banner-top12

Шетелдегі қазақ диаспорасы 090611 015

Қосқан уақыты Шілде 3, 2011 | 849 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ұлттың игілігі үшін ұйысқан қазақ Швецияның Весторос қаласында он бірінші рет тоғысты

МАУСЫМ 2011 ШВЕЦИЯ САПАРЫ

 DSCF7079 DSCF7097 DSCF7115 DSCF7169 DSCF7240 DSCF7284 DSCF7324 Шашменаз DSCF7072

  Еуропа қазақтарының биылғы кіші құрылтайы Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына тарту болды.

                Еуропа елдерінде тұратын қазақ бауырларымыздың кіші құрылтайлары  – үлкен мереке әрі  ғұмыр беттеріне қатталып жатқан шежірелі тарих. Әрбір құрылтай өз болмысымен ерекше, болғандығымен құнды. «Тойдың болғанынан -боладысы қызық»- демекші, былтырғы Австрияның Вена қаласында өткен кіші құрылтайдағы сапарымызда Швеция қазақ мәдени орталығының төрағасы Ибрагим Құсшы келер жылы болатын кіші құрылтайға жасап жатқан азды-көпті  дайындықтарымен бөліскен. Уақыт- жүрдек. Сол айтқан  кіші құрылтайдың да уақыты келіп жетті. Шартараптан  торғайдай жүректері толағайдай тулап жеткен қандастарымыз тағы да айқара құшақ ашып, төс қағыстырып көрісіп жатты…

Дүниежүзі қазақтарының бас қосуы. Елордамыз Астанада бастауын алған қастерлі жәдігердей сүрлеу соқпақты Швеция төрінде отырған ағайындар жалғастырды. Еуропадағы кіші құрылтайды өткізу барысында осы басқосу болардан екі ай бұрын Қазақстан тарапынан қаржылай қолдау көрсетемін дейтін демеушілерді барлай келген Швеция қазақ мәдени орталығының Төрағасы Ибрагим Құсшы біздің редакциямызға арнайы соғып бір бума шақырту қағаздарын қолымызға ұстатты. Оның арасында еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаевтан бастап депуттар мен саяси қызметкерлер, тілшілер мен елімізге еңбегі сіңген өнер қайраткерлерінің есімдері жазылған. Аманатқа қиянат жоқ. Ибрагим аға аманаттаған кіші құрылтайға шақыру қағаздарын тиісті орындарға таратқанымызда бірқанша кісілер барғысы келетіндіктерін білдірді. Дегенмен  осы сапарға тұспа-тұс келген шаруалары бөгет болып, бара алмайтындықтарына өкініш, ал шақырған ағайынға алғысын білдіріп жатты. Барамыз деп ниеттенген енді біреулерінің еларалық жол  құжаттарының мерзімі сәйкес келмегендіктен амалсыз жолдан  қалуға мәжбүр болды. Шақыру хат қолына тиісімен, – Мен бұл жиынға қалай да барып қатысамын,- деп тас түйін шешімін айтып жолға дайын болған Қазақстан Журналистер Одағының төрағасы Сейітқазы Матаев жанына өзінің қаржылық демеушісі журналист, «Новая газета» басылымының бас  редакторы  Александр Краснерді ертіп Германияның «Дюсселдорф» қаласында өтетін жиналысқа қатысатын ниетте  отыр екен. Журналист жол үстінде демекші, екі қоянды бір оқпен атқан әріптестеріміз бізден екі күн бұрын жолға шығып та кетті.  Біз де  әріптесім, журналист Маржан Тұрысбекқызы екеуміз діттеген күні бүкіл аралдың тоғысқан мекені Стокгольмді бағытқа алып  жолға шықтық. Әуежайға келгенімізде дәл осы басқосуға арнайы жолға шыққан дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 7 адамнан құралған делегациясымен ұшырастық…

Вестороста 2003 жылы еуропа қазақтарының кіші құрылтайы өткен болатын. Қазақстандық 100 адамды құраған делегацияны сол кездегі Дүниежүзі қазақтары қауамдастығының басшысы Қалдарбек Найманбаев марқұм бастап барған екен.Ол кездегі Швеция қазақ мәдени орталығының төрағасы да Ибрагим Құсшы емес Ибрагим Діншітүрік болған еді.  Араға 8 жыл салып  аттанған бұл жолғы  сапардың да  мақсаты айқын, бағыты бір. Делегация басшысы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төрағасының орынбасары, «Алтын бесік» журналының бас редакторы Сұлтанәлі Балғабаев, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботакөз Уатқан, «Кaspionet» телеарнасының журналист-операторлары Мөлдір Мырзақасымова, Кенже Амраев журналист Маржан Әбілбакиева, әншілер Бағдат Сәмединова, Өмірқұл Айниязов, Меруеш Башай  9 адамнан құралған делегация бәріміз бірге әуекемеге  жайғастық.

Стокгольмда күн ашық. Әуежайдан бізді қарсы алатын топпен кездескенше кіші құрылтай үшін арнайы ат арылтып  шартараптан жеткен қаракөз қандастарымызды жолықтыра бастадық. Былтырғы Вена қаласында өткен кіші құрылтайда танысып, сұхбаттас болған Швецияның жергілікті Парламент депутаты Мұрат Ерміш есімді азамат ұлты өзге көп кісінің ішінен, -Мен Сізді танып қойдым, – деп маған келіп амандасқаны күтпеген жәйт болды. Мұрат әуежайға Түркиядан кіші құрылтайға арнайы келе жатқан қайын атасы Абдул Гүнерені қарсы алуға шыққан екен. Көп ұзамай әуежайдан біздің келуімізді күткен Нілай Сарбас, Семих, Айхандар да келіп жетті. Сәулеті мен дәулеті үйлескен тарихи ескерткіштерге өте бай Стокгольм шаһары мен кіші құрылтай өтеді деп межеленген Весторос қаласының арқашықтығы 1 сағаттық жол. Скандинавия елдерінің аралда тұрғанына, құрлықтан жырақтығына қарамастан қандас, бауырға деген сағыныш сезімдерін лүпілдетіп көп ағайын күні бұрын жиналып та қойған екен.

–         Бүгін Еуропадағы Қазақ мәдени қоғамдары федерациясының Төрағасы Абдулқайым Кесежидің басқаруымен Швециядағы Қазақ мәдени орталығының кеңсесінде Еуропадағы он Қазақ Мәдени орталықтарының жетекшілерінің қатысумен жиналыс өтіп жатқандықтан басшымыз әуежайға келіп  алдарыңыздан өзі шыға алмады ол үшін ренжімеңіздер деп,- бізді қарсы алған Нілай Сарбас ағынан жарылды. «Skandik»  қонақүйінде Арман Кесер бауырымыз бізге арнайы бөлмелерімізді тағайындап күтіп отыр екен. Қонақүйге орналасып болысымен он қоғам басшысы атынан тағайындалған дастархан мәзірінің қонағы болдық. Онда бізді жаңа ғана федерация жиынынан босаған Еуропа қазақтарының бір топ өкілдері күтіп тұрды. Көбі бұрыннан таныс болғандықтан елжірей амандасып, емен-жарқын сөйлесіп кете бардық. Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының Төрағасы Абдұлқайым Кесежи, Норвегиядағы қазақ қоғамының басшысы Махмұт Башташ, Ұлыбританиядағы қазақ қоғамының жетекшісі Исмайл Кесежи, Швеция мәдени қоғамының жетекшісі Ибрагим Құсшы, Мюнхен қазақ қоғамының жетекшісі Әбдірахман Үналан және Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы /Лондон/елшілігінің қызметкері Ербол Нұрмақан да осы басқосуға келген екен. Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының Төрағасы Абдұлқайым Кесежидің қолқалауымен қонақтарды бір-бірімен таныстыру қызметі маған бұйырды. Әдемі көл жағасында орналасқан шағын ғана осы бір мейрамхананың иесі түрік ағайындар екен. Мейрамхана иесі Қазақстаннан келген өз кардештерім! – деп мәз болып жүр. Оның әр түрлі елдерден тарихи, ескі балғаларды жинайтын ермегі де бар екен. Егер, ата бабаларыңыздан қалған керексіз жатқан балғаларыңыз болса бізге әкеліп өткізсеңіздер зор қуанышта боламыз дейді ол. Әзірге жинаған балғаларымның саны 200 ден асып жығылады, әр қайсысының өз тарихы бар дейді. Ибрагим аға осы отырыста бізге Халил есімді түрік жігітін әкеп таныстырды. Халил қазақтың қызын алған, яғни қазақтың күйеу баласы. Жаңа таныстық, емен-жарқын бауырластық басқосудан кейін жиналған қауым өздерінің тұрақтаған мекендеріне көңілді тарқасты.Жаздың күні көп туристер күн батпайтын елдерге «Ақ түнді» тамашалау үшін әдейі арнап аттанып жатады. Ал біздің Весторостағы сапарымызда осындай кереметті көрудің сәті түсті. Ұйықтайтын уақыттың, түннің болғанын сағатыңызға қарап қана шамалауға тура келеді. Ал сыртта жап-жарық ақ түн…

Весторостағы екінші күн

Келесі күні түске дейін Весторос қаласын аралап, мұнтаздай тап-таза шаһардың көрікті жерлерін аралауға уақыт арнадық. Әріптесім Маржан Тұрысбекқызы екеумізді қаланы аралатпақ болып жанымызға ағылшын тілін меңгерген Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы /Лондон/ елшілігінің қызметкері Ербол Нұрмақан ерді. Швед корольдігі тәуелсіздігін 1520 жылы 6 маусымда Густав Вазаның тұсында алған. Сондықтан да 6 маусым Швед жалауының күні-ұлттық мереке болып есептеледі. Ал, дәл бүгін Швецияның жергілікті мектеп бітірушілерінің білім ордасымен қоштасатын мерекелі күні екен. Көшенің барлығы әсем гүлдермен, көрікті өрнектермен көмкерілген. Қала көшесі у да шу. Көлемді жүк көліктеріне толып алған мектеп оқушылары бар дауыстарымен әндетіп қаланы даңғаза әуенге бөлеп жүр. Кейінірек бізге қазақтың күйеу баласы Халил келіп қосылды.  Түрік тілінде сөйлейтін Халилді түрікше сұхбатқа тарттық.

– Сіздер маған қазақша сөйлей беріңіздер, мен Сіздерді түсінемін, тек жеткізуге аздап қиналамын дейді. Халил өзінің түрікұлтынан екендігін ұмытқандай. Ол барлық жерде өзін қазақпын деп таныстырып жүреді екен. Қазақ ұлтын, түбі бір қазақ елін ерекше құрметтеймін дейді Халил. Ең қызығы:

–         Өзің түріксің, атамекеніңдегі де жағдайың жаман емес көрінеді. Сен бұл өлкеде қайдан, не іздеп жүрсің? – деген  Ерболдың  Халилге тосыннан қойған сұрағы болды.

– Мені бұл өлкеге қазақтың сұлу да ақылды қызына деген махаббат жетелеп келді деп жауап берді Халил. Жездеміздің осындай керемет сөзінен кейін бәріміз де сұлу әпкемізді, ақылды қандасымызды бір көруге асықтық. Біздің осы ойымызды ұғып қойғандай Халил де: «Көп естігеннен бір көрген артық», -деген бар емес пе? Осы елге келіп тұрып, қалайша шаңырағымыздың қонағы болмай кетпексіңдер, үйге жүріңдер мен сендерді ханымымның өзімен таныстырайын деп қонаққа шақырды. Күтпеген жерден Айсу есімді қазақ қызы мен Халилдің шаңырағында қонақта болдық. Весторостағы 55 қазақ отбасы бір мекенде шоғырланып,  бір-біріне өте жақын орналасқан. Мұндағы барлық туысқандарыңыз осы жерлерде тұрады,- деп таныстырды Халил бізді өз үйіне жақындағанда. Айсу есімді қаракөз қазақ қызы ешбір ескертусіз, дайындықсыз келген бізді емен жарқын, күлімсірей хош келіпсіздер! деп қарсы алды. Бұл да болса пейілі дархан қазақтың алыстағы жұрнағының нағыз қазақ екендігін тағы бір аңғартқандай. Айсу Угуз бен Халил екеуі Шашменаз атты  8 жасар көрікті қыз тәрбилеп отыр екен. Шашменаз /түрік тілінен аударғанда әдем көзді қыз/ қазақтың қара жорға биін үйреніп, әртүрлі мерекелік шараларда мың бұралып билейді екен. Айсудың мамандығы теміржол логисті. Яғни, теміржолдың жобасын сызып арнайы тесттен өткізетін ірі орталықта қызмет етеді. Халил сол орталықта машина  жүргізуші қызметін атқарады екен. Айсу қосымша Вестростағы қазақ мәдени орталығы қоғамының жанындағы әйелдер қолөнер орталығына да азды-көпті  араласып, еңбек етеді. Ертеңгі басталатын мерекелік шараларға дайындығымыз осы, -деп бірнеше тәтті нан пісіріп, үйде әзірлік жасап жатқан Айсу: – Сендердің мені іздеп келгендеріңе өте қуанып отырмын, -деп әңгімесін бастады. Біз Халил екеуміз де Қазақстанға баруды, сондағы ағайындармен қауышуды қатты армандап жүрміз. Жыл сайын Қазақстанға баратын болып ниеттенеміз, бірақ жумыстан қол үзе алмаймыз дейді. Айсу бірнеше тілді меңгерген. Өте қарапайым әрі ақылды қазақ қызы. Тегіміз, түбіміз, атамекеніміз Қазақстан болғандықтан, әрқашан қазақтығымызды ұмытпаймыз, елімізді сыртта жүріп сағынамыз, біз абырой даңқы асқақтаған ана Отанымызбен мақтанамыз! дейді ол, асқақ сезіммен. Кешкі сағат 21.00 де Алманияның Дюсселдорф қаласындағы жиналыстан қайтқан әріптестеріміз  Сейітқазы Матаев пен Александр Краснерді әуежайдан қарсы алмақ болған жайымызды айтып Айсу, Халил, Шашменаз Угуздар отбасымен ертеңгі көрісетін кездесуге дейін жылы қоштастық.

Весторостағы қазақ өмірі

Сыңсыған қалың орманды  «Весторос» шағын қаласы «Меларен» дейтін айдын шалқарлы үлкен көлімен көрікті. Табиғаты әсем, қоңыр салқын, малға жайлы шүйгінді өлкеде бүгінгі күні 55 қазақ отбасы түтін түтетіп отыр. Түгел Швеция бойынша 100 қазақ шаңырағы бой көтерген. Весторосқа  Стокгольмнан күн сайын көшіп келіп жатқан ағайындар да бар екен. Жақын арада Түркиядан тағы да 15 қазақ отбасы қоныс аударған. Швед азаматтарына тұрмысқа шыққан қазақ қыздарының да саны біршама. Олардың дәстүр, дін ұстанымы бізден өзгеше,- дейді мұндағы ағайындар. Швед үкіметі соғыс өрті тұтанған мемлекеттен қашқандарды тез қабылдайды. Айыр қалпақты көршілерімізде  осыдан бір жыл бұрын болған аласапыраннан кейін қашып келіп қоныстанған қырғыз ағайындар да осында…

Cонау 60-жылдары алғаш 7 отбасы ғана табан тіреген Швеция кейінгі кезде қазақ қандастарымыздың саны тез өскен елдің бірі. Қазақ ауылдарының іргесі кеңейуіне де себеп болып отырған осындай кіші құрылтайлардың нәтижесі екендігін айта кеткен жөн.  Жастар жоғары оқу орнында оқиды, әр түрлі кәсіппен шұғылданатын мұндағы қандастарамыздың тұрмысы да өте жақсы. Зейнетке шыққан қарт қандастарымыз екі қолды қусырып қарап отырмай жастардың тәрбиесіне мықтап ден қойған. Оның дәлелі, Еуропаның басқа қалаларындағы қандастарымыз сияқты емес, мұндағы аз қазақтар 4 қоғамда бірлесе жұмыс жасайды. Осындай келелі басқосуды ұйымдастырып отырған қазақ мәдениет орталағы қанатының астында тағы да «Жастар мәдениет орталығы»,«Әйелдер қолөнер мектебі» /әжелер бірлестігі/ жұмыс жасаса, мұндағы  «Ислам мәдениет орталығының» қызметі өз алдына бір төбе.

«Ислам мәдениет орталығы» 1995 жылдан бері үкіметтің көмегімен 1 жарым миллион кронға мұсылман мешітінің ғимаратын сатып алған екен. Әуелі шіркеу болып кейін жастар театрына айналған бұл ғимаратты бүкіл мұсылманның басын қосатын мешіт жасау ісі  оңайға соқпаған көрінеді. Мешітке 250 кісі еркін сияды. Жұма намазын өтеуге мұнда арнайы 27 өлкеден мұсылмандар жиналады екен. Бүкіл Весторостың рухани ордасы да жалғыз мешіті де осы. Мешітте әйелдер және ерлер намазханасына кіретін есіктер бөлек-бөлек орналасқан.Алла үйінің жанынан 2000 жылдан бастап 13-14 жастағы балаларды құран оқытып үйрететін, діни дәріс беретін интернат мектеп жасапты. Мешітке жергілікті діни сауаты жақсы, құран оқуға қабілетті жастар тартылған. Балалар мұнда жататын төсек орны мен тамақ ішетін асханамен қамсыздандырылған, жинақы.

Осы жерде қатым шығарып, құран оқиды.  Ислам жолымен неке қиюдан бастап, нәрестеге ат қою, о дүниелік болған кісіні ақтық сапарға аттандыру сынды шаралармен қатар, қазақтың баланы бесікке салу жоралғысы да осы мешітте жасалады. Махмұт Онгүн мен Али Чай атты түрік ағайындар балалардың діни сауатын ашуға көмектесіп отыр екен. Қатым шығарып, құран оқитын да сол кісілер. Мешіттің электор энергиясы, жұмсалған су үшін төленетін қаржы мұндағы 5 үйге төленетін пәтер ақыны құрайды екен.  «Весторос мешітіне» жергілікті халықтың көзқарасы түзу дейді Ахмет аға. Жастардың дінге бетбұрысы өте жақсы. Көп жастар ораза ұстайды. Оразаның бірінші жұмасында барша о дүниелік болған қазақтарға қатым шығарамыз. Мұсылмандарды жерлейтін арнайы орын бар. Әр түрлі жағдайлармен түрмеге түскен мұсылмандарға барып діни сауатын ашып, сахих хадистерден насихат оқу да біздің жұмысымыз. Әр жылы мұнда мешіт атынан ауызашар беріледі,- деп бізді мұнда бастап келген Ахмет аға мешіттің бүгінгі тынысымен таныстырып өтті. Имам Ахмет Баһадыр 1995 мешіт ашылған жылдан бастап мешітке Төрағалық етеді.

 

Жақсымен өткізген жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей…

 

Весторсқа келген екінші күні Норвегия қазақ мәдени орталығының төрағасы Махмұт Башташ аға бізді Имам Ахмет Бахадырдың шаңырағына бастап келді. – Қазақстаннан ат терлете жеткен бауырларымызға қош келдіңіздер! айтамыз деп үй иесі Ахмет аға мен  Гүлсім жеңгеміз бізді ерекше бауырмалдылық пен алып ұшып қарсы алды. Бұл шаңыраққа біз әріптесім Маржан Тұрысбекқызы, Махмұт Башташ, ол кісінің жұбайы Ләйла Башташ, Түркиядан келген Жұмали Зеңгин 5 кісі боп бардық. Махмұт ағаның үйіндегі жеңгеміздің ұлты Норвег. Өз ұлтының басқа екенін әлдеқашан ұмытқан Ләйла жеңгеміз қай кездегі әдетімен басынан ақ жаулығын тастамайды. «Қонақ-қойдан жуастың» ретімен үлкен шаңыраққа кірген бетте жастар жағы Ләйла жеңгеміздің төрге озуын күтіп жол беріп, іркіліп қалдық. Бізге аңтарыла қараған Ләйла Башташ: – Сендердікі не тұрыс? Мен қалай төрге шығамын, мен бұл үйге келін боламын!-деп баршамызды таң-тамаша қалдырды. Ұлты өзге болса да мұсылман дінін қабылдап, әлдеқашан қазаққа сіңіп кеткен Ләйла жеңгеміздің бұл қылығына бәріміз де сүйсіндік.

1942 жылы Алтай жайлауының «Қадырат» атты мекенінде дүние есігін ашқан Ахмет аға кезінде Шығыс Түркістанды құрған 9 батырдың бірі, атағынан ат үркіген Оспан батырдың ең соңғы әскери қолбасшысы Нұрғожа батырдың ұрпағы екен. 10 ағайынды берекелі отбасында тәрбиеленген Ахмет аға бүгінде өзі де Махфуза, Сайфие, Селма, Жәнібек, Майра атты 4 қыз, бір ұл тәрбиелеген өнегелі әке. Қызын қияға, ұлын ұяға қондырып ендігі балалары мен немерелерінің тілеуін тілеген Ахмет ағаның шаңырағында өрбіген әңгіменің өнегесі мол болды.

– Менің анам Жәкей мен небәрі 6 жасқа толғанымда дүниеден өтіпті. Бұл анамыздан Шәрбану атты қарындасымыз екеуміз қалдық. Кейін бізді Жақсыхан деген анамыз асырап жеткізді. Бүгінде екі анадан тараған ұрпақ он ағайындымыз,- деп әңгімесін бастаған Ахмет аға: Әкем туралы мынадай кітап шыққан деп қолымызға «Азаттықтың өшпес рухы» атты мұқабасы қалың кітапты ұсынды. Кітап Түркиядағы Мимар Синан атындағы Стамбул Университетінің ұстазы, ғалым-доктор Әбдуақап Қараның авторлығымен  Қазақстанда жарық көрген. Әкем 1986 жылы 76 жасында дүниеден өтті,- деп  әңгімесін жалғастырды Ахмет аға. Қазақ Совет энциклопедиясының 27 санында есімі жазылған Нұрғожадай бахадүр батырдың ұрпағы Ахмет Бахадырдың айтқан ғибартты әңгімесі мен ағайынға деген бауырмалдылығы тектінің ұрпағы екендігін бірден-ақ аңғартады.  Отанасы  Гүлсім жеңгеміз де бізге қайта-қайта шәй қайнатып бәйек болып қалды. Ахмет аға сонау зұлмат жылдарда Пәкістан ауып келген сұңғыла бойлы, сұлу шашты қазақ аруы, бүгінгі бәйбішесімен жаңа танысқан сәтін, бір-бірінің тілін түсінбей біраз әуреге түскен жылдарын, ең алғаш шаңырақ көтеріп, нәресте сүйген қызықты шақтарын сағынышпен, ерекше күйге бөлене отырып бізге  әңгімелеп берді. Ең қызығы біз шаңырақ иелерімен қоштасып, қонақүйге аттанар сәтте болды. Сөз арасында Ахмет аға Мюнхендегі Әлихан Жаналтаймен құда екендігін, ол үйге кенже қызын бергенін әңгімеледі. Әлихан Жаналтайдың ұлы Өміртай, келіні Майра менің 2009 жылы Мюнхенде өткен жастар жиналысына барғанда танысқан жақын достарым. Қазақстанға бір барып көруді армандайтын Майра мен Өміртай сол жылдың жазында Қазақстанға ең алғаш рет келген де  болатын. Былтырғы Венада өткен басқосуға келе алмаған Майра мен Өміртайдың жайын Стокгольмга келген күні-ақ бізді қарсы алған Нілайдан сұраған болатынмын. Майра мен Өміртай жақын арада нәрестелі болуына байланысты бұл жиынға келе алмады деп Нілай сүйінші хабар айтқан сол кезде. «Адамның басы Алланың добы»-, деген осы, міне! Дәм тартып күтпеген жерден Майраның әке-анасымен де дидарласып, таныс болдым. Жақын арада ғана ата мен әже болған шаңырақ иелерін құттықтадық. Майрамды сағынып жүр едім, қызымның досын көріп, Майрамның өзін көргендей болдым ғой,-деп  Гүлсім   жеңгейдің көңілі бір босады. Алыстағы ағайын, жақын болған бауырдың шаңырағындағы тағылымды әңгіме ұзаққа созылды. Бұл күні де жатар орынға кеш оралдық…

               

           Кіші құрылтайдың басты думаны – футбол додасы

           Биылғы құрылтайдың бағдарламасы өткен жылдардағы құрылтайлардың бағдарламасынан өзгешелеу түзіліпті. Өткен басқосуларда бола беретін жастардың, аға буынның «дөңгелек үстелдері» мүлдем бағдарламадан алынып тасталған. Алыстағы ағайындарымыз құр айтылған сөзден ой шықпайтындығына көздері жеткендей. Сөз бұйдаға сала бермей  айтылар ойды, шешімін табуға тиіс түйіткілді бір-ақ жиналыспен шешуді ұйғарыпты. Мұнысы да дұрыс екен…

Биылғы мерейлі жиын  бірден футбол турнирінің ресми ашылуымен басталды. Құрылтайдың бірінші күнгі бағдарламасы түгелдей дерлік ел-елден келген жас футболшылардың иелігіне тиді. Ұлыбритания, Дания, Түркия, Швеция, Франция, Алманиядан /Кельн және Мюнхен/ келген жастардан құралған 8 команданың  футбол турнирі тартысты өтті. Бірінші орын финалда Түркия командасын 1:0 есебімен ұтқан Франция командасына тиді. Үшінші орын үшін ойында Алмания /Кельн/ мен Швеция футболшылары шеберліктерін сарапқа салды. Нәтижесінде сәттілік Алманиялық қазақ жастары құрамасының жағында болды. Негізі қазақтар арасында футболдан Еуропаның бейресми чемпионаты деп аталатын турнир әрқашан да сәтті өтеді және бұл ойын құрылтай өткізетін қалалардың жергілікті тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырады. Арнайы футбол турнирін өткізу үшін жалға алған көк шалғын жазықта қаракөз қандастарымыз атажұртта жүргендей сезімге бөленді. «Ағасы бардың жағасы бар» демекші, мұндағы ағайындар өзінен кейінгілерге бас-көз болып, жөн сілтеп отыратын Абдулла Шағатай атаға арқа сүйеп, ол кісіні ерекше сыйлайды. Осы жақтағы ағайынның үлкендері Қаһраман Шакрак  Алманияның Кельн қаласынан арнайы келген Ыдырыс Ерол,  Мағзұм Ерден, Түркиялық Абдул Гүнере сынды достарын жанына алған Абдулла ата газетті қолына алып, Шалқардың бүгінгі жағдайы туралы  сұрады. Газетіміздің ақылдастар алқасы, Шалқардың ертедегі бас редакторы Уахап аға Қыдырхан ағаның жағдайын сұрап көп сәлем жолдады. Весторосқа күн сайын жол түспейді, осы жолы үйге келіп қонақ болыңдар, – деп кәделік жолын танытты. Абдулла атаның бәйбішесі бастап осындағы жасы үлкен әжелер шашу шашып, әйелдер қоғамындағы ісмер келіншектер өздерінің қолөнер туаныдыларымен таныстырды. Футбол турнирі өтіп жатқан кең алқапты әдеттегідей қазақтың ән күйі ойнап тұрды. Әлемнің әр түкпірінен жиналған қазақтар қазақ тілінде халқымыздың басын қосу, атажұртпен байланыс жасау жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салып, емін-еркін көсіле ой айтқан орта да осы болды. Осы басқосуды пайдаланып, басқа елдердегі қазақ қандастарымыздың да жай күйін сұрап білудің сәті түсті. Ең алғашқы сұхбаттасым

 

Айқан Аужи : Гамбург қазақтарының саны аз болғанымен мақсаттары асқақ та биік!

Біз Гамбургте Ұлыбританияға жақын елде тұрамыз. Осы құрылтай үшін 8 кісі яғни екі отбасы болып  1500 шақырымдық жерден 1 сағат 10 минут  самолетпен ұшып келдік. Гамбургте қазір 3-4 отбасы ғана бармыз. Қазақстаннан ұлтымыз неміс,- деп келген қазақ жігіттері көп. Олармен байланысымыз жақсы. Онда шаңырақ тіккен барлық қазақтардың жағдайы жаман емес. Өзімнің «Мақсат» атты жеке фирмам бар. Фирма қызметінен бөлек Гамбургтің метро қызметінде /мастер/  30 жылдан аса еңбек етемін. Балаларымның барлығы дерлік жоғары білім алды.  Шенол Жәдік есімді Еуропаға есімі кеңінен таныс қазақ, жұлын дәрігері менің күйеубалам. Оған ұзатқан қызым экономика мамандығы бойынша білім алды.  Ұлттардың арасындағы заңдылықтарды жақсы біледі. Одан кейінгі ұл балам менің жолымды қуып,  метроның құрылысын оқып бітірді. Қазір ол да метро қызметінде жұмыс жасайды. 4 бала тәрбиелеп отырмын. Қазақстаннан бізге 7 арна, К+ деген арналардан хабар таратылады. Сол арналардан анда-санда қазақша бағдарламалар бергенде бір марқайып қарап қоямыз. «Kaspionet» арнасынан бөлек Қазақстанмен көрші отырған айыр қалпақ Қырғыз ағайындарымыздың да арнасы көрсетіледі. Балалармен үйде қазақ тілінде сөйлесуге тырысамыз. Қан араласу, басқа ұлтқа тұрмысқа шығу деген жоқ. Менің заңдылығымда шетелге қыз беру, қыз алу деген мүмкін емес дүние. Осындай кіші құрылтайлар қай елде болса да қалыс қалған емеспін. Арнайы барып қатысуға тырысамын. Қазақстанға 1978 жылдан бастап жылына 2-3 рет барып тұрамын. 1992 жылы Атамекенде өткен ең алғашқы дүниежүзі қазақтарының басқосуында фирмамыздан қомақты қаржы бөліп, шамамыздың жеткенінше көмек қолын ұсынып, демеуші болдық. Сол кездері Астана, Жамбыл, Шымкент, Алматы қалалары, Талдықорған облысымен және «Бутия», «Асия» фирмаларымен біріге жұмыс жасадық. Сыра, консервіленген тағамдар, үй жиһаздарын сатумен айналыстық. Сол кездерде Қазақстанға сату үшін біз жіберген көліктердің саны 1000 нан асты. 2000 жылы Түркістанда өткен екінші дүниежүзі қазақтарының құрылтайына да  2005 жылы Елордасы Астанада өткен құрылтайда да болдым. Біз үшін тыңнан түрен соғып ең алғаш өткен құрылтайдың орны ерекше. Бір кезде Қазақстанмен байланысымыз өте жақсы болатын. Ондағы кішігірім зауыттармен де байланысып тұратынбыз.

Гамбургте аз қазақ болған соң ба екен, бүгінде  елмен байланысымыз бұрынғыдай өте жақын деп айта алмаймын. Бірақ осындай кіші құрылтайлар арқылы қандастарымызбен байланысымыз үзілген жоқ.

1981 жылдан бастап Қазақстанмен байланысым жақсы орнықты. Сайқал саясаттың діуірлеген уақыты кеңес заманында тек Алманияда ғана  жиі концерттер беріліп тұратын. Ал біз үшін Алмания үкіметіне өту қиямет қиын болды. Бізге виза жасап беруі үшін жарты жылдап кезек күтуге тура келетін. Сондай қиын кезеңдерде де қазақтың концерті қай елде өтеді десе сол жерге алып ұшып, балаларды алып әйтеуір бір жететін едік. Сол кездерде тамылжыған әсем дауысымен құйқылжыта ән салатын Бибігүл апамыз бізге өте ыстық. Сіздердің газеттеріңізді пайдаланып ол кісіге үлкен сәлем жолдаймын. Бибігүл апам бастаған Қазақстанның бір топ өнер жұлдыздары шаңырағымның қонағы болып, дастарханымнан дәм татқанын қазірге дейін мақтанышпен айтамын. Өнерлі жігіт, актер Досхан Жолжақсынов та менің ең жақын достарымның бірі.Барша Қазақстандықтарға дұғайы сәлем жолдаймын.  Алдымыздағы айдың, яғни шілденің 19 жұлдызында кіші қызымды тұрмысқа беретін ниетте отырмын. Баршаңызды сол тойдың куәсі болуға шақырамын!

 

                       Аруана қартайса ботасына ереді

Ыдырыс ЕРОЛ

Алманиядан  келген ел ағасы 81 жастағы қарияның  Кельнде тұрып жатқанына 45 жыл болыпты. Кісінің айтпағы иегінің меңзеуінен аңғарылады демекші, біз білмейтін түйдек-түйдек мәселелерді айтып, сын пікірлерді жиі ортаға салған абыз қарияға сөз кезегін ұсындым.

– Кельнде қазір 129 отбасы бар. Үлкені менмін. Ол елде қайдан жүрсің, деп өткенімізге үңілер болсаң, бірқанша шежіреге шегініс жасауыма тура келеді. Біз 1937 жылы 18 мың 600 кісі Қытай жерінен шықтық. 1940 жылдың тамыз айында 3 мың 39 кісі Үндістанға келдік. Үндістан Пәкістан ол кезде Англияның қол астында еді. Ауа райы 0 ден төмен 20-30 градус температурада өмір сүрген қазақ 50 градус ыстыққа келіп шыдамай өле берді. Содан Үндістанның «Бопал» деген жеріне бардық. Бопалда бізді жергілікті халық қамқорлыққа алып,  180 қазаққа үй салып берді. Ол жерге кейін «Қазақабад» деген ат қойды, бір мектеп салып берді. Ол мекеннен кеткелі де міне, бірнеше жылдардың жүзі болды, бірақ дәл сол жерде «Қазақабад» атауы әлі де бар деп естідім. Бопалға  алғаш келіп қоныстанғанымызда әйелдер біразға дейін бала көтермеді. Гималай тауынан асып келген қазақтардың 5 жылда келіндері бала туса да 5-6 айлық болғанда 150-160 бала жерсінбей өле берді, шығын көп болды. 3000 кісіден 1500 ге жуық тірі қалған кісі Түркияға келіп жеттік. Жол азабын тартқан көп кісі адасып, ашығып, қақаған суыққа шыдамай үсіп бірнешеуі тағы да қырылды….

1941-1942 жылдары біз Пәкістанда қолымызда құжат жоқ болғандықтан, тіркеу қағазымен тұратынбыз. 1950 жылы Пәкістанға Қытайдың елшісі келді. Қытайлықтар жағдайларыңызды жақсартамыз деген жақсы уәдемен азғырып, қаншама отбасы Қытай жеріне қоныс аударып кетіп қалды. Сол кезде Шығыс Түркістан деген қоғам құрдық. Сол қоғам арқылы мәслихат жасадық. Америкадан да Түркиядан да 1951жылы бізді өз жерімізге қабылдаймыз деген хабарлама қағаз келді. Америка Техасқа барып қой бағасын деді. Содан мәслихатта Түркияға не Америка барудың жөн не бұрыстығын білмей дал болған қазақ біріге отырып ақылдасып, бір шешімге келдік. Кәпірлердің ортасынан онсыз да  шықтық, енді мұсылман еліне барайық деп Түркияға келетін болып шешім қабылдадық. Түркияның елшісі Яхия Кемал, «Сербас»  /өз еркімен көшіп келу/, «Искан» /өкімет арқылы көшіру/ деген екі жолды ұсынды. Үкімет арқылы келгендер Түрік шекарасына дейін өз қаражатымен  жетсе, одан кейінгі шығынды Түрік мемлекеті өзі көтеріп алады деді. Біз «Искан» үкіметі арқылы келу жолын таңдадық. Әуелі олар бізді қамауға алып, лагерь ұқсаған жерде 2 жыл бақылады. Тамақ беріп, үй беріп, арамызда сатқындар, үндеместер жоқ па деп зерттеді. Әйелдерге кілем тоқытты. Арада екі жыл өткен соң «Кайсері», «Кония», «Нидия», «Салихлы» деген жерлерге қоныстандырды. Ондағы «Тастытөбе» деген жерге «Алтайкөй» деген атауды қазақ қойған. Бес жылға дейін бізден үкімет салық алмады. 1958 жылы Түрік азаматтығын қабылдадық. 1960 жылы Алмания шетелдерден қызметші керек деп байқау жариялады. Жасы 25 пен 34 арасында болуы керек және бәрінің дені-басы сау болсын, адамдарға байқау жариялаймыз,- деп шарт қойды. Тіпті 1 тісі жоқ болса да жұмысқа қабылдамаймыз деген қатаң шарты тағы бар. Жұмыс істеуге баратын ниеттегі барша жастардың бастан-аяқ барлық дене құрылысынан қан алып тексерді. Көп жастар сол дәрігерлік бақылаудан өте алмай қалып қойып жатты. Сол кезде менің де бір тісім жоқ болатын, осы жұмысқа ілігу үшін арнайы барып тіс салғызып алдым. Мен онда өзім салт боп бардым. Бір жыл өткеннен кейін балаларым мен жарымды жаныма алдырдым. Себебі, баламен әйелің бар болса да ол жерден қызмет бермейтін еді. Бала мен әйелге қарайлап, жұмыс жасамайды деп ойлады. Сол үшін де осылай амал жасауға тура келді. Біздің өміріміз қысқаша айтқанда осылай шырағым! Алмақтың да салмағы бар дейді. Сондай қиындықтарды әбден бастан өткергендікі болар, жаратқан да өз берекесінен айырмады. Алты бала тәрбиелеп өсірдім.  Қазір 18 немерем, 2 шөберем бар. Балаларымның барлығы оқыған, білікті инжинерлер. Әрқайсысы 4-5 тілден біледі. Бүгінде сондай ауыр жолмен жеткен Алманиядағы көп қазақтың 60 пайызы о дүниелік болды.  Бүгінгі қолда бар берекеміздің қадіріне жетіп, бағалай білгеніміз абзал. Балаларымыздың Қазақстанмен байланысын нығайтып, елдің көркейуіне үлес қосқанын қалаймын. Егер балаларымыз атамекенге барып сіңісіп, әдетте кездесіп жататын кедергілерсіз қызмет етіп жатса, біздің басқа қандай арманымыз бар? Көштің басын бұрмас па едік солай қарай?! Қазақстанға 1986 жылдан қазірге дейін 2468 бас қой апардық. Әр жылы 200-300 қой апарып құрбандыққа шалып отырамыз. Бұл Қазақстанға деген, ондағы жазықсыз құрбан болған бір кездердегі боздақтарымызға деген біздің мұсылман ретіндегі құрметіміз. Алыстағы туыстарыңыз қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен қол үзіп қалған жоқ. Жырақта болсақ та күні бүгінге дейін төл дәстүрлерімізді көздің қарашығындай сақтап отырмыз.  Қайбір жылы «Kaspionet» арнасынан келген журналистке «Шетелдердегі қыздардың жасауы» деген CD-диск берген едім. Неге екен себебін білмеймін қазір соны «Kaspionet» арнасы көрсетпей отыр. Керісінше сол көріністерді жиі көрсетіп, жастар арасында насихаттаса оның келер ұрпаққа беретін өнегесі мол болар еді. Бәрін айт та бірін айт. Қазақстанның болашақ жастарына «Бірлігіңе бекем бол, қазақ баласы!»-дегенді қайталап айтқым келеді.

 

Қаһраман Шакрак

75 жастамын. Вестороста 50 жылдан бері тұрамын. Зейнеткермін. Мұнда өзіммен қатар 3-4 ақсақал бар. Мұндай құрылтайларды жиі өткізген дұрыс. Ана Отанымыз Қазақстан болса, екінші Отанымыз Түркия. Үшінші Отанымыз осы тұрып жатқан Швеция. Қазақстанға 2002 жылы барғанмын. Баркөл, Қытайға дейін саяхат жасадық. Қазақстанның қол жеткен жетістіктеріне алыста отырып бізде Сіздермен бірдей қуанамыз! Атамекендегі ағайындарға тек жақсылық тілеймін! Отанымызға Аллаһ тыныштық берсін!

 

Махмұт Сарбас

Вестороста 1972 жылдан бері тұрып келе жатқан Махмұт аға 4 қыз  тәрбиелеп құтты орнына қондырған өнегелі әке

                – Қыздарымның алды 30 жаста болса кіші қызым 20ға толды. Төртеуі де оқыған. Үлкен қызымның есімі Нұрай 1980 жылы туылды. Осында «АВВ» компаниясында жұмыс  жасайды. Әлемде бұл компания бойынша 465 мың адам жұмыспен қамтылған. 108 жылдық тарихы бар. Көп салалы, осы Швецияда дүниеге келген компания. Мұнай генератор байланысын жасайды. Екінші жетістігі: Электор жүйесі бойынша әлемде бірінші орынды алады. Нұрай қызым сол компанияның робот шығаратын бөлімінде жұмыс жасайды. Тұрмыс құрған, жиен немереміз қазір 8 жаста. Есімін Абай деп қойдық. Аптасына бір күн 2 сағат қазақ тілінде дәріс алады. Әкімшіліктен арнайы көлік келіп сабақ аяқталғанда балаларды үйді-үйге таратады.

Екінші қызымның есімі Нілай 1984 жылғы. /PS Нілай біз ең алғаш Стокгольмге келгенде әуежайдан қарсы алған болатын. Осындағы жастар қоғамының қазақ тілін жақсы меңгерген белсенді мүшесі/Нілай 13 жылдықты оқып бітіріп, дәрігер мамандығы бойынша дәріс алды. Еуропадағы жастардың арасынан тұңғыш рет Нілай қызымды Қазақстанға, Алматы қаласына алып барып, «Болашақ» бағдарламасына енгізіп, ҚазҰУнің жатақханасынан орын алып орналастырдым. Өте жақсы оқып, степендиямен «халықаралық қатынастар» факультетінде білім алды. Біз анасы екеуміз жыл сайын барып, 3-4 ай бойы қасында болып қайтып жүрдік. Қазір Қазақстанда тұрып жатқан Түркиялық қазақ Насыр Жаналтай бала күнімнен өзімнің досым болатын. Оның ұлы Жанымхан Лондонда оқуды бітіріп, онан кейін Алматыдағы КИМЭП ті тәмамдаған соң Швецияға келіп, қызыма құда түсті. Досымның ұлы болса да  оларға: – Алдымен Нілайым дипломын алып, оқуын бітірсін, содан кейін ғана тұрмысқа беремін,- деп шарт қойдым. Қызым оқуын бітіріп, дипломын алғаннан кейін бүкіл Еуропадағы қазақтарды шақырып, қыздың жасауын беріп, 600 адамның қатысуымен Стамбулда теңіздің жағасында тойын өткіздік. 170 адам Еуропадан арнайы келіп тойға  қатысты. Қазір Нілайды Қазақстандағы Сыртқы Істер Министрлігі тәжірибе жинақтауға шақырды. Бүгінде Астанадағы Норвегия елшілігінде жұмыс жасап жатқан жайы бар.

Үшінші қызымның есімі Нигар. 1988 жылы туылған ҚазірВесторос «Мелодерес» университетінде, «Экономика» факультетінің 2 курс студенті. Нигар осы жердегі мәдениет орталығында қазақ биін үйрететін мұғалім және қазақ жастар мәдениет орталығының іс жүргізушісі. Осыдан 10 күн бұрын ғана Францияның Париж қаласынан 15 кісі келіп қызыма құда түсті. Кіші құрылтайлардың жастар үшін пайдасының зор екендігіне осындайда көз жеткізесің. Мен ол ағайындарды бұрын өзім де танымайды екенмін. 2008 Норвегияның Осло қаласында өткен кіші құрылтайда жастар бір-бірін көріп алғаш танысқан екен. Содан бері сөйлесіп жүріпті. Үлкен кісілер батасын беріп, алдына бас тартып, жаңа құдалармен таныстық. Ол құдаларым әлі осында жүр. Иншаллах құрылтайды өткізіп болғасын ғана елдеріне қайтады. Осы құрылтайды бір ыңғайлап алғаннан кейін бас тартып, ас беріп, дұрыстап отырып күтемін құдаларымды. Себебі, мен мұндай жоралғыларға көп мән берімін. Мен үшін жазылмаған бір заңдылық бар. Балаларды өсіріп, оқытқан соң олар өз аяғынан тұрады, дипломын алады. Сосын барып оларды тұрмысқа беремін. Әйел баланы біз басымызға көтеріп, құрметтеуіміз керек. Үш  қыз баланы жақсы тәрбиелеп, құтты орнына қондырар болсаң, орның жұмақтан,- дегенге өзім қатты  иланамын. 4 қызым да ағылшын, қазақ, швед, түрік тілін жақсы меңгерген. 4еуі де арабша жазып, құран оқиды. Қосымша Нұрай Испан ал Нілай орыс тілін біледі. Нигар француз тілін кешкілік мектепке жазылып, соңғы екі жылда меңгеріп алды.

           Төртінші, кенже қызымның есімі Нарын. 1990 жылы туылған.  

 Мұнда он үш жылдық оқуды бітіргендер 1 жыл демалатын заң бар. Қазір Нарын түседі деген университеті дайын тұр. «Моделерь – дизайнер» маманы. Модель, дизайнның нағыз мәдени ордасы Лондон-Париж не болмаса Италия осы үш қаланың біріне барып білім алады. Дипомын  жақсы қорғап шықты. Баршамыз  балаларымыздың тәрбиесіне үлкен мән беріп отырмыз. «Болашақты ойласаң, бүгініңе назар сал»-, демекші келешек ұрпақты ойлау үшін Қазақстанмен екі ортаға мәдени, рухани көпір салу жолына ат салысуымыз қажет. Бір баланы Қазақстан қамқорлығына алып оқытатын болса, оның туыстары сол баланы  соңынан іздеп барады. Сонау 1960 жылы құлағыма сіңген  үлкен кісілер айтқан өсиет бар. – Сабыр етіңдер, бірнеше жылдан кейін Тәуелсіздік алып, біз де еркін ел боламыз,- дегенді көп айтатын. Аузы дуалы абыздардың айтқаны дәл айтқандай келді, бірақ өкініштісі сол олар  өздері аңсаған еркіндікті көріп, сезіне алмай өмірден өтіп кетті. Қазақстанға өз ойымша демократия емес бірлік керек. Бізге керегі, көк тудың әр кез желбірегені!

 

Шыңғыс Шағатай

Швецияның 20 мың халқы бар «Харнусан» қаласында тұрады.

«Лунь» университетінде 5 жыл білім алған. Мамандығы Нейропсихолог. Қазір жұмысқа қабілетсіз адамдарды бейімдеу /адаптация/  қызметін атқарады.

– Алғаш рет Қазақстанға 2001 жылы өзімнің қалауыммен, атамекенмен жақынырақ танысу ниетімен бардым. Алматы қаласында болдым. Онда мені әкемнің достары ерекше ілтифатпен өте жақсы қарсы алды. Ол кезде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығын Қалдарбек Найманбаев басқатарын еді. Қаланың іргесінде орналасқан Сапарғали атты әкемнің емші досының үйіне қоныстандым. Қазақстан жылдан-жылға көркейіп, сұлуланып келеді. 2001 жылы алғаш барғанымда да жаман емес болатын.  2005 жылы Астанада өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына барғанымда 2001 жылға қарағанда мүлдем құлпырып, көркейе түскен қаланың куәсі болдым. Ал қазір барсам, тіптен адам танымастай өзгергендігін ішім сезеді. Біз тұрған қалада Қазақстанның ешқандай арнасын көрсетпейді. Сондықтан маған көбінде Қазақстанның жаңалықтарын әкем айтып береді, атамекен туралы барлық жаңалықтарды әкемнен естіп білемін. Астанада өткен осы жолғы 4 ші Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына шақырту келмегендіктен барып қатыса алмадым.

Екі ұл бір қыз үш бала тәрбиелеп отырмын. Отбасында Шведше сөйлесеміз. Әйелімнің ұлты Швед. «Миф» университетінде профессор.  Балаларымның үлкені лицейді бітіргеніне 2 жыл болды. Қазір ол жоғарғы оқу орынында оқымайды. Әлемді аралап, жер жүзіндегі мемелекеттерге саяхат жасап, олардың ерекшеліктерімен жақынырақ таныссам  деген арманы бар. Жақында Эквадордан оралды. Енді университетке түссе доктор болатын түрі бар. Екінші ұлым осы жылы ұшқыштың оқуын бітірді. Ал кенжеміз, ерке қызымыз биыл ғана лицейді бітірді. Қазақстанға балаларды алып барсам деген арманым бар. Балалардың да Қазақстан дегенде ынтасы ерекше. Елге барғысы келеді. Жұмысым көп болғандықтан уақыт бөліп балаларымды өз атамекеніме алып бара алмай жатырмын. Сол үшін де кейде қысыламын. Олар маған қазақша үйрет,- деп талап қояды. Атам мен әжем сөйлейтін тілді біз түсінуіміз керек үйренуіміз керек деп ынталанады. 2003 жылғы Швецияда өткен кіші құрылтайға бүтін отбасымызбен барғанбыз. Кіші ұл ұшқыштың оқуын бітіріп жатқандықтан оның жұмыстарымен де көп босай алмаймыз. Қызым жүзгіш. Теңізде өтетін жарыстардың чемпионатына арнайы барып қатысады. Жақын арада Египетте өтетін сондай чемпионатқа аттанғалы отыр.

Қазақстанда туыс болып кеткен достарымыз, әкемнің жақын достары бар. Оларды сағынамыз,барып көріскіміз келеді. Әкемнің досы әнші Нұрғали Нүсіпжановтың немересі осында менің үйімде жатып «Экономика» саласы бойынша  білім алды. Қазір Швед банкісінде жұмыс жасайды. Қазақстандағы ағайындарға көп сәлем айтамыз. Атамекендегі бүкіл бауырлас қандастарыма дұғайы сәлем жолдаймын!

 

Бір күнді еншілеген футбол турнирінің арқасында шартараптан жиналған бауарларымызбен танысып, жақынырақ сұхбаттасуға уақыт мол болды. Тартысты өткен футбол турнирінің жалғасы жастар үшін би кешіне ұласса, алыстан жеткен сыйлы қонақтар мен аға буындарды елші Қайрат Әбусейітов арнайы дастархан жайып қонақ етті.  Сөз реті келгенде Швеция қазақтарының бұл жиынын өткізуге Қайрат Әбусейітов жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы /Лондон/ консулы үлкен үлес қосқанын шынайы ризашылықпен атап айтқанымыз жөн. Бұл шетелдегі елшіліктеріміздің сырт жерлердегі қазақ диаспорасына қолдау көрсету жұмыстарына шын жанашыр екендігін көрсетеді. Швециядағы қазақ елшілігінің ортақ іске мүдделі жанашырлық таныта атқарған жұмыстарының нәтижесі ойдағыдай болды. Жиналған қауымды көріп, көңілі жайланған елші көпшілікті бүгінгі мереке думанмен құттықтап өтті де, сөз тізгінін Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Абдұлқайым Кесежиге ұсынды. Кеште Өмірқұл Айниязов алыстағы қандастарымызға арнау айтып, ағайындарымызды туған жердегі қара орман қазағының дәстүрлі өнерімен қауыштырып, қуанышқа бөледі. Туған жердің ән күйіне шөлдеген қандастар қазақтың төл өнерінің балбұлағына қанғандай кейіпте отырды…

                                     

Қоштасудың қиыны ай…

Еуропаның төрінде жүріп жыл сайын кіші құрылтай өткізуді дәстүрге айналдырған көне құрлықтағы барша қандас кезекті кіші құрылтайдың жабылу салтанатына жиналды. Қазақтың елінен жерінен шалғайда жүрсе де ниеттері ортақ ағайындар жабылу салтанаты кешін қазақтың әнұранын айтып бастады.  Артынша Түрік елі мен жергілікті Швецияның әнұраны шырқалды.  Швециядағы қазақ мәдени орталығының қол астына біріккен 3 қауымдастықтың әрқайсысының өз қызметі бар екендігін сөз басында айтып өттім. Әсіресе жастар жағы осы құрылтайға барынша дайындалғандығы көрініп тұрды. Швеция қазақ жастар орталығының мүшелері Гүлназ Макина мен Нілай Сарбас концертті қазақша, түрікше, шведше, ағылшынша 4 тілде жүргізді. Сонан кейін сахнаға швеция әйелдер қоғамындағы ісмер келіншектер өздерінің қолөнер туындыларымен шығып, кішігірім сахналық қойылым көрсетті. Барша әйелдер хормен қазақтың ескі әуендерін нәшіне келтіре орындап шықты. Швеция жастар қоғамы дайындап би үйреткен бүлдіршіндер тобы да өздерінің мың бұрала билеген қылықтарымен, қаражорға биімен залға жиналған жұртшылықты тәнті етті. Жас ұрпақтың қазақ халқының музыка саласындағы құндылықтарына деген қызығушылығы жыл өткен сайын артып келе жатқандығы осы кеште байқалды.

Жабылу салтанатында алғашқы боп сөз алған қазақ мәдени орталығының Төрағасы Ибрагим Құсшы ең алдымен осы басқосуды өткізуге көмек беріп қолдау көрсеткен бүкіл ағайынға ризашылығын білдіріп рахмет айтудан сөз басын бастады. Сөзінің соңын түрік тіліндегі лебіз тілекпен аяқтаған қазақ мәдениет орталығы басшысының сөзінен түрік ағайындарға көп жалтақтағандығын аңғардық. Әрине, Ибрагим Құсшының бұлай түбі бір түрік жұртына жалтақтайтын да реті жоқ емес. Себебі, мұндай ірі басқосуды өткізу оңай шаруа емес. Ал, әлемнің әр түкпірінен қонақтар шақырып, олардың  көңілін табу тіптен де қиын. Шетелдердегі қазақтардың басқосуын өткізуде қазақстандық атқамінерлер емес, көбінде Түрік ағайындарымыз мырзалықпен қол созып, демеушлік жасағандығын Ибрагим Құсшы мырза өз сөзінде бірнеше рет қайталап айтқан болатын.

Той болған соң құр қол баруға болмайтыны және белгілі. Редакция ұжымы атынан Швеция мәдени қоғамына тарту ретінде аманаттаған үкілі домбарамызды, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың музей үйі атынан аманаттап сыйға тартқан құттықтау хат пен ақынның бірнеше кітабын  сахна төріне шығып қазақ мәдени орталығының төрағасы Ибрагим Құсшыға табыстадық. Ал, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының Төрағасы Абдұлқайым Кесежиға арнап алып барған шапанымызды Федерация басшысы  осы елде жасап жатқан қазақтардың үлкені Абдулла Шағатайдың иығына жапты.

Сонымен ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келген 2011 жылғы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы да өз мәресіне келіп жетті. Көздеген мақсат орындалып межелеген жиынның бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асты, деп айтамыз. Бұл ең әуелі онда отырған ағайынның, өсіп келе жатқан өрімдей жастарға  бас-көз болып отырған аға буынның өнегесінің, алқалы топтың ауызбіршілігінің, мықтылығының, керек жағдайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып  ынтымақпен жұмыс істей білуінің нәтижесі деп түсіндік. Аға буын өкілдері ата-бабадан қалған асыл мұра – ән мен жырды шынайы шеберлердің орындауында тыңдағысы келеді. Кеш Қазақстаннан барған әншілердің өнерімен жалғасып жатқанда біз Финляндиялық қазақ ағайындарымыздың қолқа салып, шақыруымен Финляндияның «Турку» қаласына аттандық. Ендігі меже ондағы қандастар өмірімен жақынырақ танысып, олардың да өмірін көзбен көріп, көңілге тоқу еді…

                                Жазира Амантайқызы,

 АЛМАТЫ-СТОКГОЛЬМ-ВЕСТОРОС-АЛМАТЫ

 

 

 

 

 

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑