banner-top12

Замандас этюд.jpg3

Қосқан уақыты Мамыр 16, 2014 | 705 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҮШЕУІМІЗ

 

«Жазған шығармаларымды баспасөз беттерінде жарияласам ба»  деген оймен «Алтай аясы»  журналына алғаш бас сұққан кезім.

Терезесі көшеге қараған бір бөлмелі үй, біріне-бірі тиістіріліп қойылған екі үстел, бір кітап сөресі тұр. Жан-жағыма жалтақтай қарап үстел басында отырған адамға таядым, ол ақ құбаша, ат жақты, ұзын бойлы, маңдайы кере қарыс, бетіне түскен азынаулақ әжіммен қоса қызыл шырайы, адамға жалт қараған көзі бір түрлі бауырмалдықты байқатқандай, өңі жылы көрінеді.

Ол “Алтай аясы” журналының бас редакторы Жақсылық Сәмитұлы деген азамат екен. Құдай көктен тілегенімді  жерден берді. Сәлемнен соң бірден шүйіркілесе кеттік. Жақсының жаттығы жоқ деген ғой, міне,  мен осыдан бастап құшақ-құшақ өлең мен екі күннің бірінде қалаға шапқылап Жақаңа барып көпіріп отырып оқып берем. Сонда Жақаң не жақсы, не жаман деп те айтпайды. Тек ғана жазғаның тағы бар ма дейді…

Арада бір ай өтті. Мен ферманың ұйғаруымен Сауыр қыстаулығындағы малшылардың есік-терезесін жасап беретін болып, ағашшылық саймандарымды көтеріп Сауырға кеттім. Ол арада мен айдан аса тұрып, жұмысымды орындап болған соң Алтайға қайтатын болып жол алып Жеменей ауданының  Қаржау ауылындағы  Мәңген деген танысымның үйіне келіп отырғанымда Мәкеңнің бір баласы танауы желбірлеп, жүгіріп келіп әкесіне:

– Әке, көшеде “Алтай аясы” журналы сатылып жатыр, ел талап алып жатыр, тез ақша беріңізші, – деді.

–          Балам, бар болса екеу алшы деді.

–          Біреудің өзіне әрең іліндік, –  деп  есіктен жүгіре басып шыға жөнелді.  “Алтай

аясы” дегенді естігенде елең ете түстім. Үй ішіндегілерге білдіртпегенмен, аржағымда бір нәрсе сол журналды көруге мені де асықтырып тұрғандай.Үй ішіндегілердің барлығы жабырлай журналды көруге кірісіп кетті. Мен де орнымнан ақырын сырғып олардың аржағына таяп барып өзімді тежеп алдым.

Олар бір қолдан-бір қолға өткермелеп кейбір қысқа шығармаларды оқып та үлгірді.  Айналдырған жалғыз киросин шамды қоршап алды.  Шамның айналасына үймелеп тұрған балаларының иығынан тартқан  Мәкеңнің  жұбайы:

–  Ертең оқысаңдар да жетер енді, қонаққа жарық беріңдер, – деп шамның мен жағындағы сәулесін олардан ауашалады. Мәкең де басын көтеріп, ойпырым- ай, мына журналдың қызығына түсіп, қонағымызды ескерусіз қалдырыппыз ғой,  сіз де көріңіз деп балаларын шегіндіріп, журналды маған ұсынды. Менде шамға жақындап,  журналды қолыма  алып,  мазмұндарына көз жүгірте бастадым. Кенеттен жүрегімнің соғуы жиілеп кеткендей болып, бір есімді қайталай оқи бердім. Журналдың ең соңындағы бір бетке басылған өзімнің Жақсылыққа алғаш кезіккенде берген “Өлең туралы өлең” деген өлеңім. Тек екі жолына ғана өзгеріс енгізіліпті, төрт шумақты неше қайтара оқығанымды өзім де білмей қалыппын. Әсерленгеннен болар, көзімнен жас шығып та кетті. Қуанғанымнан не дерімді білмей, үй ішіндегілерден ұялғанымнан журналды Мәкеңе бердім де, шамның қасынан шегіндім. Менің алғашқы өлеңім журналға  басылып, дүйім жұртқа тарады. Қандай қуаныш, түннің жарымына дейін ұйқым келмей қайта-қайта өлең жолдарын есіме түсіріп қайталаумен болдым. Төрт шумақ өлеңнің өңделген соңғы екі жолы өлеңді тіпті көркемдеп жібергендей. Мен алғашында неге осындай сөзді тауып қолданбадым. Редактор деген мықты екен ғой. Мен енді Жақсылықты ұстаз етуім керек деген ой көкейімнен мықтап орын алды.

Сол жылы қар қалың, аяз да қатты болды. Қалың қауым “тай қазанның” құлағынан айырыла қоймаған кез. Ат арба, өгіз шанамен қар бұзып, атызға тыңайтқыш тастаймыз, әйтеуір он күнде бір келетін демалыстан басқа уақытта қарап жатуға рұқсат жоқ. Кеш болса болды лампы шамның түбінде отырып алып өлең жазам. Бір тәуірі, он күнде қалаға бір шапқылап барып жазғандарымды Жақаңа оқып берем, алғашқыдай емес бойымыз үйір болып қалған. Жақаң оқып берген өлеңімді тыңдап болған соң:

–          Әкелші, –  деп қолына алып аударыстырып, төңкерістіріп ары-бері көріп

отырады да, анадай жерге тастай салады. Сонда шашылып жатқан өлеңдеріме бір,  Жақаңа бір қарап алып орнымнан сәл болып түрегелген мен, қағаздарымды жинап алып кетуге айналғанда Жақаң маған бұрылып:

– Өлеңді көп жазуда емес, ойды бытыратпай құнды жазуда. Андағы  он шумақ өлеңіңді үш шумаққа жинақтап жазсаң қандай болар екен, – деп қана тіл қатты. Осыдан кейін үйге келген соң әлгі жазып қойған өлеңдерімді қайтадан боршалап жатып кеп ізденем…

Сонымен арада төрт жылдай уақыт өтті. “Тай қазан” шағылып, мал мен жер жекелендіріліп екі тізгін бір шылбыр қолға тиген соң, бұрынғыдан гөрі босаңсып қалдық. Менің өлең жазуымда да біршама ілгерілеушіліктер болды. Бұрынғыдай Жақаңа келіп өлеңдерімді көрсетіп тұрам, ол да бұрынғыдай лақтырып тастай салмай, өз қолына алып қарап шыққан соң “ішінара жерлері” деген жауап беретін болды.

Міне, осылай ә дегенше айлар аунап, жылдар жылжып өтіп жатты. Жылдан-жылға беталыс түзелді. “Алтай аясы” журналы, “Алтай газеті”, “Шинжиаң газеті”, “Шұғыла журналы”, “Радио” қатарлы орындарда менің өлең, хабар мақалаларым жарияланып, жазғандарым жандана  бастады. Сонда да Жақаңа жиі барып тұрам. Айтарға болмаса Жақаңның тұрмысы да төмен, балалы, шағалы еді. Балаларының алды бастауышқа енді түссе, жұбайы Көкен үй шаруасында. Бір үйлі жанның сүйенгені бір Жақаңның айлығы ғана. Жеке бастық тұрмысты қызметтің алдына қоймайтын Жақаң мұндай ауыртпашылықты елең ғұрлы көрмейтін. Бойына біткен жайдары  мінезімен  жұбайы Көкеннің көңілін көншітіп, жанұяның бар ауыртпалығын өз мойнына көтеретін. Балалары ұйқыға кеткенде Жақаң шығарма жазуға кірісіп, түннің бір жарымы болғанда жатып, ал таңертең тағы таңнан тұрып қолына қалам алушы еді. Осындай бір әдетті өзіне қалыптастырған Жақаңа мен бір күні:

–          Жақа сіз жылына қанша шығарма жазасыз дегенімде,

–           Е, деп кеудесін кере бір тыныстап алып, жылына бір повест, төрт-бес әңгіме

Ғана, – деп өзінің жазғандарына қанағаттанбайтын сыңай танытатын. Тағы бір күні барсам, Жақаң асығыс сыртқа шыққалы жатыр екен.  – Маған, кітапханаға  қазақ энциклопедиасы  (он екі кітап) келген екен, соны алуға барам. Кейінгі ұрпақтарыма да керек қой, – деді. Қараңызшы, адамға ой салмай тұра ма.

1986 жылы “Алтай аясы ” журналы  ақын-жазушылардың бағалау жиынын оздырғанда облыстан, автономиялы районнан, аудан, ауылдардан тартып бетке басар ақын-жазушыларды ұсыныс етіп Алтайда үлкен басқосу болды. Осының ішінде мен де жас талапкер қатарында сол жиынға шақырылдым…

Көл жағасындағы қайғы қайрандаған  қайықшыға біреу қол ұшын беріп, жөн сілтеп тұрса, бойында жаны бар қайықшы толқын жара алға тартпай қарап тұрсын ба!  Аты затына сай, өзіне де, өзгеге де Жақсылық, қанша айтқанмен көзі ашық, көкірегі ояу, көпшіл азамат – қалың қауымның  күткен үмітінен шықты.

Журналдың аты “Алтай аясы” болып тұрақтанып, тиражы барған сайын артып, оқырманы молайып, мемлекет іші-сыртына тарап, аты машһүрға мәлім болды. Алтайдағы қалам ұстағандарды былай қойғанда арысы Ақсай, Үрімжі, Іле, Тарбағатайдан тартып, бұл журналда шығармасы жарық көрмеген қаламгерлер аз-ау тегі.

Ол кезде осы журналдың редакциясында жеке Жақаң ғана емес Ғалымбек, Арғын, Қалшам қатарлылар осы журналдың нағыз жанкүйерлері еді. Онымен қоса халқымыздың өшіп бара жатқан ауыз әдебиет мұраларын да қосып жариялап,  журналдың құндылыған онан ары асырды. 1987 жылы Жақаңның осы журналға басылған “Атамекен” атты повесі мемлекеттік сыйлық алып, ханзу тіліне аударылып басылып шықты. Жақаң осыдан кейін тіпті де түн ұйқысын төрт бөліп, шығарма жазуын бір деңгейге көтерді. Осы жылдары “Гүлсара”, “Қамашпен қайта кездесу”, “Ақ сәуле”, “Жаңа бекет”, “Бір сен үшін” деген повестері арт-артынан жарық көріп, оқырман қауымның жақсы бағасын алып жүрді.

Жақаңның жаяу мысқылы да бар еді. Бір жылы Күйтұңнан Мұратқан Жапабайұлы екі өлең жіберіпті. Осы кезде Жақаң қызметпен сырт аудандарға кетіпті. Мұратқанның өлеңін Ғалымбек қарап шығып  реттеп, журналға жариялаған кезде “Адам” деген өлеңдегі бір шумағындағы  сөз “азбандар” делініп қате түсіп кетеді. Журнал қолына тиіп, басылым көрген өлеңіне көңілі толмаған Мұратқан “Алтай аясы”  редакциясына бір шумақ өлең жазып жіберіпті. Мұратқанның бұл өлеңін көрген Жақаң қатты ыңғайсызданып:

– Әй, Қалаға, айтып-айтпай мына екі өлеңді шатастырып алғанымыз ұят болыпты. Сіз неге жақсырақ сәп салмағансыз дегенде, Ғалымбек:

– Жақа, расында мен байқамаппын, оның үстіне бір өлең екі бөлініп жазылған екен, сонан да болды-ау дегенде:

– Иә, болары болды. Бірақ, осы жолы өлеңді қайта реттеп, аяғына түсінік беріп, қайта басайық және Мұратқанның өзіне бір хат жазып жіберіңдер деді. Ғалымбек:

– Жақа, не деп жазамыз, – дегенде, Мұратқанның бізге соңғы жазған өлеңіне негізделіп:

– Бір өлеңді, екі бетке жазбаңдар,

Бір өлеңді екі бетке жазсаңдар,

Қателесіп қалады екен азбандар – деп есіктен шығып кетті…

Сонымен Жақаң 1988 жылға келгенде Жұңго Жазушылар одағы жағынан ұйымдастырылған әдебиет тәжірибе алмастыру кеңсесімен саяхатшылардың бірі болып, Бейжіңнен ұшаққа отырып  Мысырға кетті. Жақаң сонымен айдан астам жүріп, ауылға оралған күннің ертесінде сәлемдесуге бардым. Менен басқа да адамдар да баршылық көрінеді. Бәрі де Жақаңның аузына қарап тамсануда. Сондағы отырғандарға Жақаңның бір айтқаны:

–          Сендер қалай ойлайсыңдар, білмеймін. Әлгі менімен бірге барған үш ханзу

жазушы еліміздегі бетке басарлардың өздері болатын. Олар Мысырдың Жазушылар одағына барғанда ауыздарын толтыра өздерін таныстырғанда, Мысырдың жазушылары оларға “біз білгенде Жұңгода Маузыдұң және Гоморо деген ақын-жазушылар бар еді” деді. Онан соң кезек маған келді. Мен, а дегенде қазақпын дедім. Олар таңданып, «қазақ деген жазушы бар ма», дегенде қатты қысылдым да, не деп түсіндірерімді білмей Абай мен Мұхтарды айтып едім, түсінгендей болып бастарын изеп, «сонда сен Абайдың елі болдыңдар ма» – деп Абай мен Мұхтарды білетіндерін айтқанда көңілім орнына түсті”- деп өзінің Мысырда болғандағы қызықты әңгімелерін айтты… Іле-шала Жақаң Мысыр естеліктерін жазып, баспа бетінде жариялады.

Сол жылы жазғытұрым мен тағы жазғандарымды алып Жақаңа бардым. Түс уағы болып қалғанда Жақаң:

– Түке үйге жүр, – деді. Мен бас тартпадым, Жақаңның соңынан Ғалымбек, Қалшам үшеуіміз еріп келеміз, жолдың бәрі лайсаң-батпақ. Ғалымбек:

– Жақа бізді қайда бастап бара жатырсың,- дегенде,

– Үндемей маған ере беріңдер, бір жерден шығарармын, – деп жүріп келеді.   Қараңызшы, бір жағы қалжың, ал бір жағы нағыз өмір диалогы. Әсіресе осы сөз маған ерекше ұнады. Жақаңды ұстаз тұтып жүргенде, шынында бір жерден шығармын деген сенім де жоқ емес еді. Әсіресе,  Жақаңның маған “Түке, сенен жасырары жоқ, екеуіміз танысқалы мен сені көп сынадым, өте тырысшаң екенсің, осыңа қызығам, түбінде бір жерден шығасың”- деп көңілдендіріп қоятын.

Арада тағы бірнеше жыл өтті. Жақаң жоғарының ұйғаруымен автоном райондық радио-теледидар мекемесіне қызмет алмастырды. “Алтай аясы” журналына Көбен мен Өнерқан деген азаматтарды орналастырып, өзі Үрімжіге кетті. Жақаң ол жерде қызметте болған жылдарда көптеген телефильмдер мен түрлі хабарларды қазақшаға аударып таратты. Осылайша ол қаншалаған жыл өзінің қызмет-тәжірибесі арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, халықтың жоғары бағасына ие болды.

Кейін Қазақ мемлекеті өз тәуелсіздігін жариялап, дербестік ала бастаған кезде Жақаң Қытай мемлекетінің заңды рұқсатымен Қазақстанға біржола қоныс аударды. Жақаң Қазақ еліне барғаннан кейін де жазушылықпен шұғылданып, еліне, болашақ ұрпақтарға өшпестей мұра болар із қалдырып кетті. Жақаң мәңгі ел есінде сақталады.

Иә, Жақаң алғаш із қалдырып, сара жол салған ҚХР-ШҰАР-ның Алтайдағы “Алтай аясы” журналы да мемлекет іші-сыртына аты мәшһүр болып, өз өресін әйгіледі. Жақаңды ұстаз тұтып, еңбегім алғаш жарық көрген “Алтай аясы” журналы мен үшін орны ерекше. Ұстазым Жақаңның жол сілтеуімен көптеген шығармалардың авторына айналып, еңбегім елге танылды. Міне, осылайша журнал және  мен, Жақаң  – үшеуіміз бір тұлға  болып қалған сияқты әне сол бір дәуірде.

Тұрсын Қазезұлы,

                                   ҚХР-ШҰАР-Алтай.

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑