғалімнің әкесі шабады,
Ол кәкесін табады.
Бірінің сөзінің ебі,
Бірінің қызыл құрт жемі,
Бірінің туыс тегі,
Бірінің жегжат жегі
Кәкеңді бордай үгітеді.
Мақаң орнына қалсын,
Сәкең қалаға келсін,
Жақаң жағдайым десе
Қалаған жеріне барсын,
Деген бұйрықты береді.

Бұған да айтыс – тартыс болып,
Дәлел келер бұрынғыдан да толық.
Не дерсің енді?
Ауданның оқу бөлімі
Кейімен ұрысып, кейімен келісіп
Октабірге енеді,
Кей жылы ноябірге желіп жүре береді…

Мектеп бастығымен жиналыс болады,
Қызмет жайынан мәлімет алады.
– Оқу қалай басталды,
Халық қалай қарсы алды?
Іс жоспары құрылған ба?
Оқу жоспарына көңіл бұрылған ба?
Мұғалімдер келді ме?
Штат толық болды ма? –
Деген сұраулар тасталады.

Бастықтың бірі сөзге тұрады,
Ол тұмсығын көкке бұрады.
Артықшылықты айтып тынады,
Біреулер пікірін тура тартады,
Ашып – ашып кемшілікті айтады.
– Ауыстыру тас – түйін жүрілмесе
Штат уағында берілмесе
Біреуі келіп, біреуі кетіп жатса,
Қызмет бірден бірге өтіп жатса,
Деп кемшілікті оқу бөліміне артады.

– Мектепті көзбен көрмейсің,
Кезінде нұсқау бермейсің.
Сауысқаннан сәлем жолдап,
Жайғап сырттан жөндейсің.
Қағазың шашылып,
Сырың ашылып жатады,
Штаттар басылып жатады,
Бұларды көзге де ілмейсің.

біреуге саулы інгендей иіп тұрасың,
Біреуге аспандағы айдай биік тұрасың.
Қабағы сәлге қатып тұрасың
Иығы зорға жатық тұрасың.

Астарлап сөзіңді сатасың,
Көзіңнің қиығын атасың,
Деп басталады сынның тағы бір түрі.
Кейінің сыны бастала беріп,
Тына қалады жасқана келіп.
Аяғын айтпай отыра қалады
Алдында бөлім бастығын көріп.

– Айтып жаман ауыз болмайын,
Онан да соның өзін қолдайын.
Егер ішіме симаса
Кейін қағазбен жолдайын.

Бөлім бастығы мойындай қалады,
Өзгертпек қаулы алады.
Бірақ, амал қанша,
Айтылды болды,
Ақ қағаз жазуға толады,
Дяла шкапқа жарады,
Қаулы босқа қалады
Келесі жылғы жұмыс әуелгі салтын табады.
1953 жыл

ТӨРТ ТҮЛІКТІҢ ТӨЛІ
1

Момақаным,
Қошақаным,
Сүйкімдісің баладай.
Бұйра жүнің,
Сұлу сының,
Сымбаттысың алақай!

Су бойлатып,
Жарға ойнатып,
Бағып көргем жыл талай.
Ойнағаның,
Тоймағамын,
Қызығыңа алақай!

2

Әукім, әукім!
Бұзауқаным,
Томпиғаным томпайдай.
Барақ жүндес,
Балпиған мес,
Шара басым, алақай!
Ойнақтатып,
Көңілім шалқып,
Бағып көргем мен талай.
Кең жайлауда,
Көк шалғында,
Ержетерсің, алақай!
Сүті балдай,
Қаймақ пен май,
Енең сенің мамажәй!
Арбақ мүйіз,
Аршын өгіз
Боп өсерсің алақай!

3

Құлыншағым,
Ұрыншағым,
Жайнап көзің танадай.
Қамыс құлақ,
Мүсін сұңғақ,
Арғымағым, алақай!
Қаз мойыным,
Салшы ойының –
Құлаттағы құландай.
Күлте құйрық,
Шапса жүйрік,
Тұлпар тұяқ, алақай!
Батыр ұлан,
Әбізал тұрман –
Тақса, мінсе сайма – сай!
Жауға аттанар,
Ол да ат болар –
Батыр мінез алақай!

4

Ботақаным,
Боздағанын –
Кім тұрады тыңдамай?!
Жібек жүнді,
Сондай сынды –
Қымбаттысың алақай!
Сарбаз атан,
Құп жаратам –
Екі өркешің баладай.
Бұйра құмды,
Бұйырғынды,
Жерде бағам алақай!
Құба жүнді,
Құмайт шөлді,
Құлан түзді талғамай.
Ұлы отанға,
Бүгін таңда –
Жүк тартасың алақай!

5

Ой мен қырдан,
Еңбек – думан,
Бақыт құшқан елім бай.
Тез өседі,
Тел өседі,
Төрт түлігім алақай!
Ну орманды,
Көк шалғынды,
Топырағы шылқа май.
Ауасы бал,
Салқын самал,
Жерім қандай алақай!
1953 жыл

КӨКТЕМ

Гүрілдеп жарға соғып асау Ертіс,
Толқыны толқынға ұрып өркеш өркеш.
Күн нұры жер құшақтап селдеді қар
Көбігін көкке атты өзен ертелі – кеш.

Алысып арнасына симай тулап,
Көк иірім көбіктеніп жатыр шулап.
Жағада жел үйіріп толықсиды
Жаңадан көтерілген жасыл құрақ.

Аспанда топ – топ қалқып құстар ұшып,
Жатады жас балдырға кейі түсіп.
Мәуелеп тұрған орман жапырағы
Құмартар алтын сәуле нұрды құшып.

Жаз шуақ, жадырады жазықта мал,
Жас төлді тербетеді жылы самал.
Қуаныш құшағында шаттық үнмен
Жасарып ел өмірі, жан жадырар.
1953 – жыл

ТАҢ САМАЛЫ

Шығыстан нұры жарқырап,
Таң таратты жарығын.
Таң алдында таласып,
Шығады көкті жарып үн.

Сол үнге үн қосқандай,
Еседі таңның самалы.
Толықсып желмен қызыл гүл
Шықтан моншақ тағады.

Сылдыраған тас бұлақ,
Төстен құлап ағады.
Таң бұлбұлы толқытып,
Жүз толғап ән салады.

Төгіліп күннің сәулесі,
Жарқырап әлем нұрымен.
Таң самалы елімді
Қуанышқа бөлеген.

Таңмен бірге талпынып,
Шыққан үйден жұмысшы.
Таң самалын құшты да
Қыздырды батыл жұмысты.
1954 – жыл

АСТАНАҒА АТТАНАРДА

Көтерілді күн күлімдеп,
Шықтым міне аттанғалы.
Ауылдастар:“Жол болсын!”деп
Келіп жатыр шат жандары.

Көздерінен күлімдеген,
Махабаты көрінеді.
Коспартия — күнім деген,
Естіледі жүрек сөзі.

Қол бұлғасып дос жаранға,
Қуанышта жан,жүрегім.
Кеттім алып,астанаға,
Аулымыздың салемдерін.

АБАЙ
Қазақ десе түседі Абай еске,
Дәуірінің алыбындай жатады есте.
Ұшынан қаламының жыр сорғалап,
Тұрыпты сары арқаны алып төске.

Шыңғыстың қыранындай құзында өскен,
Өмір жасап өтіпті өр күреспен.
Түн түнекте бостандық жасапты ақын,
Тар заман,тар жол,тайғақ өмір кешкен.

Күй төгіп,жырға қосып халық мұңын,
Көтеріп туған елдің ауыр жүгін.
Халықтың жүрегімен тоғысқан жыр,
Сырласып ұрпақтарға жетті бүгін.

Дәуірден аңсап күткен тапты арнасын,
Бүгінгі өренменен қосқан басын.
Өз қолымен тұрғызған ескерткіштің,
Ардақтап отырамыз әрбір тасын.
1957жыл

НАР ТӘУЕКЕЛ , ТІЗГІНІМДІ АЛ ӨЗІҢ

Тар жол тайғақ,тұр міне,асу алдымда,
Шырқау шыңды,құлама құз,жар мұнда.
Уа дүнйе,не істеп мен саған,
Тағы әкеліп бұл қиынға салдыңба?

Өтіп едім сан ауырын өткелдің,
Азап маған тағы міне тап бердің.
Мен де өмірде шешінген ер,тайынбан,
Толқыныңа тағы бетпе — бет келдім.

Нар тәуекел тізгінімді ал өзің,
Адалдық тек болса ізгі мінезің.
Менің қайсар қарт жүрегім алысып,
Торығудың қара торын үз өзің.

Ал үмітім — асуды асар серігім,
Қал,уайым,
Қажет еткен сені кім?
Асау таймен жағаласып өскен ұл,
Арпалыспен жалғай берсін өмірін.
1958жыл

ШЫРАҚ ЕТІП ТАЛ ТҮБІНДЕ ТҮНГІ АЙДЫ

Осы менің құным барма тиындық?
Жүруден де,күлуден де тиылдық.
Жағаласып жаға—жеңнен айырылып,
Енді ауызға сөйлемеуге бұйырдық.

Бірақ тағы жүрек шіркін тынбайды,
Ол мойындап көрген емес мұндайды.
Сол еркемнің соғуларын түсірдім,
Шырақ етіп тал түбінде түнгі айды.
1959жыл

ШЫНДЫҚ ҚАЙДА

Шындық деген шынайы жоқпа өзі?
Жел өкпенің озған ба желеу сөзі?
Жыл киылып айрылған жағасынан,
Болғаны ма жарлының жалау бөзі?!

Шындық қайда?
шіркінді мен таппадім,
Өтіріктің сан бастым сұм қақпанын.
Өтірікті шындық деп судай сабап,
Атым адам болған соң ар сатпадым.
БОҒЫДА КӨЛІНДЕ

Аспан көл аспаныңда тұрмын бойлап,
Ақбас шың, қарағайлы шоқыңды ойлап.
Дәуір маған әкелді қайта өмір,
Құлпырады дәуірім гүл – гүл жайнап.

Өмір маған жырла деп қалам беріп,
Елмен бірге силады маған ерік.
Тиәншәннің айбынды айдын көлі,
Шабыт іздеп шалқыдым саған келіп.

Тауларыңдай таласып аспанменен,
Тұнығыңдай мөлдірін шашқанда өлең.
Өмір шіркін өзіңдей сезіледі,
Шабытты ойды биіктен бастар ма ең.

Боғдадай бойлай – бойлай асар ма едің,
Ұлы таудай ұлы ойға батар ма едің.
Ай мен күн айдыныңа құлап түссе,
Тұнығыңда толқытып жатар ма едің?!
1978 жыл

АСЫЛ АЛҚАП
( Ән тексі )

Қойының кен, қыртысың май, қырқаң орман,
Сары жон жайлауыңа ауыл қонған.
Мыңғырып қора – қора қой өргенде,
Көргенде көз сүйініп көңіл толған.

Қайырма:
Сай мен сала,
Сағымдана,
Жатыр дала
Тамаша – ау, менің сахарам!

Жайқалған гүлді алқабың алтын дәнің,
Көңіліне күй құяды көрген жанның.
Елімнің ыры сен, тынысы сен,
Жоғалтқан жоқшылықтың қайғы – зарын.

Қайырма:
“ төртте ” осызаманданған ғылымменен,
өсетін, өркендейтін қалдырмай кем.
Ұзақ сапар шайқасқа бастық қадам,
Ел болып басқалармен жасаймыз тең.
Қайырма:
1978 жыл

ӨЛЕҢІМ ГҮЛ АШАДЫ

Мен қолыма қалам алып тебіренсем,
Күркіреген айдын шалқар ой кешем.
Ақша бұлттар баурайына түнеген,
Мынау Боғда бійігімен теңесем.

Менің өмірім келе жатыр бійіктеп,
Туды қайта бостандықты сүйіп тек.
“ төрттік төбе ”тұсында да лаңды,
Болашақтан, нұрлы өмірден үмітті ек.

Бүгін ойым көк өзендей тасады,
Албырт жүрек, жалын атқан жас әлі.
Жетпіс бестің биігінен құлпырып,
Қожа шөптей өлеңім гүл ашады.
1980 жыл

ӨМІР— АДАМ ЫРЫСЫ
Адам қымбат, өмір – адам ырысы
Ақыл мен ой – өмірінің тынысы.
Өткен күннен өшпейтұғын із қалса,
Ол адамның бәрінен де ұлы ісі.

Ойда ғылым, ойда әділет, ойда ақыл,
Ойлы жүрек бәрінен де шын батыл.
Ойдың шексіз мұхитының түбінде,
Салмақ тартып сап алтындай сыр жатыр.

Ой бар жерде ұлылық бар, табыс бар,
Ойда отаншыл, ойда ұлттық намыс бар.
Өмірінен көтерілер мұнара,
Болса егер ой теңізге кім құштар.

Есептеспей абыроймен, даңқпен,
Ойың сенің ортақтассын халықпен.
Сонда ғана мұзарт таудың үстінде,
Қарағайдай мәңгі өсесің жарып сен.

1980ж
НЕ ДЕР ЕҢ
Көрейін деп даламды,
Жетектеп алып баламды.
Айналаға көз солдым,
Бетке алып салқын самалды.

Күңгірт тартып тау үсті,
Жасырады алысты.
Кешкі ауыл шуылы,
Тыныштыққа ауысты.

Арайлы шапақ жырақтап,
Қайтты алаулы күн аптап.
Түнгі аспан жымыңдап,
Жақты сансыз шырақты ап.

Күркіреп ұрып жағаны,
Өзендер тынбай ағады.
Жұлдыздардай жүректе,
Ойларым шырақ жағады.

Билеп алған бұл мені,
Көңілде туған жыр ма еді?
Өлеңнің пірі жетектеп,
шабытқа бастап жүр ме еді?!

Сұраған тәтті немерем,
Жыр бермесем не берем.
Күбірлеп жүрген атаңа,
Сәп салсаң егер не дер ең?!
1980ж

МЕН КІМДІ МАҚТАП ЕДІМ ЖАЛБЫРАҚТАП

Мен кімді мақтап едім жалбырақтап?
Иәки тілдеп, зіркілдеп, Иәки даттап.
Асыра сілтеп сары ізіне шөп салып,
Жіпке тізіп тергіштеп хаттап, шоттап?

Мен кімге құлдық ұрдым өмір үшін,
Абыройынан айналып көңіл құсым.
Бар ойым көпке ортақ болсам деймін,
Елім үшін сарқылса жалын күшім.

Сен істесең келешек ұрпақ үшін,
Ол адам болғандағы зор табысың.
Алдамкөс, өтірікші болсаң егер,
Айрандай ақтарылар ар-намысың.

Адам деген атыңа, арыңа сен,
өз жүрегің өзіңде барына сен.
Бірдің орны, біреудің форумы деме.
Бірін әсем көрме сен, бірін бәсең.

Ол да адам ғой, ол менің замандасым,
Демеймін ол да өмірден алаңдасын.
Білесің бе бұл ұзақ сапарыңда ,
Адам екі дүниеге жаралмасын.

Сенде алаңсыз жасай бер, сапарласым,
Уақыт аялдатпас от арбасын.
Көл-көсір жақсылығым тимесе де,
Жамандығым сені отқа апармасын.
1980ж

ОҚЫ, БАЛАМ, ЖАҚСЫ ОҚЫ

Оқы, балам, жақсы оқы,
Атаң мектеп көрмеген.
Әптійекті үйде оқып,
“ сарып – наху ” білмеген.

Маған білім керек – ақ,
Уақыт мұрсат бермейді.
Үйренуге махаббат,
Жүрегімді кернейді.

Сенің дәуірің бір басқа,
Мектебің бар қорада.
Білімге терең құнығып,
Жақсы оқымай бола ма?

Мен де сенің қасыңда,
Бөлмейін деп назарын.
Кітабымнан оқыған,
Естеліктер жазамын.

Пысықта әбден сабақты,
Есебіңді шығарып.
Ата – бала жарысып,
Аз болса да ұғалық.

Түн ішінде алаңсыз
Оқысын деп оқуын.
Болсам дағы шаршаған,
Жатпай тосып отырмын.
1980 – жыл

НЕМЕРЕМ
Өз баламнан ыстығырақ немерем,
Оларға бар махаббатты беререм.
Былдырлаған сөздері сен күлкісі,
Мені шексіз қуанышқа бөлеген.

Бір мұнара бақ орнатқан басыма,
Қаз — қаз басқан ұрпан деген осы да.
Олар — менің жаңа өмірім гүлденген,
Самайдан ақ өрлеседе басыма.

Мен бар жерде арқаланар ол маған
(Бәріненде сол қылығы бал маған),
Тентектігі кетседе асып,келіннің —
Мені сыйлап қолы ұруға бармаған.

Кіршіксіз—ақ оның сәби жүрегі,
Қанша ойнаса сонша күнде түледі.
Ертек аит деп ес—ақылды шығарып,
Айтып берсең шат—шадыман күледі.

О дегенің балалы үй базар да,
Ал олардың өмірі алда,жазы алда.
Уа,тәңірім,бақытыңды бере гөр,
Қайғы—қасырет оралмасын оларға.
1980жыл

ҚҰРДАСҚА ӘЗІЛ

Кәрілерге күлуші ең сен жасыңда,
Сен де бүгін ақ самай болғансың ба?
Салмақ тартып мінезің, бойың шөгіп,
Қорытылған ұқсайсың қорғасынға.

Жалдар көші зымырап самғағанда,
Титтей маза табам деп сонда жанға.
Уақыттың тізгінін тежей – тежей,
Ауызда тіс, бойда күш қалмаған ба?

Той тойлап, думандатып, жүргенде ән сап,
Аптық көңіл ұғыпты көбін жаңсақ.
Бір күн қуып кәрілік жетер демей,
Мәз болушы ең басқанға бір күнге алшақ.

Көп құрдастан қалыппыз ілуде бір,
Кетіпті талай – талай құрбы не бір.
Қалжың айтар жеңге мен жезде азайып,
Әзілден де алшақтап құрғыр көңіл.
1980 – жыл

ОРМАНДЫ КЕЛЕМ АРАЛАП

Аралап келем романды
( Асау өзен жағасын ).
Немерем менің жүгіріп,
Гүлден алқа тағасың.

Жайқалған егін, ну орман,
Барады дала гүлденіп.
Тұрады қойлы ауылдан
Жамырасқан үн келіп.

Құбылтып құстар сайраған,
Әуенін естіп даланың.
Осы нұрлы дүниеден,
Терең сезім аламын.

Самал желмен тербелген,
Орманды келем аралап.
Уа, дүние қашан да,
Тыныштық саған керек – ақ!
1980жыл

АРМЫСЫҢ АЯУЛЫ АРАЛЫМ

Келбеті жатыр өзіңде,
Мерейі өскен бабамның.
Мейірімі жатыр өзіңде,
Ақ пейіл адал анамның.
Армысың аяулы Аралым!

Қас батырдай қасқайып,
Асынған қару – жарағын.
Майданға тартқан ерлердің,
Келбетін сенен табамын.
Армысың батыр Аралым!

Сәукеле киіп, шоқ шеккен.
Сұлудай сенің жамалың,
Қапталың орман, бауырың гүл,
Құлпырып міне қарадың.
Армысың сұлу Аралым!

Төсіңнен қалың мал өрген,
Қойнауың толы қуаныш.
Бақыт пен байлық ордасы
Армандай тұрған тым алыс.
Армысың бақытты Аралым!

Сәлем саған, нұрлы аспан,
Асқарлы тау, айдын көл.
Сәлем саған, кең пейіл –
Бақыт тапқан байтақ ел.
Армысың ардақты Аралым!
1981жыл

ӨСКЕН ЖЕР

Айналайын, аралым,
Ата – бабам өскен жер.
Жауын қуып шайқасып
Қызыл қанды кешкен жер.
Боз інгенді боздатып
Анам көшін тартқан жер.
Ақтылы қой қоздатып
Атам бақыт тапқан жер.
Тобышақ атты құйғытып,
Көкпар тартып шапқан жер.
Көш – жөнекей сызылтып,
Жеңгем әнге басқан жер.
Қыз, боз бала жиылып,
Қызығыңа батқан жер.

Қаптал – қаптал қарағай,
Қайыстырған беліңді.
Кең қоныста ақ боз үй
Көруші ем дарқан елімді.
Шалғыныңа жасырып,
Тарттым талай желімді.
Бесті асаумен алысып,
Тарқатушы ем шерімді.

Айналайын, Торғайтым,
Төскейіңде мың бұлақ.
Жасыл ала жағаңда,
Жайқалады сан құрақ.
Тас тұмадан су ішіп,
Жылқым өрген шұрқырап.
Сарбаз атан, саулы інген,
Сар жоныңда самалдап.
Қыратыңда құйқалы
Қойым өрген мың қырат.
Шанда біреу кезігер,
Сендей мекен жаралмақ.

Қорығыңа қамалап,
Әкем аю атқан жер.
Жылқы іңірттеп, жесек сап,
Өрлі – қырлы шапқан жер.
Ат апарып, серне алып,
Тартыспенен өскен жер.
Ойдан қалай шығасың,
Қызығыңды кешкен жер.
Сауық – думан қыздырып,
Алты бақан тепкен жер.
Әнге шырқап сызылып,
Жүрек қылын шерткен жер.
Ақ көйлегін сыздырып,
Сүйген жарды ерткен жер.
Жас өмірді өткізген,
Ыстықсың – ау өрттен жер!
Қуат берген дәуірім,
Әлі талай асам бел.
Балалары ауылдың,
Алдан шығып атам дер.
Бал бұлаққа бас қойып,
Құшағымды ашам жер.
Өміріңді көркейткен,
Компартиям жасай бер!
1981жыл

СӘЛЕМ, ІЛЕ

Сәлем, саған ауылым,
Сәлем, іле өзенім.
Көркіңе сенің көз салдым,
Талқының асып кезеңін.

Құлпырып жатыр кең дала,
Басады көркі атағын.
Кең даланың қызығып,
Көркіне балқып батамын.

Ақ жаулықты анадай,
Тяншанның ақ басы.
Көрінеді көсіліп,
Жоңғардың қарт қақпасы.

Бар салаңның бәрінде,
Шежіре жатыр, жыр жатыр.
Шырқаған жеңіс әніне,
Адамдайсың бір батыр.

Арпалысты өткерген,
Кетпейді күндер есімнен.
Алып тайсың тыныстап –
Қан көйлегін шешінген.

Сан ғасырғы жарадан,
Жазылғанда бүгін сен;
Құлпырасың гүл жайнап,
Аруым сен, гүлім сен.

Сағындым сені ,шалғайдан,
Көрейін деп келемін.
Армысың алып туған жер,
Арындап аққан өзенім!
1981жыл

БАТА

( іле қазақ аптономялы облысының күнесте өткізілген
6 – реткі ақындар айтысында)

“ Омиін! ” десең батамыз,
Мирасы қазақ атамыз.
Жалғастырған мұраны
Ақ еділ дарқан ортамыз.

Бата дарып, бақ қонған,
Ырысты қазақ халқымыз.
Көп тілеуін тілейтін
Бабадан қалған салтымыз.

Құтты мекен қоныс бар,
Ырғынға енген тұрмыс бар.
Батамыздың бас сөзі –
Парияға алғыс бар.

Бұрынғының артымын,
Қазырғының қартымын.
Ақ батамды берейін,
Тілеуін тілеп халқымның.
Қазақтың дәстүрінен
Алтайдың ұлы тау асқарынан,
Абақ атамның ауылынан
Жайырым мен Сауырымнан.
Жәнібектің өренінен,
Алтайдың өзенінен,
Тяншан асқар тауыңа!
Сайрамдай дастарқаныңа!

Қызай анамның әулетіне,
Сарқылмас дәулетіне,
Алуан – суан, матайыма,
Алқалы ел атағыңа. –

Ертісімдей тұнық бата,
Үліңгірдей ұлық бата,
Қанастай шалқар бата,
Берейін дарқан бата!

Берекелі елің болсын,
Бейіштей жерің болсын!
Сарқылмас көлің болсын!
Қабанбайдай ерің болсын!
Өрелі ұландарың болсын!
Ақ иық қырандарың болсын!
Ақыметжан, Шарыпқандай көсем болсын!
Бықыш пен Көдектей шешен болсын!
Ақыт, Әсет, Таңжарықтай ақын болсын!
Бейсенбі, Әшім, Әліпбектей күйшің болсын!

Жастарың жалынды болсын!
Ақындарың дарынды болсын!
Сахараң сәнге толсын!
Сахнаң әнге толсын!
Далаң дәнге толсын!
Өрісің малға толсын!
Омартаң балға толсын!
Тойың тойға ұлассын!

Көк қасқа тайға бата,
Ақ сарбас қойға бата,
Осындай дарқан тойға бата,
Беріпті талай Ақжолтай ата! –
Айтылған батам солардың жолы,
Жайылған жомарт ұрпақтың қолы,
Барлығыңа ортақ беремін бата,
Батамды қабыл етсін,
Батаның түп иесі қызыр ата!
1981жыл

ЖАЙЛАУЫНДА ШАҚПЫНЫҢ

Ән шарықтап жайлауында шақпының,
Көтереді еліміздің шаттығын.
Тяншанның еміреніп аспаны
Мейірлене нұрын төгіп жатты күн.

Мейірленіп нұрын төкті осы күн,
Азандатып Таңжарық деп есімін
Қойғанында,
бесік жырын ана айтып,
Жаңбыр жуып, жел тербеген бесігін.

Содан әнге үйір болып ұл өсті,
Өмірден ол аз алмапты үлесті.
Азамат боп ел тілегін жоқтады,
Бүкіл елі ақ тілеуін тілесті.

Жыр ағытты, сыр ағытты нөсердей,
Оның үні ел үмітін шешердей.
Үрімжінің түрмесінде жыр жазды,
Алмас қылыш ақ кісенді кесердей.

Уа, Ғаламат, асыл жырлар пәрменді,
Ұлы елдің үмітіне дем береді.
Күй боздатып, ән қоздатып келіпті,
Ақын қайтып оралғанда елге енді.

Ақын әні жалпақ елге таралған,
Әнінде оның азаттық пен мол арман.
Оның әні өшпейтін ән үйткені,
Бүкіл елдің тілегінен жаралған.

Әне сол жыр кезеңінде шақпының,
Көтеріліп шарықтады тап бүгін.
Елің енді шырқағанда өз әнін
Қадырлы ақын, сен тірілдің нақ бүгін!
1981жыл

ҚҰЛЖАНЫҢ ТӘТТІ АЛМАСЫ

Ағаш басын иіп тұр,
Құлжаның тәтті алмасы,
Түспесінші үзіліп,
Қол тигізіп қалмашы.

Қия алмастан аттандым,
Құлжаның тәтті алмасын,
Оқи алмай қалғандай,
Тәтті жырдың жалғасын.
1981жыл

ҚОШ БОЛ КҮНЕС

Қош бол, күнес, көркем күнес, бай күнес,
Табиғаттан алған еншің кенде емес.
Ну орманды жасыл далаң құлпырған,
Жер ұйықпен жаралғандай іргелес.

Айқай, менің қазағымның даласы.
Ән шарықтап ақ өзеннің саласы,
Мал боп лықсып, дән боп толқып ағылып,
Шалқар байлық шалқып жатыр қарашы!

Күйі кернеп домбыраның шанағын,
Әні кернеп Тяншанның алабын.
Жыр боп келіп, жыр боп кеткен өмірге,
Айқай, менің қадірменді қазағым.

Қош бол, күнес, құлақасқа өзенім,
Көркем шақпы, гүл жайнаған кезеңім.
Асан қайғы желмаямен кезгенде,
Төккен бе екен байлық, бақыт өзегін?

Қош бол, менің ба таласым түсекем,
Сабақтасым, ағартушы Әсекем.
Ақ сақалы ақ төсінен күн шалып,
Белгісіндей қазағымның тұрса екен!

Қош бол, менің аға – бауыр туысым
Ұл – қыздарым – дәуірімнің гүлісің.
Үп етіп жел, қара боран бұрқырап,
Шайқамасын шалқып жатқан ырысын!
1981жыл

ДАСТАНДАР

« МӘЛБІЙКЕ »НІҢ ӨМІРІ

Жарық күн жайраңдады нұрын шашып,
Жадырап жазғы маусым маужырасып.
Қарт алтай ақ сәлдесін алды бастан,
Бурыл шаш бұлтпен сырлас араласып.
Оралған ақ көбікке асау өзен,
Арқырап жар соғады кейде тасып.
Серпілген, көтерілген көңілменен,
Жан – жануар күн сүйді мауқын басып,
Орады жердің бетін масатыға,
Жер көктеп, ағаш бүрлеп тұр жарасып.
Ал қызыл, сары жасыл гүл шешектер,
Хош иіс төңірекке жұпар шашып.
Жанданып қыс бекінген құрт – құмырсқа,
Жүгірді бет – бетімен жыбырласып.
Көлбеңдеп көбелектер қанат жайды,
Көңілді жаз тойына араласып.

Топ жазбас ақ керуен – аққу қаздар,
Сап түзеп келді ұшып қатарласып.
Мейрімді барлық заттың жер анасы
Қосылды көптен күткен күнге ғашық.

Жан иесін қуаныш шаттық кернеп,
Бозторғай шырылдады аспанға өрлеп.
Сағынған әсем, сұлу жаздың көркін
Шақырды байғыз, көкек “ келсең кел ” деп.

Күн күлді, жер балқыды мұзын ертіп,
Дауыстар көтерілді көкке серпіп.
Тоғайды дуылдатты бұлбұл сайрап
Құттықтап қуаныштың күйін шертіп.

Тұрса да күн мейірмін сонша төгіп,
Тастамай тірі жанды сыртқа теуіп.
Жалғыз – ақ Нұрбақытқа етпеді әсер
Көңілінің жарасына нұрын сеуіп.

Ол жара жазылмастай кекті жара,
Тағдырдан таяқ жеген көңілі қара.
Ата – ана жеті жаста жетім тастап
Кездескен ауыр тұрмыс бейшараға.

Нұрбақыт он екіге енді жетті,
Төрт – бес жыл жетімдікте өмір өтті.
Өксіген шер көкірек бір басылмай
Жас жаны жәбірленді, жапа шекті.

Бақпады тым болмаса жеңгесі аяп,
Жеңгенің жан ашыры некен – саяқ.
Ұрт мінез, орақ ауыз, көк долы жан
Шаяндай сөзбен шақты аямай – ақ.

Қарғыстың бәрі жауды бұған арнап,
Көзінің сорғалады жасы парлап.
Көңіліне біраз ғана ұнамаса
Жетімдік кем – кетігін айтты талдап.

Тұрмыстың жас басынан уын ішті,
Жас жанын сығымдады құрсау күшті.
Еркелеп ата – ананың құшағында
Азғана жүрген күндер еске түсті:

Ес жинап, етек жауып жүрген күндер,
Балалық ойын ойнап күлген күндер.
Біреудің еркек шора жалғызы деп
Назданып нәзік сыңқ – сыңқ күлген күндер,
Қарайған ат басында “құлыным ” деп,
Қадырын ата – анасы білген күндер.

Жібектей қара шашын сылап – сипап,
Бұрымын талдап – тарап өрген күндер.
Қарағым, қарның ашып қалмасын, деп,
Сыдырып сүттен қаймақ берген күндер.

Ол күндер жас шыбықтай балғын күндер,
Жазғы орай, күзде пысқан шалғын күндер.
Даусындай жас құлынның шіңгір етіп,
“ Апа ” деп ерке, нәзік шыққан үндер.

Мөлдір жас соны ойлап көзден тамды,
Көңілді басқан қайғы от боп жанды.
Түйілді тамағына ашты түтін
Тарылды демалысы – естен танды.

Еркелеп ақ төсінде өскен анам,
“ Құлыным ”, “ апатайым ” дескен аннам.
Еңіреген зарымды естірмісің
Қызғыш боп қатер жолын кескен анам.
Тұманға, тұңғиыққа кеттің тастап,
Тал түсте адастырып естен анам.
Сен өттің, сорлы балаң не көрмедім,
Ата – ана тірі болсаң бүйтер ме едім?!
Жүргенше бұл қорлыққа күйіп шыдап,
У ішіп, отқа түсіп неге өлмедім?!

Осынау жадыраған жаздың көркін,
Жан біткен құшып, сүйсе емін – еркін.
Орынын қуаныштың қайғы басып
Қозғады Нұрбақыттың қасірет, дертін.

Кең дүние ығыстырды мұны шетке,
Алмады адам ғой деп бір есепке,
Сондада үміт шіркін таусыла ма
Тағы да ой жүгіртті келешекке.

Бір үміт келе қалды санасына,
Көз жетпей үші – қиыр қарасына –
Кетіп ет нұрбақытқа құдаласып,
Қойлыбай үш жастағы баласына.

Өмірдің табылғандай тыянағы –
Жылт етті үміт оты қиядағы.
Кім білсін әлде сұңқар, әлде қарға
Жұмыртқа жарылмаған ұядағы.

Әйтсе де бұл жаңалық басындағы,
Бір белес секілденді жасындағы.
Ата – ене, ауыл – аймақ қадірлесе
Қарықтың сол емес пе ашылғаны.

Жас өсіп, жарлы байып ер жетпей ме,
Ойатып жастық сезім тербетпей ме?
Жас болса да, күйеуі жәйлі болса,
Сырласып, сыбырласып, шер бітпей ме?

Ақ білек мойынға кеп артылмай ма?
Жаттық сөз, жайдары әзіл айтылмай ма?
Таусылмас сел болса да көздің жасы
Еріксіз ода құрғап тартылмай ма?!

Лезде, осы елестер ойын басты,
Тұлпардай жүйрік қиял алып қашты.
Мұңменен көзден аққан жасын сүртіп
Кең мейірім табиғатқа араласты.

Кәнеки талма бұлбұл, қалма сайра,
Сергітіп аш көңілді осындайда.
Жалғассын жастың жаны болашаққа
Лебізбен жан сүйінер жылы майда.

2
Көкжиек алтын арай жәйді қанат,
Күңгірт қызыл бояуға оралды алап.
Көз қысысып сансыз жұлдыз күлімдесті
Жыпықтап көк жүзіне алған тарап.

Түн орнады, уақыт кешті ұзатып,
Ай туды табиғатты маужыратып.
Бүртік бұлт, үп еткен жел, қыңқ еткен үн –
Бәрі жоқ бір мейірімге қалған батып.

Төскей бет, төңкерілген төбемен қыр,
Көрініп ұшынан бұлдыр – бұлдыр,
Әр қоныста бай ауыл қотанды қой –
Алыстан естіледі түнгі сыбдыр.

Кең қотан, қоралы қой жымдай жатқан,
Ұйқыға қой мен қойшы бәрі батқан.
Қой шетінде жабығып “ Малбике ” отыр
Жүдеу бас, өңі сұрғылт, қабақ қатқан.

Бүкшие тізесіне қойған басын,
Ақтарып ауыр ойдың үстін – астын.
Ысқырып айналаға қарап қойып
Көзінің мөлтілдетіп төкті жасын.

Бұл кезде келін еді ол оң жақтағы,
Ойлаған орнайды деп басқа бағы.
Үміті көптен күткен селге кетіп
Тұнжырап ойға батты қас – қабағы.

“ Ата екем, “ Нұрбақыт ” деп қойған атың,
Бақытты болсын деген ишаратың.
Өсірген, әлпештеген ерке балаң
өмірдің тартты бүгін зарапатын.

Сұм ене “ Малбике ” деп ат байлаған,
Бұл қорлық ет жүректі ен жайлаған.
Өзгертті ата – анамның қойған атын
Жоқ едім ойда тұр ғой түсте ойлаған!

Жолықтым ауыр тұрмыс қармағына,
Рақымсыз шыдармын ба салмағына.
Байым жас, енем кезеп, атам надан
Қызыл құрт болдым жұтпа қармағына.

Тірі жан менен басқа сайран еткен,
Сүйеді бірін – бірі махаббатпен.
Барма екен мендей сорлы бұл өңірде
Еңіреген, зорлық көрген, жапа шеккен!

Бала күн жайраңдаған қызық шағым,
Болар деп ойлағам жоқ мұндай бағым.
Ат қойды тоғыз түрлі кезеп Ене:
“ Малбике ”, “ Күңбике ” нің тақты бәрін.

Торқа орнына тон киіп, талқан жедім,
Сақтаулы ескі – құсқы бәрі менің.
Күң болдым, отты жақтым, сапылдадым
Бейнетін арқаладым дүниенің.

Ат тақты қатты жүрсем “ шаңды аяқ ” деп ,
Жасыдым жастайымнан мен таяқ жеп.
Ене жұлды шашымды жездей қақтап
Салдақы, сумақы қар деп жебірлеп.

Тұшты етті ашты таяқ жаралады,
Ата – Ене мұң зарыма қарамады.
Өктем күш темір шынжыр кигізген соң
Талабым талпынса да қараланды…”

Қайғы – зар, мұң – қасірет кетті басып,
Есінен айрылғандай тұрды адасып.
Қиялдың кең құшағы басқан кезде
Бір қасқыр қойға кетті араласып.

Ұмтылып “ Малбике ” де салды айғай,
Ышқынған ашты даусы шықты – ойбай!”
Әзерге бір тоқтының таңын жұлып
Арманда кетті қасқыр бір тоя алмай.

Киініп Қойлыбай шал жатыр тұрып,
Есіктен шыға сөйлеп құтырынып:
“ қап әлгі қайда кетті, салдақы қар
Ұйықтап қалды ғой ” деп құдай ұрып.

Енесі бұрқылдатты үйде жатып,
“ Сен күңді малым беріп алғам сатып.
Алдыңа сыбағаңды таң атқан соң
Қоярмын қос табақпен ” деді тартып.

Дауыстар “ Малбике” ні жерге тығып,
“ Жалмауыз ” көрінгендей көрден шығып.
Қораның шетіндегі бір шұңқырда
Бүк түсе домаланып жатыр бұғып.

Тоқтады шал мен кемпір дауылдатып,
Малбике қасіретке кетті батып.
Өмірдің ұшатығұн мезгіліндей
Сұрланды зұлымдыққа кек қайнатып.

Ой өршіп, ашу қысып, қиял басып,
Тұрғандай алда бақыт құшақ ашып.
Сол мезгіл өмір өлім таласында
Үміт пен қасірет жатты құшақтасып.

Сан қял көз алдына елес беріп,
Жақсы өмір бар дегендей саған серік.
“Ұл туса — күн туады ”дегенді ойлап
Тоқтады болашаққа ой жіберіп.

Алғандай қуанышпен қайғыны ұтып,
Кетпес деп түгел жоқ боп бәрі бітіп.
“Бала тапсам бақ қонар”деген оймен
Тоқтады келешектен үміт күтіп.

3
Үлкен тау,шатқал өзен,заңғар биік,
Күн нұры табиғаттың бәрін сүйіп.
Гүлденіп түрлі түспен шешек жарып,
Өсімдік мажауырап басын йіп.

Әуелеп құстар ұшты аспан бойлап,
Мейлінше табиғаттың тойын тойлап.
Жарасқан кең алқапта ақ боз үйлер
Қой жусап,сиыр сауып,бие байлап.

Тайынша,тайға мінген ойнап бала,
Құс қуып көбелекпен сай — салада.
Назданып сылқ — сылқ күліп қыз келіншек
Сызылып тіл қатысар ширатыла.

Кемпірлер құрт сықпалап,өре жайлап,
Шал — шақпыт дабыстап жүр малын айдап.
Кезқүйрық құрт ілуге қалықтайды
Далбайдан қорықпайды қойған байлап.
Басында жер ошақтың құрт қайнатып,
Қуанып “Малбике”отыр бір ой ойлап.

Ойы өрістеп,көңілі көтеріліп,
Қуаныш көңіл күйін серпілдіріп.
“Ұл таптым,бай ержетті ”қүтқарар деп
Үміттер жас тілекке күй қондырып.

“Ұһ”деген өксігінің бәрін басты,
Сергіді ой,қиялы сырға ұласты.
Қозғала орынынан көтеріліп,
Аударды болашаққа ықыласты.

Бір өсіп лепірген ой,бірде тасып,
Қуаныш алақайлап шашу шашып.
“Құлыным”ержеткенде жетем дейді
Тоқтатпай үміт шіркін алып қашып.

Жөргекте нәрестеде ықыласы,
Аналық махаббаты бар ынтасы.
Бір көріп оңашада шығайын деп
Баланың үйге кіріп бетін ашты.

“Сен менің шығар күнім,атар таңым,
Бір саған байланысты менің бағым.
Сені әлпештеп өсірсем өзім де өршіп
Өткеннің ұмытар ем қайғы зарын.”

Құшақтап бесігімен бірге құшып,
Аймалап бетін сүйіп қолын қысып.
Осылай отырғанда мейірленіп
Шаңдатып жауыз ене кетты ұрысып.

Талданып самай шашы дудыраған,
Ауызынан көбік шашып сұры жаман.
Жұлқынды жын ұрғандай долы ене
“Малбике”тұр көз жасы жаудыраған.

Шатпақтап бір сөзінен бір сөзі асып,
Бақсыдай жын шақырған қаны қашып:
“Бала арам емес пе сен немеге,
Таптым деп айтшы кәне ауызыңды ашып!”

Ұрысқа екеуі де майдандасты,
Төбелес жұдырықпен араласты.
Ашынған “Малбикені”тоқтау айтып
Жол бермей көптің күші әзер басты.

Ой түсті “Малбикеге”орағытып,
Үмттің бағанағы барын құртып.
“Жолатпай жат бауырғып өсірген соң
Құлыным кетеді-ау мені ұмытып.

Салармын бұл сапарға мен де жаным,
Айрылсам мұнан кейін недүр хәлім.
Өзіме өз ұлымды көрсетпесе
Не керек тірі жүрген менің барым…”

Осылай ауыр қайғы қайта басты,
Мұң мен зар ашу қайрат араласты.
“Сабыр ерден,жеткізбек құдайдан ”деп
Сабырмен тиып алды көзден жасты.
4
Қорғайтын елдің шетін шегараны,
Жаң дарың дейтін әскер бастық бар-ды.
Бай мен би параменен тойындырған,
Халықтың қан ішері деп аталды.

“Малбике”зарлап,жылап барды осыған,
Айғыздап ақша жүзін қан жосыған.
Бас ұрып аяғына зарын төкті
Қорлығын айтты тартқан жас басынан.

Әкеден жастан жетім қалғандығын,
Қойлыбай келін етіп алғандығын;
Енесі кезеп болып күн көрсетпей
Басына айтты пәле салғандығын;
Бір шыны шай,бір көйлек түзу бермей
Күң болып босағада қалғандығын.
“Бала таптым,мал бақтым,отты жақтым,
Жарты жармақ сияқты болмай құным.
Мархабатлы ұлығым әділдік ет
Алдыңа дәтімді айтып келдім бүгін.”

Жаң дарың бастан-аяқ сұрап сөзін,
Алғашта әжептәуір салды көзін.
Шақыртты Қойлыбайды кемпірімен
Мылтықпен айдап кел деп шалдың өзін.

Қанжарын жарқылдатып шабар шапты,
Жолында жолыққанды иттей қапты.
Ауылына Қойлыбайдың бастайсың деп
Басына талайлардың қамшы ойнатты.

Кемпірі қойлыбайдың аласұрып,
Малшы,қоңсы ауылын жатыр бүріп:
– Ақыл айтып ,дарыңға “Малбике”ні
Ауылдан отыр,- деді,- кім жіберіп?

Бәріде көрші- қоңсы бажалақтап,
Жасқанып жалтақтайды өзін ақтап.
“Дарың тұр ғой құдайға барсада”деп
Шарқылдап сөйлеп жатыр янаттап.

Алғанша ауыз жиып шабар жетті,
Сауырда әпсетте өсек гуылдепті.
“Қойлыбай кемпірімен ұсталат”деп
Кей аңқау жел өкпелер дүрілдепті.
“Құзғынға таусылмас жем табылды”деп
Көз қарақты адамдар күбірлепті.

Кемпірі Қойлыбайдың асқан залым,
Жасаған парақорға сан амалын.
Алтынын сандығынан алды реттеп
Дарыңға тартпақ барып соның бәрін.

“Шал ауру” деді де өзі кетті.
“Алтыннан кім күшті”деп ұрып епті.
Бір жамбы, үш сәрі алтын көмейлеткен
Дарыңға көрсетіп тұр құдыретті.

Дарың кеп “Малбике”ге ақырыпты,
Қылышпен шабатын боп атылыпты.
“Сен өзің бұзық әйел екенсің ғой
Малаймен ойнассың” деп бақырыпты.

Сайқал қатын дарыңға тұр жорғалап,
Көзінен“Малбике”тұр жас сорғалап.
өктем күш ақиқатты зар илетіп
алтын тұр әділетті жұрдай тонап.

Көзірлеп екі қолын берді байлап,
Зарлатып “Малбике”ні жөнелді айдап.
Ел-жұртын жинап қатын бұрқырады:
“Үстінен өлтірем,-деп,-мың қой айдап”.

“Малбике”өлмей тірі жаны келді,
Әлсіреп жолда неше талып еді.
Үйіне келседағы нәр татпады
Бүк түсіп қасырет басып қалып еді.
5
Күн өтті“Малбике”ден үміт кетті,
Ажар,ой,ашу,қайрат — бәрі бітті.
Қорлану,ызалану,намыстану
Күиіну,қайғылану бек меңдетті.

Қорлықта жан көрмеді өзіне тең,
“Жалғыз мен дүниедегі азап көрген,
Байды басып баланы жау ғып қойды,
Тағыда араласты ұлықпенен.

Өмірім қара түн боп,бір жарық етпей,
Басымнан қойды неге тұман кетпей?
Адам деп ел басы да еске алмады
Қалды ғой дарыңға да сөзім өмпей.

Маған тән дүнйеде жоқтай нәрсе,
Тәңірде ескермес маған десе.
Жалынышты тілегім жетпеді ме
Зарланып тілеп ем ғой әлде неше.
Қорлықпен жас өмірім өткені ме,
Шын ажал маған қарай беттеді ме?…”

Осылай көңіл көлін қиял кернеп,
Тоқтатпай жүріп кетті ойын тербеп.
Далада жүре алмастан үйге келді
Бұл тағдыр бейшараға не сый бермек?!

Ақыл ғыл тоқтау айтты ақсақалдар,
Байменен бәйбішеге қанша шалдар.
Қойлыбай әңгімені соғып отыр:
(Мақұлдап қосылды оған отырғандар).
Жазасын “Малике”нің бердім деді,
Енді ұлыққа шағынса көрдім деді.
Бәйбіше, сен де айтпа қой айдауды
Талабын орындалық елдің деді.

Кемпірі мардымсыды басын шайқап,
Өзінен басқа жанның бәрін жайпап.
Өсірген шешесінен жат бакыр ғып
Ұлына өсиетті былай айтат:

“Өзінің жүрегімнен шыққан қарғам,
Ауызымнан ‘оқ’дегенде түсіп қалған.
Қаңғырған ‘Малбикедей’жаман күңді
Жаныңа маңайлатпа қу артаман.

Тартқаны—ай қарағымның дәл өзіме,
Мінезі үйлеседі мінезіме.
‘Сүт кенжем’ді әкетпек менен тартып
Қарай гөр ‘Малбике’нің кезебіне.”

Дейді ұлына:басқа да,көзге де соқ,
Сен ұрды деп айтатын еш адам жоқ.
Байым деп сені ырқына көндірмекші
Басу керек сұм күңнің тіліне шоқ.

Бұл сөзді қате деген жан болмады,
“Малбике”іші күйіп от боп жанды.
Ауыр бір күрсінді де шығып кетті
Кеткенін ешкімде оның аңғармады.

Шал-кемпір жырғап отыр насаттанып,
Құтқарып қой айдатпай қалдық алып.
Деп олар атысты да насыбайын,
Кірісті әңгімеге қайта оралып.
6
Бұраңдап аққан өзен тасты жуып,
Ақ бұрқақ бірінен соң бірі қуып.
Тербетет терек,талдың жапырағын
Таза ауа қаңыр салқын лебі ұрып.

Иісі өсімдіктің мұрнын жарып,
Гүл шешек айналасын орап алып.
Ішінде жапа шеккен “Малбике”тұр,
өлімнің есігіне тура барып.

“сән кетті ,мені тастап үміт кетті,
Жоқ болды қызықты өмір бәрі бітті.
Олармен бірге кетпей неге тұрмын!”
Деген бір суық қиял елес етті.

“Қош ,елім,асқар тауым — алтын бесік,
Ортаңда өлдім міне ортаңда өсіп.
Қара жүрек,ата-ене,қатаң заман,
Күтпедім тіршіліктен енді несіп.

Жайлауым қара сауыр —асқар белім,
Үліңгір —алтын ана шалқар көлім.
Сай —сала мың құлпырған масатыдай
Секілді бәрі менің қасірет шерім.
Күйіме күңіренген үн қосқандай
Келіп тұр құлағыма әуендерің.

Бұлбұлым әнге басқан жүз құбылып,
Амал не жүрегімді тұрсын тіліп.
Қимасамда,сыймадым құшағыңа
Зұлымдық қатарымнан кетті жұлып!…”

Ең соңғы мұң да шықты,зар да шықты,
Ол зарды бар тәбиғат тыңдап ұқты.
Мойнынан бір ағашқа қалды асылып,
Осылай қыршын жастың өмірі бітті.
1938жыл




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑