banner-top12

Руханият 071816_1435_1

Қосқан уақыты Қараша 8, 2017 | 401 рет оқылды | сайтқа қосқан shalqar

0

ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – МӘДЕНИЕТТІ ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

(Мақала Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық бағдарламасы негізіндегі Халықаралық «Жанашыр» қоғамдық қорының  «Халықтың ұлттық-мәдени бірлігін сақтаудағы зиялылардың рөлі» тақырыбындағы жобасы бойынша жазылған.)

Жақсығұлова А.О.

Алматы экономика және құқық колледжі.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

 

Ұл тәрбиелей отырып халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып ұлт тәрбиелейміз.

М.О.Әуезов.

Бүгінгі баяндамамды халқымыздың бір туар азаматы жазушы М.О.Әуезовтың қанатты сөзімен бастағым келіп отыр.Осы қанатты сөзде  терең ой жатыр.Жеріміз қандай кең болса,қазақи болмысымыз да сондай кең.Ата-бабамыз ежелден бала тәрбиесіне ана құрсағынан бастап көңіл бөлген. Оның дәлелі ретінде ауыз әдебиетімізді алға тартсақ болады.Бесік жырлары,шешендік өнер,мақал-мәтелдер, қанатты сөздер,аңыздар барлығы дерлік тұнып тұрған ұлттық тәрбие. «Тәрбие-отбасынан басталады» демекші,жасөспірімнің жанұяда алған тәлім-тәрбиесі дұрыс болса,болашақта қоғамға әкелетін пайдасы да зор болмақ. Қазақ халқы – рухани  байлықтың мұрагері десек  қателеспейміз.Жоғарыда атап өткендей ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп қалдырған  шешендік сөзі,суырыпсалмалық өнері,күмбірлеген күміс күйі, сыбызғы сырнайының үні, асқақтата салған әсем әні, ғашықтық жырлары, мақал-мәтелдері,  айтыс өлеңдері  сан ғасыр бойы өз ұрпағын сегіз қырлы, бір сырлы, өнегелі де өнерлі,мәдениетті, адамгершілік ар-ожданы жоғары намысқой азаматтарды тәрбиелеп жатқаны тарихи шындық.

Қазіргі таңда еліміз ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздікке,егемендікке биік белестер арқылы жетті. Қоғамда саяси,әлеуметтік-экономикалық, мәдени парасаттылығын әлемдік өркениет үлгісінде дамытуда.

Себебі кез келген жаңа тәуелсіз мемлекеттің рухани даму үрдісінде өзіндік ерекшеліктері болу сөзсіз.Бұл ерекшеліктер сол халықтардың тұрмыс-тіршілігімен, дәстүрлі мәдениетімен, салт-дәстүрімен,тарихымен сабақтастырылады.Даму кезеңдеріндегі түрлі оқиғалар,тарихи көріністер жоғалып кетпейді,ол ұлттық санада, мәдени-әлеуметтік және ұлттық құндылықтар болып тарихта жинақаталып отырады. Бұл жөнінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев былай деген: «Дәстүрлі мәдениетті жаңғырту, өз халқының тарихи тәжірибесіне жүгіну – бұл өзі тәуелсіздікке ие болған елдің өмірінен орын алатын заңды құбылыс», деп атап көрсеткен болатын /1/. Осы тұста біз бала тәрбиесінде біраз кемшіліктерді жіберіп алдық.Оның дәлелі тәуелсіздікке аяқ басқан жылдардағы қиын кезеңдер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ұлттық мәдениеттің даму үрдісінде бір-біріне қарама-қарсы екі тенденция белең алған еді. Олардың біріншісіне мәдениеттің жаңа қарқын алуы, қарышты қадаммен, мүлдем жаңа бағытта өрлей бастауы, екіншісі –мәдениеттің даму үрдісінде бұрын болып көрмеген экономикалық кедергілер мен халық бұқарасының санасындағы психологиялық өзгерістердің салдары болды. Қазақстанның әлемдік кеңістікке бет алуы өзінің құнын жоғалтқан идеологиялық мәдениеттен гөрі әсіреқызыл батыстық үлгіге айқара есік ашып берді. Батыстық мәдениетпен қосарланып түрліше діни секталар мен ағымдар да келді. Бұл келеңсіз құбылыс өз дәрежесінде республика көлемінде мәдени-рухани саланы қолға алуды, басқарудың басқаша жолдарын қарастыруға мәжбүр етті.

Олар мыналар:

-Қазақстан халқының мәдени-ұлттық сана-сезімінің жаңаруына ықпал ету;

-этномәдениеті қалыптастыру;

-ұлттық тәрбиенің маңыздылығы;

-тілдің қоғамдағы қызметі т.б.

Осындай жұмыстардың арқасында республикада  мемлекеттік мәдениет мекемелерінің жүйесі, мәдени-демалыс орындары, кітапханалар, мұражайлар, театрлар, концерттік ұйымдар, кино өнері мекемелері, мәдениет және демалыс саябақтарын қолға ала бастады.

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби былай деген: «Тәрбиесіз берген білім қауіпті».Бұл  сөздің де жаны бар. Ұрпақты  тәрбиелей отырып еңбекке баулып,білім беріп, санасын ояту керек. Еңбекке баулып өскен тәрбиелі ұрпақтың мәдениеті жоғары,білімді,сауатты болары анық. Жалаң тәрбие қауқарсыз. Кез келген адамды тәрбиелеудің ұлттық негізі болуы керек. Сонда ғана тәрбие шынайылыққа айналады. Тәрбиенің мақсаты – елдік сананы қалыптастырып, ұлттық рух пен ұлттық патриотизмді негіздеу, ұлтсыздықпен күресу болса керек. Қазақ халқының бала тәрбиесі жөнінде сан ғасырдан бері жиып-терген мол тәжірибесі бар. Оны халқымыз ең жақсы деген қасиеттермен байытып, ұл-қыздарының бойына сіңіріп отырған. Ұлттық тәрбие жұртшылықтың ой-арманымен, тіршілік тынысымен, шаруашылық кәсібімен, отбасылық, қоғамдық тәлім-тәрбие дәстүрімен тығыз байланыста туып, ғасырлар бойы өсіп-өркендеп, сараланып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып жеткен тарихи және мәдени мұра. Мәдениетті адам,мәдениетті халық,мәдениетті  жоғары деңгейге көтеру деген сөздерді жиі естиміз.Оны түсіну үшін саралап көрейік.

«Мәдениет дегеніміз не?» деген сұраққа жауап беру үшін бұл сөздің шығу төркініне тоқталсақ.Қазақ тіліне бұл термин арабтың «маданият» қала, қалалық деген сөзінен енген. Бұл орта ғасырлардағы мұсылман мәдениетінің өркендеу кезеңінде қалыптасқан түсінікпен байланыструға болады.Әр кезеңде бұл сөздің қолдану аясы кеңіп отырды.Мысалы, уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде мәдениет сөзі «білім беру», «даму», «қабілеттілік», «құрметтеу» сияқты мағыналарға ие бола бастады. Қазіргі заманғы сөздіктерде мәдениетке мынадай анықтамалар берілген:

-мәдениет белгілі бір халықтың қол жеткен табыстары мен шығамашылығының жиынтығы;

-мәдениет азамат қауымының белгілі бір тарихи кеңісіктегі қызметі мен өзіндік бір ерекшелігі (палеолит мәдениеті, орта ғасыр  мәдениеті …);

-мәдениет адамдық әрекеттің белгілі бір саласының жетілу деңгейі (сөйлеу мәдениеті, еңбек мәдениеті, құқық мәдениеті …);

-агро мәдениет (дәнді өсімдіктер мәдениеті, цитрустық мәдениет …);

Қазақ мәдениеті – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық мәдениет. Ол ұлттық тәлім-тәрбиенің негізінде дамып қалыптасып келеді. Ұлттық тәрбие сол ұлттың мәдениетін дамытудың қозғаушы күші болып табылады.Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, заманауи өркениетке қадам басқан тұста  адамгершілігі мол,сапалы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде ұлттық тәрбиенің алатын орны ерекше.Ол ұлтын сүйетін ұлтжанды, Отанын сүйетін патриот, ұлттық рухы биік парасатты жастарымызды тәрбиелеуде маңызды роль атқарады.

ХХІ ғасыр жаңа технологияның шарықтаған кезі. Ақпараттық технология дамып,әлемде жаһандану дәуірі басталып кетті. Әр  халықтың алдында тұрған басты міндеттерінің бірі-бұл салауатты саналы,білімді  ұрпақ тәрбиелеу.Саналы,білімді ұрпақ бар жерде,мемлекет,мәдениет,тарих жоғалмайды.Әлемдік жаһандану үрдісі кезінде білім беру жүйесінеде ұлттық тәрбиені көбірек насихаттау керек. Әлемді аузына қаратқан Жапония,Еуропа елдерінің қатарында өзіңді мойындату үшін халықаралық тілді жетік меңгере отырып,сөйлеу мәдениетін қалыптастыру қажет. Сөйлеу мәдениетін ұлттық тәрбиемен ұштастыруға болады.Тәрбиелі,саналы,білімді адамдар ғана  тіл арқылы ойын өзгелерге жеткізіп, қарым-қатынас жасау арқылы мәдениетін,салт-дәстүрін дәріптей алады. Талай ғасырлардың куәсі болған, қазақ халқына тән ұлттық тәрбиенің, өнегелі дәстүрлердің жастар тәрбиесінде алатын орны ерекше болу керек.Заманауи Қазакстанда мәдениетті дамыту үшін  ұлттық тәрбиенің қайнар көзіне, дәстүрлеріне қайта оралу заманның жай ағымы ғана емес,  қоғамның өмір талабынан туындаған қажеттілік, өйткені мәдениеттің әлеуметтік-тұрмыстық дәстүрлі түрлерін танып-білу арқылы адам баласы оның рухани бастауына терең бойлайды, туған елінің, ұлтының өзіндік ерекшелігін аялап, сақтауға үйренеді және басқаларға таныта алады. Қазіргі дүниежүзілік жаһандану, ғылыми-техниканың өркендеуі мен ғарышты игеру заманында, әлем халықтарының тұрмыс- тіршілігіндегідей, қазақ халқының дәстүрлі еңбек түрлері өнеркәсіп салаларындағы еңбек түрлерімен қатар, ең басты күнкөріс көзі болып келеді және бола бермек. Сондықтан бүгінгі таңда жастарды еңбекке баулу, әсіресе, ұлттық тәрбиеде анық байқалады.Жаһандану әлемінде қазақ халқының әлеуметтік, рухани-мәдени құндылықтарын сақтай отырып, бәсекеге сай,білімді жастарды тәрбиелеу қоғамның өзекті мәселесі. Тақырып бойынша әлі алда тұрған шешімін таппаған мәселелер уақыттың еншісінде.Біздің жалпыұлттық идеямыз-Мәңгілік Ел.Тәуелсіздігіміздің даму даңғылын елбасымыз айтқандай, Нұрлы жолға айналдырдық.Осы жолда әрбір ұлтжанды азамат аянбай еңбек ету керек.

Қорқыт бабамыз:

«Өткен күн Кеше-тарих

Келер күн Ертең-сыр

Ал бүгінгі күн- үлкен сый» – деген қанатты сөзін өз халқына аманаттады. Бұл қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – ұлттық тәрбиеге мән беру, яғни сіз бен біздің ұрпақ алдындағы орындар парызымыз.

 




Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to Top ↑