banner-top12

Әдебиет 5433

Қосқан уақыты Сәуір 19, 2016 | 829 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

Ұлттың ұлы ұстазы

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
заң ғылымының докторы, профессор
Кіріспе орнына

Дәл сол күні ұлы ұстаздың Отаны – Қазақ елі оның аруағы мәңгілік байыз тапқан Шам жұртымен тұңғыш рет дипломатиялық байланыс орнатты.
Дәл сол күні менің жиырма жыл бойы жүрек төрінде сақтап, орындалуына үмітімнен гөрі күдігім басым түсе бастаған ізгі арманым жүзеге асып, ұстаздың мың жылдан астам уақыт сынына төтеп берген қасиетті қабіріне зиярат еттім.
Дәл сол күні көне зираттан алынған бір уыс топырақ ұстаздың ұлы рухын арқалап, оның тарихи Отанына жол тартты.
Бұл хижраның 1424 жылы рабийа ал-аууал айының 13 жұлдызында, басқаша айтсақ 2003 жылдың 14 мамыр айында Дамаск қаласында болған оқиға еді.
Сол жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев әлем діндерінің басшылары мен аса ірі дін қайраткерлеріне қазақ елінің жаңа елордасы Астанада бас қосып, маслихат құруға сауын айтты. Бұл дүние тарихында бұрын-соңды болмаған, тіпті болуының мүмкіндігіне сенімнен гөрі күмәні басым бастама еді.
Міне, осы жиынға Елбасының арнайы шақыруын жер бетіндегі жалпы саны миллиардтан асатын мұсылман-сунниттердің ұлы имамы әл-Азһар шейхы Мұхаммед Саид Тантауиға жеткізу үшін мен арнайы іссапармен Каирге аттандым. Алла тағала сәтін салғаны соншалық сапарға Елбасымен арнайы кездесуге келген мұсылман дүниесінің тағы бір ұлы қайраткері – Дүниежүзілік мұсылмандар лигасының бас хатшысы Абд әл-Мұхсин ат-Түркидің жеке ұшағымен шығып, ғұламамен әуеде алты сағат армансыз сұхбаттасу құрметіне ие болдым. Бұл оқиғалардың барлығында жанымда Қазақстанды мұсылман елдерімен жақындастыруға зор еңбек сіңірген азамат, еліміздің Египет Араб Республикасындағы елшісі Бағдат Құлтайұлы Әміреев болды.
Мұсылманның қос киесі елінің астанасы Эр-Риядта азғана аял жасаған біздер, саудиялық ұшақпен көп ұзамай Каирге ұштық. Лайнер әуеге көтерілген соң-ақ Бағдат екеуміз әлсін-әлсін экранға қарай бастадық. Әлгінде ғана Абд әл-Мұхсин ат-Түрки бабамыз бізге қайырлы сапар тілеп: «Сіздер Мекке мүкарраманың үстімен ұшады екенсіздер. Екінті намазын ұшақта оқығандарың жөн. Саудиялық авиакомпания ұшақтарында намаз оқитын арнайы орын бар. Мұндай намаздың қайыры мен сауабы ерекше болады.», – деген еді. Бұған дейін мұсылманның үш шарифі – Меккедегі Әл-Харам, Мединедегі Мұхаммед пайғамбарымыздың мешіті және Құддыстағы (Иерусалим) пайғамбарымыз миғраж күні Алламен тілдесу үшін Әл-Бурақпен аспанға көтерілген Құб-ас-сахра мешіттерінде болып, намазға жығылсам да қасиетті Меккенің нұрына малынған ұшақ бортында намаз оқып көрмеппін. Мұндай жағдай мені қойып, пайғамбарымыздың ата жұртында жеті жыл елші болған Бағдат бауырымыздың басында да болмаған екен.
Сонымен, жерде – қасиетті Мекке мүкаррама, көкте – Алла тағала, әуеде – ұшақ, жүректе – иман, алдымызда қайырлы сапар тұрған біздер ұшақтағы Алла үйінде намазға жығылдық. Бұдан соң сапар сәтіне деген күдік азайып, көңіл тоғайып, адал ниет, нық сеніммен Каирге де келіп түстік.
Ертесінде Мысыр астанасында дүние жүзінің 70-тен астам елдерінен келген әлем мұсылмандарының әйгілі қайраткерлері бас қосқан ислам уммасының болашағына арналған үлкен халықаралық конференция өтті. Онда қазақстандық мұсылман бауырлар атынан сөз сөйлеп, Шейх Тантауиге Елбасы шақыруын жеткіздік. Ұлы имамның нұрлы дидарын көріп, бата-фатиқасын алдық. Тіпті қатар отырып, оның дастарханынан дәм тату құрметіне де ие болдық. Ертесінде мұсылман дүниесі ұлы ғұламалары бас қосуының мейір-шапағатына бөленген күйі Бейрут арқылы Шам еліне жол тарттық. Ливан астанасы Бейрутке аялдауымыздың да өз себебі бар еді. Жерорта теңізі жағасындағы ең көне мемлекеттердің бірі, әйгілі Финикияның мұрагері, кейін бес ғасыр Рим империясы құрамында болып, 7-ғасырдан бастап арабтар билігінде көшкен Ливан араб елдері ішінде ғылым-білімі мен экономикасы қатар дамыған, батыс, шығыс мәдениеті қатар өркендеген мемлекет.
Бейрут баспалары кейінгі ширек ғасыр ішінде әлемдік фарабитануға зор үлес қосып, ортағасырлық араб оқымыстылары Ибн Аби Усайбиға, Ибн ал-Қифти, Ибн Халликан т.б. кітаптарын басып шығарды. Кейінгі автордың 8 томнан тұратын «Уафайат ал – айан уа анба абна аз-заман» («Белгілі адамдардың опат болуы мен замана перзенттері туралы мағлұматтар») кітабы мұсылман дүниесіндегі ғалым, әдебиет пен мәдениет қайраткерлері туралы іргелі энциклопедиялық еңбек болып саналады.
Ливан жеріндегі достардың көмегімен іздеген кітаптарымызды тапқан соң, әйгілі Шам елін бетке алып сапарымызды жалғастыра түстік.
Шындығында бұл ғұмыр бойы есте қалатындай оқиға болды…
Әл-Фарабидың Дамаскіде қайтыс болғандығын ортағасырлық араб тарихшылары бірауыздан мойындайды және олардың бәрі дерлік ұстаздың зираты Дамаскідегі ең көне қорым – Баб ас-Сағирда (арабшадан аударғанда – Кіші қақпа) екендігін атап көрсетеді.
Қазақстандықтар арасынан баба зиратын алғаш рет тауып, оған 1968 жылы зиярат еткен тұңғыш фарабитанушы қазақ ғалымы, академик Ағжан Машанов ағамыз еді. Ахаң өз естелігінде ұстаз зиратын «Баб ас-Сағирдан» тапқанын жазғанымен, оның сипаттамасын келтірмеген. Басында қандай жазу жазылғандығы және оның мазмұны жөнінде де ешқандай деректер қалдырмаған (Машанов А., Әл-Фараби және Абай. А., 1994, 38-40-беттер). Ахаңның әл-Фараби зиратын тапқанына күмән келтірмегенмен, тарихта бірнеше Фарабилер болғандығын ескеріп, «дәл біздің бабамыз ба екен?» деген күпті көңілден шыққан күдікті ойдың да болғанын жасырып қайтеміз. Оның төмендегідей себебі де болды.
Ортағасырлық араб оқымыстылары ішінде әл-Фарабидің Баб ас-Сағирде жерленгенін тұңғыш тап басып айтқан тарихшы Ибн Халликан еді. Оның жоғарыда аталған 8-томдық еңбегінің әл-Фарабиге арналған бөлігін және басқа да бірқатар ұстаз биографтарының еңбегін өткен ғасырдың 80-ші жылдары араб тілінен ықшамдап аударып, сол кездегі «Лениншіл жаста» бастырған отызға жаңа ғана толған шығыстанушы-ғалым, бүгінде Қазақстанның бас мүфтиі, профессор Әбсаттар Дербісәлиев болатын. Әбекең біз университетте оқып жүргенде әл-Фараби туралы мақаласы мен аудармаларын жинақтап, шағын кітапша етіп шығарды. Сонда ол: «Баб ас-Сағир» немесе «Кіші қақпа» орта ғасырлардан бастап, күні бүгінге дейін сақталған. Сирия Араб Республикасының астанасы Димашқ (Дамаскі) шаһарының оңтүстік жағын ала орналасқан осы қақпаға таяу жерде ертеден келе жатқан зират бар. Араб тарихшысы Ибн Асанирдің айтуынша аталған мазаратқа Мұхаммед пайғамбардың кейбір ізбасарлары мен белгілі халиф әл-Мұғауйа жерленген. Міне, осындай атышулы жерге әл-Фарабидің де жерленуі заңды құбылыс. Әбу-Насырдың моласы іздегенмен табыла қоюы екіталай. Өйткені, арада он ғасыр парағын судырлатты емес пе?!», – деп баба басындағы белгінің бүгінгі күнге аман жеткен-жетпегеніне күмән келтіреді (Дербісалиев Ә., Әл-Фарабидің эстетикасы, А., 1980, 31-бет).
Шындығында әл-Фараби дүние салған заманнан бері талай қаланы құм жұтып, талай мемлекеттер тарих сахнасынан өтті. Тіпті баба туған топырақта оның дүниеге келген заманында Түркістан өлкесіндегі жүзге жуық қала мен елді мекендердің бірде бірі тарих тезіне шыдамай әлдеқашан құм астында қалды. Сондықтан А.Машанов естелігінде зираттың бүгінгі күнге аман жеткені айтылса да, ұстаздың мәңгілік мекенін өз көзімізбен көргенше күмәннан арылмағанымыз рас.
Дамаскіге келіп, Қазақстанның Египеттегі елшісі Б.Қ.Әміреев Сирияның сыртқы істер министріне сенім грамотасын тапсырғаннан кейін министрліктен жолбасшы алған біздер Баб ас-Сағирды іздеуге шықтық. Бір кезде қала сыртында болған көне қорым бүгінде Дамаскінің ортасында қалған десе де болғандай. Қорымды қиналмай таптық, бірақ зираттың көптігі соншалық оның өзі кішігірім қалаға айналғандай екен.
Баб ас-Сағир екі бөліктен тұрады. Әл-Фарабидың зиратын табу оңайға соқпады. Қабірстанда Мұхаммед пайғамбардың төртінші әйелі Ғафса анамыздан (Әбубәкірден кейінгі екінші халиф хазрет Омардың қызы) бастап, пайғамбарымыздың күйеу баласы, төртінші халиф әйгілі хазрет Ғалиды өлтіріп, қолынан халифтік билікті тартып алған атақты Мұғауйа халифтің зираты да бар екен. Баб ас-Сағир тірісінде көп қосыла бермеген дін мұсылманның талай батыры мен бағланы, әмірі мен ақылмандарының басын бір қорымда қосыпты. Осынша көп тарихи тұлғалар ішінен әл-Фараби зиратын табу шынында оңай шаруа емес еді.
Дегенмен қорымның Халид атты бас шырақшысы келген соң ісіміз оңға басып, баба зиратын да таптық. Зират қабірстанның ең шетіндегі құлауға айналған қос қабатты ескі үйге жапсарлас орналасыпты. Әл-Фараби зираты ені шамамен 2 метр, ұзындығы 6-7 метр, биіктігі 3 метрдей темір шарбақпен қоршалып, төбесі тұтастай жабылыпты және есігіне құлып салынған. Темір шарбақтың ішінде бес қабір бар. Төрдегі әл-Фарабидікі екен.
Шырақшының айтуынша бұл шарбақты Ляхкам деген әулеттің адамдары жасаған, өйткені ішіндегі төрт қабір солардың үрім-бұтақтарынікі көрінеді. Әулет басшысы Пальмира қаласында тұрады және кілт те соның қолында. Шырақшы олардың рұхсатынсыз құлыпты бұза алмайтынын айтты. Оның бұл дәрменсіздігі мені қатты қапаландырды. Сыртқы істер министрлігінің қызметкеріне осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын жерленген ғұламаның қабірін өз әулетінің зиратына қосып алғанымен қоймай, есігіне қара құлып салуы – ұлы ұстаздың өз Отанынан келетін ұрпақтарын былай қойғанда, күллі мұсылман дүниесінен арнайы зиярат етушілердің ниетіне кедергі келтіретін заңға да, әдепке де жатпайтын әрекет екендігін қатты-қатты айтуға мәжбүр болдым. Иесі келіп, есікті ашпайынша осы арадан ешқайда кетпейтінімді, тіпті түнеуге де әзір екендігімді ескертіп, темір қоршаудың босағасына жайғастым.
Шындығында жер түбінен келіп тұрып, қол созым жердегі баба зиратына тәу ете алмаудан асқан қорлық жоқ екен. Шырақшы алақан жайғаннан арыға бармады. Сол кезде біз қоршау иесін тапқанға мол сыйлық атадық. Шырақшы көмекшілерін шақырды… Сол-ақ екен ұялы байланыс арқылы Пальмираға хабар жөнелтіліп, Ляхкамдардың Дамаскідегі туыстары да табыла кетті. Олардың қолындағы қосымша кілтпен темір шарбақтың құлпы да ашылды-ау, әйтеуір. Бұл маған тура жұмақтың қақпасы ашылғаннан кем болмады десем де болғандай.
Әл-Фараби құлпытасы шарбақтың үймен жапсарлас төр жағында орналасқан. Ұзындығы 1 метр 80 см., биіктігі 60 см., ені 70 см. шамасында. Құлпытастың үсті, қос қапталы бертін келе цемент қоспамен сыланған. Зираттың аяқ жағында Қожа Ахмет Йассауи кесенесінің қасбетіне ұқсас үлгідегі бедер орналасқан. Оның ортасында бәдізделген жазудың өше бастаған іздері сақталған. Шырақшының айтуынша зираттағы жазу ертеректе түп-түгелімен ақ мәрмәр тақтаға оймыштап көшіріліп, зираттың басындағы қабырғаға жапсырылған. Оның түпнұсқамен толық сәйкестігіне еш күдік болмауға тиіс. Зираттың әл-Фарабидікі екендігі де күмәнсіз. Себебі мұнда одан бұрын дүние салған талай-талай әйгілі тұлғалардың да қабірлері сақталған және бәрі арнайы кітапқа тіркелген.
Көңіл орынға түсті. Баба құлпытасына басымызды тигізіп, тәу еттік. Бағдат екеуміз жарыса, саудыратып құран оқыдық. Құлпытастың сылағы түсе бастаған жерінен осыған арнайы әкелген күміс кесеге бір шөкім топырақ салып алуды да ұмытпадық. Зиратты ары-бері айналып, суретке тарттық. Сурет шықпай қалса керек болар деп тақтадағы жазуды да мұқияттап хатқа түсірдік. Тіпті шырақшының телефондарын да жазып алдық. Бабалар дәстүріне беріктігімізді танытып, зиратты табуға көмектесіп, темір шарбақтың «жұмбақ» құлпын ашуға ат салысқан шамдық бауырлардың әрқайсысына уәде еткен сыйлығымызды да бердік. Пайғамбарымыздың адал жары Ғафса анамыздың басына құран оқып, күн ұясына бата Баб ас-Сағирмен қимай қоштастық.
Бұл шындығында біз үшін ғана емес, барша қазақ үшін сәтті сапар қайырлы күн болды.

1. Әл-Фараби – әлем ғалымдары назарында

Ұстаздың өмірі мен ұшан-теңіз ғылыми мұрасы оның көзі тірі кезінде-ақ сол заман оқымыстыларының назарын өзіне аудара бастаған. Ол қайтыс болғаннан кейін бұл зерттеулер бүгінде әлемнің алуан тілде жазатын аса ірі ойшылдар еңбегімен толығып, «фарабитану» атты тұтас бір ғылым саласына айналды. Фарабитануды құрайтын сол мол мұраны шартты түрде бес топқа жіктеуге болады.
Бірінші топқа ортағасырлық араб, парсы оқымыстыларының жазбалары кіреді. Олардың бастауында ХII ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Абдул Хасан әл-Байхақидің (1168 жылы қайтыс болған) «Таттимои суван ул-хиқма» (Даналық сөздерге толықтырма) еңбегі. Оның үзінділері 1960 жылы тұңғыш рет ағылшын тілінде «Ислам мәдениеті» журналында жарияланды.
Әл-Байхақи еңбегінде ол өмір сүрген замандағы барлық араб оқымыстылары туралы деректер мол қамтылған. Онда әл-Фарабидің өмірі мен ғылыми мұрасына да арналған мағлұматтар бар. Фарабитанушылар үшін бұл еңбектің маңыздылығы оның ұстаз туралы деректердің ізі суылмай тұрып жазылғандығында.
Осы қатардағы еңбектерге тағы бір араб тарихшысы Ибн Саид әл-Қифтидің (1248 жылы қайтыс болған) «Ахбар ул-улама би-ахбар ал хукама» (Ғұламалар мен ойшылдар туралы ақпарлар) кітабын жатқызуға болады. Бұл үлкен еңбек тұңғыш рет 1908 жылы Каирде басылды. Соңғы толықтырылған басылымы 1975 жылы Бағдатта жарық көрді.
Әл-Қифти ұстаздың тегі түркілерден шыққандығын, оның Фараб қаласында туылғанын, кейін халиф ар-Ради заманында Бағдатқа келіп, өмірінің соңында дейін осы қалада тұрғандығын жазады. Еңбекте оның ұстазы Йуханна ибн Хайлан туралы да деректер бар. Ғалым әл-Фарабидың 71 трактатының тізімін келтіріп, зерттеу соңында ұстаздан қалған қанатты сөздер туралы да мағлұматтар береді. Автор әл-Фараби туралы: «Ол даналық жайлы ғылым мен оны зерттеуде барлық мұсылмандардан озық болды», – деген баға береді. Небәрі 5-ақ беттен тұратын бұл деректердің құндылығы – онда тұңғыш рет ұстаз мұрасының барынша толық библиографиясын келтірілгендігінде.
Тағы бір араб оқымыстысы Ибн Аби Усайбиғаның (1269 жылы қайтыс болған) «Уйун ал-анба фи табақат ал атибба» (Тәуіптер біліктілігі туралы мағлұматтар қайнары) атты кітабында да ұстаз өміріне қатысты біршама деректер бар. Бұл кітаптың алғашқы басылымы 1882 жылы Каирде, ал толық нұсқасы 1975 жылы Бейрутте жарық көрді.
Ибн Аби Усайбиғаның жазуынша әл-Фараби өте қарапайым болған екен. Автор әл-Амиди деген адамға сілтеме жасай отырып, әл-Фараби Дамаскідегі бақтардың бірінде күзетші болған еді деп жазады. Кейін атағы шыққан ғұлама атанғанда әмір Сайф ад-Даула оған ерекше құрмет көрсетіп, қошамет жасапты. Кітапта ұстаз хижра бойынша 339 жылдың реджеб айында (желтоқсанның соңы – қантардың басы) қайтыс болды деген дерек келтірілген. Оның жаназасы кезінде қасына өз маңындағы 15 адамын ертіп келіп, әмір Сайф ад-Дауланың өзі дұға оқыпты.
Әл-Фараби әмір қанша қамқорлық жасаса да одан ештеңе алмай, күніне тек 4 дирхем күмісті ғана қанағат тұтыпты. Ұстаз тағамдардан қозының жүрегі мен базилик шарабын ерекше жақсы көрген екен. Әуелгіде ол қадилық (сот) қызмет те атқарыпты, кейін ғылымға құштарлығы ауғанда бұл кәсіпті біржолата тастап, бүкіл өмірін дүние жұмбағын шешуге арнаған екен.
Музыканың теориясы мен музыкалық аспаптарда ойнауда оған тең келер жан болмады деп жазады Ибн Аби Усайбиға. Ол тіпті жүрек қылын тербейтін ғажап музыкалық аспап та ойлап шығарған екен.
Автор әл-Фарабидің философия ғылымына келуін оған бір адам Аристотельдің кітаптарын сақтай тұруды өтінгенінен басталғанын жазады. Ол бұл кітаптарды түгел оқып шығып, онда жазылғандарды толық түсіну үшін танымын одан әрі жалғастыра түсіпті. Бұл ізденіс оны философия әлеміне алып келген. Әбу Насрдың айтуынша «философия» гректің «фил» сүйемін, «суфиа» даналық деген сөздерінен шыққан. Бір ғажабы бұл сөздің шығуы туралы пікір күні бүгінге дейін әл-Фараби түсіндірмесінен өзгермеген.
Еңбекте әл-Фараби мен Аристотель, родостық Андроник, Эфестен шыққан Феофрастың арасындағы ғылыми байланыс туралы деректер, ғұламаның алғашқы ұстаздарының бірі Йуханна ибн Хайлан туралы, араб оқымыстылары Абу Бишр Матта ибн Йунус, Абу Сулайман ас-Сиджистани аль-Мантиқи, Йақия ибн Ади т.б. жайлы мағлұматтар бар. Автор Ибн Йунустың әл-Фарабиден жасы үлкен еді, бірақ Абу Наср одан әлдеқайда шешен әрі тапқыр болды деп жазады.
Ибн Аби Усайбиға өз еңбегінде әл-Фарабидың араб поэзиясының басит және мұтақариб үлгісіндегі екі өлеңін келтіреді. Зерттеудің фарабитану үшін ең бағалы тұсы – онда ұстаздың 109 еңбегінің тізімі келтірілгендігі. Бұл әл-Фараби биографтары еңбектерінде көрсетілген оның шығармаларының ең толық тізімі.
Орта ғасырлық араб оқымыстылары ішінде өнімді еңбек етіп, соңына мол мұра қалдырған авторлардың бірі Ибн Халиккан (1282 жылы опат болған). Оның «Уафайат ал-айан уа анба абна аз-заман» «Белгілі адамдардың опат болуы мен замана перзенттері туралы мағлұматтар» атты 8-томдық іргелі еңбегінде әл-Фарабидың өмірі мен шығармашылығына қатысты көптеген деректер бар. Еңбек алғаш рет 1891 жылы Каирде, кейінгі толық нұсқасы (барлығы 8 том) 1968-72 жылдары Бейрутте жарық көрді. Оның әл-Фараби қатысты тұстары 1975 жылы Мәскеуде басылған «Аль-Фараби. Научное творчество» атты кітапта жарияланды.
Автор оны түркі елінен шыққан ұлы философ еді, оның есімі өзі туған Фараб қаласының атынан шықты, қазір бұл қала Атрар деп аталады және ол Шаш шаһарынан ары Баласағұн қаласына таяу жерде орналасқан деген деректерді келтіреді. Тарихшы Баласағұнды Қытайға тақау орналасқан Қашқар қаласына жақын маңда деп, қаланың орналасқан тұсын да дәл болжайды. Автор ұстаз бабаларының арабтарға түсініксіздеу есімдері «Турхан», «Узлиғ» емес «Тархан», «Узлағ» болып жазылатынын ескертеді.
Ибн Халликан ұлы ұстаздың Бағдат, Дамаск, Харран қалаларында тұрғанын, Мысыр еліне де барып келгендігі туралы, бірақ өмірінің соңғы кезеңін Дамаскіде Сайф ад-Дауланың сарайында өткізгенін жазады. Еңбекте әл-Фарабидың 70-ке жуық тіл білгендігі туралы дерек те бар.
Ұстаздың көзі тірісінде өз баспанасы болмапты, шығармаларын бақ ішінде, көбінесе бұлақ басында отырып жазғанды ұнатады екен. Осы еңбекте ұстаздың бұрын белгісіз тағы бір өлеңі келтірілген.
Әбу Наср әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы тақырыбына өзге де ортағасырлық араб оқымыстылары қалам тартты. Бірақ оларда жоғарыдағы авторлардың еңбектеріндегі оқырмандарға белгілі жайттар қайталанатындықтан олардың барлығын талдап жатуды артық санадық.
Араб халифатының жеңімпаз әскерлері парсы жұртын түгелдей жаулап алғаннан кейін парсы мәдениеті 2-3 ғасыр бойына еңсесін көтере алмады. Өйткені бұл жылдарда халифат билігіндегі барлық елдердегі ресми тіл араб тілі болды және бұл тіл біртіндеп ғылым тіліне айналды. Дегенмен Х-ХII ғасырларда ежелгі парсы тілінде әуелі поэзия сөйледі. Рудаки, Фирдоуси, Хафиз, Сағди, Фзули, Шамси, Сайхали сияқты парсы поэзиясының жұлдыздары осы кезде шықты. Кейін ХIII-ХVII ғасырларда ғылыми әдебиеттер де парсы тілінде жазыла басталды. Міне, осы кезеңде А.Казвини, М.Хусаини, А.Хусаини, К.Челабидің әл-Фараби туралы деректер қамтылған еңбектері жарық көрді.
Фарабитанудың тағы бір үлкен саласын ХIХ-ХХ ғасырдағы Египет, Сирия, Ливан, Иран және Ауғанстан ғалымдары толықтырды. Олардың ішінде Ш.Сами, Ю.Кумер, Д.Салиб, О.Амин, әл-Фақұр, әл-Жарр, А. әл-Ихвани, И.Мадқұр, К.Раджаби, Табризи, З.Сафа, М.Мехрдада, О.Фаррух т.б. бар.
Фарабитанудағы үшінші топты батыс авторлары еңбектері құрайды. Бұл саладағы ұстаз мұрасына ықылас ХV ғасырдан басталады. Алғаш 1481 жылы Венецияда әл-Фарабидың риторикаға қатысты екі трактаты латын тілінде аударылса, 1638 жылы Парижде «Ғылым туралы», «Сана және ойлау мүмкіндігі» трактаттары тағы да латын тілінде басылды. Кейінгі ғасырларда ұстаз мұрасына деген ынта бәсеңдеп, ол 1836 жылы Август Шмельдерс әл-Фарабидың 3 трактатының арабша түпнұсқасы мен латынша аудармасын басып шығарғаннан кейін бұл игілікті іс қайта жалғасын тапты. А.Шмельдерстің ізденістерін кейін аталған тақырыпты оның шәкірті П.Бронле жалғастырды.
ХIХ ғасыр соңында ұстаз мұрасына неміс ғалымдары да назар аудара бастады. Алғашқылардың бірі болып М.Штейншнейдер «Әл-Фараби» атты еңбегін жарыққа шығарды. Дегенмен ұстаз еңбегін неміс оқырмандары арқылы күллі Европа жұртшылығына кеңінен таныстырған аса көрнекті фарабитанушы неміс ғалымы Фридрих Дитерици болды. Ол 1890 жылы Лондон, Лейден, Берлин қалаларында сақталған қолжазбалар негізінде әл-Фарабидың 8 трактатын араб тілінде шығарса, екі жыл өткен соң бұл трактаттарды неміс тіліне аударып, кең көлемді алғы сөзбен жеке кітап етіп бастырды. Ф.Дитерици 1895-90 жылдарда ұстаздың іргелі еңбегі «Қайырымды қала тұрғындары» т.б. философиялық трактаттарын жариялады. Бұл басылымдар әл-Фараби еңбектерін бүкіл батыс жұртшылығына кеңінен таратып қана қоймай, Европаның әйгілі философтарының назарын ұстаз мұрасына аударды. Солардың ішінде ХХ ғасыр басындағы атақты неміс философы, «Европаның күйреуі» атты еңбектің авторы Освальд Шпенглер болды.
Оның бұл еңбегі 1918 жылы жарық көрісімен-ақ автордың есімін әуелі неміс жұртына, кейін бүкіл әлемге мәшһүр етті. Соның нәтижесінде О.Шпенглер әлем философиясы мойындаған ХХ ғасыр ойшылдары қатарынан ойып орын алды.
«Европаның күйреуінде» әл-Фараби есімі екі рет аталады. Алғашында әлем тарихының морфологиясына арналған салыстырмалы кестенің «Аяқталған ұлы жүйелер» бөлімінде әл-Фараби есімі жай ғана аталып өтсе, кейін Шпенглер оған: «арабские мыслители зрелого времени – а среди них были первостепенные умы, как, например, Аль-Фараби», – деп ұстаз ойшылдығына өте жоғары баға береді (Шпенглер О., Закат Европы. М., 1998, сс.104, 274). Әйгілі неміс философы осы пікірлердің әсерімен: «Арабская культура – это культура религий откровения – иудейства, христианства, ислама», – деп араб мәдениеті туралы әділ пікір айтады (Сонда, 359-бет).
Шындығында орта ғасырлардан бастап, күні бүгінге дейін батыс қоғамында исламды христиан, яһуди діндеріне қарсы қою тенденциясы жойылмай келеді. Қасиетті «Құранда» олар «ахл ал-китаб» яғни «кітап түскен адамдар» деп құрметпен аталады. Исламда төрт кітаптың төртеуі де («Құран», «Таурат», «Зәбүр», «Інжіл») қасиетті саналып, оларға құрметпен қарау ұсынылады. Өкінішке орай кейбір батыс социологтары мұны көре тұра көргісі келмей, исламды қаралаудан танбай отыр. О.Шпенглер мұны дұрыс байқап, орынды, орнықты баға берген. Бұл, сөз жоқ, әл-Фараби мұраларын оқығаннан кейін туындаған пікір.
ХIХ-ХХ ғасырдағы батыс ғалымдары ішінде неміс М.Хортен, Ф.Кирхнер, голланд де Буур, француздар И.Форгет, С.Дугат, Л.Гутхер, М.Мунк, Э.Ренан, И.Финнеген, итальяндар А.Нагу, К.Наллино, Г.Куадри, А.Кортабарин, испандықтар А.Г.Паленсия, М.Алонсо, американдық Г.Сартон, Р.Хаммонд, Д.М.Дунлоп, Г.Фармер, Н.Решер т.б. ғалымдар еңбектерін ерекше атап өтуге болады. Интернет пен ақпараттық технология дамыған заманда батыстағы фарабитанушылар қатары күн сайын толыға түскенін аңғару қиын емес.
Фарабитанудағы төртінші үлкен топты патша және кеңес заманындағы орыс шығыстанушылары құрайды. Олардың ішінде В.В.Бартольд, В.Р.Розен, М.Е.Оболенский, М.М.Филиппов, Е.Э.Бертельс, С.Н.Григорян, А.В.Сагдеев және тәжіктің ұлы ғалымы Б.Ғафуровтар бар.
Фарабитану ғылымының бесінші тобына түркі тілдес халықтар ғалымдарының еңбектерін жатқызуға болады. Өткен ғасырдың ортасында бұл іске түрік оқымыстылары білек сыбана ат саласты. Олардың ішінде А.Атеш, К.Бурслан, Н.Кеклик, С.Ануар, Х.Үлкендер бар. Әсіресе, Ахмед Атештің «Фараби шығармаларының библиографиясы» (1951), Зия Үлкенің «Ислам философиясының тарихы» (1957), Нихат Кекликтің «Мантық тарихы» (1969) еңбектері түрік фарабитануының көш басында тұрған дүниелер. Профессор А.Атештің библиографиясында әл-Фарабидың 160 трактатының аты аталып, олардың қашан, қай жерде жарық көргені немесе қайда сақталғаны жөнінде батанша толық мағлұматтар келтірілген.
Түрік ағайындар бірінші болып 1950 жылы Анкара және Стамбул университетінде әл-Фарабидің қайтыс болғандығына 1000 жыл толуын кеңінен атап өтті.
Өткен ғасырдың 60, 70-жылдарында Қазақстан фарабитанудың әлемдегі ең үлкен орталықтарының біріне айналды. Қазақ фарабитанушыларының көш басында академик А.Машанов пен А.Көбесовтар тұрғанын ерекше атап өткен жөн. Олар аталған тақырыпқа ондаған ғылыми мақалалар мен бірнеше монографиялар жазды. 1975 жылы ұлы ғалымның туғанына 1100 жыл толуы ЮНЕСКО шеңберінде кеңінен атап өтіліп, Алматыда дүние жүзі фарабитанушыларының халықаралық ғылыми конференциясы болып өтті. Сол кездерде Ұлттық Ғылым Академиясы құрамында философия және құқық институтында фарабитану бөлімі ашылып, кейін ол үлкен ғылыми орталыққа айналды. Өткен ғасырдың соңғы ширегінде А.Қасымжанов, М.Бурабаев, Ә.Дербісәлиев, Қ.Жарықбаев, Г.Шаймұхамбетова, С.Сатыбековалардың еңбектері қазақстандық фарабитанудың көкжиегін кеңейте түсті. Олардың ішінде академик А.Х.Қасымжановтың жеке өзі жазған «Әбу Наср әл-Фараби» атты монографиясы мен академик Б.Ғафуровпен бірлесіп жазған «Әл-Фараби мәдениет тарихында» атты еңбегі әлемдік фарабитануға қосылған зор үлес ретінде бағаланғанын ерекше атап өткен жөн.
Қазақ ғалымдары кейінгі отыз жыл ішінде ұлы ұстаздың философиялық, әлеуметтік-этикалық, музыкалық, математикалық, логикалық, ғылыми, тарихи-философиялық, жаратылыстану-ғылыми және таңдамалы трактаттарын жеке кітаптар етіп басып шығарды.
Фарабитану ғылымына өзбек ғалымдары М.Хайруллаев, О.Матякубов, тәжік ғалымы А.Джахид т.б. өзіндік үлестерін қосты.
Фарабитану ғылымы заман алға жылжыған сайын өркендей түссе де ұстаздың түпсіз терең мұхиттай мол мұрасы әлі толық игерілді деп айту қиын. Оның Бағдат, Каир, Дамаск, Бейрут, Стамбул, Тегеран, Мадрид, Лондон, Берлин, Мюнхен, Париж, Калькутта т.б. әлеменің ірі ғылыми орталықтарының қолжазбалар қорындағы баға жеткізсіз асыл мұрасы толық жиналып біткен жоқ. Сондықтан ұлы ғалымның өмірі мен шығармашылығына қатысты жаңа еңбектер ХХI ғасырда да жалғасын тауып, жарық көре беретініне еш күмән жоқ. Осы орайда әлем мұрағаттары мен кітапханаларында сақталған баба мұрасын жинап, жүйелеп, зерттеп, ғылым игілігіне, ұлт мүддесіне жаратуда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев басшылығымен жасалған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде біраз игілікті істер атқарылады деп сенгіміз келеді.
Енді бүкіл дүние жүзі ғалымдарын 1100 жылдан астам уақыт бойына толғандырып келе жатқан ұстаздың нақты туған жері, шыққан тегі кім еді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

2. Ұстаздың шығу тегі

Ұлы ұстаздың толық есімі басқа жұртты былай қойғанда өз Отаны – Қазақстанда да әртүрлі жазылып келеді. Ең алғашқы Қазақ Кеңес Энциклопедиясында ол: «Әбу Наср әл-Фараби (Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Узлағ Тархани)» деген атпен берілсе (1970, 2-том, 9-бет), ал сексенінші жылдардың соңында жарық көрген «Қазақ ССР» Қысқаша энциклопедиясында: «Әл-Фараби, Ф а р а- б и, Ә б у Н а с р М ұ х а м м е д и б н Т а р х а н ә л-Ф а р а б и», – деген нұсқада берілген (1988, 3-том, 109-бет). Тәуелсіздік жылдарында басылған «Қазақстан» энциклопедиясында: «Әбу Наср әл-Фараби, Ә б у Н а с р М ұ- х а м м е д и б н Т а р х а н и б н У з л а ғ ә л-Ф а р а – б и», – делінген (1998, 1-том, 613-бет). Бір елдің үш энциклопедиясында бабаның толық ныспысы үш түрлі жазылған. Сонымен ұстаздың көзі тірісінде-ақ әлем мойындаған толық есімі қандай болған? Әуелгі әңгімені осыдан бастайық.
Дамаск қаласының Баб ас-Сағир қорымындағы баба зиратында араб тілінде алты жолдан тұратын мынандай сөздер жазылған:
Фатиха (1-ші жол) Бисмиллаһи ир-рахман ир-рахим (2-ші жол) Һаза зарих аль-алим уа аль-файласуф уа аль-адаб уа аль-мусиқи аль-ислами (3-ші жол) Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ (4-ші жол) аль-машһур Абу Наср аль-Фараби (5-ші жол) улиғам 260 хижра фи Фараб уа туффари фи Димашқ 329 хижра (6-ші жол).
Бұл сөздердің аудармасы: Фатиха (Құран кәрімнің бірінші сүресі – 1-ші жол) Рахманлы, рахымды Алла атымен бастаймын (2-ші жол), бұл зират мұсылман ғалымы және философы және әдебиетшісі және музыканты (3-ші жол), Мұхаммед бин Мұхаммед бин Тархан бин Узлағ (4-ші жол), мәшһүр Әбу Наср Әл-Фараби (5-ші жол) хижраның 260 жылы Фарабта туды және хижраның 329 жылы Дамаскіде опат болды (6-ші жол).
Бұл жазу баба зиратына ол қайтыс болғаннан кейін қойылған. Арада бірнеше жүздеген жылдар өтіп, жазу өшуге айналғанда оның бірде бір сөзі, таңбасы өзгертілместен ақ мәрмәр тақтаға көшіріліп, құлпытастың бас жағына орнатылған. Зираттағы жазудан шығар қорытынды: оның шын аты – Мұхаммед, әкесінің есімі – Мұхаммед, атасының ныспысы – Тархан, бабасы Ұзлағ екен. Дүниеге Әбу Наср әл-Фараби деген атпен мәшһүр болған. Ендеше бабаның өмірі мен шығармашылығын зерттеушілер болашақта оның толық ныспысын жазуда осы ретті басшылыққа алғандары жөн.
Зираттағы жазуда оны «Фарабта туды», – деп тайға таңба басқандай анық көрсеткен. Енді бұл қай Фараб осыған келейік.
Ұстаздың Фарабта туғанына ешкім күмән келтірмейді. Әйтсе де Орта Азия аумағында орта ғасырларда бір емес екі Фараб болған.
Ежелгі Фарабтың бірі Әмударияның жағасында орналасқан екен. Академик В.В.Бартольдтың «К истории орошения Туркестана» атты еңбегінің Әмударияға арналған бөлімінде Макдиси, Балазури, Нершахи еңбектеріндегі деректер бойынша: «в середине века здесь были город Амуль на левой стороне реки и Феребр, или Фараб, на правой. О Фарабе еще говорится, что в половодье расстояние между ним и рекой уменьшалось до ½ фарсаха, иногда река доходила до самого города. Фараб, как известно, сохранил до сих пор свое средневековое название», – деп жазады (Бартольд В.В. Работы по исторической географии. М., 2002, с.161-162).
Академик Әмудария жағасындағы көне Фарабтың бүгінгі күнге дейін аман жеткенін біліп жазып отыр. Ол қазіргі Түркменстанның Шарджоу облысында, Бартольд жазғандай, Әмудың оң жағалауында орналасқан ортағасырлық атын күні бүгінге дейін сақтаған қала. Ұстаздың өмірін зерттеушілер оның туған жерін көбінесе осы Фарабпен шатастырады.
Әл-Фараби туралы мол деректер қалдырған ортағасырлық араб тарихшылары Ибн Халликан, Ибн Хаукаль, Истархи, Яқут т.б. өз еңбектерінде тағы бір Фарабтың Сырдарияның жағасында орналасқанын жазады. Академик В.В.Бартольд осы еңбектерді қорыта келіп, өзінің әйгілі «Ислам энциклопедиясына» жазған мақаласында: «Фараб…округ…в среднем течении Сыр-Дарьи, по обеим ее берегам, там, где в нее справа впадает Арыс. …Главный город (касаба) назывался Кедер и лежал… восточнее Сыр-Дарьи, следовательно, его следует искать западнее руин позднейшего Отрара; от Сыр-Дарьи до Отрара нужно было проехать 2 фарсаха. На западном берегу Сыр-Дарьи, в 2 фарсахах ниже Кедера, лежал Весидж, бывший, согласно Ибн Хаукалью, родиной философа Абу Насра аль-Фараби. Согласно Макдиси (273), главный город назывался так же как и сам округ. Фараб…следует считать новым городом, а Кедер – старым; даже позднейший Отрар постоянно отождествлялся с городом Фарабом. … Ислам был принесен в Фараб, очевидно, лишь в саманидское время, после покорения Асбиджаба (или Исфиджаба) Нухом б.Асадом в 225/839-40 г.,» -деп жазады (Бартольд В.В. Там же, с.525-26).
Сонымен Фараб, ең алдымен, округтың аты (нақтырақ болу үшін округ: Мақдисиде – рустақ, Яқутта – вилайа); екіншіден, осы аттас округтың басты қаласы; үшіншіден, Фараб өзіне дейінгі ескі қала Кедердің орнына салынған, ал Весидж Кедердің іргесіндегі шағын қалашық болып шықты. Сондықтан орта ғасырылық араб ғалымдарының әл-Фарабиді бірде – Весидж (дұрысы – Уасидж), бірде – Кедер, бірде – Фараб, ал кейінірек Отырарда туылған деп жазуындағы бәрінің айтып жүргені мұсылман дүниесінде Фараб деген атпен танылған өлкедегі осы аттас қала мен округ болып шығады.
Әл-Фарабидің есімі мен ныспысына негіз болған оның туған қаласы туралы деректерді анықтап алған соң, бабаның туған жылына қатысты мағлұматтардың да басын ашып алған жөн сияқты.
Ұлы ұстаз туралы неміс, ағылшын, француз т.б. тілдердегі батыс авторлары, орыс ғылыми әдебиеттері мен энциклопедияларында оны 870 жылы туып, 950 жылы қайтыс болған деп жазады. Осы деректер Қазақ энциклопедияларының барлық басылымдарына да қайталанып, көптеген зерттеушілер еңбегінде осы дата өзгеріссіз беріліп отырады. Шындығында бұл жаңылыс есептен туған жаңсақ дерек. Оның туындауына төмендегідей жағдай себеп болған.
Ортағасырлық араб зерттеушілері көбінесе әл-Фарабиды 80 жасқа келіп қайтыс болды деп жазады. Әл-Фараби зиратының басындағы жазуда ол хижраның 260 жылында туылып, 339 жылдың реджеб айында яғни желтоқсанның аяғы, қантардың басында басқаша айтсақ 79-дан асып, 80-ге қараған шағында қайтыс болғаны анық көрсетілген. Ендеше батыс және орыс авторларының деректері де дұрыс болуға тиіс емес пе? Шындығында олай емес.
Араб авторлары әл-Фарабидің туған, өлген жылдарын хижра бойынша көрсеткен. Біздің қазіргі қолданып жүргеніміз григориан күнтізбесі. Ол бойынша хижраның алғашқы жылы 622 жылға сәйкес келеді, нақтырақ айтсақ, 622 жылдың шілде айының 15-нен 16-сына қараған түнге. Жұмадан сенбіге қараған бұл түні пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Меккеден Мединеге қоныс аударған (хижра – арабша қоныс аудару деген мағынаны білдіреді). Әл-Фараби хижраның 260 жылы туған. Батыстың Юлий Цезарь енгізген юлиандық және 16 ғасырда Рим папасы Григорий XIII енгізген григориандық күнтізбелердегі жыл есебі күндік (солнечный) жүйеге негізделген, ал хижра айлық (лунный) жүйемен есептеледі. Хижра бойынша әрбір 30 жылдың 11 жылы 355 күннен, ал 19 жылы 354 күннен тұрса, григорианда 365-366 күннен тұрады. Айырма – 11 күн. Сол себепті мұсылмандық жыл есебі 32-33 жылда григорианнан бір жыл қалып отырады. Сондықтан екі күнтізбедегі айырымды төмендегідей формуламен анықтауға болады.

260 – 260:33 + 622 = 874,12

Осы есеп бойынша әл-Фараби қазір біз қолданып жүрген григориан күнтізбесі бойынша осы күнге дейін батыс және орыс энциклопедиялары жазып жүргендей 870 жылы емес (нақты мысал үшін: «Оксфорд» энциклопедиясы, 7-том, 2002, 304-бет; «Российский энциклопедический словарь», БРЭ, 2001, 2-том, с.1656), 874 жылдың басында туған болып шығады. Зират басындағы жазу бойынша ол хижраның 339 жылы қайтыс болған. Енді мұны жоғарыдағы формуламен есептеп көрейік:

339 – 339:33 + 622 = 950,72

Демек, әл-Фараби, григориан күнтізбесі бойынша 874 жылы туылып, 950 жылдың екінші жартысында 77-ге қараған жасында қайтыс болған. Ендеше болашақта осы уақытқа дейін мұсылманша жыл есебінің ерекшеліктері ескерілмей, батыс және ресей энциклопедияларының ыңғайында жазылып келген қазақстандық энциклопедиялар мен өзге де зерттеулердегі мағлұматтарды дұрыстап, бабаның туған, опат болған жылдарын нақты тарихи дерек негізінде бір ізге түсірген жөн.
Ендігі әңгіме әл-Фарабидің ата-анасы, өскен ортасы, шыққан тегі жөнінде. Он екінші ғасырда туған белгілі араб тарихшысы Ибн Саид әл-Қифти оның түркілер еліндегі Фараб қаласында туғандығын жазса, тағы бір араб оқымыстысы Ибн Аби Усайбиға әл-Фарабидің Хорасан жеріндегі түркілердің Фараб атты қаласында дүниеге келгендігін келтіре отырып, «оның әкесі парсылардан шыққан қолбасы еді» деген деректі алға тартады. Бұл екі мағлұмат көптеген араб тарихшылары еңбегінде қайталанғанымен, олардың басым көпшілігі ұстаздың тегі түркі екендігін мойындайды. Оның түркілерден шыққандығын парсы тарихының асқан білгірі, тәжіктің ұлы ғалымы академик Б.Ғафуров, белгілі қазақ ғалымы А.Қасымжановпен бірігіп жазған кітабында да атап көрсетеді (Аль-Фараби в истории культуры. М., 1975, с.24).
Белгілі фарабитанушы-ғалым А.Көбесов: «Бізге жеткен кейбір деректерге қарағанда оның әкесі сол тұста көшпеліліктен отырықшылыққа ауысқан түркі тайпаларының бірінен шыққан әскербасы екен. Бір нұсқада Фарабидің руы қаңлы-қыпшақ деп көрсетілген», – деп жазады (Көбесов А., Әл-Фараби. 1971, 39-бет).
Әл-Фараби жөнінде бірнеше ғылыми-зерттеу еңбектер жазған өзбек ғалымы М.М.Хайруллаевтың 1982 жылы Мәскеуде басылған монографиясында: «можно предположить, что Фараби родился в семье военного из тюркского племени огузов или, скорее всего, карлуков, поселившихся в местности Фараб. Отец его был небольшим военачальником», – деп жазады (Абу Наср ал-Фараби, М., 1982, с.42). Осы автор Дехуддо атты парсылық тарихшының деректері негізінде ұстаздың әкесі түрме күзетшісі болыпты деген деректі де алға тартады.
Әл-Фрабидің әкесінің есімі Мұхаммед, ал бабасының аты Тархан екені бізге белгілі. Бұл есім бізге оның шығу тегінен біраз мағлұмат беретін сияқты.
«Тархан» түркі-монғол тілдерінен шыққан сөз. Түркілердің «тархан» титулын кейін монғолдар пайдаланған. Біз қарастырған ғылыми әдебиеттерде ең алғаш хатқа түскен «тархан» есімі түркілердің арғы атасы ғұндарда кездеседі. VII ғасырда ғұндар Хазар мемлекетінің негізін құраған албандарға шабуыл жасаған. Бұл туралы академик М.И.Артамонов: «У гуннов были богатые и бедные, вельможи и простолюдины. В числе лиц, принимавших участие в переговорах с Исраелем и в посольстве к албанам и армянам, упоминаются гуннские князя или знатные вельможи: Тархан Овчи (Авчи)…», – деп жазады (Артамонов М.И., История хазар. СПб, 2002, с. 206-207). Белгілі француз шығыстанушысы Р.Груссе: «Хазары были тюркским народом, они поклонялись Тенгри и управлялись каганами и тарханами», – деп бұл пікірді нақтылай түседі (Груссе Р., Империя степей. А., 2003, с.204).
«Тархан» атауы VIII ғасырдарда жасалған көне түркі жазба ескерткіштерінде де ұшырасады. Мәселен «Күлтегінде (кіші жазу): «Оғұл Тархан» атты кісі есімі, «Тоныкөкте» «баға тархан», «апа тархан» лауазымдары кездеседі (Малов С. Памятники древнетюркской письменности. М., 1951, с.43, 65, 68). Екеуі де әскери лауазым ретінде қолданылған. С.Малов «апа тарханды» «главнокомандующий» деп аударған.
М.Қашқаридың (ХI ғ.) «Түркі тілдерінің сөздігінде» «тархан» титулы түркілердің «арғу» тайпасында кездесетін лауазым екендігі көрсетілген.
Бұл мысалдардың бәрі «тархан» сөзі «әмір», «әскербасы», «қолбасы» деген мағыналарда түркілерде ерте замандарда-ақ болғандығын дәлелдейді.
Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағында» да Шыңғыс хан кейбір нояндарына тархан атағын бергендігін жазады. Профессор А.А.Семенов бұл сөздің мағынасын былайша түсіндіреді: «Термин тархан (монг. дархан) означает человека, которому прощается девятикратное преступление, который освобождается от несения повинностей и пользуется правом свободного входа к хану» (Рашид ад-Дин. Сборник летописей. М., 1952, с.171).
Патшалық Ресейде 14-18 ғасырларда «Тарханно-несудимые грамоты» деп аталатын құқықтық құжаттар болған. Бұл титулдің Ресейде енгізілген уақытына қарап, оның Орта Азия мен Кавказ түркілерінен алынғанын шамалау қиын емес. Мұндай грамоталар бойынша ірі феодалдар мен мүлік иелері салықтан босатылған (Каштанов С.М., К вопросу о классификации и составлении заголовков жалованных грамот. «Исторический архив». 1956, №3).
В.В.Бартольд Ресей императоры 1523 жылдың 1 қаңтарында қол қойған құжаттарының бірінде империядағы бір отбасына тархан атағы берілгенін айта келіп, бұл сөздің мағынасы «барлық салық түрінен босатылған» деген мағынаны беретіндігін келтірген (Работы по исторической географии, 441-бет).
Қазақстан Ресейге отар болғаннан кейін орыс императрицасы ірі қазақ феодалдарына «тархан» лауазымын таратқан. Ондай лауазымды алғаш рет 1742 жылы Шақшақ Жәнібек алған.
Жоғарыда келтірген дерек көздеріндегі пікірлерді қорытындылай келіп, төмендегідей түйін жасауға болады. «Тархан» түркілерден шыққан сөз. Ол түркілерде «әмір», «әскербасы», «қолбасшы», «бас қолбасшы» деген ұғымдарды білдірген. Кейін бұл лауазымды Шыңғыс хан заманында монғолдар пайдаланған. Олар бұл сөзге «барлық жазадан босатылған хан серігі» деген үстеме мағына қосқан. Шыңғыс хан ұрпағы Хулагу билеген тұста бұл титул монғолдар арқылы парсыларға да ауысқан. Кейін «тархан» титулы түркі халықтары арқылы Ресейде де қолданылатын болған. Арабтарға парсылар арқылы келген. Олар бұл сөздің мағынасын білмегендіктен оны кейде «турхан» деп те жазған. «Тархан» сөзінің этимологиясына осыншама назар аударымыздың себебі ол бізге әл-Фарабидің шықан тегі кім екендігін анықтауға мол мағлұмат береді.
Біріншіден, әл-Фарабидың «Тархан» есімді атасы парсы емес, түркі болған, себебі бұл сөз де, титул да түркілерге тән және бұл лауазым парсыларға Шыңғыс хан шапқыншылығынан кейін келген. Екіншіден, ол «түрме күзетшісі» немесе «шағын әскербасы» да емес, әмір, үлкен әскербасы немесе шаһар қолбасшысы болған. Себебі орта ғасырларда түркілер билеген өлкелерде қала-полистер кең тараған. Олардың әмірі қала жасағын басқарған қолбасы қызметінде қатар атқарған.
Араб тарихшысы Мақдисидің мағлұматтары бойынша Фараб қаласында 70 мыңға жуық адам тұрған. Онда үлкен мешіт жұмыс істеген, қаладағы дүкендердің көпшілігі рабатта (қала іргесінде) орналасқан, ал бірқатар араб тарихшылары оның түбіндегі әл-Фараби дүниеге келген дейтін Уасидж қалашығын өте күшті әмір билегендігін жазады. Ғұламаның бабасы осы әмір болуы да ғажап емес.
Үшіншіден, «тархан» антропонимі ер адамның есімі ретінде күні бүгінге дейін тек түркілерде сақталған. Мұның бәрі әл-Фарабидің түркілерден шыққандығын ерін ұшымен айта салатын емеурін сөз емес, бұлтартпас тарихи дерек көздерімен дәлелденетін тарихи факт екендігін көрсетеді.
М.Хайруллаев монографиясындағы ғұламаның тегін түркілердің оғыз немесе қарлұқ тайпасынан шығуы мүмкін деген пікірі де автордың түпкі ойынан біраз хабар бергендей. Себебі бұл ғалымның 1975 жылы Ташкентте басылған кітабында автор аталған тақырыпқа бұдан да теріңірек барып: «не доказуемо предположение отдельных авторов о возможном вхождении племени Фараби впоследствии, спустя несколько веков, в состав только одного народа Средней Азии или Казахстана», – деп жазған еді (Хайруллаев М., Ташкент, 1975, с.155).
Автор бұл пікірінде логикалық қайшылыққа ұрынады. Сонда әл-Фараби шыққан тайпа кейін Орта Азия мен Қазақстан халықтардың бірінің құрамына кірмегенде көкке ұшып кетуге тиіс пе?
М.Хайруллаевтың мұндағы меңзеп отырған «Орта Азия мен Қазақстандағы тек бір халықтың» қазақтар екені сөз арасынан ой сүзе алатын оқырманға түсінікті болар деймін. Енді әл-Фараби заманындағы оғыздар мен қарлұқтар кімдер еді? Осыған келейік.
Әлемдік түркологияда оғыздардың түркімен, әзербайжан, түрік халықтарының этногенезінде басым роль атқарғаны, ал қарлұқтар өзбек, ұйғыр халқының қалыптасуына зор әсер еткені кең тараған. Тіл білімі ғылымының классификациясы бойынша түрік, түркімен, әзербайжан тілдері түркі тілдерінің оғыз тобына, ал өзбек, ұйғыр қарлұқ тобына, ал қазақ тілі қыпшақ тобына жатады.
Қарлұқтардың тарихи аренаға шығуы әйгілі Түркі қағанаты құрылған кезеңмен тұспа-тұс келеді. Қарлұқтардың рулық-тайпалық құрамы әлі жете зерттелмеген. «Худуд ал-аламның» авторы қарлұқтар үш тайпадан (уч-карлук): бистан, хим және бириштерден тұрады деп жазса, ал-Марвази олар тоғыз рулы ел еді деп жазады.
Бір нәрсе айқын: қарлұқтар түркі тілді халық болған. Олар VIII-X ғасырларда қазіргі Оңтүстік Қазақстан, Жетісу және Шыңжаң (ҚХР) өңірлерін мекендеген. «Худуд ал-аламдағы» (Х ғ.) деректер бойынша қарлұқтар мекенінде бұдан басқа Құлан, Мерке, Аталық, Тұзұн, Балық, Барсхан, Талғар, Сикүл, Тоң, Пенчұл т.б. 20-дан астам қалалар орналасқан. Ортағасырлық тарихи деректерде қарлұқтардың басты қалалары ретінде Тараз, Суяб, Қойлық қалалары аталады. Астанасы әуелі Суяб, кейін Қойлық қаласы болған. Қазақ ғалымы академик К.М.Байпақов Қойлық қаласының орнын қазіргі Алматы облысы Ақсу ауданы территориясынан тауып, қазба жұмыстарына кірісіп кетті.
Қарлұқтардың билеушісі «жабғу» деп аталды, бірақ IX ғасырдың соңындағы қарлұқ билеушісі Білге Қадыр хан бұл титулдан бас тартып, оны көк түрік билеушілері ыңғайында «қаған» лауазымымен алмастырған. Қарлұқ билеушілері ислам дінін қабылдауға барынша қарсылық көрсетіп баққан. Қойлық қаласынан табылған археологиялық мәліметтер бойынша олардың ішінде зороастризм, манихейлік дінді ұстанушылар, тіпті несториандық христиандар мен буддашылар да болғаны анықталып отыр. Бес томдық «Қазақстан тарихы» авторларының жазуынша: «Қарлұқтардың жабғуы Мауераннахрдың солтүстігі мен Оңтүстік Қазақстан жерін жаулап алу саясатын ұстанған арабтарға қарсы күресті басқарды. Қарлұқтар арабтарға қарсы түрлі бас көтерулерді белсенді түрде қолдап отырды», – деп жазады (1-том, А., 1996, 308-бет). «Тарих энциклопедиясының» деректері бойынша қарлұқтар тек 960 жылы ғана ислам дінін қабылдаған. Бұл дерек көптеген ортағасырлық араб тарихшылары еңбектерінде өзгеріссіз қайталанады. Қарлұқтар жайлаған өлке саманидтер әулеті кезіндері ислам билігінің ең қиыр солтүстігі еді.
Қарлұқ мемлекеті сансыз соғыстар салдарынан біртіндеп әлсіреп Х ғасырда біржолата тарих аренасынан кетіп тынды.
Осы тұста мына бір фактіге ерекше назар аударған жөн. Ол қарлұқтардың тек 960 жылы ғана ислам дінін қабылдағаны. Егер өзін қойып, әкесі де мұсылмандықты қабылдап үлгерген әл-Фарабидің 874 жылы, яғни қарлұқтардың исламды мойындағанынан бір ғасырға жуық уақыт бұрын туғанын ескерсек, оның ата-бабаларының қарлұқ тайпасына еш қатысы жоғы өзінен өзі түсінікті болып шығады.
Қарлұқ мемлекетінен кейін Х ғасырда дүниеге келген Орталық Азиядағы ең қуатты одақ Оғыздар мемлекеті болды.
Оғыздар шығыста Ертістен бастап, батыста Жайыққа, оңтүстікте Әму мен Сырдың аралығынан бастап, солтүстікте Орал тауларына дейінгі ұланғайыр өлкені мекен етті. Оғыздардың бастапқы мекені осы. Кейін олар Каспийдің солтүстік-батысы арқылы осы күнгі Кавказға, ал олардың екінші бір бөлігінің Орталық Азиядан біртіндеп оңтүстік-батысқа жылжып, осы күнгі Түркіменстан жері арқылы Кіші Азияға өтуі ХI ғасырларда болған. Олардың үлкен бір тобы Иран, Ирак, Мысыр жеріне дейін өткен. Қазіргі Түркіменстан мен Иранның солтүстік-шығысындағы түркімендер және Азербайжан мен Иранның солтүстігіндегі азербайжандар осы оғыздардың ұрпақтары. Оғыздардың үлкен бір бөлігі салжұқтар мемлекетінің негізгі халқын құрап, олар ыдыраған соң Конья сұлтанатының іргесін қалайды. Болашақтағы азуын айға білген әйгілі Осман империясының тарихы оғыздар құрған осы сұлтанаттан бастау алды.
Оғыздардың басым бөлігі Кіші Азия мен Кавказға қоныс аударғанымен, олардың атажұртта қалған бөлігі Оғыздар мемлекеті орнына келген аса қуатты Дешті-Қыпшақ мемлекетіндегі қыпшақ тайпаларымен мидай араласып кетті. Оғыздардың шығу тегін баяндайтын түркі халқының басты эпикалық шығармасы «Оғызнама» туралы академик А.Н.Бернштамның онда ғұн, көк түрік және қыпшақ дәуірі оқиғалары қабаттасып кеткен дейтіні осыдан (Бернштам А.Н., Историческая правда в легенде об Огуз кагане. «Советская этнография», 1935, №6).
Байқайсыздар ма, әл-Фараби өмір сүрген аумалы-төкпелі заманда ол дүниеге келген өлкеде негізінен үш үлкен түркі тайпасы: қарлұқ, оғыз және қыпшақтар өмір сүрген. Ол IX ғасырдың екінші жартысында, бір жағынан қарлұқтардың үлкен бөлігі Жетісу арқылы Ұйғыр қағанатына ығысып, қалған бөлігі Ферғана арқылы Соғды жеріне ауғанда, екінші жағынан Түркістан өңіріне жаппай оғыз-қыпшақ тайпалары қоныстана бастаған заманда дүниеге келеді. Бұл қыпшақтар дәуірлеуінің басы еді. Әл-Фарабиден небәрі бір-ақ ғасыр өмір сүрген Махмұд Қашғари: «Рұм өлкесіне бәрінен жақын орналасқан тайпа бешенек, одан қалса қыпшақ, оғыз, иемек, башғырт, басмыл, қай, ибақу, татар, содан қырқыз тараптары. Қырқыздар Шынға жақын жайласқан. Бұл тайпалардың барлығы Рұм өлкесі жанынан шығысқа қарай осы ретпен созылып жатыр. Содан, шігіл, тохсы, иағма, ұғрақ, жарұқ, жомыл, ұйғұр, таңғұт, қытай. Қытай өлкесі «Шын» аталады. Одан соң табғаш, оны «Машын» дейді», – деп көрсетеді (Қашқари М., Түрік сөздігі, А., 1997, 1-том, 54-бет). М.Қашқари бұдан әрі: «қырқыз, қыпшақ, оғыз, иағма, ұғрақ, жарұқ тайпалары ортақ бір түрдегі түрікше сөйлейді. Иемек пен башқұрт тілдері оларға жақын» (сонда, 56-бет), – деп аталған тайпалардың қай жерде орналасып, қай тілде, тіпті қандай диалектіде сөйлегенін анық көрсетеді.
М.Қашқари деректері араб тарихшыларына қарағанда әлдеқайда нақты әрі дәл. Біріншіден, ол бір бірімен тілдік жағынан көп алысқа кете қоймаған түркілер ортасынан шыққан. Екіншіден, түркілер өлкесін еркін аралап, олардың орналасуын картаға түсірген (сөздікте дөңгелек карта берілген). Үшіншіден, оның деректері сол замандарда болған оқиғалардың ізі суымай тұрған кезінде жазылған.
М.Қашқари сөздігінің бір жерінде ғана қарлұқтар туралы «көшпенді түріктердің бір бөлігі» деп салғаны болса, олар жоғарыдағы тізімде аталмайды және картаға да түспеген. Демек, олар Х-ХI ғасырларда оғыз-қыпшақ т.б. тайпаларына біржолата сіңісіп кеткен. Оның есесіне автор оғыздар мен қыпшақтар туралы жазғанда оларды бір тілде сөйлейтін туыс әрі қатар қоныстанған көрші тайпалар ретінде суреттейді.
Рашид ад-Диннің «Жылнамалар жинағында» қыпшақтардың шығу тегі туралы мынандай аңыз бар. Оғыз қаған ит-барақ тайпасымен соғысып, қайтып келе жатқан кезінде жуан ағаштың қабығына жасырынып қалған екіқабат әйелді көреді. Оғыз әйелге жаны ашып, оны аман қалдырады да жаңа туған баланың атын Қыпшақ деп қояды (Рашид ад-Дин, Сборник летописей. М-Л., 1952, 1-том, с.84). Қыпшақтардың шығу тегі туралы осы аңыз Абылғазы Баһадүр ханның «Түрік шежіресінде» былайша жалғасады: «На старинном тюркском языке дуплистое дерево называли «кипчак»; а так как это дитя родилось в дупле дерева, то его назвали Кипчак. …Хан при себе воспитал этого мальчика. …Все народонаселение Кипчакское произошло от него. Со времени Угуз хана и до Чингиз хана на берегах трех рек – Дона, Итиля и Яика не было другого народа кроме Кипчакского. Около четырех тысяч лет они жили в сих странах: потому сие страны зовут Дешти-Кипчак» (Родословное древо тюрок. Казань, 1906, с.18).
Бұл қыпшақтардың оғыз тайпасынан тарайтындығын дәлелдейтін тарихи астары бар аңыз. Өйткені қыпшақтар Дешті Қыпшақ мемлекеті құрылған ХI ғасырдан бұрын-ақ тарихи аренаға шыққан. Академик Б.Көмеков қыпшақтардың әуелгі тарихы туралы деректер араб, парсы жылнамашыларының назарына әл-Фараби дүниеге келерден бір ғасырдан астам уақыт бұрын яғни VIII ғасырларда түскендігін нақты деректермен дәлелдейді (Кумеков Б.Е. Арабские и персидские источники по истории кыпчаков VIII-ХIV вв. А-А., 1987).
Осы деректерді қорыта келіп, әл-Фарабидің аты-тегін VIII-Х ғасырларда оғыздармен қатар қонып, Түркістан өлкесін қатар жайлаған, Х ғасырда жеке мемлекеттік бірлестік құрып, оны ХI ғасырда оны Шығыс пен Батыс бірдей таныған Дешті Қыпшақ атты қуатты мемлекетке айналдырған қыпшақ тайпасы болуы бек мүмкін деп есептейміз.
Әл-Фарабидің қыпшақтардан шығуы мүмкін деген гипотезаны тағы бір қырынан дәлелдейтін факт оның бабасының есімі Ұзлағ екендігі. Академик С.М.Абрамзонның деректері бойынша тоқсан баулы қыпшақтың бір тайпасы «ұз» деп аталады. «Ұзлағ» есімі осы «ұз» этнонимінен шығуы да әбден мүмкін.
Академик В.В.Бартольд: «огузы упоминаются в византийских источниках под своим народным названием в форме «уз», – деп жазады (Бартольд В.В., Тюрки. Двенадцать лекций по истории турецких народов Средней Азии. А., 1993, с.78). Әйгілі ғалым осы еңбегінде араб халифаты атынан билік жүргізген саманидтер мұсылмандық жолына түскен оғыз тайпаларының басшылары тұрған жерлерде ислам мәдениетінің артықшылықтарын көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасағандығын айта келіп: «В числе турок, живших в пограничных областях саманидского государства, были и люди ознакомившиеся с мусульманской культурой; турок по происхождению был знаменитый арабский философ Х в. Фараби» (Сонда, 79-бет).
Әл-Фараби бабасының есімі «Ұзлағ» сөзінің төркіні түркі тілінен алынғаны ешқандай күмән келтірмейді. Егер сөз түбірі «ұз» (оғыз немесе қыпшақтардың «ұз» тайпасы) болса, онда «лағ» сөзі қайдан шыққан деген сұрақ туындауы да әбден заңды. М.Қашқари сөздігінде «оғлағу» сөзі кездеседі. Автор оның екі мағынасы барын, біріншісі – «тоқшылық ішінде өскен адам», ал екіншісі «наурыздан (жаңа күннен) кейінгі ерте көктем айы» деген ұғымды білдіретінін жазады. Егер осы тұрғыдан ой өрбітетін болсақ, ұстаз бабасының аты әуелгіде «Ұз+оғлақ» болып, кейіннен қысқартылып «Ұзлақ» атануы да мүмкін. Есімдердің бұлайша трансформациялануы түркі тілдерінде жиі кездесетін құбылыс. Сонда «Ұзлағ» есімі «тоқшылықта туған оғыз» немесе «жыл басы – наурыздан кейін туған оғыз» деген мағынаны білдіретін болып шығады. Мұндай мағыналық конструкциядағы кісі есімдері қазақтарда әлі күнге дейін кездеседі (мыс., Тоқберген, Наурызбай).
Ұстаздың түркілердің оғыз-қыпшақ тайпасынан шыққандығына ортағасырлық араб тарихшыларының бірінен қалған мына бір оқиға да өз жарығын түсіргендей.
…Х-ХI ғасырда Батыс Иранда билік құрған Буидтар мемлекетінің уәзірі Сахиб Аббад әл-Фарабидың ғұламалығы туралы көп әңгімелер естіген соң данышпанмен кездесу үшін оған бірнеше рет сыйлықтар жіберіп, шақырулар жолдапты. Ұстаз оның бірде бірін қабылдамайды. Бір күні жолы түсіп Рей қаласына келгенде Сахиб Аббадпен де кездесудің сәті түседі. Қарапайым киінген ұстаз ешкімге алдын ала ескертпестен уәзір өткізген кешке қатысады. Ғұламаны ешкім танымайды. Кештің орта тұсында ол қапшығынан кішкентай асқабаққа ұқсайтын музыкалық аспабын шығарып, неше түрлі әуендерді құйқылжыта ойнайды. Кенеттен төгілген көңілді әуенге бәрі жадырап, күле бастайды; ол әлгі аспапты өзгеше құрастырып, әлдебір мұңды әуенді күңіренткенде тыңдаған жұрт қоса қайғырады, кейін ол аспабын басқаша құрап жаңа бір әуенді тартқанда музыкаға ұйыған жұрт ұйқыға батып, қалғып кетеді. Осы кезде ұстаз ақырын ғана орнынан тұрып, аспаптың мойнына: «Сіздерге әл-Фараби келіп, тойларыңа қатысты», – деген сөздерді жазып, сарайдан шығып кеткен екен.
Осы тектес оқиға оның өмірінде бірнеше рет, түрліше жағдайда қайталанғанын өзге де араб тарихшылары жазып қалдырған. Олардың бәрі бірауыздан дерлік ұстаз орындаған аспаптың аты «гипчак» немесе «қыпшақ» еді деп жазады. Суреттеуіне қарағанда асқабақ сияқты аспап қобызға келіңкірейді. Мұны да кездейсоқтық деу қиын.
Бір адамның ата-тегін анықтауда әр кезеңде, түрлі тарихи ортада, алуан халықтың оқымыстылары жазған тарихи деректерде осыншама фактілердің бір арнада тоғысуын кездейсоқтық деп қарауға болмайды. Бұл деректердің барлығы дерлік оның аталары түркілер екендігін, оның ішінде бір кездері оғыз тайпалық бірлестігі құрамында болып, кейін Дешті Қыпшақ атты дербес мемлекеттің негізі халқына айналған қыпшақ тайпасынан шыққандығын дәлелдейді. Ендеше «әл-Фараби түркілердің қыпшақ тайпасынан шыққан» деп қорытынды жасауға толық негіз бар.
Сонымен ұстаздың есімі, туылған, қайтыс болған жылдары, туған жері, шыққан тегі туралы деректерді анықтаған соң ол дүниеге келген кезеңдегі түркі мәдениеті қандай дәрежеде болды. Енді осы сұрақтар төңірегінде ой қозғап көрейік.




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑