banner-top12

Айтарым бар no image

Қосқан уақыты Қазан 18, 2009 | 1  131 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

1

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫҢДЫ ӘСПЕТТЕ

 

Алматы қалалық Iшкi саясат департаментiнiң қолдауымен Халықаралық “Жанашыр” қайырымдылық қоры “Ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы үкiметтiк емес ұйымдардың рөлi” атты дөңгелек үстел өткiздi.
Дөңгелек үстел жұмысы барысында ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы үкiметтiк емес ұйымдардың рөлiн арттыру мен насихаттау тетiктерiн жетiлдiру турасында мәселе көтерiлдi.

– Дөңгелек үстел жұмысы барысында жиын мақсатына сай ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы үкiметтiк емес ұйымдардың рөлiн арттыру және насихаттау тетiктерiн жетiлдiру турасында сөз қозғамақпыз. Қалалық Iшкi саясат департаменiтiмен бiрiге отырып, “Жанашыр” қайырылымдылық қорының осы жиынды өткiзудегi мақсаты – үкiметтiк емес ұйымдардың рөлiн көрсету. Үкiметтiк емес ұйымдар азаматтық институттар ретiнде саналатындықтан, билiк пен халық арасындағы алтын көпiр, дәнекер iспеттi. Қазақстанда бес мыңдай үкiметтiк емес ұйымдар тiркелсе, оның үш мыңға жуығы Алматы қаласында жұмыс iстейдi. “Бiрақ осы көп ұйым қаншалықты белсендi әрекет етедi?” деген сауал туады. Бiздiң ойымыз – келешекте қоғамдық ұйымдардың ұлттық құндылықтарды насихаттауына түрткi болуды негiзге алып отыр, – дедi халықаралық “Жанашыр” қайырымдылық қорының президентi Жаңыл Әпетова.
Мәселен, қалалық Iшкi саясат департаментiнiң өкiлi Айдар Есенбековтың айтуына қарағанда, ұлттық құндылықтарды насихаттайды дейтiн қазақ тiлдi үкiметтiк емес ұйымдар санының өзi қазiргi уақытта 30 пайыздан аспайтын көрiнедi. Яағни, қазақтiлдi ҮЕҰ-дардың белсендiлiгi төмен, сын көтермейдi. “2005-жылдан берi бiз ҮЕҰ-ды қала бюджетiнен қаржыландырып келемiз. Сонда байқағанымыз, қазақтiлдi қоғамдық ұйымдар саны өте аз, белсендiлiгi төмен, әлi аяғынан тұра алмай отыр” дедi бұл турасында Айдар Есенбеков.
Сондай-ақ жиынға, қоғамдық ұйымдардың, БАҚ-тардың басшылары, жазушылар мен ақындар, ғалымдар қатысып, өз ой-пiкiрлерiн ортаға салды. Жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Уақап Қыдырханов, Қазтай Әбiш, Кеңесжан Шалқар, қоғамдық ұйымдар басшылары Қайролла Қабжалелов, Әбiлсейiт Айхан, Ғалия Аюп, Дарико Хасанғалиева, Болат Бөтеев, Болатбек Төлепберген, Дәрмен Смайыл, Қайрат Бодаухан, Зиятхан Айдарханқызы сынды айтулы азаматтардың ұлттық құндылықтарға қатысты ой-пiкiрлерi, дөңгелек үстелге қатысушыларды бей-жай қалдырмады.
Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ, жазушы:
– Тарих– бiздiң идеологиямыз. Тарихты дұрыс түсiну дегенiмiз– идеологияны дұрыс түсiну. Бiздiң ұлттық құндылығымыздың бiрi – жер-су, ел, мекеннiң, осы қаламыздағы көшелердiң, өзендердiң аттары. Есi бар халық, iлiмi бар халық, мәдениетi бар халық бола тұра сол атамұрасын қорғауға бiздiң халық қарсы шығады. Мәселен, төл мақтанышымыз деп жүрген Шымбұлақ атауы бар. Су болған жердiң бәрiнде шым болады. Бұл – Шымбұлақ емес, Шыңбұлақ. Биiктiгiн қараңыз, 120 метiр биiктiктен ағып жатқан бұлақ, ондай бұлақ сирек болады. Яғни, шыңнан аққан бұлағы бар жер деген сөз. Ендi менiң ойымша, осындай атауларға қаланың басылымы – “Алматы ақшамы” газетi ие болуы тиiс. Әр мақаласында Шыңбұлақты Шыңбұлақ деп жазып отыруы керек. Сонан кейiн қаламыздың ортасында Есентай өзенi бар. Оны орыстар бұрынырақта Есеновка деп атайтын. Кейiн Есеновка Весновка болып өзгерiп кеттi. Қазiр мұнда “Есентай паркi” деген бiр атау, “Есентай өзенi” деген екiншi атау, “Хамит Ерғалиұлы жағалауы” деген үшiншi атау тұр. Мұны қалай шешу керек? Хамаңа, Хамит Ерғалиұлына басқа бiр көше атауын берiп, мұны тек Есентай өзенi дегенiмiз жөн шығар. Яғни, Есентайдың насихаты керек. Есентай өзенi қиып өтетiн көшелердiң бәрiне Есентай өзенi деп жазып қойған дұрыс. Бұл да бiр жарнама емес пе?
Қайролла ҒАБЖАЛИЛОВ, “Алаш” тарихи-зерттеу орталығының президентi:
– Бiздiң елiмiзде бес мыңға жуық үкiметтiк емес ұйымдар қызмет етедi дедiк. Соның үш мыңға жуығы Алматы қаласына тиесiлi. Бiрақ бұл үкiметтiк емес ұйымдар кiмге керек, не үшiн керек, оны кiмдер ашып жатыр деген сұрақ туады. Себебi, Үкiметтiң iстемеген жұмыстарын, жiберген олқылықтарын санасы бар азаматтар өз ой-пiкiрi мен iс-әрекеттерiмен толықтырады. Мәселен, Тәуелсiздiк алғанымызға 17 жыл толды. Яғни, осы уақыт аралығында қазақ халқына Тәуелсiздiк не бердi? Бұл салаға бiз ауыз толтырып айтарлықтай жауап айта алмай отырмыз. Тәуелсiздiкке жеттiк деген қуаныш бiр бөлек, ендi шынайы мемлекет құра аламыз ба, әлде құра алмаймыз ба деген күмән тұр. Бiз мемлекет болып экономикамыз көтерiлiп, шекарамыз бекiтiлiп, аяққа тұрған кезде идеологиямыздың жоқтығы қатты алаңдатып отыр. Себебi, бiздiң болашағымыз – жастар. “Бiз жастарға қандай тәрбие берiп отырмыз? Рухы биiк, бiлiмдi, денсаулығы түзу ұрпақ тәрбиелеуге мүмкiндiгiмiз қаншалықты, олар қазақтың ертеңiне ие болып қала ала ма?” деген сұрақтарға көп ойландым.
Қазақтың алғашқы ұлттық валютасы – теңгенi мен жасаған едiм. Англияда болдым, дүниежүзiнiң ең мықты мамандарымен тайталасқа түсiп, теңгенiң дизайнын бекiтерде әл-Фараби сынды бабаларымыздың суретiн енгiздiм. Олар әл-Фарабидiң суретiн салдырғысы келмей қатты қарсы болыпты. Мен оны кейiн түсiндiм. Кейiнгi шыққан теңгенi Мальтада жасап шығарды. Мальтада масондардың орталығы бар. Яғни қазiргi теңгенiң дизайнының астарында не жатқанын ендi бiле бастадым. Қазақ халқын рухсыздандырып, iштен iрiтiп жатқанын түсiндiм. Кiшкене кезiмiзден бiлетiнiмiз, Қазақстанда ислам мен христиан дiндерi бар екендiгi. Ал Кришна, Иегова деген дiндер қайдан пайда болды? Мен Парламенттегiлердiң осыған қарсы заң шығара алмағанына қайранмын. Олар отставкiге кетерде дiн туралы заң шығара алмадық деп айтулары, халықтан кешiрiм сұраулары тиiс.
Болат БӨТЕЕВ, “Аллажар қолдау” қоғамдық қорының атқарушы директоры:
Қазiргi заманға кез-келген унитарлы мемлекетте, сол елдегi тұлғалы ұлттың тiлiне, дiнiне, мәдениетiне, парасаттылығына сүйенбей, халыққа жайлы азаматтық қоғамды қалыптастырмай, елдiң гүлденуiне, дамуына қол жеткiзу мүмкiн емес. Ақиқатқа негiзделген тарихы бар ұлттың ғана болашағы баянды болады. “Азат, еркiн өмiр сүрген, құлдық қамытын кимеген, бөтен елдiң тепкiсi мен езгiсiне түспеген заманда қазақ елiнiң азаматтық қоғамы қандай едi?!” “Бүгiнгi таңда мемлекет, мемлекеттiк және азаматтық қоғам деген не?”, “Топтасу немесе бөлiну” деген қандай сынды сұрақтарға жауап iздеп, дұрыс ой қоса алсақ, бiз өз мемлекеттiлiгiн ұлт мүддесiне жұмыс iстете алатын халыққа айналып, халыққа жайлы мемлекет пен азаматтық қоғамды қалптастыруға мүдделi әрi жауапты құрлысшылар боламыз. Және ата-бабаларымыз өмiр сүрген кездегi азаматтық қоғамды бүгiнгi заман талабына сай жаңғырта аламыз. Рухы биiк ата-бабаларымыздың арқасында қазақ көп нәрсеге ие болады. Асты-үстi байлыққа толы ұлан-байтақ жерге, ең әдемi, бiртұтас, бай тiлге, ежелгi ұлттық әлiпбиге, табиғат пен қоғамға үйлесiмдi өмiр сүруге бағыттайтын қазақтың ежелгi салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымен үйлескен ислам дiнiне ие болып қалады. Қазақты қазақ еткен, қазақ елiнiң қалыптасуына әсер еткен жәйiт, атаға, ауылға, руға топтасу негiзiнде құрылған қазақ азаматтық қоғамының шежiрелiк жүйесi болатын. Жалпы, ақиқатқа негiзделген тарихы бар ұлттың болашағы баянды болады.
Алматы қаласы “Қызыл-Ай” қоғамының төрайымы: Дарико Хасанғалиева:
– Менiң ойымша ұлттық құндылық дегенiмiз ұлт, халық болып жаратылған өзiмiзбен бiрге келе жатқан аса құндылығымыздың бiрi – тiлiмiз, яғни ана сүтiмен келген ана тiлiлiмiз. Сондай-ақ, Аллатағаланың өзi сыйлаған жерiмiз, оның ұшан-теңiз байлығы. Мiне, осы құндылықтардан айырылып қалсақ, бiз қазақ ретiнде жер бетiнен жойыламыз. Құндылыққа ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлерiмiз: имандылық, ибалылық, ұлттық киiм, тағам т.б. мiне, осындай тек қазақ халқына тән дәстүрлерiмiздi көздiң қарашығындай сақтауымыз керек. Мысалы, тiл мәселесiне келсек, әр қазақ үйi өзiнiң балаларын, немере-шөберелерiн тек ғана қазақ балалар бақшасына, қазақ мектептерiне беруi, үйде өзiнен бастап қазақша сөйлеуi керек.
Шетелдерде жиi болып тұратын қазақ зиялылары мен кәсiпкерлер шетелдегi Қазақстан елшiлiгiнiң өкiлдерi қазақ тiлiн насихаттауға, ұлттық ғұрп-әдетiмiзбен киiм-кешегiмiздi әлемге танытуға ат салулары керек деп ойлаймын. Үкiмет қызметiне алғанда шенеунiктердiң қазақ тiлiн бiлу дәрежесiне аса көңiл бөлiп талап қоюлары керек
Уақап Қыдырқанов, жазушы:
Абылай хан суретiнiң шын мәнiндегi авторы кiм екендiгiн дәлелдi мысалдармен келтiре отырып, қазiргi оны иемденiп жүрген суретшi жайлы қынжыла айтты. Тарихи тұлғалардың жойылып кеткен бейнесiн жасау жөнiндегi ағаттықтар туралы, оны өз әйiнiнде қалпына келтiру әр шеберге, мүсiншiге сын екенi жөнiнде және мұндай тарихи мұраларды, өз қалпында жасап халыққа ұсынуды, өткендердiң құнды мұраларын басқалардың иеленуiне жол беруге болмайтынын ерекше тәптештей айтты.
– Әсiресе, Қытайдан келген оралман “Алтын қиық” қоғамдық қорының президентi – Зиятхан Айдарханқызының, жетiстiктерiмiздi бiрлесiп, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып бiрлесе отырып iс жүргiзсек, iсiмiздiң жемiстi де табысты болары шындық,– деген ойды тыңдаушылар жөн қөрдi.
Жиналыс тақырыбы– ұлт мұраларын насихаттау болғандықтан, қатысушылар өз ойларын белсене айтты. Сол белсендiлiктермен көзге түскендердiң бiрi – журналист-жазушы Қазтай Әбiш болды.
Ол: “бiздегi нағыз ұлттық құны бар мұра – халқымызға Ахмет Байтұрсынұлы жасап берген төл жазуы. Бұл ғұлама ғалымның халқымызға мәңгi еншiлеген төте жазуы едi. Бұл әлiпбидi қазiр тек қана Еларалық “Шалқар-2” газетi ғана қолданады. Сол арқылы жер шарының әр қиянында тұратын қазақ баласы оқи алады. Онан ел, жер, өнер-бiлiм жаңалығын бiледi. Талай өлiп-тiрiлген бұл газеттi Ахмет Байтұрсынов мұражайындағы экспонаттарға қосып, ғалымның халқына қандай тамаша мұра қалдырғанын дәрiптер шақ жеткендей. Бұл басылымды “Мәдени мұра” бағдарламасының шеңберiнде қорғап-қолдап, төл жазуымыздағы жалғыз басылымға мәдени мұраның бiрi ретiнде мәртебе беруiмiз керек. Халқымыздың ұлттық құндылығы саналатын бұл газетке, қоғамдық ұйымдардың белсендi өкiлдерi де үлес қосып жатса Ахмет аруағы бiр аунап тұрар едi!– деп өз ойын бiлдiрдi. Орынды тiлек, ғұламадан халқына қалған мұра, осы ұлттық жазу мен ана тiлiмiздiң сан түрлi, ғажайып ережелерi екенi шындық. Ал оны қастерлеп дамыта бiлу – әр қазақтың ұмытуға болмайтын мiндетi. Ол әр жас азаматтың Отан алдындағы борышы!.
Қалалық Iшкi саясат департаментi қазақтiлдi ҮЕҰ-дармен бiрге жұмыс iстеуге, оларды қолдауға әзiр екендiктерiн жеткiзiп, дәстүрлi таным мен ұлттық сипатымызды айғақтайтын құндылықтар жолында тiзе қосып қимылдау қажеттiгiн еске салды. Мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының қоғамда қорда¬ланған мәселелердi шешуде, әсiресе, ұлттық құндылықтарды насихаттауда өзара әрекеттестiгiн одан әрi дамытуға күш салатындықтарын айтты. Жиналыста көптеген азаматтар ел мұрасына себi тиер iстер жөнiнде өздерiнiң жақсы ойларынан еншi бөлiстi. Олар алдағы уақыттарда бiрлесiп пiкiрлесiп, ұжымдасып iс жүргiзуге кеңесiп тарасты
Жиын соңында Қазақстан республикасы Үкiметi мен Парламентiнiң назарына Үндеу қабылдады

2009 жыл




One Response to ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫҢДЫ ӘСПЕТТЕ

  1. бпкытгул says:

    алматы обл, жамбыл ауданы,узынағаш ауылында бір ақсақалдың үйінде төте жазумен жазылған атадан атаға жалғасып келе жатқан ,қисса десек пе,білмеймін,ертегі сияқты том том,әңгімелер бар, ол кісі халыққа жариялағысы келеді,бірақ,қалай екенін білмейді,Кіммен хабарласса болады,Бұл да ұлттық құндылықтың бірі тарих, мухаммед пайғамбар,Әзірет султан туралы жазылған

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑