banner-top12

Руханият 1461065052_l

Қосқан уақыты Қараша 24, 2017 | 475 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

«Ұлттық тәрбие және ұлттық сананы қалыптастыру – ұлттық тәрбиенің өзекті мәселелері»  

Ұлттық сана-сезім, отаншылдық әр адамды, әр халықты ұлттық ойлау қабілеті, ұлттық әдет-ғұрып, ұлттық салт-дәстүр қоршауында сақтайтын негізгі рухани байлық. Педагогика мен тәрбиенің, халықтың ұстанымын ғылыми тұжырымдаған орыс педагогы К.Д.Ушинский: «Өмірінде де, ғалымда да барлық халықтарға бірдей тура келетін тәрбие жүйесі жоқ. Әр халықтың  ұлттық тәрбие жүйесі де әртүрлі. Өз еліне басқа елдің тәрбие жүйесін енгізу мүмкін емес, себебі халықтардың өмір сүру моделі де, тәлім-тәрбие моделі де басқа», – деп жазғаны белгілі.

Әр халықтың тәлім-тәрбие мұрасы – бұл мәдениетінің бір бөлігі. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың озық тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрып, салт-дәстүрі, ауыз әдебиеті, өнері жас ұрпақтың ұлттық сана сезімін оятып қалыптастырады.Ұлттық сана-сезімді қалыптастыратын құралдардың ең негізгісі – ана тілі.  Тіл – әрбір ұлттың заңы, сезімнің, ойдың жанды бейнесі. Қазақ халқы – сөзге шешен, ойы ұшқыр, мақалдап сөйлейтін халық. Ана тілі жүректінің терең сырларын, халық тарихының барлық кезеңдерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа сақтап отыратын қазына. Атадан балаға жеткен ұлы құбылыс ретінде тіліміз талай сыннан сүрінбей өтті, дүниежүзіндегі ең бай, бейнелі, өткір, таза, терең – ана тілімізден артық халқымыз үшін қасиетті ештеңе болмаған. Себебі, тіл – тарихымыз, тіл – мәдениетіміз, тіл – әдебиетіміз. Ана тілінің күші мен құдіретін халқымыз әуелден-ақ бағдарлап, сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған. «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмысы, мінезі айнадай көрініп тұрады.» – деп Мағжан Жұмабаев айтқан.

Қазақ ұрпағына барлық тәрбиені отбасынан сіңірген. Халқымыз салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, ырым-тыйым сөздері арқылы баласын тәрбиелеген. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі, өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың міндетін атқару ғана емес, береке-бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Баланың дүниеге келіп, ержетіп өсуі, қалыптасуында отбасы үлкен рөл атқарады. Отбасындағы ата мен ана баланың қамқоршысы, әрі оған үлгі-өнеге көрсетуші. Бала солардан көргенін істеп, солардан үлгі алып өседі. Халқымыз «әкеге қарап, ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп бекер айтпаған.

Жас ұрпаққа тәрбие берудің басты мәселелерінің бірі – ол отаншылдықты тәрбиелеуден бастау.Отаншылдық – ұлттық құндылықтар мен адамдық құндылықтардың үндесуі. Отаншылдық ол адамның туған жеріне деген сүйспеншілігі. «Отан – отбасынан басталады» дейді халық. Отбасының екі тірегі – әке мен ана. Адамды әлеуметтендіру, яғни оның қоғамға енуі, өзгелермен қарым-қатынасы отбасынан басталады. Үлкенді құрметтеп, қадір тұтуды, сыйласа білуді қазақтар отбасында берік ұстанған. Мұны ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан нақыл сөздердің өзінен-ақ байқауға болады. Атап айтсақ, «Үлкенді сен сыйласаң, кіші сені сыйлайды, кіші сені сыйласа, кісі сені сыйлайды», «Аға әдепті болса, іні әдепті. Апа әдепті болса, сіңлі әдепті», «Әдептің не екенін, әдепсіз адамды көргенде ұғарсың», «Әдепті жігіт өсірсе, ауылдың абыройы», «Жібек мінезді қыз жұртқа жағады». Осы тектес мақал-мәтелдеріміз қазақ халқы әр уақытта әдептілікті құрмет тұтқанын, сыпайы, кішіпейіл адамды басқаларға үлгі-өнеге ете білгендігін, жас ұрпақтың тәлімді, тәрбиелі болып өсуіне ерекше назар аударғандығын айқын көрсетеді.

Отбасылық құндылықтар – ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың негізі. Әр көкірегі ояу қазақ баласының ұлттық құндылықтарды меңгеруі – оның отбасылық құндылықтарды меңгеруінен басталады. Ұлттық құндылықтар және отбасылық құндылықтар барлық әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың зерттейтін негізгі мәселелерінің бірі болып табылады. Мысалы, философиялық тұрғыдан қарастыратын болсақ, құндылықтар адамға қоршаған әлемдегі құбылыстардың маңыздылығын, әлеуметтік ерекшеліктерін түсіндіру үшін қолданылады.

Ұлттық сананың ең негізгі белгісі – әр ұлттың өзін-өзі танып білуі, өзін өзге ұлттардан айыра білуі, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді іске асыру үшін күресу, ұлттық мақсаттар мен мүдделерді бүкіл адамзаттың мақсаттары мен мүдделеріне ұштастыра білу. Өз ұлтының жетімсіз, мешеу қалған  жағымен күресе отырып, ілгері дамыған ұлттардың жақсы, жағымды жақтарынан үйрену, дүниежүзілік гуманистік санаға жету. Қазақ ұлтының келешегін ойлаған Абай өзінің өмірлік мақсатын халықтың болашағымен байланыстырып, ұштастырып: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ.», -дейді. Халқының қамын ойлаған Абай: «Мазлымға жан ашып, ішің күйсін, қарекет қыл, пайдасы көпке тисін. Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған, Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін», – дей тұра, сананы байлық сана, кедейлік санаға бөлмейді. Өйткені, бай мен кедейдің саналысы да, санасызы да, адамгершілігі бары да, жоғы да бар екенін жақсы біледі. Байды да, кедейді де еңбек етуге шақырады. Таптық көзқарасты дәріптемей «Қайран елі қазағының» қамын ойлайды. Абайдың дүниеге көзқарасындағы ұстаған негізгі принципі – «Адам бол». Ойшыл ақынның аңғаруынша көптеген адамдарда «адам» деген ат бар, бірақ, «Адам» деген зат жоқ. Сондықтан да Абай «Адам бол – бай тап, Адам бол мал тап, Қуансаң қуан сол кезде», «Бес нәрседен (өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, текке мал шашпақтық) қашық бол, Бес нәрсеге (талап, еңбек, ойшылдық, қанағат, рахым) асық бол, Адам болам десеңіз» деп, өз елін, келешек ұрпағын жалпы гуманистік рухқа, бірлікке шақырып, «Біріңді, қазақ, біріңді дос, көрмесең, істің бәрі бос», – дейді.

Әрбір тұлғаның мемлекет алдындағы жауапкершілігі халыққа оның қызметі арқылы тікелей көрініп отырады. Ұлт ісіне келгенде зиялылар арасында бақ таласы деген жоқ, олар халыққа үлгі болу үшін өздерін елдің алдында кіші санаған және кішілікті кісілігімен көрсете білген. Осының салдарынан мемлекетке, елге жақын болу дәстүрге айналады, жастар қашанда зиялылардың соңына ереді.Тарихтағы қазақ жастарында сенімі, түсінігі, сезімі арқылы қоғамнан оқшаулану, әлеуметтік ортада өгейлену жоқ. Себебі, халықтың ұлттық санасы зиялылардың қызметімен нығайып отырған.

Жастардың тәрбие мәселесі қоғам үшін әр уақытта өзекті  болып  келген. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу міндетін мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, сондай-ақ бүкіл әлемнің де қауіпсізідігін қамтамасыз етудегі маңызды істердің  бірі ретінде ұғыну қажет. Адамзат жаһандану мен  ақпарат  дәуіріне,  адам  өмірін әлеуметтік және өзіндік мағынаға толтыруға  бағытталған  шақта  саналы  және парасатты тұлғаны тәрбиелеу – қазіргі білім  берудің  негізгі  бағыты.  Оның табысты  болуы  жеке  басының  өсу   дәрежесіне   байланысты   –   азаматтық сәйкестендіру,  құқықтық   сауаттандыру,   жан-жақты   қасиеттерді   дамыту, мамандық пен өнерде  өзін-өзі  табу.

Жас ұрпақтың санасын шыңдауға қызмет ететін білім жүйесін қалыптастыру – қазіргі заманның өзекті мәселесі болып тұр. Ал мұндай білім жүйесі сол ұлттың төл болмысымен санасу арқылы жүзеге асады. Өйткені, өткен тарихтың сын көзінен өткен құнды ұлттық дүниетаным мұралары жас буынның рухына негіз болып қаланып, болашаққа бағыт жасап отырған жағдайда ғана ұрпақтар арасындағы сабақтастық үзілмейді.

Болашақтың адамы – парасатты, иманды, елгезек те, қаракетшіл, сонымен бірге сұлулықтан ләззат ала білетін адам; ол адамның мәндік күшінің шын бірлігінің мұратын, оның рухани және тәндік кемелдігінің мұратын бейнелейтін салиқалы, жан-жақты дамыған тұлға. Бұл өз заманының талабына сай өмір сүруге қабілетті, эстетикалық талғамы жоғары адам ғана өмірдің әсемдік құндылықтарын жоғары бағалай алады деген түсінікті қамтамасыз етеді. Өйткені, өмір салты, рухани мұра, әсемдік қасиеттер – адам баласының құндылықты эстетикалық тұрғыдан түсінуге мүмкіндік береді.

Ұлттық тәрбие – біздің ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін асыл қазынамыз. Ал мұндай мәселелерді зерттеп, көпшіліктің ой-пікірлерін қауым елге жеткізетін негізгі құрал – бұқаралық ақпарат құралдары екені даусыз.
Біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін, тіліміздің орасан зор байлығын жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу – бүгінгі күн талаптарының маңыздысы.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Төреқұлов «Даланың  дара  ділмарлары», Алматы  қаласы, 2001 жыл
  2. Интернет материалдары
  3. Егемен Қазақстан газеті
  4. Назарбаева С.А. «Ұстаздан ұлағат». Алматы., АтаМұра 2000.
  5. Назарбаев Н.Ә. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» . Егемен Қазақстан газеті

 

Багыбаева Айгерим Талғатбекқызы,

Иса Таңшолпан Нартайқызы,

Керімбеков Азат Сәбитұлы,

Алматы қаласы, Туризм және Қонақжайлылық

Индустриясы колледжінің оқытушылары




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑